ВЕРНУТЬСЯ

Аспан мен жер ортасында біраз ғұмыр кешірдім,

Әлсіреген үміт отын мың жағып, мың өшірдім.

Құрқылтайдың ұясындай қалтыраған бұтада,

Жел аударған қара қосты әр төбеге көшірдім.

Орын тимей опық жедім тусыраған түбектен,

Жапалақтай балапанын жар басына түнеткен.

Олақ қатын қолындағы күйген көсеу секілді,

Қара шапан тігіп
кидім тас қараңғы түнектен.

Атқан таңның
сәулесінен ақ орамал
бұйырмай,

Өтті қанша қапас
күндер қапқа салған бұйымдай.

Алтын өмір кез алдымда жүре берді арзандап,

Қайыршының
уысында сылдыр қаққан тиындай.

Запы қылды
жәдігөйлер сырты жылтыр жылмағай,

Оқ атқанын
аңғармайсың қай жағыңнан кім қалай?

Бақ пен сордай аралары
ажырамас екі елі,

Қайда барсаң қосақтаулы бір қожайын, бір малай.

Атын ерттеп әуре
болдым әумәсірдің жын ұрған,

Қысқа күнде құйындатып қырық мәрте құбылған.

Заман мынау қу
мүйізін кезіктірсе құлжаның,

Аш қасқырдай аласұрып сілекейі шұбырған.

Тұрман бүтінделгенменен, түгелденіп
мал-басы,

Тірлігіңнің
сынбай қоймас өгіз жеккен арбасы.

Адам да бір
Тәңірідей етікшінің қолында,

Күндіз-түні
тықылдатып шеге қаққан
балғасы.

Жұмыр басы сопаң етіп соғылады қайда ұрса,

Айдалаға қаңғып кетер жазатайым тайдырса.

Өлшеп-пішкен дүниеден артық дәулет дәметер,

Лақтырғанды қағып алып, жаутаңдаған маймылша.

Жібі үзілсе ғұмырыңды ұстап тұрған түйменің,

Жан сақтауға жарамайды ішкенің мен кигенің.

Сорлы байғұс армаңдайды асқар таудай бақытты,

Жақсылыққа зар боп жүріп жасуындай иненің.

Арман құсын тұлпар мінген бабам қуып жетпеген,

Мен де жетіп жарытпаспын ұшсам-дағы көкпенен.

Бізді қойып, қасиетті сүйген ұлы Алланың,

Мұхаммедтің омырауы да көз жасынан кеппеген.