ВЕРНУТЬСЯ

Қашаған ақын шығармалары мерзімді баспасөз беттерінде ("Әдебиет майданы", 1935, № 6, 75-78 б., "Батыс Қазақстан", 23 .IX. 1964, № 227, т.б.) және "Ертедегі әдебиет нұсқалары" (Алматы, 1967), "Акберен" (Алматы, 1972), "Өсиетнама"(Алматы, 1982),"Үш ғасыр жырлайды" (ІІ-том, Алматы, 1984), "XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы" (Алматы, 1985), "Бес ғасыр жырлайды" (Алматы, 2-том, 1984, 1989) жинақтарыңда жарияланған.Бұл кітапқа беріліп отырған түсініктемеде біз Қашаған ақынның жинақтағы барлық жыр-толғауларына токталмай, тек дастандары жөнінде деректеме ұсынамыз."Адай тегі" – алғаш жариялануы. Қазақ ССР Ғылым академиясының, Орталық кітапханасы қорынан, 398-папка, 102-І22-беттер. Аңыз-хикаяға мынадай түсінік берілген: "Кіші жүздегі Таз руынан шыққан Қашқынбай ақын ел әкімдерінің көз қырына ілініп, біраз жыл бой тасалап, елге оралған соң, Көкжар жәрмеңкесіне кетеді. Өзі Адайға жиен екен. Адайдың бір топ билері оның келгенін естіп, амандасуға барады.– Е, Қашқынбай, сіз көрмеген есік-тесік бар ма? Не көріп, не білдіңіз, әңгіме айтыңыз, – дейді Мәтжан би.Сонда Қашқынбай:– Әңгіме сұрап отырған кісіні танымадым ғой, – дейді.– Бұл Мәтжан деген ағаң, – дейді отырғандар.– Мәтжан аға, шежірешілер Адай мен Таз егіз туған деседі. Кез келген адам Адайдың тегін сұрап жүргізбеді. Жеті-сегіз жыл есік-тесік қоймай шежіре іздедім, таба алмадым. Ол жайында өзіңіз не білдіңіз?Екі-үш күннен соң билер базарға беттеп, қыдырып келе жатса, бір бұрыштан Қашқынбай шыға келіп:– Адай билері, кешегі сұрағыма қашан жауап бересіңдер? – дейді.Мәтжан тағы да ештеңе айта алмайды. Қашқынбайға жауап қайтара алмай қысылған билер Қашағанды шақырып алдырады. Қашағанға үйдегілер екі жарылып, төрден орын береді. Сол кезде:– "Жыршы, жыршы" деп төрден орын бердіңдер, жыршы болса, шежіре білетін болар. Адайдың тегін айтып берсін, – дейді.– Құлағыңды сал, Қашқынбай, мен қазір айтып берейін, – деп Қашаған жырлай жөнеледі."Атамекен" – дастан алғаш "Ақберен", кейін "Үш ғасыр жырлайды", "Бес ғасыр жырлайды" жинақтарында жарияланған. Ақынның інісі К.Өсербаев 1928 жылы ақынның өз айтуынан үйренген.Ерлер мінген сайгүліктерді суреттеудегі:Ебейдей төсі салынған,Егеудей тісі жанылған,Шеңбердей белі бүгілген,Еңіреудей көзі үңілген –деген жолдар Маңғыстау казақтарының ауызекі тілін зерттеуші, филология ғылымының докторы Сапарғали Омарбеков жинаған деректер бойынша толықтырылып берілді."Топан" – "Ертедегі әдебиет нұсқалары", "Акберен" жинақтарында жарық көрді. Бұл дастанды да жаздырған: К.Өсербаев 1928 ж. Қашағанның өз айтуынан үйренген. Бұл басылым да Қазақ ССР Ғылым академиясының Ғылыми кітапханасы қорында сақтаулы 1939, 1947 жылдардағы Маңғыстау экспедициясы материалдары бойынша толықтырылып берілді."Қарасай - Қази" (Қашаған жырлаған дастан нұсқасы) – Қашағанның немере інісі, маңғыстаулық жыршы Шәдіман Үсенбаев айтуынан 1964 жылы хатқа түскен. Осы жырдың бір жазбасы Орталық кітапханасында сақтаулы (398-папка). Шәдіман "Қарасай - Қазиды" ақынның өз айтуымен үйренген. Ел арасында бұл жырдың Қашағаннан үйреніп, Мұса, Мұрын жыраулар айтқан басқа да нұсқалары кездеседі.Түсінікте аталған Қашаған шығармаларын К.Өсербаевтан, Қ.Боқановтан, Қ.Мұқанбетқалиұлынан, С.Омарбековтен, Ш.Үсенбаевтан жазып алып, жинаған ҚСыдиықов.Ақынның өзге шығармалары "Ақберен", "XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы" жинақтары бойынша берілді. (Ғалым Қ.Сыдиықұлының «Таңдамалылар» (Алматы, «Нұрлы Әлем» баспасы, 2007) жинағының «Ақберен» атты үшінші томынан).