ВЕРНУТЬСЯ

Мелшитіп
зеңбіректі, автоматты,

Бір сәтке тоқтатуға
атқан оқты.

Тас түнек майдан
көгін жарып ұшып,

Келеді көгершін-ән ақ қанатты.

Сабыр қыл,

Саябыр тап,

Бурыл ғалам!

Ән ұшып келеді,
әне, шырылдаған.

Соғыстың
гүрсілінен құтылар ма,

Құлағы дүниенің
шыңылдаған.

Дауысың
күркіреген алады үрей,

Қоя тұр!

Қанды шайқас -
қара дүлей!

Әнменен дертін
жусын, жеңілдетсін,

Онсыз да жүрек
біткен жаралы ғой.

Жер түгіл,
шошынғандай бозарып күн,

Тұлданба, арсыз ажал, сазарып тым.

Асығып арашашы ән
келеді,

Секілді таңғы нұры тазалықтың.

Шеш, майдан!

Үстіңдегі қан
көйлекті,

Қашанғы арқалайсың
бар бейнетті.

Әлемде әннен
гөрі зар көбірек,

Сан боздақ тәтті
әуенге қанбай кетті.

Күрсінсең
көкіректі жалын кернер,

Қуаныш жабырқаған
жаныңды емдер.

Ән болып ақ махаббат келеді ұшып,

Азырақ аялдаңдар, жауынгерлер!

Дүние әсем еді,
мөлдір еді,

Міне енді қатер
бұлтын төндіреді.

Ананың
жүрегіндей лүпілдеген,

Ән болып келеді ұшып
ел жүрегі.

Ән болып келеді ұшып
дала мен тау,

Өмірде бұдан
артық бола ма аңсау.

Сынбайды ешқашанда
ердің сағы,

Соңында тұрған
кезде ел аман-сау.

Сілкінтіп сезіміңді ойрандаған,

Ерекше барлық
әннен майдандағы ән.

Майданға жетті,
міне, Жүсіпбек боп,

Қайран ән кең
далада сайрандаған!

II

Түнерген майдан
төрі тас тұмандай,

Шарықтап шыққан
үнге тосты маңдай.

Нөсерін сырлы
әуеннің сорғалатып,

Жүсіпбек жұтынады
жас қырандай.

Дем тартып
жауынгерлер қалған ұйып,

Шыққандай арман
көші тауға биік.

Серпіліп сала
берді шерлі көңіл,

Жеңілдеп
автоматтан талған иық.

Сұлудай
сүйгенінен хабар күткен,

Әншіге телміреді
жанар біткен.

Шарпысты әр
жүректе екі дүние -

Жақсылық арпалысып жамандықпен.

Зұлымдық аз уақытқа тауып тағат,

Ізгілік өрге шықты
қағып қанат.

Алысқан
өмір-өлім ежелгі жау,

Болмысын әр
нәрсенің анықтамақ.

Көк аспан қара
бұлтын серпігендей,

Сұрапыл қанат
жаймай, өрт үдермей,

Ғайыптан майдан
шебі тына қалып,

Ән болып
айналғандай жер түгелдей.

Қашаннан қуанудан
жылау басым,

Түн келер өз
орнынан күн ауғасын.

Түргендей әнге
құлақ қаралы орман,

Күрсіне сілкіп
қойып қырау басын.

Өзіне болмаған
соң ән лайық,

Таққандай
тағдырына ауыр айып:

Таңырқап тыңдай қапты
өзгеше үнді,

Аузы да окоптардың аңырайып.

Адамға рух керек
өзге қандай,

Әндегі сезім
менен сөз қамалдай.

Қалшиып винтовкалар қазықтайын,

Қалғандай
танктер де қозғала алмай.

Сергісең
көрінеді өмір бөлек,

Ауыр жүк
арқаңдағы жеңілдемек.

Жүйкені шымырлатқан
асқақ дауыс,

Шыңылдап
соғылады темірге кеп.

Сұрланған суық қару ән ұға ма?

Қырғынның қымбат
оған мәні ғана.

Ән менен зардың
сырын біледі тек,

Кәрі тау,

Кәрі орман,

Кәрі дала!

Ей, соғыс!

Сен неғылған қара
түн ең,

Ісің жоқ ана
атымен,

Ар атымен.

