ВЕРНУТЬСЯ

            Ол жақта қалай, апа, жылы ма екен,

Бар пеңде бір Алланың құлы ма екен?

Онда да бірі-пысық, бірі-момын,

Біреу-қу, біреу тіптен ұры ма екен?

Шәй ішкіш жолықтың ба құдағайға,

Мазасыз бригадир бір ағайға...

Жұмақтың есігінде сұм күзетші

Мөр басқан мінездеме сұрамай ма?

Ол жақта жасыл көктем, гүлдер көп пе?

Күнәсін кешіре алмай жүрген көп пе?

Тіріде пара бергіш жылмағайлар

Ол жаққа барып әлі үлгермеп пе?

Бізде, апа, жаққандар аз басына май.

Анасын бала кетті асырамай.

Жетпейді қарасуға зейнетақы

Сіздерде зәмзәм судың бәсі қалай?

Сеземін, алдың-пейіш, арқаң - тозақ;

Мінгізіп алды сені тарпаң боз ат.

Бірдеңе әкелер деп періштелер,

Жамбастап жатқан шығар жалқау қазақ.

Қабірін көмгенменен қалың қазып,

Жүр ме оңда топас озып, дарын азып.

Қазақтар өзін өзі өсектей ме

Үстінен бір-бірінің арыз жазып?

Сен жоқсың ішінде ондай отырыстың.

Ұқпайсың не екенін де қоқым істің.

Қайтейін құдайға да керек болдың

О, менің әріп білмес Оқымастым!