ВЕРНУТЬСЯ

       Қайсар біздің үйге желіге сөйлеп, екпіндей кірді:
-        Әлгі, қайын
атам болмай кеткір, Бекберген Күреңтөбелді сұратып кісі жіберіпті! - деп
алқынып тоқтады. Даусында кернеген ыза, күйінгендік бар екен.
-        Е, ол қай құтырғаны!
- деп, менің әкем де түршігіп қалды.
-        Бес жасар
баласын піштіртіп, сонда қожасы құрғыр баладан сүндет-атыңды айт деп сұрағанда
иттің ғана баласы менің Күреңтөбелімді атапты дейді. Енді, міне, баланың аузына
құдай салған шығар, атын берсін, қалың малымды кештім депті. Мына арамдықты
көрдің бе! Қалғанының өзі екі-ақ бұзаулы сиыр? - Қайсар сөз аяғын қайын
атасының арғы-бергі үрім-бұтағына тұқыл найзадай қадап, лоқсытып тоқтады.
        Оның айттырып
қойған қалыңдығы барын біз, ауыл балалары түгел білетінбіз. Бірақ, Күреңтөбелге
татитын қыз болар-ау деп кім ойлаған!
-        Қайын атаңа
сен не деп жауап қайырдың? - деді әкем.
-        Оттамасын деп
қайырдым, - деді Қайсар.
           Аздан кейін
ашуы басылғандай болып:
-        Жалғыз атымнан
айрылсам, қызын ұзатып әкелерде жаяу барып, жетелеп қайтам ба?.. Бере алмаймын
дедім. Теріс пе осыным? - деп аяқтады сөзін.
-        Ие, енді не
істемексің?
-        Ертең түннен
қалдырмай қызын алып қашқа салам!
         Әкем ондайдың
аяғы көрші отырған елдердің арасына дау-жанжал, кектесу туғызарын ескерте
бастап еді, Қайсар бұрылмайтын ыңғайын көрсетті.
-        Ағайын,
дау-жанжалдан қашқалақтасаң отыра бер үйіңде. Мен қызды алып қашқан бойым орыс
арасына тайып отырамын. Сонан соң маған соқтығып көрсін! - деп кесіп тастады.
          Біраз
үндеспей қалысты. Әкем қол-іске бара алмайтын адам. Ауьшымыздың аяулы бір
жігіті дау-жанжал әкелгелі отыр. Дау дегеннің егіздеп кететін де кезі болады.
Әкем осыны ойлап қысылады. Қайсар үзілді-кесілді жауап күтеді. Мен болсам
Қайсардың ер жүректігіне қызығып отырмын. Ұзындау қиылған қара көздері қызғылт
ұшқын шашып тұрғандай екен.
-        Кәне, ертең
бір балаңды қосып бересің бе маған, жоқ па? - деді Қайсар.
-        Бала дегенде
үлкенірегі кісі есігінде. Иміштің үйінде... Мынау боқ мұрын босаңдау ғой, - деп,
әкем көселеу иегімен мені нұсқады.
-        Маған осы боқ
мұрының болады! Баланды қостың, басың бәлеге қалды! Даушылар алдымен осы үйге
келіп түсетін болды, - деп Қайсар қарқылдай күліп алды.
          Бір қажетке
жарап кеткелі тұрғаныма мардамсып, мен шалбардың ышқырын бір көтеріп, мұрнымды
бір тартып қойдым. Қайсар сол күлген бойы шығып кетті.
-        Төбелес
бірдеме бола қалса маңайына жолама! - деп әкем маған ақыл айта бастады.
         Қайсар өзінен
басқа туысқаны жоқ жалқы жігіт болатын. Жалғыз Күреңтөбел аты бар. Көкдауыл
атанған, тайыншадай ірі, сұрғылт көк иті бар. Желкесінен басталып иығына дейін
созылған сирек қара қылшық Көкдауылдың атақты бір тұқымнан екенін
көрсетеді.Қайсарға осы екеуінен басқа, анау бір қоңыр сиыры, аздаған
қой-ешкілері жараспай тұратын сияқты еді.
