ВЕРНУТЬСЯ

        Әйеліңді, жылы үйді - таста бәрін!

Бұз бірауық тірліктің тас қамалын,

қамалдар мен шарттардан тұрады өмір -

ізде одан да қөңілдің басқа амалын,

шырқа сөйтіп өмірдің асқақ әнін!

Тереземнің алдына келме күнде,

көрінбеуге тырысып елге-күнге

(сүю деген - батырлық бұл заманда

қаратпайды сезімдер шенге мүлде),

уақытым жоқ сенімен сенделуге!

Қызғаныштан күйдір де жерле жаман,

бірақ жұрттан ұрланып келме маған!

Қызғануға қақы бар, сүюге де

сеніміне өзінің сенген адам,

сезіктенбей, сескенбей иен даладан.

Мен бәрібір шықпаймын, түнер, жарыл

(рас, сені тілеп тұр түгел жаным!),

өйткені мен адамның әлсіздігін,

сақаулығын, сақтығын - білем бәрін,

барлығына кереғар жігер, қаным!

Селдей сезім болмаса шоқ денеде -

толқын құшып ұмтылма от кемеге!

Қамалдарды бұзып кел - бірақ сонда

сөніп қалсам, өкінбе, өкпелеме -

еркіндік пен сезімге сот немене!

Ән сайысынан кейін айтқаны

Жұрттарға Майра жайы бұл күнде ермек,

сыртымнан сұқтанады үнсіз жерлеп:

өңім мен ажарыма айыптымын -

барады Керекуді күңкіл кернеп

Мен үшін талантым - тұл мәнсіз - көрік,

не сұмдық - тіл қата алмау - жансың ба өлік?

Бермеді жеңісімді жұрт алдында,

бас ұрман бәйгесіне - алсын бөліп!

От құйған жігіттерге жаны жалын,

өшпейді өртесе де бағым - үнім.

Шулайды алты алашқа арғымақ деп

шаңыма шақ келмейтін жабыларын!

Жайлы өмір сүрем десең жұмыр жерде,

бәйгеде басқалардан бұрын келме

қым-қуыт қырдың жолы, қыз басыңмен

қосылма қиқулаған дүбірлерге.

Болғанмен жырым - жақұт, үнім - асқақ,

алмастай өнерімнің өрі қашпақ -

шырқайтын сандуғаш-үн сайрай алмай,

жыр көшін бара жатса жабы бастап!..

Майраны кінәлаған билерге айтқаны

1

Тіршіліктен сыбаға, сыйымды алам -

ғашық болам, жек көрем, күйіп-жанам.

Менің толқын жанымды сезіп, ұғу

сендерге бұйырмаған.

Мен өмірге құштармын ғашық ұлдай,

ұқпассыңдар бәрібір тас ұғынбай...

Ән саламын, күлемін, сүйсем - сүйем

сендерше жасырынбай!

Сендер бұған, білемін, бармайсыңдар,

беті жылтыр, жаны пәк жандайсыңдар.

Былық мына сендердің өздеріңде -

ақталар ал қайсың бар?

Шариғат деп, шындық деп сарнайсыңдар,

шындықты айтса, жарыла жаздайсыңдар.

Тас тыққандай тамаққа заңдарыңнан

тек қана таңдай сыздар.

Уды да үнсіз шашыңдар сұр жыландай,

қылдан шылбыр шықпайды мың бұралмай.

Әлі жынданасыңдар әнімді үзіп,

тілімді сындыра алмай....

От сезімім көнбейді көндім деуге,

жалынына шыдамас солғын кеуде.

Тым болмаса бір рет мына сендер

шын сүйіп көрдіңдер ме?

2

Қайтемін, сүйіп қалдым. Ғашық жаным.

Мұңымды Қүдайдан да жасырмадым,

бәрі де бітті деп ем. Көрдім де ойЬі,

сезіндім жанымда әлі жасын барын.

Жалыққам тұнжыр, мөлдір тыныштықтан,

не тоңбай, не өртенбей бір ыстықтан.

Қандай күш, қандай бақыт арпалысып,

сезімнің селдерінен тыныс жұтқан!

Шарттар мен тыйымдар көп бұл далада,

байқасаң - даланың да құндағы ала.

Қырында қылаң берген қызғалдақты

құйын жел кетеді айдап қүм далаға.

Заманда еркіндіктің миын шағар

ойлыға, тік жүрсе де, қиын соғар.

Ешбір күш болған емес, болмақ емес

сезімге, сезінуге тыйым салар!

Жазала, жанарымды жасқа бұла!

Күнді де шығармаңдар аспаныма!

Қылмысым - жасырынбай жігіт сүйдім,

жанымнан таба алмайсың басқа күнә!