ВЕРНУТЬСЯ

    Өткен нөмірде
қазаққа қандай бастауыш мектептер керегін жазып едік, енді ол мектептерге не
керек - сол жайынан жазбақшымыз.Қазақ балаларын ана тілінде, төте жолмен,
қолайлы құралдармен оқыту жайын жақсы білетін мұғалімдер үш жыл оқытқанда
бірталай білім үйретуге болады. Ана тілінде жазылған кітаптар,
газеталар, журналдар, оғайри ана тіліндегі жазу-сызу бастауыш мектептен шыққандардың
мүлкінде болады, яғни солардың бәрінен де пайдалануға қолынан келетін болады.
Біздің қазіргі ел ішіндегі мектептерімізде жоғарғы айтылған шарттардың
біреуі-ақ бар, ол бар дегеніміз - ана тілімен оқыту. Басқа шарттары орнына келмеген
соң, үйренерлік білімнің көбін
білмей, балалар азын ғана біліп шығады. Бізде қазірінде төте оқу жолымен оқыта
білетін педагогика, методикадан хабардар мұғалімдеріміз жоқ қасында. Бастауыш
мектепте керек құралдарымыз
сайлы емес. Кесіп-пішкен программа жоқ. Сондықтан қазаққа қандай мектеп
керектігін сөйлегенде, ол мектепке не керек екендігін де айту тиіс.
   Мектептің жаны - мұғалім. Мұғалім
қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген
білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп
шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі - білімді, педагогика, методикадан
хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керек құралдар қолайлы һәм сайлы болуы, құралсыз іс істелмейді һәм құрал қандай болса, істеген іс те
сондай болмақшы. Істің толық жақсы болуына құралдың сайлы һәм жақсы болуы шарт. Үшінші, мектепке керегі -
белгілеген программа. Әр іс көңілдегідей болып шығу үшін,оның үлгісі я мерзімді
өлшеуі боларға керек, үлгісіз я мерзімді өлшеусіз істелген іс олпы-солпы, я артық, я кем шықпақшы. Керексіз
нәрселерді үйретіп, балалардың өмірін босқа өткізбес үшін, үйретерге тиісті
білімді кем үйретпес үшін, балалардың күші жетпейтін өте алысқа сүйреп кетпес үшін, бастауыш
мектепте үйрететін нәрселердің кесімі-пішімі болуға тиіс. Сол пішім программа
деп аталады.
   Өткен нөмірде біз айтып өттік: қазақ
үшін ашылған орыс школаларының мұғалімдері, оқу құралдары сайлы деп. Біздің ана тілімізде
оқылатын мектептеріміздің құралдары, мұғалімі сондай сайлы болуға тиіс. Сонда
мектеп программасы үлгеріп, орнына келтіре алады. Мектепке керек нәрсенің бірі сайлы болмаса да,
мектеп ақсайды: программа бойынша үстіне артқан жүкті дұрыс алып жүріп,
мерзімді жеріне мезгілінде жеткізе алмайды. Сондықтан мектеп керек болса, мектепке
керек нөрселері де сайлы болуы керек.
Мұғалім сайлы болу үшін, мұғалімге керек білімді үйренетін
орыннан оқып шығаруға тиіс.
Ондай орын, қазақ түгіл, қазақтан бұрынырақ қимылдап жатқан ноғай бауыр-ларымызда
жоқ. Қазақтардың өздері даримұғаллимин
ашып, мұғалімдерін сонан оқытып шығаратын заман алыс жатыр.
Қолдан келмейтіндерін қоя тұрып, қолдан келерлігін дұрыстау тиіс. Орыс мұғалімдік
школаларынан шығып, учитель болып жүрген қазақ жастары бар, мұсылман медреселерінен оқып, мұғалім болып
жүрген қазақ жастары бар.
Осылардың екеуі де толық мұғалімдікке жарайды, егерде бұлардың біреулері мұсылманша хат білу жағынан,
екіншілері педагогика, методика жағынан кем соқпаса.
Осы күнгі орысша оқығандардың көбі мұсылманша хат білмейді, мұсылманша оқығандардың көбі педагогика, методикадан хабардар емес. Қазақтан тәуірірек школа һәм
медресе бітіргендер аз. Ол аздық үстіне, орысша оқып мұсылманша да білетіндері аз. Мұсылманша оқып педагогика
білетіндері аз. Жұртқа тәртіпті
мектеп керек. Мектепке сайлы мұғалімдер керек. Мектептерге мұғалім боларлығымыз
жоғарыда айтылған екі түрлі
жастарымыз. Олардың сайлы мұғалім болуына жетіспей тұрған жерін бітегене жетістіру ғана қажет.
