ВЕРНУТЬСЯ

Басым мынау, шашым қырау, көз бұлдыр,
Баяғының солғындау бір сүлдері.
Көмейімді көптен тұрған сөз құрғыр
Кәрі ағаштай қайта бөртіп бүрледі.
Бүр де бір күн бүршік болып ашылып,
Көбелектей үлпілдеген гүл шығар.
Баяғыда қалған жүрек жаншылып,
Қайта тулап, бұлқынар да жұлқынар.
Жұлқынғанмен не тындырар ол бейбақ,
Сау басына сұрап алар сақина.
Кәрі тұғыр мүрттай ұшса жол қинап,
Бекер дәме бейнетіңе тати ма?
Татымаса, татымасын - тартпаймын
Тап-тап берген тарпаң көңіл шылбырын,
Біліп кетсін тірлік жоғын әрқайын, 
Қиял иттің бұлдырын,
Дүниенің тұлдырын.
                                                                   1993.