ВЕРНУТЬСЯ

       Міне, біз екі шалқардың арасында тұрмыз. Қоңыр құйқалы,
құнарлы шиыр. Адырсыз, жотасыз жазық алап. Керілген кең тақта. Қуаң тартқан
қау.
Батыс жағын қапталдай өскен калың жал, көкжиекті көміп, кең
жазылған кереге тәрізденіп иіліп келіп екі көлге тіреле тоқгаған. "Қос
шалқар" қос босағаға орнатқан күміс бағана тәрізді екі көл. Кешкі тымыққа
тынып, жадырап жатқан су ақырын ғана жағасына соғып дірілдейді. Ышқынбайды,
тітіркенбейді...
       Ақырын соққан
самал шалқар көлдің ақша бетін аймалап сүйгендей болады. Сүйген жерінде ирек із
қалады. Шалқар шімірігіп ышқынғандай болады.
       Көшпелі көк
бұлт көлеңкесін көлге түсіріп, айнаға қарап сыланады. Кешкі күн екі келге кезек
шомылып, жарқ-жұрқ етеді. Біз таза ауаны тойғанша жұтып, колхоз егісінің
ортасында тұрмыз... Бұл - Қосымның "Қос шалқары". Қарақас бәйбішеге
ас бергенде қара қасқа аттың бәйгесіне Қанікей деген жетім берілген. Сондықтан
"Қанікей шалқары" деп те аталады.
"Телпектердің", "Ит аяқтардың" терліктей
мәйегін Қосымның қалың жылқысы "үйтіп" жатқанда, ит аяқтар "Қос
шалқардан" атын да суара алмайтын.
       Бұл өзіміздің
күйгелек Тәпел күзетіп жүретін "Қосымның Қос шалқары да..."
       Мен "Қос
шалқарды" өмірімде үш-ақ рет көрдім. Бірінде, он шақты бала жидек теруге
келдік. Белшемізден шыққа батып ала сәуледе ағашқа кірдік. Кіруін ұрланып
кірсек те, көңілді көкке көтеріп, қылп еткен сыбдырға жаңғырығып тұрған нуға
кіргесін, айғайламасқа дәтіміз шыдасын ба! Керексіз жерде-ақ сақылдап күліп, қарға
адым жерде айғайлап сөйлестік. Жидек бізді сүйрей берді.
      Жидекті қуып
ұзасқан сайын айғайымыз басымдап, Төпелі "құрғыр" естіп қалыпты ғой.
Осындай ғана қасымызға келіп ақырып кеп қалғанда талайымыздың-ақ қабық
шелекшеміз "ғайып боп" кетгі. Өзі ұзындау, өзі бейғамдау Әбзи деген
бір жолдасымыз аңырып қаша алмай қалып еді, қуалай жонына шыбыртқы шып-шып етіп
қалды. Қамшыдан қайқалақтаған Әбзидің арық қабырғасы ыржың-ыржың етіп, екі
қолымен арқасын уқалай "ағатайлаған" дауысы тым ащы шықты. Сонда да
қаша алмады. Өзгеміз зытып отырдық.
      Бір-бір шелек
жидек теріп алып, "Қос шалқардың" біріне шомылып қайтпақшымыз да. Ол
болмады: "Ауылға дейін қумас па екен", - деген адамша артымызға
қарай-қарай ауылға тарттық.
Міне, бұл "Қос шалқарды" бірінші көргенім...
       "Қос шалқарды"
екінші көргенімде әуе айналған ыстық шілде еді. Алдынан санағанда он жетінші,
артынан санағанда жиырма екінші өгіз арбасында едім. Байғұс қара өгіз көзіне шыбын
үймелеп, аузынан сілекейі шұбырып, митің-митің аяңдап келеді. Екі доңғалақты
қазақ арба дағдылы ойбайын салып о да келеді. Ұзын қораптың ішінде меніменен
төрт адам. Менен басқалары шөп шабатын жүздікшілер. Мен өгізді алып қайтуға
келем. Басқа арбадағылар да сондай. Арба біткеннің артында жалт-жалт еткен ақ
орақтар. Тұмсықтары салбырап, көк майсаға тістерін қайрап келе жатқандай.
