ВЕРНУТЬСЯ

     Есенберлин Ілияс қызық еді, 
Ерейменнің сілемі,
Үзігі еді.
Арктика мұзындай тақырыпты
Алғаш рет ол өзі бұзып еді.
Болса егерде алдында үлгің мықты,
Бір күн емес,
Ойлайсың мың күндікті.
Тығырықтан шығатын,
Тұйықтан да ол,
Пайдалана білетін мүмкіндікті.
Жаратпайтын жосықсыз қысылғанды.
Жақсы көрді сыйлыққа ұсынғанды.
Түсінде де таласып "достарымен" -
Тағдыр солай -
Ол әбден ысылған-ды.
Арғымағы болса да арық тіпті,
Аламанда, әйтеуір, жарып шықты.
Тірескеннің біразы шыдамады,
Тізесі де қатты еді жарықтықтың!
Саялайтын кісісін саялайтын.
Аялайтын адамын аялайтын.
Ағайын деп жатпайтын,
Ағайынды
Аямайтын жерінде аямайтын!
Елім дейтін, әйтеуір, жерім дейтін.
Ер үстінде ешкімге берілмейтін.
Жазуға да, әрине, жалықпайтын,
Егеске де - шіркін-ай!- ерінбейтін!
Бұл мінез ғой...
Негізгі қоғам қамы -
Шежіреге шежіре жамалғаны.
Кім болғаның емес-ау - керегі елге,
Керегі елге -
артында не қалғаны!
Тарихқа да
қажеті - не қалғаны.
Түк қалмаса - адамның жоғалғаны.
Ерлігіңді елемеу - қиянат та,
Еңбегіңді ескермеу - обал дағы!
Сызат көрсе біреулер жарық десті,
Сырқат көрсе біреулер ғарып десті.
Кемеңгер бір жазушы деген оны
Көрмедім-ау бір де бір әріптесті.
Жатырқамай жақсыңды,
Жымысқыңды,
Жабылды да
Жұмыла жұмыс қылды.
Ақылы бар оқырман
Ақ шағылдан
Ажыратып алады күміс құмды.
Әр сөзді, рас, оймыштап отырмады.
Дей алмайсың алайда опырмады.
Кірпіш томдар қамалдай көтеріліп,
Қалды астында кітаптың Оқырманы.
Мұның бәрі еңбек-ті
Азап еді!
(Бір-біріне ағайын таза ма еді?!)
Томыңнан соң қылғытты томдарыңды
Тарихына шөлдеген қазақ елі.
Есенберлин Ілияс қызық еді.
Ескі таудың сілемі,
Үзігі еді.
Арктика мұзындай тақырыпты
Алғаш рет ол өзі бұзып еді!..