ВЕРНУТЬСЯ

      Әбекең - Орысша балтаны не дейді, Қалеке? Қалекең - Немене,
мен соны да білмейді деп ойлайсың ба? Тапор дейді!
         Әбекең - Оттапсың,
Қалеке! Орысша балтаны мәлятөк дейді...
(СССР Халық артисі Қалибек Қуанышбаев пен Қазақстан халық
артисі Әбікен Хасенов достардың қалжыңдарынан)
 
Қатынасушылар:
Мұхтар.
Ғабиден.
Мұқан.
Екі бригадир.
Үш шофер.
Мен.
       Тобымызды тұтас
алғанда біз көп әкетіп, аз әкелетін адамдар қатарына қосыламыз. Әкету - үйден,
әкелу - түзден. Бұл тұтас алынғандағы жайымыз. Жекелеп алғанда бірлі-жарымды
көп әкетсе де, көп әкелетіндеріміз де бар. Бірақ аз әкетіп, көп әкелетініміз
жоқ.
         Аңшылар
әлденеше класқа бөлінеді:
-        Атты - тиді,
бұл - бірінші класс.
-        Атты - бірде
тиді, бірде тимеді, бұл - екінші класс.
         Түсінде атты
- тиді, өңінде атты - тимеді, бұл - үшінші класс.
          Атты - арақ
бөтелкесіне тиді, тағы да атты - коньяк бөтелкесіне тиді, бұл - төртінші класс.
          Бұл
кластардың өздері де әлденеше сапқа белінеді. Біздің топ сол екінші кластың
үшінші-төртінші саптарының біріндеміз. Қара құйрыкты машинамен қуып бергенде,
не болмаса отыз-қырық метр жерде марқа қозыдай болып отырған дуадақ кездесіп
қалса, біз де бірінші класқа кіре аламыз. Солай бола тұрса да біздің ішімізде
Тургенев те, Новиков-Прибой да, Пришвин да, индеец жазушы Сұр-Жапалақ та жоқ.
Біз аңшылығы ит жүгіртіп, құс салуда болған елдің баласымыз. Әзірше біздің көпшілігіміздің
жанымыз аңшы, өзіміз нағыз аңшы емеспіз. Біздің жан-тәніміз дала баласы
екенімізді ұмыттырмайды. Біздің аңшылығымыздың әзі у-шуы, иіс-қоқысы жоқ таза
даланы сағынумен байланысты екені даусыз. Мысалы, мен өзім жетпіс жасқа
толғанша бір рет курортқа барған емеспін. Демалыстарымды ылғи далада, өзен-көл
жағасында өткізуші едім.
         Міне, үш
машина "Ақ Сеңгір" өзеніне келіп тірелдік те тоқтадық. Бастап әкелген
Мұхтар машинадан түсе беріп-ақ риза көңілмен:
- Ойбой-ой! - деді, жіп-жіңішке өзеншенің жағасына шыққан
селдір құрақшаны көзімен нұсқап. Үлкен бір өзеннің қағаз бетіне көшірілген
бейнесін көргендей қуанып кеткені байқалады. Өзен деп тұрғанымыз бес жасар бала
секіріп өткендей тым жіңішке екен.
-        "Ақ
Сеңгірің" осы ма? - деп қалдым мен.
          Менің
сұрауымда бір астар барын сезініп Мұқан марқұм - "қииқ" деп қалды. Ол
солай күлуші еді.
-        Осы! - деді
Мұхтар, - дуадаққа Еділ - Жайық керек емес. Осындай құйрығын суға малмай отырып
сусындап кететін таяз су керек.
         Ғабиден мені
отқа қарай итеріп:
-        Немене,
менсінбей тұрмысың? - деді маған.
          Мен отқа
қарай оның өзін итеріп:
-        Сенің жолшыбай
айтып келгенің есіме түсіп тұр, - дедім. Осыдан әрі барыса алмай тоқтасып
қалдық.
          Мезгіл
тамыздың орта кезі болса да, күн әлі ыстық. Машинаның іші әрі шаңға толып, әрі
қайнап кетіп, зықымызды шығарып келген. Біз де Мұхтар бет алған өзенге қарай
беттедік.
         Күн батар
алдында дала ерекше бір балғын қалыпқа көшеді. Күннің көзі бар ыстығын жерге төгіп
болып, енді сонау алысынан ризамысың дегендей, мейірім көзімен қарап баяулап
барып батады. Мына ыстық кезде шаңытып, қуаң тартып жатқан өлі даланың бетіне
қан жүгіргендей, ыстық кезде бүрісіп-бүксиген көгалдар түгел жазылып даланың
жаны кіре бастайды. Осындай жерде болмаған жан иесі дүние жүзінде болмауға тиіс
сияқты көрініп кетеді.
         Өзенді
жағалай жүріп, аңшылық жайына көштік.
-     Мұқан, сен
қашаннан бері аңға шығып жүрсің? - деп сұрады Мұхтар.
