ВЕРНУТЬСЯ

     Бас қосу керек деген мәселені жыл басында
«Айқап» журналы қозғап еді. Сол «Айқаптың» 10-шы нөмірінде Р.Марсеков
мырза да бас қосу керек дейді. Темір уезінен үш кісі: Жұбекен Тілеубергенов, Омарғали Хангерейұлы, Сауырбай Тоқбайұлы бас қосу турасындағы пікірлерін жазып,
«Қазаққа» басуға жіберіпті.Олар да бас қосу керек дейді. Біз бұл турасындағы
басқалардың пікірін басудан бұрын, өз пікірімізді айтып өтуді мақұл көрдік.
  Бас қосуды біз де керек нәрсе дейміз.
Керек болса да, бас қосалық деп айта алмаймыз: кейбір істі істеу керек бола тұра, істеуге болмайды.Бас қосу
қазір сондай істің бірі. Істейміз деп бастасақ, онан келтірер пайдамыздан
зарарымыз он есе зор болуы ықтимал. Министрдің кешегі бұйрығы естеріңізде бар ма? Қазаққа қандай ілтипат
бөлген? Бас қосу жұмысына
қалай қарамақшы?Мұны ескеру
керек емес пе? Бас қосудың орнына, басымызды сақтарға орын таба алмай жүрмелік.
От пен суды қазақ тілсіз жау дейді. Оларға қосарлық үшінші тілсіз жау бар, оны
да ойлау керек.Біз кірсіз пікір, таза амалмен жұмыс істеу үшін, мысалы, мұң-мұқтаждарымызды
кеңесіп, дертімізге ем қарап, ісімізге жөн қарап, жоғымызды іздеуге, барымызды
сақтауға ақылдасу үшін
жиыламыз дерміз;басқалар оған не мағына беріп, не көзбен қарар? Өзгелер бас қосуымызға сенімсіз көзбен қарайтын болса, оларға көмекші өзімізден табылар. Ағашты
кесетін балта, балтаның сабы ағаш. Соның мысалы басқа нәрселерде де бар. Адал
кәсіппен күн көре алмайтын я арам жемесе, басы
ауыратын иттер қай жерде дс болса табылады. Айтпағанды айтты деп, етпегенді
етті деп оттайтын хайуандар әсіресе
біздің қазақта көп. Былтыр
ноғайларға жұмысымыз түсіп
барғанымызда: Орынборда 5-6 қазақ бар. Оның жартысы шағымшы, тыңшы», - деп, бізді ұялтқан. Оны айтқан ноғайдың сараң қолдай адамының бірі. Білмей, сезбей,
босқа айтар ма? 1907-ші жылғы
Надиров жиған кеңесте де, онан соң Қарқаралы істерінде иттік қылған қазақтар болмады ма? Осының бәрін
көре, біле тұрып, хүкіметтің сенбестік көңілін байқап тұрып, «бас қосалық деп едік» деп, әуелі, сұрап, рұқсат алуымыз қиын. Екінші, тыныш отырып тыңғылықты жұмыс істеп, аман елге қайтуы екіталай. Қайтса да, қарақшылы түйедей
болып қайтуында шек жоқ.
   Қане, осыған ерлік етіп жиылатын
қазақ табындаршы! Хакімдер шақырса, таласып барар, ол шақыруда қорқыныш жоқ. Біздер шақырсақ, «әлдене
істейін деп жүр» деп, қорқа қалады.
Өзі үркіп тұрған жұртты
үркітуге ықтималы бар кезде
қостырамыз деп, әлдеқалай бола қалса, онан соң ондай тумыстан бездіріп алып жүрмелік.
Нақ осы кез бас қосу қанша керек болғанмен, бас қосуға
қолайлы кез емес.
   Біз шаруа кеңесіне жиылсақ та, құбыжығы бар шығар асп, сенімсіз
көзбен қарайтын кез; солай болған соң, бас қосуға рұқсат берсе
де, кеңесті орыс тілінде құру
керек шарт қоюға ықтимал. Орысша пікірін түгел айта алатын қазақтар жиылса - жақсы, ондай қазақтар
келе алмаса, тілсіз кеңес құрылмақшы. Орысша білетін қазақтардың ілуде бірі болмаса, көбі қызметте,
ат сықылды арқандаулы.
Қазықтан босанып келе алар ма?
   Іске қарасақ, оның түрі әсіресе
орысша білетін қазақтарды
керек қылатын көрінеді. Жиылғандар құр сан көбейту емес, жұмыс істей білетін, жол айтып,
жөн сілтеуге жарайтын  білімді көсемдер болмақ керек. Жалғыз қазақ
халқы емес, басқа жұрттардың да жай-күйімен таныс,
басқа жұрттардың ісінен үлгі
табарлық мағлұматы мол
кісілер болуы тиіс. Ондай адамдар оқыған адамдардан шықпақшы.
