ВЕРНУТЬСЯ

      Әртүрлі жанрларда көрініп жүрген жас жазушы Әбіш
Кекілбаевтың «Бір шөкім бұлт» атты жинағы кітап сөрелерінен орын алғалы көп
болған жоқ.
            Мұнда шағындау повесть және екі-үш
әңгіменің басы қосылыпты. Кітап - әдебиетіміздегі кейінгі толқын, сөз өнеріне
үлкен мұрат, биік талап, терең талғам, таза жүрекпен қарайтын, талантты топ,
білімді жастарымыздың бірі Ә.Кекілбаевтың салиқалы прозадағы алғашқы
қолтаңбасы. Алуан қырлы, сансыз жұмбақ сырлы, алымы мол, асуы көп жанрдағы
тұңғыш балаң дүниесі. Солай бола тұрса да Ә.Кекілбаев өзінің осы тұңғышы
арқылы-ақ әдебиетіміздегі лайықты орнын - бүтіндей жаңа бір құбылыс репеттес
мәнді биігін танытып тастағанын атап айтқан жөн.
            Жинақтағы басты тұлға - повесть соғыс
жылдарындағы ауылдағы оқиғалар негізінде жазылған. Оның объектісінде яғни
тақырыптық шеңберінде қиын-қыстау, қысылшаң шақ, кірпіктерде қан қатқан алапат
соғыс уақытындағы шалғай шеттегі қаррапайым қазақ ауылындағы өмір шындықтары,
адамдар арасындағы достық қарым-қатынас, бауырмалдық, жарқын қасиеттер сөз
болады. Анығырақ айтқанда «қотандағы қозысына дейін қатар жамырайтын» екі
семьяның соғыс салған жарадан кейінгі тағдырлары реалистікпен суреттеледі.
 Автордың шығармадағы
негізгі идеясы - бір шөкім бұлттай шағын семьяның басында болған қабырға
қайыстырар трагедиялық өткір драмалық шиеленіске толы өмір эпизодтары, сол
кездегі баршаны шарпыған, баршаның басыгдағы ащы шындық екенін көрсету.
            Повестің орталық кейіпкерлері
Аққаймақ және Шайзада. «Қимылы аз, қиялы көп» қырда өскен қызғалдақтай көрікті
қызбен, өз ісіне тыңғылықты қытымыр күндер қиыншылығын басынан өткізе жүріп
қыңқ етпеген «жер қозғалса, қозғалмас» қазақ әйелдерінің бейнелері толыққанды
шыққан көкейге қонымды.
            Аққаймақ пен Шайзаданың өзіндік ішкі
жан-дүниелерін, мінездік сипаттарын, характерлерін автор едәуір сәтті
көрсеткен, сырты бітім-тұлға, кескіндерін шебер мүсіндеуге тырысқандығы
байқалады. Әрқайсысының өз қыры, өз сыры бар, адамшылық табиғаттары қос
бейненің бір-біріне ұқсас, бірінде жоқты бірі толықтырып жатады, толыстырып
тұрады. Повестегі Аққаймақ пен Шайзаданың нұрлы бейнелері оқушы қиялында шынайы
айшықталғандығымен тартымды әсер қалдырады. Олар қарапайым да қайырымды жандары
сұлу, мінездері ашық күндей жайдары адамдар.
            Автор әсіресе Ақаймақ бейнесін
шыншыл, шымыр кескіндепті. Ол қатал тағдырдың қатыгез өміріне бас имеген
шындығы шынардай өршіл мінезді, өмірге ғашық оптимист жан. Туған әкесін соғыс
жалмады. Жан анасын құшағына қара жер мезгілсіз алды. Сүйген жігіті Қаржау
өзімен-өзі жел айдаған қаңбақтай ауыр тағдырды арқалап лағып кетті. Жақын
жанашыры, арыстай қайын енесін де сұсты ажал 
жеңіп, еріксіз басын идірді. Мәңгіге көз жұмды «жаулығы қарқарадай»
Шайзада.
            Күз болмай жапырағынан айырылған
жалаңаштанып қалған ақ қайыңдай состиып тек Аққаймақ жалғыз қалды. Тағдыр қанша
оны топшысынан қағып жыққанмен ол жасымады. Қарсыласты. Иілгенде не істемек?
Қайта бұрынғысынан да өмірдің өзі оны ширата түсті. Адамның күні адаммен. Әйелі
өліп екі баласымен қорғансыз қалған, маңдайындағы қос шырағын соғыс сөндіріп
кеткен Тайбағармен Аққаймақ көңіл қосады. Бұл заңды да еді. Аққаймақтың
характеріне әбден лайықты табиғи құбылыс. Адам бақыт үшін жаралған. Ол бір
адамды бақытты етіп, жүзіне мұң көлеңксін жанына қайғы ізін түсірмеу қолынан
келетіндігіне оқушы күмәнсіз сенеді. Аққаймақта аяулы жүрек, ақыл парасат бар.
            Аққаймақтың ары тау суындай
тұнық  та мөлдір. Ауылдың итінен де есегі
қабаған. Қаржауды тосып жүргенде оның сыртынан талай өсек торы құрылды. Құрыққа
сырық жалғанып, өтірік шындай, ақсақ тыңдай болып өсек оты лаулады. Оның
бықсыған өртінен де қолқаңды қауып, деміңді тарылтатын дерті жаман. Аққаймақ
бұған шыдады. Шындық иілгенмен сынбайды деп білді.
            Аққаймақтың жаны рухани таза,
моральдық бейнесі де жоғары. Адамгершілігі мол. Ол жалт етпе минуттық арзан
сезімнің иесі емес, өзін тежей біледі. Өкіл жігіттің сұғанақтығына жол бермей,
жүрек сезімін ақылға жеңдірген сәтте оқушы Аққаймаққа риза болады.
            Автор повестегі Ожан, Жаңылсын
бейнелерін де нанымды сипаттаған. Түймедейді түйедей етіп көретін, барып кел,
шауып келдің адамы пошташы Түсіп те едәуір көңіл аударарлықтай бейне. Жазушы
оның ішкі жан дүниесін әдейілеп штрихпен ашпағанмен сыртқы сипатынан,
жүріс-тұрыс, сөйлеген  сөзінен характер
сырын аңдатқан.
            Повестің бір ерекшелігі
қарапайымдылығында, жай емей, көркем қарапайымдылығында. Мұнда шығарма арнасына
симай  жатқан дау-дамай, талас-тартыс,
шытырман шиеленіс, конфликт жоқ Оқиға біртіндеп дамып өрбиді. Оқиға дамуында
ойға оралымсыз, логикаға қайшы жәйттер бой көрсетпейді. Повестке өзек болған
сюжеттік, ситуация өмір шындығынан алынған. Композициялық құрылымындағы
ішкі-сыртқы гормониялық тұтастықты автор сақтай білген.
            Повесть кемшілік атаулыдан құр емес.
Мәселен, тілінде, стильінде, оқиға өрбуінде жетіспей жатқан жайлар бар. Бірақ,
повесть те, жалпы алғанда жинақ та қазақтың жас прозасына келген жаңа, соны
лепті аңғартады. Сондықтан да біз жас жазушының көлеңкесінен гөрі күнгей жағын,
алғашқы құтты қадамын баса айтуды жөн көрдік. Әдебиетімізге салиқалы, ойлы
прозаиктің келгенін қуана айтуды жөн көрдік.
 
 Сағат ӘШІМБАЕВ