ВЕРНУТЬСЯ

ЖОЛДА

I

Бейуақ еді. Кеш
қараңғылығы қоюланып келеді. Үлкен үйдің бұрыш-бұрышынан қарауытып түн туып,
тұтасып келе жатқан тәрізді.

Жидебайдағы
қыстаудың ең үлкен бөлмесі осы. Кілемді, текеметті, алашалы, көрпелі,
меймандос, мол үй.

Абайдың кәрі
әжесімен, өз шешесімен бірге тұратын үйі осы еді.

Әлі шам жағылған
жоқ, жұрттың көбі тыста мал жайлап жүр. Шыңғыс жаққа қараған терезенің алдында
қос тізерлеп, екі шынтағын терезенің алдына салып, иегін қолдарының үстіне
қойып Абай отыр. Бұдан басқа оң жақта, жер төсектің үстінде бала уатқан Зере
бар. Тізесімен тербетіп отырғаны - Айғыздан туған немере қызы - үш жасар Кәмшат.
Кәрі әже күндегі машығы бойынша бесік жырын айтады. Өте бір өзгеше, ескі жыр.
Абайдың өз әжесінен басқа ешкімнен естімеген жыры. Бірақ кәрі әжесінің өзіндей
соншалық жақын, ыстық, сүйікті жыры. Кішкентай күнінде Абай өзі де кеш сайын
осы жырдың тербеуімен ұйықтайтын. Сол күндерден бір ырғағы ауыспаған, бір сөзі
де өзгермеген, анна жүрегіндей айнымас жыр. Осындай қоңыр кештің қоңыр күйі.
Бейуағына жеткен әженің өмірлік гәй-гөйі. Сырт қарап отырған Абай әженің кейде шерлі,
кейде мейірбан рақым күйін өзін тербетіп отырғандай сезеді. Аяқталмай созыла
түссе екен дейді.

Осы қыстауға
қонғаннан бері, кеш сайын Абай ешкімге білдірмей, елеусіз ғана әжесімен оңаша
қалады.

Неге қалатынын
әжесіне де айтпайды. Жалғыз-ақ кеш батып, қораға мал келетін уақыт тақалғанда,
кіші шешесі Айғыздың үйіне барып, мына кішкене қарындасы Кәмшатты көтеріп,
еркелетіп ойнап жүреді де, ақырында әжесіне әкеп береді.

Кәмшат тез
ұйықтамайды. Қазірде де, ала көлеңкеде кәрі әжесі байқап отыр - ән тоқтай
қалса, кішкентай қыз қарақаттай қап-қара көздерін ашып алады. Ұзын кірпігін
ұйқылы-аяу қағып, «тағы айт» дегендей қыңқылдай бастайды.

О да құнығып
алған. Осындайлық бейуақ шағын Абай әрқашан үнсіз, жым-жырт қана өткереді. Өзімен-өзі
ғана болуын сүйіп, саяқ қалады. Егер ол кей күндер бұл шақта тыста болса,
жапа-жалғыз төбе басына шығып кетеді. Қыр кеші бұның бір ұғымсыз әміршісі,
сүйсіндіре мүлгіткен

зор мұңдасы
тәрізді.

Құлағы әжесінде,
екі көзі сонау алыс көктау, қатпарлы қалың Шыңғыс жотасын қыдырады.

Жидебайдан
жиырма шақырымдай жердегі Шыңғыс кешкі шақта ымырт жабыла, көкшілденіп, суық
тартып алыстай береді. Жайын күштің жотасы тәрізденген қалың ауыр жоталар мен
қатаң суық серек тастар болсын, баршасы да жым-жырт қана сілейіп, түнге бейім
ұсынып барады.

Соңғы күндер ол
тауларда не хал болып жатыр. Бұл ауылға әзір мәлім емес.

Бірақ Борсақ,
Бөкеншінің Қарашоқыдан қуылғаны, күңірене көшіп кеткені анық. Қалың Шыңғыс, қатпарлы
бөктер бұл күндерде пәлелі бөктер екені анық. Абай соны ғана біледі.

Таудан соққан
салқын ызғар, қатал мінездердің ызғары тәрізді. Ызылдаған суық лептің қарсысына
ана жыры, мейір-шапқат жыры үн қосады. Құшағына тартқан өзгеше күш, бар дүниені
өзіне бағындырар орны бар, баяу да болса, басым саз. Абай біртүрлі сейіліп,
іштей серпіп алып, тау жотасынан биіктеп, аспанға қарады. Толық ай ашық көкті қалқып,
сызып келіп, бір топ шоғыр қара бұлтқа кірді. Кірді де қызық күйге түсті. Абай
соған қарап өзге жайдың бәрін ұмытып, аңырып телміре қалды.

Қара қошқыл
кілегей бұлттың жоғарғы жақ шетін ала кірген ай, бір көрініп, бір сүңгіп,
машығынан тыс жылдам жүріп, дәл жасырынбақ ойнағандай құбылады. Кейде біржолата
білінбей батып кетіп, артынан тез жарқ етіп, күліп шыға келед те, лезде барып
тағы шомады.