Орысша оқығандардың мұсылманша хат білуіне бір-екі-ақ ай үйрену
қажет; мұсылманша оқығандар
педагогиканы дұрыстап үйренбегенменен де, методиканы біліп, жаңа усулдармен
танысуына оған да бір-екі ай үйрену керек. Бұл бір-екі ай үйрену, қайсысына да
болса, қолдан келместей іс емес.Мұғалімнен соңғы сайлы болуға тиісті нәрсе - оқу құралдары. Оқуға керек
қалам, қағаз, қара сия, сауыт, отыруға керек нәрселер - пұлға табылатын заттар. Қазірінде пұлға табылмайтын - қазақ мектебінде
қазақ тілінде оқытуға керек кітаптар. Өткен нөмірде қазақ бастауыш мектебінде үйретілетін білімдер мынау дедік:
оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа кәсіп, жағрафия, жаралыс жайы.
Осыларды үйретуге керек кітаптар қазақ тілінде жоқ. Міне, қазір іздесек, ақшаға
табылмайтын құралдар осы. Осыларды дүнияға шығару керек. Біз бұларды уақыт
жетуінше қолға алып, істеп жатырмыз. Бірақ, бір жағынан, басқа жұмыспен
байланулы болғандықтан, бір жағынан, басы ашық матбуғатымыз болмағандықтан, тез
үлеріліп бола алмай жатыр. Шыға бастағандарына өкпесі бар кейбіреулер сын
таққан болып жатыр. Сынағанда, біреулері тіпті қолына алып қарамай, екіншілері
қараса да, танымай сынап жатқан көрінеді.
Әркім сынау керек өзінің жақсы білетін нәрсесін. Білмейтін нәрсені сынаймын
деп, құр өзінің білмегендігін көрсетеді. Біреудің бір нәрсені білетін, білмейтіндігі
істегенде ісінен көрінеді, сөйлегенде сөзінен көрінеді. «Айқап»
журналында «Оқу құралы» есімді қазақ әліппесіне сын тағып отырған жаңа усулдардың
ең жақсысы усул сотие жолымен. Оқу кітаптары жазылады оқыта білетін, усулдармен
таныс мұғалімдер үшін. Машина һәм басқа құралдар жасалады сол машина құралдардың
тетігін біліп пайдаланатын
адамдар үшін. Жұмсауын білмей
кінә қою көзілдірікке кінә
қойған майыл сияқты болады. Біз оқу құралдарының подретін алып істеп жатқанымыз
жоқ. Біздікі жаман болса, жақсысын шығарыңдар. Жақсы шықса, жаман қалатын.Бұл
оқыту жайының таласы ақыретте не болады деп таласу емес, қазақ жерді олай я бұлай
алса, түбінде пәлен болады
деп таласу емес. Олар алдағы нәрселер. Оқыту жайын кім жақсы, кім жаман
білетіндігін көзге көрсетуге болатын нәрсе -
педагогика, методикаларды кәміл білетін адамдардың
алдында әліппе шығарушы һәм сын тағушы екі жағы сынға түссін, тұтынған усулы бойынша балаларға сабақ беріп
көрсін. Таласпайтын орында таласып, ауыз ауыртпай, соны істеу керек. Әйтпесе,
біліп сын таққанымды, білмей сын таққанымды жұрт қайдан білсін деп міндеу - жұрттың
бәрі жақсы мен жаманды айырмайтын ақымақ деп ойлаған болады ғой. Бұ жағын «Айқап» ойлап я ойламай
орын беретініне түсініп жете алмаймыз.
   Петербургта осы күнгі болып жатқан
кеңесте рухани істермен қатар мектеп мәселелері де қаралып жатыр, соңыра Думада
да солай қаралмақшы. Ана тілімен оқытамыз деген пікір - кім орыстан тегі басқа,
тілі басқа жұрттың бәрі қуаттайтын пікір. Ана тілімен оқу бізге де керек
екендігінде еш талас болмасқа керек. Назаров кеңесінде, қазақта ана тілімен
оқуға оқу кітаптары жоқ деп, бірден орысша оқытуды қуаттаушы чиновниктер болған.
Сондай сөздер болмас үшін, ана тілінде оқытатын кітаптарымыз бар деп айтуға
жарарлық болуымыз тиіс.
 
 1914
ж.