ВЕРНУТЬСЯ

       Жұрт алдындағы желпініске мен ылғи сағат он бірде шығамын.
Осы кезде ғана дабыр-дұбырға толы мазаң шақ аяқталып, жұрт аяғы сирей бастайды.
Жанталасқан жастар жосыны тыным тауып, ешкім сені қағып та кетпейді,
бұралкы-бейпіл сөздер де естімейсің. Тау қойнындағы қаланың еспесі шағын тынық ауасы
да осы кезде тазара бастайды.
           Күнделікті
әдетім бойынша қарсымыздағы бақшаға келсем, сескене қоярлық бейсауат адам байқалмады.
Қала бастығы қатал деген қауесет тарай қоймаса да, заң қаталдығына сүйсініп,
әдетте, жүретін жерлерімнен ұзаңқырап та кеттім. Түгел түлей қоймаған күзгі
бақша жапырақ қанаттарын су-су сілкілеп, ауаны тез тазартыпты. Аз ғана қырбық
қар түсіп, асфальт бетіне ақ дастарқан жапқандай екен. Адам серуендейтін
жіңішке жолдар жолақтанып, ұзарып кеткендей сезіледі. Кешкі жөңкілістерден қала
беретін қоқыр-соқырды да жаңа жауған таза қар жаба кетіпті. Бақшаның тап
осындай таза бір шағы адамның бойын ғана емес, ойын да тазартып қайтарады;
тазалық-тазалыққа, настық-настыққа шақырады да.
         Серуен
жолдарынан аз ғана қалтарыс тұратын ресторан тұсынан өте бергенімде, осылай
қарай баяу аяндап келе жатқан әйел көзіме түсті. Із кесіп жүрген аңшыға ұсап,
анда-санда төмен қарап, кідіріп қалып келеді. Жақындаса келе тани кетгім.
Нәзікен екен. Мен оны көрмегелі көп жылдар өтсе де, бірден таныдым. Сұңғақ
денелі, сұлу емес, сүйкімді, ұяң емес, ашық, ордаң емес, әдепті болатын. Қыз
мінезінде, ұяңдық пен әдеп бірге кездессе бірін-бірі жасырыңқырап тұрады да,
ашықтық пен абайсыздық бірге кездессе, бірін-бірі асырыңқырап тұрады ғой. Нәзікен
ондайдан аман, адамға ақ жарқын шыраймен, қалтқысыз сеніммен қараушы еді. Менің
есіме оның сонау жас кезі, сол қыз мінезі түсе қалды. Бір сәт сол қыз Нәзікенге
кездесіп тұрғандай болдым. Осындай таза күнде соған кездескеніме қуанып та
кеттім.
- Апырау, Нәзікенбісің? Қайдан, қалай кездестік, - деп,
апалақтай амандасып, мен қолымды бұрын создым. Саусақтары жұмыр да балғын
болушы еді, енді едәуір ысқаяқтана бастаған екен. Қолы сүйікті те суық тиді.
Бардың жұпыны киінгені де, жоқтың барша киінгені де белгілі
тұрады ғой, Нәзікеннің тұрмысы қоңыр-төбел екендігі байқалады. Бірақ қапелімде
аузыңа түсе қоймайтын бауырмал сөздер тауып, амандасқанына қарағанда, бұрынғы
ақ жарқын мінезі қалпында сияқты.
        Нәзікеннің алдында
мен бұрын да абыржыңкырап қалущы едім, соның салдарынан әлі де арылмаған
екенмін, екі ауыз сөзге келмей-ақ, ең бір сұрамасты сұрап қалдым:
-        Балаң есейген
шығар? - дедім.
         Менің бұл
долаңдығым Нәзікеннің көңіліне екі бірдей жарақат салатыны даусыз. Ең алдымен,
алты-ақ ай отасып, ұшты-күйлі айырылған жарын - Жантасын есіне түсіреді. Екінші
амалсыздық қыспағында қосылса да, қазіргі жолдасы Айдарбек болғандықтан, бұрын
аралас-құраласы бар дос-жарандарының шеттеп кеткенін есіне түсіреді. Нәзікен үшін
мұның екеуі де ескірмеген, егіз-егізек жаралар. Сұрауын сұрап қалсам да, өзім
қысыла бастап едім. Нәзікен қысылмай жауап берді:
-        Сейілжанды
айтасың ғой. Биыл оқуын бітіріп, Алтайға кетті. Бойшаң да иықты жігіт болды.
