ВЕРНУТЬСЯ

      Күміс қылыштай жарқылдап, найзағайдай ағып келе жатқан
атабалық - Көкқасқа осылай бір жүйткитін кезең таянып қалғанын бірталайдан бері
сезінген еді. Оқтаудай жұмырланып алған жарау дене көк болаттай иіліп-бүгіліп
әрі күшті, әрі оңтайлы сырғиды. Көздері жалтылдап, барлық денесіне маржандай
қызғылт бөрткен шығып кеткен. Әшейіндегі күн көрісте Көкқасқаның сырт бояулары
су астының балдырымен реңдес күңгірт болушы еді, енді, міне, құммен аршылған
ескі күмістей жарқ-жұрқ етеді. Түнгі қара көк аспанды аққан жұлдыз қалай тіліп
өтсе, теңіз астының қара көк тұңғиығын Көкқасқа да солай тілгілеп жүр. Ол бүгін
жарқыраған ағынға, қажымас-талмас екпінге айналған.
       Бүгін ол теңіз
астын кең орай жүзіп, дамылсыз кезіп жүр. Күн көрістің бақай қимыл, баяу қозғалыстарын,
қапы қалтарысын аңдитын дағдылы бой тасаларын біржола ұмытқандай, оқшау орғып
әдейі көзге түседі. Теңіз астындағы әлемнің бәрі көрсін дегендей, өңешті мен
тістілердің бәрінен де қаймығар емес. Әшейінде бармас-баспас алыс айдындарға барып
оралады. Қалың мұздың астында бейбіт өмір сүріп жатқан Азат-мая тұқымдас ана
балықтарды жағаға қарай ысырып, ығыстырып жүр, асықтырып жүр, айдап жүр.
           Көкқасқа
күнделік тіршілігінде аузын ылғи ашық ұстайтын еді. Аузына шолп етіп кіріп
кеткен де, жылп етіп кіріп кеткен де өңешінен өте береді. Оның
таса-қалтарыстардан тап беретін әдетіне теңіз астының қалың ормандарында бейғам
жүретін жәндік отарлары талай кездесіп, талай жем болған. Талай рет су асты
одан дүркірей қашып, зар қағып қалған. Бүгін ол аузын тас бекітіп жауып алыпты.
           Өзінен
зорлардан Көкқасқаның өзі де тасалана жүретін еді. Талай өңештерден өзі де өтіп
кете жаздаған. Ол бүгін соның бәрін де бойы қызғандай, отты бір күш еріксіз
айдайтындай, орман отарларды тастап, ашық айдынға шығыпты, көзге түсе шығыпты.
Биік аспанда еркін шарықтайтын қыранға ұсап, бұл да бір ұлы жүйткуге көшкен.
Жүйткіп жүр...
        Теңіз қарнын
семсердей тілгілеп жүрген жалғыз өзі ғана емес екенін Көкқасқа енді абайлады. Өзімен
ата-тегі бір Азат-мая нәсілінің естияр еркектері түгел құтырынып, теңіз астын
олар да дүрліктіріп жүр екен. Олар да жарқырап ағып жорық әнін салып жүр. Теңіз
астында найзағай көбейген, жарқылдау көбейген. Сол найзағайлар барлық ана
балықтарға ұлы жорықтың бет алысын, жөнін сілтейді. Теңізге құятын өзеннің
сағасын меңзейді.
      Үлкен жорыққа
жолдан қосыла кетпек болып, жол тосып жүрген жалқау-жампоз қырт еркектер де бар
екен. Енді мұндай жорыққа шығудан қалған бірен-саран сырт буын ақ бас қарттарды
орталарына алып, әлі оттасып жүр. Жайын жатқан ел бар, ертеңгісін ойлай
алмайтын бала-шаға бар, көп қарттың онымен жұмысы да жоқ. Ойлағандары өз қамы,
өз құлқыны. Әлі өздері де әзірленбеген. Үсті-бастары әшейіндегі күнгірт қалпында.
