ВЕРНУТЬСЯ

         І
         Жылысып өткен
алты ай жаз алдап кеткен сияқты... Құйрық тістесе қыс келерін, алай-түлей боран
боларын, қабағын түйсе қаһар төккен ақпан менен қаңтар барын айтпай кеткен... Үлкен-кіші
тегіс мәз, есіл жаз енді еске түскендей...
        Төрт тораптан
түре соққан сұрапыл көз аштырмағалы, міне, екі аптадан асты! Барлық дауыл
байлаудан босанғандай, барлық қолы бас қосқандай тынары жоқ бір ұлу! Қарға адым
жер мұң болар деп кім ойлаған ол кезде, енді мынау, ну калың жал белуардан
қарға шөгіп, иіліп басы, төгіліп шашы дір қалтырап, мүлгіп тұр.
        Жұрттың бәрі
ақ танау, ақ кірпік, ақ ауыз. Алдырмаған мұрын, шалдырмаған бет мыңнан біреуде
ғана қалған. Түкірік жерге түспейді. Осынша кең далада дем аларлык ауа жоқтай!
Жұлынған боран ауа орнына түйір-түйір мұз тығады мұрныңа! Ақ теңізден Арқаға
дейін домалап келгендей ақ қар бытырадай тиеді бетіңе.
       Ойды-қырды
қалың жапқан ақ көрпені үсті-үстіне үйе түсіп, ояң қалған жері болса қымтай
түсіп, мың батпанмен соғып-жаншып, асыр салып азынаған аяз тұр. Ақ тауларды
ықтай жылжып, құмырсқадай қыбыр-қыбыр, мыңдаған жан Есрафилмен алысқалы, міне,
екі ай! Кімнің қолы бұрын тиер алқымға - бұл алыстың жалғыз дауы осында! Мүлгіп
тұрған орман-тоғай жеңіс күйін кімге ойнар, мың толқытып, жүз бұралтып таратуға
әлемге жел біткеннің ең жүйрігі кермеде тұр, о да әзір!...
            Алты ай
үйген жалменен салған жолды құлай құшып, табандаған қар жатыр. Құлаған құз
денесінен кесек-кесек ойып алсаң, бір былқ етер ниет жоқ! Осы ақ таудың астында
елдің қолқа тамырындай жаңа салған жол жатыр!
        Ақмола мен
Қарталының ит өлген жер арасы. Бұл Арқаның құба жоны - сұрапылмен алыс салған
қан майдан. Бірі ежелгі атақты алты ай қыс, бірі біздің зұлмат күші қозғалса да
бір жасқанбай кісендейтін, алып ел! Әлем айғақ, бұл алыста аясу жоқ, алдау,
арбау, арзан айла жанасарлық жай емес! Адал күрес, күші асқаны-ақ алатын.
Алыптар жүр қара жерге белуардан батысып, бірін-бірі лақтырғанда белден белге
кетеді! Арқалардан бұрқырап бу қонып жатыр бұталарға мұз боп барып жабысып...
Сарыарқаның құба жоны мың жара, ойды қырға теңей кеткен, ен далада екі арыстан
алысып!
Арқасына салған асыр батқандай, жер қайқандап, анда-санда
бір ыңқ етіп қалады. Тәңірісіне тасбиық айтып бар дүние, бұталарға қонған мұзды
тасбиығындай ақырын сырт-сырт қағады... Қарағайлар қақ айырылып, қайың жасын төгеді.
Көкте бұлттар қозғалмастан ақ қар болып етек жайып, құлай кетіп жол үстіне жалп
етіп: жаңа ғана аршылған жол бойына тағы да ақ тау шөккен нардай көлденеңдеп
жатқаны...
- Алармын! - деп, алқымына Есрафилдің қол салғанда біздің
ел, зікір тоқтап, дүние тынып, үрейленіп бұлтқа бұққан күн де шыға келеді.
Бірақ, әлі Есрафилдің астына түсер ойы жоқ! Қайсар тентек күнге қарап, құр
сақылдап күледі. Мойындауға, тегі, долы қан ішер, кежегесі кейін тартып, отты
көзден мұздай суық көк ұшқындар шашқанда, тиген жерін қарып түсіп, күш алғандай
қайтадан!
         Бұл қайсар
жау, бұл үлкен дәу, күшің асса-ақ алатын! Алты ай үйген ат жал менен салған
жолды құлай құшып, табандаған қар жатыр, қар астында елдің қолқа тамырындай
жаңа салған жол жатыр! Күш сынауда, сөз таласта, сиынарың, жүгінерің өзіңсің!
         Мүлгіп тұрған
орман-тоғай жеңіс күйін кімге ойнар! Мың толқытып, жүз бұралтып таратуға әлемге,
жел біткеннің ең жүйрігі көрмеде тұр, о да әзір!..
        Қарта боран
қайта-қайта ай мен күнді тұтқынға алған күндерде, саңылаусыз кердей қара долы
дүлей түндерді елең қылмай, бір тартынбай ерлік еткен жандар бар, сақылдаған
сары аязда белуардан суда тұрып көпір салған осылар, ақындардың жырлар жыры,
осы да!
        "Қайрақтының"
осы жақ беті Жалтыртөбе, ит байласа тұрғысыз бір ызғырық; он жақ беті аңырайған
кең аңғар. Осы аңғарға, қар астында қалған жолды аршуға бір топ адам барыпты,
Есрафилді солар жеңіп, жолды тартып алыпты.
         Тіл жете
алса, сүрінбесе айтар кезде болған істің шындығын, ұлы демей, кіші демей, соны
айтқымыз келеді...
II
        "Қайрақтының"
осы тұсы жалпақ жатқан жапан дала, құла дүз болып келеді. Жазды күні томпиған
бір төбелер тұратын еді, онда олар қалың қарға батып кетті де, жалтыр төбелері
қар тұрмайтын сырғанақ болып қалыпты: сол жалтырдан сырғанаған қар мынау
аңғарға келіп бір-ақ демін алады.
        Тоны жылы
қасқыр мен қарсақ болмаса, бұл жерде аң да қалмаған. Басқа аңдардың бәрі де
қыстың ыңғайын қабағынан танығандай, әлдеқашан шұбарға қарай сырғып кеткен. Бұл
тұста таяқ тастам отыратын ел де жоқ.
Мылкау түнек солтұстықтың бар суығын осы араға айдап
әкелгендей көз аштырмай, ес жидырмай қойғалы табандатқан екі ай! Боранның өзі
де ашыққан, көрінгенге тап беріп, қарды қауып, тас тырналап, күні-түні ұлиды.
Бұл жерде шуылдарлық қамыс, гуілдерлік орман да жоқ, аш өзекке жем түспей, құр
ұлиды, босқа ұлиды.
         Жұмыс
барағынан екі адым шықсаң, ел қай жақта, жел қай жақта, оны айыруың
екіталай-ақ. Жұмысқа алысырақ баратын адамдар қолдарына арқан ұстап, қосақталып
кетеді. Мұндай ықпас боран, құтырған сұрапыл суықты ешкім керген емес.
