ВЕРНУТЬСЯ

      Өмірге ендім еңбектеп,

Шалқалап әкем шықты үйден.

Жетімдік тағдыр жетті ептеп

Қабағы қату түксиген.

Өмірден үміт жоқ өзге,

Даланың тердім тезегін.

Әкем боп таптың со кезде,

Советтік менің өз елім!

Галстук қызыл мойнымда,

Мектепке қарай жүгірдім.

Қолымды тұңғыш
қойдым да,

Бетін бір аштым білімнің.

Сапқа да тұрдым,
ту алдым,

Келді деп менің кезегім.

Әкемдей сонда қуандың,

Советтік
менің өз елім!

Жүрегімді ұстап
қолыма,

Жүрегімді емес, - билетті,

Қосылдым жастар тобына

Ақ көңіл, адал ниетті.

Сүйсінтіп досты ер жеттім,

Өртедім жаудың өзегін.

Қуатын бердің жер-көктің,

Советтік менің өз елім!

Дүние бүкіл дөңгелеп

Көзімнің келді алдына.

Үстіне шықтым өрмелеп,

Қарадым бойлап арғыға.

Ой жетер жерге көз жетті,

Арғысын және сеземін:

Жатырсың алып жер-көкті,

Советтік менің өз елім!

Тауға да шықтым, жер бастым,

Аспанға ұштым - көк көрдім.

Өмірге құлаш
кең аштым,

Бәрін де көзден өткердім.

Жарқылдап жаһан - кең сарай,

Аралап оймен кеземін.

Таппадым сенен артық жай,

Советтік менің өз елім!

Бұлбұлым сайра кеудемде,

Бұлбұлым - менің жүрегім.

Көңілдің күйі келгенде,

Ағыл да тегіл жыр едім.

Ағыттым бойдан ел үшін

Өлеңнің ерке өзенін.

Ақының болдым сен үшін,

Советтік менің өз елім!