Біреуі де түлемеген. Құлқын құлдары тасалану, тап берудің әлегінде қала
беріпті. Көкқасқа бұл ұятсыздардың арман дүниесін таныды да, жалт бұрылды,
жорыққа аттануға шақырған жоқ. Үн шығармай теріс айналды. Ата-тегі басқа, аран
ауыз - кер азулар да көш-қон қарбаласын аңдып, жем іздеп, жол тосып жүр. Бұл
олардың қашанғы әдеттері. Өңкей кер азу жем басарлар осындай қарбалас кезінде қарындарын
оңай толтырып, қабырғаларын жауып қалады. Ең қатерлі жаулар да осылар. Аузына
іліксең, тірідей қылғып жібереді, қабағын да шытпайды.
         Көкқасқа бұлардан
ығысқан жоқ. Қанды ауыздар тобын қақ ортасынан найзағайдай жарып өтті. Құлқын
тырбаңмен жүргендер найзағайды қалай ұстап алсын, ауыздарын ашқан бойы қала
берді.
       Аты балық
атанғанымен сүліктей жіңішке, қылыштай ұзын Минога дейтін залымдар да
тосқауылда жүр екен. Бұл бір үлкен пәле. Қылаңдап келіп, жымып келіп балықтың
желбезегіне жабысады да, желімдесіп қалады. Қашан өзі ажырасқанша одан шашар
тұщы суларға жетеді де, жас уылдырықты қиядай сыпырады. Көкқасқа бұл пәлені де
ішіне түйді.
       Қара ормандай
қалың шалан арасында ана балықтар әлі баяу қозғалып, әлі жабайы тіршілік
қамында жүр. Әлі қызынбаған, ұрык шашар ұлы жорық бары ойларына да кірмепті.Қарындары
шермендеп уылдырықтан жарылғалы жүрсе де, әлі бейғам, қыз-қылаң қылықтардың
бірі жоқ. Алда тұрған жорықтың ұлан-асыр қызықтың бар жарасымы осы мес қарындар
емес пе? Бар арман, бір жылғы ұрпақ осылардың қарнында ғой! Ертең тұщы суға
жеткенде осы мес қарындардың біреуі үшін он еркек өліп кетсе арман не? Жоқ,
әйелдер жынысы әлі қызынбаған, аналықтардың әні де басталмаған, биі де
басталмаған. Әлі де баяғысынша, көші-қонды еркектер біледі деп, еру жайылып
жүр... Көкқасқаға әлі де жарқылдай беру керек, қыздыра беру керек екен. Жұлдыздай
аққан жүйткуімен, ойнақылығымен жорықсарының аналықтарға түгел сезіндіру керек.
Тіпті болмаса, ең соңғы мүлт кетпеске басады да! Ұзамай Көкқасқа сол мүлт
кетпесіне басты...
       О, ол бір
биіктен шырқаған ән еді! Ол бір жан-жүйеңді түгел тебірентер сөз еді. Ол бір су
ішінде, мұз астында өртеп жіберетін от еді, ол бір еліні тірілтер сиқыр еді.
Көкқасқа ағып келе жатқан бойы қызғылт маржандай бөрткен жауып кеткен қабырғасымен
сүйкеніп-сүйкеніп өтіп еді, аналықтар бойларын өрт ала жөнелгендей ду ете
түсті. Теңіз асты жарқ та жұрқ сылаң қаққан ерке биге айналып кетті. Енді
оларды тоқтата алар күш те жоқ екен, барлық аналықтар лек-легімен тұқым шашар
жайынға апаратын өзен сағасына қарай жөңкіліп берді, жосып кетті.
       Іштерінде бір
түйір уылдырығы жок, бүйірі солық қыпша бел қыз-қырқын да солай қарай жөнеп
беріпті. Оларды ешкім шақырмаса да ұлы жорыққа еріп кеткілері келеді. Бұл бір
үлкен қызық қой. Өзен бойын өрлеп барып тайыз жайылымдарға тұқым шашылады, уыз төгіледі.
Әрбір аналық отыз мындай уылдырық әкетіп барады. Уызға оралған уылдырыққа жетер
тамақ қайсы! Ұзаққа созылған көш-жөнекейдің өзі қандай қызық! Аналық-тарды құрмет,
қошаметпен ортаға алып аталықтар екі қабырғалықта жарқылдасады да жүреді. Сонша
еркектің ортасында қауіп бар ма, қасірет бар ма! Әттең, бізді тастап кетеді.
Көздерінен от шашқан Көкқасқалар қалың шалаңға қайта қуып тастайды. Бет
бақтырмайды. Ұлы қызыққа сығалап та қарай алмайсың...