Әнші де бір
қарлығаш шырылдаған,

Су сепкен қалың
өртке қанатымен.

Мұң-шерін
көкіректің тарата алмай,

Жас ғұмыр
талпынады балапандай.

Зұлымдық,

Сенің күнің туып
тұрса,

Жер қалмас жақсылыққа
алақандай.

Жол қиын жолаушыға адасқанда,

Жан қиын тірлік
үшін таласқанда.

Қара бұлт,

Саған мәңгі ерік
тисе,

Күн түсер тесік қалмас
көк аспанда.

Сұм ажал,

Бір жүрекке мың
жара caп,

Өмірден болып
алдың күнде алашақ.

Келді, әне,
жауынгерлер көз алдына -

Туған жер,

Туған ауыл,

Туған ошақ.

Бетіндей қан
майданның шиырланып,

Сағыныш ішті
өртеді күйіп-жанып.

Әкетті ұшқыр ойдың жетегімен,

Әркімді ән әсері
қиырға алып.

Түтіні туған
үйдің шұбап ұшқан,

Шақырды қолын бұлғап тым алыстан.

Жүгірді қарсы
алдынан қайран ана,

Жүрегі
жарылардай қуаныштан.

Мөлтілдеп қарындасы
тұра қалды,

Сүйген жар
ағыл-тегіл жылап алды.

Қамыққан қайғы
шегіп қарияның

Самайы бір қуарып,
бір ағарды.

Ақырын амандасты
ай баяғы,

Асығып өзінің де
тайды аяғы.

Әйтеуір
аман-есен жеттің бе деп,

Бұлаңдап шыға келді майлыаяғы.

Жан сырын тұратұғын
оқып алып,

Жастықтың
жымыңдады оты жанып.

Жер тарпып
тыпыршыды кер бесті де,

Иесін танығандай
оқыранып.

Жүгірді сықылықтап
күліп бұлақ,

Қол соқты қуаныштан
пүлішқ.

Ерлікті еске
салып баба бейіті,

Тұрғандай
анадайдан түріп құлақ.

Тербетіп тал бесіктей
ән-құдірет,

Тебіреніп
өртенді өзек, жанды жүрек.

Кім білсін
адамзатта ән болмаса,

Дүние тұрар ма
еді мәңгі жүдеп.

Шіркін-ай,
бейбіт еді ән не деген,

Сезімің секем
алмас әлде неден.

Ән тыңдап өткен
жанда арман болмас,

Шыққанша қаның
суып, жан денеден.

Жалғанар бір
өмірің бір өмірге,

Жақсы әнге орын
болса жүрегіңде.

Талайлар әнмен өзін әлдилеген,

Тағдырдың тас
қараңғы түнегінде.

Қалың топ әуенге
еріп ілгерілеп,

Орнынан қозғалатын
түрлері жоқ.

Секілді соғыс
мүлде болмағандай,

Секілді
атылмаған бірде-бір оқ.

Еш нәрсе алаңдатпай көңілді түк,

Ән бітсе, қалатыңдай
өмір бітіп,

Кейбіреу майдан
барын ұмытқандай,

Тұрса да сәлден кейін өлім күтіп...

Самғады аққу құстай ән сұңқылдап,

Түледі тұнық
көлден жан сусындап.

Жігіттер
тебіренді, еміренді,

Әншінің әлемде жоқ
даусын тыңдап.

ІІІ

Басталды тағы да
ұрыс, тағы да атыс,

Аузынан от
бүркеді долы батыс.

Ысқырды
снарядтар сұмдық тілеп,

Дегендей одан
сайын қағына түс!

Тағы да екі
дүние түс шайысып,

Тепсініп шыға
келді күш сайысып.

- Жүсеке! - деген дауыс жалт қаратты,

- Келеді Рамазаны құстай ұшып.

Соғыстың әр
сағаты ауыр қандай,

Ойласаң, жаның сыздап ауырғандай.

Айқасты екі құшақ
сағынысып,

Анадан бірге
туған бауырлардай.

- Соғыста құр болған ба күн азадан,

Жүрсің бе,
аман-есен Рамазан? -

Деді де жалын
толы жасты көзбен

Жүсекең қарап
қалды біраз оған.

- Жүсеке, ағатайым, барсың ба аман,

Теңізім
көкірегінде ән тулаған!

