ВЕРНУТЬСЯ

      Қаланы қапталдай орап, мұнартып тұратын көк зеңгір қалың орман
астан-кестен. Шашын жайып жіберген ақ қайындар жазықсыз қираған қарағай бауырын
жоқтап, ақырын ғана сыңсып, жылап тұрғандай. Қалың орманның өрт шалған тұстары
түскен тістің орнындай кетіліп қалыпты да, қап-қара болып опырайып тұр.
       Ну орманның
қала жақ беті қысқы көрпесін қалың жамылған жазық дала, бүгін бетіне қорасан
шыққандай шұп-шұбар. Ол шұбартып жатқан қопарылған жер, бүктетіліп жатқан өлік
денелері. Әр жерде намазға жиналғандай топ құзғындар отыр да, қуанғаннан
құйрығына дейін қыпық қағып сауысқандар жүр.
        Қаланың оң
бүйірінде күміс теңгедей болып жарқырап жататын сұлу көлге төніп тұратын
бақшаның да дал-далы шығыпты. Ерсілі-қарсылы көсіле құлаған ақ теректердің
күміс жапырақтары әлі дір қағып жатыр. Жайған алақандай жалпақ жапырақтарымен
уыс-уыс қар уыстаған бір шоқ емен ағаштар кәрлі қабағын кешпес кек, қайтпас
ызғармен түйіп алыпты.
          Жау қолы
жолында кездескеннің бәрін жұлып тастағысы келгендей, от пен оқты аямай төгіп,
қалаға төнді. Аяусыз бүлдіріп, мағынасыз қиратып, кек егіп келеді.
        Көрінген
бұтаны бойтаса жасап, қалаға қарай жалғыз әйел келе жатыр. Түп ізі - қалың
орман, меңзегені осы қала сияқты. Жауған оқты елемей, өлім қаупін ескермей келе
жатқан ана еді ол. Өмір үшін сынға түссе, ана жүрегі бүлк еткен бе! Әйел
бұршақтай бораған оқ астына қарай кіріп келе жатыр. Бұл аңыраған ана Наталья
еді.
         Әр жерде
топтанып отырған тойған құзғындар "қашан ортамызға түсесің, жаназаңды
қашан оқимыз?" дегендей, Наталья анаға тұнжырай қарасады.
- Түседі, түседі, түседі! - деп, құйрығымен ым қағып
сауысқандар отыр.
        Қалада қалған
аз ғана халық түгел көтеріліп, өткен түні орманға жөнелгенде әл үстінде жатқан
немересі - Лидасын байғұс кемпір әкете алмап еді. Түн бойы ауыр сандырақ
үстінде жатқан балапанының қасында болды да, қалада жалғыз қалғандарын
сездірмеді. Енді, міне орманға орналасқан жұрттың із-тозын бір анықтап алып,
Лиданың қасына қайтып келе жатыр.
     Лиданың өз шешесі мұғалима, жаздан бері
партизандар ішінде жүр. Лида өз шешесін көрмегелі алты айдан асты да, содан
бері әжесінің қолында еді.
        Наталья ана
күні кеше ғана сүзек пен немістерді өзінше салыстырып кеп:
-        Бірі суыққа
ұрындырсам-ақ алмай қоймайтын ауру да, енді бірі -тегі, адам баласы ғой... - деп,
Лиданы қозғай алмаған.
      Енді бүгін ана
жүрегі екінші байлам жасады. Өлсе, аурудан өлсін, адамнан айуан шыққанын көрмесін
деп, әл үстінде жатқан балапанын орманға әкеткелі келеді.
- Мас өгіздер әл үстінде екен, бала екен деуді білмей
жүрсе... - деп ойлай бастайды да, оның әр жағына үңіле бастаса ана жүрегі дір
қағып кетеді. Қала лапылдап жанып жатыр. Қала басына қара жамылғандай, қара
түннің астындағы, қайғылы бір күні еді. Күнінде неше көрісіп, неше рет сыр
ақтарысатын жақын жандардың жанып жатқан ұясын көргенде, ана жүрегіне қорғасын
құйылып бара жатқандай сезілді.