        Жалынғысы
келіп, жабысқысы келіп, қыз-қыркын Көкқасқаларға жақындайды да, оның ызғар төккен
қас-қабағынан сескеніп, қалың шалаңға қарай қайта ойысады. Бұлар қызыға білетін
сияқты, бірақ дана табиғат берген ұстамдылық заңын бұзбайды да!
       Осындай
қарбалас үстінде теңіз асты неше рет қайта бозарады. Аяғында барын киініп алған
қалындық-күйеуге ұсап ажарланып алған аталықтар мен аналықтар теңізге құяр
өзеннің сағасына қарай түгел ойысты.
      Қас-қабақтары
шала-бурыл тартқан қартаң аталықтар жөнелген көшке алыстан қараған бойлары
қалып барады. Талай бастаған, талай барған жорықтары. Енді, міне, не болып, ңе
қойғаны естерінде де жоқ. Елегізу түгіл, елең ету жоқ, үміт дүниесі түгел
ұмытылған. Бұлар үшін бар әмір балдырлы-балқашты шаланда ғана қалған. Енжар
қарап, жай қозғалған бойлары қазан қасында қалып барады.
        Алғашқы апатқа
ұлы жорық өзеннің теңізге құяр тармақ-тармақ сағасында кездесіп еді. Аран ауыз,
теріс азулар жорықты осы сағада бір тосқан екен. Көп қуып әлектенбей-ақ, баяу
жосып келе жатқан месқарын аналықтарды қырып салды.
        Осы қырғын
үстінде барлық Азат-мая тұқымының еркек кіндікті Көкқасқалары түгел күйінгендей
еді. Бұларда арандай өткір тіс те жоқ, қылғымай жұтар үңірейген өңеш те жоқ.
Бұлардың бар қайраты найзағайдай жарқылдаған жүйткулерінде ғана екен. Жан
ұшырған Көкқасқалар жүйтки жүре етек-жеңі жиналмаған, кең жайылған жорықты әрең
дегенде өзен арнасына түсіріп, ағынға қарсы жоғары алып кетті. Аналықтарды
ортаға ала, еркектер екі қабырғадан қаумалап келеді. Әлі сондарынан қалмай
өзеуреп келе жатқан кең өңештер енді қабырғаласа жосыған ата балықтарды жұта
бастады. Бірақ көш алды өзенді өрлеп, жоғарылаған сайын бірте-бірте шегіншектеп
теңізге қайта оралып кетті.
         Қазір он
мындаған Азат-мая бір денедей қозғалып, су астыңда сүңгуір қайықтай сырғып, тұтас
жосып келеді. Жемге қарақтаған, бетімен жайылайын деген бірі жоқ. Ұлы жорық
бәрін өз шеңберіне алып, айдап әкетті. Көздері оттай жарқыраған Көкқасқалар көш
алдын бастап келеді.
        Көшенің екі
қабырғасында да, жанында да - сол Көкқасқалар. Әр тасаға жасырын құрған
ұры-қарылардың ауларына ілігіп қалатындар да сол ата балықтар. Бірақ өмір
жорығы ешбір бөгесінге көңіл аудартпай, айдап келеді. Тұщы суға біржола шығып
алған соң жорық бет алысын біржола ұғынғандай бір балық шашау шықпай, тұтаса
жосып кетті.
      Балық нәсілі
үшін ең бай дүние су асты. Ең көркем дүние де сол. Тасыған өзеннің катты
ағысына қарсы жүйткуден күн көріс бытыранды көптің осындай ұлы тілек үстінде
тұтасып кеткен қозғалысынан асар күш болады дейсің бе! Осыны сезінген жорық бір
түзеп алған соң, ең ұшқыр поездың зырлауына салып, аға береді, аға береді.
       Келер күні күн
көтеріле бере кәнігі Көкқасқа көп ұзамай құламаға кезігетіндерін сезінді.
Кеудеден соққан су салмағы ауырлап барады екен, ағыс екпіні күшейіп, гүріл
сезіле бастады. Ол әлгі әзірде ғана ұзын көштің арт жағын бір орап, баяу қозғалғандар
болса тақымдап-тақымдап алған. Қазір ол көштің қарсы алдында еді. Найзағайдай
ағып барып, көштің арт жағын тағы бір тықсырып қайтқанда биіктігі үш метрдей
құламаға тақап қалған екен. Ауыр су биік тас бөгесіннен гүрілдеп құлап жатыр.