Аумаған Жантастың өзі! - деді. Әуелі аз ғана реңсіздеу шыққан дауысы сөйлей
келе ажарланып кетті: әрі алғашқы күйеуін, әрі алғашқы баласын көз алдына
әкеліп тұрғаны сезіледі. Сол екеуі жайында ғана сөйлескісі келіп тұр. Менің
ойым да бір кездегі ең қадірлі жолдасым Жантасқа ауысты.
          Ол бір дарынды туған жігіт еді. Орта,
жоғары мектептердің екеуін де ойран-ботқасын шығарып, еркін бітірген кен
инженері болатын. Оның ең алғаш жазған "Алтай кендері" деген еңбегіне
"Алтай поэмасы" деген алғы сөз жазылып еді. Қазір Жантастың өзі де жоқ.
Алтай поэмасы да жоқ. Ана бір жылдары екеуі бірге тұтқындалып кетті. Жантас
"барса келместен" қайта алмай, біржола жоғалды да, еңбектері енді
ғана басылғалы жатыр.
-        Қызық жағдай
кездесе береді екен, Жангөбек... Сейіл Алтай комбинатына, баяғы әкесінің орнына
алыныпты, - деді Нәзікен. Мен құттықтап қолын қысып едім, жанағы екі арада қолы
жылынып кеткен екен.
         Жантастың
Алтайға аттанар күні Нәзікеннің есінде өмір бойы қалар қаралы күн еді. Жаңа
ғана қосылған екі жас барлык ой-жігерін өрісті еңбекке арнап аттанғалы жатқанда
Жантас ұсталды. Қанын ішке тартып сұрланып алған, екі жігіт кіріп келді де:
-        Жантас Асылбеков,
жүріңіз! - деп есікті нұсқады.
         "Халық
жауы" деген сұмдық сөзбен келіп тұрған екі жігітке қарап тұрып, өз
халқының досы қандай болатынын білмей қалуға да болатын еді. Сұр киінген, қанын
ішке тартып алған сіріңке сұрдың екеуі де ысқырынып тұр. Бірінің оң жақ бетінің
томпағынан бастап миықтығына дейін ығы-жығы безеу - әдейі басылған қара таңба
ма дерсің. Екіншісінің бетіне қарап, адам бойынан ешбір ізгі сана-сезімнің
саңылауы байқалмайтынына таңқалғандайсың.  Бұл екеуі өз қызметтерінің елдік мәніне
біржола түсіне алмай қойған Шыңғыс хан заманында тамұққа алынып, қазір содан
шығып келіп тұрғандай, тым жат еді. Көздері қыдыра жортып, бәрімізді де бір-бір
тінтіп шықты: бірінің көзі қара тышқандай тіміскіленіп келіп менің көк ала
галстугіме қадалғанда, мен мойныма кыл-бұғау түскендей булығып кеттім.  Безеу беттің екі құлағы да бүрісіңкіреп,
әлденені тыңдай қалған бөрінің құлағына ұсап, алға қарай қалқия қалыпты. Ол
маған осы үйдегі барлық жанның қалай дем алғанына дейін естіп тұрған сияқтанды.
        Жантас
төсек-орнын, шағын ғана кітапханасын бұдан бірер күн бұрын Алтайға жөнелтіп
жіберген екен. Жолға әзірленген екі чемоданды тұтқындаушылар иесімен бірге
әкеткелі есікке қарай бір-бір қозғап қойды.
-        Бір чемоданда
әйелімнің киім-кешегі ғана бар. Көріңдер де тастап кетіңдер, - деді Жантас.
-        Оны барғасын
көрерміз. Акты жасалды... Кеттік! - деді безеу бет сұр, екі чемоданның бірін қолына
ала беріп.
        Мұндай пәлені
өңі түгіл түсінде күтпеген адал жас Жантас таңқалғандай ғана қалпын керсетті,
қорыққан жоқ. Танданып жымиып әйеліне жақындай беріп еді, тағы жаңағы безеу
бет:
-        Кейін! - деп
жекіріп қалды.
         Жантас әлі де
сол жымиған бойы тоқтап қалды да:
-    Жолдастар, тарап
кетіңдер, мен қазір қайтып келуге тиіспін. Сөз жоқ, қазір қайтып келемін, -
деді. Біз ішімізден ғана бас изестік.