          Күреңтөбел
мен Көкдауыл ауылымыздың аруағы. Кейде біздің ауыл Күреңтөбелдің ауылы деп те
атала бастаған. Ауыл әйелдері Күреңтөбелдің алдынан өткен емес. Жаз күндерінде
Көкдауыл ыстықтап келіп төрдің алдына сұлай кетсе, оны ешкім орнынан қозғамайтын.
        Қыс бойы Көкдауыл
жылы үйге тұмсығын сұқпайды. Ауыз қораның бір түкпірінде талдан тоқып, астын
тақтайлап, қалың шөп төсеп тастаған үйшігі бар, сонда жатады. Таң ала көлеңкеде
ауылды айнала шауып жүріп қасқырдың ізін көрсе, иісін сезінсе, Көкдауыл қораға
кіре бере бір "ауп!" деп қалады. Қайсар Күреңтөбелді ерттей бастайды.
Ол күні Күреңтөбелдің беліне көлденең түсіп, азу тістері ырсиып, мұрнына
жұдырықтай болып қанды көбік қатқан бір қасқыр келе жатады.
           Осылай
болған соң Күреңтөбелге татитын қыз болсын ба, Көкдауылдай ит болсын ба?
           Қайсардың
шешесі Бәден апай шалқып сөйлейтін, есіп отыратын адам:
-        Күреңтөбел мен
Көкдауылдан қасқыр құтылған емес!
          Көкдауылға
түлкі деген не тәйірі, тышқан ғой әшейін! - деп бір қояр еді. - Ақ құйрығы
болмаса, өзгесі адыра қалсын, шай емес! - деп тағы бір бежейге серпіп кетер
еді. - Қайсаржан-ау, балаларға беріп отыратын кәмпит-сәмпитім азайып қалды,
қалаға соқсаң тағы бір дорбасын ала келші! - деп мырзалық қиясынан бір атой
беріп жіберер еді.
           Қалайда
Бәден апай балалардан барын аямайтын адам. Біз ауыл балалары, қыс болса ол
кісінің отынын жарып беруге, жаз болса бұзауын айдап келуге таласып жүреміз.
Күреңтөбелді көлге жүздіріп алу керек болса, балалар үшін ол бір қиянкескі
тебелес...
         Ертеңіне іңір
кезінде Қайсардың үйіне келсем, он шақты жігіт шай ішіп, қызара бөртіп
терлесігі отыр екен.
-        Мынау да қыз
алып қашуға бара ма? Қой, бір жерде адасып қалар! - деп жігіттер мені мазақтай
бастады.
-        Қызды алдыңа
өңгертіп берсек, ауылға алып келе аласың гой?
-        Мінген атың
қандай? Қорқылдақ шабдар бие ме?
-        Ие...
-        Қап, келе
жатқанымызды Бекберген күндік жерден естіп отыратын болды-ау!..
           Бәден апай
жігіттерді бұдан әріге жібермей тоқтатып тастады:
-        Барады! Тым
болмаса, Қайсар ағасының атын ұстап тұруға жарамай ма? Қайсар ағасын жанындай
жақсы көреді. Іштерінде күнә-сұмдықтан таза бір бала болса, жолдарың болады.
Барады! Шайға кел, қасыма отыр, - деді.
            Ауыл жатар
кезде, біреуі мен, он үш жігіт атқа қондық. Бәден апай менің қойныма екі
домалақ ащы құрт, бір уыс кәмпит тығып берді:
-        Ұйқың келсе
ащы құрт же, қарның ашса кәмпит же!..
          Қар қою
жапалақтап тұр. Суық емес. Жел аз ғана есінеп қояды.
