ВЕРНУТЬСЯ

       Қасқырды атқан
қайсысы?
        Аңшылар үшеу
едік. Біреуі министр, біреуі ғалым, үшіншісі мен - жазушымын.
         Арқамызда
тотыдай құлпырған қызылды-жасылды бір-бір байлам қырғауыл. Әрең көтеріп
келеміз, Ылғи еркегі - атасы, әкесі, баласы... Әжесіне де, шешесіне де, қызына
да тигеніміз жоқ. Атпадық.
Аңшылық құмары әбден тарқады. Көп аттық. Биылдыққа аңшы
келмеген соныға кездестік те, аңшысы келіссе екі жыл жыр болатын қырғауыл
аттық. Қырғауыл қырынан да құлады, шалқасынан да құлады, тәйкесінен де құлады.
Шаншылып құлап келе жатқан бойы қоржынға өзі де кіріп кетті...
        Іленің төменгі
жағында осындай бір соны қорық барын естіп құмартып келгеміз. Шын екен. Өзеннің
ортасында қалған үш арал. Екеуіне былтырдан бері адам аяғы тимеген, тұнып тұр.
Қалың қара ағаш, шытырман жиде мен жыңғыл. Белуардан келетін қорық көк өлең.
Үшінші арал үйір-үйір жыңғыл, шеңгел екен, аппақ құм қырқаланып жатыр. Дәл
ортасында жалғыз өскен жуан тораңғы көрінеді.
         Таңертеңгі
бір шарлауда сонша көп қырғауыл атып, енді демалуға біз сол үшінші аралға келе
жатырмыз. Шын аңшы аң көп кездескен жерден алыстап кетіп демалу керек. Біз де
соны істеп, қырғауьшы көп екі аралдан қашықтап барамыз.
         Август айының
аяқ шені болса да күн әлі ыстық. Су да жылы. Үшінші аралға ауысу үшін қырға
шықпай-ақ су кешіп келеміз. Үшеуміз де орта бойлының о жақ, бұ жағында болсақ
керек, арқадағы қырғауылдың қызылды-жасылды құлпырған құйрықтары суға жүзіп
келеді.
         Аңшылық
алабұртуы басылған соң, артығырақ кеткеніміз де еске түсе бастады. Алынған
лұқсат бойынша үш аңшы үш-үштен тоғыз қырғауыл атпақ едік, қазір тоғыз-тоғыздан
асырып жіберсек керек. Осы бір түйткіл еске түсіп үшеуіміз де үнсіз келеміз.
           Министр
бәрімізден бұрын қырағылық көрсетіп:
-        Асыра сілтеп
жібермедік пе? Ұсталып қалсақ ұят болып жүрмес пе екен? - деді, бізге бұрылып.
-        Түнде қайтамыз
ғой, ұстала қоймаспыз... - деді ғалым.
         Мен
үндемедім. Арқадағы қырғауыл салмағы ауырлай түскендей болды.
         Үшінші аралға
келіп орналасқаннан кейін аңшылық қалпымызға қайта оралыппыз. Әркім өз атқан
қырғауылын қоюырақ көлеңкеге тығып жатыр. Ғалым өз кырғауылдарын бір құмның
етегін қазып жіберіп, сызды салқынға көмді. Жуан жалғыз тораңғы үй орнындай
дөңгелене біткен қалың жыңғылдың дәл ортасына өскен екен, айналасына кою
көлеңке түсіп тұр.
        Шын аңшылар
орынды-орынсыз от жағып, түтін бұрқыратпаулары керек. Біз де алдымызға
термостарымызды әкеліп қойдық. Шын аңшылар мырза келеді, біз де сумка біткенді,
дорба біткенді ортаға қойдық. Ақмойнақтар, кызыл мойнақтар қылтия бастады. Шын
аңшылар дабырлап сөйлеспейді, біз де ақырын ғана күбірлесіп отырмыз. Шын
аңшылар үнемі сақ отырады, біз де қолымызда кесе, көзіміз айналада, құлағымыз
әр дыбысқа елең етіп қалып отыр.
-        Ойбай, елік! -
деп ғалым газет дастарқанының үстіне бұға қалды. Мойны оқыс бұрылып, көздері
"елік!" деген жағына қадалып қалыпты. Тырнақтының көзі, тістінің
көзі, аңшының көзі!.. Кесесі қисайып, қара қошқыл коньяк төгіліп жатыр.
-        Елік емес,
қара құйрық! - деп мннистр де бұға қалды. Оның кесесі де жантая құлап, оның
коньягы да төгіліп жатыр.
