ВЕРНУТЬСЯ

        Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,

Теңселтіп темір топан дүние жүзін.

Бетіне туған жердің өшпестей ғып,

Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.

Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,

Атағы атын алып келді бұрын.

Үстінде туған елдің тұрды толқып

«Бауыржан Момышұлы»
деген бір үн.

Ақынның ақ сұңқардай
жүрегі бар,

Алқындым бір көруге болып құмар.

Көктемде күркіреген күн дауысын

Жер естіп, желкілдеген гүл ынтазар.

Қан майдан қаталатып,
шөлдегенде,

Кез болдым жалтылдаған екі көлге.

Көл емес, көздері ғой Бауыржанның,

Елестеп мың көрінер бір көргенге.

Бойы бар бізден
гөрі биігірек,

Тіп-тік боп
абыройын тұрған тіреп.

Toп жара көрінсін
деп екі иығы,

Туған ел жаратыпты оны ірірек.

Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,

Теңіздей тебіренткен терең жанын.

Алғандай бойға жиып бар қуатын

Кешегі өзі кешкен уақиғаның.

Кейде ол көк семсерлі генералдай,

Кейде ол күй көңілді ақын жандай.

Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне

Өресі өрен ойдың тартылғандай.

Жан ұқпас
жұмбақ емес бір жасырын,

Айтады ол тіке қарап жұртқа сырын.

Жаратпас жамау-жасқау жұрт ескісін,

Соғады өз дүкені сөз асылын.

Ойы бар қиялының қанатында,

Адаспас апарып бір салсаң тыңға...

Бір дәурен ойнап-күліп отырғаны,

Жалтылдап екі көзі қарсы алдыңда.

«Батырым - Бауыржаным» дейді халқым,

Алып ұш,
ақын жүрек, ердің даңқын.

Келешек келе жатыр көремін деп

Тік басып туған жерде жүрген қалпын.

Ағамыз атағына асқар тау тең,

Жау келсе, жаубүйректей етер жәукем.

Емендей ерегісер сұрапылмен,

Басымен бұлтты жайпап біздің Баукең!

1948.