ВЕРНУТЬСЯ

ҚАТ - ҚАБАТТА

І

Биыл Құнанбайдың
өз ауылдары да, жақын ағайындары да күземді елден ерекше ерте алды. Және бұрын
күздеуден бір қар жаудырмай көшпеуші еді. Қазірде қарашаның ортасына
жетер-жетпесте қыстауға қарай тартты.

Маңындағы
Жігітек, Көтібақ, Топай, Торғай сияқты сыбайлас отырған аталас елдерде көші-қон
туралы жөн-жосығын айтпады.

Сүйіндік осыған
қайран боп, Бөжейдікіне түстене келіп отырып:

- Туысқаныңның
бұл сырын ұқтың ба? Бұл не ғып биыл дедектеп кетті, ә?  деп еді.

Үйде Бөжей мен
Сүйіндіктен басқа Түсіп бар. Кесек мұрынды, шоқша сақал, зор дауысты Түсіп
Жігітектің Бөжейден соңғы басты адамының бірі болатын. Ол:

- Бүйтпеуші еді.
Бұл не ғып жүр? Әлде күзеуінің оты тозды мА екен?- дегенде, Бөжей бұған барлай
қарады да, мырс етті.

- Е, тәйір,
күзектің шөбі бітуші ме еді? Тұнып тұр,- деп Сүйіндік «Бөжейде бір сыр бар-ау»
деп соған бұрылды да:- Бәсе, тіпті мал тойыны да төтенше. Құлқын сәріден
қыстауға барып, қыстыгүні несін жейді? Мұның күземді ерте алғаны да осы
көші-қон есебі болды!- деп дағдарып қап, Бөжейге қарап:- Әлде сен білдің бе? Айтсаңшы,-
деп еді.

- Ақылдаспаса да
соның көмген көмбесін сен табасың. Күпті қылмай, мүлдем, айтсаңшы!

- Құнанбай көктемде
ерте көшсе, Уақтың жерін шаба торитын. Жайлауға ерте көшсе, Керейдің қонысын
көздейтін. Бірақ қысқа қарсы оның аты жетпес алыс жоқ. Әлде Тінейдің сары
құсындай өзіне түсіп жүрмесе?- деп, Бөжей бір қауіптің шетін шығарды да, тоқтап
қалды. Сүйіндік Бөжей сөзінен тіксініп қап еді. Бірақ ешбір жердің қисыны жоқ.

- Жаным-ау,
айрандай аптап, күбідей күптеп болды ғой. Жуантаяқты қуды. Әнеттен алатынын
алды. Көкшені де сырып салды. Енді кім қалды! Күзектегі Тақыртұмадан сонау
жайлаудағы Байқошқарға шейін отыз көш жерде ылғи соның көктемі, күзеуі, қыстауы
мен жайлауы! Қоныс-қонысының арасында, тіпті, түйенің қолтығы терлеп көшетін
жырағы жоқ қой!- деді.

Ырғызбаймен
салысса, Жігітекте де қоныс аз, өріс тар. Ел ортасының өзге сөзі бір төбе
болғанда, Түсіп үшін осы жай өзі бір төбе болатын. Сүйіндік айтқан Құнанбайдың
қоныстарын есіне алды.

- Тіпті қозы көш
жер сайын бір қоныс қой!- деді. Сүйіндік бұл жөнде Жігітекпен әсіресе мұңдас.

- Және қоныс
болғанда қандай! Тұнып тұрған көк бастау, торғындай тұма, қасқа бұлақ, көк иірім
көл.

- Жайлауға барса
ғой, өзге бір ру ел бір бұлаққа үйіліп отырса, мұның әр аулы ұзын аққан
әлденеше өзеннен үлеседі.

- Осының бәрін
аз жылдың ішінде басып отыр. Енді тағы қай сыбаға!

- Бәсе, қай
сыбаға десеңші?!

Бөжей мына
екеуін құр тыңдаумен отыр еді. Енді ыза болғандай бұрыла берді де:

- Е, е, сыбаға
үлестіруші сен екеуің болсаң, айтарсың?- деп, қолын сілікті. Бұл сөзді
тыңдағысы келмеді.

- Айта берсең
арман көп. Осы сары аурудан не таптың?- деп, біраз қабағын шытып, Түсіпке
түйіліп отырып:- Дәрменсізде арман кеп. Бірақ арман азық боп па еді? Айла
таппас болғанда, айттың не, айтпадың не!- деді.

Түсіп енді
түйсініп отыр. «Арман» дегені Бежейдің ез ішін жеп болған, Ши бойында осы Түсіп
пен Бежейдің атақты атасы Кеңгірбайдың бейіті бар. Соның тұсындағы мол қорық -
Жидебай, Барақ болатын. Құнанбай қыстау етем деп соны да алды... Бөжей сонда
қатты қорланған. Өлісіп те көрмек боп еді. Бірақ, Құнанбай дәл осы Түсіпті
шақырып ап, ебін тапты. Түсіп Бөжейге кеп басу айтып, қолын бөгеп қалды. Бөжейдің
Құнанбайға қарсы жалғыз ашық серпіні сол еді. Соңғы жылдарда іште жүрген
наразылығының көп себебі сол болатын. Со да өндімеді. Кейін Түсіпке талай рет
зығыры қайнап, шынды айтысқанда:

- Құнанбаймен
сөз біткен. Істен басқа айла жоқ. Ер болсаң іске шыда! Ол болмаса дағдыңа бас,
ұсына бер!- дей беретін.

Мұны Сүйіндікке
де сездіретін. Және Жігітек ішіндегі бір таянышы Байдалыға да айта жүруші еді.
Әрқайсысына осындай оңашада көзбе-көзде ғана сездіретін.

 

2

Күздеуден жеті
көшіп отырып Қызылшоқы, Қыдырға, Қөлқайнарға жеткен Құнанбай ауылдары енді осы
аралардағы қыстау-қыстауына тарамақ болатын. Бірақ кеше таңертең Құнанбай
бұйрық етіп:

«Хабар алмай
кешпесін, тарамасын!» депті. Өзі қасына Майбасарды ертіп Шыңғысқа кетіпті. Жер
алыс болмаса да, Құнанбай күн ұзын ат үстінде жүріп, кешке ғана қайтты.

Келіп түскені
үлкен бәйбішесі Күнкенің аулы еді. Мұнда бүгін сыбаға әкелген әйел қонақтар көп
екен. Ішінде Құнанбайдың тоқал шешелері Таңшолпан бар. Ақбердінің шешесі бар.
Және кәрі жеңгесі Бопай да келіпті. Күнкеге бірі келін, бірі абысын есепті
Ырсайдың шешесі, Жұманның шешесі, Жортардың шешесі сияқтылар да бар екен.

Өзге жұрттан
бөлініп көшкен бұл бір топ ауылдар - шетінен Ырғызбай руы. Ұзын саны жиырма
шақты ауыл. Көпшілігі ЬІрғызбайдың тоқалдары мен, Өскенбайдың тоқалдарынан
тараған туысқандар болатын.

Осы абысын,
жеңге, келін атаулының бір машығы - жылына екі мезгіл Құнанбай үйлеріне сыбаға
әкелуші еді. Бір сыбаға көктемде. Қыстай қыдырып араласа алмай жүрсе, жазғытұры
ең алғаш сыбайлас қонғанда Зере отырған үлкен үйден бастап осы Күнкенің үйіне
де бір-бір келеді. Қыстан сақтап шыққан сүрлерін әкеледі. Екінші рет,
қазіргідей қыстау-қыстауға айырыла көшерде әкелетін.

Құнанбай кеп
түскенше, жапырлап сөйлеп, күлісіп, әзілдесіп жатқан әйелдер Құнанбайға
Майбасар кеп есік ашқанда жым-жырт бола қалды. Еркектер төрге кеп отырған соң,
тек Таңшолпан ғана:

- Мына
шешелерің, жеңгелерің сыбаға әкеп, енді тарағалы отыр, қарағым. Кәрі әжеңнің
орны бір басқа. Оныкі өз бетімен барып жатыр!- деп, Зерені де есіне алды.
Барлық үлкен-кіші Зерені «кәрі әжең» дегендіктен Таңшолпан да соңғы жылдар өз
күндесін осылайша атайтын боп еді.

Құнанбай үндеген
жоқ. Таңшолпан өр шешенің бірі еді. Келіншек кезінде, жылқыға жау тигенде,
жайдақ атқа мініп, қолына найза ала шапқан ерлігін жұрттың бәрі білетін.,
Өзінде үйелмен-сүйелмен төрт ұл бар. Ондай көп ұлы бар тоқал өзінен-өзі өр боп
кететін әдеті, Таңшолпан Құнанбайдың үнсіз отырғанын жақтырмай, бір ырғалып
қойды да:

- Сыбағаны
Күнкеге әкеп отырғанымыз жоқ. Балам да болсаң бас болдың - саған әкелгізіп
отырмын. Ертең қыстау-қыстауға кетеміз де, қыс бойы інге кіргендей жатып
қаламыз. Қатынның күні со да. Жыл айналғанша амандық тілеуім, балама берген
батам. Содан басқа бізде не болушы еді!- деді.

Құнанбай
шешесіне қарап, үндемей бас изеді. Тағы біраз тұрып:

- Айырыла көшем
деймісің? Ал, тегі айырыла көшпесек, қайтесің? Тағы бір сыбаға жеп жүрмелік!-
деп күліп қойды.

Құнанбай
күлгенге үй ішіндегі қонақ әйелдердің бәрі күлді. Ұзын бойлы, қара сұр, ашаң
жүзді Күнке ерінің жылы шырайын пайдаланып:

- Мен бүгін теңдерді
шешкізіп, ертең үйлерді тіккізбек едім. Осы тағы бір көші-қон бар ма? Мынау
елді де, өзімізді де екіұдай еттіңіздер ғой!- деп Майбасарға қарады.

- Екі сыбаға
жейді екесін, «екіұдай» деген сол бола ма екен!- деп, Майбасар қайнысы күліп
қойды. Жөн айтпады.

- Теңді
шештірме, үйге де әбігер болма! Ертең тағы көшесің!- деді Құнанбай.

- Е, қарағым, ол
қай көш?- деп, Таңшолпан таңданып, үңіле қарап еді.

- Бәрің де бірге
кәшесің. Ертең ерте , Шыңғысқа көшеміз. Қоныс қарап келдік. Ауылдарыңа соны
айта барыңдар! Буынып-түйіне беріңдер,- деді.

Айтқандай,
ертеңіне Күнкенің үйі алдымен түндігін сыпырды. Ырғызбайдың жиырма аулы тағы да
дүрк көшті. Беттегені - Шыңғыстың Жуан ортасы.

Көштер
үздік-создық болмай топтанып иіріліп алып, қалың нөпір боп қозғалды. Әншейінде
көш деген қаз, тырнадай тізбек-тізбек болушы еді. Қазір де, алғаш жөнелгенде,
мынау ел тобына лашын түйілген шүрегей үйректей ұйлығып, қарбаласып, ұйқы-тұйқы
боп кетті. Құнанбай таң атар-атпастан асығыс бұйрық беріп:

- Малтықпай тез
көшсін! Шұбалмасын! Қатар қозғалсын! Қауырт жөнелсін!- деп, қысқа-қысқа әмірді
ауыл басы сайын кісі шаптырып айтқызып жатқан. Дағдыдан тыс көштің, дағдыдан
тыс көрінісі де осыдан еді.

Қызылшоқыдан
Шыңғысқа қарай тартатын көш соқпақтың сол жағында, жағада бір жалғыз төбе бар
еді. Құнанбай өз қасына Майбасар, Қамысбайды ертіп және өзінің Күнкеден туған
үлкен баласы Құдайбердіні алып осы төбенің басына барлық көштен, барлық
аттылардан бұрын кеп шықты. Астында шұбалаң құйрық торы аты бар. Дом боп жарап алған
есік пен төрдей ұзын торы ат көлденең тұр. Қос құлағын қамыстай шаншылтып,
арттағы нөпірге «бассаңдаршы!» дегендей қарайды. Құнанбай да көш-көштің алдынан
кес-кестеп, бірдеме айтатындай боп тұр.