         Қай жаққа
шығып алып соғарын байқатпай, айнала ұйтқып тұратын кезі. Әзірге қай ауылдың
қамсыз отырғанын анықтап алуға айнала торып жүрген сияқты.
           Жігіттер
ауылдан шыға шұбала жөнеліп кетті. Ішінін қорқылдағы бар шабдар байталмен ең
соңында мен келе жатырмын. Барар жеріміз алты-ақ шақырым екен, тез жетіп
қалдық.
            Кәдуілгі,
ағаш арасына ықтай қыстаған ауыл... Бір үйден жарық көрінбейді. Бораннан иттері
де қораға тығылып, бұйығып жатса қерек, біреуі үрген жоқ.
              Жігіттер
екі топқа бөлініп, Бекбергеннің үйіне екі жақтан жаяу бармақ болды. Бір топтың
аттарын ұстап тұруға бір ересек жігіт пен мен қалдым. Қайсар бастаған топ
ауылдың екінші жағына шығып кетті. Қыздың әке-шешесін байлап тастап, өзін
падаға алып шығысымен "Ат!" - деген айғай салынбақшы. Сол кезде біз
аттарды тоса беруіміз керек.
         Сібірдің
бораны бір оянып алса, бұл ауылдарды қарға көміп болмай тоқтаған емес. Қазіргі
беталысы да солай. Қар алай-түлей қатты борап кетті. Жел де анда-санда ішін
тартып қояды. Таң ата ышқына соққалы тұр.
         Жігіттерден
недәуір уақытқа дейін дыбыс болмай кетті. Шабдар байтал аузы тек тұрмайтын
әдеті бойынша қар теуіп, бірдеме тауып алып шайнай бастады. Қазақ баласы атының
оттағанына қарсы болғаны бар ма, мен оның ауыздығын алдым. Шабдар байтал
тұғжындап қар тепкен сайын ер-тоқымы иығына қарай жылжи түседі. Е, оттай түссін
деп мен де отыра бердім.
          Бір кезде
ауылдың орта тұсынан әйел даусы шықты. Қыз даусы емес, жарықшағы бар, мосқал
әйелдің даусы.
-        Оңбаған...
бейбастақ! - дегендері естіледі.
-        Қоя бер әрі! -
деген Қайсар даусы сияқты.
-        Аттан!
Жау-жау! - деген дауыс қосарлана шығып, ауылды кезіп барады. Сол маңайдан аз
ғана шетірек екі рет мылтық атылды.
-        Аттарды,
аттарды! - деген дауыстар да екі-үш рет қайталанды.
         Мен осы кезде
ғана жерге түсіп, байталдың ауыздығын салып, ерін кейін жылжытып, шап айылын қаттырақ
тартып болғанша, қасымдағы жігіт тізулі тұрған аттарды жетелеп алып, маған:
-        Бол енді! -
деп бір ақырды да кетіп отырды.
        Ауылдың әр
тұсынан шаба жөнелген жігіттерді бір аңдап қалдым.
-        Бері қарай!..
Әрі қарай! - деген дауыстар әр тұстан естіледі.
         Мен атымды
шаужайлап, дауыс шыққан жаққа қарай шабамын. Өзіміздің ауылдың жөні қай жақта
екенінен байталымды оттатып тұрғанда-ақ айрылғамын. Енді әр тұстан шыққан
дауыстарға қарай шауып жүрмін...
-        Бері қарай! -
деген дауыс кейде оң жағымнан, кейде сол жағымнан шыққаңдай болады. Бұрыла сала
солай қарай шауып кеп жөнелем... Атты кеудесінен тіреген күртікке соғыламын да,
екінші жаққа бұрыламын. Әйтеуір, жаңағы ауылдан алыстай бергім келеді.
           Бір кезде
бүкіл дүниеден алыстап кеткендей екемін. Адам дауыстары біржола жоғалды. Мен
адасқанымды сезіндім. Бүкіл дүниеде жалғыз қалыппын.
