ВЕРНУТЬСЯ

Алпысыншы жылдар. Жазушылар Одағы. Үшінші қабат үстегі. Сол
жақ қанат. "Қазақ әдебиеті". Қоңыржай бөлме түптегі. Алпамса ақын. Талдырмаш
сыншы. Тамақ үсті. Түс кезі. Екеуара әңгіме. Сөйлеген бала. Тындаған жігіт.
Көлгірсіген ешкім жоқ.
Көңілдің көлін ит жаламаған. Мінездің де тік кезі.
Сондағы мынау айтылған гәп бүкпесіз:
Созылып кеткен соғыстың сорығып біткен көз жасы,
Сор мандай со жаз, со қысты ұмытпаспын өз басым.
Маңғыстау маңғаз маңдайын көк теңізге тірейтін,
Шап беріп ұстап шаужайын кек өгіздей ірейтін.
Үшкіл түбек үскідей ұшынтып кірер ұшында,
Үш аппақ қия - үш дүлей - ұмсына тоқтар тұсында:
Шыттай аппақ Шытша мен Өңез жұққан Өңеже
Едірейген есердей еңгезердей Ембіге
Шыбындаған жылқыдай шұрқырап барып бас ұрар
Өкпе тұста өлкейік созыла біткен Қапы бар.
Аждаһаның аузындай айқара ашып аранын,
Көк желкеңнен төнетін күдірейтіп қабағын.
Сол Қапының езуі - үріккен жылқы сияқты үйме-жүйме әулие.
Қай кезде қалай орнаған қай шайхы, қай әмбие -
Шаруам не - шалдықтым, шарапатынан дәм еттім,
Арып-ашып бардым да, аруағына тәу еттім.
Көне қорым... Күнгейде көне сайғақ күн жеген...
Жылт-жылт етіп тал шырақ маздап шықты түнменен.
Арқардың арса мүйізін айқара құшып алдыма ап,
Ақар-шақар тауларға қараумен болдым абдырап.
Ұшпа таудың басыпан, жоқ үрейлі үңгірден,
Айдын сордың қасынан, жоқ құмайттан - кім білген,
Шу-шу етіп бөрі ұлып, шәу-шәу етіп түлкі үріп,
Селт етпейтін секпіл тау сездіріп бақты мың құлық.
Ши бөрі шулап, айлы түн, аңылжыған кеңістік,
Қапталдан қалың бұтаны қаптатады "неміс" қып.
Шырқ айнала қоршап ап, "қолыңды көтер" дейтіндей,
Көтермесең қолыңды, көтеріп ұрып жейтіндей...
Зәрем қалмай барады зәнталақ мынау елестен,
Ай даланың аңынан адам жаман егескен
Бұндайды кім ойлаған, бұндайды бұрын кім білген,
Құлақ шулап барады абыр-жабыр, күңгірден,
Атып тұрып орынымнан, жөнелер ем алысып,
Белден тартқан мешелдік жібермейді жабысып.
Мешел аяқ... Құяң бел... Аш-жалаңаш мешеу күн.
Қарсы алам деп тап болды жұмыстан қайтқан шешемді.
Жалаң аяқ жүгіріп көбік қарда көктемде,
Тобанаяқ боп қалдым, қабынышы өкпем де.
Мешелаяқ мелшиген... Аш-жалаңаш мешеу күн
Шығартпай қойды шетіне шұбалған дерт-кеселдің.
Сол түнде де көзіммен көрер таңды атырдым,
Қалғып кетсем-қас біреу қара саннан ойыққа мұздай суға
батырды.
Шаққа жеттім шалғайда шаңға бөккен шатпама,
Шалқалай түсіп сұладым, жаныма дерт батса да.
Айқасышы кірпігім, ұйықтап кетсем "құр" етіп,
Үй сыртында кісі тұр... көкшіл шапан, ...сұр етік...
Бып-биязы күлгені... Оң жақ үзік түргені...
Шып-шырайлы жанары...
Шырадай маздақ нұрлы өңі...
Көзін маған тіктеді... Көңілін де бүкпеді...
Жыбырлатып саусағын: "Келіп кет, бері шық!", -
деді.
"Бері кел, - дейді, - балақай" "Шығып кет, -
деді,- сұраймын.
Қорықпа, - дейді, - қошақан! Мен келіп тұрған
құдаймын."
"Құдай-ай!", - дедім барлығып, қалыпты даусым
қарлығып,
Шырт ұйқыдан ояндым, уайым-қайғы қалды ұмыт.
Қарғып тұрдым орнымнан, атып шықтым есіктен:
"Кешіре гөр, тәңірім, шақырғанда кешіксем!"...
Айдалада қараша үй, маңайыңда жоқ ешкім,
Күлімдеген күн көзі дейтіндей: "Елес емеспін!"
Әлгі бір нұрлы биязы өң күн болып көкке шыққандай
Көтерілді көңілім - аянын хақтың ұққандай.
Содан, міне, келемін, қара жерді нық басып,
Белгілі әлі сол түстің өлмей естен шықпасы.
Айтқанымда бұл кепті марқұм Мұқағалиға,
Қоңыр даусы күмбірлеп, қайтарып еді кәлима.
"Байқа, - деген, - бауырым... Түскен ғой көктің
назары...
Сарқылмас, - деген, - сауығың... Баянды екен базарың...
" Көлдария көкем ғой... Тарылмайтын сағасы-ай!
Жоруың жақсы екен ғой... Аузыңа май, ағатай!
                                                                                              1999.