ВЕРНУТЬСЯ

     Француз ақыны Альфред де Мюсеннің «Ш.О.Сент -Бефке арнау»
атты өлеңінде «Ақын өлді әр адамның ішінде» деген қанатты жол бар. Бірақ, кісі
өлді дейтіндей қасірет-қайғысы жоқ, айтары терең, ішінде нұры шашыраған тармақ.
Қазақтың қапияда ұмытылып қалған бір сөзі іспетті.
  Ақындық - тумыстан бітетін қасиет деп біліп,
қазақтың өзін ақын халық деп мойындасақ, желқы етін жейтін француздардың
қазақтарға ұқсайтыны рас болғаны да. Асылы ақынды қабілет қалжыңбас Көпеннің
қаламдас Мұзағаңа арнаған әйгілі әзілінде айтылғандай, әр адамға пайызбен
шақтап берілетін болса керек.
            Мюсеннің «өлді» деп отырғаны - ақын
емес, ақындық. Бұл жерде ол адам баласының есейе келе бастапқы балауса арманы
өзгеретінін, мөлдірлік, тазалық, пәктік сияқты бейкүнә түсінік-ұғымдардың су
аяғы құрдымға, келмеске кетіп, сұлулыққа ұмтылыс, ғажайыпқа таңырқау сияқты
албырт сезімдердің қайыр-хош айтуын меңзеп отыр. «балалығым - өзімде» деп
біздің Темірхан шайырдың жазып жүргені де сол - адамның жан түкпіріндегі тұнық
бастауы. Әйтпесе ақынның ата сақалы аузына шыққанша қалмай жүрген балалығы
несі?
            Поляктың әдебиет зерттеушісі Ян
Парандовский ұсынған «хомо поэтикус» (homo poeticus) деген мәні айырықша термин
бар, қазақшаға сөзбе сөз тәржімасы «жыр адамы» 
дегенді білдіреді. Осы ұғымның да тұла бойы тұнып тұрған ақындық. Бұл
өлмейтін, өшпейтін, метағарыш дәуіріне лайық мәңгілік бейне, «адамзат» ұғымымен
парапар түсінік. Ендеше, қайсыбур қазықтың қайырма сөзінде келетін «ішінде ит
өліп жатыр» дегендей, әр адамның ішінде өле беретін ол қандай ақын, не қылған
ақындық?
            Ағылшын классигі Уолт Уитмен ақындар
«өмірдің жаңа өңірлерін ашу керек» десе, неміс қаламгері Иоганнес Роберт Бехер
экономика саласын жырлауға үндегені әдебиет тарихынан белгілі. Олардың өз
бастары бара қоймаған, шынайы поэзияның мақсаттарына жатпайтын сол бір
бағыттарға түскен ақындар да болғанымен, жүрекке жылы тиетін тұщымды дүниетуа
қоймапты. Дегенмен, ғылыми-техникалық төңкерістің перзенттеріндей урбанизация
ырғақтары, индсутрия пейзаждары нәзік сезімдерді біртіндеп ығыстырып, тақымдап
келеді.
            Біздің әдебиетімізде де «өлең-оечрк»
деген жасанды жанр біразырақ өмір сүргендей болып соңында «журналист-ақындарды»
қалдырып, дүбара күйде жан тапсырған. Бірақ ақындықты өлтірген олар емес. Сонда
шын ақындықтың-------------------
            Ақын шыққан биік - көлденеңнің көзіне
күйік. Себебі, шынайы поэзияның кез-келген кәсіп иелері, тіпті билік басындағы
саясат  серкелері де көп жақтыра
бермейтін бір қыры бар, ол - өлең сөздің кеңістік пен аудитория талғамай,
кез-келген ортамен, топпен немесе жеке тұлғалармен ауызба-ауыз, жүзбе-жүз,
көзбе-көз, бетпе-бет байланысқа түсіп, тонның ішкі бауындай іштесіп,
жақынддасып, тіл табысып кете беретіні, тікелей әсер етуші қуатының күштілігі.
