Сарғайдым күннен күнге қуат кеміп,
Қалың ой - қара
жылан жүректі еміп.
Ақырын
бітіп барам жанған шамдай,
Көзіме ыстық жастар мөлт-мөлт келіп.
Апырм-ай, ауыр болды-ау күнді өткізу,
У жұтып, айдан ұзын
түнді өткізу!-
Қозғалып, сөйлеп, ойнап, тірі жатып,
Өлем деп жас өмірден күдер үзу.
Соғасың жиі-жиі, жүрек, неге?
Соққанмен жандана ма солған дене?
Сары су денені улайд тамырларда,
Тазарып, енді оны қан етем деме.
Қалмады көздің
нұры, көрге айналдым,
Қараны - ақ, ақты - қара дерге айналдым.
Дямадай пісіп тұрған
екі бетім
Қуарып, қаны қашып, күлге айналдым.
Жайылды бар денеме уы дерттің,
Мінекей, екі ай болды жалын жұттым.
Күндіз - Күн, түнде күміс Ай көрмеймін,
Дариға, жаным - азат, денем - тұтқын.
Барады күннен күнге азап асып,
Өлім тұр анадайда қойнын ашып,
«Қинала түссін әлі!»- дегендей-ақ,
Аяғын, күлімсіреп, санап басып.
Жасаған! Тез алатын ажал жоқ па?
Қинама, тез өлейін, ұшыр оққа.
Шыжылдап дене, шырқырап жан берейін,
Жалыны көкке шыққан түсір отқа!
- 86 просмотров