        Ауру Лида
мектеп үйінде қалған. Мектеп әзір аман екен. Наталья аяғын әрең басып, мектеп
қорасына кіре бергенде, ертеректе снаряд қазып кеткен ұңғыға әлденені көміп
жатқан екі адамды көрді. Партизандар екенін де таныды, олардың не істеп
жатқандарын да түсінді. Қаладағы үлкен үйлерді, керек боп қалса, көкке ұшыруға
әзірлеп қоятынын, Наталья талай көрген де, естіген де еді. Мектеп астын дәріге
толтырып, от беретін сымның ұшын ұңғыға көміп жатыр.
-        Ей, тоқтаңдар...
Мектепте менің бөбегім жатыр... - деп, Наталья, тез-тез басып барып, мектептің
есігін ашты.
-        Ақырын,
ана!-деді, екеудің біреуі, Натальяның кім екенін танығаннан кейін. Керегі болып
қалмаса, бүлдірмейтінімізді білмейтін бе едің? Қорықпа, мүмкін, немістер
кішкентай қаланы менсініп тоқтамас та... Бара бер пәтеріңе... Бірақ бұл жерден
аулағырақ жүрерсің. Әсіресе, от жақындап жүрмесін.
-        Е, мен бір түк
көрмеген меңіреу ме едім, сонша! Он сегізінші жылы талай көпірді өзім де
қиратысқанмын. Ол сендер ғана білетін өнер емес шығар! - деп, кемпір мектепке
кіріп, өз бөлмесінің есігін аз ғана ашып тыңдай қалып еді, Лида тағы да
сандырақтап сөйлеп жатыр екен:
-        Мама, мына
түрінде көзің мен мұрныңнан басқаның бәрі бөтен, бәрі бөтен... Әжем түгіл мен
әрең таныдым... Мама, сен қараңғы түндерде орман ішінде жүргенде, нағып қорықпайсың?
- Түнде жиналысқа баратын болсаң, мені ерте жүретінің есіңде ме, мама!
Қорықпайды деп әжемді айт... Ол түн ішінде қараңғы моншаға да жалғыз кіріп шыға
алады, - деп, Лида ақырын ғана жымиып шешесі алдында тұрғандай қолын соза беріп
еді, әлсіз сылқ етіп түсіп кетгі. Өз шешесі әддеқайда, алыс ормандарда жортуылда
жүрсе, әжесі есіктен қарап жылап тұр еді.
-        Иә балапаным,
шешеңді сағынатын уақытың да болды, балапыным,- деп, Наталья немересінің ыстық
басына қолын салғанда, кемпір жүрегінде қызғаныш қытығы да бар еді.
        Лида әрең деп
көзін бір ашты да, мейірімді ана қасында екенін аңғарғандай болды. Бірақ әлгі
сандырақ енді әже сипатына ауысып:
-        Ой, мама, сен
қалай қартайып кеткенсің... - деп қалды да, ұялған кескінмен әжесіне қарай бір
ығысып қойды. Суық үйде, суық күндерде, ең жылы, ең жұмсақ құшақ осы әжесінің
құшағы болатын. Буындары бұлтиған кәрі қол өте жұмсақ тиеді де, буалдыр тартқан
таныс көздері мейірім жылылығын төгеді. Лида қайта қалғып кетті.
     Зеңбірек даусы
жақындап қалды. Наталья Лиданы орап-шымқап енді көтеріп қолына ала берем
дегенде, жақын жерде ғана жарылған снарядтан мектеп үйі қатты сілкініп қалды
да, Лида қолынан түсіп кетті. Кемпірдің өзі де құлап қалды. Үй төбесіне
әлденелер сатыр-сұтыр етіп түсіп жатыр.
        Кемпір жүгіріп
далаға шығып еді, жау снаряды қаланың қасиетті бір белгісін аспанға атқан екен.
Мектеп қасындағы аланда бірге жерленген он тоғыз большевиктің ескерткіші бар
еді, соны қиратыпты. Ол молада Натальяның ері Степан да бар. Оларды он сегізінші
жылы тағы осы немістер атып кеткен болатын. Жүрекке салған сол дақ аз
болғандай, бүгін, міне, сол қадірлі ескерткішті жоқ қылды.