Барлаудан жаңа
ғана оралып ем,

Жетті ғой жер
түбінен даусың маған.

Сазыңа қана
алмадым сәл кешігіп,

Келдің-ау кең
даладан ән көшіріп.

Дариға-ай, өзің салған әнге ұласып,

Кетсем бе көк
аспанға әлде шығып.

Жан аға, жанымды
бір жадыраттың,

Ұшқындай
жел үрлеген жалын аттым.

Тулатып
тереңімді тыныш жатқан,

Толқынын
жүрегімнің жамыраттың.

Сонан соң тынып қалды сәл үндемей,

Өксікке
кептелгендей жалын көмей.

Сырнайын қолына
алды,

Қашан болсын

Арқалап
жүретұғын ауыр демей.

- Жүсеке! - деді
қайта даусын кенеп,

Соғыста
жүргендейміз тау сүйрелеп.

Арттағы ел аман
ба?

Ел аманда

Өлмейміз ажал
оғы жаусын кенет!

Алайда таусылар
ма адамда арман,

Құпия бір сырым бар алаң болған.

Тастамай
сырнайымды соғыста да,

Жан едім әуен
қуған жаралғаннан.

Үміттің
сәулесіне әрең еріп,

Жүргем жоқ
болмашыдан дәмеленіп.

Қорқамын,

Жазатайым бола
қалсам,

Ішімде кете ме
деп әуен өліп.

Боларын кім
болжайды әлде қалай,

Жалт етіп сөнер
бәлкім мендегі арай.

Жүсеке,
өзіңізден бір сұрарым -

Ала кет, бір
әнімді елге қарай.

Тағдыры бұл жалғанда сізге аманат,

Әзірге қиылып тұр бізде қанат.

Осынау от ішінен
аман шықсақ,

Жетерміз туған
жерге жүз домалап.

Арманы орындалған
сірә кімнің,

Сөзі жоқ, әуені
бар бұл әнімнің.

Арнайы шығарып
ем өшпесін деп,

Ерлігі
Төлегендей қыран ұлдың.

Байқаймын -
жүрегіме қатыпты мұз,

Аттанам қазір қайта,
уақыт тығыз.

Жүсеке,
қапаланба,

Сіз бенен біз

Өмірді қорғап
өлсек бақыттымыз.

Жөнелді он
саусағы сырнайда ойнап,

Әнде де болады
екен мұндай қайрат.

Даусына дарақының
ұқсамайды,

Сасытар құлағыңды күнде айғайлап.

Қайратты,
қанатты әуен көкке өрлеген,

Қозғайды
көкіректі кек кернеген.

Көзіңе елестейді
қарлы дала,

Қып-қызыл қанға
бөккен, оқ селдеген.

Сұрланған суық
еді жауы қандай,

Жас жігіт
атылды, әне, қабыландай.

Такаппар балғын өмір аласұрды,

Өлімнің өтінішін
қабыл алмай.

Таппастан
асығады сырнай тағат,

Домбыра
салғанынша бір қайталап.

Саусағы
Жүсіпбектің перне басты,

Әуеннен
өзгешелеу сыр байқап ап.

Жіберді
домбыраны қағып-қағып,

Ақындай арқаланған
шабыттанып:

- Обалы бұл әніңнің маған! - деді -

Осыдан шырқатпасам
алып барып.

Абай бол,
аман-есен орал елге,

Қатерді қаперіңе
ала берме.

Өрт сөнер,

Өмір көшер,

Өнер өсер -

Жұлдызың жылжып әлі
барады өрге.

Туындап жатса
сонда сенің әнің,

Шырқауға жетеді
ғой менің әлім.

Бауырым,
барлығын да бағдарлай біл,

Ғұмырдың қысқа
жіптей соңы мәлім.

Екеуі қош
айтысты асығыс тым,

Көзіне жас
алмады жасып ешкім.

Күн батып бара
жатты күреңітіп,

Қасірет
көрігінен шашып үшқын.

IV

Ауыр жара жанға
батты тоқтасаңшы, қызыл қан,

Жапырақтай жас
ғұмырды сақтасаңшы, қызыл қан.

Төге берер бояу
емес, өмірсің ғой, өмірсің,

Сенін әрбір
тамшың қымбат, ақпасаңшы,
қызыл қан.