Әлі күн шыққан
жоқ, елең-алаң еді. Жиырма ауыл жүктерін артып жатқанда жым-жырт, үнсіз
қимылдаса, енді түйелерін тұрғызып, жөнеліп бергенде жамыраған қозыдай неше
алуан үнге басты. Біресе жүк батқан түйе бақырады. Енесінен адасқан бота
боздайды. Әр ауылдың өш иттері

бір-біріне
арсылдасады. Айқай салып шапқылаған аттылар, жүкші жігіттер көрінеді. Бала
жылайды, шешелер ұрысады. Қиқулап айқай салып, мал қайырған малшылар,
жас-кәрілер үндері әлсін-әлі келеді.

Көштер қауырт
қозғалған уақытта Құнанбай Қамысбай мен Құдайбердіге:

- Бар, екеуің
тез барып осы барлық көштердің басты-басты кісілерін - үлкендерін, осында жиып
келіңдер!- деді.

Құдайберді мен
Қамысбай бұл бұйрықты ести сала тебіне жөнелісті. Ұзын бойлы, қыпша бел

жас жігіт
Құдайберді мен кең жауырын Қамысбай ойға түсе бере, көштің алдын көлденеңдеп,
жарысып барады. Екеуі лезде барып, көш-көштің алдындағы еркектер тобына бір сәт
бөгелді де, әрі қарай жосыта берді. Бұлар араласқан топтан бір-екі кісі дереу
сытылып шығып, жалғыз төбеге қарай желе текіректейді. Құнанбайдың күтіп тұрғанын
көріп, өбектеп қамшыланып, асыға жүріседі. Құдайберді арғы шеткі көшке
жеткенше, Құнанбай қасына жиырма-отыз аттылар жиылып қалды. Қоңыр күздің
бүгінгі күні желсіз, тынық. Аспан да ашық. Соңғы аттылар Құнанбай қасына
жеткенде, балқыған темірдей боп ұшқын атып жарқыраған үлкен күн, алыстағы Арқат
тауының иректелген жотасына міне бастады.

Көштің алдына
көлденең түсіп, қатпар-қатпар болып Шыңғыс жатыр. Ұзаққа, ұшан-теңізге созылып
жатқан қалың таудың биік жоталарын күн сәулесі бір сәтте алтынға малғандай қып
рең берді. Таулар түндіктерін жаңа сыпырды. Аспанда қараторғайлар самғап
шырылдайды. Көш жолынан қашып ұшқан болу керек, қаулап кетті. Кеш үстіндегі
аспанды мың бұралған үнмен кернеді.

Биікте, көз
ұшында, шалқар көш боп қиқулап, «қош, қош» айтқандай боп қалықтап, бір топ
тырна кетті.

Құдайберді мен
Қамысбай астарындағы екі бозды танауратып терлетіп, ең соңғы үш үлкен кісіні
ертіп келгенде, жаңғыз төбеде, Құнанбай қасында, елу шамалы аттылар бар еді.
Соңғы келген үшеудің ортадағысы - Құнанбайдың тағы бір тоқал шешесінен туған
Жақып. Құнанбай мұның сәлемін алды да, тебініп қап, «жүр!» деді.

Барлық жиын
жаңғыз төбені дүрс-дүрс басып, Шыңғысқа қарай тартты. Көштер қиыс өтіп кетіп
еді. Бірақ, бұл топ әлі асыққан жоқ. Аттылардың қалың ортасын ала Құнанбай
келеді.

Екі жағында он
шамалы үлкен туысқандар. Әкесімен туысқан Үркер, Мырзатай, Жортар сияқты
ағалары. Тоқал шешелерінен туған Жақып, Майбасар сияқты тұрғыластары және әлденеше
інілер, немерелес туысқандар бар.

Құнанбай - өз
басы бір шешеден жалғыз, бәйбішенің жалғызы. Қара шаңырақ иесі. Қалың дәулет
пен әмір, билік иесі. Жасқа да көп туысынан өзі үлкен. Сол себепті, үлкен әкесі
Ырғызбайдан тараған осы мына жиырма ауылдың мынандай топтарының ішінен
бірде-бір жан әлі күнге Құнанбайдың алдынан көлденең шығып көрген емес. Тіпті, өкпе-назы
болса да, ашып-жарып айта алмайтын. Ал, бірақ Құнанбай сойыл соғарды, қол
қимылды, тізе мен ызғарды керек қылған жер болса, бұл қауымның іркілетін бірі
жоқ. Шоқтай жиын - мықты топ. Жер алуда, ел алуда, оңайдан мал табуда бұлар
Құнанбайдың қабағын қалт еткізбей түсінеді. Неше қабат, бәйбіше-тоқал боп жатқанмен,
Құнанбай бұлардың араларындағы араздық болса, лезде жойып отырады. Араздық
ұстағанын әлденеше рет пайдадан, олжадан қалдырып, жазалап отырып, өз ырқына көндіреді.

Өзара бірлігі -
табыс екенін жете танытқан. Соны ұққалы осы Ырғызбай шетінен бай боп алды.

Соңғы уақытта,
тіпті, ішінен атысып жүретін күндес қатындар да араздығын сыртқа шығара
алмайтын боп алған. Олардың кәрісін де, жасын да, қайнысы не байы, не баласы от
басынан әрі шығармай тұншықтырып, басып отырады. Болмағанын, не байына, не бір
тентек қайнысына сабатып алып, өзгелері «шоқ-шоқ» деп те тұрысады.

Осымен бар
ынтымағын Құнанбайға бағындырған жиырма ауыл: дәл бір ұялас бөрідей еді. Қалың
Тобықты ішінде ең қолшыл, ең мықты болатын себептері де осы. Кішкене шеңбері
берік болған соң, содан арғы маңайдағы аталастан - Топай, Торғай, Көтібақты да
бұлар өз ынтымағымен тартып, басып алып жүреді. Әнет, Жуантаяқ, Сақ-Тоғалақ, Кекше
сияқты саны көп, сыбағасы жоқ руларды да өздерінің айналасына қоршау қып,
шырғалап, шырмап ұстайды. Ондайлармен Ырғызбай іші бірен-сарандап құда, жекжат
боп алып та, «ұзын арқау, кең тұсау» жасайды. Кейде әдейі өздері түртіп, бір
бәлеге ұрындырып, одан тағы здері құтқарып алған боп та бауырына тартады.

Аз ауыл
Ырғызбайдың, кем қойса, басқа жиырма атаның ішінде айқыш-ұйқыш, ілік-шатыс,
қарға тамырлы тұзақ шырмауығы жатады. Осындай шытырманның ішінен жапа-жалғыз
Құнанбайды Құнанбай ететін күй туған. Ырғызбайдың мына тобы Құнанбайды қоршап
келе жатқанымен:

«Қайда көшіп
барамыз? Неге көштік?» деғен сөзді сұраған емес-ті. Дағды бойынша, «жаманға,
залалға бастап бара жатқан жоқ! Күн ілгері көреміз» дескен.

Алды аяңдап,
арты желіп отыратын ұзын торы ат өзге жиынның барлығын еріксіз бүлкектетіп,
желдіріп келеді. Сонда да, тап ортадағы торы аттың бас мойыны өзге қатардан
үздік шығып отырады. Жүріп келе жатқан топ, намаздағы имамдай қып, аяңшыл
торыны зор денелі Құнанбайды алға салып келеді. Бірен-саран жастардың аттарының
басы оқыс ілгерілеп кетсе, қасындағы үлкендері зекіп, күбір етіп: «Тарт!,
Шегін!» деп, тойтарып тастайды. Құнанбай жалғыз көзімен оңды-солын шолып алған.
Жиында Ырғызбайдан езге жан жоқ екен. Әрқайсысының ауылында көрші-қолаң,
жалшы-жақпай, «бұратана - кірме» деген көп болса да, бұл араға келтірмепті.
Олар сойыл соғар. Бірақ келеге әсте кірген емес. Құнанбай жіті жүріп отырып,
тобын бастап, көштің алдына түсті.

Содан жиырма
ауылдың жиырма басты адамына қазір, Шыңғыс ішіндегі қай сай, қай қыстауға барып
жетіп, шаңырақ көтеретінің айтып келе жатты. Сөзі ақылдасу емес - байлау.
Атағаны - кесіп-пішіп қойған әмір менен бұйрық.

Алты күннен соң,
осы Құнанбай ауылдары көшкен жолмен тағы бір мол көштер келе жатты. Бұл Бөкенші
мен Борсақтың көші. Бұлар да Қызылшоқыдан өтіп, Шыңғысқа кіргелі келеді, Малды
көштер емес. Бірақ көшкен елінің саны көп. Жинақы боп, топталып көшпей,
бытырап, ен жайылып, бет-бетімен келеді. Көш бойында ат мінген кісі аз. Әр көште
бірен-саран еркектер мен көш бастаған қартаң әйелдер ғана ат үстінде. Олардан
басқа бала-шаға, кемпір-шал және жас қатынның көбі жүк артқан түйелерге мініпті.
Жылқысын отарға жіберіп, қысқа арналған мінгішті шақтап алған елдерге ұқсайды.

Бірен-саран тайлаққа
мінген, өгіз мінген еркектер де бар. Барлық қалың елдің ішінде екі-үш ауылдың
көші ала бөтендеу. Ол Бөкенші руынан Сүйіндік, Сүгірдің көштері. Борсақ руынан
Жексен көші.

Осы көштердің
алдында Сүйіндік, Сүгір, Жексен және басқа да кәрі, жастан жиырма шақты кісі
оқшауырақ келеді. Бұл жиында әзіл-күлкі де, әңгіме де жоқ. Өңшең тон, шекпен
киген сұрғылт топтың пішіні де, қазіргі күздің сұрғылт, жабырқау аспаны сияқты
күңгірт, салбыраңқы. Әсіресе, Сүйіндік пен Сүгір, Жексен күпті сияқты. Көп жұрт
соның аузына қарағанмен, Сүйіндік ақырын ғана:

- Бара көрейік.
Жүзбе-жүз көрісейік. Жауабын өз аузынан естейік!- деді.

- Не де болса,
бара көрейік те!

- Не жөн, не
жолға сыйғызады екен?... Өзінен естиік!- деп Сүгір мен Жексен де соны құптады.
Бұл жиындағы жастар мен қартаң шаруалар түйіліп алған, қатты ашулы еді.

Құнанбай күздеуден
ерте қайтып кеткен соң, өзге елдің бәрі де дағдыдан тыс, күземді ерте алып
көшіп еді. Жаз бойы Бөкенші мен Борсаққа Құнанбайдың қабағы келіспеген. Қырына
ала берген болатын.

Сүйіндік осыдан
секем алып, әнеу күні Бөжеймен ақылдаса барса да, жауапқа жари алмай қайтты.

Содан, күздеуде
кейіндеп қалса да, ерте кеткен Ырғызбай жайын сұрастырып отырып еді. Қазірде
Ырғызбайдың аталастары Топай, Торғай, Көтібақ та осы Бөкеншінің артынан ілесе

көшіп келеді.

- Көштер,
Шыңғысқа кіре бере, сайды өрлеп, езді-өзінің жылдағы қыстау-қыстауына қарай
тартты. Бөкенші, Борсақтың , Шыңғыс ішінде қыстау еткен жерлерінің ені оншалық
мол болмайтын. Сол жердің орта тұсы Жексен қыстауы - Қарашоқы. Көктемде Қодарды
асып өлтірген жер осы.