         Жантастың
ақ-қарасы айқын тұратын, адал қарайтын көздері, биік те жалпақ ақ мандайы,
желкесіне түскен ірі толқынды қара шашы сыртқа шығар есік ашыла бергенде түгел
бір жарқ етті де жоқ болды. Есік бір зәрмен жабылды да, құлағымызда тағалы
аттардың тапыр-тұпырындай, тақтайлы коридордың дыбысы қалды.
         Төр үйдің
босағасына сүйенген бойы, қатып қалғандай Нәзікен тұр. Күзгі жемістерден
майысып тұрған ұзын стол отырындар деп шақырғандай. Бокалдар
"құйындар" дегендей болады. Столдың төр басына біз әкеліп қойған бір
құшақ гүл өзінен-өзі өңінен айрылып бара жатқандай. Жалғыз гүл емес, сол үйдегі
адамдардың бәрі де өңсіздене қалыпты. Біз тез тарасып кеттік, тым тез тарадық.
Жантастың қазір қайтып келемін дегеніне ешкім де сенбепті. Бұл бір жаппай
сенімсіздік, үрей мен күдік кезеңі еді ғой, өң мен түстің арасында тұрғандай
Нәзікенге көз қиығымең әрең бір қарап, айыпты адамдай жылыса-жылыса шығып кеттік.
Ерніміз қоштасқан болып қыбырлағанымен бір ауыз сөз естілген жоқ. Нәзікеннің ең
бір жалғызсырап тұрған кезінде жалғыз тастап кеттік. Жасы әлі жиырмаға толмаған
уылжыған жас жалғыз қалды, жалғыз...
       Жантас өте бір
үйірсек жан еді, дос-жарандары көп жиналған екеміз. Қолы босамай, жалғыз
Айдарбек қана келе алмаған. Жантас пен Айдарбек бір мамандықтың адамдары еді.
Айдарбек Алтай комбинатында төрт жылдай қызмет істеп, өз айтуынша бастықтармен
келісе алмай, босанып кеткен. Қазір ол өлкелік бір комитеттің ауыр өндіріс
бөлімін басқаратын. Жантас Алтайға сол Айдарбектің орнына жіберіліп жатқан.
Егде тартып қалған инженер Алтай туралы кейбір ойларын Жантасқа өзі әкеліп
бермек екен, дәл аттанарында келе алмай қалды. Жантас осыған едәуір қынжылып,
өзім келіп алып кетейін деп еді, Айдарбек телефонмен бір жерлерін қайта қарап,
ертеңнен қалдырмай почтаға саламын деп уәде етті.
        Саясат
пердесін жамылғанымен, саясатқа сыя бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зирек
келеді. Мен үйге келіп, әйеліме Жантастың жайын айта бастап едім, ол кідірместен
екі түрлі жорамал айтты.
- Естірсің де білерсің, бұл қылмыстан Айдарбектің қолы таза
емес. Жантасқа қандай бәле жабысса да Айдарбектен келді. Оның қолы таза емес,
таза емес! - деп екі қайырды да: - Ол күншіл адам. Жантас Алтайға баратын
болғалы ол жарылғалы жүр... Жантас пен Нәзікен екеуі тым бақытты жастар еді
ғой, тым жарасымды еді ғой. Біразымыз сонысына қызықсақ, енді біреулер
күндейтін. Күншілдік әкетті, күншілдік! - деп жылап жіберді де, киіне бастады.
Мен оған қосыла да алмадым, қарсы айтарым да болмады. Әйелім тез шығып кетті.
       Мен балалар
катоктан қайтқанша шам жақпай отырдым. Егер Жантас сияқты кіршіксіз жасты да
күншілдік әкетсе, адам санасының өскені кәне? Айдарбек сияқты инженеріміз
осындайға бара алса, өскен ел болғанымыз кәне?
       Қой, бұл қате
болар. Ой барлап үлгіргенше сезімі құрғыр алып-қаштыға салып әкеткен болар деп
байлам жасадым. Сенбей жасадым.
         Қараңғы үйде
жалғыз ойға әр нәрселер түседі. Барлық адам баласының есінде сақталып қалған
Варфоломей түні көз алдына келеді. Адам жүрегіне үрей, сеніспеу егіліп жатқан
күдіктер балалап барып әлдекімнің айбарына тіреледі де, тұйықталып қалады.
Шешуі жоқ, шегі жоқ көп үрейдің ортасында қалғандай, өзін үйде, ойың
тұткындалып қалған. Біраздан соң әйелім қайтып келді де:
-        Сұмдық-ай,
Нәзікеннің өзін де шақырып әкетіпті. Кім шақыртқанын ешкім білмейді. Есігі
жабық тұр, - деді.