         Мен еш
нәрсені көрмей-ақ бұқтым. Менің коньягім де төгіліп жатыр... Министр де жоқ,
ғалым да жоқ, жазушы да жоқ, аңшылар қалыппыз...
         Жыңғыл
шыршасының аз ғана селдіреген жерінен жел жағымыздағы суға жақындап келіп
тоқтаған үш қара құйрық көрінеді. Екі лағын ертіп келген ана киік елең қағып,
елгезек тұр. Қауіп барын сезінгендей селк етіп қалады. Екі лағында табиғи
сергектік, ата жөнелуге әзір тұрғандық бар. Сонымен бірге анасына сенген
балалық, балаға лайық ойнақылык бар.
          Екі лақтың
бірі суға тізесінен ғана түсіп, суды бір ұрттады да басын көтеріп, тамсанып
айналасына қарады. Тағының сақтығын, лақтың сақтығын істеп тұр. Лақ байғұс
басын суға қайта еңкейте бергенде бір бүйірінен арс етіп қалып, суға атылып
түскен көкжал арлан қасқырды көрдік. Ана киік қасындағы лағымен бірге жалт бұрылып,
орғып-қарғып қыр асып кетті. Суда қалған лақ аз-ақ бас салмаған қасқырдан
ыршып, біздің аралға қарай қашып келеді. Орғып атқылап, секіріп ыршып, ұшып
келеді. Суға лақтан гөрі салмақтырақ батып, қасқыр да қалмай келеді. Біздің екі
жігіт мылтықтарын қолдарына алды.
-        Қасқырды,
қасқырды! - десіп, ысылдасып қалдық.
          Лақ қашып, қасқыр қуып келе жатқан су Іле
өзенінің өзі емес, үш аралды күн шығыс жағынан орап кеткен жіңішке жармасы
ғана. Терең де емес, ені де елу метрдей ғана. Байғұс лақ бір секіргенде екі
метрдей кетеді де қасқыр одан шалымды емес, ауырлау малтығып келеді.
          Қоян
көжегіндей сұрғылт лақ құм аралға қалжырап шықты. Көкжал арлан бес метрдей
кейін шықса да болдырмапты. Қайрақ құмға тырнағы іліккен соң-ақ лақпен арасы
жақындай берді.
         Тағы баласы
қарауытқанға жақындамай, біздің оң жағымыздағы құм бұйраттың қырқасымен қашып
келеді. Арлан қасқыр аузын арандай ашып алған. Кеңірдек түбінен шыққан ызалы
ырыл естіле бастады. Қашқан лақ, қуған қасқыр дәл біздің тұсымызға келгенде
аралары үш метрдей-ақ еді. Кездері шұбартып кеткен көк тажал бар ызасымен енді
бір арс етіп қалса, қорқақ лақ ұшып түскендей. Екі мылтық жалғаса гүрс етіп
қалды. Мен селк ете түстім. Қорыққаннан емес екен...
            Лақ байғұс
өз екпінімен доңғаланып барып, тұмсығынан шаншыла құмға құлап түсті. Бар қамқорлығымыз
- азаптамай, тез өлтіргенімізде болад та... Қасқыр жалт бұрылып, атжал құмның
тасасына түсіп кетті. Жоқ болды.
         Аңшылар
бірімізге-біріміз қарадық та үндеспей қалдық.
- Қасқырды, қасқырды! - деп, ысылдасып қалғанымыз қайда?
        Термос қақпағы
ашылған жоқ. Әркім үнсіз орнынан тұрып, өз бұйымдарын жинай бастады.
         Сол
бетімізбен машинамызға қайттық. Тұнық қара кездері әлі мөлдіреп, мейірім тілеп
жатқан өлі лақты ешкім алған жоқ.
         Содан бері
сол аңшы достарыммен кездескен емеспін.
Тимка-Димка
            Мен Ұлы
Отан соғысы басталған күннен бері бір ғана моншаға барып жүремін. Оның
қараңғылауына да, кірлеуіне де, кейде сағаттап күттіретін кезегіне де бойым
үйреніп кетіпті. Басқа моншалардан маған мұның ыстығы да ыстық сезіледі.
-        Сүпірға бар
ма?-деймін ұйғыр шалына. Ол маған: - бағ!- дейді. Шынында "бар" да
демейді, "бағ" да демейді, мен естіп-білмеген бір дауысты дыбысқа
апарып соғады.