Бірнеше көштерді
сай-саймен өз жолдарымен жіберсе де, Сүйіндік, Жексендер бастаған еркектер тобы
жұбын жазған жоқ. Бірталай қалың кештерді арттарына салып ап, тура Қарашоқының
тоғайлы өзеніне кіріп, соны өрлеп келеді. Қодар құлаған құз жартас та көрінді.
Соның етегіндегі кең шалғын тегіс орылып мая-мая боп үйіліп қапты. Жексен қорасының
үстіне қаптаған сиыр, түйе, жартастан жоғарылай қонған көп үйлі ақ ауыл. Түтіні
будақтап, қой-қозысы шұбартып, бықып жатыр. Бұл ара енді Жексен қыстауы емес.
Осы мына отырған ауылдың мекені болғанға ұқсайды.

Жартастан бері
Сүйіндіктердің қарсы алдында, қалың жылқы ендеп, жайылып келеді. Екі шеті
сайдың екі жақ иығындағы сар тұмсықтарға шашырай шығыпты. Ішінде жирені мен
құласы көп, Құнанбай жылқысы.

- Құдай ұрды
десеңші! Қарағым Сүйіндік-ай, енді қайттім?- деп, Жексен көзіне жас алды.

- Жайлауыңды жау
алды, қыстауыңды өрт алды,- деген сұмдық осы да!- деп, құр күрсінгеннен басқа
Сүйіндік түк айта алмады. Жат сыбысты естігенмен, дәл мұндай болар деген ой бұл
топтағы кәрі-жастың ешқайсысында да жоқ еді. Бұлардың ішінде әсіресе күйгені
Жетпіс болатын.

- Бір Жексен
емес, бар Бөкенші, бар Борсақтың жерін бір-ақ басып алғаны ғой. Бұл қорлыққа
шыдағанша өлген артық!- дегенде, Бөкенші, Борсақтың тағы бірнеше жас жігіттері аттарын
тебініп, ілгері шыға берісті.

- Жер ашуы - жан
ашуы!..

- Бұдан арғы
амандық садағам!..

- Бөкенші,
Борсақ құмадан туып па?!

- Қашанғы
шыдаймыз?

- Қорқа-қорқа
тапқаның осы ғой!

- Бұға-бұға
болдыңдар ғой осы!..

- Етекбасты қып
өлтірдіңдер ғой осы, сендер-ақ!..- деп бәрі де Сүйіндік, Сүгірге қадалды.

Сүйіндік бұл сөздерді
өз басына тиген қамшыдай сезіп, қатты ширықты. Ерік берсе, осы топ мына бейбіт
жылқыға тиіп кетуден де тайынатын емес. Бірақ жаңағы сөйлегеннің бәрін байқап
қараса, шетінен аталы ауылдың адамдары емес. Ылғи жоқ-жітік шаруа көрінеді.
Атақсыз көпшілік. Бұлар бір кимылды істеуін істеп тастайды. Бірақ салмағы кімге
түспек?

Бәрін бастап
кеп, жылқыға тиген, ауылға шапқан Сүйіндік болады ертең... Осыны ойлағанда
Сүйіндік сескеніп, шошып кетті. Малмен де, баспен де жауап беретін осы Сүгір,
Жексен - ушеуі болмақ. Ол атының басын іркіп тұра қап, қатты зіл тастап:

- Әй, жігіттер,
тоқта былай!- деді. Жұрттың бәрі іркіліп, соның аузына қарады.

- Сөздеріңнің
түрі мынау болса, бәлеңді аулақ тарт! Мен бұл тобыңда жоқпын! Бар, әне, бара
бер! Құнанбай сенің шошайған жиырма сойылыңнан қорқар деп пе ең? Қорықса бүйтер
ме еді. Сен жиырма болсаң, ол жүз, сен жүз болсаң, ол мың болады, әне!- деп,
ауылға қарай иек қақты. Жұрт жаңа байқады. Ауыл мен жартас жақтан және екі жағадағы
жота-жотадан мына қалың жылқыға қарай жай бастырып келе жатқан көп аттылар бар
екен. Бәрінің де сойылы бар. Біреулері көлденең ұстап, кейбіреулері тақымына
қыстырып, немесе білектеріне іліп, сүйретіп алыпты. Кем қойса, жүз қаралы сойыл
соғар. Бәрі де аз уақытта жылқының ішіне кеп кіріп, енді бастары қосылып,
Сүйіндіктерге таман жылжып келеді.

Сүйіндік сөзінен
соң ұйлығып қалған Бөкенші, Борсақтар үндемеді. Бәрі де аттарын баяу бастырып,
ана жиынға қарсы жүрді.

Ендігі басу
айтқан Сүгір еді. Бөкенші ішінде, көп көк ала жылқысы бар, ең үлкен бай осы
болатын. Сөзін ақырын бастап:

- Ағайын бар, ел
бар. Бізге де есе тиер! Айтармыз, жұрт келесіне салармыз. Тек қызу үстінде,
бәле бастай көрмеңдер!- деп, жалына сөйледі.

- Осыдан бәле
басы болғаның сол бәленің тауқыметін тура өз мойныңмен көтересің! Қашан айтып
ең деме!- деп, Сүйіндік бар сөзді бір-ақ тұжырды.

Жылқы ішінен
бұларға қарсы қозғалған қалың топтың тап ортасында Құнанбай бар екен. Ұзын торы
ат басын шұлғи тастап, кекілін желпіп сермеп, жай басып келеді. Сүйіндіктерге
қарсы Құнанбай бар тобымен келген жоқ. Жылқыдан бері қарай біраз шыққан соң, өз
қасындағы көп аттыны кейін қайтарып жіберді.

Қасында он шақты
ғана үлкен кісілер қалған еді. Сүйіндіктерге осы тобымен кеп кездесті. Пішіні
суық, ызғарлы екен. Жуандық ызғары «қайте қоясыңның» ажары. Жота жүнін үрпитіп,
үдірейіп тұр. Ірге бермек емес. Атқа мінер атаулының, әсіресе Құнанбайдың сырт
айдыны осылай келетін. Соның домбытпа екенін білсе де, Сүйіндіктер әрқашан
мұндай түстен ығыса жүретін. Бөкенші тобы бұрын сәлем берді. Құнанбай ернін
қыбыр еткізіп қана, үнсіз сәлем алды. Біраз үндеспей тұрып барып: Сүйіндік:

- Мырза, мына
аттылар не?- деді. Құнанбайды бар Тобықтының атқа мінері «мырза» деп атайды.

- Жай, мына
жылқыға, отарға шығар алдында таңба бастырайын деп ем. Соған жиылған ел,- деді
Құнанбай.

Бұл сөз одан әрі
өрбіген жоқ. Жексен бұрылып артына қарап еді. Көштің алды бөктер адырдан бері
шығып қалған екен.

- Жә, мырза,
мынау келе жатқан біздің көшіміз еді. Қыстауымызға келе жатыр ек. Мұнда болса,
бүйтіп қапты. Бұл қалай болды?- деді.

- Е, саған көшіп
кел деген кім бар? Омыраулап, баса-көктеп көшпей-ақ, хабарласып, тілдесіп алсаң
нетуші еді? Көшің кейін қайтады!

- Әкім елге ие,
ел жерге ие емес пе еді?

- Әкім аспанда тұрмақ
па екен? Исі Шыңғыстан Ырғызбайға қыстау тимесін деген кімнің бұйрығы.

- Бір, Шыңғыс
демесең, осы өңірде қыстаулық жерің аз да емес, олқы да емес еді ғой мырза!- деп,
Сүйіндік енді араласып еді. Құнанбай іле сөйледі.

- Ей, Кішекең,
Бөбең,- деп бастады. Жігітек пен Бөкеншіні сыпайы айтқанда осылайша: «Кішекең,
Бөбең» десетін. Құнанбай қазір солардың бар руын бір араға жиып ап, соның бар
қауымымен бетпе-бет кінәласып жүгінісіп тұрған кісі тәрізді.- Аға болдың, бұрын
жеттің. Көлденең созылған Шыңғысқа көлбей орнадың. Ырғызбай аз еді. Сенен кіші
еді. Ен Шыңғыстан бірде-бір құйқалы қыстау бермепсің. «Өзге қыстау» дейсін... Шыңғыс
тұрғанда өзге жер қыстау ма? Мен болсам, енді қашанғы көне берейін. Қашанғы құр
қалайын. Ырғызбайға да, Шыңғыстай арқа тірек пана керек... Ырғызбай да етек
алған ел болды. Жатың емес, туысқаның. Есе бермей, құмадан туып па?- деді.
Дауын да, байлауын да өзі айтты.

- Сонда
Бөкеншіден қанша қыстау алмаққа ұйғардың, мырза?- деп, Сүйіндік енді бұл
салықтың көлемін байқайын деді.

- Бөкенші,
Шыңғыстың бұл тұсындағы бар қыстауды береді.

- Е, біз қайда
кетеміз,- деп, Жетпіс күйіп кетті.

- Шығара қуылған
Бөкенші болғаны ма?

- Ауып кетсін
деген сөз ғой бұл?!

- Жан ашырдың
жоқ болғаны ғой!- деп, бағанағы көпшілік тағы қозданайын деп еді, Құнанбай
Сүйіндікке қадалып тұрып, қамшысын жаңағы сөйлегендер жаққа нұсқап:

- Тоқтат
аналарыңды!- деп, ақырып қалды. Сүйіндік өз басын аршып, Құнанбай жағына
тайсалақтап, жігіттеріне:

- Әй, өрекпіме
демеп пе ем, көп шуылдақ?! Қысқарт енді!- деді.

Жұрт еріксіз
басылып қалды.

- Бөкенші, Борсақ!
Қыстауыңды алғанмен далаға қаңғытады деп пе ең? Алсам, текке алмаймын, беріп
алам. Осы Шыңғыстың өз бойынан қыстау беріп алам. Ана Жігітек пен Көкшенің
арасынан барып орнайсын. Төрі - Талшоқы, ылдиы - Қарауыл, Балпаң. Бар да сонда
орнай бер. Мына көштеріңді қайырып, солай беттеңдер, байлауым сол!- деді.

Осы кезде
күнбатыс жақтан және күншығыс жақтан да бірнеше аттылар кеп, Сүйіндік тобына
қосылып еді. Батыс жақтан келген екі аттының біреуі Сүйіндіктің үлкен баласы
Асылбек болатын.

- Біздің
қыстауға Жақып, Жортар қоныпты... Енді қайттік?!- деді.

Шығыс жақтан
келген Сүгірдің көршісі Қабас еді.

- Біздің қыстауларға
Ырсай, Мырзатай, Үркер орнапты... Көшті қайттік? Жүк түсіре алмай дағдарып
тұрмыз,- деді. Осындай қыстаудан, ата қоныстан айрылған ауылдардың жас, кәрі
азаматы енді жан-жақтан, төрттен-бестен келіп жатыр. Бәрінің түстері сұрланған.
Түтігіп, ыза кернеп, булығып келген кісілер.

Арттағы, көштегі
еркек-әйелдердің - бәрінің де наразылығын, қарғысын, ашу-намысын ала келген
сияқты.

Бөкенші, Борсақ тобы
көбейе берді. Бірақ Құнанбай қайысар емес. Сүйіндік өз елінің күйзелгенін танып
тұр. Өзінің де қор болып, аяқасты болғанын әбден түсінді.

- Қайтейін, мен
қайтейін?.. Жаттан көрсек бір сәрі еді,- дегенде, Жетпіс:

- Әділет деген
құрығаны ғой!- деп қалды.

- Жан ашырдың
біткені ғой!..

- Бүйткенше,
қаңғытып қусашы, бұл қор болған Бөкенші, Борсақты!- деп, көпшілік тағы ашу жия
бастап еді. Дәл осы уақытта Құнанбай қасына екі топ аттылар келді. Алдыңғы тобы
- он шақты кісі. Мұны бастаған Байсал екен. Қасында Көтібақ ішіндегі ең ірікті
атқамінерлер. Бұлар, бастығы Байсал боп кеп Құнанбаймен ашық-жарқын сәлемдесіп:

- Қоныс қайырлы
болсын, мырза!