         Мұқан ішіміздегі ең жасымыз. Кергіме-кеудем
соқтығы жоқ, биязы жігіт. Даусыз талантты композитор. Мұхтармен анда кездесіп
тұрғаны бірінші рет болуы керек. Мұхтар соны еркінірек болуға тарту үшін сұрап
тұр.
-        Бірінші қырғауылды
отыз төртінші жылы әкелгенім есімде, - деді Мұқан.
-        О-о, кәрі аңшы
болдың ғой!
-        алекең екеуміз
Жұмат ағай мен Елекеңе еріп шыққамыз...
-        Иә, Жұмат
Шанин. Елубайлзр біздің қауымнан бірінші болып шыққан жақсы аңшылар... Мылтығың
қандай?
-        Мұқа, менде
осы күнге дейін мылтық болып көрген емес...
-        Пәлі,
қырғзуылды құр ұстап алдың ба?
-        Қызығы бар.
Мұқа, қииқ... Осы күнгі Мәдениет паркінде ауыл шаруашылық техникумының екі
қабат ағаш үйі болатын.
-        Ие, ол үй әлі
тұр.
-        Сол үйдің
тоқыма шарбағына арқамызды сүйеп, көлеңкеде сыраны тартып қойып, Қалекеңнің
әңгімесін тындап отырғамыз.
          Күн осы
мезгілден аз-ақ ертерек еді. Ар жағымызда жатқан сайдан, қонақтап қайтқандай
шұбалып қара ала, қызыл ала қырғауылдар шыға келді. Екі қос ауыз сүйеулі тұрған...
тарсыл-гүрсіл болды да қалды... Маған да екі қырғауыл тиді...
-        Апыр-ау, сол
кезде қырғауыл қорамызға кіріп жүреді екен-ау!..
-        Ие, солай еді
ғой.
-     Тап сол сендер
сыра ішіп отырған қара ағаштың түбінен мен де бір-екі қырғауыл атып алғаным
бар, - дедім мен. Аңшылықтың бір ақ сайтаны болады, түртіп қалды - болды, аңшы
сықпырта жөнеледі. Мені де сол сайтан түртіп қалды білем, шыдай алмай кеттім.
Әйтпесе тап сол жерде тап сол әңгімеге қыстырыла кететін жөнім жоқ-ақ еді... -
Екеуі де шекесінен қарайтын бесті айғырдай, ақ мойнақ қара көк күреңнің өзі
екен! - деп әрең тоқтадым.
       Қашанда андысып
жүретін әдетіміз бойынша Ғабиден мені бас салды:
-        Үшеу емес пе
еді? - деді сақтандыратын жылымды даусымен.
-        Жоқ, екеу!
-        Ана бір жолы
үшеу деген едің...
-        Деген емеспін!
          Аңшылық қалжыңы
аралас азды-көпті асыра сөйлегенді Мұхтар жек көрмейтін. Қайта өз қолынан
келмей қойған бір қасиеттей, қызыға қарайтын еді. Тек аяқ-қолы ербелеңдеп, не шындыққа,
не қалжыңға үйлеспей тұрмаса болғаны.
-        Сен ғой, өмірінде
бір қырғауыл атып алған адам емессің?! - деді Мұхтар Ғабиденге.
-        Өзі айтқанда
бұл кісінің де бір оғы дарымай кеткен емес, - деп Мұқан қалжыңға араласты.
-        Біз қаз бен
дуадақтан кіші хайуанды атпаймыз! - деді Ғабиден паңданған дауыспен.
-     Тигізе алмайды!
- деп мен де оны бір түйіп қалдым. Ғабиден онымызға былқ еткен жоқ.
          Күн де
батты, жып-жылы түн де орнай қалды. Құлағыңа қадалар бір дыбыс жоқ, мұрның
безінер бір иіс жоқ. Шоферлар от жағып, шай қайнатып жүр. Далада жағылатын отты,
түтінді сағынып қалыппыз. Сексеуілдің түтіні түгіл, тезектің түтіні болса да
будақ-будағымен жұтқандаймыз.
         Өзімізге
өзіміз "тоқым қағар" жасап қыза берген кезде даланы қатты
дүрсілдетіп, екі салт атты адам айғайлап келіп, кимелей тоқтады.
-        Кім сендерге
совхоздың жеріне келіп, от жағуға лұқсат еткен?! - Біреуі осы сөздерді орысша
айтып еді, екіншісі қазақша қайталады.
-        Сендер
неменеге көки келіп тұрсындар? Адамша сөйлесуге болмай ма?
Өзгеміз осылай тіктеу келе жаздап едік. Мұхтар тез бұрып
әкетті.
-        Әуелі
танысайық... дастарқанға келіндер, - деді.
         Келгендердің
дәмеленгендері де сол дастарқан болу керек, екінші рет шақыруды күткен жоқ,
аттарынан түсе бастады. Аттарын әрірек апарып матастыра салып, тез оралды.