"Қос шалқарға" жөнелсін деген хабар келгесін, жаңа
ғана барған жайлаудың қызығын тастап, жігіттер жүздікке жөнелген. Бұлар Қосым
байдан әр кезде өсімге алған үш сом ақша, екі шана шөп, биенің сүті, аттың майы
деген сияқты борыштарын өтеуге келе жатыр. Бәрінің де іші ауырған адамдай
қабақтары қатыңқы, көңілдері кірбікті. Үмітсіз өкініш барлығы түстерінен-ақ
білініп келеді. Жаңа ғана барған жайлаудың қызығы артта қалғаны жігіттерге
қатты батып келеді. Жым-жырт. Насыбай сұрасқанда болмаса, тіс жарып
жадыраспайды.
       Жүздікшілерді
бастап келе жатқан Жантық тарантас арбаға ат жеккен сонадай алдымызда отырады.
Тұра қалған жерде Қосымның жабдығын сез қылады. Қосымды иемдене сөйлейді.
"Қос шалқардан" екі мың қидырсам, "Қыз кеткеннен" бір мың
қидырсам деп бастайды. "Керенаулық қылып, жаңбырға тидіріп жастай жинап
жүрмендер! Өзім көрмей шошаққа тартпандар!.. Үйтсеңдер өкпелемеңдер!" - дейді.
Не керек, өзіне тиген үкімді істеп, жүздікшілерді билеп келеді.
- Осы ит-ақ түбімізге жетер, - деп жігіттер өзара күңкілдеседі.
Қосыммен қосақтап Жантықты да сыбап алысады, сүйтіп, "жарты пышақ"
Жантықтың үкімінде тәулікке тарта жүріп келеміз.
        Ертеңінде
шаршы түс табанында "Қос шалқарға" жеттік. Ыстықтан қаталаған
өгіздер, тілдерін кере құлаш шығарып, солықтап тұр. Жантық жігіттерді иіріп
алып ауыл ауылға бөлді. Айналасы ат шаптырым алаптың ортасына бір жан
түсірмеді. Алапты айналдыра түсірді. "Қос шалқардың" жағасына да
жақындатпады. "Ауыз суға томар су да жарайды" деп ешкімнің айтқанына
мойымады. Жігіттер амалсыз бытырап-бытырап кетті. Қос-қостың арасы атпен
қатынасатындай алшақтанды. Жақын түссе қыдырыс көбейеді деп, әдейі осылай
істеді.
       Біздің қос
сегіз адам болып бір жерге түсті. Шалшықты томаршадан сасық су әкеліп шай қайнаттық.
Күлімсі сасық шайды ішіп алып, орақшылар қатар-қатар жол тарта жөнелді. Сары
бас араласқан қалың қаудың жолдары жыбырлай бастады. Рақмет шыңдаған ақ орақтар
күнге шағылысып жарқ-жұрқ етті. Күшті білектер, маңдайдан моншақтаған ащы тер,
отты көріктен шыққан ақ орақтар Қосымның ырысын кеңітіп, қалың қауды қарш-қарш
құлатты.
      Кешкі салқынмен
өгізшілер қайттық. Жүздікшілер жаутаңдасыпқала берді. Өзге емес, біздің қайтқанымыз
батқандай, ананы-мынаны айтып арбаға біраз иірілісіп тұрды. Қысылғанда алған
жүздік ақшасы, соның салдарына сонау жайлаудан келіп шыжыған шілдеде шөп шауып
жатқандары, Жантықтың айнала әмір етіп жүргені, біздің қайтып бара жатқанымыз
бәрі қосылып жігіттердің жанын жеп тұрғандығы кейіптерінен білініп тұр.
Рақмет марқұм бір мінез еді: "Кет шапшаң, мыналарды
қынжылтпай... біздің қатынға айт, қолыма биялай, бір-екі сабақ тарамыс беріп
жіберсін. Ендігі астан қалдырмай ала кел!.." - деді.
       Қазақ арба
ыңырсып барып айқайын түзеп жүре берді. Кең алапқа айнала тиісіп жатқан
жүздікшілерге қарай-қарай біз де кете бардық. Кешкі тымықта зу-зу еткен орақ
дауысынан ұзай бердік. Қосым мен Жантықтың осынша иттігінің мәнісі не екенігі
ажырата алмадық. "Қос шалқарға" тағы да шомыла алмадық. Қотыр басқан
теңбіл денеге тұнық шалқар тағы бұйырмады.