Көкқасқа екпіндеп келіп, жоғары қарай атылып кетті. Көтеріле берген күн көзіне
күміс қанжардай бір жарқ етті де, құламадан асып барып, өзенге шолп ете түсті.
Құламадан жоғары жайдары аққан өзен оны жұтып жіберді. Тіпті езу тартқан жоқ.
Енді Көкқасқа өзеннің көлеңкелі қабырғасына қарай жақындап келіп, артқы көшті
тосып қалды.
      Көкқасқа
құламадан қалай атылса, олар да солай атылып өтіп, алда келе жатқан ата
балықтар Көкқасқаның маңына жинала бастады. Бір сыннан аман өткендеріне мәз-мейрам.
Кейбіреуі Көкқасқаның өзіне де көз аларта бастапты. Күндестік қысқандар,
жорыққа мастанғандар Көкқасқаны жанай өтіп, соқтығып қалуға жақын. Көкқасқа
қанталаған көздерінен алтын ұшқын шашып, қыбыр етпей тұр. Ол құламадан өтіп
жатқан көштің алды-артын абайлап, көзінен өткізіп тұр. Кейде, тіпті он мындаған
аналықтарды санап тұрғандай. Соқтыққысы келген текешіктерге елемей қарайды.
Бірақ ызғарлы тұр.
       Алғаш кездескен
құламадан аналықтар да көп іркілмей өтті. Ағын күшейіп, ұрыққа толы мес
қарындарын онды-солды толқыта берген соң, құламаға жеткендерін бұлар да сезген.
Бір қарғығанда құламадан асып түсе алмағандары шегініп кетіп, екпіндеп келіп, қайта
атылады. Бір сәт құлама үстінде, күміс қанжар лақтырып, ойнап жүрген біреулер
бардай еді. Төменнен жоғары карай лақтырылған канжарлар күн көзінде бір жарқ
етіп қалды да, суға шаншыла түсіп жоқ болады.
        Ең ауыр хал
желбезегіне сүліктей жіңішке, қылыштай ұзын Минога деген бәле жабысқан балықтарда
еді. Шылбырын Шұбатқан ат қалай шаба алмаса, бұ да сондай, желбезегінде
салақтап жүрген Минога бар балықтар құламадан қарғып өте алмай төмен қарай
құлай береді. Қарны салыңқы, қартаң аналықтар қайта-қайта қарғып, қайта-қайта
тасқа соғылып қалғанда уыддырығы ытқып-ытқып кетеді. Жақтарына Миноға жабысқан
көп аналық осы арпалыста, не құламадан өте алмай, не теңізге қайтпай, өлім әлегінде
қала барды.
       Жүзуі өнімсіз,
еріншек аталықтарға да Миноға көбірек жабысқан екен. Бұлар да сол алғашқы
асудан аса алмай, әлекте қалып барады. Жорық үшін жалғыз қуаныш сол асуда
Минога бәлесінен айығып еді.
         Көкқасқаның
айналасы қылаңдап келіп қосылған ана балықтарға қайтадан тола бастады.
-        Жеткен
шығармыз... Аялдайтын болармыз, - дегілері келгендей, аналықтар ата балықтардың
маңында сылаң қаға бастапты. Жер астына қарай кеткілері келеді.
            Көкқасқа
тағы да жарқылдай жүзіп, кештің арт жағын бір орап қайтты. Бірен-саран болмаса,
құламадан атылып түсіп жатқан балық байқалмады. Әлі күнге түлеп алуды,
ажарланып алуды ойламаған қырсау еркектердің көбі құламадан өте алмай кейін
қайтқан сияқты. Олар кештің арт жағында еді. Жүзген түрлері құжың-құжың, қимылдары
болымсыз болатын. Қазір ондайлар анда-санда ғана бір көрінеді.
        Көкқасқа бұған
ренжіген жоқ. Ағып келіп көштің алдын соза жөнелді. Әлгіде ғана кеудеден тіреп,
қабырғадан қысқан су салмағы азайып, көш етек-жеңін жинап, оқтаудай жұмырланып
алып жөнеп берді.