- Қайыры ұзақ
болсын!..

- Мекенің
қайырлы болсын!..- десіп, жабырлап құттықтап жатыр. Осы топтың артынан іле тағы
бір топ келді. Бес-алты кісі еді. Мұны бастаған шал - Құлыншақ. Торғай руының
ең жуаны. Құлыншақтың қасында бес азамат баласы бар екен. Белгілі «бесқасқа»
деп атанған өңшең жауынгер, найзагер, батыр ұлдары.

Құлыншақ та
Құнанбайға тақап кеп:

- Қарағым,
Құнанжан, амансың ба? Қонысың қайырлы болсың!.. деді.

Бөкенші, Борсақ
енді таныды. ЬІрғызбай жалғыз Ырғызбай боп, мына зорлықты істеп отырған жоқ.
Көтібақ, Торғай, Топай руларының да бар жуан, содырлары Құнанбай ісін құптаған
тәрізді.

Сүйіндіктің дәме
қылары Көтібақ еді. Тьім құрмаса, «біртоға, берік Байсал, Құнанбай ісінен
сыртқары болар» деп ойлаушы еді. Астыртын не с-з болған? Не сыр бар?.. Мәлім
емес. Қалай да мына ажарына қарағанда, Құнанбай иісі Олжайдың бар жуандарын
түгел соңынан ертіп алған көрінеді.

Амандаса келген,
қайырлы босын айта келген Байсал, Құлыншақ дәл бүгінгі күн, құр амандасу емес,
Б-кенші, Борсаққа қыр керсете келіп тұр. Құманбай соны әдейі істетіп отыр.

Мұны жалғыз
Сүйіндік емес, Жексен де сезді.

- Апырай, ата
қонысым еді. Одан қала берсе, осы жиын, осы бәріңнің көз алдыңда, кешегі көктемде
ғана, осы мынау тастың бауырында Борсақтың бір баласының қаны тамып еді ғой. Ер
азаматымның қаны тамған жер еді ғой!- деді. Бұл сөз - дәл бұл жкинның күтпеген
сөзі. Сүйіндік өз ішінен: «Алдырған албырт деп оның несін айтты екен?»- деп,
жақтырмады.

Құнанбайға да
бұл сөз тіпті тосын болатын. Оны дау үстінде дәлел, далбай қылатын кісі болар
демеген. Сондықтан жауабын ойламай айтты. Жексен айтқан сөзді Бөкенші, Борсаққа
тағы осы жерді алуына бір ұпай қып пайдаланбақ болды:

- Не деп тұрсың?
Алжығанбысың? «Ерім» дейсің! Ерің сол болса, сенің елдігіңде не қасиет қалды?
Ол ер емес, Борсақ әруағынан садаға... тіпті Тобықты әруағынан садаға!.. Ол - сұмырай
еді. Мен сол сұмырайды құртып, соның ізі-тозы бітсін деп, бұл жерді, бұл өңірді
әдейі басқаның мекені етіп тұрмын. Сандалғаны несі?- деді.

Бөкенші,
Борсақтың қалың жиынына мына сөз таспен ұрғандай тиді. Бәріне де бір сәтте
Қодар өлімінің сыры, Бөкенші жерінің алыну сылтауы бір-ақ шешілгендей болды.

Бұған келгенде
Сүйіндіктің де шыдамы таусылып еді.

- Ойпырай, не
дейсің! Әттең аузыңнан айналайын Бөжей-ай, Қодар өлгенде: «Бұл шылбыр Қодардың
мойнына ғана түскен жоқ. Бұйырса, Бөкенші, Борсақ сенің мойныңа да түскен
шылбыр болар» деп едің... Арманда кетіпсің ғой, есіл ерім, Қодар-ай,- деп үні
өшіп, атының жалын құшып, бүгіліп тұрып қалды.

- Уа, қара бет
басым! Қара басқан қу басым! Мен қуарған не еткен ит едім? Ойбай бауырым!..
Бауырым, Қодар!- деп Жексен өкіріп жылап, атын борбайлап, Қодар қыстауына қарай
шаба жөнблді. Сол-ақ екен, бар Бөкенші, Борсақ тегіс: «Ойбай бауырымдап»
Жексеннің артынан

шаба-шаба
жөнелісті. Сүйіндік те солармен кетті Байсал мен Құнанбай бұл арада енді тұра
алмай, үндемей томсарған күйлерінде сырт айналып кетіп еді. Құнанбай өз ішінен:
«жаңағы сөзді оғат айттым-ау, қап!»- деді. Бірақ, Байсалға да сыр берген жоқ.
Қайта, Бөкеншінің мына мінезіне

сылтау іздеп,
өзінше соны таптым деді.

- Құтыртқанның
кім екенін көрдің ғой! Шымбайына батқан соң, шыңырауда жатқан сырын айтқанын
көрмеймісің? Қолтығына дым бүріккен Бөжей. Анық Бөжей. Тобықты ішінде мені
тосқан қанды қақпан сол болмақ қой. «Береке-береке» дейсің. Кінә кімде? Көрдің
бе!- деп, Байсалға қадала қарап алды да:

- Бірақ құдай
ақта, көріп-ақ алармын!- деді. Аздан соң Байсалға құпиялау қып:

- Сен Сүйіндік
пен Сүгір, Жексен - үшеуіне айт, көпті қоздырмасын! Бассын! Шыңғыстың қай
тұсына орнықтырсам да, ол үшеуінің сыбағасы олқы емес. Өкінбесін! Өкіндірмеймін!
Осы сертіме сенсін!-деді.

Олжайдың алғашқы
орнында қалған жиынының ортасында тұрған Майбасар болатын. Ол тұмсық асып шапқылап
жылап бара жатқан Бөкеншілерге қарап:

- Уай, жарандар!
Бұл түстен кейін маңырайтын ақсақ қой дейсіңдер. Тіпті ол емес!.. Мына Бөкенші
екен ғой түстен кейін маңырайтын. Көктемде өлген Қодарға күземде кеп сүйекші болған
кімді көрдің? Мұны көрген кім бар десеңші,- деп, қарқ-қарқ күлді.

Көктемде
Қодардың сүйегіне жан жоламай кеткенде, Жәмпейіс пен Әйтімбет қойшы ғана кеп
жоқшы боп еді. Жексен ол күні өз аулының қатын-баласын: «неге жылайсың, көзің
ақсын!» деп шетінен бықпырт тигендей сабап, Қодар өлігіне жолатпай қойған.
Жәмпейіс пен Әйтімбетке, солардың өзіндей қойшылар, жаны ашыған кедейлер ғана
болысқан. Соның барлығы екі өлікті Құтжан бейітінің басына апарып, зар қағып
жылап, жоқтап жүріп, таза арулап койып еді.

Қазірде Құтжан
бейітінің екі жағындағы жаңа қабірлер Қодар мен Қамқанікі болатын.

Бөкеншінің
барлық азаматы шапқылап ат қойып кеп, осы бейіттің үстіне шұрқырап, жылап түсіп
жатты. Сүйіндіктер тобы келместен бұрын бейіттердің басында 3-4 қана адам отыр
еді. Ол - Жәмпейіс, Әйтімбет және бір-екі басқа қойшы болатын.

Жаз бойы келе
алмай, бүгін көшпен жетіп, ең алғаш еске алып, құран оқып отырған солар еді.

Кейін осылардың
үстіне шулап келген нөпірді көргенде, мына кәрілер таң болды. Жылағанның ішінде
Сүйіндік бар. Ол бір жұмбақ. Әсіресе, бұларды қайран еткен Жексен мен Жетпіс...
Екеуі де үш қабірді кезек-кезек құшақтап:

- Кеше гөр,
арысым, кеше гөр!

- Ағакем, кеше
гөр!- десіп кеп зар-зар етеді. Көздерінен шын өкініш жастары ағыл-тегіл шығады.

Бірақ Жәмпейістің
жүрегі жылыған жоқ. Ол Қодар мен Қамқаның қайғысынан осы жазда біржолата белі
бүгіліп, қатты солып кетіп еді. Қамқаның бейітін құшақтағалы еңіреп келе жатқан
Жексенді кеудеден қойып қап:

- Өй, көзің
ақсын, көзің аққыр өңшең!..- деді.

Аз уақытта үш қабірдің
басына еркектер ғана емес, барлық көштердің әйелдері де, жас-кәрісі де үйілген
еді.

Қалың ел болып,
зар еңіреп, улап-шулады.

 

3

Бөкенші, Борсақ
, Шыңғыстан қайта серпіліп көшкенмен, Құнанбай атаған жаңа қыстауларға бармады.
Қызылшоқы, Қыдыр, Көлқайнарға жаппа тігіп қонды да, көшпей отырып алды.

Бұл кезде өзге
елдердің бәрі де қыстау-қыстауына жетіп, жайласқан болатын. Қора басына
пішендерін тасу, тоңын аудару, қыс жағатын қиларын қалап алу, мал қораның
жыртық-тесігін бүтіндеу, үй сылау, пеш түзету сияқты істері қыстық мекені бар
елдердің бәрінің де тегіс жұмылған

науқаны.

Осындай істерден
сырт қалған және барары мәлім емес Бөкенші, Борсақ аз күннің ішінде ауған,
босқан ел тәрізденді.

Құнанбай жорға
Жұмабайды Сүйіндік пен Сүгірлерге жіберіп: «Ана Қарауыл, Балпаң, Талшоқы
бойынан таңдаған қоныстарын алсын! Және жайлауына көлденең Шалқарды тұтас
алсын! Бірақ көпке мұрындық болмай, тез барып орнықсын!» деген. Шыңғыстан
бір-бір қыстау алса, Қарауыл, Балпаң тисе және әсіресе жайлаудағы екі өзен жеке
меншіктеріне тисе, тіпті өкініші жоқ.

Осымен Сүйіндік,
Сүгірлер өз есептері ұтылмайтынын білген соң, көш-қонын ойлап, қыбырлай бастап
еді. Бүгін өзге Бөкеншіге айтпастан Сүйіндік, Сүгір, Жексендер таң атысымен
түйелерін ұстатып, арқан-жібін қамдап, жаппаларын да жыға бастады. Бұлар
осылайша, іріткімен екшелгенде, өзге Бөкенші, Борсақтан жиырма-отыз кісі атқа
мінді. Ендігі жиын - қара шаруа жиыны. Араларында зор денелі, орта жасты Дәркембай
бар.

Ол Қызылшоқының
шеткі қонысында отырған Жексен аулына келді де, Жексен мен Жетпісті шақырып:

- Елді тастап,
бас сауғалап, қайда барасың түге? Тапжылма! КөшпеІ Не көрсең, бірге көресің!
Жықпа жаппаңды!-деді.

Жексен қарсыласа
алмады. Жалғыз-ақ қиялап:

- Жандарым-ау,
не білгендерің бар?- дей беріп еді.

- Онан да қазір
екеуің де атыңа мін! Ер бізге! Анау Сүйіндік, Сүгірге барып сөз байлаймыз!-
деді.

Жексен мен
Жетпіс еріксіз ерді.

Осы топ Сүйіндік
пен Сүгірге де көп сөйлеген жоқ. Бұйрықтарын шолақ айтып, көштерін тоқтатып
тастады. Сүйіндік бұлардың айтқанына амалсыздан бағынды да:

- Ал, бірақ
тапқан ақылдарыңды айтшы! Қылышын сүйретіп қыс келеді. Кемпір-шалды
күркілдетіп, баланың жағынан боздағын шығарып, қашанғы отырамыз? Қайда барамыз?-
деді. Дәркембайдың жауабы әзір болатын:

- Сүйіндік,
Жексен, Сүгір - үшеуің де алдымызға түс! Аттарыңа мін! Жүр, әне, Бөжейге! Елден
жырыла қашып оңбайсын түге! Бөжейге барамыз. Ағайынға салмақ саламыз. Тіпті жан
ашыр жоқ болатын болса, арғысын содан әрі көрерміз!- деді.