Нағыз өлең күре тамырдан еккен дәрідей бірден жүрек пен миға шауып, жұлынды
алады, буынға да түседі. Жыр өнерінің басқа өнерден ерекшелігі мен артықшылығы
да осында. Бұл тұрғыдан алғанда өлең - бұқаралық насихаттың күллі түрінен
басым. Сондықтан үстем саясаттың сөзін сөйлеп, сойылын соқпаған ақындар қашан
да сенімсіз, кейде тіпті қауіпті элемент қатарына жатқызылып келген. Тірісінде
шөміштен қағып тайраңдатпаған қоғамның өз ақынын дүниеден озғаннан кейін бірден
төбесіне көтеріп, әулие тұтатыны да сондықтан.
            Ал, сондай құдыретті құралдың иесі -
Ақынның қоғамдағы орны тарихи тұрғыдан қарағанда ерекше болып, халыққа
ықпал-әсері жағынан кез-келген деңгейдегі көсемпаздармен иық тірестіре алатыны
анық. Конфуцийдің жырмен жазылған ой-толғамдарының бүкіл хазу билеушілеріні
қасиетті кітабына айналуы, парсы шахтарының өз шежірелерін жырмен жаздыруы,
Гитлердің өкімет басына келе салысымен Гейне сияқты ұлы ақындардың шығармаларын
өртетуі, Асан қайғыдан Абайға дейінгі қазақ ақын-жырауларының отты, уытты және
даналыққа толы жыр-толғауларының магниттік қуаты тарихтың ас қамалдарын көктей
өтуі, одан бергі дәуірде топ жарып шыққан ең дарынды деген алаш ақындарының ХХ
ғасырдың алғашқы жартысында жазықсыздан жазықсыз барсакелмеске аттандырылуы
осының айғағы.
            Меніңше, әрбір адам анадан ақын болып
туады. Әрине, бұл қабілет әртүрлі дәрежеде көрініс береді. Біреудің ашытқысы
көптеу, бірінікі аздау. Біреудің ақындығы ешқашан ашылмай қалуы мүмкін, ешқашан
ашылмай қалуы мүмкін, екінші біреу сол сезімін өлтіріп алғанын өзі де білмей
өтеді. Өзі тірі - ақындығы өлген. Мюсеннің айтып кеткені - осы соңғысы. Нағыз
адам - ақындықты мақсат тұтпаса да өз бойындағы құдай берген сол қабілетін
өлтірмей, кірлетпей, таза күйінде сақтаған адам дер едім. Ал, нағыз талант
тасжарған сияқты, жақпардың жігін жарып шықпай тұра алмайды. Қазақстанның халық
жазушысы, өзі айтқандай «қарасөз бен қараөлеңнің сарбазы» Әбіш Кекілбайұлының
жақында жарық көрген «Дүние ғапыл» атты жыр жинағын оқып отырып, мені осындай
ойлар толқыны көмді.
            Өлең-жыр қай ғасырда жазылғанына
қарамастан қашан да кешегіден гөрі бүгінгі және келер күннің сөзін айтады.
Марина Цветаеваның «Шіркін, ақын мен халықтың ортасында саясаткерлер тұрмаса
ғой», - дейтін пікірі бар еді. Ақын сөзінің бұрмаланбай, цензура қайшысына
ілікпей, өз оқырманына тіке жетуіне деген тілектен туса керек. Ал, ақы боп
бастап, қара сөздің майын ішкен, өзі де саясаткер Әбіш Кекілбайұлының
өлең-сөзінің оқырманға отыз-қырық жылдай жетпей жүруін немен түсіндіруге
болады? Бұл деген бір ақынның ғұмырындай уақыт қой... Мұны қаламгердің сөз
алдындағы адалдығы, жыр алдындағы жауапкершілігі деп түсінген болар.