         Екі күннен
бері төсек тартып жатқан әйелім ол түні кірпік қақпай шықты. Мен сыбырлап
сөйлеймін, ол қаймықпай, әлдекімге ұрса сөйлейді.
         Ертеңіне, мен
қызметке кеткенше, әйелім Нәзікенге тағы бір барып келді де, өзінің қатты
абыржып қайтқанын айтты:
-        Жангөбек-ау,
мына дүниең не болып бара жатыр? Мен түгіне түсіне алмай қайттым. Нәзікенді
кеше Айдарбек шақыртқан екен! - деді.
-        Иә? - дедім
мен де, түгіне түсіне алмай.
-        Алып қалуға
шамам келмеді, Жантасты Алтайға халық жаулары әдейі жіберіп жатыр екен. Өзің
білесің, Алтай деген алтын қордамыз ғой. Соны бүлдіруге жіберіпті. Мен әлі
Жантас ондайға араласпайды деп қарсыласудамын. Бірақ, материалы құрғыр тым көп
екен... - депті.
-        Әйтеуір, үміт
бар дей ме? - дедім мен.
-        Нәзікен бала
ғой әлі. Сеніп қайтыпты, - деді әйелім.
-        Е, сенсін, -
дедім мен.
         Осыдан екі
жұма кейін Нәзікенді дәрігерлер институтынан шығарып жібергенін естідік. Оның
ертеңіне сол екі сұр келіп, мені де алып кетті. Екі жылдан кейін Нәзікеннің
Айдарбекке қосылғанын естіпті әйелім. Содан былай қарай Нәзікеннен барлық
дос-жарандары қара үзіп кеткен. Сол Нәзікенге мен, міне, бүгін түнде кездесіп
тұрмын...
         Алғашқы
абыржуым басылғаннан кейін, мен оған қайда бара жатқанын, не болмаса қайдан
келе жатқанын сұрадым. Жаңа ғана ажарланып кеткен даусы қайтадан қоңырқайлана
берді. Тегі, мен оның нағыз ауыр жарасының аузын тырнап қалдым білем.
-        Жангөбек-ай,
несін сұрайсың. Мен сордан сорға ұшырап жүрген бір жанмын ғой, - деді Нәзікен,
күрсініп қалып, - Айдарбекті іздеп жүрмін... Ол ішетін болған: кейде үйді тауып
келе алмай, түні бойы қаңғырып жүреді, кейде әлде қай жерде құлап қалады...
Таңертең пенсиямды алып келейін деп кетіп еді, әлі үйге қайтқан жоқ...
        Айдарбектің
маскүнем болып алғанына мен таңданған жоқпын. Оның болашағы сондай бірдемеге
апарып соғарына әр түрлі белгілер ертеден бар еді. Шала оқыған кен инженері,
бір мекеменің өндіріс бөлімінің бастығы, ішкі істерді басқаратын облыстық мекеменің
өндіріс жақтарын бақылайтын адамы, ГАИ-ды басқарып Гаитанин атанған адам, жасы
елуге жетпей-ақ пенсионер болса, ол жүріп кеткен бұраң жолдар да көз алдыңа
келуі мүмкін. Сондай бұраң жолды адамның қармағына ілініп қалған Нәзікенге
ашуым келе бастағанын сездім. Ең ауыр жарасы осы болса, қаттырақ бір тырнап
қалғым келіп:
-        Пенсияға
шығуға оған әлі ерте емес пе еді? - дедім.
-        Біле тұра
сұрасаң да айтайын, ана жылдары көп жұртты жазықсыздан жазықсыз халық жауы етіп
шығарғандар бар емес пе? Айдарбек солардың бірі болып шыққан... Кейін пенсия
беріп, жұмыстан босатып жіберген, - деді Нәзікен.
         Мен оны аз-ақ
шапалақпен тартып жібермедім. Еріндерім жыбырлап, көздеріме ып-ыстық қан
құйылып бара жатыр. Денем қалшылдап кетті.
-        Енді сен,
Нәзікен, есті Нәзікен, түн ішінде сол маскүнемді іздеп жүрсің! - дедім. Дауысым
әлем-тапырық шықты.
         Нәзікен
үндеген жоқ. Мұңайып қалды. Мен шапалақ емес, балтамен ұрғанымды сезіндім.
-        Жә, бірге
іздейік. Қай жерден іздеуші едің? - дедім.
