ВЕРНУТЬСЯ

    Көңіл толы күйік те,
Көмей толы ақ жалын,
Көтеріліп биікке
Күңіренді көкжалың!
Кереңі көп кезеңде
Кім тыңдайды арызды.
Қасқыр емес -
Күйзелген
Қаңғыбас ит тәрізді.
Қайғы бұлай қармаса,
Халі мүшкіл баршаның!
Қасқыр бүйтіп сарнаса,
Қайтпек күзен, қарсағың?
Әдемісің,
Әй-әйсің!
Бірақ онша тасыма!
Қасқырды да аяйсың,
Күн туғанда басына!
Сынамайық,
Сынайық -
Жоқ бөрінің байғұсы.
Қасқырға тек лайық
Қасқырлардың қайғысы!
Жерлегендей серіні,
Жастай кетіп қыршын ер!
Тыңдағанда бөріні
Тұла бойың түршігер!
Сорғалатып қаныңды,
Сорғандай бір жаппай сұм,
Шырқыраған жаныңды
Қоярға жер таппайсың!
Атақ десе алаңдар
Жұлдызбысың?
Аймысың?
Ұғу керек, адамдар,
Қасқырдың да қайғысын!