ВЕРНУТЬСЯ

Өтебай Канахинге

Елуінде жасатып баяндама,

Әр ауылдан іздеп бір аялдама,

Арып-ашып біреулер әрең жетсе,

Алпысқа Сіз келдіңіз аяңдап-ақ!

Бұйырмайды мұндай жас көп кісіге.

Бұйырады оттысы,

Тектісіне.

Алпысына жеткен жан аяңдап-ақ,

Желдіртіп-ақ жетеді жетпісіне!

Жарты ғасыр

Сіз үшін көпір анық,

Жарты кітап

Сөредён оқыр алып.

Алпыста да көз салып көріктіге,

Айналаға қарайсыз оқыранып!

Дәл отыз жыл

Сізді мен көріп келем,

Көріп келем,

Аға деп еріп келем.

Тағы да бір алпысты -

Тфә! Тфә! -

Ұрып ала бересіз бөрікпенен!

Алпыстағы...

Көргендер демес олай.

Бәске түсу

Сізбенен емес оңат

Шарап ішсе,

Жігітің жиырмадағы

Өзіңізге қалады ілесе алмай!

Не жоқ дейсіз өмірдің жүйесінде!

Көрдіңіз Сіз киесін,

Күйесін де.

Алпыс деген сөз емес,

Мәселе емес,

Мәселеңіз - алпыстың иесінде!

Сіз сөздің де, Істің де қожасысыз.

Құрдастардың ішіңде ең жасысыз..

Он бірдегі баланың әкесісіз,

Отыздағы жігіттің бажасысыз.

Солай шығар жүректің қалауы да,

Алдық Сізді құрметтің "қамауына".

Сіздің қалам

Алпыстың ақылы мен

Суарылған жиырманың алауына!

Жарты ғасыр Сіз үшін көпір анық,

Жыр кітабы

Сөреден оқыр алып.

Алпыста да көз салып көріктіге,

Айналаға қарайсыз оқыранып!

Бұйырмайды бұл жылың көп кісіге,

Бұйырады оттысы,

Тектісіне.

Алпысына жеткен жан аяңдап-ақ,

Желдіртіп-ақ жетеді жетпісіне!

Әлі талай көктем мен күз өтеді.

Жеміс толы күзімен мәз етеді.

Сіз секілді, шіркін-ай, қай жасқа да

Жігіт болып жеткенге не жетеді!