Екеуіміз ресторан айналасын шарлап, көп іздедік. Подвалдарға
бардық. Базарға жақын бір подвал әлі гуілдеп жатыр екен. Нәзікен сонда кіріп
шықты да:
-        Осында болған
екен, жаңа ғана шығып кетіпті, - деді.
         Енді Нәзікен
алдыма түсіп, толып жатқан ларектердің маңайын аралатып әкетті. Әлгіде бақшада
кездескенімде Нәзікен, із кесіп жүрген адам сияқты еді, енді көк базар маңының
қалтарысына көптен кәнігі адамдай, іркілмей шарлап кетті. Мен ере бердім.
         Базардың бір
бұрышынан: - Ей, әйел! -деген дауыс естілді. Нәзікен де тоқтады, мен де
тоқтадым. Брезент башлығы қаба сақалдан басқаның бәрін жауып кеткен еңгезердей
зор денелі адам бізге жақындап келіп:
-        Оның қайда
барып аяқтайтынын білетін едің ғой, сұлуым! Әуелі сыйғанша қарынға құяды, сыймағанын
қойынға тығып алып, бөріқұлақ екеуі бірге кететінін білуші едің ғой, сен! Жуан
бөксенің үйінен ізде! - деді. Орыс адамында жалған сыпайылықты керек қылмай,
нені болса да бадырайтып бетке айтатын бір мінез бар ғой, мына қаба сақал да
соны істеді. Мен Нәзікеннің осындай сөз естуге жеткеніне назаландым. Нәзікен:
-        Рахмет, - деді
де базар алаңынан шыға берді.
        Ұзамай қаланың
орталығынан алыстап, қараңғырақ көшелерге шығып кеттік. Қала түгел ұйқыға
кеткен, тып-тыныш. Анда-санда қақпа астынан безілдей шыға келген шәуілдек иттер
ғана мазалап қояды.
-        Е, мынау соның
ізі! - деді Нәзікен тоқтап қалып. Асфальтты жауып кеткен қырбық қарда екі
адамның ізі айқын жатыр. Екеуі де аяқтарын сүйрете басатын адамдар сияқты.
Екеуінің аяқ киімдері де түр-сиқынан айрылған, мылжа-мылжа бірдемеге ұқсайды.
-        Қолтыктасып-құшақтасып
кетіп бара жатқан түрлерін көрмейсің бе? - деді Нәзікен. Кейде қатар түскен, кейде
асфальттан тайып кетіп арыққа барып тіреліп, қайта оралған іздер адам жарықтықтың
мас кезінде қандай қор болатынын асфальтқа жаза берген сияқты. Бетін ақ қар
жапқан асфальтқа жазыпты! Қайда болғандықтары, қандай халде екендіктері сайрап
жатыр.
        Тағы бір
көшеге бұрыла бергенде, Нәзікен үлкен бір ақтеректі айналып, алыстаңқырап өтті.
Мен бәрібір көрдім: екі мас ақ терекке иықтарын сүйеп қойып, қарама-қарсы
шүмектеткен екен. Теректің түбіндегі іздер суға қарық болыпты да, одан әрі
қарай ақ қар жамылған асфальтқа тым баттиып түсіпті.
-        Сенің әкең қажыға
екі рет барған! - деген мастың дауысы естілді.
-        Сенің әкең ше?
Алматы мен Ташкентті құртқан бірінші капиталистің бірінші приказчигі болмап па
екен? - деп екінші мас өлтіре жауап беріп жатыр.
        Қалжың жаңағы
теректің түбінде басталып кетіп, енді-енді қыза бастаған әлпеті бар.
-        Солар, - деді
Нәзікен.
        Дауыс шыққан
маңайда бір кішкене терезеден жарық көрінеді.
        Жалғыз қабат
ескі ағаш үйдің терезесінен сыртқа қарай асылып тұрған әйелдің басындағы қызыл
шұбар орамалы да айқын көріне бастады.
-        Ей, сосунчики
мои, заходите же! - деп орысша сөйлеген әйелдің дауысы естілді. Бұл әлгі базар
күзетшісінің айтқан "жуан бөксесі" болу керек.
-        Жангөбек, сен
тұра тұр. Мен Айдарбекті алып келейін, - деп Нәзікен тезірек жүріп кетті.
         Екі мас қыза
қалжындасып, алғашкы ақ қар жауған әдемі түнді аяусыз ластап, әрбір бейпіл
сөздерін түн аспанына бәсекемен шегелесіп тұр. Әкелерден асып, шешелерге дейін барысып
қалды. Бірақ, екі жағы да әдсіз де кінаратсыз боқтасатын сияқты.
