ВЕРНУТЬСЯ

Қайыр Құлбасовқа - әкемнің мен
көрген ең соңғы құрдасына.
Томарға бояп тон киіп,
Тұмар мойын ат мініп,
Сәл нәрсеге қомпиып,
Сәл нәрседен шарт сынып,
Сормай-ақ аяз нарттай боп,
Көкпеңбек көзің бажбиып.
Танымай қалған жаттай боп,
Қар үстінде қаздиып.
Желге тосып желкеңді,
Қырын тастап бетіңді,
Жер түбінде өлген әкеңді
Мен өлтірген секілді,
Қырындай қарап үстіме,
Қырыстай тұрып тіл қатып,
Бағзыда кеткен бабамның
Құлағын біраз шулатып,
Дудыраған шашымды
Дұрыстап тұрып бір сыбап;
- Кекжитіп кердең басыңды,
Келдің қалай, қу шұнақ? -
Деп оқыстау маңқ етіп,
Қой төбет қоңыр даусыңмен,
Тұрар едің шіреніп,
Сосын оқыс шаңқ етіп;
- Кім сағынды, ау, сені? -
Деп түзеліп реңің,
Кенет жығып еңсеңді,
Ат-матыңмен құлардай,
Иіскер едің желкемді,
Көзімді көрсең - жылардай.
Көжек кіріп кеткендей
Жағамның асты бүлкілдеп,
Сосын зекіп сөккендей,
Мошқар едің:
- Күл, күл! - деп.
Тұрар ең біраз кекшиіп,
Мұртыңның ұшы сертиіп,
Көзің әбден көкшиіп,
Екі бетің нарттай боп,
Кеткендей кенет өрт тиіп:
-  Өзің, сірә оңбаған,
Әкең, бірақ, оңды адам,
Жеті ата, жеті бабаңнан
Бір қасиет қонбаған.
Қонса, осылай жүрер ме ең,
Жер түбінде жат болып?
Сәлемің де келер ме ед
Қағазға түскен хат болып?
Желк - желк етіп тұлымың,
Ауылда жүрсең, болмас па?
Шәртиген анау жұмырың
Осында да толмас па?!
Көрмейміз, міне, жыл ұзын,
Кейде хабар - ошар жоқ,
Көрерміз шықса мүйізің
Құдайға орынбасар боп?!
Құрдастан қалған көз едің,
Төбе-шашың қопырап,
Ажалдың жетсе кезегі,
Саласың ба топырақ? -
Деп қамшыңды бір бүктеп,
Асығыс тығып жеңіңе,
Қайқайта серпіп кірпікті:
- Қайқай, - дер ең - жөніңе!..
Кете барам жөнеле,
Көңілім алау - далау боп.
Қызыл шал қалар төбеде
Қадалған қызыл жалау боп.
Қызыл ту сол бір құлаған,
Қоңырайған қызыл төбе де,
Болдыртқан аттай сұлаған,
Дөңкиген мынау немене?
Жатырсың ба жалпиып,
Тіл қатпай безер жаттай боп.
Басыңда тұрмын қалқиып,
Қуарған құлып тастай боп.
Төбе шашым қопырап,
Көмейді бір у шиырлай,-
Әкеме бұйырмаған топырақ
Саған да, міне, бұйырмай.
Қараша желі елгезек,
Желкемнен су сепкендей.
Баяғы бір сұр көжек
Кеудеме кіріп кеткендей.
Көкірек тұсым бүлкілдеп,
Көзімнің алдын дым басып,
Алайын бір кеңкілдеп,
Бір тіл қатшы, Құлбасов?!
Тіл қатпайсың, қиқарсың,
Жер астына кетсең де.
Аяғымды сипайды
Қызыл шағыл кемсеңдеп.
Сөздерің тұр құлақта,
Өзіңді қалған құм басып,
Жүректі қан жылатпай,
Жайыңа жат, Құлбасов...
                                    1985.