      ...Меңіреу түнде
меңіреу боранынан толып жатқан жат үндер естіледі. Бала ойына сыяр дүние
әлдеқайда тұтас көшіп бара жатқан сияқты ың-жың... Адам баласының ой-сезімі
балаң шағында осындай түндерде жын-перінің, ақ сайтан-албастының үндерін естісе
несі таң?
        Мен де
танданғаным жоқ. Әзір қорыққаным да жоқ. Шабдар байтал аттамалап-омбылап әлдеқайда
әкетіп барады. Беталысы ыққа қарай. Мұнысына мен де қарсы болмадым. "Адассаң-атыңа
сен!" - Мен байталға сендім. Қурай, тобылғы бастарын шала жүріп шабдар
байтал әйтеуір бір жаққа әкетіп барады. Ащы қүрттың біреуін ұртыма тығып алдым
да, байталды еркіне жібердім.
        Бір кезде
байтал байғұс осқырынып қалды. Қасқыр көрген екен деп қорқып кеттім. Жоқ, құдық
екен. Сорайып тұрған сөре ағашын таныдым. Біздің ауылда мұндай құдық болмайтын.
Ат тұяғы тықырлап қатқыл сүрлеуге тиді. Мұрныма ауыл иісі келді. Ұзамай ауылдың
өзі де табылды.
        Біздің жақтың
үй салуы біріне-бірі ұқсайды. Ауыз қораға кірген соң балшық үйдің қабырғасын
бойлап жүре берсең есігіне кездесесің. Есік ән салып ашылды.
-        Бұл кім, әй? -
деді қараңғы ауыз үйден шыққан еркек даусы.
-      Мен...
-        Мен дегенің
кім?
         Мен атымды
айттым. Ол мені қайдан білсін, білмеді. Мен әкемнің атын айттым.
-        Е, сен қайдан
жүрсің?
-        Ауылдан...
-        Нағып жүрсің?
-      Жәй...
-        Осы боранда
түнделетіп жәй жүре ме екен?
-        Жәй жүрмін...
-     Өй, мынау бір
кісеңдеп тастайтын кәззап қой! - деп ол киіне бастады.
        Қимыл-қозғалысынан,
ашық даусынан жас жігіт екені байқалады. Төр бөлмеден мосқалдау адамның даусы
шықты:
-        Ол кім, әй,
Асылқан? Кім де болса бері алып келсеңші !Тұр, қатын, шам жақ.
           Төр бөлмеде
шам жағылды. Асылқан осы үйдің баласы болу керек, мені желкемнен итермелеп төр үйге
алып келді. Қайсармен шамалас жігіт екен, тебіндеп келе жатқан мұрты екі
езуінің ойпатына таман едәуір қарауытып қалған.
          Арқасына
күпісін жамыла салған елулер шамасындағы адам көзін шамнан көлеңкелеп маған
қарап тұр. Асылқанның әкесі екені оңай танылады. Екеуі де шықшытты, екеуі де
қоңқақ мұрындылау, екеуі де сұрғылт түсті. Төр алдында көрпелерін бастарына
дейін жауып алған екі бала жатқан сияқты. Ағаш төсектің алдында мосқалдау әйел
тұр.
          Мен үй
иесіне сәлем бердім.
-        Е, кім баласысың?
- Мен тағы да әкемнің атын айттым.
-        Қайдан жүрсің?
-      Ауылдан...
-        Неғып жүрсің?
-      Жәй...
-        Осы боранда
түнделетіп жәй жүре ме екен?
             Әкесі
баласының сұрауларын сөзбе-сөз қайталады, мен де өз жауабымды сөзбе-сөз
қайталадым. Бірақ әзір үлкен кісіге өтірік айтып үйренбеген кезім ғой, үй иесінің
соңғы сұрауына шынымды айттым...
-        Бір қыз алып
қашуға шығып едік... - дедім.