        Аздан кейін Нәзікен
Айдарбекті сүйрелеп маған қарай беттеді. Жалғыз емес, қасында мен барын айтып
келе жатқаны сезіледі.
-        Ә?! - деп
Айдарбек қалт тұра қалды. - Жангөбек? Ол әкеңнің көрін... қайдан жүр?
         Біресе
Нәзікенге сүйеніп қалып, біресе оны бірге сүйрей екінші жағына қарай ауытқып
кетіп, Айдарбек маған жақындап келді де:
-        Жангөбекпісің-ей?!
Ит-ай, саған да өлім жоқ екен! - деп мойныма асыла кетті. Мұрны иттің мұрнындай
сұп-суық екен. Көптен қырылмаған сақал-мұрт оң жақ бетімді тырмалап өтті де,
былжыраған, лас еріндері жағалықтың астына сілекейін жібере бастады. Мен
ішімнен: "Мені өлімге жіберген де сен бе едің?" деп ойладым.
-        Бір кезде достас
емес пе едік, неге қашқалақтап, қолға түспей кеттің? Нәзікен, ал қолтығынан.
Үйге алып барайық! - деді Айдарбек.
         Әуелі бір
сілейте боқтап алып, іле құшақтап сүйіп, енді, міне, айыққан адамның сөзін
айтып тұр.
         Біз бұлғандап
Айдарбектің пәтеріне жеткенде түн ортасы әлдеқашан ауып кетіп еді. Он үш-он
төрттегі қыз бала әлі жатпай, шешесін күтіп отыр екен. Арт жағы ішіне қарай
жемірілген тапочканы аяғының басына ғана іліп, бір қолымен жағын тіреп алып,
сабағын әзірлеп отыр.
        Нәзікен үйге өтірік
айта кірді:
-        Жангөбек-ай,
тап бір қар жауған күні қонаққа шақырып, үсті-басымызды қарашы, малмандай болғанын,
- деді.
        Шешенің
қызынан жасырар қасірет сыры ғой бір. Нәзікен осыған дағдыланып қалған екен.
Бірақ, бізді әдемі қара көздерінің қиығымен ғана жанап өткен жас қыздың жүзінде
сенгендік белгісі байқалған жоқ. Бұл шешеге тағы бір ауыр қасірет: адал етіп
өсірермін деген қызын алдау қасіреті, сендіре алмау қасіреті, сендіре
алмайтынын білу қасіреті. Ертелі-кеш кездесіп отырған қасірет.
- Сен енді жат, - деп Нәзікен Айдарбекті екінші бөлмеге алып
кетті.
     Мен қозғала берсең
бір сықырлап қалатын орындыққа отырдым да, үй ішінде көз тоқтатар басқа еш
нәрсе болмағандықтан, болмағандықтан емес-ау, иықтап алған жүдеушілікке қарағым
келмегендіктен, сабағын әзірлеп отырған қыз балаға қарадым.
       Аумай, ауыспай
шешесіне тартқан екен. Қыз күніндегі Нәзікенді тағы бір кездестіргендей болдым.
Шебер қол қыз Нәзікенді қайта бір құйып шығарғандай. Сүйкімді келген бет
пернелері, көгілдір көлеңке түсіріп тұратын қою кірпікті қара көздері,
талдырмаш, сұнғақ денесі - бәрі аумай түсіпті.
      Мен Нәзікенді
судан шығып келе жатқанында бір көргенім бар еді. Жантас екеуі Балқаштың құмқайраң
жағасында, шомылатын киімде ғана, бірге кездескен. Белі үзіліп тұрған, мықынды
да дөңгелек санды жас қыз ығыспай келіп амандасқан. Белтірлігі қиылып тұрған,
өкшелі де үсітті аяқтың қып-қызыл саусақтары жымдасып тұрғаңдай еді. Ұлы
ақынның "Тап осындай енді бір пар аяқты", - дегенін еріксіз есіме
алып едім. Қазір мен сол Нәзікеңді көріп отырғандаймын.
        Қарай келе жас
қыздың жүзінде сергектік те, сенбестік те барын байқадым. Күнәсіз жас қыз шешесінің
"қар жауған күні қонаққа шақырып" дегеніне де сенген жоқ еді, еңді
менің көлденең кездескеніме де сенбей отыр. Осы үйді торлап алған көп қасіреттің
бір шетіне мені де жанастырып, ұнатпай отырғаны анық. Мен бірдеңе десем-ақ, тіл
кесті жауап қайтарғалы отыр. Қыз жүзінде әлдененің іздері бар.
