ВЕРНУТЬСЯ

        «Ез тірліктен ер өлім

Артық екен дер едім!» -

Деп кірді ол майданға,

Өтті құздан,
сайдан да...

Жер бауырлап жығылды,

Табаны бір тайғанда.

Ақтық рет күш жиып,

Күліп еді-ау жымиып...

Қайран өмір сәулесі

Келбетінде қалды ұйып.

Тоңазыған болаттай

Тынып бір кез, оқ атпай,

Тұрды
қоршап достары,

Ажалды оған жолатпай.

Командирі сөйледі:

- Шіркін, сабаз ер, - деді,

Мықтап тұрып
бір түйді

Ұзақ жолын
жердегі.

Жер денесі шымырлап,

Елжіреді күй тыңдап...

Жауға ұмтылды
достары,

Кеудеде кек бұрқылдап.

«Мүмкін, тірі жүр
шығар?»

Деп жұбанды сұлу
жар.

Дәл осылай жадырап,

Жаңбырдан соң күн шығар.

...Көңілінде басқа күй,

Уілдейді жас сәби.

Әкесі кеп енгендей

Нұрға толы
бастағы үй.

Өлуші ме ед ер шіркін!

Сілкінді ол бір дүркін.

Келе жатты аралап

Өзі туған ел-жұртын.

Кремльге ол барыпты,

Алтын Жұлдыз
алыпты.

Келді таяу үйіне

Ертіп бүкіл халықты...

Жар жүрегі дірілдеп,

Ұмтылды
ана: «Ұлым!» - деп.

Арасында гүлдердің

Тұрды
батыр күлімдеп.

Тұрды
қарап тіл қатпай,

Қысылғандай сөз таппай...

«Өлмес үшін бір өлдім»

Деген ойын тұрды
айтпай.

1948.