     Ана бір
көрінгенде күннің өзінің беті де үсіп кеткендей боп-боз еді, енді көрінуді де
қойып алды. Ай дегенді айында бір көрсең қуанып қаласың. Жұлдыз дейтін күлкүрне
біржола үркіп кетсе керек.
        Темір жолдың
тап осы тұстағы бір үзігін жалғаудың осынша сынға айналғаны да осыдан еді.
Қанша топ жақын келе алмай, қанша топ аяқ сала алмай қайткан.
        Міне, осы
аңғарға жакындап келіп "жылан бауыр" трактор тоқтады да, тіркелген
ұзын шаналардан көп адамдар түсті: аңғарды кесіп өткен ат жалдың етегіне келіп,
қиыр-шиыр ақ тауларға қарап тұрғанда, бұлар бір үлкен шоғыр сияқты еді, ашыққан
боран жұтып жібергендей, "ә" дегенше жоқ болып кетті.
-        Арқаннан
айрылма!
-        Қада күректі!
-        Уа, антұрған,
қорбандамай ұмтыла түссеңші! - деген дауыстар ғана естіледі.
-        Қазаның оттан
түспесін! - деп, "аспазшыға" бір айғайлады да, бригадир Есім ақ
таудың төбесіне шықты. "Аспазшы" Қасен "қайдағы қазан!"
деп, мыңқ етіп қалғанын Есім естіген жоқ, оның ойы жұмысшылардың ыстық тамағы үнемі
әзір тұрсын деген еді.
         Бұл келген
ерекше бригада! Ерекше болғанда ойдан-қырдан тандап алған, топтан озған сар
кездік, саңлақтар емес, кәдуілгі онның тоғызы, екінің бірі дегендей, қатардағы
жол салушылар. Ешкім оларды ерекше шындап, айырып баптаған да емес. Бригадир
Есім - аузына алғашқы түктер жаңа ғана білініп келе жатқан комсомол. Сейтен -
алпыстың алтауына шыққан адам, маңдайында қатар жатқан алты сызық әжімі, артта
қалған алты қырдың белгісі сияқты. Асбасшы Қасенді-екі жарым-ақ пұт салмағы бар
деп, жолдастары ылғи қалжындап жүреді.
       Петр Семоныч
Капица - Наталья жеңгейдің алдында үн шығарған адам емес деседі. Ал үйде мықты
Наталья, мына майданда не істей алады!.. Миша мен Сережаға келсек-экскаваторшы
Лидаға екеуі бірдей ғашық болып, екеуі де:
-        Жол біткенше
уақытым жоқ! - деген қысқа жауап алған жігіттер... Іс үстінде білдірмейтіндері
болмаса, екеуі содан бері әрі бақас, әрі күндес деуге боларлық. Осы бригадаға
екеуінің басын қосқан да сол бақастық болуы мүмкін.
       Бригаданың ерекшелігі-ең
әуелі адам аздығында. Екінші, сол аз адамның ішінде темір жол салу ісінің ең
кемінде екі түрлі мамандығын білмейтін біреуі жоқ. Күрекші шығар дегенің-шпал
төсегіш, рельс салғыш, бекіткіш деген секілді, әйтеуір тағы бір табанды іске ие
болып шыға келеді. Бұл бәрінің бойындағы ерекше бір қасиеті!.. Үшінші, бұл
бригаданы солтұстық түбекке аттандырғандай жақсы қамдап, керекті жеткізе берген
еді, бар ерекшелігі осы-ақ...
       Бұлардың
осындай сұрапылда, осы дозаққа келе қоюларына түрткі болған - "Обаған"
өзенінің бойында болған бір қимыл еді. Таңертең жол бойында болған
жаңалықтардың хабарын айтқанда, ойды ерекше толқытқан сол хабар болды.
Өзіміздің Торғай құласа батпайтын "Обаған" өзені, осы жолдың тұсында
үлкен бір кәдеге жарапты: күндік жерден көрініп тұратын көпір салғызыпты
үстінен. Сол көпірді салған күндерде дауыл күші түйе жыққандай, аяз күші тас
жарғандай екен. Белуардан су кешіп, сыбай қаққан көпіршілер, үш тәулік бойы
белдерінен арқандаулы тұрып, көпірді солай салып шығыпты. Әйтпесе, сұрапыл жел
жұлып алып, адамды қаңбақтай айдап әкететін халге жеткен екен. Мына бригада осы
ерлікке ерлерше жауап беруге тура келді.
- Ал, бала? - деді Сейтен қарт. Есімнің бетіне бетін тақап
тұрып. Есім ақтауларды нұсқады, үндемеді. Кішігірім таудай боп, кесе-кесе, қия-қия
жатқан қарды әрең дегенде бір барлап алды да, қолындағы арқанды жұлқып-жұлқып
қалды. Бұл "әзірленіңдер" деген белгі еді.
        Аузыдан шыққан
үнді көмекейге қайта тығып, боран тұр құтырып. Бір мұрынға, бір бетке салып
аузын, аяз тұр жұтынып!
        Есімнің не
айтқанын жұрт оның қол қозғалыстарынан ғана ұғынды. Екі қабырғаға арқанды керіп
жіберіп, он адам қаз-қатар тұра қалып, ақтауға қол салды: кесек қарлар темен
сырғып, етекке қарай кете бастады.
         Таудың үсті
үйме-жүйме, апыр-топыр алысқа айналды. Темір күрек қант сияқты қатты қарға қарш-қарш
кіріп, қоң етінен сандықтай ғып ойып алып, жанар таудың төбесінен атқан тастай,
ақ кесекті атып жатыр аспанға. Боран да ішін тарта түсіп, ойдан-қырдан айдап
әкеп, үйіп жатыр қайтадан. Өшіккен жау алай-түлей, осы араға төгіп жатыр бар
күшін. Борай соғып, орай сілтеп қалғанда, бір өңірдің барлық қарын бір-ақ әкеп
тастайды. Қайта айналып, қанаттарын жайғанда "Мағырып" пен
"Машырыққа" жеткендей, сыпырғанда қайдағы қар бауырына кіреді... Сол
күйімен опыр-топыр айдап әкеп, үйіп жатыр аянбай!..
         ...Осы алысқа
екі сағат өткеннен кейін, Есім істелген іс пен жұмсалған күштің не бергенін білгісі
келіп, шаншулы тұрған "көз ағашқа" қарап еді, айран-асыр болды: қар
манағысынан бір метр биіктеп кетіпті!
         Бригаданың қимылы әлсіремегенмен, бірақ
манағыдай аспанға ұшып, төмен сырғып кетіп жатқан кесек қар көрінбейді. Бұрынғы
қатты қардың үстінен жүріп өткен әрі жұмсақ, әрі құрғақ жаңа қар күрекке аз
ілініп, көтере бергенде тарыдай сусып, қайтадан бұрқырап бұрынғы орнына түседі:
ұйлықтыра соққан боран қарды ешқайда жібермеске қалқан...
        Қардың биіктеп
кеткенін, күн бойғы алыста жеңіс боран жақ-та болғандығын "көз ағаштан"
көрсетіп, Есім жолдастарына қарады:
-        Мынаны біреуің
қозғап қойған жоқ па едіңдер?