        Балғын жастың
сеніспеу дәуірінде туып, сенімсіз әкеден түңіле өскені байқалады. Маскүнем адам
үй ішіне күнде бір өтірік айтады. Өтірік айтып кетеді, өтірік айтып келеді.
Оның өтірігін өңдеймін деп шеше өтірікші болады. Шеше арқылы қыз бала не барлық
дүниеге сеніммен қарайтын болып өседі, не болмаса, өмірден тұрақтылық таппай,
сенім іздемей, сеп іздеу жолымен кетуі мүмкін. Қыз баланың жүзіндегі із
жүрегіне айғыздап түскен көп іздердің сыртқы елесі ғана.
        Осындай
екініші көп ойлардың үстінде отырғанымда, әлде ғана Нәзікеннің: "Мынау
соның ізі" дегені есіме түсті. Иә, соның ізі... Теріскей шығып алып ұзақ
соққан ызғырақ дәуірдің ізі, үрей кірмеген үй қалмаған дәуірдің ізі. Сол
ызғырыққа қосылып алып бірге ысқырған, қияға шығып алып ысқырған, аяғында сол
қиядан құлағаңда батпаққа батып кетіп, енді содан шыға алмай қойған әкенің
іздері.
-        Сөз жоқ, соның
ізі.
          Мен бір
сақтанбай сөйлейтін адаммын. Жас қыздың көз жанарында жұмсақтық сыңайы
байқалмағанымен, сөзге тартқым келіп, ауызға не түссе, соны сұрай салдым.
-        Жаздыгүні
пионер лагерінде болған шығарсың, қалқам? - дедім.
-        Жоқ, ертең
интернатқа кетемін.
-        О, интернат
осы күні жақсы ғой!
-        Жаман болса да
кетем!
            Қыз жауабы
ойлаған жерден шықты. Әке-шешемен келісімге келуден біржола безініп, үзілді-кесілді
бел байлаған, қатты бұралған домбыра ішегіндей ширығып алған жастың жауабы.
         Ұзамай
Айдарбегін жатқызып, Нәзікен қайта шықты да:
-        Сәулеш, әлі
отырсың ғой, жата ғой, күнім, - деді.
          Сәулеш
дыбыссыз тұрып, жатуға кетті. Шешесіне де жауап қайтарған жоқ, менімен де қоштасқан
жоқ. Енді ас ішетін кеңдеу бөлмеде Нәзікен екеуіміз ғана қалдық. Үй іші тым
сырдаң. Тамақ столын жапқан көнетоз клеенканың әр жерінде темекі сөндіргеннен
қалған қара таңбалар бар. Төбеден салбыраған жалғыз шам шақырайып жанады. Үй
қабырғаларында сала-сала жарықтар... Ескі диванның темір қаңқасы зығырланған
лидерінді әлдеқашан тесіп шығып, бадырайып-бадырайып тұр.
        Нәзікен тамақ
столының бір шетіне жақындап келіп отырды да, сол қолымен мандайын көлеңкелеп
жылап жіберді. Ол үнсіз жылап, бақытсыз өмірін көз жасымен, ығысып отырған бар
қалпымен баяндай берді, мен үнсіз тындай бердім.
-        Ұяламын... -
дейтін сияқты Нәзікен. -Өлімнен ұят күшті болса, қазір мен сол күйдемін,
өлімнен де ауыр халдемін. Ел ішінде емес, жапан түзде жалғыз қалғандаймын.
Бізден безінбеген бір таныс адам қалған жоқ. Осы үйде қан иісі бар, азап үні
бар. Жантастың тартқан азабы мен төгілген қанына ортақ үйде отырмын. Ақталарым
жоқ, алданғаным бар. Алай-түлейде жөн таба алдым ба? Алданғанымды кеш білдім.
Бұғау мойныма түсіп болғанда білдім. Әлсіз екенмін, үзе алмадым. Содан бері
бірінші рет досқа ұшырасып, жалғыздық зарын, ел-жұртты сағынған мұңымды шағып
отырмын. Тас болып жатқан шер-шемен енді ішіме сыяр емес. Құр көріп, құр естіп
кетпе, достық қолын соз... -дегендей Нәзікен егіле берді.