Біреуі шөпшілер бригадирі, біреуі қойшылар бригадирі, келін түсірген тойдан
келе жатқандар болып шықты.
        Дастарқан үстінде
Мұхтар бізді таныстыруға кірісті:
-        Мынау
отырғандардың екеуі бірінен бірі асқан үлкен жазушылар... Бергі отырған
Мүсірепов Ғабит.
-        А, Әбекең бе!
Білеміз, білеміз...
-        Одан арғы
Мұстафин Ғабиден.
-        А, Мұстафа!..
Білеміз, білеміз.
-        Қастарында
отырған музыка дүниесінде жаңа көтеріліп келе жатқан жарық жұлдыз Төлебаев
Мұқан!
-        А, Мүқанов
білеміз, білеміз!
         Келген
жігіттер - бірі орыс, бірі қазақ, мәдениет майданына жанаспаған адамдар екені
байқалады. Біз оларға өкпелеген жоқпыз.
-        Мен
"Абай" романын жазған Мұхтар Әуезов боламын...
-        А, Абай! Абай!
Білеміз, білеміз!...
         Қазақ
жігітінің бір көзі соқыр. Өз қауымының ортасында кеуделі адам екені байқалады:
-        Өзіміз де
тойдан келе жатыр едік. Ішетін-жейтін жеріміз жоқ. Сонда да мынаны сіздің
денсаулығыңызға алып қоймасак болмас! - деді Мұхтарға қарап.
-        Жә, алып
қояйық!
-      "
Абай" романын оқыған екенсіндер ғой?
-        Мен өзім бас
алмай оқып шықтым... Аудан орталығында жеңіс тойы болып, содан алып келіп едім,
таң атқанша оқып әрең бітірдім. Менің бригадамда" Абайды" оқымаған не
бір еркек, не бір әйел, не бір бала қалған жоқ. Кыстыгүні
"Қан-Шеңгел" жаққа бір келсеңіз көресіз.
-        Мен де
естеріңнен шығып кетпейін, қииқ...
-        Жоқ, түгел
барамыз.
-        Тағы басқа
дос-жарандарыңыз болса, бәрін де ала келіңіздер... Кәне, сіздердің келулеріңіз
үшін!
          Бұдан кейін
қойшылар бастығы барлық ала мойнақ, ақ мойнақ, сары ала мойнақ бөтелкелерді өз
алдына қарай иіріп алып:
-        Бүгін мен
сіздерге бір қызмет етіп жіберейін! - деді.
         Қызметкерге
жарыдық та қалдық. Ол өзі бір нағыз сырттан, нағыз дархан жігіт екен. Екі-үш рет
әр түрлі себеп тауып бақал көтертеді де, бөтелкені ту сыртына қарай лақтырып
жібереді. Бір көзі соқыр болса да, қолы мерген болу керек, бөтелке арт жағымызда
сылдырап ағып жатқан өзенге барып шолп ете түседі.
-        Апыр-ау, нағыз
мерген екенсің ғой! - деп Мұхтар таңданып қалады.
-        Аздаған
ондайым да жоқ емес.
-        Бұл маңайда
дуадақ бар шығар?
-        Қойдай өріп
жүреді!
-        Біздің іздеп
келгеніміз сол дуадақ...
-        Қырып
аласыздар.
-        Қайсы күні
қаяққа жүретіндерін кім білсін. Бірақ қаяққа қарай жүрсеңдер де бәрібір қырып
аласындар. Тіпті осы жерден қозғалмасаңдар да болады. Түс кезінде су ішуге
келеді...
-        Мен білмесем
бастап әкелем бе?-деп Мұхтар бір мақтанып қалды.
         Көңіл біржола
тынды, бейіл біржола кеңіді. Өзіміз төрт аңшы, үш шофер - жетеу едік. Келген
екі жігіт ішіп-жеу жағына келгенде біздің жетеуімізге тұрады екен. Қолдарын қақпадық.
          Түн ортасына
жақын калжырай бастаған кезімізде тәңірі жарылқағыр Мұхтар әңгіменің бетін
өзіне бір бұрып алды да, одан кейін ешкімге сөз берген жоқ. Әуелі дастарқандағы
тамақтар мен басқаларын мол-мол жіберген әйелдерімізді мақтай келіп, сөз аяғын
Абайға бұрып әкетті:
Абайдың:
Сорлы Көкбай қор болды-ау,
Осыншадан құр қалып, - дегені бар. Көкбайды білетін
шығарсындар? - деді жігітгерге бұрыла қарап. Олар тағы да "білеміз,
білеміз" десті.
-        Білсеңіздер,
ол Абайдың ең жақын досы болған. Өзі де ақын адам. Абай әуелі өз шығармаларын
Көкбайдың атынан бастырған...
         Ғабиден маған
қарап көзін қысты. Басымен сырт жағымызды нұсқап қалды. Мен де соны істедім.