Сүйіндік пен
Сүгірді, Жексенді қосып алған осы топ дәл осы күн түсте, Шыңғыстағы Бөжей
аулына келді. Оның қыстауы Тоқпамбет дейтін, қалың шалғынды, мол тоғайлы, ең
бір құйқалы қыстау еді. Бөжей өз атасы Кеңгірбайдан ата қоныс есебінде мұра қып
қалған жер осы.

Бөкенші тобы
келген соң, Бөжей ілезде кісі жіберіп, жақын жердегі Байдалы мен Түсіпті
шақырып алды. Не де болса Жігітектің ақылы бір жерден шықсын дегені.

Бұ топта
Сүйіндік шешіліп сейлеген жоқ. Кібіртіктеп, қылғынып сөйлегендей болды.

- Ағайының келіп
отыр. Ақылыңа қоңсы қона келіп отыр. Не дейсің? Нұсқайтұғын бетіңді айт!- деді.

Бөжей мұның ішкі
сырын білмеп еді. "Дағдылы қорқақтығы, Құнанбайға қарсы шаба алмайтын
ежелгі маймақтығы" деп мырс етіп, мұрт астынан күліп қойды. Бірақ Сүйіндік
сондай солғын болғанмен, өзге көпшілік олай емес. Оның ажарын сүймей, мойнын
сырт қайырып, сұрланып отырған Дәркембай, Бөжейдің күлкісін сезіп қап:

- Бәжіке,
кібіртіктей-кібіртіктей болдық қой. Тура баспас тобан аяқ болған соң иыққа ит
те, құс та шығад та!.. Тек қана «шөк-шөк» Дей бермей, осы бізді де ел қылатын,
ер қылатын ақыл айтшы!- деді.

Байдалы осындай
ер мінезді жақтайтын. Тура айтқанды сүйетін, өзі де қайратқа, қимылға бой ұрғыш
адам. Жігітектің қол күші көбінесе осы Байдалы басынан айқын көрінетін.

- Өй, Сүйіндік,
сен ақылды мына Дәркембайдан сұрасаң етті. Еркектің сөзі мына кедейде жатыр
ғой, мынау ер кедейде!- деп кеудесін көтеріп, Дәркембайға сүйсіне қарады.

Бөжей бұл
тартысты әуелі қолмен емес, жолмен бастап көргенді мақұл деп білген. Қолдан
келсе, бұл жолы Құнанбайды келеге салып әшкерелеп, көп алдында тентек қып
алмақ. Мына келген Бөкеншіге, ертең болатын бәленің артын да ашып айтып,
танытып қоймақ. Әуелі осыдан бастау лайық.

- Бөбең, Борсақ
бауырымсың. Саған тигені - маған тигені. Сенен шет қалып, амандық, тыныштық
іздемеспін. Бірақ Құнанбайдың дегені болса, сені мен мені де тату қып, туысқан
қып қоймақ емес-ау. Талшоқы, Қарауыл, Балпаң деген жерлерді атапты деп есіттім.
Осының түбін ойлаймысың?- деп, бар жиынға барлай қарап, аз үндемей отырып: - Мұнысы
Кішекең, Бөбеңнің жер жапсары бір болсын. Екі атаның ұрпағы жерлес болса
татулықтан кетеді. Жақын отырып, бес тал көде мен бір ұрттам суға да қиталасып
таласа берсін дегені. Атадан нәсілге арылмас жік қалсын дегені ғой. Бірақ оның
ойлағанының бәрі бірдей өрге баса бермес. Туысқандығым туысқандық. Күндердің
күні боп, Талшоқы мен Қарауылға келер болсаң, орның әзір. Барымды ортаға сап,
түс шайыспай-ақ үлесемін. Ол өзі бір төбе. Ал бірақ одан бұрын айтысып көрейік.
Ара ағайын Кішекең екен. Біз кіріспей кім кіріседі?- деп, Түсіпке қарап отырып,
- Ағайын келесіне мынауың тентек, мынауың зорлық!- дегенді айтып көрейік.
Қалған іс пен сөзді содан соң шешейік... Мақұл ма?- деді. Бөкенші жиыны да,
Байдалы, Түсіп те бұны мақұл десті.

- Ендеше, Түсіп,
сен атқа мін! Осы сөзді алып, Құнанбайға барып жауабын бүгін әкел!- деп Бөжей
сөзін бітірді.

Түсіптің
баратыны осымен шешілген соң Байдалы:

- Тек,
жалғыз-ақ, арыла сөйлес. Айтатынның бәрін айтып кел. Бұға-бұға болғамыз. Ат
кекілін кессең де, қатты айтып, ел өкпесін түгел жеткіз!- деп, Түсіпке өзі де
ашумен сөйлеп, нық қайрат берді.

Осы сөзді қатты
ұстап, Түсіп сол күні кешке Құнанбайға кеп сөйлесті.

Құнанбай
Қарашоқыға үлкен бәйбішесі Күнкені қыстатпақ болған. Өзі сол ауылда екен. Түсіп
екінді кезінде келді де, Құнанбайды оңаша шығарып, дөң басына барып отырып,
ұзақ сөйледі. Алыстан бастап, «береке-бірлік» керегін айта кеп, ең аяғында:

- Мынау ісіңе
Бөбең емес, исі Кішекең де наразы...- дей беріп еді, Құнанбай бұған жалт қарап,
қатты зекіп:

- Наразының
жоқшысы Кішекең болмақ па? Ендеше мынау Керей, Уақ, анау Сыбан тегіс наразы.
Оңды-солды бәрі өкпелі. Кімге өкпелі? Ұрлады, барымталады, ақ малымның есесін
бермейді деп, дәл Кішекеңнің өзіне наразы. Байдалы, Бөжей, мына Түсіп сен...
дәл сендерге наразы, Бөкеншіні айтқанша өз басыңды ақтап ал! Ұы менен қарыңды
тыйып ал!- еді.

Түсіп бұл араға
қатты ашуланып еді, даусы да қатаң шығып кетті.

- Телі мен
тентек қайда болса да бар болатын, Құнанбай! Бөжей мен Түсіп өзі ұры ма еді!
Ара ағайынның сөзін айттың, қарындастың көз жасын айттың деп, тағы жазғырмақпа
ең? Ақ та болсам, жоқ сылтауымен тағы арандатпақ па ең? Бөжей, Түсіп арам болса
айтарсың! Ақ болса, жазықсыз болса, неңді айтасың?

- Айтқаным
айтқан, Жазықтысың, арамсың...

- Ендеше, міне,
зауал уақта... сал мойныма арамымды!- деп, Түсіп дір-дір етіп, жүгініп алды. - Арамың
сол - Бөжей маған қақпан құрғанын қойсын! Біреудің сыртын бетке ұстап жүріп,

маған арнап оқ
атқанын қойсын! Енді осыдан қоймайтын болса, ағаш оғын аямасын, тегіс атсын!
Бірақ қашан айттың демесін! Ендігі керді тап өзі көреді. Өз басы көреді! Ал
Керей, Уақтың малын бересін! Бергіземін! Ертең үстіңе сияз құрғызамын. Бұл бір.
Екінші, Бөкенші сөзінен аулақ кетсін. Тартсын аяғын. Тарт аяғыңды! Ара ағайын сен
емессін. Саған сынататын сөзім емес. Бәле іздемесең, кіріспе! Кіріссең, алысқалы
әдейі кірістің деп білемін. Бар, айт осынымды!.. Тегіс жеткіз Бөжей мен Байдалыға!-
деді.

Сөз осымен бітті
де, екеуі екі айрылып кетті.

 

4

Осының
ертеңінде, түске таман Майбасардың екі атшабары - Қамысбай, Жұмағұл шапқылап
кеп, Жігітек ішіндегі есіктерінің ар жағына сүңгіп-сүңгіп кетті.

Қыстауының
жанында отырған алты үйдің барлық иті абалап шығып еді, атшабарлар ақырып,
қамшы үйіріп ұмтылып, бездіріп жіберді.

Әрбір үйдің
есігін жамылып, баспа ғып тұрған балалар да, мына тентек қонақтардан қорқып,
інге кірген тышқандай, есіктерінің ар жағына сүңгіп-сүңгіп кетті.

Үркімбайдың
үлкен қоңыр үйінде бірталай еркектер отыр еді. Үй иесінің өзінен басқа, Қаумен,
Қараша бар-ды. Бұл екеуі - Бөжейдің жақын ағайындары. Үркімбайдың кішкене
тұлымды қызы, есіктен қашып кеп әкесінің қолтығына кіріп кетті де:

- Атшабар,
атшабар!- деді.

Атшабар келсе,
жанжал келетінін балаға шейін сезетін.

Мойындарына
былғары сөмке салған, төсіне қақпақтай үлкен-үлкен жез знактар таққан екі
атшабар үйге кіріп келгенде, тұлымды қыз:

- Әне, әнеки,
әке!- деп, әкесінің қойнына жабыса түсті.

- Өй, жандарым,
немене шулатып жүргендерің?- деп Үркімбай жақтырмай қарсы алды.

- Іс тығыз, бұйрық
тығыз... асығып жүрміз!- деп, Қамысбай төрге шықты. Жұмағұл от басына бір
тізелеп отырып қалды. Қараша:

- Е, не бұйрық?
Немене тағы: ел көшті, жау жетті деп шетіңнен?- деді де, қабағын түйіп,
Қамысбайға ашумен қарады. Бірақ қырыс атшабар қайысқан жоқ.

- Бұйрық сол, үй
тігесіңдер. Қараша, Қаумен, сендерді іздеп келеміз. Осы Үркімбай, Қаумен,
Қараша - үшеуіңшң ауылдарыңда сияз болады. Ел жиылады. Керей, Уақтың даугерлері
келеді. Ел мен елді ақылдастырамыз, ұрыдан мал әпереміз дейді...

- Кім айтады?-
деп, Қаумен тіксінді.

- Әперетін кім?-
деп, Қараша қайтадан қадалды.

- Ұрыдан әпере
ме, жоқ, ұры емеске де салмақ түссін дей ме?- деп, Үркімбай да жалт қарады.

Сияз деген мол
шығын. Ол - көп елдің қалың даугерлері келіп орнайды деген сөз. Осы елдің жуан,
семіз, мешкей билері, күндіз - түстік, кешке қонақ асы жеп, асықпастан ай
жатады деген сөз.

Ежелден мәлім:
қай ауылдың үстінде сияз болса, сол ауыл мол шығасылы болмақ. Елден ерекше
мазасыздыққа ұшырамақ. Ұлық қай ауылға сияз құрса, сол ауылды қырына алғаны.

Қамысбай, бұл
отырғандардың сиязға оңай көне қоймайтынын ертеден біледі. Старшын мен аға
сұлтанға айтпаса да, атшабармен көп қиталасады. Бірақ, Майбасар бұйрығы қатты
болатын. Бөгелуге болмайды.

- Бұйрық
ұлықтікі. Құнанбай мен Майбасардікі. Мен шығарды деп пе ең?- деп, Қарашаға
сыздана бір қарады да,- бол, болыңдар! Ақылдасыңдар да, үй қамдаңдар. Үшеуіңнің
ауылдарыңдағы бар киіз үйді осында әкеп тігіңдер. Сойыс жайын ақылдасыңдар.
«Жігітек әуелі елу қой сойыс үлессін»- деген. Соны қай-қай ауылға саламыз.
Қазір осының жайын кеңесейік,- деді.

Атшабармен
сөйлесіп сөзге, жолға жарымайтынын Қаумен жақсы біледі. Сондықтан ол, егес
сөзді молайтпай, жақындағы Байдалымен ақылдасып алмақ болды. Үркімбай мен
Қарашаға:

- Екеуің бері
қараңдаршы,- деп, біраз үндемей қадалып отырып,- біз ғана емес, Жігітекке тегіс
келген селебе ғой. Мына жерде Байдалы бар. Бөжеймен ақылдасуға қашаң боп тұр.
Қараша сен тез атқа мін де, барып Байдалымен ақылдасып, мына атшабарлардың
жауабын алып кел!- деді.

