ВЕРНУТЬСЯ

    Ел қондырмас төріне 
Еркелер бар емі жоқ.
Біраз тентек көріп ем,
Бұл тентектің теңі жоқ.
Көңіліне
талайдың
Қарсы шықпақ қай
күштің?!
Қабағына қарайды ел
Жалғызы деп байғұстың.
Кіргендейін жау бұзып,
Күйретеді "жат" үйді.
Жапырақтай жалғыз ұл
Жүз балаға татиды.
Жас батырдың
кекілді
Жиналмайды
қонысы.
Жүріп жатқан секілді
Сонда азамат соғысы.
Құрақ ұшар көкесі,
Құрақ ұшар анасы.
Ауырды ма?
 Екі есе
Кетеді өсіп
бағасы.
Желбіреп жыл
шашағы,
Жас үй солай көркейді.
Шашарын ол шашады,
Өртейтінін өртейді.
Туысқанның
жалғызы
Таяқ жесе дұрыс па?!
Кейде тіпті тұрғызып
Қояды оны бұрышқа.
Үйде жүздеп
саналар
Асықтар мен
топайлар.
Зар жылайды
Балалар
Бақшасында
Апайлар.
Ұлы
күні
ұлыстың
Істеместі
істейді.
Үйге келген туыстың
Иығынан түспейді.
Жараспайтын
кішіге
Жамандық деп ұқсаң ұқ.
Етігіңнің ішіне
Қояр кейде мық салып.
Тойлы ауылдың
дауларын
Осы бала
бастайды.
Бәтеңкеңнің бауларын
Тас қып байлап тастайды.
Кейде қайшы,
Тарақтың Театрын
бастайды.
Қалғып кеткен қонақтың
Мұртын қиып тастайды.
Кейде тонға оранып,
Құбыжық боп жетеді.
Келген адам
Оралып
Келместей боп
кетеді.
Хан ба, Би ме,
Төре ме?
Жатады ылғи ірі
боп.
Жүрсе, шіркін, көрер ем
Он баланың бірі боп!..