Келесі сәтте көзін
қысып, сығырайтып, әдейі ойнағандай боп, бір жақ шетін ғана көрсетіп, сызып
қалқып отырады да, тағы да сөне қалады. Абай дәл мұндай болып құбылған ойнақы
айды ең алғаш байқағаны осы еді. Тағы бір рет, ай шеті қылдырықтай боп көріне түсіп,
сөне қалғанда, еріксіз күліп жіберді... Мынау ай дәл бір құлдыраған жас бала
тәрізденді... «Қу шұнақ, тәтті қылығы бар бала».

Бір сәтте есік
артында тасырлатыи, салдыр-гүлдір асығып келе жатқан аяқ дыбыстарын естіді... Сақылдап
тұрып, күле қашып, жүгіріп келе жатқан Оспан екен. Артында біреу өкшелеп қуып
келеді. Қуғыншы бақыра жылап, өлердей күйіп келе жатқан Смағұл. О да Абайдың
інісі. Айғыздан туған. Смағұл Оспанмен түйдей құрдас.

Абай терезе
алдынан атып тұрып, Оспанның анаған бір зорлық қылып келе жатқанын сезіп,
алдынан шығып ұстай алды. Смағұл да кеп Оспанға жабыса түсті. Өз үйіне жетіп
алған Оспан енді төбелеске әзірленіп, қарсы айналып:

- Ал қайтесін?- деп,
Смағұлды жағадан ала бергенде, Абай екеуін айырып жіберіп, Смағұлға қарады.

- Немене, не
қылды?- деп еді, Смағұл қорсылдап, жылап қоя берді:

- Құлжамды,
қызыл құлжамды ұрлап мынау...

- Қашан? Әй,
жылауық!- деп Оспан әуелі күліп алып, артынан өтірік қорс-қорс етіп жылаған
боп: «Кіжіл күлжәм» деп, Смағұлды мазақ қыла бастады...

Абай Оспанға тап
беріп зекіп:

- Бер құлжасын!-
деді.

Оспан:

- Алғам жоқ,
өтірік..- деп, тана берді.

Бірақ Абай ырық
бермеді. Тінте бастады. Оспанның тінту бермек ойы жоқ. Барынша бұлқынып,
Абайдан сытыла қашып, пеш қасына барды. Екі қолын артына ұстап, бұрышқа кептеле
тығылып тұрып алды. Дәл жанында үлкен биік шелекке ашытып қойған түйенің қымызы
бар.

Ұлжанның күз
уақытында Зере мен балаларға әзірлеп отыратын ағы осы.

Оспан әдейі сол
араға тығылып тұр. Абай қыспаққа ала берсе, сол шелектің бір септігін көрмек.
Тіпті болмаса шелекті құлатып, Абайдың өзін де шатаққа ұрындырмақ. Өзінен
қайраты артық ағаға содан басқа мұның істер дәрмені жоқ. Оспанның шатақ іздеп
тұрғанын таныған Абай, енді оны сүйреген жоқ. Бірақ қатты ыза боп, Смағұлға
болысып кеп:

- Шығар шапшаң
құлжаны! Көрсет қолыңды!- деп тұрып Оспанның құлағынан алып, аямастан жұлқып
бұрай бастады. Оспан айқай салып шыңғыра беріп, күбі шелектің бетіндегі
асжаулықты бірсыдырып түсірді. Шелектің өзін қағайын дегеніне Абай жібермеді.
Сонымен келесі бір сәтте Оспан айқайын зорайта беріп, қолындағы қызыл құлжаны
қымыз ішіне «шөп» дегізіп тастап жіберіп, екі қолын көтеріп, Абайға:

- Міне! Ойбай!..
Міне, түк жоқ!- деп, зарлап коя берді. Абай мұның не қылғанын байқаған жоқ еді.
Бірақ Оспанның бар қимылын бағып тұрған Смағұл құлжаның қымыз шелекке түскенін
байқап қалды. Ол тап беріп шелекке жетті де, білегін сыбана беріп, кір-кір
қолын қолтығына шейін бойлата қымыздың ішіне салып жіберді. Жеңі де малынып,
бірге жүзіп жүр. Қымыздың ішін салдырлатып сүзіп жатыр. Абай енді Смағұлдың
ақымақтығына ыза боп Оспанды қоя беріп, ананы тартайын деп еді, Оспан дәл осы
кезде Абайдан босай сала қымыз бетіне үңіліп тұрған Смағұлды желкесінен
түйіп-туйіп қалып, қымыздың ішіне бет-аузы мен құлағына шейін батырып жіберді. Өзі
және сақылдап кеп күле бастады. Смағұл құлжаны таба алмай, аузы-мұрнына қымыз
кетіп, шашалып, ықылық атып, тағы бақыра тұрды. Барынша күйіп қайнаған қалпында
Оспанға жұдырық ала ұмтыла берді.

- Әй, қуарған-ай!.--
деп, соған қосып аса қатты, сұмдық бір боқтықты айтып қалды. Оспанға ұрысам деп
Ұлжанды боқтаған еді. Оспан қалт етіп аңырып тұра қалды. Сасқанынан Смағұл
сөзін анықтап аңғара да алмады. Бірақ Абай өз анасы үшін қатты күйіп кетіп:

- Өй, ақымақ!..
Ол оның шешесі болса, сенің де шешең. Бұны кім үйретті, доңыз?- деп кеп,
Смағұлды жақтан тартып-тартып жіберді.