Бұл біздің "әңгіме таң атқанша созылады, ептеп жылысып кетуге де болады"
дескеніміз еді.
        Жылысып
кетудің ретін таба алмай, тағы да біраз отырып  қалдық. Мұхтар орағытып әкеліп Абай мен
Тоғжанды жағыстырып болған соң, аз кідірген кезде Ғабиден менен:
-        Сенің картешің
көп пе? - деп сұрады. Тапқан айласы түсінікті еді.
-        Жоқ, бесеу ме
екен, алтау ма екен... Мен далада жасап алармын деп оқ-дәрімді ала шықтым, - дедім.
-        Оны қашан
жасайсың?
-        Таңертең
болмаса, біле алмай отырмын, - дедім. Мұхтардың жалпы сақ отыратынын білемін,
әдейі қаттырақ айттым.
-        Жоқ, жоқ, - деді
Мұхтар. - Машинаның жарығымен қазір жасап алындар... Дуадақ күн шықпай, таң
құланиектене бергенде-ақ ере бастайды!
         Құдай берді,
біз бір машинаны алып ұзап барып тоқтадық. Төменгі әлсіз жарығын жылтыраттық та
құладық..
-        Қииқ... -
Мұқан да келіп сұлай кетті...
         Мұхтар бізді
өзі айтқан таң құланиектене бергенде оятты.
-        Какой шорт
сендер ахотниксіндер! Мен, әне, шай қайнатып қойдым.
-        Дұрыс...
Ақсақал кісі ерте тұру керек...
-        Мен, тіпті,
жатпаған болсам қайтесіндер...
-    "Мал ішінен
айналып, Көңілі жақсы жайланып, Аяңшылы жылпылдап..."
келе жататын бір ақсақал бар еді ғой, соған ұқсатсақ не
айтасың?
-        Мұқан, сен
байқаймысың мына екі қу мені Абаймен жеңгілері келеді.
-        Абайға
жүгінбеске шара жоқ шығар, - деді Мұқан.
-        Үшеулеуге
келісіп алған екенсіндер ғой. Онда жеңілдім. Жүріндер, шай ішіп алайық.
         Мұхтар шын-ақ
ұйқтамаған сияқты. Түсі ашанданып, ақсұрланып, ажарланып кетіпті. Біз бетіміз
ісіңкіреп боржиысып тұрғамыз. Басымызды суға бір-бір тығып алған соң ғана
ажарымыз түзеле бастады.
          Әңгімесінің
жалғасын Мұхтар шай үстінде айтты:
-        Бір тамшы
ішімдік, бір жапырақ ет қалған жоқ. Екі бөтелке шампан, бір сыңар қазы қалып
бара жатыр екен, "сіздің келіндеріңізге беріп жіберген сарқытыңыз
болсын" деп оны да алып кетті, - деді. - Бірақ ішкен-жегендерін ақтайтын
жігіттер екен. Қазір осы араға екі аңшы жігіт келіп, бізді тура дуадақтың
ортасына алып барады.
-        Е, онда
ішкен-жегендері ас болсын!
-        Ол аз
болса,"Ақ Сеңгір" өзені осы жерден бес шақырым ұзаған соң
қамысты-құрақты көлге құяды екен. Соған он шақты балықшы жіберіп бір тонна
балық ұстап береміз деп кетті.
-        Пәле-е-е!
-        Тегі, сол
жерде бізді қонақ етіп аттандыратын болды ғой? -деді Ғабиден.
-        Ол да болмай
қалмас.
-        Мен мына
соқырмен "Абайды" жазудан бұрын танысқан болсам, Құнанбайдың бейнесі
қазіргімнен анағұрлым толығып шығады екен. Нағыз Құнанбай осы ғой!
-        Ие, келісімді
жаралған жігіт.
-        Бас қандай,
кеуде қандай! Кейде бір шалқалай беріп қарағанда жалғыз көзі шын-ақ "Оқжетпестің"
иығына қонып отырған мұзбалақ қырандай көрініп кетеді.
-        Аты кім екен
өзінің?
-        Сейфілмәлік
пе, Шейхелмәлік пе, сондай біреу. Оның атын қасындағы орыс жігіт айтып еді,
шаларақ айтты.
           Біз шай
ішіп болғанша күн шықты. Шыққан күн тұрар ма тұрақтап, найза бойы көтеріледі.
Бұл дуадақтардың тойынып болып, енді қай қалыңды тасаланамыз деп ойланар кезі. Келеді
деген аңшылар әлі жоқ. Бұл біздің де ойланар кезіміз болғанын аңдатады. Біз
Мұхтарға қараймыз. Мұхтардың өзі де тынышсыздана бастады. Ұзамай күннің көзі
жабықтан түсер кезі болып қалды. Ол кезде тәжірибелі аңшы аттың басын ауылға
қарай бұра береді.
-        Қой, енді
отырмайық.
