ВЕРНУТЬСЯ

Тіршілік қай күнде де құбылмалы,
Пенденің ине ұшында шыбын жаны,
Ұшпақ қой ұқпағанға сүм дүние,
Үн қылып ұнтақтайды ұғынғанды.
Естінің есесі еш, кезегі кеш,
Есерге ештеңе де кедергі емес,
Өмір шекті болған соң - бәрі шекті,
Шектен шықпа - деп Ұят берді кеңес.
Шектен шықпай, шеп бұзбай өткен тірлік,
Кеткен есе, еш еңбек - енді білдік.
Ұят салған ақ кісен аяқтағы
Құр қалдырды қызықтан кемді күнгі.
Өтер-кетер кемді күн бекер дәурен,
Елеңдетіп әр неге етер де әуре.
Әуре болмай, әуейі көңілге еріп,
Тыныш жүрген дұп-дұрыс екен бе әлде...
Не де болса, жетіппіз жер түбіне,
Кір шалдырмас кісілік серті, міне,
Күпірлікті көгендеп көңілдегі
Бірге алып кетерміз көр түбіне.
Пері жайлап алса да жердің жүзін,
Періштеден бетер боп келдім түзік.
Үйірсектік көрсетпей пейіште де,
Үркітіп ап жүрем бе үрдің қызын?..
                                                        1998.