         Міне, бұл
"Қос шалқарды" екінші көргенім...
        Бүгін
"Қос шалқарды" үшінші рет көріп тұрмын. Астымда ат, қасымда Күсен мен
Болжық бар. Мана ерте келіп көп жерді араладық. Ағаштың ішінде еркімізше
жүрдік. Қосымның ырысы болған "Қос шалқардың" қойнау-қуысын
қалдырмастан араладық. Кіші шалкарға бөленіп тұрып шомылдық.
Баяғы көрген Тәпел де жоқ, Жантық та жоқ. Есіме түскені
болмаса, бірі де ұшыраған жоқ. Қуар-ау, сабар-ау деп те ойлағаным жоқ...
         Күз...
Кәдуілгі қарабалас жабдықтың қабындаған уағы. Күн әлі ерте. Қораның баурайына
күн жаңа түсе бастады. Көлеңкеде өскен қалың шөптің шығы буға айналып, ізін
білдірмей жоғалып барады. Сарғылт тартқан салаң кеде жылы күнге кеудесін тосып,
түнгі ызғарды тебендеп шығара бастаған сәскелік. Жаңа ғана білек қызып, тер
моншақтап жұмыс өне бастады. Істеген сайын қимылың басымдап, ұрған құлашыңа өзің
де қызығатын мезгіл...
Күсен қолын сермеп, айнала көрсетіп:
-        Анау қалың
жалдан, сонау қызыл байлаған діңгекке дейін... мына жағымыз, қалыңның арғы
етегіндегі қара жолдан "Қыз кеткенге" дейін, "Қос шалқарды"
ішіне ала... біздің жер... - деді.
       Күсен жарқылдап
күледі. Күсен екіленіп сөйлейді. "Қос шалқарды" айтқанда көзінен жасы
домалап кетеді:
-        Ертең өлсем
арманым жоқ, - дейді.
         Қуанышын
айтуға тілі жетпейді. Тотганған кәрі жүрегіне жас, қызыл қан жорғалағанын
білдіреді. "Қос шалқармен" байланысты әңгіменің бәрін айта жөнеледі.
Баяғы жүздікшілердің талайының ішінде болғанын, Жантық пен Қосымның талай
қылықтарын тізбектеп ағытады. Бірақ шымбайына батқан батпан қылықтарды қанша
толық айта алса да, "Қос шалқар" тигеннен кейінгі қуанышын айтып
жеткізе алмайды.
-        "Қос
шалқардың" бізге тигеніне таңым бар, таңым бар... - дей береді.
Әңгімелесіп келеміз.
-        Неше үйсіңдер?
-        Он бір үйміз.
Келеміз дегендер толып жатыр. Қалай болып шығады деп алмай жүрміз. Өзіміз биыл
ғана коллекгив болған соң, аяғы қайтып кетеді деп жүрексінеміз.
-        Неше ауылдан
жиналдындар?
-        Тіпті неше
ауыл дейтін емес, толып жатыр. Ішімізде бір ноғай, бір "бәленбай" мөшері
де бар. Машина жағында жүретін Мекайла деген орыс бар. Бізді жұрт коллектив
ауылы дейді. Бас-табында ерсі көріп жүрдік, осы күні жұрттың бәрі де "Коллектив
ауылы" болғысы келетін көрінеді. Біз коллектив ауылы болып отырғанымызға
қуанып қоямыз. Жазғы ауыл түгіл, қысқы қыстауды да бірге салдық. Коллектив болғалы
жылға жақындады. Әлі бір ұрсысып көргеміз жоқ. Ана жылғы коллективтер
жанжалдаса беріп, аяғында бытырап кетіп еді. (Онда жалғыз Ордабай ғана байып
шықты ғой.) Біз бірге туғандаймыз. Ылғи кедейміз ғой, шырыш бұзатын бір жалқау
бар еді. Әрі-бері түзелер деп қарадық та, болмағасын шығарып жібердік.