-        Қай ауылдың,
кімнің қызын?
-        Ауылын
білмеймін, Бекберген деген кісінің қызы деп еді.
-        Бекберген
деген кісінің қызы?
-        Иә, Бекберген
деген кісінің...
          Төрде жатқан
екі баланың кішілеуі үлкендеуін шынтағымен нұқып қалып күліп жіберді. Көрпесін
тістелеп жатқан сияқты. Сықылықтағаны әрең естіледі.
-        Қызды алып
кеткен шығарсындар?
-        Білмеймін...
Мен ат ұстап қалып едім.
-        Енді бұл
ауылға неге келдің?
-        Адасып
келдім...
-      Мынауың нағыз
баукеспе болып шықты. Кісендеп тастамаса болмас! - деп Асылқан айбар көрсетгі.
Даусында нағыз ызғардың өзі байқалған жоқ.
-        Әке-шешең аман
ба, шырағым? Динаның дені сау ма? - деп үй әйелі жылы бір сөз қосты. Әсіресе,
шешемнің аты аталғаны көңілімді босатып барады. Үй иесінің мұртына да күлімдеу
орала бастады.
          Төр алдында
жатқан екі жеткен кішілеуі сақылдап күліп басын көтеріп алды. Қос бүрымдап
өрген шашы ешкінің құйрығындай ғана, жас қыз екен. Үлкендеуі қозғалған жоқ.
Анда-санда көрпесінің бүлкілдеуіне қарағанда ол да күліп жатыр. Ол да қыз болу
керек. Жас қыз маған қадала бір қарады да мазақтай күліп, көрпенің астына қайта
көміліп кетті.
-        Балам, сен
енді шешін. Отырып кеңесейік... Қатын, сен щай қой. Балалар, сендер де тұрып,
қонақ балаға орын беріңдер!.. - деді үй иесі.
         Жас қыз атып
тұрды. Үлкені бойжеткен қыз екен. Ол сыпайы қозғалып, теріс қарап отырып киіне
бастады. Бұрымы толық шашы қою көрінеді.
        Мен шешінейін деп қайыс белбеуімді ағыта
бергенде қойнымдағы қызыл ала, көк ала кәмпиттерім домалап-домалап жерге түсті.
Домалақ ащы құрт тіпті әрірек кетті...
         Жас қыз
өзімді итеріп жіберіп, "кәмпит!" - деп бір айғайлап қалды да бәрін
жинап алды.
-        Ойбай, мынасы
ащы құрт! - деп тағы бір айғайлап жіберді. Жаздыгүні көл жағасында кездесе
қалса, төрт таспалап өрген қоғажаймен ышқындырып-ышқындырып алатын қыздың өзі
екен де.
-        Мынауың бір құдайдың
еркесі ғой! - деп Асылқан ыржияды.
-        Біреуі саған,
біреуі маған! - деп жас қыз апасымен кәмпит бөлісіп жатыр. Үлкен қыз сыпайылық
көрсетіп:
-        Қойшы, Кәмер, -
деді. Маған да бір күлімдей қарап қойды. Келбетті, жылы жүзді қыз екен.
-        Мә, ащы құртың
өзіңе! - деп, жас қызы құрғыр құртты менің қолыма ұстата салды. Алмайын деп
едім, сайтан қыз алақаныма еріксіз қыстырып жіберді. Мен құлағыма дейін қызарып
кеткенімді сездім.
         Қыздар
төсек-орындарын жинап, өзара күлімдесіп ауыз үйге шығып барады. Үлкен қыздың
басында екі шоқ үкі таққан құндыз бөрік, жеңсіз күрең барқыт қамзол, қына сары
қос етек көйлек. Аяғында мәсі. Сұлу емес, сүйкімді, сұңғақ бойлы екен.
           Үй иесі
мені қасына таман жақын отырғызып, қайтадан сұрау қоя бастады:
-        Бекбергеннің
қызын неге алып қашпақ болдындар?