       Екі күн, екі түн
тынбай жосыған жорық әр жылда келіп, ұрық шашар өзеніне бұрылғанда таң жаңа
ғана белдеулеп келе жатыр еді. Алда келе жатқан Көкқасқа атылып аспанға шығып,
шолп етіп қайта суға түсіп, ойнақтап кетті. Кейде орғып ортаға кіріп, әлі қатарды
бұзбай келе жатқан аналықтарға:
-        Жеттік,
тоқтаймыз, шаруаға кірісе беріндер! - дегісі келгендей, кеш тәртібін өзі бұзып
жібереді: жалғыз ол емес, енді барлық ата балықтар атылып-шоршып су бетін
астан-кестен етіп жүр.
        Бұл
бұрылғандары үлкен өзеннің бір тармағы саналатын асты құм-қайрақ, суы онша терең
емес, кіші өзендердің бірі еді. Ертелі-кеш қой отарлары болмаса, маңайында ел
де жоқ, тұйық жаткан бір бұрыш, тыныштық өлкесі екен, жорық осы өзенге бұрылды
да жайылып кетті. Бірақ жем іздеген, тыныштық іздеген бір аналык жоқ. Ағысқа
қарсы тұра қалып, ұсақ тас араласқан қайраң құмды қарындарымен ысырмалап,
тостағандай-тостағандай шұнқыр жасай бастапты. Жолшыбай әр түрлі апатқа ұшырап,
сонау суық теңізден бері қарай жосығандағы бар арман осы шұңқырларға төгу еді.
Қазір мыңдаған аналықтар сол үрім-бұтақ ұяларын салып жатыр. Құм-қайраңды қарнымен
де ысырмалайды, кейде қанаттарымен де қазғылайды. Аштық, тоқтык, демалыс
дегендерді түгел ұмытқан. Тырбанып жатыр, тырбанып жатыр.
       Көкқасқа сияқты
өрен аталықтар да қолма-қол жұмысқа кірісіпті. Қарны шермеңдеген қай аналықтың
жұмысы өнбей жатса, дереу соның ұясын жасасып, су табанын миллиондаған шұңқырға
айналдырып жіберді.
       Шалдығып-шаршап,
ашығып-арып келген балықтар өзен табанын екі күн, екі түн қазды. Біресе қазады,
біресе аршиды. Ата балықтар содан кейін ғана шыдамсыздық көрсетіп аналықтарға
сүйкене бастады.
- Төк уылдырығыңды!
         Сарғыш
уылдырықтар шұңқырдың түбіне аспаннан түсе қалған жұлдыздай жарқырап төгіле
бастады. Бұл сәтке дейін жорық тәртібін бұзбай келген ата балықтар енді түгел
естен айрылғандай. Уылдырық үстіне уыздарын төгуге асығып таласып кетті. Қыран
тұқымы аспанда, адам баласы жерде жасайтын қы-зыл-шеке қырғын таласты балық
қауымы су астында өткізіп жатыр. Барлық ата балықтар бір сәтте мас болғандай
еді. Көз көруден, құлақ естуден қалғандай, қырғын тәбелес он күнге созылды.
Шұңқырларға төгілген уылдырық бетін қаймақтай қою ақ уыз - еркек дәні жауып
болғанша қырғын төбелес тоқталған жоқ.
Үрық шашудың алғашқы күндерінде бар тізгін көш бастаған,
болашақ ұрпақ камын ойлаған естияр да әлуетгі Көккаскалардьщ қолында еді. Бұлар
төбелесе жүріп, уылдырықка толы ұяларға кездескенде, бірін-бірі иықпен
итермелеп тұрып, өз уыздарын ытқытып жіберетін. Өнер көрсететін, күшпен алатын.