Осы бәлені
шығарғаны үшін Оспанды да аямай ұрды. Сонымен екі інісі екі жаққа бақыра-бақыра
жөнелісті. Оспан барып әжесінің қасына құлап түскенде, Смағұл өз үйіне, өз
шешесін іздей жүгірді. Оспан мен Смағұл алысу мен төбелесуден көз ашпайтын.
Татулықтары сәл болса, ұрыс-таластары күн ұзын айықпайды. Бүгін Оспан Кеш батарда
Смағұлға барып, екеуі біртүрлі тату бола қалып еді.

Өйткені Смағұл
өзінің барлық асықтарын төгіп, Оспанға жаңа боялған бір арқар асығы - қызыл
құлжасын көрсеткен болатын.

Оспан осыны
көргеннен-ақ Смағұл қасынан кете алмаған. Кеш бата үлкендердің бәрі мал
жайлағалы тысқа кеткенде, екеуі сол үйде оңаша қалған. Оспан үй ішінің ала
көлеңке болуын тосқан екен. Жаңа іңір қараңғысы бола берген кезде, көп асықтың
ішінен қызыл құлжаны қымқырып алып, өз үйіне қарай жөнеле берген болатын.
Смағұлдың байқап қалып, іле қуғаны әлгі екен.

Абайдың көңіліне
Смағұлдың жаман сөзі зілдей тиді. Өз анасына жаны біртүрлі қатты ашып, үлкен
бөлменің тап ортасында тапжылмай қатып, тұрып қалыпты.

Бір сәтте
Смағұлдың бақырауық даусы қайта жақындап келе жатқанын байқады. Сол дауыспен
қатар, шаптығып қатты ұрсып, асығып келе жатқан кіші шешесі Айғызды таныды.
Айғыз үлкен үйдің есігін сарт еткізіп шалқасынан ашып, табалдырықтан аттай
бере, Смағұлды жұлқып ұшырып, үйге кіргізіп:

- Мә, жеңдер! Талап
түтіп жеңдерші бұл қуарғанды! Жабылыңдар, мә дейім!..- деп, Абайға қатты төніп
жетіп келді.

Абай:

- Кіші апа!..-
дей беріп еді, Айғыз оны сөйлетпестен қаптап кеп:

- Әлім жеттік
қыласың ғой! Сендер бір шешеден төртеусіңдер, көпсің.

- Кіші апа
деймін!.. Не дегенін сұрашы тым құрмаса!

- Керегі жоқ! Ер
жеткенде білгенің сол ғой! Сен де күндестің баласы деп тұрсың ғой.

- Құдай-ай, не
дейсіз?

- Ұрған жақсы
болса, ертең оқудан келер Қалел де. Сенің сыбағаңды берер!- деп, орысша оқуда
жүрген өзінің үлкен баласы Қалелді де есіне алды... Жасақтасып, төбелескелі
тұрған екі күндес ауылдай.

- Ойпырм-ай, ана
болғандағы ақылыңыз осы ма, кіші апа?

- Жағаласпа,
шығарма тіліңді! Бұлар бәйбіше, біз тоқал ғой... тепкі көрмекпіз ғой...

Абай өз үйінде, өз
анасынан көрген мынадай әділетсіз зорлыққа жаман күйді. Сұп-сұр болып, булығып,
дір-дір етті. Бірақ жылаған пішінін білдірген жоқ.

- Түу!
қойыңызшы, сіз қалай едіңіз?- деп қатты түңіліп терезе жаққа қарай бұрылып кетті.
Сөз қатар мұршасы жоқ. Зере бұл жанжалдың бәрін естімесе де, Айғыздың шаптығып
келген түріне қатты ашуланған екен. Абайдың күйген ажарын да танып еді. Енді
Кәмшатты жатқызып қойып, түрегеліп келініне жақындап кеп, қатты ақырып:

- Жоғал әрмен,
балаларымның арасына кіріп, ірткі салып не шатып тұрсын! Шық жаның барында!-
деді. Айғыз кәрі әжеден жасқанып, кейін серпіле берді де:

- Тоқал демексің,
мүйіздемексің ғой бірігіп ап... Көрермін... келсін ертең,- деді. Ескерткені
Құнанбай. Сұлу тоқал байына ыстық. Бел қылғаны сонысы. Бұл сөздерін Зереге
естірте айтпаса да, Абай естісін деген сияқты.

Дәл осы кезде
Айғыздың сырт жағынан өте бір сабырлы және соншалық салқын үн шықты. Ол
сөйлеген Ұлжан еді. Үйге кіргелі бірталай болса да, Ұлжан үндемей ғана барды
тыңдап тұр екен.

- Қой,
жарықтығым, жетті енді! Сақтағаным балалар еді. Олар екеш, оларды да аямағаның
ба?- деді.

- Өл де маған...

- Тоқтат, жаным!
Бар! Айтқаныңды қумаймын. Тек ашуыңды аулақ әкет! Болды. Бар!..- деп, жай ғана
бітірді. Айғыз Смағұлды қолынан ұстап, Ұлжанға біраз қадалып тұрды да, үндей
алмай шығып кетті.

Ұлжан ақырын
күрсініп, Айғыздың артынан қарап, біраз жым-жырт тұрып барып, сырт киемдерін
шешті. Қалтасынан шақпақ алып тұтатып, пеш қырында тұрған тас шамды жақты. Үй
ішін әлсіз қызғылт сәуле жарық қылған уақытта шешесі Абайдың аса жүдеп, қабағын
шытып, қиналып отырған қалпын байқады.

