ВЕРНУТЬСЯ

       Баурында Оқжетпестің тұрдым жалғыз,

Көл жатты күле толқып, айтып аңыз.

Үстінде Бурабайдың жарқ-жұрқ етіп,

Қайықпен келе жатты акқудай қыз.

Шақырдым, -
қарындасым, кел бері, - деп,

Қайығын тосты маған қыз күлімдеп.

Кермеге ол отырып, мен ескекке,

Толқыта кеттік тартып, жел соқты үдеп.

Жел соқты бізді
әдейі сынағандай,

Жығылды жапырыла толқын жардай.

Біресе жайындай боп жөн көрсетіп,

Біресе бүктетіліп айдаһардай.

Көкала арландай боп абалайды,

Алды орап, соңнан қуып, жағалайды.

Біресе ауға түскен шортандай боп,

Құйрықпен
қайығымды сабалайды.

Сескеніп сыр берместен келем есіп,

Тәкаппар тентек толқын кетті егесіп.

Лап беріп ұмтылады
қайығыма,

Шегініп тұрады
да аз кеңесіп.

Ентелеп келеді де кер кетеді,

Біресе ойнаған боп тербетеді.

«Бойында өр қайраты бар ма екен» деп,

Сынамақ болад білем мені, тегі.

Толқыннан мен бе болар қорқынышты,

Толқыны өз жанымның одан күшті.

Толқытып тарта бердім әнге басып,

Бір мезет қыз көзіне көзім түсті.

Көзінен нәзік сұлу
көрдім жанын,

Оның да көлдей көңлі толқығанын.

Қауіпті қара құйын
желі соғып,

Қашырып бара жатыр беттің қанын.

Үрпиген балапандай қыз үрейлі,

Дөңгелек көзі көлдей мөлтілдейді.

Үстінде толқын жапқан кеудесінің

Қара шаш қара бұлттай желпілдейді.

-Ағажан, бұзылды
ғой күн райы,

Ежелден белгілі ғой толқын жайы.

Қайталық, тіл алыңыз, әне алда

Толқынның ойнақтап жүр асау тайы.

Қайтпайтын әдетім
бар алған беттен,

Қыз сөзін құп
көрмедім сол себептен.

-Сескенбе,
қарындасым, ән шырқай бер,

Бұдан да зор
толқынды жарып өткем.

Даурығып әлденеге
толқын шулап,

Көкала айғырлардай жатыр тулап.

Таң қалып бұл
қызыққа қарағандай

Төбеде тұрды
бұлттар будақ-будақ.

Бүйірін ескегіммен ірей тартып,

Толқынды алсам керек ашулантып.

Қасқырдай қамады кеп жан-жағымнан,

Жіберді қайығымды қалтылдатып.

Қорқаудай көк жал
толқын жетті екпіндеп,

Белінен қайығымның секірді кеп.

Құп-қу боп
қыз үрейі кетті қашып,

Көзінен шыға келді жас мөлтілдеп.

Сонда да сыр берместен тарта бердім,

Толқынның ойнағына мен де үйрендім.

Көлденең келгенінің белін шаншып,

Ескекпен, ентелесе, басқа пердім.

Айбары арыстандай бір долы бұлт

Ойнақтап көк төсіне шықты жалт-жұлт.

Гүрілдеп тұрды
дағы шарт етті ол,

Жаңғыртты, болғандай-ақ аспан быт-шыт.

Су ішпек болғандай-ақ Бурабайдан,

Бұлт төніп
созды мойын анадайдан.

Ту асау толқындарға мініп алып,

Ән шырқап Бурабайда салдық сайран.

1939.