ВЕРНУТЬСЯ

            Ақбоз үй Ақбақайдың жағасында,

Жастардың Мұхит отыр арасында.

Құрбыға қатар өскен ән арнайды

Ұқсатып ақсұңқардың баласына.

Көрші етіп ақсұңқардың балапанын,

Әнмен ол қарсылайды дала таңын,

Көршісін қалағанға бере алмайды

Осса да қайыс белбеу алақанын.

Сезгенмен жүрек ысып, мұздағанын,

Білмейді меншіктерін, қызғанарын.

Серті жоқ, тек әйтеуір намыс қысқан

Алдында мәрт болуға қыз баланың.

Осылай өткізгенде түніңді ойнап,

Ешкімге ішкі сыры білінбей қап,

Қазақтың қыздарының ұяңдығы

Тастаған Мұхиттың да тілін байлап,

«Жастарға болған қазақ салты қатал»

Деп кейде кінәлайды кей күнәһар.

Сезім мен әнге кедей болмаған ол,

Ойнаған ақсүйек пен алтыбақан.

Сұлуға жүрегі ынтық жас-кәрінің,

Ән салса ұмытылған бастағы мұң.

Қуанған сүйген жарды бір көргенге,

Жұбанған сылдырына шашбауының.

Кербездің елжіреткен пәк жүрегін,

Әндегі теңеу неткен сәтті керім.

Алыс бір армандайын айтады екен

Көрінген жең ұшынан ақ білегін.

Ішкен су сүйген қолдан бал татыған,

Нәр алған берсе жалғыз малтасынан.

Аяғын баса алмаған, естен танған

Ынтық жан жанап өтсе сәл қасынан.

Шын ғашық ес-түс қалмай құмарланған,

Мәңгіге серт беріскен, жыр арнаған.

«Қалқаның судан қайтқан ізін көрсе»,

Атына жігіт қайта міне алмаған.

Көңілі алай-дүлей, астан-кестең,

Кеудеде қаз қиқулап, аспан көшкен,

Мұит та солай сүйген дала қызын,

Мұит та сондай халді бастан кешкен.

Сауықтап жүрді үйіне кеш келіп те,

Уақыттың тез өтерін ескеріп пе.

Жар сүйді, әке атанды, кейін ол күн

Айналды ел айтатын естелікке.

Ол, сірә,жасамады қолдан бақыт,

Өлмейтін ән шығарып ойдан қатып.

Өмірде қарсы болды қыз сатқанға

Бағасын махаббаттың арзандатып.

Сезімді әнге қосып мұнданатын,

Толқитын, сәнденетін, ырғалатын.

Тек қана махаббаттың жолы мәңгі

Ұрпаққа мұра болып жыр қалатын.

Уақыт та Мұхит айтқан әндеріндей,

Зуылдап жатыр өтіп мән берілмей.

Ал жастық, адал сезім адамзаттың

Екі рет қайталанбас дәуреніндей.