- Абайжан,
немене, балам?

- Апа-ай! Осы бір
кеселді мінез кіші апамнан неге көп шыға береді!- деп, шешесінің қасына келді.

Баласы үлкен
кісідей сыр сұрап тұр. Ұлжан өзгеден бүксе де, Абайдан іріккісі келмеді. Бұл
баласына айта алады.

- Балам-ай,
күндестің аты - күндес те! Қу жараны жалап жазған боламыз да. Әйтпесе менің де
қай сырымды біліпсін!- деді.

Абай шеше сырын
іштен танығанмен, айтар жауап таба алмады. Үндемей сырт айналып кетті.

Осы кезде тыстан
дабырлап, күле сөйлесіп, Абайдың үлкен ағасы Тәкежан мен Ғабитхан молда кіріп
келді. Бұлар үйге көңілді, көтеріңкі шырай ала кіргендей.

Тәкежан Абайдан
екі жас үлкен . Қалжыңбас, әзілқой болатын. Ғабитхан одан едәуір үлкен болса
да, Тәкежан тату құрбысындай күліп, соқтығып ойнай береді. Молданың тілін
қылжақ қылып, мазақтап келеді екен. Ғабитхан - татар жасы. Осыдан бірнеше жыл
бұрын солдаттан қашып, қазақ ішіне, Қарқаралы қазағының ішіне келген. Бертіс
ішіндегі Ырғызбайдың сүйек-шатыс бір аулына келген-ді. Олар сол жылы Өскембайдың
асы болғанда, бұл жігітке:

- Сен бір мықты
адамның ығында болсаң, жақсы болар,- деп Құнанбайға әкеп, таныс етіп, табыс
қылған.

Ғабитхан жас та
болса, молдалығы жетік кісі саналып, Құнанбай қолында тұрып қалған.

Мінезі аңқау,
тілі қызық, өзі майда, сүйкімді адам. Бұл ауылдың үлкен-кішісі аса бір ғазіз
адам санап жақсы көретін. Қылжақтай беретін жалғыз Тәкежан.

Ғабитхан соңғы
күндерде әрбір кеште» үй ішіне «Мың бір түн» хикаяларын айтуды машық қып алған.

Бүгін де кешкі
шайдан соң, Ұлжанның қозғауы бойынша, кеше бітпей қалған бір қызық әңгімесін -«Үш
соқыр» хикаясына кірісті.

Бірақ бұл кеште
ол әңгіме аяқталмай барып, үзідіп қалды. Өйткені терезе түбінен дүбірлетіп,
қатты жүріп келген салт аттының дыбысы естіліп еді. Үй іші:

- Бұ кім екен?

- О кім өзі!
Қатты келді ғой?- десіп аңырып отырғанда, Жұмағұл атшабар кеп кірді.

Бұл амандасып
болар-болмастан, кеше Тоқпамбет үстінде болған төбелесті айтуға кірісті. Өзінің
оң жақ бетінде жара да бар екен. Онысын да және барлық кеше таңертеңнен бастап
болған бастан-аяқ халді де түгел айтты.

Зере естісін деп
даңғырлап сөйлеп, қатты айтады. Бөжейғе дүре соққан жерді құшырланып, әсіресе
сүйсініп айтқан тәрізді...

Зере Бөжейге
соққы тигенін естігенде Жұмағұлға қадалып, ызғарменен қайта сұрап, анықтап ап:

- Жан ашырлық
жақсының арты еді. Ардан кеткен екенсің, түге. Қуарған ңеме, оның несін қақсап
отырсын бала-шағаның көзінше?- деп, Жұмағұлды зекіп, тыйып қойды.

Үй ішіндегі
өзгенің бәрі де Бөжейді соншаықш үлкен, жақын санағаңдықтан ба, болмаса кәрі
әженің сөзінен біе, әйтеуір біртүрлі тіксінгендей боп, үндемей қалды.

Әке мінезін
сүйсініп қостаған жалғыз Тәкежан болатын. Ол:

- Е, аяқтан
алмасын, білсін, әнеки!- деді.

Ұлжан бұған суық
қарап:

- Бықсымай, қой
әрман! Өзгенің қылғаны да жетер!- деді. Бұл әңгімені Жұмағұлмен бірге кеп кірген
мосқал қойшы Сатай да тыңдаған еді. Аздан соң ол, күндіз қой жайып жүріп өзі
көрген жайды айтты. Бүгін түс кезінде Бөжей, Байсал, Байдалы бар - он шақты
кісі Кеңгірбай бейітіне әдейі бұрылып кеп құран оқып, көп уақыт үйіліп тұрысып,
содан кейін күнбатысқа - Шұнайға қарай сапар тартып кетіпті. 

Атқосшыларының
біреуімен Сатай тілдескен екен:

- Бөжейлер
Құнанбайдың үстінен арыз айтқалы дуанға - Қарқаралыға кетіп барады. Мына
атасының басына әдейі кеп, құран оқып аттанды,- депті.

Жұмағұл мұны
ести сала өз шаруасын айтты. Құнанбай Абайды шақырта жіберіпті.