- Дұрыс, сүйт!-
деп, Үркімбай да қостады, атшабарлар да қарсы болған жоқ.

Қараша лезде
тұрып, үндеместен жүріп кетті.

Осымен
атшабарлар орнығып отырып, шай ішіп жатты. Үркімбай олармен жауаптаспаса да, өз
ішінен Майбасар бұйрығына қатты ашулы. Бар Тобықтының ішінде бір үй қазанына
арам ас салмады десе, сол ең алдымен осы Үркімбай үйі болатын.

Атшабарлар көп
тосқан жоқ.

Үй сыртына
бірнеше атты кісі дүсірлетіп кеп, шапшаң түсіп, аттарын тез байлап жатыр.

Келген - Қараша.
Қасында Байдалы мен Қарашаның өр атанған ұры түсіргіш жігіттері. Жұмағұл
атшабар қулау болатын. Ішінен мыналардың келісін жақтырмады.

- Е, не ғып
ереуілдеп жүрсің бәрің бірдей?- дей беріп еді, Қожақан деген ұзын қара жігіт:

- Атаңды жау
шапса, бірге шап деген. Сендерге Жігітектің бар малын тартып әпергелі келдік,-
деді.

- Бар мал емес,
елу-ақ қой керек. Қалған малың көп болса, анна иесі келгенде жетектетерсің...
Асыққаның не?- деп, Қамысбай зәрленіп ашу шақырайын деді.

- Соны әперетін
осы сенбісің?- деп, Қараша Қамысбайдың дәл қасына жүгіне отырды.

- Мен болғанда
қайтейін деп ең?..

- Сен қанқүйлы,
тәмам елді жылатып болдың ғой, осы итаршылықты қоямысың?..

- Ой, сандалма
әрман! Одан да ана Байдалының жауабын айт.

- Жауабы ма?.. Ендеше
жауабы міне,- деп, Қараша қолындағы тобылғы сапты жуан қамшыны сермеп жіберіп,
атқып тұрып, Қамысбайды бастан тартып-тартып жіберді...

Малдасын құрып
отырған Қамысбай да жалма-жан тұра беріп еді... Үркімбай, барлық осы үйдегі өз
жігіттеріне ақырып, бұйрық етіп:

- Ұста! Сой екі
итті!- деді.

Жұмағүл да, Қамысбай
да арпалысып, айқайлап, боқтық астына ала бастады. Бірақ он жігіт ырық бермеді.
Үндеместен жабылып, екеуін алып-алып соқты да, тізерлеп басып-басып алды.

- Байдалының
жауабы сол. Екі иттің бауыр сыртынан дүрені соғып-соғып, Майбасарға қып-қызыл
жоса қып қайтар,- деді!.. Ал!.. Тұр бәлем!- деп кеп, Қараша Қамысбайдың басына
өзі мініп алып, құйрығы мен жонынан шықпырта берді. Жұмағұлды Үркімбай мен өзге
жігіттер де сондай сабады.

Екі атшабар,
таяқты Жігітектен мейлінше жеп алып, беттегі қызыл жоса қандарын айғыз-айғыз
қылған бойында, сүртпестен шапқылап отырып, Қарашоқыдағы Құнанбайдың алдына
тура кеп кірді.

Құнанбайдың
қасында Байсал, Майбасар бар екен. Және Құлыншақтың батыр ұлдарынан Наданбай,
Манас отыр. Ырғызбайдан - Жұман, Төлепберді, тағы да басқа үй толы жігіттер бар
екен.

Құнанбай әуелі
үн қатпай сазарып отырып барып, аздан соң екі атшабардың бетіне нұсқап отырып
Байсалға:

- Міне, көрдің
бе? Қайтып ағайын болайын? Мына қамшы мыналарға емес, маған жұмсаған қамшысы
ғой Бөжейдің... Тұр тегіс!- деп, бар жігітке қатты ақырып бұйрық берді.- Қазір
барыңдар да, сол өз үйінде сабатқан Үркімбайды, қол-аяғын байлап тұрып, дәл
менің алдыма сүйретіп әпкеліңдер!- деді.

Басқа бір кісі
бір ауыз сөз айтқан жоқ. Құнанбай да мұнан әрі ләм деген жоқ. Он жігіт атқа
міне-міне шаба жөнелді. Ішінде Құлыншақ балалары бірге кетті.

Осы топ ымырт
жабыла Үркімбайдың аулына жетіп, барлық ауылдың еркектерін бықпырт тигендей сабап
жүріп, Үркімбайды өз үйінен сүйреп алып шықты. Үркімбай үйде қарсыласқанмен,
таяқ тиетінін байқаған соң, енді қайтып үн қатқан жоқ.

Бетінде жалғыз
тамшы қан жоқ. Ашудан көкпеңбек боп, булығып алған еді. Ернін тістеп, қабағын
тастай түйіп ап, шыдай бермек болды. Тыста мұның қолын артына байлап, бір семіз
шабдар атқа мінгізді де, артына Төлепберді қарғып мініп алды. Ашулы топ
Қарашоқыға қарай тасырлатып шапқылап жөнелді.

Қазірде қас
қарайып, іңір қараңғысы әбден болған екен.

Бұлар, Шыңғыстың
қалың ішіндегі Үркімбай қорасынан төмен беттеп, өзенді бойлап шауып келеді.

Аз уақытта өзенді
кесіп өтетін бөктер жолға жетті. Енді күнбатыс жақтағы Қарашоқыға қарай бұрыла
беріп еді. Бірақ алдарында көлденең тұста бір топ биік терек болатын. Соның арасынан,
бір сәтте, қалың нөпір боп:

- Қапта,
қапта!..

- Түс-түс!

- Өлтір иттерді,
өлтір!- деген қалың шумен, өңшең бір көк аттылар тиіп кеп кетті. Ұзын саны
отыз-қырықтан кем емес. Қолдарында өңшең шоқпар мен сойыл. Құнанбай жігіттері
қарсы айқайлап:

- Келсең кел!..

- Омай!..

- Түссең түсі-
деп, сапырлысып, араласып кетті. Бұларда да сойыл, шоқпар сай еді.

Ұзын-ұзын ақ
сойылдар кезек-кезек қағысып, сарт-сарт тиіседі... Қараңғыда тосқауылда тұрып
шабуыл жасаған Қараша болатын. Оған Байдалы күндіз бұйрық беріп:

- Бір қимылды
істеуін істедің. Бірақ енді сақ бол!- деген. Қараша содан, кешкі ымыртқа дейін
тау басында, ат үстінде жүрген. Кешкі ала көлеңкеде Үркімбай аулына қарай суыт
кетіп бара жатқан қалың шоғырды ол мезгілімен-ақ көріп еді. Тегін емес екенін
де білген. Содан шапқылап отырып, таудан түсіп өз аулының бес-алты жігітін атқа
мінгізіп ап, жолдағы Қаумен жігіттерін де атқа мінгізіп алғанша со болды.

Не де болса
Үркімбай аулында жауды баса алмайтынын білген соң, осы қайтар жолдан кеп
тосқан.

Қараша қара сойылға
мықты болатын. Өз аулының жас жігіттері де шетінен ат үсті төбелеске
мойымайтын, «іздегенге сұраған» дейтін Қожақан сияқтылар еді.

Қоян-қолтық
жерден жақсы килікті. Құнанбай қолын бұл ұрыста бастаған - Құлыншақтың батыр
ұлы Манас. Ол алдарынан тосқауыл болатынын білген кісідей екен. Аналар қаптап
қоя бергенде, түк сасқан жоқ.

Тақымындағы қара
шоқпарын суырып ала, бар жігіттеріне бұйрық беріп:

- Ал, саспаңдар,
көп те болса қорықпай ұрыс! Таймай соқ!- деп араласқан.

Осымен, қалың
топ жапыр-жұпыр бірнеше рет айқасты. Манас қолынан екі Жігітек құлап түсті.

Төлепберді
бағанадан бір ақыл ойлап алып еді. Тіпті үлкен қысылшаң болса, ол Үркімбайды
аударып тастап кетпек болатын. Осы ойын өзі орындағанша, Қараша кеп жетіп,
еріксіз істетті. Қолы байлаулы жүрген Үркімбай, бір айқасып өткен уақытында,
Қарашаның атын танып қалған. Сол арада айқайлап:

- Қараша, мен
мұндамын, мені айырып ал!- деген. Қайта айналып оралғанда Қарашаның қуғаны осы
екі кісі мінгескен, жер қылаң ат болды. Жақыптың жүйрік шабдар аты жеткізбей,
көп әлек қылды.

Бірақ Қараша
қалатын емес. Топтан жырып алып, қуып кетті. Төлепберді артына алақтап, алдына
қарай алмай келе жатты. Үркімбай осы қысталаңмен пайдаланып, аттан өзі сусып,
құлай түсіп кетті.

Осымен Жігітек
Үркімбайды айырып алып қалды. Құнанбай жағынан бұл түнде қолға түскен кісі
болмады. Жігітек тауды басына көшіріп, ұран сала берді. Сонымен тобы көбейе
бастады. Жан-жақтан:

- Қайда?
Қайда?..- деп андыздан шапқан аттылардың сарыны молайып кетті. Осыны байқап
алған Манас өз жігіттеріне:

- Енді жөнел!..
Қаша ұрысу керек!.. Сал қаша ұрысты!.. Ал тарт!- деп, өзі бастап тартып
берді...

Үркімбай
босағаннан кейін, олар жосытып шапқылап, тау асып кетті. Құнанбай жігіттері
қолға түспесе де, Жігітек қолынан қорқып, қашып кетті. Үркімбайды әкете алмады,
тастап кетті.

Бұл түнде бар
Жігітекке Үркімбайды айырып алу да, күндіз Құнанбайдың екі атшабарын сабаған
сияқты күш асырып, бел бітірген іс болды.

 

5

Осының ертеңінде
күн райы өзгеше бұзылып, қыс ызғары біліне бастады. Шыңғыстан аса соғатын қатты
жел бар. Көктемде бұл жел игілік желі. Қарды қағып, бөктер мен шиді қарайтып
кететін жел. Қыстыгүні де, Шыңғыс желі шаруаның досы. Тау ішімен бөктерде бір жұмадай,
он күндей үзілмей соққанда, қыс қысталаңын сейілтіп, мал жайылысын кеңейтіп,
шаруаның арқасын жазып кететін.

Бұл өзі оңынан
соғатын жел. Сондықтан, оншалық көп суық әкелетін жел емес. Бірақ соғуының
қаттылығы тым ерекше болады. Бөктерде қиыршық тастарды ұшырып соғатын қара жел.

Шөп атаулыдан
да, қой оты - мық жусан мен ұсақ, тырбықай бетеге болмаса, өңге бойшаң, тамыры
босаң шөптерді жұлып, ұшырып әкететін әдеті бар.

Тегінде,
Шыңғыстың асыл шөбі - мық жусан. Бұл қойдың ырысы. Ал қыстау атаулы қойға
жайлылық жағынан бағаланады.

Қойдың құты Шыңғыс
болған соң, көп елдің жақсы қыстау іздегенде тығылатыны да сол Шыңғыс.

Шыңғыстың қара
желі өзге уақыттың бәрінде жақсы болғанмен, дәл күздігүні жайсыз-ақ. Күнді
суытып, аспанды сұрлантып келеді. Бүгін қара жел басталысымен, қиыршықтап қар
да түсе бастады. Биылғы жылдың ең алғашқы қары осы.

Суық жел киіз
үйде отырған ауылдарды тегіс бүрістірді. Шыңғыстың бөктері мен қойнауындағы
ауылдар бұл уақытта қыстау-қыстауына мінбелеп қонып, күн райын бағып отыр еді.

