ВЕРНУТЬСЯ

       (Тахауи Ахтановқа)

       Лапылдап сезім отына

Жас дәурен кештік баршамыз.

Бойжетер кезде оқыған

«Махаббат мұңын» қанша қыз.

Шақырса алдан шын арман

Ескере ме адам қиынды.

Үйретті сенің шығармаң

Қыздарға адал сүюді.

Қалды деп жастық әріде

Мейлі, аға, оны жазбаңыз,

Махаббат мұңын әлі де

Арқалап жүрген аз ба қыз.

Ақ шашты анау елеме,

Көңілді бөлме мұңға да еш,

Елу жас деген немене -

Екі рет келген жиырма бес.

Өмірдің өзі шындаған

Кеудеде шырқар бар әндер.

Он сегіз жасты жырлаған

Қартая ма екен қаламгер...

1973 жыл.