Ертең ол да
Қарқаралыға жүрмек. Абайды қасына ере жүрсін депті. Бұл хабарды үй іші үн
қатпай тындады да, тегіс томсарып қалды.

Ертеңіне түске
жақын Абайды ұзақ жолға аттандырғалы жақындары тегіс тысқа шықты. Семіз құла
жирен атты күміс ертоқыммен ерттеп, Абайды соған аттандырғалы Жұмағұл ұстап тұр
екен. Абай ең алдымен қәрі әжесімен қоштасып:

- Қош, әже!- деп
кеп, екі қолымен әжесінің кішкене кәрі қолын қысты. Әжесі Абайдың маңдайынан
иіскеп тұрып:

- Әруақ қолдасын,
жолың болсын! Абайжаным!- деді.

Өзгелермен
алыстан ғана «қош-қош» десіп, Абай атына қарай жүре берді. Шешесі Жұмағұлдың
қолынан құла жирен аттың тізгінін алып, Абайды:

- Кел!- деп
шақырып ап,- пісмілдә,- деп, өзі аттандырды.

Баласы атқа
қонып, жүруге ыңғайланып, тізесін қымтай бергенде Ұлжан өзінің үлкен ақ
саусақтарын жирен аттың жалына салды. Бір нәрсе айтатын сияқты. Абай осыны
аңғарып, анасының жүзіне қарағанда, Ұлжан бұған біраз көз салып тұрып:

- Балам,
үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі күндес» дегенді
сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді тузу бер. Бір кезде жақсьі
жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ
бол! Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жан ашырдан айырылма!- деді.

Абай жүріп
кетті. Артына бірнеше бұрылып қарағанда, аналары үйге кірмей, ұзақ қарап тұр
екен. Шешесінің соңғы сөзі Абайдың құлағына әлі естіліп тұрган секілді. Қазірде
бұның жаны ашыған тілеулесі - Бөжей.

 

2

Абай әкесімен
бірге Қарқаралыда  тұрғалы көп күндер
болды. Қазірде қыс әбден түсіп, қар бекіп алған-ды.

Құнанбай кішкене
қаланың тап ортасындағы, қөк шатырлы, үлкен ағаш үйді жатақ еткен. Қазағуар,
қонақшыл, татар саудагерінің үйі.

Бұл қалаға аға
сұлтан көп туысқанын, көп нөкерін ертіп келген. Құнанбай пәтерінің маңындағы
үш-төрт кварталдың әрқайсысыда, өзді-өз тобымен ошарылып орнап жатқан Майбасар,
Жақып, Қаратай сияқты Құнанбайға тарапты кісілер бар. Майбасар мен Құнанбай пәтерлерінен
күндіз-түні табылып тұратын тілмәш, стражниктер болады: Майбасарға тиісті
атшабар Қамысбай, Жұмағұлдан басқа Құнанбайдың өз жігіті, өз атшабары - Қарабас
та бар-ды.

Бұлардан басқа,
жай ерте шыққан бір топ жігіт-желеңі тағы бар. Құнанбай жігіттерінің ажарын
өзгеден басқарақ керсететін бірен-саран басқа тұқымның жігіттері де бар.

Тегінде, Құнанбай
қолында Ғабитхан сияқты татардан, Ызғұтты сияқты қырғыздан, Бердіқожа сияқты
қожадан келген, тіпті, шеркестен де келген жеке адамдар, немесе тұтас ауыл,
топтар көп болушы еді.

Жиыны отызға
тартатын нөкерлер сегіз үйде жатады. Қарқаралының тап ортасы Тобықтыңың бір
аулындай болды. Әке қасынан ерігейін десе, Абай анда-санда осы үйлерді шетінен
аралап, өзінше ермек тауып кететін.

Бүгін де
таңертеңгі шайдан соң, Абай әке қасынан шығып. Майбасардың пәтеріне келе жатты.
Күн шағырмақ ашық. Қарқаралы атырабындағы өлке жота жалтырай, аппақ сіреу боп
жатыр. Қала желкесіндегі әсем таудың да қарағай атаулысын күпсек қар басқан. Абайға
ағашты таулар, қазірде, ақ шидемін айналдырып киген, қыс кәріңің өзіндей көрінді.
Шытқыл аяз бар. Терісінен ескен болымсыз ғана жел лебі білінеді. Абай түлкі
тымағының бауын байлай бастап, әжесін есіне алды. Жүрерде: «Тымағыңның бауын
байлап жүр. Құлақтан тиген шаншу жаман болады. Көресіні көріп отырмыз ғой міні»
деп, өзінің мүгедектігін мысал еткен. Суықтан сақтана журуді көп айтқан.

- Сау ма екен
өзі?.. Әрбір аяз, әрбір боран күні әсіресе еске алатын шығар-ау!- деп, Абай
Жидебайдағы үйді тегіс есіне алды. Өзі де шешелерін сағынған-ды.