-        Ол біржаман кісі
екен... Күйеуінің жалғыз атын сұратыпты. Ол жаз бойы бәйге бермейтін, қыс бойы
қасқыр соғатын жүйрік ат. Күреңтөбел атқа тұратын қыз болады деймісің! - дедім.
           Неге екені
белгісіз үй иесінің көздері төсегінің бас жағына құйрығын еденге тигізе іліп қойған
қасқыр терісін бір сипап өтті.
-        Мынадай қасқыр
терілері Қайсардың шошаласында үйіліп жатады, - дедім мен. Оным асырыңқырап
айту болса да, өтірік жоқ болатын.
-        Солай де,
тіпті! Күйеудің өзі жақсы жігіт пе?
-        Жігіттің
сырбазы. Біздің ауылда ондай жігіт жоқ!
-        Жақсы жігіт
болса қайын атасын неге өкпелетеді?
-        Жок, ол
өкпелеткен жоқ. Ертең қызын ұзатып әкелерде жаяу барып жетелеп қайтам ба депті.
Дұрыс емес пе?..
          Үй иесінің
көздерінен намыстанған, кектенген белгілер байқалмайды. Қайта, Қайсардың жауабы
зердесіне қона бастаған тәрізді.
          Шай келді.
Екі қыз самауырдың екі жағына отырып шай құя бастады. Маған бір алтын жиекті
кесе келе жатыр. Тегі, мен әлдекімдерге ұнай бастаған болуым керек. Жас қыз
кесені қолыма әпере беріп нұқыңқырап қалды. Мұнысы манағы мазақтау емес, басқа
бір леп, келісім лебі...
-        Сонымен,
Қайсардай жігіт жоқ дейсің, балам, ә? - деп үй иесі аз кідірді де, - атсыз
қалсам қалыңдығымды жаяу барып, жетелеп қайтам ба дегені сөз-ақ! - деп үй ішіне
түгел бір қарап өтті.
-        Сенің бір
асықпай-саспай созбаққа салып отыратының-ай, әйтеуір!.. Айтарынды бір-ақ айтып
қоймайсың ба? - деп әйелі қысталай бастады. Кіші қыз маған ойнақы қарап,
астыңғы ернін маған қарай бір қисаң еткізіп қалды. Мен тағы да көл жағасында
бір кездесер ме едің деп ойладым.
         Үй иесі
әйелінің айтқанына мән бермеген пішінмен өз сөзін жалғастырып кетті:
-        Балам, сен
ештеңені аңғара алмай отырсың-ау деймін... Бекберген менің немерелес інім
болады... Қызы мынау шай құйып отырған Кәмен, аяулы бала, - деп үлкен қызға
көзін аударды. - Сендердің келерінді естіп қалып, Кәменді біздің үйге
жіберіпті, - деп тағы тоқтады.
-        Ауылдарында
Зағипа деген бір өсекші қатын бар емес пе, хабар берген сол қылауыз! - деп
әйелі кіжіне қосарланды.
-        Қайсардың
жалғыз атын сұратқанына біз қатты наразы болдық. Ертең балаң баратын жерді тақырлап
кеткің келе ме деп аямай ұрыстым. Еті тірі жігіт, тауып алады әлі, пәлен де түген
деп айнала оттап, көнбей кетті... - деді үй иесі.
-        Оның сөзінің кімге
керегі бар!.. Түн бойы зығырданың қайнап, қыз алып қашатындардың біреуі
кездессе Кәменді артына мінгестіріп жіберер едім деп жатқаның қайда? Сөзді
қойып, осы балаға мінгестір де жібер! - деді әйелі.
        Менің Кәмендей
аяулы қызды артыма мінгестіріп, шабдар байталды қорқ-қорқ еткізіп жортып бара
жатқаным көз алдыма келді. Ол бір үйлеспейтін де, болмайтын іс қой! Кіші кыз
астыңғы ернін маған қарай тағы бір қисаң еткізіп қалды.