-        Веник есть? - деймін
орыс шалына.
          Ол үндемей
ғана сыпыртқы әкеліп береді.
        Билет он бес
тиын, сыпыртқы он тиын. Моншада осыдан басқа не бар сөз боларлық? Мен осы сөз
аздыққа үйреніп кеткенім сонша, басқа моншаларға барғым келмейді.
         Тим...
Тимоша... Ким... Симка... Дим... Димка... осының бәрі бір-ақ адамның аты. Оның
шын атын ешкім білмейді. Мен өзім сұраған емеспін. Бұл тыриған арық, денсаулығы
қыл үстінде, оқымаған, жұмыскер адам. Жаңағы үндемей ғана сыпыртқы әкеліп
береді дегенім осы кісі.
-        Оден! - дейді
ол моншаның ішкі есігін ашып, алдыңғы залда кезек күткен адамдарға. Бұл оның
бір адам кірсін дегені.
-        Назат! -
дейді, біреудің орнына екі адам кіріп бара жатса.- Назат!
        Кезегіңмен
кірсең, билетіңді алады, орныңды көрсетеді, сыпыртқы сұрасаң - береді. Сырт
айналып жүре береді.
-        Оден!
         Бұл тоя жеп
көрмеген, қызыға киініп көрмеген, жасынан-ақ өнімсіз еңбектен аса алмаған сорлы
адам. Өзі де "оден", көптің бірі емес, жалғыздардың бірі.
         Бір күні ол
маған жақынырақ келіп:
-        Ағай, он сом
ақшаңыз бар ма! Керек еді, - деді ыржиып.
         Ширек ғасыр
ішінде маған тіл қатқаны да осы, ширек ғасыр ішінде менің бетіме тура қарағаны
да осы.
         Мен барымды
бердім. Алды. Алғыс айтқан жоқ.
         Содан кейін
талай рет кезекте тұрып моншаға түсіп жүрмін. Кезек тым ұзақ болғанда кезексіз
өткізер ме екен деп Тима-Димка-Симкаға талай жалтақтадым. Бірақ, оның көзі
маған бір түскен емес. Кезегімен өткізеді, билетімді алады, сыпыртқы сұрасам -
береді, он тиынын алады, сырт айналып кете береді.
         Екеуіміздің
арамызда әдетке айналған амандасу да жоқ, таныстық та жоқ. Аты-жөн сұрасу да
жоқ. Ширек ғасыр бойында баяғы бейтаныс қалпымызда келе жатырмыз.
         Бір күні тағы
да сол моншада өзіміздің сүбелі жазушыларымыздың бірі кездесіп қалды. Ол менің
арқамды біраз сабалап берді, мен оны арқасын сабалап бердім. Ол менің арқамды
ысқылап берді, мен оның арқасын қызылшақа қылып бердім. Енді екеуіміз жайласып
отырып алып, қаланың жаяу өсегіне көше бергенімізде Тимканың:
"Назат!" деген катты айғайы естілді. Шешінетін жерге өтіп кеткен
біреуді шегіндіріп жүр. - Назат! Назат!
          Осыған ұштасып біздің әңгімеміз де
Тимкаға көшті. Менің сыбайласым Тимканың біраз қызық мінездеріне кездескен
екен. Бір жолы Тимкадан сыпыртқы алғанда бір бес тиын, екі үш тиындық берген
екен, Тимка бір тиынын қайырып беріпті... Мен жолдасыма өз басымнан кешкен
жоғарыдағы әңгімені айттым. Кінәсіз-кінәратсыз күлісіп алдық.
        Күлкі аяқтала
бергенде сыбайласым маған шұғыл бұрылып:
-        Сен бұл
әңгімені маған неге айтып отырсың? Әлде менің де қарыз сұрағым келіп отырғанын
сезіне қалдың ба? - деді.
-        Жоқ, сен қарыз
сұраушы ма едің? Отыз баспа табақ кітабың баспада жатқан жоқ па?
-        Бес ай кешігіп
шығайын деп тұр.
-        Пожалуйста,
қанша керек еді?
-        Екі жүз.
-        Болады. Ертең
соға кет!
-        Бірақ, мен мына
моншашыға ұсап жүз таныстықтан ажырасып кетеді екен деп қорықпа... Кітабым
шыққан күні әкеліп беремін.
-        Болды.
         Осыдан біраз
күннен кейін мен ұзағырақ жолаушылап кеттім. Қайтып келісімен қаланың сыртында
тұрдым да, терт-бес ай моншаға бара алғаным жоқ.