-        Коллектив
боларда Косымның балалары талай лоблытты-ау! Соның кесірінен көп кедей кіре алмай
қалды. Коммунис болып кетесіңдер, "түбінде қазынаға бәрін алады" деп,
жаман азғырды...
-        Осы күні
шаруаларың қандай? Машина саймандарың бар ма?
-        Ойбай,
қарағым-ай, не шаруа сұрайсың. Бәріміз де түгіміз жоқ кедей емеспіз бе!
Бәрімізде 7-ақ бұзаулы сиыр, 6-ақ жылқы, 13-ақ қой бар еді. Қазір байып алдық:
қазынадан он өгіз, алты ат, бес бірішке, екі тілді үш соқа берді. Бенке, Сенке,
Реске деген машиналарымыз және толып жатыр. Бәрін де кейін өтерсіңдер деп,
тегін беріп жатыр. Ауылнай мен болыс хабар береді. Біз барып алып келеміз.
Өзгесі не керек, жазғытұрым жүз сексен пұт тұқым берді ғой. Отыз жер егін
салдық. Бір-бірінен жүз пұт түсетін!.. Әлгі айтылған жалқау, Бәйкен деген жігіт
Қосымның баласына екі жердің тұқымын беріп жіберіп, артынан қоймай жүріп,
қайырып алдық. Өзін де жерге тығып жібере жаздадық...
         Жылда егін
дегенді кім салып көрген. Биыл үй басына екі жүз, үш жүз пұт егін алайық деп
отырмыз! Үй басы елу пұттап қорға шығарамыз деп сөйлесіп қойдық. Тұттай жалаңаш
едік, кооперативке бидай беруге уәделесіп, жақын арада киініп алдық.
-        Шөпті қанша
алдындар?
-        Сұрама,
шырағым. Мынау алаптан Қосымға екі мың шөп шауып беретінбіз ғой. Осы алап бізге
тигесін шопсіз болармыз ба! Қазынадан алған екі машинді салып жіберіп едік, бір
айда үш жылға жететін шөп түсірді. Алдақашан үйіп алдық Енді егінге қол қойдық.
Қазір көресің.
-        Газет, журнал
оқисыңдар ма?
-        Оқығанда біз
оқиық (бірақ кейде газетіміз жоғалып кетеді. Осыны түземей-ақ қойдыңдар. Кітап
ала алмаймыз. Ауылнайға айтып едік, неге әпермей жүргенін білмеймін). Кешке
таман жұмыстан келгесін біздің үйге жиналып аламыз да, Сембек оқиды, біз тыңдаймыз.
Көбіміз хат білмейміз ғой. Қыстыгүні оқу үшін, Болжықтың бір бөлмесін үлкенірек
етіп салдық. Жаздыгүні ауылнай, комсомолдар келгенде далаға жиналушы едік.
Қыстыгүні әлгі бөлмеге жиналамыз ғой дейміз.
       Өзіміз
кооперативке мүшеміз. Бірақ кооператив басындағылар жаман-ау, жаман... Мата
келсе алдымен өздері алады. Жақындарына береді. Кейде құр қаламыз. Қосшыға,
е... МОПР-ға мүшеміз. Мына екі белгі біреуі Ленин ғой. Біреуін өзім де
білмеймін. Шемберлиннің жауабы дей ме, қорғау деген бірдемесі бар ма, әйтеуір
сондай бірдеме... тағып алғаным. Қамзалымды түнде басыма жастамаймын. Ленин қадаған
өңірін үстіне қаратып басыма іліп қоям...
       Осы кеңесумен
отырып Кіші шалқарға жаздай салынған қыстауға да келіп калдық. Күсекем сөзге
жарытты. Болжық та қосарланып қояды. Бұл қыстау өзге қыстаулардан анағұрлым өзгеше,
ортасынан кеше қалдыра салған он бір балшық үй. Есік, терезесі орнатылып,
іші-сырты майланған. Сыңғырлап тұр. Қазақ кедейлерінің қыстауында қос терезелі,
тақтай еденді үйді өмірімде бірінші көруім. Шошайған шошаланы емге іздесеңде
жоқ. Бір-бір "саманный" азбар. Көше де, үйдің айналасы да тап-таза.