Бүгін сол елдің
бәрі де киіз үйлерін жығып, жүктерін қораға тасып, жылы үйлеріне қауырт кіріп
жатқан. Көпшілік осы қарбаласта болса, Құнанбайдың Қарашоқыдағы аулы, ас берген
ауылдай, өз әлегімен өзі ұйқы-тұйқы боп жатыр.

Үркімбайды ала
алмай көрген қарсылықты тегіс атып Манастар келгелі, Құнанбай аулынан жан-жаққа
қарай үсті-үстіне шапқыншылар ұшыртып кетіп жатыр.

Кешегі Байсал
бастаған барлық үлкендер жиыны осы ауылдан тараған жоқ-ты. Олардың үстіне қазір
маңайдағы бар Ырғызбайдың еркек кіндіктісі түгел аттанып келген. Шапқыншылар
кеткен беттерден ондаған, жиырмалаған аттылар лек-лек, желе жортып келіп жатыр.

Осы келген
топтардан он шақты жігітті іріктеп шығарып, бастығын Майбасар етіп, Құнанбай
әуелі Бөкеншіге жібертті.

Қызылшоқыдағы
Бөкенші әлі де кешпей отыр еді.

Мыналар бара
сала, тығыз бұйрық етіп, Талшоқы мен Қарауылға қарай сол Бөкеншіні бір-ақ
көшіртті. Сүйіндік, Сүгірлер осындай сылтауды күтіп, қос қанатын қомдап отыр
екен. Алдымен көшкен солар болды да, өзге Бөкеншілер де еріксіз тартып кетті.

Бүгінгі күн
көшкен жалғыз Бөкенші емес, Құнанбайдың өз ауылдарынан көшкендер де бар еді.
Ол, Өскенбайдың үлкен үйі - Зере отырған ауыл. Және соның қасындағы Ызғұтты,
тағы бірнеше Қарабатыр, Жуантаяқ ауылдары болатын. Қысы-жазы Ұлжандармен бірге
көшіп жүретін Жидебай, Барақты қыстайтын ауылдар.

Құнанбай бұл
уақытқа шейін ол ауылдарды қыстауларына жібермей, өз тобын бір арада жиып
ұстамақ боп келіп еді. Енді суық түскенде, кәрі шешесін және Ұлжан қолындағы
жас балаларын тоңдырып отыра беруге болмады.

Зере мен Ұлжанға
бала атаулының барлығы: «Қыстауға көшейік, тоңдық»- деп салмақ салған. Осымен
Зере Құнанбайға ұрсып, еріксіз бүгін көшетін етті.

Осы ауылдарын көшіріп,
жөнелтіп болған соң, Құнанбай дәл бүгіндей, Шыңғыс өңіріндегі әбігер мен
қарбаласты тез пайдаланбақ болды.

Бағана,
таңертеңнен бері үсті-үстіне келіп жатқан аттылар қазір түс кезінде, қалың
нөпір, үлкен қол болды. Тегіс сойыл, найза, айбалта, шоқпар ұстаған шабуыл мен
соғысқа әзірленген қол.

Бұл келгендер
Ырғызбайдан басқа Торғай, Топай, Жуантаяқ, Әнет, Сақ-Тоғалақ сияқты рулардың
топтары. Және бір қалың нөпір Көтібақ болатын. Осы елдердің бәрі де Шұнай, Ши,
Жидебай, Қыдырдан бастап Шыңғысқа шейін созыла қыстайтын елдер. Қарашоқыға
жақын келетін

қыстаулардың
елдері.

Бәрін жиғанда да
Қүнанбай әуелі әр елдің ру басыларын қасына алып отырып, арттағы көпшілігіне
сол ру басылармен өз атынан сәлем айтып жиғызған. Көтібақ Байсал мен өз атынан

айрықша сәлем
айгып, шапқыншы қылып та Көтібақтың өз жігіттерін жұмсап еді.

Соңғы уақытта да
өзі Қарашоқыны алғаннан бері Құнанбай Байсалға бір уәде берген. Шысғыстағы
қыстауы аз, саны мол Көтібақтың жерін молайтпақ еді. Көтібақ Жігітекпен жерлес.
Бұрын бар Тобықтыны билеген Кеңгірбай тұсында Шыңғыс ішінен жақсы, құйқалы
қыстаудың бәрін басып қалып, әлі нық баурап келеді. Енді басы өскен, малы өскен
және ол күндерде жер есесі дұрыстап тимеген Көтібақты ол Жігітектен жер әперіп ырзаламақшы.

Жаз ортасынан
бері жатып алды. Бөжейден жырып алып бауырына тартқанда, әсіресе, айқын
сездіріп, қызықтырып қоятұғын. Сол Байсалдың өз сыбағасына арнаған бір қыстау
болатын, ол қыстау бүгін Бөжей отырған атақты Тоқпамбет.

Құнанбай әзір өз
басы алар жерін алғанмен Байсалды жайлатқызған-ды. Оның бер жағында Байсал
Жігітек жерін келемен, жолмен алатын шығармыз деуші еді. Құнанбайдан «әперемінді»
естігенде Байсал да үндемейтін. Екеуі бірге жасасып, қабақпен ұғысатын
болғаннан бері, тегінде, Байсал үндемесе, ол көнгені. Қарсы болған жерінде ол
қолма-қол бір-ақ томырылатын. Мына жолы әлі күнге сол үндемеумен келеді. Көтібақты
жаздан бері Құнанбайдың дегенінен шет жайылдырған емес. Билетіп, ырқымды,
түсімді беріп көрейін, қайда, қалай апарар екен деп байлаған еді.

Ал соңғы екі-үш
күннің іші шатасып, шиеленісіп барады. Енді Тоқпамбет зорлықпен тимесе,
берекемен тиетін емес. Зорлықпен жылатып тартып алып береке таба ма? Және,
әсіресе, Жігітек әрі көп, әрі аталы мықты ру, өзінде Құнанбаймен тіресіп жүрген
Бөжей бар. Ол Көтібаққа ата қыстауын ұзақ бауратып, құтты қоныс қып қоя ма? Зорлықтың
да қайта оралар орайы болмай ма?

Сонда Бөжей
Байсалға Тоқпамбеггі байырғы, тұрақты қыстау етіп неғып шыдап отырады? Неғылса,
зорлықпен алғанның түбі қайыр болар деп айту қиын. Бір алуын алса да, артынан
аударып тастап жібермесе.

Міне, бүгінгі
күн үндемей, ауыз ашпай Құнанбай қасында жүрген Байсалдың іші осылай еді.

Дәл шаңқай түс
кезінде, Құнанбай шарт киініп, Байсал, Майбасарды ертіп тысқа шығып, барлық
елге:

- Ал, ағайын,
мін енді тегіс аттарыңа!- деп айғайлап тұрып, бұйрық етті.

Жұрт жапыр-жұпыр
атқа мінді. Ырғызбай жігіттері қаруларын қолға алған. Өзге ел де тегіс қару
алды.

Бұл уақытта жел
қатайып, күн суытып, таңертеңгі қиыршық қар енді бетке сабап, қалыңдап түсіп
тұр. Айнала бұлыңғыр. Шыңғыстың биіктерінен бүктетіліп, булығып түсіп, ағындап
өтіп жатқан тұманды шаңытта бар екен.

Құнанбай ұзын
торы аттың үстінде тұрып, айналаға, күн реңіне қарап алып, ішінен: «Қол қарасы көрінбейді,
мұнысы тіпті жайлы»- деді.

Қастарының
арасынан түскен екі сай әжімі болушы еді. Сонысы қазір тереңдеп, қатты түйіліп
алыпты. Бетінде ұзарып қарауытып шыққан түктер бар. Үлкен, өткір жалғыз көзі
қанталап, шапшаң қарап, жалт-жұлт етеді.

Жұрт тегіс атқа
мініп болған соң, екі жағында тұрған Байсал мен Майбасарға қарап, бұйыра:

- Бас!- деді.

Қара қатқақ
болған бөктерді дүбірлетіп, тасырлата басып, қалып қол Жігітекке қарай тартты.

Қолдың алдында
Құнанбайлар. Қатты жүріп, сау желіп келеді.

Құнанбай қолы
осы күні, түс аумастан, Тоқпамбеттің батыс жағындағы салбыраған тұмсыққа
желе-жортып, шыға-шыға келді.

Бөжей қыстауы
қозы өрісіндей жерде тұр. Қораға кірген екен. Мұржаларынан сары қидың түтіні
бықси, шалқып шығып жатыр.

Қораның
айналасында, мұнда да нөпір көп екен. Бірақ жаяу жүргендер. Дәл қораның өз
жанында, сай тұрған аттар бірен-саран ғана. Құнанбай тез байқады. Ерттеулі
аттың барлығы да, қыстаудан жоғары, төмен созылған тоғайлы қалың шабындының
бойында өрелеулі жүр екен...

Ырғызбай жағынан
шыққан қалың қолды көрісімен, ауылдағы барлық жиын аттарына қарай асыға
жүгірісті. Қолдарында сойыл, найзалары бар. Қарсылыққа бекінген жиын.

Енді бір
азғантай аял болса, бұлар да теғіс атқа мініп алатын сияқты. Онда қарсылық,
шаппа-шап келген соғысқа айналмақ. Осыны есептеп алған Құнанбай, пұшпақ
тымағының құлағын байлай бере, торы атты тебініп қамшылап алып:

- Қапта, қапта! Олжай,
Олжай!- деп, ұран салып, ағыза жөнелді. Барлық қалған қол да айғай салып:

- Ырғызбай!
Ырғызбай!

- Топай! Топай!

- Олжай! Олжай!-
деген ұрандармен дүрк жөнелді.

Қатты жел күні
қаптап жанған қаудай болып, жер күңіренткен жайын үн шықты. У-шу, дүр-дүр етіп,
дүрілдеген дүлей күштің суық үні.

Бөжей аулындағы
жиынның саны мынау қолдан сонағұрлым азғана.

Жігітек, тегі
сайлана алмай, қамсыз қалған сияқты. Соғыс болса, мұндайда бұрынғы көпке мәлім
әдет бойынша: «тұрысатын жерін айтсын» десіп ап, содан кейін қол жиюшы еді. Құнанбай
оны істемеді. Шұғыл келді.

Бөжей қасына
қазір жиылған - Шыңғыс ішіндегі Жігітектің ғана біраз қауымы. Ойдағы Балпаң мен
Шидегі Жігітек хабарсыз қалған.

Тіпті таудағының
көбі де бүгін қораға кірудің әбігерінде.

Исі Бөкенші
ішінен, қазірде Бөжей қасынан табылған он шақты қара шаруа ғана. Оларды бастап
келген Дәркембай, Жидебай, Мұсақұлдан Қыдыр мен Көлқайнар, Қызылшоқыдан сойыл
ұстап Қарашоқыға қарай шапқылап кетіп жатқан лек-лек аттыларды көріп,
Дәркембай: «Осы тегін емес. Жігітекке қарсы, Бөжейге қарсы жиылып жатқан қол!»
деп байлаған.

Бөжейге де, өзге
Жігітекке де, бағана түстен бұрын кеп, Құнанбай жағының жаманатын жеткізуші дәл
сол Дәркембайлар болған...

Жолшыбай Байдалы
мен Қараша, Қаумен, Үркімбайды да атқа мінгізіп, асықтырып ерткен солар.

Қазірде Бөжей
қорасының алдында тұрған қырық шамалы кісі бар. Бұлардың ортасындағы Бөжейдің
өзі. Қасында, Бөжейді жалғыз тастамайық деп қоршап қалған сол Дәркембайлар және
Байдалы, Қараша, Үркімбай, Қаумен, Қожақандар еді.

