ВЕРНУТЬСЯ

           ( Мұхит Мераліұлының өмірі мен

өнері жайлы толғаныстар)

«Кім өтер, кімдер кетер, кімдер қалар.

Рухым өшкен менің қайта жанар.

Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау деп

Кейінгі ұрпақтарым есіне алар.»

(Мұхит)

             Даланың тарады үнің сан қырына,

Ұрпаққа мәңгілікке қалды мұра.

Жаттаған ән-жырыңды мынау халық

Таланттың мән бермейді тағдырына.

Дейді жұрт:

«Сері болған, сайрандаған,

Бұл манда ол бармаған той қалмаған.

Ән-көмей, жыршыл-жүрек болып туып,

Не көрдің мына өмірден, қайран бабам?

Не көрдің,

рақатқа бөлендің бе,

Үмітті арттың неге келер күнге?

Жанында жүрген достар ойламады-ау

Болар деп қасіреті өлеңнің де.

Ойсыздар жүрегінді жараласа,

Адамдар адамдарды алаласа,

Қаруың қолдағы бар әнің еді,

Кей пенде көңіліңе қарамаса.

 «Айдай»
- деп әнге салдың ала қырда,

Қарадың адамдардың жанарына

Жандардың мұң-қайғысын ұға білген

Өзіңдей қарыздармыз саналы ұлға.

Таң алыс сен күтетін аңсап алдан,

Жаныңа жебеу таптың таң самалдан.

Даланың дархандығы қанша болса

Көре алмас күншілдігі сонша болған.

Болғанмен би-төреге жақындығың,

Олардан алыстатты ақындығың.

Көрдің сен, сөзін ешкім ұқпайтынын

Ол кезде малы аз болса ақылдының.

Көрдің сен, заңды күштің түзеткенін,

Кедейдің табанынан сыз өткенін.

Арудың жоқшылықтан зарлағанын,

Атаның даңқыменен қыз өткенін.

Ән болып үрпағыма жетсем деп ең,

Әлі күн өлеңінде от сөнбеген.

Жалғадым арманыңа арманымды

Даланы жырға бөлеп өтсем деген.