          Кәмен қыздың
көзіне жас келіп қалыпты. Жасқа толы көздері күлімдей үй әйеліне алғыс айта
қарайды.
         Ол екі арада
үй иесі байламын жасап үлгірген екен:
-        Асылқан, екі
атты ертте де, Кәменжанды Бәден құдағидың үйіне өзің апарып сал. Таң атқанша оралатын
бол! Бекбергеннің жанжалын көріп алармыз, - деді.
          Кәменнің
жасқа толы көздері үй иесіне де алғыс айта қарап сол қарауымен мені де сипай
кетті. Шай ішіліп болған соң үй иесі қызға батасын беріп:
-        Бетіңнен
жарылғасын, балам, бақытты бол! - деді.
          Кәмен үкілі
бөркінің сыртынан қызыл ала шалы жамылып, қызыл беренмен тыстаған түлкі ішіктің
сыртынан көк судыр шапан киіп, беліне қызыл жібек белбеу буыныпты. Үй иесіне көрісіп
қоштасты. Өтірік жылап, өтірік айғайламай:
-        Қадыр аға,
бұлай аттанармын деп ойламаушы ем... Менен кінә болса кешіріңіз. Өз қолыңыздан
аттандырған соң елім жоқ, жұртым жоқ екен демеспін. Жолыңыз түссе соға жүріңіз.
Әкем де, шешем де сіздер боларсыз... Аттанған үйім - ата мекенім осы үй болар,
- деді.
         Әр сөзін анық
естірткен даусы да, қимыл-қозғалыстары да, өзін өзі ұстай білуі де барлық бала
қызыққандай екен. Мен Кәменді мың Күреңтөбелге бермейтін қыз екен деп ойладым.
-        Түнде жыламас
болар, қарағым, - дегенімен үй иесінің де жүйесі босап кеткен. Ойнақы кіші қыз
өкіріп жылай бастады. Қасымнан өте беріп мені ту сыртымнан түйіп-түйіп қалды,
жынды қыз!..
           Үлкен бір қабажал
торыға Асылқан мінді. Жатаған келген жарау қара атқа Кәмен мініп алыпты.
Қорқылдақ шабдарыма міне бергенде жынды қыз мені тағы бір түйіп қалды.
          Асылқан
алда, одан кейін Кәмен қыз, соңдарында мен, жүріп кеттік.
-        Жол жоқ.
Қасқыр шоқақпен отырамыз, - деді Асылқан, шоқытып жөнеле беріп.
          Кәмен де
іркілмей жөнеп берді. Шабдардың қалай шоқыта жөнелгенін өзім ғана білемін...
          Қар әлі
борап тұр. Күшейіп бара жатқан жел әйтеуір бір қырындау екен. Алдымдағылар
жинақы шоқытып барады. Мен далбаң-далбаң шауып келемін.
           Бір кезде
Кәмен атының басын тежеп, мені тосып алды:
-        Інішегім, атың
шабандау білем. Шылбырынды маған бер де қамшылап отыр, - деп шылбырымды алды.
         Жаңа түскен
келіншектер ұзатылып барған ауылының барлық балаларына өзінше бір ат қойып
алады: тентегім, еркебала, кішкенем, тағы-тағылар. Біздің ауылдың балаларынан
Кәменнің бірінші ат қойған баласы мен болдым... Онын үстіне
"Інішегім" дегені қандай жақын, қандай ыстық естілді.
          Біздің
ауылға да жеттік-ау әйтеуір... Асылқан Кәменмен қоштасты да, аттарын алып өз
ауылына қайтып кетті. Қайсар үйінің қақпасы іш жағынан салтқымен бекітілетін.
Мен терезесінен қақтым. Қайсар ұйқтамай жатқан болу керек, тезбе-тез:
-        Бұл кім, әй? -
деді.