-        Бізге басшы
болар аңшының керегі не? Жүрейік!
-        Ие, көзіміз
бар. Астымызда машина. Осы жазық даланы іш жағынан кіріп кезетін болсақ, тірі
тышқан болса көзге түспей қоймайды.
         Мұхтар да көнді.
-        Аңшыларды
машинамен жібереміз деп еді. Әлде машина табылмады ма, әлде жолда сынып қалды
ма...
         Сондай бір
бөгесінге ұшыраған болар деп, "нағыз Құнанбайға" ақтау айтып барып көнді.
         Үш машинамен
іш жағынан орай жүріп кеттік. Қазір сағат сегіз. Он екіде осы арадан
табыспақпыз.
         Тамыздың орта
кезі, даланың ұшпалы шөбі қурап біткен. Кең дала құп-қу. Бұл, енді жазғытұрым
болмаса, жан-жануар жүрер жер емес."Ақ Сеңгірге" жақынырақ жерде ұзынша
ғана болса да жоңышқа егілген жер бар еді. Одан арғы жағы тұтас көгалсыз екен.
Жазғытұрым қар суы ағатын, түбінде қоңыр құм жатқаң жыралар әлдеқашан құрғап
кеуіп кеткен.
         Өзеннің оң
жақ бетін ұзақ шимайладық. Шоферлар өз іздеріне де, ана машиналардың іздеріне
де әлденеше рет кездесіп қалғанымызды айтып келеді. Өзеннің екінші бетіне өтуге
көпір жоқ.
         Түске тармаса үш машинадағы аңшылар
дуадақтан үміт үзіп, бәріміз де Мұхтар айтқан "бес шақырым" жердегі
көлді іздеппіз. Іздеп келеміз, іздеп келеміз. Өзеніміз жіңішкеріп, тайызданып
барады. Бір кезде құмға кіріп, үзіліп кетті. Көл жоқ...
         Үш машина осы
маңайда қайта түйістік. Бұл, енді Мұхтарға тиісетін жер емес... Ғабиден
екеуіміз бірімізге біріміз тиісе бастадық.
-        Баяғыдан бері
аңшымын, әйдікпін деп жүргенде немді бітіргенсің! - дейді Ғабиден маған тиісіп.
- Осындай жерде аң бола ма екен?
-        Неге болмасын?
Жазғытұры қар еріп, жер көгере бастағанда, құдай біледі, осы далада дуадақ пен
безгелдек сыймай кетеді.
-        Онда сен
жазғытұрым неге әкелмедің бізді?
-        Аңшы қай
уақытта, қай жерде не болатынын түгел біле жүру керек...
         Ол мені отқа
итеріп тұр: - Бастап әкелген мен емес қой! - деп қалса екен дейді. Мен де
"бастап әкелген" деген сөзге жақындағым келмейді.
          Біздің нені
айтып, нені тұспалдап тұрғанымыз Мұхтар үшін үлкен жұмбақ емес еді.
-        Әй, екеуің не
оттап тұрсындар? Қойыңдар былшылды! Манағы қонған жерімізге барып, бір шай ішіп
алайық та, қайтайық, - деді.
-        Сол болар
дұрысы.
-        Мен бір киіз
үй көріп едім. Маңайында қара-құра көрінбеген соң бұрылмай кеттім, - деді Мұқан.
-        Қай жерде?
Алыста қалды ма?
-        Алыс емес,
мына бір қырқаның арғы етегінде.
-        Жүріндер, соға
кетейік...
         Киіз үйге
Ғабиден екеуіміз кіріп едік. Мен кіре бере таң қалып тұра қалдым. Бұдан қырық
жыл бұрын тап осылай, көрпесі кеудесінде, аяқ жағы ашық жатқан бір жігітті
жазғаным бар еді. Оның да денесі осындай толық, оның да екі аяғы осындай қара
қайыспен әдейі ноқталап тасталғандай еді.
-        Өй, мынау
түндегі жігітіміз емес пе? - деді Ғабиден.
-        Тап өзі!
          Ғабиден
есіктен Мұхтарға қол бұлғады:
-        Бері кел! -
Мұхтар кіріп келді де таныды.
-        Өй, Сейфілмәлік
ұйқтап қалыпсың ғой... тұр! - деді.
         "Нағыз
Құнанбай" жалғыз көзін ашып бізге танымағандай, өзінің бір қол астындағы
адамдары деп қалғандай мінез көрсетіп, "ертең, ертең!" -деді. Сол
жағына қарай аунап түсіп, қорылдай жөнелді.
          Біз Мұхтар
мен "Нағыз Құнанбайдың" арасына енді түскіміз келмей, шеттей бердік.
          Мұхтар
дауысы қаталырақ шыға бастады:
-        Ей, сен өтірік
қорылдамай, аш көзіңді! Кімді алдап құтылғың келеді? Тұр! - деді.
          "Нағыз
Құнанбайымыз" көзін ашты.
