ВЕРНУТЬСЯ

       Достарым, бір ағам бар Тайжан атты,

Жасында ол көп көрген михнатты.

Өмірде зарлы күйді ойлай-ойлай,

Арылмас көкірегіне шер боп қатты.

Бір еді тағдырымыз екеуіміздің,

Қаңғырған қаңбағындай құба түздің.

Жалбырап жұртқа
шыққан жауқазын ек,

Көзіне ерте ұрынған
долы күздің.

Ол - он бір, мен алтыда қалдық жетім,

Айта алмай әке кетті өсиетін.

Дариға-ай, ең соңғы рет не ойлады екен,

Біздер жоқ қабіріне бас иетін.

Пәле қу із аңдыған қызыл тұмсық,

Басында жетімдердің барлық қырсық.

Жаулығын теріс байлай ана кетті,

Сыртта жел, үйде біздер қалдық сыңсып.

Қасқырдай үйге түскен аштық жетті,

Арадан қарындасты алып кетті.

Бездіріп құсты
ұядан, жасты үйінен,

Елсізде ебелектей тентіретті.

Үшшошақ, Қызылкөшен, Қаракемер,

Тас болып көкірегіме байланған шер:

Баяғы Қасым, Тайжан хикаясын

Заманға өткен-кеткен айтып берер.

Аққан су Ақтайлақтан ақтарыла,

Жағада екі жетім жатпады ма?

Қосылып біздің жарлы үнімізге,

Сырлы өзен сырнайлы күй тартпады ма?

Қарадоқ, Күйгенбекет, Талдың бойы,

Кең жайлау ата-баба өткен тойы.

Тудай боп желбіреген аспанында

Аманжол ұрпағының
абыройы.

Орманы, сол аймақтын бетегесі,

Аң мен құс
- көл еркесі, жер төресі,

Айта алмай ойдағысын, арманда боп,

Тыңдаған зарымызды ерте-кеші.

Қара түн, қасқырлы сай, қалың орман,

Ығында жын түнеген ескі қорған.

Құлазып
жаңғырыққан ескі қыстау

Қарлығаш ұя
салып, байғыз қонған.

Жолаушы дұға
оқып жаяулайтын,

Қалжырап келе жатқан ұзақ жолдан.

Дозақтай түсі суық бейіттер де

Біздерге әке үйіндей мекен болған.

Бейуақта не бейіттен, не қорғаннан

Біздерді көрген адам естен танған.

«Ойпырмай, Тайжанбысың, сайтанбысың?»

Деген сөз ел аузында содан қалған.

Қор болмай есер тағдыр қылжағына,

Үңіле білдік біздер ел жанына.

Ойыншық, қуыршақ боп көргеміз жоқ

Әркімнің шолжыңы мен ыржаңына.

Шерлімін шежіре күйін бірге шерткен,

Тоғайдың паналаған ық жағына.

Біз көрдік жер ошақтан ішпей қуған

Қораздай қоқиланған мырзаны да.

Жетімнің бесігі ғой сұм тағдыры,

Атандық, күріш жесек те, баукеспе ұры.

Таңбасы жетімдіктің қалды баста,

Көп тиді әйелдердің шымшуыры.

Сорлы бас шомылғанда қызыл қанға,

Шырқырап жалынған зар шықса аспанға,

Кінәлі жер бетіне жай түсіріп,

Ұқсайды
ажал оғы атылғанға.

Көздеген көк
қаруы садаққа ұқсап,

Тұратын
жерге төніп кемпірқосақ.

Сол кезде жетімдерді кен табиғат

Алатын өз қойнына жайып құшақ.

Күйікті кеудеден
бір жалын шығып,

От болып елестейтін «шомақ», «шұрық».

Бірінде - әкем, бірінде - қарындасым,

Мәйіті жерге сіңіп, қалған шіріп.

Жаныңды арбағандай ұжмақ лебі,

Елжіреп жететінбіз жан ұшырып.

Келгенде қажып жетіп, жаның кейіп,

Сопыдай сұп-сұр болып бедірейіп,

Күзетіп екі дүние босағасын,

Мүлгіген мылқау, меңіреу тұрар бейіт.

Ей, достар, жаныма бір көмек етші,

Көз жұмып,
ойдың сырбаз күйін шертші.

Сұр бейіт,
екі жетім көлеңкесін

Түсіріп, аз бір сәтке елестетші.

Кіруге жат мекеннің білмей сырын,

Жұмақтан
іздегендей жанашырын.

Бейіттің босағадан түрін бағып,

Қарашы екеуінің тұрған түрін.

Жауыны қара түннің жас емес пе,

Көрдің бе жасты көздің отты нұрын?

Әлдене елестеген жетімдерге,

Секілді көктен бейіш түскен жерге.

Екі сөз - өмір, өлім болған жерде

Нұр жайнап
орналасқан әке төрде.

Кәдімгі бөтен үйде отырғандай

Сағынып сырласына келген бейне.

Келгенін балаларының байқай алмай,

Отыр ол есік жаққа көзін салмай.

Дәл қазір «кір» дейтіндей, «кел» дейтіндей,

Қарайды екі жетім дәті қалмай.

Алдында кезек сүйіп екі ұлын,

Дейтіндей «жаным, нұрым, оу, құлыным».

Екеуі шаққалы
отыр барлық мұңын,

Кім зекіп, кімдер ұрсып, ұрғандығын.

Әлі отыр отты көзден жалын шарпып,

Қос сәуле адам бейне толқыр балқып.

Көрінбес періштенің нәзік қолы

Жібермей, жүрегінен ұстай тартып.

Сұм өмір
қасқыр болып іргедегі,

Жаныңды ұлы
дүние тартар лебі.

Басқаның боз үйінен көрің де артық -

Бұларға
өліктердің сұр мекені.

Иен жатқан
еркіндіктің бір сарайы

Дайын тұр шықсаң
- есік, кірсең - төрі.

«Кет, кет» деп кекірік атар денесі жоқ,

Дариға, мұнда
екен ғой дүние кеңі!

Бесігі тыныштықтың жайлап тербей

Балқытып рахат нұры
бар денені,

Ұйықтап
бір кетуші еді екі жетім,

Желпуші ед қанатымен Арқа желі...

...Ертістей ағып жүйкіп жатты жылдар,

Ап кетті мені ойнатып тас толқындар.

Сол еркін Ертісімнің жағасында

Қалды ағам от түтетіп, құшты да жар.

Ертістің ерке тентек ұлы болып,

Ер жеттім көкірегімде дауыл соғып.

Асыр caп
байтақ Отан аспанында,

Жаһанды отты көзбен қайттым шолып.

Зарлы күн еске түсіп сонау өткен,

Жалын боп жыр шығады көкіректен.

Осы еді екеуіміздің егініміз

Суарып қанды жаспен кеудеге еккен.

Дариға, жинатпастан түсер ме қыс,

Кетер ме егінімді таптап соғыс?

Майданның туындай боп шығалық бір,

Жалт беріп кетпесе алдап жаратылыс.

 

Көшірген Ахметжан Рахымжанов

1 наурыз, 1961 жыл.