Әрбір үйдің қасында сандықтап үйілген сары мая. Болжықтын үйіне кіргенде:
-        Мына тақтайға
енді түкіре береміз бе? - деді Күсекең.
Үйлерден өтіп моншаға келдік.
Кәдуілгі қаланың моншасы. Сыңғырлап тұр. Барлық керегі даяр.
Күсен моншаны біраз жыр қылды:
-        Осы монша
бізге мешітіңнен артық көрініп тұр. Бір тайынша шығарып, керек-жарағын алдық
та, сыртын өзіміз салдық. Әлгі Мекайла бәрін біледі екен. Ішін сол жөндеді.
Енді кір дегеніңіз маңымызға жолар ма екен? Енді біз кірлі қазақ болармыз ба
екен? Жұма сайын түсіп тұрамыз.
         Моншадан өтіп
қыстаудың шетіндегі қырманға келдік. Далиған кең қырман. Айналдыра үйілген
егін, алтынмен қаптап қойғандай жалт-жұлт етеді. Ең биік маяның төбесінде қызыл
жалау. Болмашы желге желбіреп, "Кел мұндалап!" тұр. Алтын маялардың
арасы қыбыр-қыбыр жан. Құймышағынан майы шыққан өгіздер, жегуге әзірленген
аттар. Әлеңкідей жаланған жігіттер. Көйлегін ышқырлығына қыстырып алған
әйелдер. Бірінде айыр, бірінде тырнауыш, бәрінің де езуі құлағында. Әр үйде
ернін сылпылдатып отыратын әйелдер, мінекей, егін соғысып жатыр!..
         Күн
шағырмақтанып көтеріле бастады. Айналмаға аттар жегіліп, ұзын шыбыртқы шарт ете
түсті. Анадай жердегі жалғыз дөңгелек зырқырай жөнелді. Әжемнің ұршығындай
емес, көз ілестірмейді. Тынып жатқан шаң аспанға будақтады. Машина гүр-гүр етті.
Таудан құлаған судай гүрілдеді. Алтын бауларды қылқып жұтып, қызыл маржанды
қап-қап ағытылдырды. Еңбек күйі, еңбек буы жеті қырға жетті. Қара жер солқылдап
биге басты. Аспан қосыла гүрілдеді...
         Бір жағынан
тасылып жатыр. Бір жағынан соғылып жатыр. Қырман басы ұлы дүбір той!..
Гүр-гүр-гүр!.. Гүрілдеген сайын мандайдан шыққан ащы тер, қызыл маржан болып қапшыққа
құйылады. Буы бұрқыраған еңбек күйі аспанға өрлейді. Жер мен аспан қосыла
билейді. Аспандағы алланың асты солқылдайды... періште біткен зым-зия, басын
қайда тығарын білмейді...
Түс ауа еңбек ерлері демалды. Дабырласқан бойымызбен ауылға
келдік. Тоғыз қараша үй. Шет жағында екі күрке бар. Маңайда қара-құра жоққа
жақын. Тізілген қызылды-жасылды машиналар. Ауылдың барлық көркі де, салтанаты
да солар. Басқа ауылдың сырты желілеген құлын, үйірлеген жылқы, тізіп тастаған
қазақ арба болса, бұл ауылдікі оған үйлеспейді. Өз алдына бір көрініс, бір
салтанат. Ата мұрасы қазақ арбалар, жүдеп-жадап кеткен, әр жерде біреуі
шойырылып жатыр. Оның орнына: "Он бесің бір ширегіме тұрмайсың"
дегендей абажадай көк арбалар тұр.
         Жалма-жан
түскі тамақтарын ішті. Самауыры жоқтары барына жүгіріп барды. Тәжікелесіп
отырып демалысты. Қайтадан қырманға жөнелді. Тағы да гүр-гүр. Машина
"коллектив" күйіне басты. Оған "коллектив" мүшелері
қосылды. Қос босағадағы "Қос шалқар" қосылды. Қарауытқан қалың жер
толқынданып билейді.
           Үйінде
отырып осыны естіген Қосымның баласы: "Қос шалқар!", "Қос шалқар!"
болды... батшағар, осының арты не болып кетер екен!.." - деді.
          Бұл
сұрауының шешуі алыс еместігін сезе алмады.