-        Түнде берген
уәдең қайда? Аңшыларың қайда? Балықшыларың қайда?
-        Мас кісі не
айтпайтын еді, ақсақал!.. Өзіңіз қызық адам екенсіз ғой!..
          Бұдан әріге
шыдай алмай, біз үйден шығып кетіп күлдік. Мұхтар да көп ұзаған жоқ. Жігітке
қатты бір сөгіс жариялағанын естідік, не деп сөккенін естіген жоқпыз. Мұхтар
оны өткен түні қандай аспанға көтеріп мақтаса, енді оны жеті қабат жердің
астына тыға жамандай алатынын білеміз. Үн шығарыспай, түнеп шыққан жерімізге
қарай бұрылдық.
            Түнде
қонып шыққан жұртымызға келсек, жау талағандай астан-кестең болып жатыр екен.
Дастарқанымызда жұмыртқа, сары май, аппақ уыз балапан шошқаның тілінен жасалған
жуан колбаса қалып еді, зым-зия жоқ. Барлық дүниеміз тінтілген, шашылып
жатыр...
-        Ойбай, менің сумкамды
алып кетіпті! - деген Ғабиденнің жан даусы шықты.
-        Ана жатқан сол
емес пе?
         Ғабиден
сумкасын өзен жағасынан тауып алып, бізге қарай бұрылып:
-        Сумкамның
быт-шытын шығарып жарып кетіпті! - деді. - Нағыз жан даусы осы жолы шықты.
Индияға барғанда әкелген ағылшын қолынан шыққан қымбат дүниелік екен...
         Шай, қант
орнында. Киім-кешек аман, ас ішетін ыдыстарымыз құлап жатыр. Тонаған кім екені
айқын танылып тұр - түлкі! Түлкі қу!
        Ет пен майдың
иісін күндік жерден сезінген сары балақ түлкі қу бізді түн бойы торыған болар.
Бұл оның қашаннан бергі әдеті. Іле, Балқаш бойындағы көлдерде, далаңқы
жерлердегі суларда әр аңшының соңында әлденеше түлкі жүреді. Атқаныңды тезірек
жинап алмасаң, қағып әкетеді.
          Осы жаққа
бастап әкелген Мұхтарды қалжыңмен қолға алатын бір жер осы еді, бірақ онымыз
тым батып кететін қалжың болар деп оған барыспадық.
-        "Құнанбайымыз"
қалай болып шықты? - деп өзара қалжыңдасқан болып едік, Мұхтар онымызға ере
қоятын ыңғай көрсеткен жоқ.
         Жолымыз
болмағанға ішіміз аши тұра күлген болып, аман қалған ыдыстарымызды жинай
бастадық. Шай қайнатайық десек, түлкі иіскелемеген неміз қалды дейсің деп оны
да істемедік.
         Мұқанның
шофері машинасына су құйып жатыр екен. Соған қарап тұрып, Мұқан бір орынды қалжың
айтты:
-        Нағыз тұлпар
су таңдайды... Мен үйге "Құлагерімді" "Ақ Сеңгірден" суарып
қайттым дермін-ау. Сіздер үйге не бітіріп келдік деп қайтар екенсіздер! - деді.
Ішімізде іркіліп қалған барлық қалжың түйіншектері түгел ағытылып кеткендей қарқылдасып
күлдік. Бұдан кейін бірімізге біріміз қандай қатал қалжың айтсақ та зілі
болар-ау деп қауіптенген жоқпыз.
           Жүріп
кеттік... Күн қайнап тұр. Дала жолының шаңы бұрқ-бұрқ етеді. Бұл көбелек
қанатының лебінен көтеріліп кететін күлдей ұсақ шаң. Машинамыздың іші сол ұсақ
шаңға толып бұлттанғандай буалдыр тартып кетті. Машинаның терезелерін ашпасақ,
тұншығып барамыз, ашсақ, ұсақ шаң будақ-будағымен өкпеге соғады.
           Бір жарым
сағат уақыт жүруге әрең шыдадық. Біздің жолымыздан бес километрдей бұрыс бір
поселке көрінді. Алдымызда келе жатқан Мұхтар машинасынан түсіп, бізге соны
нұсқады. Біз бас изестік.
         Поселкенің
шетірек жағында қорасындағы құдықтан су тартып алып жатқан жас қазақ әйелі
көрінді. Тұра қалдық. Тұра қалдык та, түсе қалдық. Түсе қалдық та, жапа-тармағай
құдыққа қарай жөнелдік.
         Әйел бізді
шырамытқандай, су толы шелегін жерге қойып, аз ғана жымиып тосып тұр. Біз
жақындай бергенде:
-        Мұхтар аға-ау,
осынша шаң-шаң болып, қайдан келесіздер? - деді әйел.
-        Бадишамысың,
айналайын... Әуелі шайыңды қайнат... кейін естірсің.
-        Ал үйге
жүріңіздер.