-      Мен...
-        Боқ мұрынбысың,
әй?
-        Иә, мен... қақпанды
аш.
-        Аман жеттің
бе, әй, боз собалақ! Жүгір, үйіңе бар! Әке-шешең жоқтау айтып жылап жатыр...
-        Жоқ, қақпаңды
аш! Қасымда кісі бар...
-        Мына шіркін не
дейді?
          Қайсар
қақпасын ашты. Кәмен екеуіміз үндеместен үйге кірдік. Бәден апай шам жағып
жіберді.
-        Қалқам-ау,
сенбісің? Келдің бе, әйтеуір? Түн бойы жер-көкті шарлап таба алмай келіп, таң
атқан соң тағы да аттанғалы жатыр еді Қайсар ағаң. Айналайын-ай, аман таптың ба
ауылды!..
         Бәден апай
бетімнен сүйіп, мені шешіндіре бастады да, қасымдағы жолдасыма бұрылып айғайлап
жіберді:
-        Жаным-ау,
Кәменбісің!? Садағаң кетейін жарығым-ау, көктен түстің бе, қайдан келдің?
Құлыным, өкпем!..
          Әйелдер
аймаласып, жылай жүре күлісіп, күле жүре жыласып жатыр...
          Қайсар мені
жұлмалап:
-        Сен бе, ей? -
дейді.
-        Мен... - деймін.
-        Қап, мына боқ
мұрынды-ай!
         Жынды қыз
сияқты біресе мені түйгіштеп қояды, біресе кеудемнен итеріп қалады. Не айтып
жүргені құлағыңа кірер емес, мағынасыз сөздер...
          Бәден апай Қайсарға бұрылып:
-        Күреңтөбелді
енді осы боқ мұрынға бересің! - деді.
-        Өй, сен қайтып?..
Қалай? - деп Қайсар әлі сөз таба алмай жүр. Кәменмен қалай тілдесерін де біле
алмай қалыпты.
           Көмен шеше
құшағынан әрең босанып, Қайсарға қалжындай қарап:
-        Көріп тұрып
"сен бе?" дей бергенің не?.. Кім болсын басқа! Өздерің құр дәрілеп
атқан мылтықтан қаша жөнелгенде қорықпаған жалғыз осы інішегім болыпты... Мен
жасырынған жерімнен үйге қайтып келе жатыр едім. "Кәменбісің! Мінгес
артыма!" деп ақырды келіп! Қорқып кеттім де артына мінгесіп жүре бердім, -
деді. - Күреңтөбеліңді бересің!
-        Сен бер десең
бермесіме бола ма? Бердім, - деді Қайсар. Сонымен шай ішіп болғанша Күреңтөбел
ат менікі бола тұрды. Қайсар шынымен-ақ атынан айрылып қала ма деп зәрем ұшып
барады. Ол ат Қайсардан басқа адамға жараспайтын сияқты. Күреңтөбел біздің
әкейдің қолына бір түссе, ол кісі айрылмайды. Бөркінің арт жағын түріңкіреп
алып, Күреңтөбелмен ауылдан ауылды кезеді де жүреді.
        Осылай қысылып
отырғанымда Қайсар маған:
-        Атыңды
сатамысың? - деді. Кәмен қалжындап:
-        Сатпа,
інішегім, өзің мін! - деді.
-        Сатамын, - дедім
мен.
-        Не сұрайсың?
-        Жазғытұрым бір
қара көк құнан алып бер!
-        Әкел қолыңды!
          Екеуіміз қол
соғыстық. Мен үйге қайттым. Кәмен жеңгеміз біздің ауылдан бірінші баланың
бетінен сүйіп жатып тағы да:
-        Інішегім! -
деді. Қандай жақынның айтары, қандай жылы сөз!..
          Бәден апай тағы да қойныма бір уыс кәмпит
тығып жіберді...