        Күзге қарай
қалаға қайтқан соң моншаға келіп едім, ұйғыр шалы мен орыс шалы мені күлісіп
қарсы алды. Тимошқа жоқ екен.
-        Ие, жайшылық
па?
-        Сұрамаңыз,
қызығы бар...
-        Не қызық?
-        Тимка осы
айдың басында демалысқа шыққан... хи-хи-хи.
-        Содан бері
күнде келіп моншаға түсетін болды... ха-ха-ха...
-Әдетте сіз моншаға келетін сенбі, дүйсенбі күндері таңертең
келіп, түнге дейін моншадан шықпайтын болды. Ха-ха-ха...
-        Неге?
-        Сізге
кездесем, - дейді.
-        Сізге айтатын
сөзім бар дейді... Ха-ха-ха... - Бұлардың ойында Тимканың біреумен сөйлесем
дегені бір таңқаларлық іс болса керек.
-        Бүгін дүйсенбі
ғой, келеді қазір...
         Шалдар
күлкіден аузын жиғанша болған жоқ, екі аяғын кезек-кезек сүйрете басып Тимка
келді. Шалдар күлкіден тез тыйылып теріс айналып кетті. Тимканың менімен не
сөйлесетінін сыртынан бақыламақшы.
         Тимка менімен
бұл жолы да амандасқан жоқ. Жақындап келіп шалбарының ышқырына үш саусағын
тықты да орап-бүктеп, насыбай шақшаның тығынындай нығарлап тастаған бірдемені менін
алақаныма қыстыра салды. Ып-ыстық екен... Мен не арыз, не хат болар деп қалдым.
Ашып қарасам, жабысып қалуға жақындаған екі бес теңгелік екен!..
        Мен қызарып
кеткен болуым керек. Екі бетім ду ете түсті. Тимка оныма қараған жоқ, теріс
айналып жүре берді.
-        Өй, Тим... тұра
тұршы!
-        Қазір...
           Тимка шығып
кетті. Шешінген бойым моншаға түспей-ак терлеп мен отырып қалдым. Қолымда
базарға мың кіріп шыққан екі көк бес теңгелік... Әлі жып-жылы.
-        Ныма? Ныма? -
деп, ұйғыр шалы қасыма келді.
-        Што? Што? -
деп орыс шалы жақындап келеді.
         Бұларға не
айтарымды білмей мен отырмын.
        Ұзамай Тимка
қайтып келді. Жүзінде қуанышты адамның жымиюы.
-        Өй, сен, бері
келші, отыршы! - дедім мен, қасымнан орын беріп.                  Тимка отырған жоқ, келген бойы
маған бірталай ұсақ ұсынды:
-        Мынау ұсағы,
ағай, елу жеті тиын...
         Тимкамен
сөзге келу қандай қиын болса, ақшасын қайырып беру одан да қиынға түсті. Мен оған
қарызға бермегенімді түсіндіргім келеді, ол басын шайқайды. Мен күштеп екі бес
теңгелікті оның алақанына саламын, ол алақанын жұмбайды. Бес теңгеліктер жалп
етіп еденге түсіп кетеді. Бес тиындық, он тиындық ұсақтар дөңгелеп-дөңгелеп,
жан-жаққа жүгіріп кетті.
         Жалғыз-ақ ем
қалды. Мен оның мойнына құшақтап алдым да:
-        Айналайын,
бауырым, сен ақшанды кайырып алмасаң, мен бұл моншаға келмейтін боламын. Сен
мені жек көреді екенсің, - дедім. Жалғыз айтқаным бұл ғана емес, әрине. Момын
адамға, қарапайым адамға жетер-ау деген сөзімді аямаған болуым керек.
        Тимка ақшаны
әрең алды. Мен тынышталып моншаға түстім.
Сыпыртқымды балқытып алып шабынатын сөреге шыға бергенде
қызара бөртіп сабаланып жатқан сыбайласымды таныдым. Ол да мені көрді. Көрді де
әрі қарай бұрылып отырды. Мен де оны қысталамадым. Жақыңдағаным жоқ.
        Моншаның
қараңғылауы жақсы екен... Шабынатын сөреде бұрқыраған тұманның қоюырақ болғаны
жақсы екен. Мен жуынып болғанша ол үйіне кетіп те қалыпты. Содан бері көшеде
кездессе де танымай өте береді... Танымай өте беруге жеттік, енді оның ар
жағында таныстықтан айрылу ғана қалмаса жарар еді...