            «Дүние ғапылды» оқып отырып, қаламгер
өз бойындағы ақындық қуатты ауыздықтап ұстауға ерік-күш жеткенімен, мүлдем
тұншықтырып тастауға шамасы келмегенін, түкпіріндегі жырдың тұма бұлағы әр
кезде жүректің жартасын жарып шығып, жарыққа ұмтылумен болғанын байқаймыз. Егер
«Арыс» баспасы осы жинақты жарыққа шығармаса, қадірлі суреткердің жүрегінің көз
жасындай мөлдір жырларынан бейхабар жүре берер ме едік?..
 Кезіде «жақсы жыр
жәшікті жарып шығады» деген Мұқан Иманжанов шын әулие екен.
            Кітаптың «Көне дәптер» бөлімінен
елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басындағы қоғамның алдамшы
жылымығынан қуат алып, қарлы тоңды жарып шыққан жауқазын тағдырлы жырлармен қауыштық.
Әбіш Кекілбайұлын алғаш ақын ретінде танытқан, сол тұста жарық көрген тұңғыш та
жалқы жыр жинағындағы біз білетін өлеңдер, баспасөзде жарияланған Олжастан
аудармалары бұл жинаққа кірмепті. Біздің буынға бейтаныс, жазылған жылдары ескі
болса да өзегі жаңа туындылар. Кітапқа әр жылдардағы жырларымен қатар шетел
поэзиясы маржандарының тәржімасы мен «Абылай хан» қаһармандық-драмалық дастаны
енген.
            Шығыс пен Батыстың классикалық
мектептерінен үйренген, әлемнің үздік өлең үлгілерін зерек зерде мен дарынды
жүрек сүзгісінен өткізген қаламгержырларының шоқтығы биік.
            Құлпырарға - көктем жоқ,
            Қырқыларға ертерек,
            Көрер көзге өктем боп,
            Тұрмайтын ба еді әр терек.
            («Думанды жерде суыстым»)
            Осы жолдарға Абай атамның өзі де
қызыққандай-ау. Қыс аяғы созылып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсын
бейнелеген, өліараның ашөзекке түскен шағындағы қыспақта қанатын қомдап, ұшуға
талпынған темірөанат көңілдің көрінісі. Қодар-қоғамның қылпыған қылышы көзге
шалынбағанмен қырына алса қырықпай қоймас суық болат жүзінің сесі мен ызғарын
сезінесің. Ертеңі бұлдыр, маңдайы тұман тағдыр. Қазіргі біздің біріміз мақтап,
біріміз даттап, біріміз қарғап, біріміз қорғап, енді біріміз аңсап жүрген
кеңестік дәуіріміздің бір бейнесі осы өлеңде тұр. Және қандай тұтастықпен
тамшыдай болып құйылып түскен!
            Күні-түні от шашып,
            Жарқырайсың, шырақ күн,
            Қалар еді тот басып,
            Жердегі даттан жырақсың.
 
            Сонау көкте тұрып ап,
            Саған тозаң тие ме?!
            Қара жерде жүріп-ақ,
            Былғанбай гөр күйеге..        («Күні-түні от шашып»)
            Осы өлеңді оқығанда неге екенін
білмеймін, ұлы Мағжан Жұмабаевтың «Ақсақ Темірдің сөзі» атты адуын өлеңі еске
түсті. Онда Әмір Темір көк Тәңіріне азуын білеп, айбат шегуші еді ғой. Ал, бұл
өлеңдегі ой басқаша, бірақ екеуара бір тылсым байланыс бар. Өлеңдердің ішкі
ағыстары ұқсас, түпкі сырлары тектес сияқты. Тереңнен тамыр тартқан көрегендік,
бір замандағы биік идеалдарға сол заманның өзінде тұрып-ақ күмәнмен қарау. Жай
ғана ақын емес, тарихи дамудың дәстүрлі заңдылықтарын ой елегінен өткізген биік
парасат иесі ғана айта алар ащы шындық. Ал, шындықтың дәмі бал жақсаң да
тәттіленбейді.