Аяғының астында
шыныланған қатқыл қар сықыр-сықыр етеді. Үшкір тұмсық жаңа қара етігі бар еді.
Саркідір болған қардан тайғанай береді. Абай бұл уақытта бала сияқты емес. Жас
бозбалаша киінген. Қара мақпалмен тыстаған түлкі тымағы бар. Үлкендер пұшпақ
тымақ кисе, соңғы жылдарда бозбаланың көбі осындай түлкі тымаққа ауысқан еді. Үстінде
тиін ішіктің сыртынан киілген, жағасы қайырма қара барқыт қаптал шапаны бар. Құла
түсті ықшам тігілген шапан. Аса ұзын жең емес. Кең қолтық, ұзын жең үлгіні осы
Қарқаралы қазағы ғана киеді. Олардың жағасы да Тобықты үлгісінен басқаша,
Тобықты тымағы Қарқаралынікіндей төрт сай емес, алты сай болатын. Абайдың кигені
сондай өз елінің тымағы. Белінде кісе белдік емес, жасыл түсті кәріс белбеу. Бұ
да анық бозбаланың белгісі.

Абай көше бойында
салт атпен топ-тобымен өтіп жатқан ел кісілерін көріп келеді. Көпшілігі
Құнанбайдың пәтеріне кетіп бара жатқан жандар. Күндегі машық бойынша келіп
жататын атқамінер, даугер арызшылар.

Абай Майбасардың
пәтеріне жетті.

Қақпадан кіре
бере жабық қоралардың алдында топталып жиылып тұрған көп Тобықтыны көрді. Бөтен
кісі жоқ. Тегіс өзіне мәлім ағайын, туысқандары. Ылғи үлкендер екен. Орта
тұста, ақ сеңсең ішігін желбегей жамылып, зор денелі, қызыл күрең түсті Майбасар
тұр. Қасында Жақып, Төлепберді, тағы басқа бірнеше жас жігіттер бар. Өзге пәтерлерде
жататын Тобықтының барлығы осында.

Жалы құлағынан
асатын күрең құнаншығарды жігіттер жығайын деп жүр. Абай біледі: Қарқаралыға
келгелі семіз қой, ту бие, қысырдың тайы сияқты сойыс малы бұл топқа
жан-жақтан, «Қүнекеңнің сыбағасы» деген атпен күн санап келіп жататын. Майбасар
бір семізді сойып, барлық өз тобын бір арада сыйламақ тәрізді.

Бұл Ырғызбайлар
Қарқаралыға қарай беттеген жол бойында да, мына қаланың өз ішінде де ылғи
осындай күтім мен бап көріп келеді.

Іштерінен осының
бәріне жеткізіп, өзге қазақтаң бұларды әрі жуан, әрі сыйлы қып жүрген
Құнанбайға дән ырза. Күрең құнаншығардың семіздігі сол алғыстарын естеріне
қайта салды. Бұндайдағы дағдылары бойынша «мырзаны» тағы ауызға алысты.

- Осы жолғы
мырзаның абыройы бөлек боп тұр-ау!- деп бастаған Жақып еді.

Аға сұлтан
Құнанбайды Қарқаралы арызшыларымен бірге осы Тобықтылар тегіс соңғы мезгілде
Құнанбай демей - «Мырза» деп атасатын.

- Қызғанған
дұшпанның іші күйсін! Ертең мешіт те бітейін деп тұр... Жұрттың тілеуі тегіс-ақ
бұрылды білем біздің мырзаға,- деп Майбасар мазатсып қойды.

- Мешіттің өзі
де келіскен-ақ екен!..

- Бұ Қарқаралы
көрмеген сәулет қой...- десіп, Бурахан, Төлепберділер де сүйсіне сөйледі...

Абай Қарқаралыға
келгелі өмешіт» деген сөзді әкесінің аузынан да және басқа  атқамінерлердің аузынан да көп-көп есітетін.
Әкесінің атақ-абыройын осындай көп аузына қатты жайып бара жатқан сол мешіт жөні
екенін де жақсы біледі.

Құнанбай өткен
жаздан бері бұл атыраптағы ең бірінші мешітті осы Қарқаралы қаласына өз
әмір-құдіретімен салғызып жатқан. Сол мешіт бүгін әбден бітпек еді. Қала
ішіндегі молда, қалпе атаулы, ел ішіндегі атқамінер қарт-қария атаулы мешіт салғызғаны
үшін Құнанбайды шынымен көп дәріптейтін.

Құнанбайға екі
күн бұрын келіп кеткен қазағуар имам, молда Хасен Саратауы да:

- Қарадан хан
туған өзіңсің... Мәсжідтің кәлам шәрифтегі бір исмі Бәйтолла... Хұдай тәбарака
уа тағаланың үйі... Оны надан қауым қараңғы сахара ортасына салған сен, иеңнің сүйген
құлының бірі боларсың. Ынша алла...- деп, көп атқамінер, старшын, ұлықтар
алдында алғыс айтып, фатиха беріп еді... Жаңағыдай бұл дүние мен ол дүниенің
берекесін бір-ақ берген қазіретке Құнанбай сол жиыннан қайтар шағында бір ат,
бір түйе беріп, үйіне апартып салған.

Абай өз әкесінің
өзге атқамінер атаулыдан мықты, қайратты екенін сезеді. Қазір көп-көп ойлап,
көп бағып, танып көргісі келетіні дәл осы өз қасындағы өз әкесі. Жақын жерден,
қасынан қарағалы әкесі бұған үлкен жұмбақ боп тұр.

Күрең құнаншығардың
таңдамалы жылы-жұмсағы ас үйге қарай әкетілді. Өзге үйдегі Тобықтылар да қазір
Майбасардың түстігіне жиыла бастап, қора ішінде жүріс молайып еді. Келген
жұртты Майбасар үйге қарай бастап, енді жайланып отырыспаққа бет алған қезде,
қақпа ашылып, Қарабас кірді.