        Көрден
шыққандай күңгірт ағарандап, Айдарбек қайта осы белмеге шықты. Бір қолы
сатпақ-сатпақ ақ дамбалдын ышқырында, қасынып келеді. Көз құйрықтары түгел
қосылып кетіпті де, қарашықтың тұсынан саған бір жыланның көзі жылт-жылт
қадалатын сияқтанады.
-        Әй, осы сен
үйге неге келдің? Темекің бар ма? - деді Айдарбек маған жақындап келіп.
         Мен темекі
бердім, тұтатып та бердім, тек жауап бермедім. Айдарбек темекіні бұрқыратып,
будақтатып бір-екі сорды да столдың шетіне жаныштап сөндіріп тұрып:
-        Сен бұл үйге
үйір бола берме, достым! Баяғы Нәзікен бар деп келген шығарсың. Ол біткен, енді
бұ да қырғыш болды, - деді.
        Үш бұрыштанып
келіп қадалған жылан көз мандайымды тесіп кетер ме деп едім, тесе алған жоқ.
        Барлық
маскүнемдерге ортақ бір әдет - әйелдерін көрінгеннен қызғанады. Шынына келгенде
олары еркектің қызғанышы да бола бермейді. Күнде мас болып, әйелінен күнде ренжу
еститін маскүнем сол әйеліне бір қарсы дау - қарғаша салып қойғысы келеді.
Бірақ сол дауын қайталай-қайталай, бір кезде соған өзі де сеніп кетеді.
           Айдарбектің
маған келіп соқтығуынан Нәзікен де қысылған жоқ, мен де елеген жоқпын. Маған:
"Бұл сорлы неге осынша құлдилап кетті екен", - деген ой келді. Мұндай
батпақтаған адамдар онша көп те емес, бірақ жоқ та емес. Кейде жетілдім-болдым
деген адамның сырт жылтырағанына тырнағың тиіп кетсе болғаны, мысы шыға келеді.
Шала білім, шалағай мәдениет бір құлатпай қоймайтын мансап жолына
түсіреді." Биік мансап - биік жартас, қиялай ұшып қыран да шығады, өрмелеп
жылжып жылан да шығады". Сол биіктен құлап түскен Айдарбекке не айтпақсың?
-        Сен менімен
ойнама! - деді Айдарбек, екінші бір ойға ауысып. - Ойнама, білдің бе? Мен сені
ит жеккенге тағы бір жіберіп алуға шамам келеді. Түсінесің ғой?
         Содан кейін
еріндерін жымырып алып, арқасын күдірейтіп, абайсыз отырған Нәзікенді теуіп
жіберуге оңтайлана берді. Мен отырған бойымда Айдарбектің көтере берген аяғын
көлденеңнен теуіп қалдым. Ол айналып барып құлап түсті. Нәзікен не болғанын
сезген де жоқ. Мас Айдарбек өзі құлап қалды деді білем, қозғалмай отыра берді.
Айдарбек екеуіміздің арамызда не болғанын Сәулеш қана көрді. Ол бөлмесінен
шығып, есіктің жақтауына арқасын сүйеп, қарап тұр екен. Әкесінің маған не
айтқанын түгел естіген де болуы керек.
         Мен тез
орнымнан тұрып, шығып кеттім. Ешқайсысымен қоштасқаным да жоқ. Нәзікеннің
жалғыз қалғанын екінші рет көргендей болып кеттім.
          Осыдан екі
күн өткен соң, таңертең әлдекім ақырын ғана есікті тықылдатқанға шыға келсем,
есік алдында Сәулеш тұр екен. Жұпыны ғана киінген. Жүзі ал қызыл жадыраңқы,
көзі жарқырап, күлімдеп амандасты. Сәулеш емес, қыз Нәзікеш келіп тұрғандай көрінді.
Мен құшақтай алып, бауырыма тартып едім, Сәулеш іркілген жоқ, жып-жылы болып
жабыса кетті.
-        Апам жіберді.
Бізді вокзалға шығарып салмас па екен деп еді, - деді Сәулеш. Бұлтсыз биік көк
аспаннан күлімдей қараған күн Сәулештің тереңнен қопарыла көтерілген ішкі
жарқыратып тұр. Мен бәріне түсіне қалдым. Жарқын жүз бәрін дәл ұғындырды.
- Жолдарың болсын, Сәулеш! Келемін, - дедім.
        Сәулеш жүрегі
барлық ауырлықтан арылғандай, жүзіне тек бақыт іздері шыға келген екен.