            Ақынның философиялық ойлауға
бейімдігі «жаңа дәптер бөліміндегі өлеңдерде де жалғасын тапқан.
            Дүрліктім де тапсындым,
            Шап берердей тәңірге,
            Шап бердім де шарт сындым,
            Әлім жетпей өмірге.
 
            Өмір неге тоқтасын,
            Әуресіне бола пенденің?
            Пенделіктен тәңір сақтасын,
            Жеңілгенім - жеңгенім. («Тәубе
жыры».)
            Жеңіліс пен жеңіс сияқты бір таяқтың
екі ұшындай қарама-қайшы ұғымдардың осы өлеңде жұлдыз жарастыруы, ортақ үйлесім
табуы - сөз жоқ, ақынның айтар ойына қызмет етіп тұр. Философиялы кең масштабта
алып қарағанда - бүгін жеңілістің сабағы келер жеңістің баспалдағы болып
шықпақ. «Жеңілі--- кімде болса - жеңіс сонда» дейтін антикалық афоризм осы
өлеңге түйін болып, қазақ оқырманына тосын ой, өнегелі ғибрат ұсынған. «Жаңа
деп жүргеніміздің бәрі әбден ұмытылған ескі» дейтініміз де сол.
            Мына бір жәбірлі жыл, жәбірлі айдың,
            Ызасы өтті-ау -  қашан дамылдаймын.
            Қиямет пен қиянат қиқуласқан,
            Қу дүниеде таусылмас зарым, қайғым.
            («Тағдырдан
талысыған»).
            Абай атамыздың «махаббат пен ғадауат
майдандасқан» деген әйгілі жолдарының сарыны тұрған жоқ па? Бұл өлеңде ақын
көрген құқай, шеккен жапа сәл басқаша болғанымен, жамандық атаулы қай заманда,
кімге жасалса да, тіпті арасында жылдар, ғасырлар жатқанымен түбірлес, тамырлас
Әділетсіздіктен жаншылған жүректердің соғысы ұқсас келеді. Жәбірленген тағдыр,
ызалы көңіл қиянаттың темір табанына қарсы тұра алмай, сағы сынатын сыңайлы.
Жалғыздық пен шарасыздық еңсені езе түскен. Өлеңнің финалыдағы зіл салмақ
оқырман кеудесін де құрсаулап қысқандай. Міне, өмірдің өзінен туған өлең әсері
осындай.
            Нобель сыйлығының лауреаты И.
Бродский американ классигі Роберт Фростың өлеңдерін талдай келіп, «қысқарта
айтқанда Фрост тұнып тұрған вергилийлік ақын! Деп баға бергені бар еді. Сол
сияқты, ойшыл өлеңдерінде Ә.Кекілбайұлын нағыз абайлық ақын десек дәл түсер
едік деп ойлаймын.
            Қай кезде болсын, тілдің дәмін
білетін, құнарын бағалайтын қаламгердің туындысын оқу ғанибет.
            Жамыраспай, жағаласпай,
                        жарандар-ай, тоқтаңдар...
            Кеуде қағып, кеңірдек жыртып,
                        көкіректі соқпаңдар.
            Даурығысып, дәлірісіп,
                        дәупірімсіп жүргенмен,
            Жасаған өзі әуелде бізді
                        жаратыпты жоқтан бар.
            ...қанағат білмей, қайғы іліп
            зілдей, зарлана берсең - арман көп,
            Көрінер тіпті жер бетінде тірі
                        жүргенің жалған боп.
            Түксиген қабақ, түнерген жанар
                        тізгін алса түтіп жеп,
            Етпей қоймас ақыр түбі қайтадан
                        Бізді бардан жоқ.