         Жолдастары
бастарын шайқады. Бұл шайқауда бір жағынан Есімге қайтарған жауап болса, екінші
жағынан танданғандық бар еді.
-        Енді қайтеміз?
- деді Есім тағы да.
        Жолдастары
тағы бастарын шайқады...
           Бұл кезде
"аспазшы" Қасеннің халі тіпті ауыр еді... Бригада Қартауға қол
салғанда, Қасен тамақ жабдығын ойлап, ықтырма жасағысы келіп, тау қардың
етегіңдегі бір жарлауға апарып күрегін шанышқан-ды. Қайта оралып, киіз
палатканың тіреу ағаштарын жеткізген. Келесі жолы ас пісіретін, шай қайнататын,
оты шалқымайтын бітеу кухняны да аман-есен алып келген. Бір-бірлеп басып, азық
жәшіктерін де, тас көмір салған қапшықтарды да, жарлаудың қуысына жеткізген.
Содан кейін, қол тисе-ақ ұшып кетердей бүлкілдей берген палатканы, Қасен қозғамап
еді.
           Ақырында
Қасен палатқаны бастырып қойған көмір қапшығын сүйреп тастап, бір бұрышына
жармаса бергенде, желі құрғыр да осыны аңдып тұр екен, палатканы жұлып алды да
жөнелді... Палатка арқан бойы ғана сырғанап барады делегейленіп, аспанға бір-ақ
ұшты...
-        Қусам,
қайтер?-деп, Қасен ұмтылып та қалып еді, палатка көрінбей кетті. Қасен палатка
кеткен жаққа аз ғана қарап тұрды да күдер үзді. Кемір салған қапшықты сүйрей
ықтасынға қарай жүгірді...
        Қасенді бұл
жерде де бәле андып тұр екен. Ол палаткамен әуре боп, жәшіктерді тасып
жүргенде, жоғарыдан сырғытқан кесек қарлар дәл келіп Қасен паналаған жарлауды
жанай өтіп жатыр еді. Бірінің артынан бірі жұбын жазбай келе жатқан текше қарлар
Қасеннің жәшіктеріне, кухнясына келіп, соға да бастады. Бір кесектің тіреліп
тоқтауы-ақ мұң екен, кесекке-кесек тоқтап, әдейі жиналған жүктей биіктей
бастады. Боран айдап жұмсақ қарды әкеліп, текшелердің арасын шегендеуге
кірісті. Екі өкпесін қолына ала, сүйреп келе жатқан қапшығын тастай сала, Қасен
жеткен кезде, шаншулы тұрған күректің сабымен кухняның мойны ғана қылтиып
қалған еді.
           Енді бір
жерде консерві жәшігіне жапсырылған қағазда өгіздің тұмсығы ғана көрінеді: өгіз
тұншығып бара жатқандай көрінді Қасенге...
Қасен әрең дегенде жұлып алып, тірелген қардың алдын босата
бергенде жоғарыдан сырғып келе жатқан кесектер бар екпінімен кеп соғып,
Қасеннің өзін ұрып жығып, ала жөнелді де, әлдеқайда төмен апарып тастады. Айғай
салудан пайда жоқ, құйрық тістесе келе жатқан кесектерден бір оңға, бір солға
жалтарып, Қасен кухня маңайына тағы жақындады. Бұл жолы үстіңгі қарды қозғамай,
жәшіктердің қасынан өзі сыярдай жерді ойып жіберіп, аяғын нық басқаннан кейін
ғана жоғары қарады. Не істеу керек?
        Тіреліп
тоқтаған кесек қардың биіктігі үш метрдей, арт жағынан тағы келіп жатыр. Тоқтар
ма осылай, тағы да сырғып төмен кетер ме? Қалайда бірдеме істеу керек.
Бригаданың азығын бермеу керек боранға!
        Қасен жалғыз
арыстандай алысты. Алысында бір мін жоқ, айналасын астан-кестен қылып, азық
жәшіктерін қар астынан босатып та алды. Әттең мылқау жау, күшті жау, қапы
іздемесе қайтетін еді. Күш сынасса, адал алысса еді, көз жұмып қорқауланбай,
әділ сынасса нететін еді!.. Ол болған жоқ, жоғарыдан үздіксіз ағылып кеп, екпінмен
соққан кесектер алдыңғы қатарды айдай жөнелгенде, үш метр қар Қасеннің үстінен
де жүріп кетті...
          Етбетінен
түскен бойы зілдей салмақтың астында Қасен қалды. Күректен айрылған, басы
төмен, аяғы жоғары жатыр. Астындағы қар жұмсақтау болса керек, үстегі салмақ
басқан сайын, Қасен де төмен бата береді.
        Екі шынтақпен,
аяқпен бұлқынып байқайды: үсте жатқан ақ буралар мықтап шөккен, қозғалтар емес.
III
        Қаз-қатар
шөккен ақбуралар орнынан қозғалар емес... Жайлы жерді жаңа тапқандай, шудалары
желкілдеп, уақыт өткен сайын ақ иректер де есе береді... Бүгінгі бәйгені боран
әкеткесін, бригаданың алғашқы қайраты қайта қалғандай, қажыры мұқалғандай, енді
құр күйбеңге түсті. Тауаны шағылып, көңіл қайтқандай, бригада тұрған жеріне
ұйлығып қалды. Боран оған қуанғандай, дүниедегі бар ұлудың бәріне басып,
құлаштай ұрып, қарсылық болмағасын еркін ескектей, үйіре соғып, енді бригаданың
өзін жауып тастағысы келетін сияқты. Суық аяз сүйген жерін ойып алғандай.
         Аздан соң
Сейтен шал Есімге бұрылып:
-        Неғып тұрмыз?
Құдай қолын созар, боран рақым етер деп тұрмыз ба? - деді айғайлап.
         Бойға қуат,
ойға жөн сілтеп дауыс бәріне де естілді. Әркім-ақ ішінен "Бәсе, мұнымыз
не?" дегендей, күрегін қарға тағы да сала бастады. Жалғыз Есім күрегін
қарға салмады. Ол жолдастарына қолын бір сілтеді де, тау қардың шоқтығына отыра
қалып, төмен қарай сырғып кетті. Оның артынан Петр кетгі сырғанап, одан кейін
барлық бригада құлай-сырғанай етекке түсті.
Есім не ойлағанын төменге тұскесін ғана айтты. "Тамақтанып,
күш жинап алайықта!" - деді.
-        Пісіп тұрса,
дұрыс-ақ!
Тамақты ауызға алғасын, іш біткен ұли бастады...
-        Қасен! Уа,
қайдасың?
       Айнала
тып-типыл. Қасен түгіл, Қасеннің ізі де жоқ. Таңертең әкеліп түсірген шпалдар,
рельстер де көрінбейді. Азық-түлік жәшіктері, кухня, о да бір топ болып қалып
еді, оның қайда жоқ болып кеткені де белгісіз.
-        Қасен! Қасен!
Қасен! - деді, барлық бас, баритон бірге үн қосып. Аязды тіле, боранды есе
Натальяның жіңішке дауысы да шықты. Жоқ Қасен қайдан жауап берсін, ешбір үн
естілген жоқ.
-        Әлде біз басқа
тұстан түстік пе?
-        Олай болмаса
керек еді.
-        Ендеше Қасен
кайда?
          "Қасен
кайда?" қорқыта бастады.
-        Қаңғып кетпесе
еді...
-        О, құтырып па!
-        Енді қайда?!
         Бригада жұбын
жазбай жүріп Қасенді іздеді. Не от иісі, не тамақ иісі мұрынға келмейді.
         Текшелеп
үйген шпалдарға рельстің біреуін сүйеп кеткендері есінде еді, жобалап келіп,
Есім соны тапты:
-        Табылды!
Табылды!..
-        Не табылды?
-        Қасенді
қалдырған орнымыз табылды...
-        Өзі қайда?
-      Көрінбейді...
-        Біз де көре
алмай тұрмыз...
         Бригада тұра
қалып сол маңайдың астан-кестеңін шығарды. Екі метрдей қазып түскесін, Қасеңді
қалдырған орын да табылды: біраз ғана қу отын, екі ауыр жәшік қалыпты.
-        Өзгесі қайда
мұның?
-        Қасен жолдас
бір жаққа тасып, тыққан болар ма?..
         Енді Қасеннің
атына жолдас дегенді қоспасаң, әлде қандай халге ұшыраған адамнан ерсі болатын
сияқты көрінді.
        Дегенмен екі
жәшік көзге түскенде, қарын дауы да бой бермей барады екен, бәрі жәшікке қол
қойды. Әттең мұндай жерге өкініш араласпай жүре ме, жәшіктің ішінде балта,
балға, ожау, темір тарелке сияқты ыдыстардан басқа тамақ затынан өркеш тұз ғана
табылды.
          Петр Капица
тұздың бір түйірін ауызға салып жіберіп: "қалай дәмді еді!" деуі-ақ
мұң екен, "солай ма екен!" деп, басқалар да тұзға қолды салып-салып
жіберді.
           Екінші
жәшікті тағы ашып, енді соған үймеледі: консерві қалбырының үстінде көкпеңбек
боп мөлдіреп екі литр спирт жатыр екен, жұрт бас салды. Петр бір қолымен
бутылканың мойнынан қысып, екінші қолымен түбінен ұра бергенде:
-Тимеңдер! Бұл-сгшрт! - деп, Есім бутылканы жұлып алып,
жәшікке қайта салды.
-        Қасеңді
іздейік те! -  деді бар даусымен.
-        Ие, Қасенді
іздеу керек... - десті бәрі де.
-        Ал қалай
іздейміз?
       Күн бойы көптің
бірі болып, ешбір жөн сілтей алмағанына ұялғандай, Есімнің бет-аузы дуылдап
кетті. Бетінде қара қожалақ болмаған түймедей жер қалса, қып-қызыл болғандай еді.
Сондықтан, оның дауысы ширақ, команда сияқтанып шықты:
-        Қар үстінен
іздеп те керек жоқ! - деді ол, - тапсақ қар астынан табамыз... Мына жәшіктер
екі метрдің астынан табылды ғой, олай болса осы тереңдіктен Қасен де табылуға
тиіс... Мүмкін одан да төменіректен кездесер. Бір топ адам осы арадан тура тартып
ат жалға қарай қазайық. Еңді бір топ ат жалдың бойын өрлей, ақ таудың етегін
ала қазсын. Терендігі екі метр, көлденеңі бір жарым!.. Наталья, сіз қазған
қардың тереңдігін өлшеп, теріс кетпеу жағын бақылаңыз. Және, спирт жәшігіне ие
болыңыз! - деді.
        Бригада екіге
бөлініп, бір топ ат жалды етектей, екінші тобы тура ат жалға бет қойып, ақ тауды
қаза бастады. Кесек-кесек қар тағы да төмен қарай сырғып, адам күшіне жол
берді. Ат жалға қарай он метр барғанда бірінші табылған нәрсе тас көмір
салынған қапшық болды.
-        Дұрыс
айтасың... Азық-түлікті бір-бірлеп тасыған ғой осылай қарай... Осы қапшықтың
аузы қалай қарап жатса, солай қарай қазуымыз керек... Әй, бері келіндер! - деп
Есім бригаданы қайта қосып, көлденең жатқан ат жалға қарай тура салды.
-        Есі бар адам
басқаша істер ме! - деп Наталья да Есімнің сөзін мақұлдады.
         Қуаныш
белгісі берілгеннен кейін, бригада таңертеңгі қайратқа қайта мініп, ақ тауды
талқандап, ілгері қарай тезірек жүріп кетті. Бірақ боран да бәсеңдейтін түрі
жоқ. Бригаданың қанша терең ғып қазған жерін, ізінше-ақ көміп тастап тұр.
           Опырып-жапырып
алда келе жатқан Петр Семеныч:
-        Наталья! -
деді айғайлап.
         Бұл оның
Наталья жеңгейді қуантарда, не болмаса ерлік сияқты бірдеме істеп салғанда
шығатын дауысы еді.
-        Немене,
Петя?.. - Бұ да Натальяның сүйінгенде ғана аузынан шығатын жылы сөзі болатын.
-        Күрегім
тіреліп тұр!
-        Болды!.. Жетер
мақтануың! Не таптың? - Петр Семеныч бұл жерде босқа мақтанған жоқ екен: күрегі
бітеу кухняның мойнына келіп тіреліпті.
Бригада енді осы араға үймелеп, қар астынан жәшіктерді,
кухняны суырып алды.
Сол кезде:
-        Әй, кухняны
қиратып ала көрмендер! - деп айғай сала, қар астынан Қасен де шыға келді...
        Қасен қар
астында біраз жатқасын жылынып, әрі-беріден соң түрегеп те алған. Қар астында
адам тұншықпайды екен. Адамның демімен қар еріп, бастың айналасы кеңи береді
екен. Күртік нығайған сайын, қар өз салмағын өзі көтеріп, езе беруді де қойған.
Бірақ, қолда күрек жоқ адам, қарды қанша тесіп аз ғана әрекет істей беріп еді.
Қанша әуреленгені белгісіз, әйтеуір, бір кезде үстіндегі салмақ жеңілейе
бастағанда қар астындағы Қасен де тулаған... Енді, міне, үйіріне қосылды.
Жолдастарын бір-бір құшақтап болғасын, Қасеннің бірінші айтқаны:
-        Қар астында боран
жоқ екен! - деді. Жолдастарының сақылдап күлгеніне қарамай:
-        Жер үйден жылы
десем иланбассыңдар, барақтан жылы екеніне жанымды берем! - деді тағы да.
-        Өзіңді аман
алып қалғасын мақтай бер, Қасен! Біз сені боран айдап кетті ме деп қорқып
едік... Салмағыңның қанша екені мәлім ғой... - деп жолдастары үйреншікті әзілге
айналдырды.