Бұл сияқты егде
кісілермен қатар, Құнанбай шабуылын тосып тұрған бір топ жас жігіттер де бар.
Ол Қауменнің екі мықты баласы Базаралы, Балағаз, Қарашаның баласы Абылғазы.
Және Жігітек ішіндегі өзге жанкүйер ағайынның жас азаматтары Бейсембі, Әбділда,
Оралбай дегендер болатын. Бұлар әуелі:

- Кеңгірбай,
Кеңгірбай!- деп ұран салып, жаяу болса да, қолдарына шоқпар, сойылдар алып,
қыстау жанында тұрған бесті-онды ерттеулі атқа мініп, қарсы шықпақ еді. Байдалы
ақырып бұйрық етті де:

- Тоқта! Е, мына
Бөжейді жалғыз тастаушы ма едің? Өлсең, қасында өл!- деген... Құнанбайлар тақап
қалды. Іркілер емес. Айбар шегіп, сойылдарын көтеріп ұстап, жаланып келеді.

- Қап, қор болдық
қой! Қапыда қалған басым! Қапыда кеттім ғой тағы да!- деп, Бөжей қатты ширықты.
Бұлардың азғана сенімі, қыстаудың жоғарғы жағы мен төменгі жағындағы жігіттер
еді. Олар аттарына жетіп қалған екен. Бестен-оннан топталып сойылдарын көтеріп,
жауға қарай

жосытып
көлденеңдеп шауып берді. Бірақ алды солай болғанмен, арттағы көпшілігі аттарын
тез ұстап міне алмай жатыр.

Енді Олжай қолы
бұл жаяулардың көпшілігін атқа мінгізбей басатын болды.

Құнанбай шауып
келе жатып, оң мен солдың екі жағына да, жүз қаралыдан, екі қалың топты жыра
жөнелтті. Солар өреде жүрген аттарды қиқу-айғаймен шошытып бездірді.

Сойылдың астына
алып, үстеріндегі ер атаулының барлығының қастарын талқан етіп, қиратып жүр.

Жігітек жағынан
алғаш атқа мініп қарсы шапқан селдір топтар Құнанбай бастап келе жатқан қалың
нөпірдің өзін жанай шауып еді. Оларды да көптің селі басып кетті.

Екі жаққа
бөлінген топтарынан басқа, Құнанбайдың артындағы нөпірдің өзі де тіпті мол.

Көлденеңнен
киліккен жігіттердің аттары әп-сәтте ойнап шыға берді. Бір жігітке тақ
қырық-елу сойыл қарсы келген болу керек. Оп-оңай ұйпап кетті.

Аттарына жете
алмай, жаяу қалған жігіттер, өздерінің үстіне барған қалың топтармен:

- Қайт! Қайт!-
деп тұрып, жаяу күйде соғыспақ еді Бірақ атты мен жаяу соғыса алсын ба? Аттың
екпінімен кеп сойылды соққанда, ат үстіндегілер жаяуларды қағып жығып,
домалатып-домалатып кетті.

Осымен қыстаудан
оқшау кеткен азаматтың барлығының да еріксіз титығы құрыды. Көптігіне сеніп,
өркештеніп алған және мыналардың қамсыздығын көріп, біржолата дандайысып алған
жаулар енді ұран менен айқай-шуды тіпті қатты үдетті.

- Айдос! Айдос!

- Ырғызбай!
Ырғызбай!

- Топай! Торғайі
Топай! Торғай!- деп, арғы ұраны Айдосты бір атап, одан қала берсе бергі
әруақтарын да жиі шақыра жүріп, Жігітек жігіттеріне тақай баргенде: 

- Қыр! Жой!- деп
барынша шошытып, зәрін шашып келеді.

Енді бөгет
атаулы жапырылып болған соң, барлық қолдары жан-жақтан қыстауға қарай лап
берді. Жер-дүние азан-қазан. У да шу айғаймен, тасыр-тұсыр әлекке толды. Нағыз
шабыншылықтың жат сарыны басты.

Бөжей тобы әлі
күнге қыстау алдында еді. Барлық бұл арадағы жиын сойыл шоқпарын көтеріп, арқа жүнін
үрпитіп ер тағыдай тапжылмай тұрған-ды. Енді айналаның барлығын жау алған соң,
Байдалы қатты дауыстап:

- Бітті ғой! Шарасы
құрғыр бітті ғой! Тарт енді, қораға тарт! Есік-есікті алып тұрып, қораға кіргізбей
өлісіп көреміз!- деп, бар жиынды солай бастады.

Орталықта, үлкен
есік аузында - Байдалы мен Бөжей. Бұларды қоршаған өңшең ер жастар, Базаралы,
Балағаз сияқты, Қожақан сияқты мықты жігіттер болатын.

Жау атаулы қалың
нөпірмен қораның үстіне ақтарылды. Шапқылаған күйінде ағылып кеп, үйіліп жатыр.
Барлығының үйірілгені Құнанбайдың айналасы екен. Бұйрық, әмір күткендер. Тап
ортада Құнанбай. Атының үстінен әлі түспей тұр.

Дәл осы кезде,
қораның ішінде, Дәркембай Бөжей мен Байдалының арасынан ентелеп кеп, сирақты
мылтықты көтере берді. Қораның ішкі жағынан жаңа жүгіріп кеп еді, қайдан алып
шыққаны белгісіз, құлағы қайырулы, білтелі қара от қойса тарс бергелі тұр.
Асығыста Бөжейді топшысымен қағып, өтініш етіп:

- Мынау соқыр
аяйын деп тұрған жоқ. Тағы да түбімізге жетті ғой. Атамын! Жайратамын!- деп,
шақпағын шаға беріп еді.

Бөжей оны қатты
серпіп жіберіп, тоқтатып:

- Атпа, тарт
былай! Аруақ бары рас болса, бұдан келген керді

көрермін!-
деді... Бұл кезде Құнанбай айғай салып, бұйрық беріп:

- Алып шық
шеттерінен! Сүйретіп шық індерінен! Қол-аяғын байлап ап шық өңшең тоң мойын
құлдың!- деп, Майбасар бастаған барлық Ырғызбайды қораға қарай жаяу қаптатты.

Олар есік-есіктің
алдында іркіліп қалғандықтан, Құнанбай тағы ақырып:

- Қапта, түс
аттан! Қапта тегіс!- деп, Көтібақ, Топай, Торғай жігіттерін де тұтас айдап
салды.

Байдалы мен
Бөжейдің қасындағы Базаралы, Балағаз, Дәркембайлар қатты-ақ қимыл етіп еді.
Бірақ, қалың нөпір үркіп кірген қалың қойдай боп, кернеп басып кетті.

Төбесі аласа
қораның ішінде Базаралы, Дәркембайлар сойылдарын да құлаштап тұрып сермей
алмады. Аз-ақ уақыттың ішінде қалың-қалың топырлар Жігітектің қырық кісісін
тағы да ұйпап, жеңіп алды. Жігітектерді сүйреп-сүйреп алып шығып жатыр.

Қараша мен
Үркімбайдан бастап, жас жігіт атаулының барлығын тысқа шығара сала, бес-он
кісіден жабыла түсіп, торсылдатып дүре соға бастады... Беті қан, омырауы мен
сырты қан болған Қараша, Дәркембайлар тілін тартпай, барлық қарғыстың бәрін
Құнанбайдың дәл өзіне арнап, айғайлап айтып жатыр. Бірақ көптің шуының ішінде
ол сөздер Құнанбай құлағына жеткен жоқ. Алып шыққанның бәріне қарап:

- Саба, сал
дүрені! Аяма!.. Қарсыласады ғой бұл Жігітек?- деп, ез бұйрығымен сабатып тұрған
Майбасар.

Талмастан,
бөгелместен қамшы жұмсайтын жалаң қаққан жігіттер бар. Солардың басы екі
атшабар: Қамысбай мен Жұмағұл.

Құнанбай алғашқы
шыққандарға қарап тұрған жоқ. Оларға беріліп жатқан жазаны да елеген жоқ. Үлкен
қораның үш есігінен шығарып жатқан Жігітектердің пішіндеріне ғана қадалды.

Күткені, тісін
басқаны біреу-ақ. Міне енді, ең соңында оны да алып шықты. Бұл - Бөжей. Өзгелердей
емес, әзір қыры сынбаған күйде, өз еркімен шығып келеді. Бас киімі - пұшпақ
тымағы да өзіңде. Басқаларша үсті де жыртылмаған. Итеріп шығарған да кісі жоқ.
Тек екі жағын, алды-артын қамалаған Ырғызбай ғана көп екен.

Құнанбай, атына
қамшы басып жіберіп, омыраулатып келді. Мұның қасында тұрған Байсал да осы
кезде қатты тебініп, қатарласып кеп еді, Құнанбай Майбасар мен Қамысбайға
ақырып әмір етіп:

- Соқ дүрені!-
деді.

Бөжейді сол
сәтте Қамысбай мен Жұмағұл екеуі жағадан алып жұлқып, жығып салды.

- Сал дүрені!
Артын түріп қойып соқ!- деп, Құнанбай қалшылдап кеп, төніп тұр.

- Көзің аққыр,
көзің ақсын! Ей, Құнанбай, аруақ қаны. Қарғыс атқыр!- деп, Бөжей айғай салып
еді, осы кезде оны жығып салып, тоны мен шапанын түріп тастап, Қамысбай қамшыны
қайқайта көтеріп алды. Бөжейдің еті аппақ екен. Белі мен арқасы ашылып,
көлденең жатыр. Барлық қалың жиын дәл осы сәтте жым-жырт боп, тына қалды.

Қамысбайдың
қамшысы сермелген бойында Бөжейдің арқасына төне бергенде, біреу келіп, өз
денесімен Бөжейді жаба бере, құлап кеп түсті.

Бұл Құнанбаймен
ере келген Көтібақ Пұшарбай еді. Бөжейдің Көтібақ ішіндегі құрдасы, досы
болатын.

- Уа, жетті,
жетті ғой, Құнанбай! Араша, араша,- деп айғайлап жығылды.

Құнанбай бұған
қатты зәрленіп, оттай күйіп, ашуланып кетіп, өз қамшысын иіріп кеп:

- Соқ дүрені!,
Өзіне де соқ бұл иттің!- деп ақырып жіберді. Сол кезде Құнанбайдың қақ қасынан
қатты ашулы айғай шықты.

- Боқты
соғарсын!- деп, саңқ еткен Байсал еді... Құнанбай бұған атып жіберетіндей боп
жалт қарап тұрып, бұзылған түсін анық таныды. Бірақ ез дегенінен қайтқан жоқ.

- Соқ! Екеуіне
де соқ!!- дегенде, Майбасар бастаған Ырғызбай мен атшабарлар батырлатып
жөнелді.

Бөжейге де,
Пұшарбайға да қамшы тиіп жатыр. Байсал енді ез атын кимелетіп кеп, Майбасарды
қаға-маға, Пұшарбайды айыра берді. Барынша ақырып, айғай салып:

- Көтібақ! Көтібақ!
Ер соңымнан, Көтібақ!- деп ұран салып, бар Көтібақты бір-ақ сәтте екшеп алды. Қалың
нөпірмен Құнанбай тобынан лезде бөлініп ап, Жігітек жаққа шыға берді.

Бірақ бұл арада
оған қосылып, төбелеске шығарлық Жігітек тобы мардымсыз. Сондықтан ол Құнанбай
қолымен соғысқан жоқ. Осы арада ашумен булығып кеп, Бөжей үшін, Пұшарбай үшін, барлық
ағайын ел үшін намысы қайнап, жаны ашып, Жігітек жаққа жарқ бергені анық.

Жұрттың бәріне
де бұл жай оп-оңай танылды. Майбасарлар енді бұдан ары Бөжейді ұра алмады.
Босатып, тұрғызып жіберді. Бөжей тұрып алып, анадай жерде сырттап бара жатқан
Құнанбайға айғайлап:

- Әй, Құнанбай!
Мен сені оқтан аяп ем жаңа, сен мені отқа салдың ба? Осыныңды ұмытпа!- деп
қалды.

Құнанбай Көтібақтан
басқа қалған қолын іріктеп алып, әлі де қалың нөпір болып, Қарашоқыға қарай
қайта тартты.