Білімнің тарауы, саласы көп. Солардың бір тарауын жақсылап жете білген
адамдардан ең аз болғанда бір-бірден адам боларға керек, мысалы, юрист, мұғалімдер. Бұлардың мұғалімдерден басқалары орысша оқығаннан
табылмақшы. Бұлар бас қосуға келе алар ма? Олардың келуіне қазіргі күйде ерлік
пен жомарттық қабат керек.
   Ал бұлар келе алмады. Көбі оқымаған
жабайы қазақтардан жиылады, ішінде бірен-саран оқығандары, білімділері болды.
Олардан оқымағандары істеуге керек жұмыс бар екенін, іздеуге тиісті жоқ бар
екенін білді де, бет-бетіне елдеріне тарасты. Мұнан еш нәрсе өнер ме? Жұмыс қолға алып істесе бітпекші,
жоқ артынан қалмай іздесе табылмақшы. Айтқан айтқан жерде қалып, үйлеріне барып
теңкиіп-теңкиіп жатып алса, жұмыс өзінен өзі істелер ме? Сиезге жиылған адамдар
елге қайтқанда, сиезде керек деген жұмысты қолға алып, тастамай істеп, басқаларға
басшылық етіп, өнеге көрсететін
болса екен. Сонда сиезден мағына шығады.Ол болмаса, құр сиезге жиылып, «анау керек, мынау керек,
олай істеу, былай істеу тиісті» дегеннен еш нәрсе өнбейді. Халықтың ісі машинаның тетігі емес, бұрап қалса, басқа жөнге түсетін. Жұрт
жұмысы құмырсқаның илеуіндей жұмыс
сияқты. Құмырсқаша жабыла
тынбай істесек өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырсқа
болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады. Әр құмырсқа бәріне керек илеудің осуі үшін күші
жетіп көтерген шөпшегін апарып салады. Ұлтын керек қылып, халыққа
қызмет етемін деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай,
кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы
ұлғайып, толықтайды.    Қазақтың іс қолынан келмейтіндеріне сөз жоқ,
іс қолынан келетіндері де қарап жатыр.
Осы күні қазаққа
керек нәрсенің көбі әркімге-ақ мағлұм. Қазаққа не керек екенін білмегеннен
істей алмай тұрған адам жоқ. Қазақ керегі айтылып жатыр һәм айтылар да. Жұртқа
керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай,
істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де
істер еді. Сөйтіп, көсемдер
көбейсе, ерушілер де көбейер еді.Біреу
жұмыс қылайын десем, тұрған
жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын
жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады.
  Расын айтқанда, біздің қазақ
балаларының жұрт жұмысын істеу әдетінде жоқ. Көбіміз
ондай жұмысқа бөлерлік уақытты карта ойынына жұмсағанымызды қызықтырақ көреміз. Сондықтан ойыншымыз көп, жұмысшымыз
аз.
  Сөздің қысқарып тынарында айтарымыз: бас
қосуға бұл күнде қолайсыз шақ, оны басқа көзге қарата тұру керек. Қазақтың
керегін өзге жолмен сөйлесе тұралық, бұрынғыдай емес, қазақта қазірінде бір
журнал, бір газета бар. Сыйғанынша солар арқылы кеңеселік, сыймағанын хатпеп сөйлесуге
де болады. Сиезде сөйлесіп, кеңескенменен, түбі барып істеушілерге тіреледі. Ісімізді
істеушілер, қолымызды іздеушілер көбейсе, ойлаған пікір, көздеген мақсат жан
бітіп, тірілмекші. Әркім қолдан келгенін сұрыптап,түбінде үйіп-төгіп
молықтырамын демей, аз-көбіне қарамай, істей беруге әдеттенсе екен. Қазақ
керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз кейін қалған халық, алға барып, жұрт
қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін, білімді, бай һәм күшті болуымыз
керек. Білімді болуға оқу керек.
Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы
керектердің жолында жұмыс істеу керек.
   Менің сиез турасындағы бұл сөзім
көбіне құр тартыншақтық, сары уайым боп көрінер. Солай көрінсе де, ойым. Айтқанымды тексеріп, адасқанымды
көрсетіп, бас қосу мәселесін қайта қорғап, басшылық
ететіндер болса, қосшылық  етіп, көмегінде болуға мен дайын.
 1913
ж.