ВЕРНУТЬСЯ

    I

    Казармада лық тыныштық,

Жатыр ұйықтап
солдат достар.

Жоғарғы нар қандай ыстық,

Жан екем бір монша құмар.

Әм дөңбекшіп, әм күркілдеп,

Арпалысып ұйқылы-ояу...

Тамып-тамып, тамылжып кеп,

Естілед бір күй қоңырау.

Естілед бір күй
қоңырау,

Әлдилейді жүрегімді...

Мезгіл еді таңға таяу,

Неткен күй бұл,
кім не білді?

Неткен күй бұл
жанға тәтті,

Неткен күй бұл
тым мезгілсіз?

Кім жіберді бұл
ләззәтті?

Жаным, жаным, рахатқа жүз!

 

     II

     Қайда, қайда кеттің, күйім,

Таусылдың ба, сарқылдың ба?

Енді қанша дөңбекшиін...

Тыныштал, жаным, тыңда, тында!

Болды маған естілгендей

Ұлы Москва
дем алысы!

Кетші әрі, ұйқы,
түнше төнбей!

Япыр-ай, бұл
диктор даусы -

Күйі ғой бір қуаныштың!

Саңқ-саңқ етіп сонау көктен,

Қиқуындай қыран құстың

Ғажап дауыс шығады өктем.

Жалғыз кезген жер-жаһанды

Күй қанатты бір жолаушы,

Тірілткендей өлі жанды,

Саңқылдайды жеңіс даусы!

Жеңіс даусы - құдіретті үн

Құйылды
кеп кеудемізге.

Қалдық ұйып,
дүние шіркін,

Өліміз бе, тіріміз бе?!

 

     III

     Тік көтеріп шаттық дауыл,

Өрт боп қаулап шықтық сыртқа.

(Өскен қала, туған ауыл

He күйде екен осы уақта?)

Көк төсінде жүзді оттар

Қуаныштай жарқылдаған.

Кетті атылып ақтық оқтар

Винтовкадан, нагандардан.

Келеді атып ғажайып таң,

Асыққандай игілікке.

Көрдім сені, байтақ Отан,

Шығып сол кез бір биікке.

Көрдім сені, жайдым құшақ,

Тоқтата алмай көз жасымды.

Құштым, сүйдім
ғашыққа ұқсап

Майдандас бір жолдасымды.

 

      IV

      Жеңіс даусы - құдіретті
үн

Саңқылдайды, тебірентеді.

Шіркін адам, ұқтым
бүгін,

Жаны қандай нәзік еді!

Көңлі қандай шалқар еді,

Нендей ыстық махаббаты!

Құшақтасып
ұшар еді,

Әттең ғана жоқ қанаты.

1945.