            Міне, бұл да қашан жазылғанына
қарамастан бүгінгі күннің сөзі. Бүгінгіні ойлап отырып, келешшекті ойлаған
ертеңге алаңдаған абыз жүректің айтары. Алаш тағдыры қай заманда да тарзының
табағында болған. Қашаннан барға қанағат, жоққа салауат, жасағанға шүкір деп,
өткенге мейіріммен, кеткенге қайырыммен талғамайтын қазақы көңілдің тобасына
келіп тоқтауы, сабысына түсіп, сабырға жеңдіруі, тарихтың сабағына қайырылуы
осындай-ақ болар. Жеке көңіл*күй, жан күйзелісі мен қоғам тағдыры, ұлттық рух
пен жалпыадамзаттық өлмес тақырыптар бірінен-бірі туындап, бірімен бірі ұштасып
жатыр. Бұл жөнінде және кітапиың өзге де құндылықтары туралы өзінің ақжарылқап
алғысөзінде академик З.Қабдолов тамыршыдай тап басып айтып берген. Ғұлама ғалым
жинақтағы түрлік ізденістерге көңілі толмағанын жасырмаған екен. Алайда,
ұстазымыздың: «Әбіш өлеңдерінің пішіні оқырман күткен деңгейден табыла бермей,
тосын көзді тосырқатып тастауы мүмкін»,-деген пікірін теріске шығаратын жырлар
да соны соқпақ, тың сүрлеу тартып, сайрап жатыр-ау. Құрастырушылар сыннан қорытынды
шығарған болар. Мәселен:
            Қысы-жазы қытырынған
                                            
Атырау теңіз,
            Зәрленіп зытырымнан жатыр-ау деңіз.
            Қаскөйдей қабағын ашпай
                                        
тұнжырайды,
            Қапелімде жақпай қалды екен,
                                       Апыр-ау,
неміз?
            Немесе:
            Еріксе - тескентау асып,
                                                                                                                                                                                               
Балқан да барған,
            Зеріксе - Ұрымға ұрынып,
                                талқандап алған,
            Желіксе - жер шоламын
                                    деп жел қуып кетіп, 
            Қиырда қылышы қирап, қалқаны да
қалған, - деген секілді жұтынған жолбарыс жонды шумақтар әр тұстан жотасын
көрсетеді. Сондай-ақ кітаптағы «Нағашы», «Одағай өлең», «Таңғы кәлима», «Түнгі
кәлима», «Төзім жыры», «Әзіл өлең», «Шау тартыппын, шамырығыппын, шалдығыппын -
шаршадым», «Шимұрын, «Өктем түспек өзге ақылы өзеурегенмен өзім деп кіл»
«Заманға айтпай маған айттың бар зәріңді ақын дос» т.б. өлеңдерінің бірінің
пішіні, бірінің мазмұны жаңалығымен назар аударады. Ең бастысы түбі көрінбес
терең тіл, құшақ жетпес кесек мінез, ұлылыққа суарылған ұлттық қанық бояу,
сырбаз сарабдал стиль бар. Алайда ел-жұрт тағдырына қатысты кейбір жырларын
оқып отырып, ақынның тәуелсіздікке алаң бұлтты көңілінен саясаттың сараң
тамыршылары да Доғалаңның соқыр жаңбырындай мысқалдап тамып-тамып кеткенін
байқайсың. Түсіністікпен қарасақ, ол да болса тұрмыстың көлеңкесі. Дегенмен,
Ә.Кекілбайұлы өлеңде саясаткер емес, сезімтал, ойшыл ретінде көрінген.
            Жинақта жан сырын жайып, жүрек
түкпіріне жетелеп, баурап. Үйіріп әкететін әсерлі, көңілге көмбе, ойға қазық
болатын сүйекті жырлар аз емес. Оқыған сайын алдыңыздан тылсым поэзияның
ғарыштық әлемі ашыла түседі. Бұдан қырық жыл бұрын тұтанған жұлдыздың жарығы
жеті қат көкті көктей өтіп бізге жаңа жеткендей. Өзінің ақындық орбитасын
тапқан жыр кемесі ой мен сезім жүгін арқалап, ғалам кеңістігіне самғап шықты.                      
 
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
 халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты