ВЕРНУТЬСЯ

       Біз Орынбордан шыққан үш оқушы жеті күн жүріп Керекуге әрең
жетіп, поездан түстік. Бұл екі араға он күн жүруге де болады екен. Поезд жүрісі
әлі дәлденбеген кез. Біз тез жүріп келіппіз.
         Күннің көзі
екі жағынан да құлақтанып, ауа шаңытып тұрған суық екен. Сібірде қандай атақты
суықтар болса, соның ең сойқандыларының бірі осы болар. Тап осындай суықта
кәдуілгі құстың сағы сауысқан, зәуі сайтан, телеграф сымына қона қалса, үш рет
шық-шық еткенше ұшып түседі дейді біздің ауыл. Ал, енді біздің ауыл деген
аумаған сіздің ауыл сияқты, білмейтіні жоқ...
          Поездан түсе
салдық та үшеуіміз үш жаққа жүгіре жөнелдік. Күн кешкіріп барады, тым болмаса,
бір түн паналап шығатын үй іздедік. Менің қасымдағы екі жігітгің кигендері:
солдат шинелі, бастарында Буденный жауынгерлерінің сұр құлақшындары,
маңдайларында айбарлы қызыл жұлдыздары да бар. Менің үстімде қазақы қойдың
қазақша илеген терісінен қазақша тіккен тоным бар. Менің қала деген жерге биыл
ғана келгенімді осы тонымның кете қоймаған малма иісі недәуір жерден аңғартып
тұрады. Не қаусырынғанда, не түймелегенде екі етегі екі жағыма қарай делдиіп
кететіні болмаса тоным - тон-ақ... Басымда Орынбор базарынан бір сом жиырма бес
тиынға алған қара бұйра бөркім бар. Желке жағы азырақ қырқылған, басыма азырақ
сиыңқырамайды, дегенмен бір сом жиырма бес тиынға сутегін арзан. Оң жақ шекеме
қарай ауыстыра кисем, өзіме өзім айта қалғандай ұнап кетемін. Үшеуіміздің де
аяққа кигеніміз қара ботинка, галош.
       Вокзал
маңайында үй көп емес, түгел түртініп шықтык. Бір үй есігін ашқан жоқ. Ол
кездегі ұры-қары кезбелердің көбі-ақ солдат киімінде жүретін. Тегі, бізді де
солардың бір филиалынан келгендер ғой деп ойлай ма, немене, есіктен аз ғана
сығалап қарайды да, сарт еткізіп жауып, тырс еткізіп кілттеп алады...
       Вокзалға қайта
келіп кірдік. Поезд жүрерде қоңырау қағатын шалдан басқа жан қалмапты. Қалың
көк ала сақал-мұрттың арасынан қою көк түтінді бұрқыратып, бүйірі қызарған
темір пештің аузына таман жақындау жерде сол шал отыр. Шалға аты-жөнімізді
айтып, бір түн паналап шығатын "бұрыш" тауып бер деп жалындық. Вокзал
тұрғындары бізді кезбелер деп ойлай ма, немене, есіктерін аша беріп жауып алады
дедік.
      Темір пештің
касында темекіні бұрқыратып отырған адамда қандай асығыс болсын, шал әуелі
біраз тарихи жағдайлардан хабар берді:
-        Қоянды
жәрмеңкесі жабылғалы Эдельманның қонақ үйі де жабылған, - деді шал, - Ұмытпасам,
Қоянды жәрмеңкесі шүу деп ашылғалы биыл жетпіс бес жыл... Эдельманның қонақ үйі
салынғалы қырық жылдан асқан жоқ-ты. Үй-ақ еді, шіркін!.. Қаламыздың көркі
болатын. Жабық тұра берген соң бәрібір шіріп кетеді деп, қала тұрғындары үйге
қол сала бергенде бір тыйым салынып еді... Одан кейін қай уақытта, қалай жоқ болып
кеткенін айта алмаймын... Ұшты-күйді жоқ болды. Осы күні кейбіреудің үйінде
терезелері, енді біреудің үйінде есіктері танылып тұрады.
-        Қысқасы, қазір
ол қонақ үй жоқ қой? Басқа қонақ үй бар ма?
-        Басқа қонақ
үйді кім салады? Құлап қалған патша сала ма? Қалтасында копейка жоқ сполком
сала ма? Эдельмандар зым-зия болғалы, ұмытпасам, биыл алты жыл...
-        Сонымен, біз
бір түн қайда паналап шығар екенбіз?
-        Сіздер ме?
Сіздер қазір далаға шығыңыздар. Вокзалға шөп таситындардың қазір қалаға
қайтатын кезі. Бос қайтады. Сол бос қайтып бара жатқан шаналарға құлай-құлай
кетіп, қалаға жетіп қалындар... Біреу болмаса біреу аяр, бір түнге қондырып
шығар... Ақшаларың бар ғой қалталарыңда?
-        Бар. Первый
советский червонец!
-        Оларынды жұрт
алар ма, жоқ па, оны мен білмеймін... Ал, енді шай мен кездемеге қырылып
қалады... Өзі жататын төсегін саған береді. Қазақтар бес кез ши барқытты
астындағы атын беріп алады.
-        Ондайымыз жоқ
біздің... оқушымыз...
          Шалдың
сілтеген жағына қарай далаға шықсақ, төрттен-бестен тізбектелген шаналы аттар
қалаға қарай ағылып барады екен. Алдыңғы шаналарда бірер адам бар да, артқы
шаналарда жоқ. Тоңған аттар безектеп желіп қатты кетіп барады. Азырақ абайлап
алып, бір кезде қасымыздан өте берген бос шаналарға, шал айтқандай, құлай-құлай
кеттік. Қаланың орта тұсына жеттік-ау деген кезде шанадан көшеге сұлай-сұлай
кеттік...
        Тағы да жүгіріп
жүрміз... Көшенің екі бетін үй тастамай сүзіп келеміз. Кейбір есіктер үн
шығармайды. Кейбір есіктердің үн шығарғаны құрысын. Сені бір қаңғырма көріп
жер-жебіріңе жетіп барып, сыртқы есік сарт ете түседі, ішкі кілт тырс ете
түседі. Сенің мұрның қыстырылып қала жаздағанында жұмыстары жоқ. Осыны
істейтіндердің бәрі әйел болғандықтан, біз де әйел атаулымен өмір бойы
татуласпастай жауығып келеміз.
      Бір төрт бұрышты
ағаш үйдің ауласынан қорапты шанаға үйеме қылып кесек-кесек қар тиеген қоңыр
атты жетелеген қазақ жігіті шыға берді.
-        Бұл кімнің
үйі? - деп сұрадық.
-        Кімді іздеп
жүр едіңдер? - деді жігіт. Сұрауымыздың сорақылығын түсінсек те, бізге баспана
керек. Тағы бір сорақы сұрау бердік.
-        Қазақ үйі ме?
-       Қазақ үйі.- Жігіт одан әрі сөйлесуге ыңғай
көрсетпей жөнеле берді.
         Бұдан бұрын
екі қазақ үйінен жүрегіміз шайлыққан болатын. Бір қорадан бізді: "Сендерді
казармадан шығарып жіберген кім?" - деп айдап шықты. Бұл - бір түлкі тымақ
қиген, белінде наганы бар, сұлуша жігіт еді. Күн батып бара жатқан кез, түлкі
тымағы мен қара саннан келетін саптама етігінен басқа киімін мен түстей
алмадым.
        Екінші бір
қазақ үйінің ашық ауласында бір мосқалдау әйел түз-дәрет үстінде отыр екен. Арт
жағында мөлиген бір ит, бір қаз мойын Бұхар құманы тұр. Әйел отырған бойы арт
жағына бұрылып:
-        Әй!.. Ахмет,
Шаяхмет! Манағылар келді тағы да... Қайсың барсындар!.. Қуып тастандар әрі, - деді.
        Біз қуып
тастауды күткен жоқпыз, қақпадан өзіміз шығып кеттік.
Енді мынау үйге кіруге де жүрек керек болып тұр. Жаңағы
жігіттің сөйлескен түріне қарағанда, бүл үйдің де өзіндік мінезі бар болу
керек. Жүрексініп тұрмыз. Жаңа ғана тауымыз шағылып, бетіміз қайтып қалған
шақта тағдырымызды сынға салуға бата алмадық. Әзірше бұл үйді есте ұстай тұрып,
тағы да көше бойлап бағымызды сынап көріп едік, жолымыз болмады. Бір отырғанда
үш қалашты көз ілестірмей жеп қоятын үш жалма-уызды осындай суықта кім сағынып
отыр дейсің! Салбырап жаңағы үйге қайта оралдық. Кірейік, бар өнерімізді,
барлық тіл байлығын, барлық батылдығымызды салайық деп келістік...
       Қар төгіп жүрген
жігіт жұмысын аяқтап, қақпаны жапқалы жатыр екен. Біз оған аз ғана мұрын шүйіре
қарап, үйге қарай өтіп кеттік.
       Үш тіркес
тақтай баспалдақ киіз ұстаған есік. Тарлау ғана коридор. Екі-үш аттағанда төрт
бөлменің есіктері тарайтын орталыққа жетіп тоқтадық. Коридорда жанып тұрған
бестік шам бұл бір таза тұратын үй екенін аңдатады. Үй ішінің иісі де сол
тазалықты айтып тұр. Кейінірек сездік - аяғымыздың астында қаланың тақыр
кілемшесі жатыр екен. Құдай қырсықтырғанда, бір қала байының үйі болмаса игі
еді. Сол ойымыздың елесі сияқтанып бүйірдегі бір есіктен орта жастағы қазақ
әйелі шыға келді. Адымдай басып келді де, алдымызды орай тұра қалды. Қабағы
қатыңқы екен, көздері бізді түгендей қарап ұната алмай тұр. Сөзге келмей,
"шығыңдар!" деп жүрмесе қайтсын. Өнерің болса көрсете, орай сөйлеп
арбай бастау керек-ті. Сөйлеу кезегі менікі еді, мен неден бастарымды таба
алмай тұрғанда уақыт өте берсе керек, сөзді естиярлау Ержан бастап кетті. Мен
оған алғыс көзіммен бір қарадым да шегіне бердім. Мен бұл кезімде сондай
болатынмын...
-        Шешей!- деп
бастады Ержан. Өзі қартаң басқан әйелге шешей деп қартайта сөйлемей, апай деп
жасарта сөйлеу керек еді деп ойладым мен. Ең болмаса, жеңеше демес пе!
-        Шешей, біз
арнаулы мемлекеттік жұмыстармен Орынбордан Керекуге келе жатқан студенттер
едік. Ең алдымен...
         Әйел оның
сөзін бөліп жіберді:
-        Бұл - қонақ
түсетін үй емес,- деді үзілді-кесілді.
          Ержан да
бөгелген жоқ.
-        Ең алдымен,
сіздің үйге кездескенімізге қуанып тұрмыз. Өйткені...
           Оның
қуанғанына әйелдің іші жібімеген екен:
-        Қуанып
тұрғандай, бұл үйде не нағашың, не жиеніңді көріп тұрған жоқ шығарсындар! Көз барда
сол нағашыларынды тауып алғандарың дұрыс болар! - деп, өзі шыққан есікті қаттырақ
жауып жіберді.
         Ержанның
батылдығы әлі мойрылған жоқ екен. Тағы сөйлеп кетті:
-        Өйткені,
шешей, Қазақстан қызыл тулы ел болып, өзінің экономикалық байлығын, ұлттық,
рухани байлықтарын жаңа жинап жатқан дәуірінде, - дей берді де, тілі
байланғандай оқыс тоқталып қалды.
      Ержан патетикаға
ауыса бергенде мен ботинкамның мана жүгіріп жүргенде үзіліп кеткен бауын жаңа
көргендей, төмен қарап қалып едім. Бұған не болды деп басымды көтеріп Ержанға
қарасам, ол орталық бөлменің есігіне қарап тұрып, қатып қалған екен...
        Сол есіктен
бір қыз періште шыға келіпті... Сол періштеге қарай беріп, мен де қатып
қалдым...
         Революцияның
алды-артындағы жылдарда Қазанда "Ғалия-бану" деген иісті сабын
шығатын еді. Сыртқы қабында бір сұлу татар қызының суреті болатын. Біз оны
Ғалия-банудың өзінің суреті деп ойлайтынбыз. Атақты әнші Сара Садықова
"Ғалия-бану" әнін салғанда (пластинка) сол сабын қабының сыртындағы
Ғалия-бану келетін кез алдымызға. Қазір сол Ғалия-бану біздің қарсы алдымызда
тұр. Бұл - бір көркем сурет, құдай деген суретшінің өзінің салған суреті,
есіктің жақтауларына керілген кенепте тұрғандай. Жаны бар. Бізге жылы қарап
тұрған көзі бар...
-        Апа, балалар
тоңып қалыпты ғой... лұқсат етсейші... - деді "Ғалия-бану". Апасы
лұқсат ете қалса, мен бұл үйге қонып шығуға өзімді-өзім қомсына бастадым. Осы
келіншек Ғалия-бану болып шықса, онымен не сөйлесерсің, қалай сөйлесерсің!
-        Мейлің, - деді
шешесі.
       "Ғалия-бану"
бір кішкене бөлменің есігін ашып, ондық шамды тұтатып, дөңгелек столдың үстіне
койды да:
-        Осы бөлмеде
боласыңдар, балалар. Осы ең жылы бөлмеміз, - деп қара қаңылтырмен тыстаған
голлан пешіне алақанын тигізе беріп тартып алды.             Келіншек шығып кетті. Біз шешіне
бастадық. Қазақ жігіттерінің әдеттегі бірінші әңгімелері де басталып кетгі:
-        Әй, мына
келіншек кім болды екен?
-        Ол саған не
керек?
-        Білгім келіп өліп
барам.
-        Өлгің келсе,
өле бер. Бірақ аузыңа да, көзіңе де, сөзіңе де ие бол!
-        Өйтпесең өлімің
бізден болады!
-        Шіркін-ай, өз
қолынан өлер ме едім!
- Ол сенің қара қаныңа аппақ саусақтарын былғамайды! Жаңа
көрдің ғой, сүйріктей аппақ саусақтарды!
- Тәуекел ет те, тас жұт, ажалың құдайдан деген бар емес пе!
-        Жоқ, бізден
болады!..
       Келіншек бізге
қайта келді.
-        Балалар, әрі
ұзақ жол жүріп, әрі тоңып келіпсіндер. Моншаға түскілерің келетін шығар? -
деді.
-        Түскіміз
келгенде қандай!
        "Ғалия-бану"
сыртқы есікті ашып, манағы жігітті шақырды.
-        Толыбай аға,
мына балаларды Шерметтің моншасына түсіріп әкеле қойшы...
      Шерметтің
моншасында да біз ұзақ болғанымыз жоқ. Толыбай деген жігіт - үйге қайтатын уақытым
өтіп барады, шетіректе тұратын едім деген.        Шалалау жуынып, асығыс киініп тез қайтып
келдік.
* * *
        Шай қайнап,
самауыр сирақты күрең столдың үстіне орнап қалыпты. Бұл - қалалық өмірмен
үйреніскен үй. Шыны-аяқ, шайнек, тарелкелері тұқымдас, күміс қасықтарының да
ен-таңбалары бар. Күрең стол мен орындықтары да бір бөтен елдікі, Париж ба,
Вена ма екен... Қалайда үй иелерін көркемдік пен жарасым жағынан сынай алмасаң
керек.
        Менің көзім
бөлменің ішін қыдыра қарап жүріп, бір суреттерге ілігіп қалды. Бірге түскен
кемпір-шалмен, бірі домбырамен, бірі сырнаймен өлең айтып отырған екі қыз екен.
Бірі жалаң бас, бірінің басында үкілі құндыз бөрік. Екі қыз біріне-бірі недәуір
ұқсайды екен. Даланың аңқау баласы бұл үйдің тағы екі қызы бар екен-ау деп
ойлап қалды. Ержанды шақырып көзіммен қыздарды ымдап едім, ол:
-        Мынасын қойшы,
мынасы енді періште ғой! - деді домбыралы қызды көрсетіп.
        Қыздарды қайта
сорттап, қайта бір бағалап шықпақшы едік, коридорда "Ғалия-банудың"
даусы естілді. Біз стол басына оралдық.
    Үйішілік киімінде
"Ғалия-бану" келді. Үлкен тана көзді, сұңғақ денелі сымбатгы адам
екен. Қалың қара шашын бостау өріп, сол жақ иығынан кеудесіне қарай тастай
берген бұрымы ауыр сезіледі. Қаз жұмыртқасындай қасына отыра беріп:
       Ал, бауырларым,
енді апаларыңа аты-жөндерінді айта отырыңдар - деді.
       Біз
аты-жөнімізді айтып болған соң, "Ғалня-бану" өзінің аты-жөнімен
таныстырды.
-        Мен Майра деген
апаларың боламын. Қараөткел, Кереку елдері ептеп біледі мені. Орынбор жағы біле
бермейтін болар, - деді.
        Біз орнымыздан
ұшып түсе жаздадык. Майраны көрермін деп кім ойлаған! Атақты әнші Майра бізді
үйіне қондырып, моншаға түсіріп, бізге шай құйып отырар деп кім ойлаған! Оның
араласып жүрер адамдары да, ішер асы да бөлек болу керек қой... Тіліміз тағы да
байланып қалғандай... Ержан мені тізесімен түртеді. Ол екі арада Майра шай
құйып, бір-бір шәшкені біздің алдымызға қойып та үлгерді... Ержан мені тағы да
тізесімен нұқып-нұқып қалды. Мен тірі күнімде сират кеөпірден бірінші болып өтуге
әрең бел байладым. Мән беріп, баптап айтар сөзді дем алмай, бір-ақ жолы ақтара
салдым:
-        Жоқ, Майра
апай, сізді ең жақсы білетін жер де, ел де Орынбор болар,- дедім.- Орынборда он
бес шамалы орта дәрежелі оқу орындары бар. Бірінде болмаса, бірінде күн сайын
ойын-сауық болып жатады. Қандай ойын-сауық болса да сіздің әніңіз бір шырқалмай
қалмайды...
        Бұған дейін
Майраның жүзінде қуаңдық бар еді. Қара көздері тұнық қара судай тым тұнық еді,
енді сол тұнықтың бетін самал лебі сипап өткендей, қара көздер жарқырап, жүзіне
ыстық қан жүгіріп сала берді...
        Бұл кісінің
тіршілігі де, әңгімесі де сол көркемөнер жағында ғана болып шықса, студенттерге
оңай да бола бермес. Рабфактың оқушылары студент деп саналатынында ол кісінің
не жұмысы бар!..
           Шай ішіп
болғанша Майра апай біздің көркемөнер жағындағы қалтамызды қағып та болды. Оның
үстіне Ержан екеуімізді бауырым, інім деп ноқталап алды. Біздің үшінші жолдасымыз
- Қайырбек Қазақ Халық ағарту институтында оқитын қырықтар шамасындағы адам
еді, оны ағай деп жүгендеп алды. Бәрі де ерікті түрде, сана-сезімің ояу,
ақыл-ойың дұрыс кезінде. Бір де бірі бұлжымайтын түрде. Жастар жағынан ағаттық
бола ма деп қауіптенгендей, бірімізді аға, бірімізді іні етіп табан аудармастай
орна-ластырды. Бізге тигені - үйіндегідей еркіндік, бас бостандығы. Әрине,
мұндай үйде бұл да аз емес.
        Кешкі тамақтан
кейін бойымыз үйреніп, әнші апайды енді өзіміз айналдыра бастадық.
-        Лебіз, бұлбұл
апа, лебіз!
       Майра
жалындыратын да, сәнденетін де адам емес екен. Өзінің бөлмесінен домбырасын да,
сырнайын да алып келді. Домбырасы сау қарағайдан ойып жасалған кәдуілгі сегіз
пернелі екен де, сырнайы пәленше тілді болғанымен баян да емес, аккордеон да
емес.
      Салалы
саусақтары домбыра пернелерін сыдырта тексеріп, ерсілі-қарсылы ойнақтап шықты.
Бұл - табиғи түріндегі саусақтар. Тырнақтары сүйірленбеген де, боялмаған. Бұл -
өмір бойы домбыра пернелерінде, сырнай тілдерінде миллиондаған қимылдар жасап
келген спортсмен саусақтар. Домбыра ішектері, сырнай тілдері бұл саусақтар тиіп
кеткенде не шала-жансар үн, не жалған дыбыс бере алмауы керек.
- Бауырларым, мен бірталайдан бері ән салуды сиретіп алған
жайым бар еді, оның үстіне үш-төрт күн тымауратып бүгін ғана тұрып едім. Айғайы
бар әндерді айта алмаспын, қинамассындар... - деп бір тоқтады да, баяулатып ән
сала бастады.
         Бұл - қазақ
халқының төрт тұстығында туған ән-күйлерінің әлі жиналмаған кезі ғой, Майра
өңкей Арқаның әндерін салды. Бізге соның өзі тосын әндей естілді. Өңделіп,
өзгеріп кетіпті. Кейбір құлақта бар собалақтау әндер Майра айтқанда жаны кіріп
сала береді екен. Тегінде, жақсы ән, жаман ән дейтіндеріміз айтушысына қарай не
ңнделген, не өңінен айрылған болу керек.
         Майра үш-төрт ән салғаннан кейін өзінің
дағдылы қалпына түскендей, қарашыға жақындаған еркін жүйріктей масайрап кетті.
Жарқыраған көз нұры жүзіне төгіліп, жасарып барады. Бұл - ән салғанда қуанатын,
бақыт сезінетін әнші.
         Жазу үстінде
"Сылдырап өңкей келісім" ой мен көркемдік тең түсіп отырғанда ақын не
сезінеді? Қуаныш сезінеді. Бұл - оның ең бақытты кезі.
"Тәңірінің күні жарқырап, Ұйкыдан көңіл ашар көз. Қуатты
ойдан бас құрап, Еркеленіп шығар сөз".
        Ақын-жазушының
бұдан қымбатты, бұдан бақытты кезеңі болса ол ақын да, жазушы да емес, басқа
біреу. Көркемдік туғызатын ой, ой туғызатын көркемдік ақын-жазушының өзіне де
күнде келе бермейді. Ал, енді келген уақытында ол саған бала-шағаң барын,
кәрі-жас екенінді ұмыттырып жібереді. Сен тап-таза бақыт құшағындасың.
        Біз Майраның
осындай, бар дүниені ұмытып кеткен бақыт құшағындағы бір кезін көрдік. Жазу
үстіндегі ақын мен ән салып тұрған нағыз әншінің айырмасы болмау керек. Екеуі
де өз өнерінің үстінде. Етікшілік емес, тігіншілік емес, көркемөнер үстінде.
Бұл кездерінде олар данаға да ұқсайды, балаға да ұқсайды, қайсысына ұқсаса да
бақытты, қайсысына ұқсатсаң да қателеспейсің.
      "Қоянды
базары жабылғалы Эдельманның қонақ үйі де жабылды" дегендей, революцияның
алды-артындағы аласапыран арпалыс жылдарында Майраның тындаушылары да азайған
сияқты. Майраның өзі де әнін тындайтын, қуаныштан басқаны ұмытып, аузын ашып
алақан соғатын халықты сағынған. Бүгін сол сағынған тындаушысы біз болыппыз, не
бары үш оқушы...
          Майра асқан
домбырашы болу керек. Ән араларында домбырасын үзбейді. Сондай бір тұста,
саусақтары домбыраның сағалығын бунап жымыңдасып қалғанда мен әлдегінде көрген
суреттегі домбырашы қыз Майраның өзі екенін таныдым. Жас кезі ғой. Қазір де
отыздан аз-ақ асқан жаста болар. Ән салмаған кезінде жүзі азырақ солғындап,
әлдеқандай арман-өкініштердің ізі шыға келеді. Ән салғанда жасарып кетеді. Бұл
кезінде Майраның өзі де ән, өзі де поэзия. Тек қана ән, тек қана поэзия.
           Қыза келе
Майра апай өзінің атақты әнін де айтып берді. Даусын тот баспаған. Желді күн
тотықұстың зеңгір көк ала құйрығын қалай құлпыртар еді, бұл әнге салғанда
Майраның даусы да сондай құлпырып кетті.
- Майра, Майра, Қызыл тілім сайра, сайра, Сайра осындайда!..
         Ет келді.
Жедік. Қазақтың қарны тынышталса, өзі де тынышталады. Ұйқыға кеттік...
           Ертеңіне
Ержан екеуміз:
- Балалар тұрындар! Шай!.. - деген дауыстан ояндық.
       Аға жодасымыз -
елде мұғалім болған тәртіпті адам, ерте тұрып кетіпті. Үшеуіміз де Кереку,
Баянауылда сауатсыздықты жою жұмысы қалай жүріп жатқанын тексеріп қайтуға
жіберілгенбіз. Ержан екеуіміз рабфактан, жолдасымыз Халық ағарту
институтынан... Тексеру жұмысының молырақ салмағын сол жолдасымыздың мойнына
артуға жолшыбай әзірлеп те келгенбіз. Момын адам, мойындаған...
-        Сіз мұғалім
болған адамсыз. Істің жөнін білесіз... Біз болсақ боз өкпе оқушы... . Сол
еңбегіміз ақталып ағамыз ерте тұрып іске кірісіп кетіпті. Тегінде, өзі бастап
үлгі көрсетпесе, біздің іс білетіндігімізге сене алмаған да болу керек.
        Жуынып болып, сүртініп
жатқанымызда Ержан түн бойы мазалап шыққан, ұйқтатпаған ойын ашты:
-        Қыздары қайда
екен бұл үйдің? - деді.
-        Қайдағы
қыздары?
-        Ана суреттері
тұрған қыздары ше? Көрінбейді ғой?
          Маған бір
харам ой келе калды. Өзімнің жорамалымды оған айтпадым.
-        Не Семейде, не
Омбыда оқып жүрген шығар дей салдым, - Жүр, шайға барайық.
            Самауыр
кешегі орнында. Майра да кешегі орнында. Шайға отырдық. Ержан көп ұзамай
ойлаған жерден шыға келді.
-        Майра апай,
анау екі қыз бала сіздің сіңлілеріңіз болар... Бір жақта оқып жүр ме?- деді.
        Майра мырс
етіп қалды, мен шайымды төгіп алдым...
-        Әй, сен құдай
ұрған, бірдеме білген екенсің ғой? - деді Ержан маған түйіле қарап.
-        Жоқ-е... бірге
келдік, бірге жүрміз. Мен қайдан білейін.
-        Екеуі де менің
суретім, - деді Майра, - Жас кезімізде олай да, бұлай да суретке түсе беруші
едік. Қоянды базары жабылғалы суретке түскен емеспін. Қалды ғой бәрі де...
          Ержан
қызарып кетті. Майраның үні мұңды шықты. Күлкі де тоқталды. Қоянды жәрмеңкесі -
осы жақтағы елдің де, Майраның да түгел көре алмаған қызығы, түгел тата
алмағанның ауызда қалған дәмі сияқты екен. Әлденелер басталып аяқталмай қалған.
Қояндыға Майраның қандай қатынасы болғанын сұрауға ыңғайлана беріп едім, кеше
бізді қорасынан айдап шыққан, белінде наганы бар сұлуша жігіт кіріп келді.
Майра оған шайға да кел деген жоқ, отыр да деген жоқ. Жігіт сол сырттан келген
киімшең бойы біздің кетіп қалған жолдасымыздың орнына келіп отырды. Біз оны
таныдық, ол бізді таныған жок.
-        Майра, сен
таңертеңгі дәмге отыр деп те айтпадың-ау, бұл қалай болғаны? - деді жігіт.
-        Сен өзің ше?
Осы үйге қонып шығып па едің? Таң ертең келген үйіңе амандаса кірер болар, -
деді Майра.
 Жарайды, сен жеңдің...
Таңертеңгі дәмнен өзім-ақ ауыз тиеиін, - деп бір бауырсақты шайнай отырып, -
Майражан, кешке қарай бір болыс, бір прокурор, бір кооператив сені қонаққа шақырады.
Баратын жеріміз алыс емес, көпірдің арғы түбінде ғана, - деді.
-        Мені әурелеуді
қойсаңдар қайтеді... Шақыруларың жетті ғой! - деді Майра.- Рахмет...
        Жігіт тағы да
қолқалай беріп еді, Майра шешімі табылмас жауап қайырды:
-        Жарайды,
барайын. Құмартқандарың менің әнім болса - әнімді де салып берейін. Бірақ
болысың да, прокурорың да әйелдерімен жүрсін. Жүрерде әйелдері мені ала кетсін.
Өзің де Айбала сұлуынды ала жүр. Сәлем айт, қалмасын, - деді.
-        Жоқты айтатын
болғансың ба, немене, - деп жігіт шығып кетті. Біз күлісіп қалдық.
        Оқу бөлімінің
бастығы Бугаев деген кісі екен, орынбасары қазақ. Біздің жолдасымыз Қайырбек те
Бугаевтың кабинетінен табылды. Әшейінде момақан жігіт оқу жұмысына келгенде
мығым болу керек, Бугаевты жан терге түсіріпті. Бұл кезде сауатсыздықты
тамыр-тұмырымен жою үшін ЧЕКА құрылған-ды.
        Біздің
жігіттен өлкелік ЧЕКА-ның бірнеше қаулы-қарарлары табылмай Бугаев қатты
қысылыпты. Ол өзі әскерден былтыр босанып келген, оқу-ағарту жұмыстарынан
хабары аз адам болып шықты. Біздің жігіт Қайырбек ЧЕКА деген атауды аузына
алған сайын қысыла түсетін көрінеді. Сол қысылыстың үстінде бізге барлық
аппараты босатып берді. Қалада қанша ликбез бар, канша адам оқып шыққан, қанша
адам оқып жатыр, соны үш күннің ішінде анықтап беретін болды. Оқу белімінің бір
арық торы аты бар екен, кешке қарай оқу жүріп жатқан жерлерін аралауымызға атын
да берді. Біз іскер жолдасымызды мадақтап, екі жағынан қолтықтап алып, жатқан
үйімізге қайттық
        Майра апай бізді
асыға күтіп жүр екен. Біз қайтып келгенде, қуанып кетті. Тұскі шайды екі рет
қайнатып, екі рет бұқтырыпты.
-        Ал келген
жұмыстарың калай, кінәратсыз жүріп жатыр ма екен!-деді Майра.
-        Жүруі жүріп жатқан
керінеді. Бірақ барлық мән-жайын анықтау үшін екі-үш күн керек сияқты,- дедім
мен.
-        Екі-үш емес,
төрт-бес күн керек болса тіпті жақсы болар еді,-деді Майра ойнақы дауыспен.
-        Ойбай, неге
Майра апа?
-        Сендер кеткен
соң жалғызсырап қалатын түрім бар. Апаларың бір үйірсек сорлы болатын.
-        Жарайды, Майра
апа, бес күн болса - бес күн болсын.
-        Мен алты
күнсіз жолға шыға алмасам керек,-деді Ержан тым маңызды ересек даусына салып.
-        Апасын ең жақсы
көретін інісі Ержан бауырым екен ғой! - деді Майра.
         Ержан маған ірілік көрсете қарап:
-        То-то!- деді
орысша.
-        Жақсы, шайға
отырайық.
* * *
         Майра апай
кеше қара көлеңкелеу шам жарығында періштедей жарқ етіп керінсе, бүгін күндізгі
жарықта да ажарлы кісі екен. Сыры аздап кетіңкіреген, сыны қаз-қалпында болу
керек. Сымбатты адам. Сын-сымбаты тәрбие көрген, толықпаған. Ән салғанда
жайнап, жасарып кетеді. Жазушыға оқушысы керек, әншіге тындаушысы керек. Жазушы
мен әнші қыз ағалы-қарындас, ақын мен әнші қыз - егіз туғандар еді. Даланың
әнші қызының тындаушысы көп болатын кезі Коянды жәрмеңкесі екен. Айға созылатын
жәрмеңке кезінде көш жерге созылатын Талды жазығының үстінде ертелі-кеш
сайрайтын бұлбұл-Майра екен. Дүниежүзілік бірінші соғыс орталай келе жәрмеңке
де жабылған. Содан бері Майраныңда, міне, он жылға жақын қалың топ тындаушысы
да жоқ.
-        Енді бірер жыл
осылай отыра берсе, дауыс та тотығар, саусақтар да икемділіктен айрылар,
апаларың да қартаяр, - дейді Майра мұңайыс салмағын сездіретін күрсініспен.
Домбырасы "дың-ң!" етіп қалады.
          Бұл жағынан
әнші апайдың көңілін көтерер біз де еш нәрсе айта алмаймыз. Астанамыз Орынборда
бір ғана орыс театры бар. Концерт беретін ұйымдар атымен жоқ. Барлық
ойын-сауықтар оқу орындарында болады. Қазақ балалары ән салады, орыс балалары қарап
тұрады. Орыс балалары билейді, қазақ балалары қарап тұрады. Орынборда еңбек ақы
алатын бір әнші бар деп естіген емеспіз. Әміре деген бір атақты әнші Парижға
барып ән салып, алтын медаль алып келген екен. Естуімізше, ол да еліне кетіп
қалса керек. Майраға тындаушы қауым керек. Ол - әншілік өнері тоқыраған адам
емес, пісіп, толықсып түрған кезі. Отыз тістен от шашады!
        Әңгімеміз қоңырқайланып
бара жатқан соң, әңгіме бетін Майраның өз өміріне аударғым келіп:
-        Майра апа, сіз
неше жаста ән сала бастадыңыз! Қалай басталды? Есіңізде ме?- дедім.
-        Неге есімде
болмасын. Талай адам сұрап, талай адамға айтып жатганды болған әңгіме ғой.
Бірақ ескерте кетейін, бас жағын өзім білем, орта кезін басқа адамдардан
естідім, аяқ жағын тағы өзім білем... енді тындай беріндер:
-        Алтыбақанды
бірге теуіп, әнді қосылып айта жүретін, жанымдай жақсы көретін досым, серігім
Кербез деген қыздың ұзатылатын тойы еді. Екеуіміз құрдас едік. Бесікте жатқанда
екеуіміздің қайсымыз жыласақ, шешелеріміздің қайсысы бұрын естісе, сонысы келіп
емізіп кете береді екен. Үй арасында үй жоқ, Кербез екеуіміз екі шешені бірдей
еміп, егіз баладай болып өсіппіз. Мен есім кіргенше менің шешем қайсы, үйім қайсы
екенін айыра алмаушы едім. Бала бір шешеден туа ма, екі шешеден туа ма, ондай
сұрау ойымызға да кірген емес. Екі шешеміз бар, кез келгенін еме береміз, екі
киіз үй бар, кешке қарай ойнап келіп қай үйге кірсек те, бәрібір, ұйқтай
береміз. Бір-бір әкеміз бар, екі-екі шешеміз бар балалардай өстік...
         Солай өскен
қыздардың екеуі де бала кездерінде айттырылып қойған екен. Оны біз білген
емеспіз. Он беске толар-толмаста Кербез ұзатылатын болды. Мен оған әуелі қатты
өкпеледім, ұзатылатынынды жасырғаның нең деп өкпеледім.
-        А, сен өзің
қашан ұзатылатынынды білмей жүрмісің?- деді Кербез.
-        Мен бе, мен
неге ұзатыламын?
-        Сеніңде айттырып
қойған күйеуің бар, Майра. Ұзатыласың бір күні. Әкем қайтыс болғалы біздің үй
кедейленіп қалды ғой... Әкбар жиырма беске келді. Оның қалыңдығына төлейтін мал
керек...
              Ар жағы
ішектей шұбатылған ұзақ әңгіме... Кербез ұзатылғалы жатыр. Мен де ұзатылады
екенмін...
       Қазақ тойына
шақырылған ел де, шақырылмаған ел де келе беретін әдеті бар ғой. Жаздыкүнгі
қолы бос жұрт көп жиналыпты. Той еті желінген, той қымызы ішілген, бәйге де
өткен. Балуаңдар күресі де аяқталып келе жатыр еді, тағы да бір он шақты
жігіттер келіп қосылды. Қалың топ оларға орталарынан ойып орын берді.
-        Әсет! Әсет! - десіп
қалды әр жерден.
Әсет-әрі балуан, әрі әнші, әрі сері деп атағы жайылған жігіт
болатын. Той иесі біздің ауыл оған бас балуанның жолын істеп, үстіне зеңгір көк
ала шапан жапқан, тай жетелеп апарып тартты. Тайды жолдастары жетелеп әкетті.
Әсет шапанды қасына қойып, шешіне бастады. Көркем де көріністі жігіт екен.
Балуандар күресетін ортаға шығып отырды. Шапанды жамыла шығыпты.
-        Мына бас балуанның
бәйгесін біреуімен күресіп, жығып, алмасам арам болатын шығар, - деп шапан
жамылған иығын бір көтеріп қойды. Мұнысы-кім болса да күресетін жігіт шақырғаны
ғой. Оның ойында мақтанайын, мазақтайын деген ешбір ниет байқалмайды. Балуан
жігіт күрескісі келеді. Өнерін көрсеткісі келеді. Жүзінде жайдарылық қана бар.
Оған күресу керек.
-Той иелері шығарсын бір балуанын!-деп мазақтай шыққан
дауыстар жан-жағымыздан гуілдесіп кетті. Біздің жақтың көздері жерге қарап,
бастары төмен салбырай бастады. Бәйгеге қоскдн екі атамыз жүлдеге іліге алмай,
балуанға түскен жігіттеріміз жығылып қайтқан.
            Қыдыралы
десе Қыдыралы, ауылдан ауыл қыдырып жүріп өлең айтып қу құлқын тамағын
асырайтын бір шолақ ақын бар еді. Аулыңа Қыдыралы келіп кетсе, дүниеде ақыннан
жексұрын адам болмайтын шығар деп ойлап қалатынсың. Сұраншақ, беймаза, әдепсіз.
Не салған әнінде, не айтқан өлеңінде он тиындық өң болмайтын. Қашанда күштіні
мақтап, әлсіздің иығынан түспей езгілей беретін. Сол Қыдыралы Әсеттің қасына
келіп отыра қалды да, мақтай жөнелді. Біздің ауылды жер-жебіріне жетіп қорлай
бастады. "Ат мініп көрмеген, есек мінген,- деді,- Жігіттері қортық,
қыздары мыртык, киіз үйлері жыртық",-деді, әйтеуір, қорлай берді.
          Аулымыздың
Есеке деп аталып кеткен ақсақалы бар еді. Сол кісі қатты назаланып:
-        Ұл өсірмей,
күл өсірген екенбіз ғой!.. Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді демейтін бе
еді? Ешқайсың қозғала алмасаң, жетпіске келген мен түсетін болам да балуанға! -
деп алдында отырған үш жасар немересін ырғытып жіберді. Мен кәрі атамыз
балуанға түсе ме деп қорқып кеттім. Ар жағы есімде жоқ.
       Апамның
айтуынша, мен орнымнан ұшып тұрып шар ете түсіппін. Ән саларда тамақ кернеп
алатын айғайы болуы мүмкін. Содан бірталай уакыт тоқтала алмаппын. Кейде бір
айтайын дегенің аузыңа түсе қоймай шыр айналатыны болады ғой адамның, мен соған
ұшырасам керек. Қыдыралыға тиісіппін, жырқылдап отырған жабыларға да тиісіппін.
Жұрт жым болыпты.
Әсет балуан жібек шапанды біздің Есекеңе әкеліп жауыпты.
-        Есеке, бүгінгі
тойдың бас балуаны - сіздің қыз балаңыз болды!-депті.
              Құдайға
аян, мен өзім қандай өлең айтқанымды да, қандай ән салғанымды да осы күнге
дейін есіме түсіре алмаймын. Кербез екеуіміздің алтыбақанда "Желбір жекен,
желіп жүрген жапанда біз бір бөкен" деген сияқты халық әндерін салып
жүретін кезіміз ғой. Әннің мәнінен гөрі "Біз бір бөкен" деген сөзіне
қызығып, өзімізді-өзіміз бөкен көріп, мәз болатынбыз.
           Есекең
жібек шапанды менің иығыма жауып, арқамнан құшақтап алып келе жатқаны есімде,
ұзын бурыл сақалында бір-екі тамшы бары есімде.
- Қарағым-ай, құлыным-ай, неге еркек бала болып тумадың!-
дегені есімде.
-        Біздің үйге
жақындай беріп Есекең:
- Уәли! -деп айғай салды. Әкем далаға шыға келді. Қызының
жұрт аузына ілінгеніне қуанышты екен, үйден жүгіре шықты.
-        Мына жібек
шапан - Майражанның бірінші алған бәйгесі, тырнақ алдысы, ешкімге де берме!
Тырнақ алды бәйгені сандықтың түбінде сақтайды. Оны білетін бе едің? - деді
Есекең.
-        Білем,
білем!-деді әкем. Менің жұрт алдында салуым осылай басталды.
           Осыдан кейін
ауыл арасында болатын жиын-тойда өлең айтып жүрдім. Аймауыт деген ағаш өнерпазы
сау қарағайдан домбыра жасап берді. Мынау - сол домбыра.
          Ауылда ешкі
сойыла қалса, ащы ішегін маған беретін әдет туды. Домбыраға ешкі ішегі үндірек
болады. Ақ шимен тегіс сыдыртып алсаң, ешкі ішегінен жарықшақ дыбыс, сыбызғы
ызыңы шықпайды.
             Біздің
елге ән мен өлең Көкшетау мен Шыңғыстау елдерінен келеді. Арада "Қарқаралы",
"Баянауыл" сияқты жаңа шыққан әндерді не түзеп, не бұзып жіберетін
бір ордаларымыз тағы бар. Абай атамыздың өлендері бізге әуелі өз әндерімен
келді. Оңай жаттадық. Шынымды айтайын, мен әні жоқ өленді осы күнге дейін
жаттай алмаймын. Әні болса, елеңі өзінен-өзі жатталып кетеді.
Он беске жеткенде мен үлкен тойларға арнап шақырылатын, шапан
жамылып, тай-құнан жетелеп қайтатын әнші болдым. Даланың байлары мен сауыққой
адамдары бірімен-бірі бәсекелесіп, әкемнің шамалы шаруасын көтеріп тастаған бір
кезі де бар. Менің домбырама сырнай келіп қосылды.
          Кербез дұрыс
айтқан екен, бір күні Майраның да айттырған күйеуі ұрын келіпті. Бұл - күйеу
мен қалындықтың бірінші кездесер келісі болады. Мұны ауылдың қулары - қыздын
паспортын тексеру келісі деп те айтады. Күйеудің өзінің паспорты жырым-жырым
болса да оқа емес. Қалыңдықтың паспорты шаң тимеген болу керек.
-        Күйеуімнің
атын естігенде, төбе шашым тік тұрып, тұла бойым мұздап кетті, - дейді Майра.
        Құдай ұрғанда,
күйеуінің аты - Күйекбай болып шығыпты. Малжанды қазақ күйек алынып, қошқар мен
қойға еркіндік тиер кезде туған баласына сонша сүйкімсіз атты қоя салыпты.
          Өзі біреудің
ерке өскен жалғызы. Бейпіл ауыз деген оқушы келіп жататын. Әкесі Қоянды
базарының қасапшыларына қой жеткізіп тұратын саудагер болса керек... Әйтеуір,
қойы ма, қошқары ма, күйегі ме, Күйекбайы ма - бәрі араласып, мені кеудемнен
кейін итеріп бездіретін де тұратын.
         Майра бұдан
ар жағын айтқысы келмейтіндей бөгеліп барып жалғастырды:
-        Екі жеңгем
мені шымылдық ішіне әкеліп кіргізді. Көзім бір түсіп кетіп еді, тани кеттім -
күйеуім пенжак түймелері қарнын үш жерден буылтықтап бунап тұрған семіз жігіт
екен. Өз аулын басынып алған, "қой қасында қошқар, қошқар қасында өзі
қой" - бір жігіттер болады осындай. Қасындағы жолдасы төменірек ысырылды
да, күйеу жоғары қарай ысырылып, маған екі аралықтан орын көрсетілді.
-        Күйеужан, өзің
де төменірек ысырыл. Қайын жұртына келгенде күйеу жоғары отырмайды, қалындық
жоғары отырады, - деді Айжидек деген жеңгем.
-        Онда сіздің
елде қалың мал төлейтін күйеу емес, қалыңдық болды ғой! - деді Күйекбай.
         Айжидек тілді
адам еді.
-        Шырағым, құдай
қосқан жарың болсын десең, сауда-саттығыңды бұл араға әкеліп тықпалама! - деді.
-        Қазақта сатып
алмаған қатын бар деп естіген емеспін! - деді біздің болашақ жарымыз.
-        Шырағым,
күйеужан, білгің келсе, қазақта саудагер деген арам сирақ шыққанша бір қыз
сатылған емес! Қазақтың "қалың мал" деп алатыны - жасау деп
беретінімен түп-түгел қайтарылып отырады. Оның шын аты - екі жақтың да
балаларына бөліп шығарған еншісі болатын. Аулында бір есі дұрыс ақсақалың
болса, әуелі содан сұрап келіп айтыс менімен! - деді Айжидек.
- Мен жыл сайын төлеп отырған малымды ешкімнен сұрамай-ақ білемін.
-        Қалқажанның
екі құлағындағы екі алтын сырғасы - сенің берген екі құлынды биеңнен екі есе
қымбат екенін де білетін шығарсың?
        Мен әлі
түрегеліп тұрғамын. Екінші жеңгем күйеудің алдына дастарқан жая бастады. Күйеу
мені қолымнан тартып қасына отырғызғысы келіп еді, мен шегініп кеттім. Аяғында
күйеуден жоғары да, төмен де емес, қарсы алдынан отыруға тура келді.
-        Қалқажан, дұрыс
отырдың, - деді Айжидек,- Күйеужан түсіне білсе, бірімізден-біріміз жоғары да,
төмен де болмайық дегенің емес пе?
       Күйеу де сөзден
ұтылғысы келмей:
-        Еркек - бас,
қатын - мойын демейтін бе еді!
-        Деуін дейтін
шығар. Бірақ мойын болмаса, бас дегенің - мойны жоқ домалақтардың біреуіне ұқсап
домаланып жерде жатар еді, - деді Айжидек.
          Күйеуімнің
"қатын-қатын" деп отырғаны мен, әрине. Менің ойын-тойда ән салып,
әркімдердің көзіне түсе бастағанымды білетін болу керек. Мені осы бастан-ақ
қатын деген атқа мойындатып, бұқтырып алғысы келетін сияқты. Енді бір рет
"қатын" деп қалса, сөз жағаласына мен де түсуге әзірлендім. Ет келді.
Еркектер жей бастады. Қыз-келіншектер сынықсып әлі қолдарын табаққа созған жоқ еді,
апамның "Майра!" - деген даусы келді.
- Майра, ойбай, Майра! - деген ащы даусы анық естілді. Мен
жүгіре шықтым...
      Күйеуге арнап
оңашарақ тігілген отау мен біздің үйдің арасы алшақтау еді. Түн көзге түртсе көрінбейтін
қараңғы. Апам даусы құмығып шыға бастады. Барымды салып жүгіріп келем...
жүгіргенім өнбей келеді. Өзіміздің үйге жақындай бергенімде, ақырын ғана шыққан
еркек даусы "Майра!"--деді, мен "Әу!"- деппін. Екі жігіт
мені бас салып ұстай алды да, салт атты біреудің алдына өңгеріп берді. Ол бір
аты да, әзі де қарулы жігіт болу керек, мені бір қолымен қапсыра құшақтап, оң
жақ тізесіне қондырып алды да, шауып жөнеле берді. Үн шығара алмадым. Арт
жақтан "болыс, болыс!" деген айғайды бір естіп қалдым. Одан кейінгісі
- қатарласа шапқан ат дүбірі... Анда-санда: "Болды ғой жолымыз!.. Арманың
жоқ, Майражан!" - деген дауыстарда дұшпандық мазағы сезілмейді. Бір күшті
адамның оң жақ тізесінде құшақталып отырған бойым кете бардым...
         Кейін
естідім, ауылдың у-шуы былай басталып, былай аяқталыпты. Әкем қашанғы әдеті
бойынша, "жасиық" деп аталатын, жатар алдында оқылатын намазға
өзірленіп аяғын жуып отыр екен. Шешем айран ұйытуға жылытқан сүтін кішкене
қазанмен үш аяқ ошақтан көтеріп ала беріпті. Тап осы тұста екі жігіт кіріп
келіп: "Уәлиеке, орныңыздан қозғалмаңыз, апай сіз де қозғалмаңыз. Дыбыс
шығармаңыздар. Өзіңіздің құрметті болысыңыз Тайшыбек сіздің қызыңыз Майраны
алып қашып келуге жіберді бізді. Майрадан басқа еш нәрсеңізге тимейміз,
дыбыстарыңыз шықпасын!" - депті.
       Апам осы кезде:
"Майра!"- деп айғай салыпты. Апамнын айғайына мен жүгіре шығайын. Екі
жігіт мені қаңбақтай қағып әкетіп, ат үстіндегі біреуінің тізесіне қондырып
берсін...
-        Қызынды
Тайшыбек аулынан ізде! Бізді жіберген сол - болыс болыс! - деп жігіттер бірнеше
рет айғай салып, тартып жөнеліпті.    
        Бұдан кейін
күлетін бір қызық жай тағы да Күйекбай күйеу мен Айжидектің арасында болыпты.
Айжидек күйеуге:
-        Ой, сен
немененің қызығына қарап отырсың? Көз алдыңда қатыныңды біреу тартып әкетіп
бара жатқанда, жаның болса қумаймысың! - дейтін көрінеді.
-        Он жігітті
жалғыз қуатын мен жынды емеспін! - депті күйеуіміз.
-        Тым болмаса,
атыңа мініп шауып шығып, болысты бір боқтап қалмаймысың!
-        Бір қатын үшін
болысты боқтап басың кетсін деймісің? Мал болса, қатын табылады, - деп бір-ақ қайырғанда,
Айжидек жерге бір түкіріпті де, жүре беріпті...
       Тау арасын жаңғырықтырып шауып келеміз...
Жігіттер бірінен соң бірі маған жақындап келіп:
      "Бағың
ашылды, Майражан! Құтылдың бір нас өгізден!" - деп құттықтау айтып келеді.
-        Ау, жігіттер,
мені бағлан қыз деп ойласаңдар, соятын уақыттарың болды ғой! - дедім мен,
азырақ наразылық білдіріп.
      Мені тізесіне
отырғызып әкеле жатқан жігіт аттың тізгінін кілт тартып қалып тоқтатты да, мені
оң қолымен көтеріп алған бойы жерге түсті. Басқалары да аттан түсіп, біздің
қасымызға үйіріліп қалды.
-        Жігіттер, енді
Майражанға бетімізді ашып, кім екенімізді білдірейік, - деді мені алып келе
жатқан жігіт.
-        Әуелі өзіңнен
баста!
-        Өзіңнен баста,
Әсет! - десіп қалды жігіттер. Мен тап қуанып кете қоймасам да, соған жақын бір
ыстық лептің тұла бойымды шымырлатып өткенін сезіндім.
-        Жарайды,
өзімнен бастасам, өзімнен бастайын. Мен - Әсет деген ағаң боламын, Майражан...
Одан ар жағын отырып тында... Бірдеме төсеңдерші, жігіттер. - Жігіттер ат көрпе
әкеліп төседі. Дөңгеленіп отыра бастадық.
-        Жанторсықта
іштеме қалып па еді? - Қымыз келді.- Әуелі Майражанға бер...
- Майражан, істің ұзын-ырғасы былай: осы он шақгы жігіт- ойымыз
бір, ұшып шыққан ұямыз бір, дос жігіттерміз. Көптен бері сенің атың бәріміздің
аузымызда болатын. Майра сияқты аспаннан анда-санда бір-ақ түсер қызды бір
хайуанға қор қылып беріп жіберіп, қалай отырамыз үйде деп күнде бір айтып
қоятын-быз. Бұл - әңгіменің бір жағы. Сені, Майражан, өзімізден басқа тірі
жанға қия алмағанымыз. Оның ар жағында осы жігіттер - сырлас достарым ғой.
Менің ішімдегіні де біліп жүреді екен. Мына бір жігіттің аты Тастан, осы ит бір
күні маған:
-        Қашан
аттанамыз?-деді.
-        Қайда?- дедім.
-        Майраны алып қашуға
деймін? - дейді байласып қойған уәдеміз бардай, - Осыдан басталып кетті де, біз
сені алып қашуға әзірлендік... Алып қашудан бұрын не өзіміз, не көлденең бір
сенімді адам арқылы өзіңнің ризалығынды алмақшы болдық. Тастан екеуімізді болыс
шақыртыпты. Болыс бізді ауылдың сыртына алып шықты да:
-        Жігіттер,
екеуіңе екі ат мінгізейін, Уәли ноғайдың әнші қызын маған тартып әкеліп беріндерші,
- деді. Біз "ашық ауыз аңқаулыққа" бастық:
-        Оның аулы қай
жерде болушы еді... Көрген-білген емеспіз... - дестік.
-        Сұрастырып
тауып аласындар ғой. Алдымыздағы сәрсенбі күні-онысы, бүгін - қыздың күйеу ұрын
баратын көрінеді. Одан бұрын қимылдамасаңдар, еңбектерің зая кетеді.
        Болыс біздің
тырп ете алмасымызға тәңірінің өзіндей сенетін болу керек, осыны айтты да,
аулына қарай аяндап жүре берді.
-        Енді сөздің
түйініне келейік, Майражан... Өкпелемей, ренжімей тыңда!
Сені алып қашып келе жатқан - мен, Әсет. Өзім үшін, өзіме
жар етуге алып қашып келемін. Алдын ала хабарласа алмағаныма өкпелесең де
ренжіме. Уақыт айналымға келмей қалды. Қазір атқа мінеміз. Сенің атың бос
жетекте келеді. Мін де, аттың басын қалаған жағыңа қарай бұрып ал да, жүре бер.
Бірінші, аулыңа қайтсаңда еркің. "Бұзақы жігіттерді өнеріммен жеңіп,
босанып келдім", - десең, саған сенбеген, риза болмаған бір жан болмайды.
Ол - сенің қолыңнан келетін іс. Мен өзім не айтқаныңа атша шұлғып бас игелі
отырмын. Екінші, болыстың аты болыс. Атыңның басы солай қарай бұрылса, амал
қайсы, қарсылықсыз көніп соңыңнан ере береміз. Үшінші, сені жан-тәнімен сүйген
бір жігіт, өмірінде қабағыңды бір шыттырмауға ант беретін жігіт қасыңда отыр...
Кәні, атыңа мін де, бастай бер бізді...
         Түнде түстей
алмадым - күрең бе, торы ма, әдемі бір жарау ат менің алдыма тосыла берді,
міндім де:
-        Ал, жігітгер,
баратын жағымыз қайсы еді, жүріндер!- дедім. Әсет менімен қатарласа берді,
жүріп кеттік...
* *
- Мен қазақ әйелінің басынан өтпей қоймайтын дәуірлерінің
бірде-бірін өз басымнан түгел өткізген емеспін. Үй ұстаған әйел болғаным жоқ,
аналық көргенім жоқ. Жасым әлі "қырық қайда, біз қайда!" дейтін
шамадан аспаса да, бүл екеуінен үмітім де жоқ.
        Өз басымнан
өтіп келе жатқан өмірімнің үш кезеңі бар ғой деп ойлаймын. Ол кезендерімнің
екеуі ерте басталып, мәңгі-бақи оралмастай ерте аяқталып қалды. Енді бірі -
ойға сыймастай ерте басталса да, өзімнің өміріммен бірге аяқталады-ау, - деймін...
       Майра соңғы бір
сөздерін айта беріп сонша мұңды түрде езу тартқанда, көзіне ие болу қиын-ақ екен.
Домбыраны сағалығынан басып отырған саусақтары екі ішектің бірін
"дың-ң!" еткізіп қалды. Кейін еске түсті - өз жайын айтып отырғанда
сорлы әнші әйел ылғи осылай домбырасын "дың!" еткізіп қалады екен.
Әттең, ол "дыңның" не айтатынын біз ұғынбай да ойланбай кете
барыппыз. Бізді ойландырғысы келмегендей Майра әңгімесін тез жалғастырып кетті.
-        Он жеті жасына
дейін Майра қыз, - деді Майра, - Қыз. Содан кейін жыл жарым келіншек... Оның
бер жағы осы күнге дейін үзілмей келе жатқан жесір жүрген әйел... Апаларынңың
бұл жайы қалған өміріне өзгеретін емес.- Домбыра шегі тағы бір "дың!"
етті, - Дың-ң!..
-        Қыз кезімді
біраз айттым ғой деймін. Ол бір алаңсыз өткен кезім екен. Дүниеде бақыт
дегеннің барын кім естіген. Жастық шағыңнан артық бақыт бар деймісің! Мына
жігітпен бақытты болам ба, жоқ па деген ой күйеуімді көргенде есіме түсті. Оған
дейін күн санап түрлене түскен даусымнан, құлпыра түскен әнімнен басқа, құдайға
аян, ойым болған емес. Қараөткел, Қарқаралы, Баян, Кереку топырағында болатын
ойын-тойлар - түгел менің "Саржайлауым" болатын. Сол армансыз,
алаңсыз кезім бір кешке аяқталды да қалды. Онысына өкіндім десем асылық болар.
Өкінген жоқпын, бақытыма бақыт қосылғандай қуандым! Оның аты - Әсет еді.
Әсет... Дың...
          Келіншек кезім екі жаз, бір кысқа әрең-әрең
жетіп үзіліп кетті. Әсеттің аулына түн ортасы ауған кезде жеттік. Ауыл ұйқтамапты.
Алтыбақан құрулы, қыз-бозбала, үлкен-кіші - бәрі сол жерде. Жалыны аспанға шапшып
лаулап жанған от. Бұл оттың жарығын мен алыстан көргенмін.
         Біздің ауылдың оты! - деген Әсет.
        Жақындап
келген соң қарасам, от жалпақтығы үй орнындай, биіктігі кісі бойы тастың үстіне
жағылған екен. Арша мен қарағай иісі - дүниедегі ең қымбат саналатын жұпар
иісіне бергісіз - аңқып тұр.
        Әлдекімдер
бізді аттан түсіріп алып жатыр. Жас жігіттер қыздарға қосылып Әсет екеуімізге
"Ау, жар" айтады. Біз оны шын көріп бас иіп тұра қалсақ, олар қоя қойып,
мәз болып күліседі. Бір-екі әйел менің басымдағы бөркімді жұлып алып, басыма
шәлі жауып жіберіп "Беташар" айтып жатыр. Бұлары да ойын екен.
        Өзің, жатып
байынды тұр-тұрлама, келіншек. Қаптың аузын бос тұр деп, Құрт ұрлама,
келіншек...
          Лаулап
жанған жұпар иісті от... Жастардың ойын-күлкісі... Әсет екеуімізге шашу шашып,
бақыт тілеп тұрған шешелер мен иек сипап бата беріп тұрған аталар... Барлық
көздерден қуаныш төгіліп тұрғандай! Осының бәрі біріне-бірі қосылып, мені
бауырмалдық, бақыт құшағына орап алды да кетті. Нағыз өз аулыңа жаңа келгендей,
нағыз бірге туған бауырларынды жаңа тапқандай, теңеуі жоқ қуанышқа шыдай алар
жүрек керектігін мен өмірімде бір-ақ рет осы жерде, осы оттың қасында сезіндім.
Көзім осы оттың жарығында дәлдеп бір түсіп кетіп еді - Әсет те жігіттің жанып
тұрған маңғазы екен-ау!..
       Ертеңіне мен кештеу
оянып едім. Қасымда Әсеттің апасы Шәрбану отыр екен. Мен оған еркелегім келіп
кетті. Кеудесіне қарай оң қолымды создым. Шәрбану менің басымды жастықтан
көтеріп алып, өзінің тізесіне салды. Мен бүкіл арқа жағыммен түгел Шәрбанудың
қолтығына кіріп кеттім. Шәрбану мені аяқ қимылымен тербетіп, сол қолымен
құшақтай отырып, мені қашан көргенін, ән салғанымды қашан естігендерін айтты.
-        Жігіттер бүгін
Қоянды базарына барамыз десіп жүр, сен шаршап қалған жоқсың ба? - деді бір
кезде.
-        Мен де барамын
ба?
-        Екеуіміз де
барамыз. Атқа мінбегелі көп болып па еді?
-        Былтырдан бері
атқа мінген емеспін. Барлық денем сынып қалғандай. Мен бүгін атқа міне алмасам
керек...
-        Онда жат
етпетіңнен! Мен сені біраз сылап-сипап берейін. Қалай құр аттай болмас екенсің.
        Шәрбанудың
темірдей саусақтары, мамықтай жұмсақ алақандары желкемнен бастап башпайларыма
дейін умаштап, ысқылап, уқалап илеп, сылап-сипап әлденеше рет қайталап шығысты.
Жұдырықтары омыртқаларымды бойлай сыдырғанда дүр-дүр еткені естіледі.
-        Болды. Далада
сені қыздар күтіп жүр. Суға түсіп келіңдер!
        Он шақты
кыз-келіншек суға түстік. Қазақ әйелі осы күнге дейін суға тыржалаңаш түседі
ғой, біз де солай шомылдық. Бұл - бай ауыл болмағанымен, әлдеқандай өзіндік
дәстүрі бар, таза тұратын ауыл болу керек. Әйелдердің денесінде тырнақ таңбасы
да, қотыр таңбасы да жоқ. Тізелігіне дейін дене бітімі де сұлу, тізеден табанға
дейін салт өмір жіліншіктің бұлшық етін сыртына қарай ойыстырып, өзін аздап
иіңкіреп жіберген.
         Түс ауа
Қояндыға қарай жүріп кеттік. Кешегі тобымызға Нәзір дейтін күйеуімен Шәрбану
қосылды. Қояндыға күн бата жете бергенде-ақ қызыққа кездестік. Базар көшесіне
кірген соң бәріміз бірге қатарласпай, жасы үлкен Нәзір бастаған бес-алты салт
алдымызда, біз екі әйел бір топ жігіттермен кейінірек келе жатқамыз. Ұзамай
алдыңғы тобымызға әлде қай жақтан шауып келіп жолығып, қайта шауып кеткен үш
жігітті көрдік. Одан кейін екі-екіден келе бастады...
        Әсет ат басын
тежеп бізге қосылды.
-        Қызық болып
барады, Майражан. Біздің жайымыз Қоянды базарына түгел тараса керек. Бізді
қонақ етеміз деп жол тостырып қойғандар бар сияқты. Шәрбану, сен білетін едің
ғой, қайсысына барғанымыз дұрыс болар екен?
        Әсет үш-төрт
адамның атын атап еді, Шәрбану ұнатпады.
-        Олардың бәрін
де қоя тұр, Әсет. Бұлар Тайшыбектің қарсыбектері мен тойшыбектері шығар...
Бүгінше осы арадан төрт шақырым жерде Ырысалдының аулы бар, сонда қонып шығайық
та, ертең бос тұрған бір-екі үйді жалдап алармыз. Бос үй көп болады мұнда.
        Бұл Қоянды
базарының қайнап тұрған кезі еді. Сібірде адамның жанынан басқаның бәрі
табылады дейтін базар осы. Сауда дүниесінде адамның жаны, жүрегі, ар-ұяты
бар-ау деп ешкім ойламайтын да, сұрамайтын да. Орынбор, Омбы, Селебе, Қорған,
Қызылжар, Қазан, Ташкент саудагерлері арқылы дүние жүзінің сауда бұйымдары да
көп келіпті, "Мак-кормик" - шөп машинасы, «Зингер» - іс тігетін аяқты
машина, велосипед, грамофон... Тігулі басқаша асыл киімдер... хош иіс сабын,
опа-далап, айна-тарақ...
        Көше-көше
магазиндер.
        Қазақ даласының
барлық төрт түлік малы, барлық ақ үйлері, барлық еркегі осында көшіп келгендей.
Талды өзенінің бойында көш жер сол ақ ауылдар, отарлы малдар. Осы өңірдегі
бес-алты болыс елдер түгіл, Қарқаралы, Шыңғыстау арасындағы елдердің байлары
мен саудагерлері, болыстары мен билері түгел осында сияқты. Олар барлық бәсекелері
мен бақастық бақталастықтарын, көре алмау - күншілдіктерінің бірін қалдырмай
ала келіпті.
         Әсеттер
базардың орталаған кезінде келіп, екі киіз үй жалдап алып сонда түскен. Таңертең
Майра мен Шәрбану Талды өзеніне барып жуынып келе жатыр еді, ақ жал күрең ат
жетелеп келе жатқан салт аттыны көрді. Жетектегі жаратып жүрген ат болу керек,
ойнағысы келіп сылаң қағып келеді. Басқа малды білмеймін, маған, әйтеуір, жылқы
баласы өзінің дене сұлулығын сезінетіндей, сол сұлулығын сақтай қозғалатындай
көрінеді. Аттың жалы мен кекілі таңертеңгі қиғаштай түскен күн көзіне
шағылысып, күмістей жарқылдайды.
-        Мұндай да сұлу
жылқы бола береді екен-ау, Шәрбану апа!- деді Майра.-- Сататын болса, мені
сатсаң да осы аттан айрылма дейінші Әсетке. Әсет!..
         Киіз үйдің
қасында жігіттерімен қалжындасып тұрған Әсет "Әу!" дегенше, ақ жал
күрең Майраның алдын орай тұра қалды.
-        Майра
қарындасым! - деді ақ жал атты жетелеп келген жігіт.- Мынау ақ жал бесті - Беке
ағаңның былтырдан бері мойнында жүрген берешегі екен. Кешіктіріп алғанына
кешірім сұрайды Беке ағаң. Ат сіздікі, міне, шылбыры.
          Майраның
атқа қызыққаны сонша екен, әдеп сақтап болса да, алмаймын деген жоқ, шылбырға
жармаса кетті.
-        Беке ағаң
Майражанның бұлбұл даусы Қоянды топырағында бірінші рет біздің үйде шықса екен
деп тілейді. Бүгін түскі тамаққа қонаққа шақырады, - деді жігіт.
-        Беке ағаның
үйіне өзім де ең алдымен кіріп шығармын деп ойлап едім, - деді Майра. Елші
жігіт шоқытып жөнеле берді.
         Алтынсыз, күміссіз,
сүйексіз, салпыншақсыз, сылдырмақсыз жасаған былғары ер-тоқым, қала қолынан
шыққан қос ноқта, биші қыздың киіміндей сұлу денелі жарау атқа сонша жарасымды
екен. Аттың өзі де көз тиердей сұлу денесін көз алдыңа түгел тосып, ойнап тұр.
-        Мен Татьянаның
әнін осы Беке ағамнан үйренгем. Көп қайталатқаным жоқ-ты. Сырнайға қосып, өзіне
айтып бергенімде Беке ағаң:- Қыздың әнін қызға айтқызу керек екен-ау... Мен
өзім бұдан былай бұл әнді айтпайтын болармын, - деген.
            Әсет
жігіттерімен менің қасыма келді.
-        Беке ағаң
жіберіпті, - деді Майра. Одан арғы жағын Әсеттің өзі де білетін.
        Қан жайлау,
қан сорпа той еді. Балуандар күрескен, бәйге де өткен. Содан кейін Майра ән
салғанда, қалың жұрт тарай алмай қойған. Той иесі Бекенің жамағайыны Берсен
деген кісінің Майраға жасаған сыйлығын олқы көріп, өзі де бұрын ән салған,
балуанға да түскен серілеу адам Беке: "Майражан, атың менің
мойнымда",- деген.
Мынау ойнақтап тұрған сол ат...
Бекеден кейін шақырушылар да көбейді. Бірінен-бірі асыра
берген сыйлықтар да көбейді.
-        Келесі
жылдарым да осылай өте берді, - дейді Майра - Мен ән салмай отыра алмаймын, ел
маған ән салғызбай отыра алмайтын болды.
         Қоянды
базарының ертең жабылар күні. Тайшыбек болыстан бір суық хабар келді. Бүған
дейін әр үйде қонақ бола жүріп, онымен екі рет кездескеміз. Әсет екеуі тіс
жарып, тіл қатысқан жоқ-ты. Мен болса-болмаса да. Таң ата тағы да Беке ағайдың
үйінен қайтып келе жатыр едік, алдымыздан екі салт атгы көлденеңдей берді.
Бізге арқан бойы жақындап келіп тоқтады да:
-        Әсет, мойнынды
бұра кетші,- деді біреуі. Әсет соларға бұрылды. Біз Шәрбану екеуіміз, тұра
қалдық. Ұзамай Әсеттің: "Өйтіп ұятқа қалмасын!"-деп күлгені естілді.
        Тайшыбек болыс
ұялмай-қызармай маған Беке ағаң берген ақ жал атты сұратыпты.
          Әсет ел ішінде аман-есен отырғысы келсе, ақ
жал атты маған берсін. Маған алып-қашып әкеліп берем деген қызды өзі зорлап ұстап
отыр. Ақ жал атты берсе, ол айыбын кешіремін. Қызда да жұмысым болмайды,-депті.
        Бұл енді қазақ
даласындағы күштілердің қисынсыз зорлығы. Болыстың көңілі ауып, зорлықпен
алдырмақшы болған қыз сүйгенімен кетіп қалса, сол болысқа айып төлеу керек
екен. Менің көзім түскен қызды менің рұқсатымсыз алып кеткені үшін Әсет
балуанның айыпқа төлеген аты деп, Ақжал күреңді ақ үйдің белдеуіне байлап
қойса, болыстың беделі қандай көтерілмек! Осындай қылықтар ғой болыстың
атақ-даңқын көтеретін!..
        Біз болыстың
ызғар көрсеткенін елеген жоқпыз. Елге жеткенше әлденеменеге байланысты есімізге
түсіп кетсе, күлісіп келдік. Езу тартқаны болмаса, Шәрбану жарыла күле қоймай
келе жатқан. Мен оны шаршаған ғой дегенмін. Ауылға жақындай бергенде ол
ұзақ-сонар қауіп барын айтты:
           Ел-жұрт білетін Тайшыбек осымен тоқталып
қалмайды, жігіттер. Ұзамай тағы бір белгі берер. Сақ жүріңдер! - деді.
-        Ол - басып
озғаның түгіл, алдынан кесіп өткеніңді көтермейтін адам.
Тайшыбек көп күттірген жоқ. Екі жұмадан кейін ауылнай келді.
-        Әсет, сен
маған өкпелеп жүрме, болыс жұмсайды, ауылнай орындайды. Он жылдан бері мойнында
отыз сом недоимке жүр екен ғой. Соны әкеліп төлесін деді болыс. Содан соң,
паспортсыз жүрген керінесің ғой?
-        Содан соң?
-        Содан,
біреудің қызын тартып әкетіп, еріксіз ұстап отырсаң керек... Приставқа өзіңді
де, тартып әкеткен қызыңды да болыстың ортағына алдырып, жауапқа тартсаңыз екен
деген қағаз да кетейін деп жатыр...
-        Тағы да бар
ма?
-        Бар. Алып
қашып кеткен қызыңа қалың мал төлеп қойған адам бар екен. Оның малын да қайырып
беретін боларсың.
-        Тағы?
-        Болысекең
тағысын тағы да ойлануда ғой деймін...
         Ауылнай
бізбен жылы қоштасып жүріп кетті. Бізге деген достығы аңғарылып тұр. Бірақ
болыспен арамызға арашаға түсер шамасы да жоқ.
Болысымыз бізді бір күн тыныш отырғызбауға бел байлағанға
ұқсайды. Шәрбану - бәрімізден ақылды адам.
-        Әуелі екеуінді
де жаяу қалдырады. Ол - ұры ұстайтын адам. Терістаңба, Адырбай, Демесін деген
үш ұрысы, құдай біледі, біздің ауылдың ойы-қырын тіміскілеп жүр... - деді.
         Бірер жеті аз
ғана ауыл күні-түні күзетте отырды. Бір күні ауылдың екі аты жоғалып кетті. Бұл
- Әсеттің өз аулы емес. Жездесі Нәзірдің аулы болатын. Бұлардың күйзелісі бізге
қатты бата бастады. Бір күні әнеукүнгі ауылнайды ертіп болыстың поштабайы
келді. Атынан түспей тұрып "Әсет!" деп айғай салды поштабай. Әсет
далаға шығып амандасты, сәлем берді. Біз Шәрбану екеуіміз босағадан сығаладық.
Әсеттің түсі тым ширақ көрінді.
-        Ей, сен, болыс
шақыртқанда келмейтін кімсің! - деді поштабай.
-        Сенің болысың
мені шақырта алмайды. Мен бұл болыстан шығып кеткенмін,- деді Әсет.
-        Қашан?
-        Былтыр.
-        Қайда кеттің?
-        Казак-орыс
болып кетгім.
-        Қай қалаға
кеттің?
-        Онда сенің
жұмысың болмасын.
-        Бұл ауылда
неге жүрсің?
-        Жездемнің
үйінде қонақ болып жатырмын.
-        Болыс сенің
қылжағынды көтермейтінін білетін шығарсың?
-        Болыстың
қылжағын мен де көтергім келмейді.
-        Солай де!
-        Иә, солай!
Поштабай атын тебініп қалып жөнеле берді.
Поштабайлар кеткен соң біз Әсетті ортаға алдық.
-        Ойының ба,
шының ба?
-        Шыным. Бұлар
бізге күн керсетпейді. Күні-түні өзімізді-өзіміз күзетіп қалай күн көреміз? Осы
ауылға да қанша обал болайын деп тұр. Тезірек кетейік бұл ауылдан.
-        Қайда кетеміз?
-        Не Желтауға,
не Балағашқа!
Еркектер күмілжіп қалып еді, Шәрбану бірден көнді.
-        Болыстың
қорлауына көнгенше шоқынып кеткен жақсы. Бұлар Майраны жауапқа шақыртып, ит
әуреге салады. Мазақтайды, қорлайды. Тезірек орыс арасына барып қоныстансандар,
Тайшыбек болыс тебеге ұрған мысықтай жым болады, - деді.
        Белағаш
казак-орыс станицасы екен. Жіңішке ғана өзеншені екі жағынан да бойлай
салынған. Қаладан төменірек алпыс-жетпіс үйлі "қырық ру" қазақ
жатақтары бар. Бұл сорлылар қазақ болыстарына қарайды. Өз айтуларына қарағанда,
болыстарының зорлық-зомбылығынан құтыла алмапты.
        Әсет бір-екі
күн толқып жүрді де, казак-орыс станицасының тұрғыны болып жазылып, жаңа
паспорт алып келді. Екі бөлмелі үй сатып алдық. Бізге жер беріпті. Шөп шаптық.
Менің сырнайым көрші шөпшілер үшін үлкен көңіл ашар болды. Оңай үйлесіп,
достасып кеттік.
        Қысымыз
ойлаған шамадан анағұрлым жақсы өтті. Күйекбайдың дау-дамайын бітіріп, менің
әке-шешемді көшіріп алдық. Орыс пен татар қылжалақ-қалжың ән-күйлерін мен бір
естісем болады, өздерінен кем ойнаған емеспін. Қазақтың ойын-тойларымен бірге
Әсет екеуіміз казак-орыс ойын-тойларына да көп шақырылатын болдық.
      Келер жылғы
Қоянды базары мен үшін үлкен мейрам болып өтті. Өзіміздің үйді көшіріп апарып
тіккеміз. Алдымен Беке ағайды өзіміз қонақ еттік. "Қанша адаммен келсеңіз
де өзіңіз біліңіз, тай союлы, сары қымыз сапырулы", - дедік. Бекең бес
болыс, он екі би алып келіпті. Мен түн ортасы ауғанша ән салдым. Үйде қонақтар,
үй айналасында Қоянды базары түгел деуге болатын еді. Базар отыз күн болады
екен, мен отыз күн ән салдым. Өмірімде бұдан артық қызықты күндерім болған
емес. Әсет екеуіміз қол ұстасып барамыз. Ол кезде қолтықтасу дегенді қазақ
баласы білмейді, қол ұстасып кайтамыз. Кейде қайтып келе жатып тағы ән саламыз.
     Беке ағаң
шақырған күні жұрт мені Тайшыбекке шығарған өлеңіңді айт деп қысталады. Өзімнің
де айтқым келіп жүретін, іркілгенім жоқ. Тайшекең біздің жұртымызды иіскелеп
қалғаңда не тапты екен дегенім де бар еді, тындаушыларым соны "тоғыз саққа
жүгіртіп, тоқсан рулы елге" таратып әкетті.
        Қоянды базары
өткен соң, казак-орыстар көп ұзамай шөп шабуға шықты. Біз де шықтық. Аз ғана
жерімізді бір жұмада шауып, үйіп-жиып болған күні кешке көрші шөпшілерді шайға
шақырғамыз. Қымыз, шай. Әрине, гармонь. Орыстар да еркек-әйелі қосылып өлең
айтты, биледі. Әсет екеуіміз де өлең айттық. Бір кезде орысша "ұры,
ұры!" деген әйел даусы ащы естілді. Еркектермен бірге мен де жүгірдім.
Ақжал ат ноқтасы басында арқандаулы тұрған. Мен ұры келсе Ақжал атқа келеді деп
ылғи түйсіктеніп жүретінмін. Әсет екеуіміз қатар жеттік. Бір еркек пен бір әйел
ұмар-жұмар алысып жатыр екен. Ақжалдың шылбыры әйелдің қолында сияқты. Мен
шылбырға жармастым. Әсет жігітті әрірек сүйреп әкетті. Мені сүйсіндірем деп
Әсетменің көзімше ешкімге күш көрсеткен емес-ті. Әріректе шаба жөнелген қос
аттың дүбірі естілді. Ұрының ат ұстап қалған серігі болу керек. Қолға түскен
Тайшыбек ұрыларының бірі екен, оны орыстар қалаға айдап әкетті.
      Мен орыс тілінде
"бір сүйер" деп аталатын адаммын. Қазақ тілінде оның аты жоқ. Аты жоқ
болса, өзі де жоқ болғаны шығар. Сүйген жігітім біреу-ақ болды - Әсет. Жан
болып өз тіршілігімде сүйгенім - ән. Өмірімнің сәні де, мәні де - осы екеуі.
Сол сияқты аттың да біреуін ғана жақсы көрдім - ол Ақжал. Шылбырына ұры
жармасып жатқан Ақжал есіме түсіп кеткенде, әлі күнге дейін тұла бойым дір ете
түседі.
        Сол жылы
күздігүні Әсетті әскерге алып кетті. Үлкен соғыс басталғанын жаздыгүні естігеміз.
Казак-орыстың жастарын бірден сыпырып әкеткен. Екінші ме, үшінші ме, әйтеуір,
бір кезекте Әсет те алынды. Содан бері, міне, он бір жыл мен жесір қалған
әйелмін. Әсеттің әйелі болған кезім екі жаз, бір қыс - бір жарым жыл.
         Осы тұста
домбыра тағы бір "дың" етіп қалды.
-        Ері майданға
алынғанда жыламаған әйел болмайды. Бұл жағын айтпай-ақ қояйын... Әсет майданға
алынғаннан кейін екі жыл бойы Қоянды базарынан қалмай жүрдім. Баяғы Шәрбану, баяғы
Нәзір, баяғы Тастан... Бірге барамыз. Бірер жылдан кейін Қоянды базары жабылды.
Мен де ең көп тындаушыларымнан айрылдым.
        Бұл кезде
казак-орыс әйелдерінің күнде біреуі "жесір калдың" деген қағаз алып
тұратын. Бір күні менің де кезегім келген екен, мен де алдым... Нағыз жылаудың
кезі осы да...
-        "Дың-ң!..."
-        Мен он бір жыл
жесір отырмын дегенде, Әсеттен кейін күйеуге шықпаған екен деп қалмандар. Бір
емес, екі рет шықтым. Бірақ екеуін қосқанда бірге тұрған күндерім тоғыз айға
толмайды. Тидім де айырылдым. Мен "бір сүйер" адам екенмін. Жаңа
тиген күйеуімнің үйіне кіре бергенде, Әсет есіме түседі де, жаңа күйеуімнен
безіне бастаймын. Оның үстіне алғаш кездескенінде әп-әдемі, есті болар-ау деген
жігітім екі күннен соң маған жақсы келін болуды үйрете бастайды. Үлкендерге
тізе бүгіп, сәлем ету керек екен. Үй ішінде от орнынан жоғары шықпау керек
екен. Тезек теріп, сиыр сауып, өгіз арбамен су әкелу келіннің міндеті екен.
Өзін-өзі құрметтейтін ауылда сырнай тартып, ән салу деген ұят екен. Мен
шақырған ойын-тойларға да бара алмайтын болдым. Мен мұндай келін бола
алмадым...
       Аяқтап
келгенде, құдай мені енді қайтер екенсің деп сынағысы келгендей сезіндім. Малға
сатылатын қазақ қызы қалай жалғыздыққа шыдар екенсің, қалай бір боқмұрынға
тимей кетер екенсің деп қарайтын сияқтанды. Сол ерегіске апаларың да шыдады.
Әнімен ғана қалған жайы бар.
        Мен сорлы
өзгесіне көнсем де, домбыраммен ән салуға жасалған бөгетке көне алмадым. Ән -
менің бар өмірім. Мен ән салғанда, тындаушы жұрттың жүзінен төгілген қуанышты
көргенде, сол жұрттың бәрінің алақандарында тербеліп отырғандай сезінем. Әншіге
одан артық не керек? Маған бақытты болу - тындаушыларың көп болсын дегенмен
бірдей. Артық та емес, кемде емес.
        Майра
апамыздың ең бақытты кезеңі - ән салып тұрған кезі екен...
Жалғыз қалған жылдарымда мені пірімдей қолдаған аты қазақтан
екі-ақ адам болды. Біреуі - Беке ағаң. Екіншісі - әйел.
Әйел менің өміріме не бары бір-ақ рет араласты. Сонысы бүкіл
өміріме серік болып келе жатыр. Тағы да сол Қоянды базарында мені Тәуекел деген
болыс қонаққа шақырып еді. Мен сырнайым иығымда, азырақ кешігіп келгемін. Үй
толы болыс-билер екен. Бірден Бекенді таныдым. Оған таяна ірі денелі, еркек
пішінді, орта жастардағы әйел отыр екен. Одан әрі болыс-билердің арасында күрек
тістері астыңғы ернін қапсыра басып ырсиып тұратындықтан суырға да ұқсап
кететін Тайшыбекті оңай таныдым.
        Үй иесі Тәуекел
болыс орнынан тұрып, Беке ағаң мен екі арадан орын көрсеткен ишаратын істеді.
Мен солай қарай беттеп едім, әлгі әйел Беке ағаңа қарап:
-        Беке, сен әрі
ысырылшы. Майра менің қасыма отырсын, - деді.
Мен сол апайдың қасына отыра бергенде: "Енді Қыдыралыны
шақырып әкеліп төрімізге отырғызу ғана қалды ғой. Жеткен екеміз
арманымызға!" - деді бір еркек даусы. Мен ішімнен Тайшыбек шығарсың деп
ойлап едім, сол болып шықты.
-        Әй, сен,
Тайшыбек қарақшы, не оттап отырсың? - деді әйел ірі денесімен оң жағына қарай
еңсеріле бұрылып.
-        Ойбай, Ақкелін
апа, сізге емес, Тәуекелге ойнап айтып жатырмын, -деді Тайшыбек.
-        Кімге айтсаң
да, кімді қорлағың келіп отырғанын білемін. Сенің қырсығыңнан Әсеттей
арыстанымыздан айрылдық. Сен қарақшы Майраның жалғыз атын ұрлап әкелуге жұмсаған
екі жігіт түрмеде отыр...
      Әйел ағытылды кетті,
ағытылды кетті... Ар-ұяты бар адамды өрт бұлай өртей алмаса керек. Оның барлық
айтқанын мен айта алмаймын, әрине. Ең аяғында: "Енді Майраның маңайына
жуып көрші, алдыңғы сайлауда өзің не көрер екенсің!" - деп тоқтады.
           Әйелдің құтырынған
дауылдай соғатын күші барын мен бірінші рет көріп отырмын. "Шіркін-ай, - деймін
ішімнен, - әнді де осылай дауылдата салар ма еді, әсіресе біреумен қақтығысқанда!.."
        Мен қасына
келіп отырған соң, Ақ-келін апай енді аз-кем жұмсағырақ сөйледі.
-        Болыс болып
сайланарда бермейтін уәделері жоқ, түге. Сайланып алған соң аспанда құдай
барын, ел-жұрт алдында абырой-ұят барын бәрі де ұмытып кетеді.
        Содан кейін
маған бұрылып:
-        Майра балам,
мен де өзіңдей талай тамұққа түсіп шыққан адаммын. Қазақтың өсек-аяңынан жаман
тамұқ жоқ. Аяғында елдің осындай қуларының бәрін жеңіп, Ақ-келін атандым. Бұл -
өз атым емес, баяғыда бір ауылдың Ақ-келін деген келіні болған екен. Болыс
сайлауында сол келін бір болыс елдің барлығын жеңіп, болыс болыпты. Аса қадірлі
адам болса керек, ол өгеннен кейін болыстың атын " Ақ-келін болысы"
деп атапты. Сол осы күнге дейін сақталып келеді. Еліміз маған да сол атты Қоянды
базарының үстінде ояздық сот мүшелігіне екі би сайлау съезі өткен екен. Сол
екеудің бірі болып, жиырма бес жасынан болыстық би сайланып келе жатқан осы
апай.
      Ақ-келін апай
маған: "Әйелмін деп ығыспа, өленді топандай қаптат, әнің аспанға
өрлесін", - дейтін секілді. Мен ол кісіні осылай түсіндім. Содан кейін
әндеріме асау лептер қосыла бастады. Дың-ң!...