ВЕРНУТЬСЯ

1935 жылы 5 қазанда Орал облысының Жымпиты кентінде туған.1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы "Балдырғаннан" бастаған. "Жұлдыз" журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жж. "Жазушы" баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.Тұңғыш туындысы 1954 жылы "Пионер" журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде 40-тан астам жыр жинақтары мен әдеби-сын, ән өлеңдері мен прозалық кітаптары: "Көктем" (1959), "Данышпан" (1961), "Сабақ", "Ой орманы" (1965), "Дала дидары" (1966), "Бұлбұл бағы" (1967), "Ақ отау" (1968), "Күміс қоңырау", (1970), "Домбыра" (екі кітап, 1971 және 1974), "Кеш" (1973), "Жерұйық" (1976), "Қорамсақ", "Көкпар", "Қызыл кітап", "Алақан" (1981), "Саз сиқыры" (1982), "Күндер-ай" (1984), сондай-ақ тоқсаныншы жылдары таңдамалы шығармаларының бес томдығы, ал 2001 жылы "Қазығұрт" баспасынан 15 томдығы шыққан. Бірнеше пьесасы сахнада қойылған. Өлеңдері көптеген шетел тілдерін аударылған. Ол Овийдің, Румидің, Гейненің, Гюгоның, Лермонтовтың, Есениннің, Расул Ғамзатовтың, Межелайтистің, Петифидің, т.б. жырларын қазақ тіліне аударған. 1966 жылы "Ой орманы" жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы "Жерұйық" жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Әнұраны жаңа мәтіні авторларының бірі. 2001 жылы Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығын алды.

Қадыр