       Қадай салған
қанжар дәл жүрегіне қадалғандай, Наталья отыра кетті, соғысып та, соққы беріп
те көрген елдің қызы мұндай тағылықты есіткен емес-ті. Кешеден бері бос қалған
қаланы неге осынша талқандай береді, ана жүрегінің ұға алмай тұрғаны да осы
ғана.
-        Есерлік пе,
еселеп өскен қандастық па?
        Ескерткіштен
мектеп төбесіне келіп түскен ағаш пен тастар. «Бұл қорлықты ұмытпа, Наташа!»
деп жатқан Степанның даусындай, ана жүрегіне шаншыла қадалады. Ана бойына он
сегізінші жылдардың ашуы қайта жиналып, тамыр-тамырын ыстық қан қуалай
жөнелгендей болады.
-        Наташа, саспа!
А, Наташа, төк оқты! - деп тұратын сонау күндер бүгін бір сағат қана қолына
түсер ме еді, әттең...
      Кәрі көздер, сол
алыс күндердің бір айқасын көріп тұрғандай, әлдеқайда қарап қадалып қалып еді,
неміс танкілері де қалаға кіріп келеді екен. Лезде қаланың барлық көшесі танкі
мен машинаға, сұр киінген әскерге толды. Қалада үш шақырымға созылған ақ ұзын
көше бар еді. Соны өрлей ағылған жау қолы үйме-жүйме болып, үйіліп келеді.
        Мектеп қорасына да танкілер тола бастады.
Темір жамылған, ажал таңбасын мандайына басып алған машинадан екі адам шыға
келді де, Натальяны көріп:
-        Қолыңды
көтер!-деді, Наталья қозғалған жоқ.
      Кемпірді именбей
тінтіп, ұялмай балағаттап болғасын:
-        Мынау мектеп
мина төгіп қойған үй болар. Алдымен осы кемпірдің өзі кірсін!-деп, Натальяны
алдарына салып, мектептің есігін ашқызды.
        Наталья есікті
еркін ашып, катты жауып жүріп, мектептің бар бөлмелерін аралатып шығарды. Ең
аяғында өз бөлмесіне кірді де, ауру немересін қорғаштай тұра қалып:
-        Көріп
болдындар... Енді кіре беріндер! - деді.
       Немістер жүрегі
орнына түскендей. Жалғыз қалған кемпірдің неліктен қалғаны да түсінікті
сияқтанды: ауру бала нарттай жанып жатыр. Сонда да Лиданың көрпесін бір жұлып
алып, арық денені бір жалаңаштап көрмей сенген жоқ.
       Бұл үйде өз
адамдары тұрса, бұл маңда қауіп те жоқ болу керек деген ой келді білем, мектеп
іші адамға толып кетті. Бұл елдің мектепті қадірлейтінін жақсы білетін
немістер, қаладағы ең қауіпсіз жер осы болар деп ұйғарды.
        Мектеп
коридорында тағалы аттар жортып жүргендей... Лида бір мезгілде көзін ашып:
-        Бұл не, әлде
бүгін оқу бастала ма? - деп сұрады мұңайып отырған әжесінен.
-        Иә, күнім...
басталатын болар...
        Есіктерге қарауыл
қойылып, қолдар шекеге сарт-сұрт баруына қарағанда мектепке орналасып жатқандар
- офицерлер екені де айқын еді.
       Фашистер
әлденені айтып, арсаландап Наталья бөлмесіне де кіріп келеді де, көп кідіре алмай
шығып кетеді. Әлде аурудан ығыса ма, әлде балапанын қорып отырған ұя басар -
анадан тайқи ма, әйтеуір, тұрақтай алмайды.         Басқа бөлмелерде айғырлар ақыранғандай,
бұқалар өкіргендей болады.
-        Мына бір
еврейдің құрт көзін! - деген әмір берілгенде, ақ гипстен жасалған Пушкин мүсіні
терезеден атып шықты. "Ескі салтты, өткен ғасырлардың тағы адамдары"
саналып, талай ақ сақалды, ақ бас дана қарттардың суреттері жұлынып жатыр.