-        Қасендікі
дұрыс. Бастан талай кешкен болатынбыз, - деп, Сейтен қарт Қасенге қосылды. Бұл
кісі әлденеге назаланғандай, күн бойы аузын бір ашқан жоқ еді. - Қасеннің неге
айтып тұрғанын білесіндер ме? Тыңдай байқандар әуелі. Содан сон күлерсіңдер! -
деп Қасенге айта бер деген пішінмен қарады.
-        Жолдастар,
қалжыңды қойып тындасандар, мен бір ұсыныс жасар едім, - деді Қасен қысылыңқырап.
-        Айт, айт!
-        Ақырзаманды да
көргеміз деген секілді, қар астын көріп қайттым... Осы арадан ойып тұрып маған
бір үңгір жасап берсендер, мен тамақ істер едім... Қар астынан артық баспананы
бүкіл жол бойынан таба алмаймыз... Өз қара басым қар астында қыстап шығуға
бармын! - деді Қасен.
       Сейтен қарт
Қасеннің ұсынысы шалалау болды-ау деген адамша азырақ қырын қарап кетті де, өз
ойындағысын тап бұл жерде айтпады. Оның ойында Қасен ұсынысының жалғасы жатыр
еді де, өлшеп-пішіп айтуға үйренген қарт ол ойын тағы бір салмақтап алғысы
келді:
-        Қасен дұрыс
айтады. Ақ таудың астын үңгірлеп тұрып кіруіміз керек. Тыста боран ұли берсін!
- деді де қойды.
      Ашыққан бригада
Қасеннің ұсынысымен ақтаудың астын үңгірлеп жіберіп, желсіз, борансыз, суықсыз,
ақ сарайдың астына кірді де кетті. Біраз үңгіп, ойылған қарды сыртқа тасып, әрі
кең әрі терең туннельмен бригада түгел тау астына түсіп кетті.
         Сыртта боран
әлі ұлып тұр. Енді аузыма түскен шығарсың деп, сақ-сақ күлген сұрапыл, бар
адамнан біржола айрылып, ойды-қырды астан-кестен қопарып, ол жүр таба алмай.
-        Осында кірсең,
шығармаспын! - деп, бригаданың ақ тау астына кірген үңгірін де бітеп тастады.
Үйіп жатыр тағы да!
-        Алды-артынды
түгел орап, құшағымнан шығармайын! - деп, қара түн де орнады.
        Ақ таудың
астында Қасен де кухнясына от берді... Қалжыраған, жаураған, ашыққан жандар
киімдерін шешіп, үсті-бастарын қағына бастады.
Тыста боран мен аяз бұларды іздеп, дүниедегі бар ұлудың
бәріне басып, ұлып жүр. Өшіккен жау, ашынған долы алай-түлей борай соғып, сол
түбектен бергі қардың бәрін айдап әкеліп-иіріп жатыр, үйіп жатыр...
IV
        Қысқы ұзақ түн...
Бет-аузы айғыз-айғыз қабырға сағат ұзақ түнді оңай өткізгісі келгендей безектеп
тұр. Асығыс-ақ соғады, амалы не, ауыр түн қозғалар емес.
        Әлде ғана
ашылған терезені қар тағы да бітеп кетті. Ұлыған боран тыста әлі өңештеп тұр.
Аласа ғана жер үй ұлыған боранмен бірге әлдеқайда көшіп бара жатқандай
сезіледі. Темір пештің ішінде сөніп бара жатқан қызыл шоқтар кезін қысып, күлге
оранып, ақырын ғана ұйқыға кетіп барады.
           Гуриннің
кірпіктері де жанаса кетсе-ақ жабыса кеткелі отыр. Бармақтай ғып орап алған
үсті-үстіне сорып, будақтаған түтінді, әдейі көзіне қарай жіберіп отырған
сияқтанады. Екі көзін қос жұдырықтап әлсін-әлсін уқалап қояды. Сағаттың бір
қалыпта шықылдап тұрғаны әрі беймаза, әрі ұйқыны келтіріп тербетіп барады.
Гуриннің аддында скамейкада қара тонға оранып отырған Динаның ұзын қара
кірпіктері әлдеқашан айқасып, басы бұлғандай бастады. Жылынған денесі балбырап,
еріксіз ұйқыға әкетіп барады.
-        Дина, қалғымай
тұра тұршы... Не істейміз? Сен ойынды айтшы!.. - деді Гурин ақырын ғана.
Дина селк етіп көзін ашты да:
-        Мен бе?..
Айттым ғой көргенімді. Қорытындыңызды өзіңіз шығара беріңіз... Менде шама
қалмай барады, тұла бойым қорғасындай,-деді.
-        Мен Маркиннің
сөзіне сене алмай отырмын. Тоңғақ болатын еді, көп іздеуге шыдамай, босқа көпіртіп
қайтты ма дей берем... Өзің білесің, сөз арзаны аузына оңай түсе кететін жігіт
қой ол, - деді Гурин есігі ашық тұрған екінші бөлмеге қарап.
-        Оның рас
шығар! - дегеңдей, ол бөлмеде әлдеқашан ұйқтап қалған Маркин кеңсірігін жара
тағы бір қор етіп қойды.
-        Маркин жалғыз
емес, бригадир Саржанов үшеуіміз бардық қой? Еш нәрсенің ізін таба алмадық. Біз
үн ести алмадық... Сол алапта дәл үш сағат жүріп трактордың қасына келсек -
майы қатып қалыпты. Өзің не істей алар ең? Трактор қала барды... Өзіміз
адаса-адаса қаланы әрең таптық. Менің айтарым да сол: олар боранда жұмыс істей
алған жоқ, қалаға қайтамыз деп адасып кетті. Қалай таңатса, солай іздеуге
шығуымыз керек... - деп, шылым тартпайтын Дина да темекі орай бастады.
-        Тартпа,
Дина... Бар, ұйқтай тұр, - деп Гурин оның қолындағы шылымын алды.
           Қара тонын
сүйретіп, екі аяғын әрең басып, Дина шығып кетті. Тонды жамылған бойы,
шешінбестен барып скамейкаға құлай кеткені сезілді. Гурин учаскелердің бәріне
мынадай телеграмма жазды:
         "Кеше
таңертең Қайрақты қаласына барған ерекше бригада әлі күнге хабарсыз кетіп
барады: барлығы он жеті адам еді. Іздеп шыққан адамдарымыз ешбір ізге ұшыраса
алмай қайтты. Адасып кетті деп жорамалдаймыз. Таң ата іздеуге шығамыз.
Тұс-тұсынан жәрдемдесіп, іздесе көріңіздер. Участок начальнигінің орынбасары
Гурин".
         Телеграмманы
жан-жаққа жіберді де, Гурин телефонға отырды.
-        Қима! Қима!..
Қима!..
Қима оңай тіл қатсын ба!
        "Құдай
қол астында" телефонмен сөйлесудің бір қиын жері болса - ол осы Атбасар
мен Қимада деп біліңіз! Телефондағы қыздар өліп бара жатырмын десең, оңай жауап
бермес! Өмірде жөн сөйлеп көрмеген адамдар сияқты.
        Сен: -
Атбасармысың? - дейсің, өздерінің тәртібі бойынша.