Жүрісі шапшаң
екен. Майбасар соған қарап, тосып тұрып қалды. Қарабас тақай бере:

- Алшекең
келеді... Мырзаға казір Алшекең келеді дейді. Соған сендерді шақырта жіберді...
тез жүріңдер!- деп, Майбасар мен Жақыпқа қарады.

Майбасар сеңсең
ішігінің жеңін киіп, қақпаға қарай беттей берді. Жақып та солай басты. Абай өзгелермен
қалайын деп еді, Майбасар артына бұрылып:

- Абай, сен де
жүр!.. Атаң ғой, атаңа сәлем бер,- деп мысқыл еткендей сылқ-сылқ күлді.

Осыдан екі жыл
бұрын Құнанбай мен Алшынбай достығы құдалыққа соғып, осы Алшынбайдың Түсіп
деген баласының Ділдә деген қызын Абайға айттырысқан болатын. Алшынбай,
сонымен, Абайға үлкен қайыната болушы еді.

Қарқаралыға
келгелі Алшынбай Құнанбайға бірнеше рет келіп қонақ боп кеткен. Бүткіл бұл
атыраптағы атқамінердің Алшынбай атын атауы басқаша көрінген. Оны Алшынбай
деуші кісіні Абай әлі есіткен жоқ. Ылғи «Алшекең» дейді. Осы өңірде аға сұлтан
Құнанбай атымен тең аталатын, кейде тіпті жапа-жалғыз аталатын ат соның аты...

Оның ата-тегін
де бар Тобықты, бар Қарқаралы «Қаракөк» деп атайды. Алшынбай белгілі би
Тіленшінің баласы, одан арғы атасы - Қазыбек би. Осының бәріне қарағанда
Абайдың қалыңдығы Ділдә, тіпті бір үлкен, асқақ жердің қызы тәрізденеді. Сол
қалыңдықтың қалың малы да осал болмаған болу керек. Өйткені, Құнанбай аулынан
Қарқаралыға қарай шығатын топ-топ жылқы, түйе, көбінше, осы Алшынбай аулына
барушы еді. Жалғыз ғана құдалық па, жоқ басқа да ілік пе, әйтеуір Алшынбай, Құнанбай
әбден айқасқан, ішек-қарын араласқан дейтін жақындардың өздері.

Майбасар,
Жақыптардың Алшынбай аты аталғанда аял қылмай жөнелетін себебі осы. Алшынбай
аты Абай бар жерде аталса, Майбасар ылғи ғана ұялтып:

- Қайынатаң
осы!.. Бұл атыраптың үлкені осы. Үстіне баса кірме!.. Кірсең, тәжім ет,- деп
тәлкек қыла беретін. Жаңағы мысқыл күлкісінің мәні де сол.

Абай Майбасардың
күлкісінен жасқанып, Алшынбайдан қашқалақтап жүр еді. Бірақ Құнанбай, Алшынбай
екеуі өткен бір жолы бұны әдейілеп шақыртып алып: «ұялма» дескен... Жігіт боп
қалдым деп жүрген шағында, ауылдағы келін-кепшіктей ұялтып, бұқтырып жүрген
Алшынбай атын Абай оншалық ыстық көрмеуші еді.

Ал Майбасар мен
Төлепберді сияқты немесе Жұмағұл атшабар сияқты, тіліне тыйымы жоқ
мысқылшылардың: «қайын», «қалыңдық», «жесір» деп Ділдәні ескерте берген сөздер
Абайды тіпті Ділдінің өзің ойлаудан да жасқандыра беретін. Қалындық жайын Абай
әзірше ылғи жатырқай ойлайтын.

Қазір көше
бойымен үшеу-төртеуі келе жатқанда, Майбасар Абайға бұрыңғыдан гөрі салмақты
түспен қарап, шыңын айтқан кісі тәрізденіп:

- Мына мешіттің
тойы өтіп, іс жеңілейсін. Кішкене қол босасын. Содан соң саған айтатын бір
үлкен сөзім бар... Ашуланба, баламысың? Өзің зіңгіттей азамат болдың...
Алшынбай аулына малды текке беріп жатыр ғой деймісің жұрт... Осы жолы
Қарқаралыдан қайтарда өзіңе бір мәслихат айтам,- деді. Абай күндегі дағдысы
бойынша, томсарды да үн қатпады. Іштей Майбасардың нені айтпағын сезеді.
Көнейін деген ойы жоқ.

Қарабас:

- Айтам деп еру
қылғанша, «айттым, бастадым» десеңші, Абай оны сезбей келеді деймісің? Іші
бәрін сезеді бұның!- деп, мінбелете бастады.

- Жә, жә! Осы ат
мінгізгендей көрейін, тек осындаймен мақтағаныңды қойшы тіпті, Қареке!- деп
Абай Қарабастың иығына асыла түсті. Майбасардай емес, Қарабаспен еркін
сөйлесетін. Және Қарабастың тілін, мінезін жақсы көруші еді. Сондықтан ойнап,
еркелей беретін.