Құлағыма келіп
жатыр сырнай үні сызылған.

Мені тастап,
сұмдық бастап барамысың, қызыл
қан,

Қарға батып,
демде қатып қаламысың, қызыл қан.

Жаралғалы адам қаны
судай ағып келеді,

Қара жерді
сусындата аламысың, қызыл қан.

Құлағыма өмір әні
келіп жатыр сызылған.

Асау жүрек
әлсіреді, баяулады, қызыл қан,

Атқа мінген арыңды өмір жаяулады, қызыл қан.

Жұлдыз біткен жақын
келіп үңіліп тұр
көзіме,

Жұлдыз емес ажал
маған таяулады, қызыл қан.

Құлағыма өлім
үні естіледі сызылған.

Тірлік-толқын
неге сонша аунамалы, қызыл қан,

Дауыл қалай
қайығымды аударады, қызыл қан.

Тұңғиыққа батып барам, тез құтқарып
алсаңшы,

Алынбаған кегім
бар ғой жаудан әлі, қызыл қан.

Құлағыма
түсініксіз саз келеді сызылған.

Салынбаған әнім
бар ғой, таңым бар ғой атпаған,

О, құдірет, ғайыптан бір қуат беріп кет маған.

Шыныменен ұйықтап кетсем, соқпай қалса тамырым,

Оят тылсым
жүрегімді жаңа ғана тоқтаған.

Өз бетіммен
қозғалуға, оянуға жоқ шамам.

Қап-қара түн.

Қарлы дала.

Рамазан жаралы.

Қызуы мол өмір
суып, ажал буып барады.

Жүсіпбекпен
қоштаса caп, кетіп еді барлауға,

Тіршілікпен
қоштаса алмай жаудырайды жанары.

Жетсем бе деп
ойлап еді, жете алмады жас қыран,

Топшысынан
қайрат кетті, омырауын басты қан.

Келген жері осы
болды сүйреп жансыз серігін,

Әрең алып шығып
еді бораған оқ астынан.

Жанарына перде
тұрды қызыл-жасыл бояудан,

Шыңылдайды,
шырылдайды нәзік тірлік - аяулы ән.

Аппақ дала
айналаны ақыреттей орап ап,

Аңыраған ана
даусы шығатындай
таяудан.

Бір жалт етіп,
ата мекен, ақ бесігі, мөлдір шақ,

Қарауытты ажал
төрі жауып тұрған сел бұршақ.

Ақтық демі аласұрып алқымына тығылды,

Ақтық сөзін айтып қалсын ей, дүние, бер мұрсат!

Аяз қысқан жас
қайыңдай мұздап кетті
денесі:

«Тезірек мін,
жүрем!» деді қаралы өлім кемесі.

«Мінбе!» деді,

«Көнбе!» деді,

«Өлме!» деді
айғай caп,

Аппақ құс боп ұшып
келіп Жүсіпбектің елесі.

Әрі сиқыр, әрі сұмдық
өлім-өмір арасы,

Айтарыңды айтып үлгер, ей, адамзат баласы.

Жүсіпбектің
елесімен арыздасып соңғы рет,

Сөнбей қалған қызыл
шоқтай сөйлеп жатыр санасы:

«Көріскенше күн
жақсы!» деп қоштасып ек бағана,

Енді мәңгі қоштасуға тура келді, жан аға!

Дүниенің шеше
алмастан белгісіз сан түйінін,

Сапар шегіп
кетіп барам белгісіз бір жағаға.

Желден бұрын
жетеді ғой қаза деген жаманат,

Қалжыратып
кетеді ғой жүректерді жаралап.

Өлгеніме
өкінбеймін, Отан үшін пидамын:

Әнім саған,

Әнім саған,

Әнім саған -
аманат!

Жолданбаған
хаттарым да, жан жарым да-аманат,

Сайрандаған бақтарым
да, таңдарым да - аманат!

Жүрілмеген
жолдарым да, мінілмеген жүйрігім,

Орманым да,

Көлдерім де,

Тауларым да -
аманат!

Мен жүгіріп жете
алмаған қиырлар да - аманат,

Мен жол тауып
өте алмаған қиындар
да - аманат!