         Бұл -
Мұхтардан оқыған, Қазақ университетін бітірген мұғалима екен. Өз пәтері жоқ,
совхоз бухгалтерінің бір бөлмесінде тұрады. Шайды тез қайнатып әкелді. Біздің
"шаңнан тұншыға жаздадық, ыстықтан өле жаздадық" дегеніміз бір-ақ шайлық
азап екен. Шаңы бұрқыраған тас жарып көрмеген, темірді балқытқан пеш аузын
көрмеген жандардың күйректігі екен. Шайға қандық та, жадырап сала бердік.
Қалжыңымызға қайта бастық...
          Асфальтті
жолға жетіп, машинамызды қағып-соғып алған соң, кең машинада шалқайысып отырып,
Ғабиден екеуіміз бір ауызбірлікке кеттік. "Заговор!"
-        Мына шалды бір
тотиту керек! - дестік.
          Мен идеяның авторы
Ғабиден деуіме болады. Ғабиден де мені атауына болады. Куә да жоқ, дәлеліміз де
жоқ. "Қап, мына шал қылды-ау қылықты!" десіп отырдық та, аяғында
"өзін бір тотиту керек" деп соз байластық. Онымыздың ауыр-жеңіл
боларын, орынды-орынсыз боларын ойласқанымыз жоқ...
          Қалай
тотитудың ретін келтіре алмай, бір жеті сандалдық. Әлдекімнен үлкен бір
кегімізді алатындай, кек болғанда анау-мынау емес қанды кегімізді қайтаратындай
ойландық. Ойлана келе ауыр-жеңіл болар жағы да еске түсті. Тұрпайы да болмау
керек, тұздықсыз да болмау керек. Әуелі бізге ашуланатын болсын, артынан өзіне
өзі күлетін болсын. Ақырында таптық, өзінен өзі табылды.
-        "Ақ
Сеңгірде" көрген азабымызды өзіне бір көрсетіп алсақ-ау! - десіп күлісіп
отырғанымызда орала кетті. Ғабиден менен бұрын "Е!" дедім десе
таласпаймын, мен таптық деген арнадан ауысқым келмейді.
-        Шалды
келістіріп тұрып алдап, "Ақ Сеңгірге" жалғыз жіберіп алайық!
-        Ретін таба
алсак, ең қызығы осы ғой! Тоқтайық осыған!
-        Болсын!
"Нағыз Құнанбайын" тағы бір көріп қайтсын, несі кетеді.
Енді сол қақпанымызға қалай түсірудің жайын ойластық. Әрбір
жазушы драмалық, трагедиялық, не болмаса комедиялық жағдайлардың бәрінің де өрістеу
логикасын жақсы білуі керек. Оның әрқайсысының өз логикасы бар. Шығармаңа
араласатын әр жастағы, әр түрлі кейіпкердің өзіне тән мінез логикасы бар. Адам
мінездерінің құбылыстарына бармайтын, бара алмайтын жазушы ол жабайылықтың
жаршысы!
         Мұхтар
мінезінде қандай өзгешелік барын жақсы білеміз Соның бірі, бірі болғанда ең
керексізі, өзіне де, өзгеге де ең зияндысы - сенімпаздығы еді. Бірінші көрген
адамына да, бірінші айтылған шағыстыруларға да оңай сенетін. Балаша сенетін.
         Қырық төртінші
жылдың не алдында келетін, не артында келетін қысы еді. Орта Азия мен Қазақстаннан
көркемөнер апталығын өткізуге Ташкентке бардық. Бізді "Өзбекстан" қонақ
үйіне түсірген. Бір күні қоңыр іңір кезінде қонақ үйімізге қайтып келе жатсам
Мұхтар сыртта, есік алдында бір қазақ жігітіне ақша беріп жатыр екен. Өңкей
қара ала жүз теңгелерді сытырлатып санап тұрып: "Мың жарым жете ме?" -
деп жігітке ақшаны ұсына бергенде, мен келдім.
-        Е, жақсы келдің.
Мына бір ініміз ертең қонаққа шақырып тұр. Мен екеуіміздің атымыздан келеміз дедім.
Дұрыс қой? - деді Мұхтар.
         Жігіттің басында
таз адамша кептей киген қоңыр кепке, үстінде резинка иісі бұрқырап тұрған плащ.
Маған қолын ұсынып еді, алақаны сұп-суық су екен. Адам тартар кескіні де жоқ.
Базар қарақшысы сияқты.
-        Мың жарым жете
ме? - деп Мұхтар жігітке ақшаны ұсына бергенде, жігіт:
-        Тағы бір-екі
қағаз қоссаңыз дұрыс болар еді, - деп қалды. Тебінгідей қара ала жүздіктерді
көріп жұтынып тұр.
-        Қонаққа
шақырған адам сұрай ма екен? - дедім мен.
-        Ертеңгі
ішім-жемімізді алуға ақшасы жетпей тұр екен.
