ВЕРНУТЬСЯ

Шау тарыппын, шамырығыппын, шалдығыппын, шаршадым,
Мен келгелі алағай да, былағай да бұл дүниеге қанша күн?!
Бұлыңғырлау сар сәскеде түскен екем жарыққа,
Содан ба екен, көзімді ашсам - бұлдырайды әр таңым.
Бәрі күңгірт, бәрі күмілжі, бәрі-бәрі бұлыңғыр,
Жарқырап бір таңым атпай, шықпай қойды-ау күнім бір.
Түс кезінде бір жылт етіп бұлттан шыққан күн көзі
Бесін болмай зып береді - неткен мойыны жұлынғыр?!
Сусылдаған су аяқтай сұрқия екен бұл тағдыр,
Қайда барсаң - алақ-жұлақ, қыбыр-сыбыр бұлтақ жүр.
Бұлтақтаған бұлтың дүниеде бұлталанға салар ең,
Көз аштырмас көк тұмандай күдік-күмән қымтап жұр.
Қия жардың қия шеті маған ылга бұйырған,
Ал тауып көр адаспас жол қиыр менен шиырдан.
Құз шегінде құлап кетпей сәл-ақ қалып тұрамын,
Бір қарасам сирек сәтте сұрғылт тұман сұйылған.
Сол баяғы сонар қымтап салбырайған қырау күз, 
Бір қапталым - мүлт бассам, мүрдем кетер шыңырау құз.
Калай ғана қасқыр тартпай қанғалақтап келеді,
Жақыбайдың жалғыз төлі жоғалса да сұраусыз.
Тәубә, тәубә, көкте тәңір көзін дұрыс салғанға,
Дәл мынандай бірін-бірі қылқып салып жалмаңдасқан жалғанда
Азу тісін білеп жүрген арландар да ашқарақ
Тоқты менен торым емес,
Сонша құмар болғанға
Майса құйрық бағланға.
                                                                                                                 1988.