Күндер мен түндер өтіп, арыстан Көкқасқалар қалжыраған кезде тойдың қызығы
құжың-құжың етіп, құлқын аңдығандардың қолында кетті.         Олар қызу төбелеске жақындамай, шеттеп
жүрген. Балуан Көкқасқалар арып-талған кезде, бұлар уылдырық ұяларына жабыла
тап береді. Төбелесті басқаларға беріп, қызықты бұлар көріп жүр. Әуелі алтындай
жарқырап жатқан уылдырықты аузын толтыра бір асап жіберді де, қалғанының үстіне
бойлары балқып, бөксе жақтары бүлк-бүлк етіп, асып-саспай өз уыздарын төгеді. Тоқшылық
та соларда, қызық та соларда. Бұларда төбелесейін деген, еркектік көрсетейін
деген ой жоқ. Өзара құжың-құжың жымындасып, өзара түсінісіп, қырғын майдан
үстінде де, ұрпақ Қызығының үстінде де ылғи олжаға батып жүр. Бұлардың қылы
қисаймаған. Өзге еркектер өлімші халіне жеткенде, бұлар туралы "қырғын
майдан үстінде де қырттар семіреді" дегенді ғана айтуға болатын еді.
        Ұрық түгел
шашылып болып, шұңқырлардың беті құммен, ұсақ тастармен бүркеліп болған кезде
ата балықтардың бәрі де сең соққандай құр сүлдер еді. Айға жақын аузын ашпаған,
жем жемеген, күні-түні ұрпақ үшін тыным таппаған аталықтар қазір әбден жүдеген.
Әсіресе, соңғы он күн бар қуатты сығып алғандай. Бұлар той үстіндегі таластарда
көп қырылып қалды. Қапыл-құпыл уызын төгіп тұрып, тіл тартпай кеткендері де
көп. Көзі соқырайып, аузы ашылып кеткен ата балықтарды толқын айдап жағаға
шығарып тастап жатыр. Бірақ миллиондаған ұрпақ бесігіне бөленді. Енді терт-бес
айда қылаң-қылаң етіп жүзе жөнеледі.
        Бұл күндерде
Көкқасқа да қатты жүдеген еді. Қазір ол өзен қабырғаларын сүзіп жем іздеп жүр.
Көз оттары сөнген, жүзуі баяу. Сыртқы ажары да сынық. Аттаныс алдында солтұстық
теңізінде жүргенде бойында лапылдаған от қызуы бар еді. Қазір жылы өзенде
жүріп, бойы қалтырап кетеді. Аузына аз ғана жем өтсе болғаны қалғып кетеді.
        Аз күндер ғана
осыңдай мең-зең халде болды да, Көкқасқа есін қайта жиып алды. Бұл өзенде
осынша көп қауымды асырайтын азық-түлік жоғын ол бұрын білетін, қазір де көріп
жүр. Теңіздің балдырлы-балшықты шалаңына қайтпаса, ашыққан балықтар шашылған ұрықты
өздері қазып алып жейді. Бұл - оның талай бастан кешкен қасіреті. Іші олқы түсіп
қалған аналықтар қазірдің өзінде тойына алмай жүр.
       Осыны сезінген
Көкқасқа келер күні кешке жақын тағы да көсілтіп жүзіп кетіп еді. Бұл жолы ол
жорық әніне басқан жоқ, жем іздеу сарынына салыпты. "Жем таптым!"
дегендей аңғарын байқатады. Ашыққан балықтар оның бұл сазына да түсіне қалыпты.
Өзен бойын әрлей жайылған Азат-мая нәсілдес балықтар оңай ойысып, Көкқасқаның
соңына ере бастады. Қазіргі қауыммен ұрпақ алдындағы парыз-қарызын тағы бір рет
өтеп тастаған ата балықтар Көкқасқаның нені меңзеп жүргенін оңай аңғарып еді.
Олар да көштің бетін теңізге қарай бұрыса берді.
        Жарық айдың
көгілдір сәулесі өзен бетін бұйралап қояды. Кейде теңізге қарай жосыған балықтар
да жарқ етіп қалады. Бері келерде балықтар ағысқа қарсы жүзіп еді, қайтарда
ағын бұларды өзі айдап әкеле жатыр. Арт жақты орап қайтқан бірен-саран
аналықтар болмаса, көш ылғи төмен ағып, оңай жүйткіп барады.
       Көкқасқа ұзақ
көшті сонау бір құламадан асырып салды да кейін оралды. Әр шұңқырда ата-анасыз
қалған миллиондаған жас ұрпақты қоршап-қоршап өсіріп, өндіріп теңізге алып
қайту үшін қалды.
        Әлдебір
балықшының қармағына өзі ілігіп қалмаса, сол ұрпақты бастап өмірі бай, терең
теңізге ораларын Көкқасқа қалтқысыз сезінетін сияқты.