        Ол: - Атбасар
емей кім деп ең? - дейді. Бұл кімнің тәртібі екенін, әрине, білмейсің.
     Қима демейді,
"Кима" дейді, әрі мұрындарынан сөйлейді. Екі ауыз сөзге келмейсің, ұрысысып
қаласың. Ең қызық жері - керісе қалсаң, сен білетін орысша, татарша, қазақша үш
тілдің үшеуіне де бой бермейді. Сілеңді қатырып, тұқырта жеңіп барып тоқтайды.
Гуринге де осыны істеді:
-        Корин болсаң қайтейік!
Бола бер!.. Немене, соншама. Ерігіп отыр екесің! Мұндағы жұрт бораннан көз аша
алмай отырса! - деп жерлеп алды әуелі. Гуриннің ұйқысы шайдай ашылды.
        Өлдім-талдым
дегенде екі жермен әрең сөйлесіп, ешбір хабар ала алмай, Гурин далаға шыға
келгенде бозалаңдап таң да атып келеді екен. Әр үйдің таң тауығы да шақыра
бастады. Әлдеқайда бүлкілдеп қана бірер ит үріп жүр.
Дереу екі ЧТЗ-ны әзірлетіп жіберіп, Гурин қаладағы бар
адамды қаз бастырды. Бәрін де бригаданы іздеуге шығарды.
-        Бір трактормен
сен жолдың оң қабырғасын сүзе отыр, мен он қабырғасында боламын. Екі арамыз
атты жаяу адам болады. Түйісер жеріміз "Қайрақтының" қаласы болсын.
        Түнде қалжырап
жүрген Дина еңді құландай ойнайды. Кешегі талғандықтың бәрі ұмыт болыпты. Гурин
де ширақ көрінгесін, "о да дем алған екен" деп ойлады ол.
        Бұлар қаладан
шыға бергенде күн сияқты бірдеме көзге ілініп қалды да жоқ болды. Дауылды боран
түн бойы дем алып, тынығып қалғандай, ішін қайта-қайта тартып, ұйтқи соғып,
қайта құтырынып кетті. Кеп адамның бет-ауызын қаладан шықпай жатып-ақ қарып әкетті.
         Жайылып
іздеген көп адам жол бойын сүзіп отырып "Қайрақтының" қаласына
жеткенде күн батардың аз-ақ алды еді. Күн бойы жүргендері тоғыз-ақ километр! Оның
үстіне күн бойы ешкімнің көзі еш нәрсені шалған да жоқ.
-        Сезілді ме еш
нәрсе?
-        Жоқ. Өздерің
ше?
-        Жоқ...
         Түйіскен
жердегі сөйленген сөз осы-ақ болды... Басқа сұрау кеп те, бірақ жауабы жоқ еді
соның...
         
"Қайрақтыны" кесіп өткен ат жалдың бейнесі кішігірім таудай
бар! Екі қабырғасы екі жаққа жайылып, аңғар да қосылып кетті. Кең аңғарды лық
толтырған қар, жүрер жолын жөндеп алғандай еркін аңқытып барады.
-        Трактор қай
жерде қалып еді кеше?
-        Осы тұста
еді... Қар жүріп кетсе керек үстінен.
-        Осы арада қалғанына
анық көзің жете ме?
-        Ол даусыз болу
керек.
        Өзге былай тұрсын,
кеше кешке ғана болған тракторды жұтып жіберген боран тандандырды.
        Солтұстықтан
қара түн қанатын жайып тағы келеді... Қалжыраған жұрт ақ таудың үстінде тағы
біраз тұрды да, енді бетті ыққа қарай түзеп, жақын поселкаға тартты.
        Дерек боларлық
еш нәрсе жоқ, аз ғана үміт біржола үзілгендей. Участок үлкен ұятка ұрынғандай,
үн-түн жоқ, қалаға кірісті.
Гуринді мұнда да бір үлкен іс күтіп тұр екен. Екінші прораб
мынадай телеграмманы ұсынды:
"Барлық участок бастықгарына, бригадаларға! Қарағандыдан
900 тонна кемір алып шыққан эшелон Ақмолада тұр. Жол бойындағы үзіктер
жалғанып, кары аршулы түрсын. Тергінші мен үшінші участоктің шекарасы, жоддың
екі басы жалғанатын жер. Артық күш сонда жіберілсін!" - депті...
Гурин сырт киімін әрең сыпырып тастап, пештің қуысына барып
құлады да ұйқтап кетті...
Ойткені есіктен кіріп келе жатқан участок бастығын көзі
шалып қалған еді.
-        Гурин, Гурин!
Не болған саған? - деп жұлқылаған бастығына жауап беруғе шамасы да келмеді...
V
       Қар астындағы
минуттар ауыр өтті. "Қар астында қалдық қой" деген ой ауыр ма, үстегі
қар ауыр ма, қараңғы түн ауыр ма, әйтеуір ой бөгеліп, көңіл торыға қалды.
      Қарбаласта әрең
жасап алған үңгір иықтан басып тұрған сияқты. Он бір адам темір кухняны ортаға
ала дөңгелене отырысты да, көпке дейін үндеспей қалды.
     Мыс қазаны мен
мискелерін, консерваларын әзірлеп, пышағын жалаңдатып Қасен ғана көңілді жүр.
Үңгірдің іші біресе нарттай қызарып, біресе көгілдір тартып, от сәулесімен
жымыңдасып тұр. Еркін масайрап, күле қарап, көңілді жанып тұрған от айналасында
отырған адамдарға әлденені сыбырлап тұрғандай:
-        Мәңгілік
күштен өнеге ал! Жабырқама, жадыра! Сенің сендігің де осында болатын! -
дейтіндей.
        Сейтен қарт
кәрі көздердің құйрығымен жолдастарын бір шолып етіп еді, қажыған жандар тамақтанып
алғанша әңгіме тындайтын түрі жоқ сияқты көрінді.
       Ойында жүрген
ұсынысын ортаға салуға әлденеше ыңғайланса да, дәл қазір асығыстау болып жүрер
деді де айтпады. Сондықтан, ақырын ғана орнынан тұрып, күрегін қолына алды да
үңгірдің етегінен сандықтай қарды ойып алып, тысқа әкетті. Үңгірдің бітеле
бастаған аузын кеңейтіп жіберіп, көтерген қарын төмен қарай сырғытып жіберді.
Қайтып келіп тағы бір кесекті алып кетті. Асықпай-саспай, ешкімге еш нәрсе демей,
өз жұмысын үндемей істеп, осылай жүрді де қойды.
       Қасен тамағын
ысытып болғанша, Сейтен қардың астын қуалап, әрі қарай кетіп те қалған еді.
-        Сейтен, не
істеп жүрсің? Өзіңе оңаша бөлме жасап жүрсің бе? - деді Петр Капица.
-        Жоқ, Наталья
екеуіңе оңаша отау жасап жатырмын... Сендердей жас қалындық пен жас күйеудің
қадірін менен басқа кім біледі дейсің! - деп Сейтен тағы бір кесек қарды сыртқа
қарай алып кетті.
