ВЕРНУТЬСЯ

Өлмеймін тіпті,
Өлексемді көмбен өлсем де,
Желекті ту қып,
Желкілдете берем еңсемді.
Білсін бұл жұрт
Қиқардың қайда жүргенін,
Қисайттым десе
Қайдағы - қайдан
Қиқым да сиқым белсенді,
Сезбейді - ау бұл жұрт
Сергелдеңнің
Қалай тап боп,
Қайдан келерін,
Секектеп жүріп,
Соңына еріп,
Сенделбай кілең неменің?!
Тау жыққандай боп,
Талтаңдап жүріп
Боқ баспас жерден боқ басып,
Дағдарарсыңдар,
Дал боларсыңдар,
Тоқтасып тағы, оттасып, -
Болар сонда керегім.
Көрермін әлі көрермін!
Қу тобырға өңкей -
Қиылып қайтем,
Қиналып нетем,
Олар менің не теңім?!
Көкке бәрібір көтермес мені
Байқап қалар деп
Бастары қауақ екенін,
Төменге қуса,
Қуа да берсін -
Үйреншікті мекенім.
Көремін тағы кектегілердің
Борсыған бұтын, сасыған етін,
Салтақ-салтақ етегін,
Қимайтындай да, сыйлайтындай да
Дәнеңесі жоқ
Дәлдүріш мына дүниеден
Айылды жимай,
Ауызды тыймай,
Алшаң басып өтейін,
Алаң болмай кетейін.
                              1984.