Жасалмаған
тойларым да, айтылмаған ойларым,

Мен өткізіп кете
алмаған жиындар да- аманат!

Туған елдің
алдындағы қарыздарым - аманат,

Ақталмаған ана сүті, парыздарым - аманат!

Әлі шығып
үлгірмеген сәбиімнің тілі де,

Баба сөзі,

Ата жыры,

Аңыздарым -
аманат!

Қарақұстар келе
жатыр аққуымды қамалап,

Қара түнек басып
кетті қанатымен сабалап.

Барлығын да
өздеріңе қалдырамын, жамағат:

Ән - аманат,

Ел - аманат,

Жер - аманат,
аманат!

Айтшы, кәне, не
болғанын сеземісің, қызыл қан,

Енді мынау
дүниеден беземісің, қызыл қан.

Қармен бірге
ғайып болып, сумен бірге сылдырап,

Қызыл тамшы
болып жерді кеземісің, қызыл қан.

Сенемісің,

Сен - өлісің,

Сен - өлісің, қызыл қан!

V

Құлап түсті аққу
- ән,

Қанатынан ақты қан.

Жүсіпбектің көз
алды

Қара тұман, ақ тұман,

Қара тұман, ақ тұман.

Қайран көңіл аңдамай

Қирап қалған
арбадай.

Сұңқылдайды домбыра,

Сұңқар дауыс
самғамай,

Арман, арман,
арман-ай!..

Қыстан кейін
сызылып жаз келеді, дариға-ай,

Қатар-қатар
тізіліп қаз келеді дарига-ай!

Сиреп қайтқан әскердей
аз келеді, дариға-ай,

Көк төсінен
үзіліп саз келеді, дариға-ай!

Қанды қырғын-
көрген түс,

Бір күнгідей
білінбес.

He білесің
келген құс,

Бірің ерте,
бірің кеш,

Бірің ерте,
бірің кеш?

Көкте құстар
керуені егілесің, дариға-ай,

Әуен болып
өрмелі төгілесің, дариға-ай!

Менің мұңлы
жүрегім мазасы жоқ дариға-ай,

Күңірентіп
кеудені, сөгілесің, дариға-ай!

Секілді бір
сөнген от,

Ескірген күн,
тозған ай.

Дүние көшсе
дөңгелеп,

Кім тұрады
боздамай,

Кім тұрады
боздамай?

Келген құстар
бір сырды айтпай қалды, дариға-ай,

Бір балапан
былтырғы қайгпай қалды, дариға-ай!

Күнәсіздің қанатын
кім қиды екен, дариға-ай,

Жаным ауыр
күрсінді, дерт байланды,
дариға-ай!

Сол балапан
ішінде

Арман қалды кім
білсін?

Шырылдайды
түсімде

Балғын өмір -
бүлдіршін,

Балғын өмір -
бүлдіршін.

Қалың өртке
қарлығаш жанғаны ма, дариға-ай,

Шыныменен көзден
жас тамғаны ма, дариға - ай!

Өкінбейсің
өмірдің жалғанына, дариға-ай,

Өкінесің
көңілдің қалғанына, дариға-ай!

Сиқыр дүние
керемет,

Опа берген кімге
бұл.

Үміт қызыл
көбелек,

Ұшып-қонған
гүлге бір,

Ұшып-қонған
гүлге бір.

Жүрегі
Жүсіпбектің шерге толы,

Осылай сұмдық
сырды тербетеді.

Қаралы хабар
емес ей, дүние,

Қуаныш алып
келсең нең кетеді?

Күтірлеп құлағандай
ән-терегі,

Домбыра
безектейді, зар төгеді.

Рамазан аманатын
орындар күн,

Әттең-ай!

Ертең еді,

Ертең еді...

Caп етіп хабар
тиді қай жағынан:

«Қапыда
киылдың-ау, қайран ұлан!?

Келмеске ұшып
кеткен аққу болдың,

Ән - көлі, арман
- көлі аймағынан...

Шаппаған шаршы
топта жүйрік едің,

Ұғынған
ән жүрегін, күй жүрегін.

Бір туған
өнердегі бауырым ең,

Бауырым жанған
отқа күйді менің.

Тірлікте қуанады,
жылайды адам,

Демеп ем ауыр
тиер бұлай маған.