-        Бұрын танитын
жігітің бе еді?
-        Жоқ. Ана
тұрған машинаны көресің бе? Мені білетін әке-шешесі сол машинада отырған
көрінеді. Қазір таныстырады бізбен...
-        Мен сол машинаның
қасынан өттім. Онда екі жігіт, екі әйел отыр. Төртеуі де орыс жастары. Оның
ішінде әке де жок, шеше де жоқ.
         Дәл осы кезде
машина қозғалып та кетті. Мұхтардың ақша ұсынған қолы да шегіне берді. Жігіт те
тайып отырды.
         Біз де
Мұхтардың осы сенгіш мінезіне сендік...
        Сөз байласқан
күні Ғабиден Мұхтарға телефон соғыпты:
-        Мұқа, біз кеше
анау күнгі "Ақ Сеңгірден" келдік. Қырып әкелдік... деп бастапты.
-        Е, ондай ит
сарып кеткен жерге қалай барып жүрсіндер?
-        Біз
"Айдарлы" жаққа кетіп бара жатқамыз. Ұзынағаштың бер жағында анау
күнгі соқыр сіздің жолыңызды тосып жүр екен... Машинасында қой, қымыз, коньяк,
шампан... Мені бір жер шақырып қалды... Ар жағын Ғабиттен сұраңыз, - депті Ғабиден.
          Мұхтар маған
телефон соқты. Мен де Ғабиденше бастай беріп едім:
-        Ол жағын
Ғабиденнен естідім, ана соқыр қалайша менің жолымды тосып жүр екен, соны
айтсайшы, - деді.
-        О, ол қатты
ұялған екен... Мас күйінде ұялып айта алмапты. Біз де өкпелеп құлақ аспаппыз.
Жай былай болыпты: орыс жігіт орталықтан машина алып, уәде еткен адамдарын
жинап әкелемін деп барса, бастықтардың бірін таба алмайды. Күн жексенбі еді
ғой, есінде ме? Содан ол салпақтап кешке қарай оралыпты.
-        Пәлі...
-        Содан кейін
сол екі жігіт ұятымызды аршиык деп келесі демалыста сені күтіп жүргенде бізге
кездесті. Бармасақ бола ма, бардық. Төрт-бес дуадақ атып алдық... Біраз балық ұстап
берді...
-        Ана соқырды
мен нар жігіт, нағыз Құнанбай екен дегенімде мені мазақтағыларың келіп еді!
Енді не айтар екенсіңдер!..
-        Енді бәріне сендік...
          Мұхтар бізге
де оңай сеніп қалды. Біз бәсең-бәсең шыжымдап тартатын өнер де көрсеткеніміз
жоқ. Жалғыз есебіміз - Мұхтардың өзі сеніп қалған соқырын аз ғана майлап
жіберсек, ар жағын өзі өңдеп, өзін өзі сендіріп әкетеді деген ой болды. Сол
беталысқа ойысып болды-ау деген кезде: - Мұқанды демалыс күндері күзге дейін
күтеміз. Енді бір жетіде қой отарлары осы "Ақ Сеңгір" мен "Жирен
айғыр" өзендерінің маңайында болады. Күтеміз, күтеміз! - деп қалды дедім.
        Атақты жазушы
Марк Твен Париж көрмесін аралап жүріп адамнан басқаға көзі түспегенін айтады.
Бұл шындық қой, жазушы шындығы. Біз де Мұхтарға сол адам жағынан, "нағыз
Құнанбайы" жағынан келіп едік, қуанып кеткендей сенді. Енді қайтер екен
деп Мұхтарды екі жақты бақылауға алдық.
Бір жеті бойы хабарласқан жоқ. Жұма күні кешке Ғабиден
телефон соқты:
-        Кетіпті!
-        Жолы болсын!
          Дүйсенбі
күні таңертең қыдырған болып Мұхтардың үйінің алдынан өтіп бара жатсам, шофері
арықтан машинасын жуып жатыр екен. Қара машина баттасқан шаң. Анау күні
өзімізді тұншықтырып келген аққұба шаң, күлдей ұсақ шаң...
-        Ие, бір жаққа
барып па едіндер? Қанша әкелдіндер?
-        Ну, Вас!.. -
деді шофер. Оның үніне қарағанда Мұхтар ашуланған болуы керек.
          Біз
істерімізді істеп алып, енді соны қалай жуып-шаярымызды таба алмай қысылыңқырап
жүргенде, бірер жетіден кейін Мұхтар өзі телефон соқты:
-        Әй, сендер,
екі дорақ, әуелі мені алдай алғандарыңа мәз болып күліп, енді менің көзіме
көрінуге бата алмай жүргендеріңді мен білмейді деп жүрсіндер ме? Валентина
Николаевна екеуіміз күнде күлеміз екеуіңе. Менің туған күнім естеріңде шығар,
келіңдер, қосыла күліп алайық, - деді.