ВЕРНУТЬСЯ

     Біздің қазақ
әркімді қылар мазақ,
Деп жүр ме екен
өзімнің бойым таза-ақ. 
Осы жұрттың байқаңыз,
беті қалай,
Қайда қаңғып
барады осы қазақ?
Ауыз дәмін
кіргізер дәмі бар ма,
Маған десе, бұл
елдің бәрі бар ма?
Қалай кетіп
барамыз деп ойлаған
Есті жас пен
ескерген кәрі бар ма?
Қай қазақ ойдан
орып, қырдан қырды,
Білмейді деп жүр
ме екен ішкі сырды.
Қазақтың қайратының
түбі мәлім,
Алты бақан алауыз
иттей үрді.
Бұл қазақ уәдеде
қашан тұрды,
Алдауменен күн
өтіп құдай ұрды.
Бірін-бірі
құтырған итше қауып,
Өңкей төбет
шуылдап ұлып жүрді.
Бетін байқап
қарасаң бұл қазақтың,
Соқпағына түсті
ғой дәл дозақтың.
Ақыл айтсаң,
алады бір жеріңнен,
Белгісіз есі
шыққан сандалақтың.
Күн сайын
қағынады тыныш жүрмей,
Бір мезгіл
тыныштықпен ғұмыр сүрмей.
Арамды арам демейді, құдайды бір,
Кім кіреді дозаққа бұлар кірмей?
Арамды адал десе, кім болады?
Қазақтың сөзі қашан шын болады?
Алдау үшін қаруы - құдай аты,
Япыр-ау, осы қайтіп дін болады?
Байдың асын сұм менен залым жейді,
Ұрысы
ұрлап момынның малын жейді.
Бірінен-бірі аяйтын жақсылардың 
Малы түгіл арының
бәрін жейді.
Мықты байлар, бек жақсы осыны қыл,
Арды тастап, қу менен сұмға тығыл,
Ел зарлатып зорлықпен мал жиып ең,
«Арам жемтік - азығы иттің» деп біл. 
Маған көнбе, қуға көн, солар жесін,
Тапқаныңды соған бер, тойдым десін.
Толтыра алмай түпсізге күнде құйып,
Таусылғанда береді неменесін?
Бермей қойсаң, ана бай және дайын,
Араны ашық ол иттің жұтқан сайын.
Арды білмей, арсызға құлдық ұрып,
Есін алып қойған бар бір құдайым.
Соңғы байдың төбеті бұлай болар,
Үйір қылып алған соң көңлі тынар.
Ырылдатып төбетті қайта жауып,
Өз қылғанын өзіне бұ да қылар.
Ар қайда, ақыл қайда, намыс қайда,
Өңкей итке жалындың, табыс қайда?
Ана байға ит кетсе - күнің қараң,
Онда қашып
тығылар қамыс қайда?