ВЕРНУТЬСЯ

    Семей губернаторы Тройницкий Тулаға
губернатор болып, оның орнына Тверь вице-губернаторы Чернетцов деген келмекші.
Тройницкий қазақтың қазақ екендігін ұмыттырмай, есіне түсіріп отыратын губернатор еді. С. синод пен жер жұмысының
бас мекемесі қазақ пен орысты ауыл үй қондырып, жақындастырып, дінін, атын жоғалтып,
орыс қылып, «сен - қазақ, біз - орыс» деген сөздер болмас қамын жегенде,
губернатор Тройницкий: «Сен - қазақ, біз - орыс, оны ұмытпа», - деп, қазақтар-дың есіне салып
отыратын еді.
   Семей қазақтарының көбіне
Тройницкийдің қазақ баласына суық жүзбен қарағаны тынышсыз көрінсе де,
бірсыпыраларына жағымсыз да болмап еді: адал кәсіппен тамағын асырай алмай
жүрген бейшаралардың көбіне тамақ асырарлық кәсіп табылып еді. Адал жолмен адамдыққа жете алмай жүргендерге жол
табылып еді. Жалған жала,
жасырын шағым деген жауыннан соңғы кенедей қаулап, өріп еді. Сондықтан ойлаймын, Тройницкий
кеткеніне сүйінетін де, күйінетін де қазақтар боларға керек деп. Бұл Семей
облысының ғана қазақтары туралы айтылған сөз.
   Қазақ жұртын түгел алып сөйлегенде, қазақ облыстарына қойылатын губернаторлар туралы екі
түрлі пікір бар. Бірі - бүгінгіні ойлағандағы пікір, екіншісі - ертеңгіні
ойлағанда айтылатын пікір. Соңғы пікір бойынша, қазақ облыстарында - Семейде
болған Тройницкий, Торғайда болған Астраховский сияқты губернаторлар, бір жағынан, қазаққа жайсыз
болғанымен, екінші жағынан, жағымды болмақшы: ондай губернаторлар, әуелі,
қазақтың қазақ екендігін ұмыттырмай,
есіне салып отырмақшы, екінші, қазақты қысып, тықсырып, тынышсыз болса,
халықтың ұйқысы сергек болмақшы. Қойға қасқыр шаппаса, қой-шы да, қожа да
қораға келер қорқынышты үмытады дейді. Қазақ жерін Мұжыққа бере бастаған соң
ғана қазақ қайда отырғанын біле бастаған. Қазақтың ұйқысы бөлініп, сана түсіп,
алдым қалай болар деп, алысқа көз сала бастағаны жерін ала бастағаннан берлі.
Сондайдан тәжірибе айтып, бірсыпыра адамдар ойлайды: халықты қанша қысқанмен,
қысылғаннан жаны шықпайды, қысқан сайын шынығып, халық ширай береді. Ұйықтағандардың ұйқысы ашылып, ой
түсуіне ондай губернаторлар себепкер болады. Сондықтан Тройницкий мен
Астраховский сықылды губернаторлар қазақ облыстарында болып кеткені де пайдалы
деп. Бірсыпыралары ол жағының пайдасынан безіп, ондай губернаторларды көрсетпесін
деп, қолын жайып, Құдайдан
тілек тілейді.
   Тройницкий кеткеніне кім сүйініп, кім
күйініп жатқанынан хабарым жоқ. Өз басым Тройницкийге алғыстан басқа еш нәрсе
айтпаймын. Өйткені жалған жала, жасырын шағымға инабат етіп, бұлдаушы болмаса,
менің үстімнен жасырын шағым болмас еді. Жасырын шағым болмаса, мен
Қарқаралыдан Орынборға қуылмас едім. Орынборға қуылмасам, Қарқаралыда тұрып осы
істеп отырған ісімді істей алмас едім. Елу-алпыс балаға ғана арнап берген
сабақтан алты миллион қазақты алаламай істеп отырған ісімді артығырақ көремін.
 
1914 ж.