«Жас қазақ» - аққу
әні, ақтық әні

Болар деп кім
ойлаған, кім ойлаған?!»

Алыстап іргедегі
арман елі,

Аңдаусыз алапатқа жанды әлемі.

Қайтадан
Рамазанды іздеп барып,

Өз әнін өзіне
бір салмақ еді.

«Жас қазақ»
қанат қақпақ ертең кешке,

Түсіріп қанды
майдан, өртенді еске.

Қисынсыз қағынды
да қайғы - боран,

Бұзылды көңілдегі көркем кесте.

Апыр-ау, елес пе
еді,

Елес пе еді!

Көргені кеше
ғана емес пе еді?!

«Әнімді аманатқа
ала кет!» деп,

Отырып сызды окопта
кеңескені.

Жас еді ойға
толы көкірегі,

Өмірден әннен
басқа не тіледі?!

Сырнай мен
автоматы арқасында,

Соңына қарай-қарай
кетіп еді...

«Жас қазақ!»,

«Жас қазақ!» деп
күбірледі,

Дыбысты қозғап
жүрек түбіндегі.

Боздатып қос
шекті, күңірентіп,

Тосыннан жауар бұлттай
құбылды өңі...

VI

Тереңнен
көтерілді ән біртіндеп,

Жан толқып,
лүпілдеді қан бүлкілдеп.

Ыстық жас
жанарларға келіп-қайтып,

Лезде шарасына
толды іркілдеп.

Соғыста бір күн
- боран, бір күн - дауыл,

Әркімді аһ ұрғызды, шіркін, бауыр.

Ән өрлеп бара
жатып,

Кілт үзілді

Зал іші сең соққандай
күрсінді ауыр.

Азап бар бұдан
өткен басқа қандай,

Шыдар ма
омырауын жасқа малмай?

Егіліп, сахнадан
кетті шығып,

Екінші қайырмасын
бастай алмай.

Мұндайда әншіге
кім тағар кінә,

Сәлден соң қайта
оралды көп алдына.

Жігермен «Жас
қазақты» бастап кетті,

Жүзінен уайым
ізі жоғалды да.

«Қар жамылған
кең дала қанға бөгіп,

Күркілдейді сұр аспан өлім төгіп.

Жас қазақ, мұрттай ұшты уралап.

Жанын қиып
кете алмай жас өмірден,

Асқақтаған
арманға өрмелеумен,

Жас қазақ, жатты
көзі от жайнап».

Халықтың көз
алдына майдан келді,

Алапат
арпалысқан ойран көрді.

Қан жапты

Арғымақтың
омырауын,

Шаң қапты

Аққу жүзген
сайран көлді.

Сағақтап қара семсер құлыншақты,

JIaп етіп от
шарпыды тұлымшақты.

Көзінен
бозінгеннің жас домалап,

Бозторғай боз
көдеге мұңын шақты.

Жер мен көк
күркіреді, жасын атты,

Көл тулап, тау бұлқынып
тас уатты.

Сия алмай
арнасына ашулы өзен,

Булығып,
буырқанып, тасып ақты.

«Сол бетінде жан
берді ол тұрмады,

Ары үшін елінің
боп құрбаны,

Жас қазақ,
атылды оқтай көре caп.

Ел корғаған
майданда жас арыстан,

Төлегендей
артыңа қалдыр дастан,

Жас қазақ, жатты
жауын жаныштап».

Сөгіліп еңсе басқан
тылсым мұнар,

Дүр етіп
көтеріліп,

Сілкінді зал.

Жарқылдап тұрып
алды найзағай-ән,

Қайғының қаптай
төнген бұлтын бұзар.

Шығандап, биік
өрлеп ғаламат үн,

Аспанға әнмен
жазып адам атын,

Ақ бұлтпен араласып кете барды,

Арқалап Рамазан
аманатын!..

VII

Ерлерге бұйырмаған жеңіл өмір,

Шын асыл
жуытпайды өңіне кір.

Саңқ етіп, шырқап шығып, сорғалатып,

Саз болсаң,

Жүсіпбектей
төгіле біл!

Болғанда
астаң-кестең көшкін өмір,

Маздаған отты
жүрек өшті не бір.

Үстінен қан
майданның қалқып ұшқан,

Ән болсаң,

«Жас қазақтай»
естіле біл!