- Мен білем сенің не істеп жүргенінді! - деп, Петр де
орнынан тұрып, Сейтеннің соңынан кетті.
-        Әй, сен не
ойлап жүрсің! - деді Петр, сыртқы ауызда Сейтеннің білегінен ұстай алып.
-        Айттым ғой!..
-        Жоқ! Ол емес!..
Мен түсіндім сенің ойынды!..
-        Түсінсең
қолыңа күрегіңді ал! Петр жүгіріп келіп, күрегін алды. Келесі жолы екі қарт екі
үлкен кесекті бірге алып кетті.
        Бұлардың не істеп
жүргендері жолдастарына әлі белгісіз. Не сөйлесіп жүргендері де естілмейді.
Дауыстары біресе үңгірдің түкпірінде, біресе тысқа шығар ауызда ғана
күңгірлейді. Күңкілдеседі, күледі... Бірін-бірі көтермелеп, демеп, мақұлдап
жүрген сияқты.
           Аздасын
оларға Наталья барып қосылды.
-        Құтырған,
шалдар-ау, не істеп жүрсіндер?
-        Шығарма
үңінді! Ішің білсін! - деп Петр Семеныч Натальяның білегін бір қысып қойды.
-        Екі шал бір
қызық істегелі жүрген болар! - деді де Наталья үндемеді.
-        От әкелші,
жарық қылшы!.. Мына бір жатқандар немене екен... Күрек тіреліп қалды ғой... -
деп Петр Натальяны отқа жұмсады.
        Наталья шырпы
тұтатып жарық қылған кезде, Сейтен бір ташанкені суырып алды.
-        О, сен, жүз
жаса, Сейтен!
-        Саған мен екі
жүзді де көпсінбеймін!
         Манадан шала ұғынып, ұғынса да шалдардың
ойын аузынан жырып әкете алмай Есім қысылып отыр еді. Енді ол да күрегін қолына
алып үңгірдің түкпіріне барды:
-        Мен оя
берейін, сіздер сыртқа сырғыта беріңіздер!
         Енді үшеуінің
көздері түйісіп, түсінісе қалғандай. Біріне бірі жымия қарап тұрып қалыпты.
-        Көрдің
бе?-дегендей Петр Сейтен шалды ойығымен нұқып қалды. Сейтен оған да соны
істеді.
-        Мен де
түсіндім. Рақмет, шалдарым! - деді Есім. - Енді қалай, темір жолды ақ таудың
астымен сала береміз бе?
-        Молодец,
бригадир! Түсініпсің!
-        Жігіт екенсің!
Ақ тауды кеулеп жіберіп, рельсті қардың астымен төсей берсек қайтер?.. Тыстан
алдырмағанды іштен алдындар деп, кім ұрсар екен? - деді Сейтен.
         Сейтеннің
ұсынысы әрі қызық, әрі жат көрінді жолдастарына. Батылдығы және қандай? Мүмкін
бе екен бұл? Күлкі болып жүрмес пе?
-        Сендер емес,
біз таптық! - дегендей шалдар жымындасады.
-        Мына шалдарды
көрдің бе! - дегендей, жастар біріне-бірі қарасады.
Ақырында алма-кезек пікір айтылып, ұсыныс салмақталып
болғасын, шалдарға бәрі қосылды.
-        Жалғыз амал
осы болса - нар тәуекел! - деп осыған сөз байласты.
-        Отын көп,
тамақ жетеді!.. Тап осы ойға мен де келіп едім мана... Мазақ қыласындар ма деп,
айта алмап едім...-деп, Қасен де қуаттады.
-        Ал қарды
сыртқа тасу жағы қалай болар?
-        Бар әңгіме
осында ғой, балалар-ау?!. Сырттан аршығанда ол қарды бір жаққа тасымас па едің?
-        Әрине...
        Ендеше, ат
жалдың тұс-тұсынан тесіп жіберіп, ішкі қарды тысқа қарай сырғыта береміз. Ішке
бір күрек қар түспейді. Біз аршитын ат жалдың ұзындығы жүз тоқсан метр, бес
күндік қана жұмыс емес пе?
-        Ат жалдың
үстін бір аршып алсақ, ақ таудың асты кең сарайдай болады. Сонсын сала бер
жолынды! - деп, Сейтен бар ойының байлауын айтты.
-        Тоқтасын сөз!
Ендігі ерлік істе сыналсын!
-        Жә, бәсе!
         Осы сөздер айтылуы-ақ мұң екен,
шалдардың ұсынысы ойға шақ, бойға лайық істердің біріндей ғана болып қадды. Әлі
де біраз жатырақ көрінетіндігі жоқ емес, дегенмен, қолдан келетіні де даусыз
ғой. Құр қамалғанша алысып байқаған жақсы да! Атаң істеп көрмегеннің бәрінен
шошына берсек, алға басқаның қай жерде!.. "Баста, бала!" - деп Сейтен
күрегін қолына алды. Аяқ-табағын асығып жинай салып, Қасен де күрегіне
жармасты.
         Демалайық,
тынығайық-ау деген ешкім жок, ерекше бригада ат жалға дейін тура барды да,
содан кейін ық беттегі бүйірге екі коридор жасап алып, ішкі қарды сыртқа қарай
сырғыта бастады.
          Ақ таудың
астыңда не боп жатқанын біле алмай, бүлк еткенді андып сұрапыл тұр ауызда.
Сыртқа қарай атылған кесек қарларды қуып о да жөнелді ойға қарай. Іштегілер
өшіккен итке тас атқан сияқты да, сұрапыл боран бір өшіккен ит, лақтырған тасты
қуып барып, тоқтаған қарды да бір қауып қалып, кейін қарай қайта жүгіреді.
        Қар
астындағылар қайсар күшке, табан тірескен алысқа әбден кіріп алған. Ат жалдың
өн бойын өрлей көп жерді аршып тастаған, ішкі қарды сыртқа шығаратын бірнеше коридор
да жасап алған.
-        Жолдастар,
енді біраз демалайық! - деп Есім бригаданы тоқтатқанда сағат түнгі төрт екен.
Ат жалдың қыр арқасында аршылған жердің ұзындығы он екі аттам, биіктігі кісі
бойы, көлденеңі бес метрдей болып шықты. Ақ сарайдын бір босағасынан бұрын
төселген рельстің шеті де шыға келді.
-        Ұстадым ба
құйрығыңнан! - деп, Сейтен шойын жолды күрегімен тықылдатып қойды.
-        Әлі жүз тоқсан
метр жерді аршуымыз керек-ау, Сейтен! Оңай көріп жүр ме мұны! - деп Петр
Семеныч та келді.
            Екі шал
жоғалғанын тапқандай, бір сүйем шойынға сүйсіне қарап, сол араға бөгеліп қалды.
            Қызыл
шоқтай кып-қызыл темір пештің тұяқтары тұрған жеріне батып барады. От лебінен ери
бастаған қар төбеден мөлт-мөлт етеді. Қар үңгірдің қабырғалары да терши
бастаған. Мөлдіреген тамшылар мөлт етіп пешке құлайды да, ізінше буға айналады.
