ВЕРНУТЬСЯ

    Сыйса егер өмір сыры бір жаныңа,

Ой таста ол жағың мен бұл жағыңа.

Аумағын алақанда еркін ойнат,

Көнбессің сонда тағдыр қылжағына.

Жерде тудың, қадірін сен біле біл,

Аспанға ұшсаң,
сонда да жерге үңіл.

Туған жерде тік бассаң аяғынды,

Сен мықтысың, еркіндеп ойна да күл.

Қанат болмас, жігіттер, өктем желік,

Кішіпейілдік дегенді жек көрмелік.

Желігем деп, орынсыз секірем деп,

Жатқандар бар аяғы көктен келіп.

Қанша қуат алса да қасқыр қаннан,

Мерт болатын бір ғана басқа ұрғаннан.

Игілік пен жақсылық болсын бойда,

Қалар түсіп - сыртыңнан жапсырғанмен.

Дән піспейше, қауызы жарылар ма,

Желге ұшар
қауызда мағына бар ма?

Сырттан өспей, шырағым, іштен өссең,

«Жеңіл қауыз» деген ат тағылар ма!

Келіп қалған көңілге бұл бір сөзім,

Келген сөзді бөгерлік жоқ мінезім.

Ғибрат айтар сәуегей болмасақ та,

Құрбы-құрдас, оқы да, ойла өзің.

Жақсылық пен жамандық шекаралас,

Ойсыз пенде екеуін айыра алмас.

Жаздым мұны
жанымен түсінер деп

Жері жерлес, бауырым қаны қандас.

Тек мен емен бұл
сырды талай айтқан,

Күні кеше өз атаң Абай да айтқан.

Тағы қайта айтамын, тағы, тағы,

Болғаннан соң не кеше құдай атқан.

Қарауыл, 1950.