ВЕРНУТЬСЯ

    Ноғай бауырларымыздың газеталарының арасында
қазақ жайына көбірек көңіл һәм орын бөлетін «Уақыт» газетасы.Қазақ туралы
естілген хабарлар, істелген істердің көбі «Уақыт» газетасына басылып һәм
олардың ішіндегі маңыздылары турасында газета пікірін де айтып тұрады. Сондықтан
«Қазақ» газетасы қазақ мәселесі турасында «Уақыт» газетасымен бір жөннен сөз
шығаруға, арадағы аңдаспаған мөселелерді ашып, саралап, анықтауды өзінің
міндетінің бірі деп біледі.
    Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры - жер мәселесі.
Бұл - қазақтың тірі я өлі болу мәселесі. Бұл турасында түсініп жетпей қаталасып,
қазақты теріс жолға салғанымыз - 5 миллион адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз.
Сондықтан бұл турада қазаққа ақыл айтқанымыз, қазақты һәм басқалар да қата ұқпастай
етіп, анықтап ашып сөйлегеніміз абзал.
   «Уақыттың» 1897-ші нөмірінде Ф.К. Әфендінің
жазған сөзінде аңдаспай жүрген нәрселердің көбі анықталды, ашылды. Әлде
болса бүркеурек, көмескі тұрған бір сауал бар. Соны ашсақ,
арадағы аңдаспаған мәселе аңдалып жетер еді. «Уақыт» қала бол дегенде, қай
түрлі қала болу жайын ашып айтпайды. Ол ашылмаған соң, қазақтар қала болуды 15
десятинадан жер алып, егін нормасымен қала болу деп ұғады.
   Егерде «Уақыт» 15 десятинадан жер сұрап алып, егін нормасымен қала
болуды айтса, онда азырақ сөйлесуге қажет болады. Олай болмай, жердің түріне
қарай: мал бағарлық жерде мал бағатын, егінге жақсы жерде егін егетін қала
болуды айтса, онда олай қала болуды біз де ұнатамыз һәм «Айқап» журналының 1911-ші жылғы 4-ші нөмірінен бастап
айтып һәм «Қазақ» газетасы жүзінде тұтынып келе жатқан жолымыз. Біз қазаққа қала болма демейміз. Жақсы
жеріңе жиылып, қалаңды сал, мешітінді орнат, мектеп, медресеңді аш, рұқсатсыз
неге қала болдың деп ешкім айтпайды дейміз. 15 десятинамен қала бола-мын десеңдер, күн көре алмайсыңдар дейміз.
   Қазақтар һәм біздер қата андамас
үшін, «Уақыт» газетасынан өтінеміз: қазаққа қала бол дегенде, қай түрлі қала болуды айтады, мүмкін болса, ашып айтса керек.
 
1914
ж.