        Мұз жастанып,
қар төсенген бригада ұйкыға кетіп барады.
-        Есрафил деп
соны айтады екен... Сұрапыл деген содан қалса керек, - деп, Сейтен де ескі
нұсқалардың бірін аяқтады.
VI
        ...Кешегіден
гөрі бүгінгі күннің алды тар сияқты:
- Қарағаңды көмірі Магнитогорға төте асқалы, эшелондар Ақмолаға
келіп тұр! - деген хабар жол бойын түгел майданға шығарды.
       Жолдың ен бойы
қара құрым, қалың қол мылқау жау ақ боранмен табан аудармай алысып жатыр. Темір
жол салушылардың өздерінен басқа, тұс-тұстағы колхоздардан адам жібермегені
жоқ. Алысқа түспеген колхоздар өзінен-өзі ұялып отыратын шақ еді бұл. Әр топ,
алуан күштер сынға салынып, әзара жарысқа түсіп, жұмсалар күшке тұтасқан үн
берілген шақ еді бұл.
        Осы алысқа екі
күн өтті, жонын көрсеткен жау да жоқ, алғанын қайтарған ел де жоқ: бір аршып
алған жерді енді қайтып қар құшағына қайта бермей келеді.
        Сұрапылдың да
уыты алынып, күші қайтқанға ұқсайды. Ақ азулары әлі де сақылдап тұрса да, бұл
күш белгісі емес, жеңілгенінің ызасы сияқты.
       Дауыл жел
дүниені неше рет шырқ айналса да, түп қазығын теріскей беттен суырмай тұр еді,
бүгін батысқа қарай жылысқандығы байқалады. Түс кезінде күн де бір көрініп
қалды. Әлі де құлақтанып тұр, айналасы қызылды-жасылды шеңбердей болғанмен жүзі
жылитын қалпын да байқатып қалды. Егер күндегідей қашан батып, қайда кеткенін
жасырмай, кешкі ұясына еңкейгенде тағы бір белгі бере алса, ертеңгі күн ашық
болады деуге болатын.
          Жол
бойындағы қалың қолдың ара-арасында желе-жортып қар тазалағыш паровоз жүр.
Шегенделіп жатқан қарды есіп өткенде екі ернеуінен ақ көбік бұрқ-бұрқ еткендей
болады. Шақпақ тастай кесек қарлар жаңқаланып сынып, етекке қарай ұшып түсіп
жатыр.
          "Қайрақтының"
алқымына қарай бір топ адам келіп шоқтарыла қалды.
-        Осы арадан
бастайық! - деді бұйра бөрікті жігіт, қасындағы әйелге.
         Бұл Гурин
еді. Бұл аққұба жігіт еді, енді сіріңке қара болып кетіпті. Оның қалтасындағы
саяси бөлімнің соңғы бұйрығы да жүр: "Мұндай апатқа ұшыратқан Гуриннің
жұмысы дереу тексерілуге берілсін" деген сөздер есінен бір шықпайды оның.
-        Тексеруден қорықпаймын,
ұятты қайтермін! - дейді ұяла білетін Гурин. - Өзім бастап келуім керек еді де!
Бар адамды қырып алып, жауаптан қашамын ба? Жаза шарқын білемін!..
         "Қайрақтының"
алқымына жүз метрдей жер қалғанда бұл топ тоқтады да шөгіп жатқан ақ тауға қалды.
        Гурин арғы
беттегі бригадаға ғана барып қайтайын деп, биік қырқаның үстімен әрі кетті. Ол
тая-сырғанай қырқаның ең биік шоқтығына шықты да алды-артына көз салды. Көз
жетер жердің бәрінде де жол үстіне жабылған адам. Ескектей сырғып,
апырып-жапырып жүрген жол тазартқыштар. Аңғардың екі жағынан түскен топтар
біріне бірі жақындап, таянып келе жатыр.
-        Ертең осы ақ
таудың өзіне де салармыз қолды! Жонынды тіліп тұрып, астан-кестеңін шығарсақ,
төбеңнен түскендей көрерсің! Сендегі кек аз емес! - деп Гурин өзімен өзі серттесіп
тұрғандай. Қырқаның арғы етегінде көз ағашқа байланған қызыл шүберекке көзі тоқтады.
          Дәл қырқаның
ық бетінде әр жерде үйіліп жатқан тау-тау кесек қарларды көзі шалды. Соңғы
боран іштен шыққан кесек қарларды да бауырына басып, кейбір елеусіз бейнелерді
ғана қалдырған.
            Қызыл туды
көтерген үлкен бір топ биік ақ таудың үстіне шығып барады. Барды да айқаса
түсті. Алдырман деген, шығарман деген биігің осы болса, алынғанынды көзің
көрсін дегендей, ақ таудың дәл шоқтығына шығып алып, күрегін қадады. Ақ өркештердің
астынан қырқып, ақтаудың қойнына кіре бастады.
            Ақтау
ауырсынғандай әлгінде ғана күдірейіп тұрған шоқтығы басылып, белі қайқаңдай
бастады. Ұзамай дөңкиіп жатқан жотаның жуан белі үзіліп, ортасы кертештеніп те
қалды.
          Бұл кезде қар
тазалағыш та жақындап келіп қалған еді. Алды бар екпінімен ақ тауды омырауымен
соғып бір жіберді де кейін шегінді. Тағы соғылды, тағы...
         Осыған
аландап келе жатқан Гурин бір кезде ақтаудың астына күмп ете түсті. Не болғанын
да біле алмай қалды. Қап-қараңғы, көгілдір үңгір... Тарсылдатқан, шықылдатқан
дыбыстар... Күңгірлеген адам дауыстары... Шпал... Рельс... Консерві иісі...
Тамақ иісі...
-        Гурин, Гурин!
- деген таныс дауыстар келеді.
          Әлдекімнің
құшағы мойнына оралып та қалды.
-        Наталья!
-        Сейтеке!
-        Сережа, Миша!
-        Есім!..
Гурин!.. - деген дауыстар бірінен соң бірі басым шығады.
         Алынбай
жатқан ат жалдың үсті аршылып қалған. Жетпіс метрдей жердің рельсі де төселіп,
енді тек шегеленуі, бекітілуі ғана қалған екен.
-        Мына қар астынан
жол салудың инженері мына шал! - деп Петр Капица Сейтенді иығынан бір итеріп
жіберді...
          Гурин
аң-таң. Әлі еш нәрсе толық ұялаған жоқ ойына. Бригаданың он жеті адамын
кезек-кезек құшақтап, біресе күліп, біресе көзіне жас алады.
        Ертеңіне
есіліп ақ тау, жосылып жота жол берді, жол үзігі жалғанып қалды екі шек
қосылып. Поезд да отті ен далада еркін салып айғайын, будақтатып көсіліп.
Есрафил да бұл алыстан түңілді, жас алыптан - жаңа адамнан үміт кесіп, тосылып.
Бар ашуы алқымына тығылып, қалжыраған, бір тұрып, бір жығылып, кетті қайтып мұз
жеріне, түбегіне, қанды іздері қалды қарда жосылып...