        Ақ кірпіктерін
сүзе, бояусыз көзі мөлие қараған неміс офипері Наталья бөлмесіне кіріп келіп:
-        Мадам, ауру
балаңызды алыңыз да бөлмені босатыңыз. Сізге мұнда тұруға болмайды, - деді
көрден шыққандай суық үнмен.
-        Түн ішінде
қайда барам? Барлық үйлерге де сіздің адамдар толып болды емес пе... Ауру
баланың жайын көріп тұрсың ғой, - деді кемпір, қызғылт көздерінен қызыл ұшқын
шашып.
-        Қайда барарыңды
өзің білесің. Біз сендерге пәтер тауып беруге келген жоқ шығармыз деп ойлаймын.
Бұл ақырғы сөз!
-        Көшеге шыға
бергенде, күзетшілерің ғой, атып салады?
-        Мүмкін атып
салар. Күзетшіге мен жауапты да емеспін. Бірақ сізді офицер атады екен деп
үміттенбеңіз... Ол құрмет көрсетілмес сізге... Атса, бәрібір солдат атады.
        Бұлармен сөзге
келіп, түсінісуге, рақым күтуге болмайтынын жақсы білетін ана, Лиданы қайтадан
орап байлап, көтеріп алды да, мектептен шықты.
      Қала өрт құшағында.
Мектеп қорасы да, көшелер де лық толы жау әскері. Сықырлаған, қаршылдаған,
күркілдеген танкілер отын сөндірмей, үйір-үйір болып тұр. Қай жағыңа қарасаң
да, өлім орағын көресің, қай үн құлағыңа келсе де, ол өлім үні сияқты.
        Неміс
солдаттары мектеп сарайларын қиратып, от жағып, ас жылытып жатыр. Ақырын
аяңдап, баласын құшақтай көтеріп, ана солардың қасына келді.
-        Мен бәріңе де
анамын ғой, балалар. Өз балам мынау, әл үстінде.Таңатқанша оттарыңа жылынайын.
Лұқсат етіндер... - деді.
       Солдаттар
"солдат" сөзін айтып, оған "жұқпалы дерт" дегенді қосты.
Мектеп қорасында он шақты жерге от жаққан солдаттардың бір тобы да маңына
жуытқан жоқ. Ана жүрегіндегі ақтық кесім алынып та қалды!
       Наталья қарға
кеудесінен кіріп отыра қалған Толстой мүсінін көрді. Қалың қабақтың астынан
түйіле қараған шүңірек көздер әлденені айтып, әмір етіп тұрғандай,
"Аннаны" бастарда жазған "егер кегім бір алынса!" деген сөздері
еске түседі.
-        Егер кегім
алынса!..
      Лиданы манағы
өзі көрген ұңғының қабағына қисайтты да, кемпір сүйретіліп барып сарай жақтан
бір-екі тақтай алып келді. Ұзын тақтайдың бірін солдаттардың отына өз қолынан
тұтатып алып, ұңғының шетіне от жаға бастады.
      Қу тақтайлар сатырлап,
гуілдеп тез жанып кетті. Қараңғылық қоюланып, от айналасындағы солдаттар өздерінен
басқаны көрмейтіндей кез болып келеді. Сол кезде:
-        Манағы от
түсіп жүрмесін деген жерің осы еді-ау...- деп, кемпір отын солай қарай бір
ысырып қойды.
        Мектеп үйінің
әр бөлмесінен жарық жылтылдап, мас әндер естіле бастады. Наталья отын тағы бір
ысырып қойып, бар тақтайды отқа тастап жіберді де, Лиданы көтеріп алып, мектеп
бақшасының түкпіріне қарай жылыса жөнелді.
       Әлде от жетпей
жатыр ма, әлде манағылар ойнап айтты ма, Наталья бақшаға жеткенше, ешбір апат
белгісі білінген жоқ.
-        Орнынан
жаңылған екем. Қайтадан ондап жіберейін, - деп Наталья мектепке қарай бұрылғанда,
бір ғана гүрс етіп, мектеп үйі аспанға ұшты. Ұшқан бөренелер, қара бұйраланған
от жалыны мектеп айналасын түгел жауып кетті. Баласын бауырына қыса түсіп, ер
ана да қара түнге сүңгіп кеткендей жоқ болды...