- Тек іс
бітсін... Айтқаным айтқан... Сенімен әлі сөйлесем. Сөйлескенде бек сөйлесем!..-
деп, Майбасар жаңағы сөзінің құпиясын молайта берді. Абай ішінен: «Осыны әкеммен
ақылдасып айтып жүр-ау!..- деп ойлады. - Онда қалжың емес, шынының өзі болғаны.
Неткен бәле?..»- деп, Абайдың кейпі бұзылды... Әлденеден... Әйтеуір осы жайды
айтса, кәдімгідей қатты мазасызданады... Сөйткен сайын Ділдәдан көңілімен
алыстай түседі. Оның аты бұған бір алуан зорлық ноқтасы сияқтанады.

Қабағын түйіп,
екі көзі жалт етіп, жақтырмай қарағаны болмаса, Абай Майбасардай ағаға қатаң
жауап айта алмады.

Осы кезде бұлар
Құнанбай пәтеріне де жетіп, қораның ішіне кіріп еді. Ыю-қию толып жүрген
аттылар, жаяулар екен. Мол қораның әр жерінде үштен-төрттен, тоғыз-оннан
топталып, қоралай отырып, келелі сөздерін сөйлесіп жатқан даулылар... Старшын,
билер... Осы кеңестерде тергеу, билік, бата, серт, айып, кінә, татулық, араздық
та сөз боп жатыр. Жиындағы жандардың көпшілігі Бошан тәрізді... Тымақ,
шапандары соны баян етіп тұр. Оқта-текте ғана, Балқаш бойынан келген Дадан Тобықтының
үлгісі немесе Дағанды Керейінің қой жүні шекпені мен шошақ тымағы көрінеді.

Бұл кең ауладағы
топтардың ру-руларын, киімдерінен басқа, тағы бір белгілері айқын білдіреді.
Қарабас Абайға әр рудың атына басқан таңбасын да кеше күндіз айырып-айырып
айтып беріп еді. Абай қора ішінде келе жатып, әр топтың тұс-тұсында байлаулы
тұрған аттарына қарап, сандарынан таңбаларын көріп, іштен танып қеледі. Анау:
«көз таңба» дейтін, қос дөңгелек - Арғын, Бошан аттары. Мына біреу «ашамай»
таңба Керей. Ал, ана біреу көк ат ше? Е, е, ол «шөміш» таңбалы - Найман екен
ғой. Бұл жақта Найман да бар екен-ау!..» деді. Екі жерде араптың «шын» әрпіне
ұқсаған Төре таңбасын да таныды. Абай тыста осы жайларға қарай түспек еді,
бірақ үлкендер тоқтамады, бәрі де үйге кірді. Жақып алдымен жүріп кеп, Құнанбай
отыратын бөлменің есігін ашты. Үшеу-төртеуі тұтас кіріп, сәлем берісті. Үлкен
жарық бөлменің есігінен төріне шейін қымбат қызыл кілемдер жайылған. Қабырға
атаулыда қала сәнімен жиналған ішіктер, кестелі жайнамаз, оюлап жазылған
дұғалықтар. Төсек-орын, құс жастық, жібек шаршау, шілтерлер де көп. Үйде
топсалы үлкен үстелдің жанында жуан-жуан ақ жастықтарға шынтақтап Алшынбай мен
Құнанбай отыр екен. Мыналар даурыға сәлем бергенде, үйде отырған екеуінің
еріндері болымсыз ғана жыбыр-жыбыр етісіп, сараң сәлем алысты.

Келгендер
Құнанбай мен Алшынбайдың екі жағынан жарыла отырды. Сөйлеп отырған Алшынбай
екен. Сөзін үзіп мыналарға қарап, аз бөгеліп еді, Құнанбай: «Айта беріңіз!» деп
ишарат етті.

Толық дөңгелек
денелі, қызыл жүз, ақ сақалды Алшынбай, тірсек жең қара қамзолдың сыртынан
пұшпақ ішігін желбегей жамылып отыр екен. Басында сұрғылт түсті сырма тақиясы
бар. Қазақы тақия. Сол тақиясының екі самайдағы жиегінен ойдым-ойдым боп түскен
ақ құйқа көрінеді. Жаңада қырылған ақ шашы қайта тебіндеп шығып келе жатқанмен,
Алшынбайдың тазын жасыра алмай тұр.

Биік қырлы
мұрнын көтере сөйлеп, Алшынбай есікке қарап отырып:

- Баймұрын өзі
де тыржыңдап, өкпе сызын білдіргендей,- дегенде, Құнанбай басын тез көтеріп ап,
Алшынбайға бұрылды. Алшынбай Құнанбайдың сұрланған жүзіне байьшпен қарап:

- «Бөжейді қонақ
асыға шақырсам, Құнанбай жақтырмайды дейді. Енді менің қазанымды да Тобықтыға
билеткені ме Алшынбайдың» деп, маған кінә тағады білем...- деді.

- Анамен
сөйлесіп пе өзі? Оның сойылын не деп соғады екен Баймұрын, сонысын айтты ма?..-
деп, Құнанбай жаңағы өзін теріс қып көрсететін сөзден аттап түсті.

«Анау» дегені
кім екенін Абай біледі.

Алдыңғы күні осы
Алшынбаймен бірталай сөйлесіп кеп, аяқ кезде Құнанбай Бөжейге арнап бір қатты
суық сөз айтқан: «Бөжей арыз беріп аяғымнан алғанын қойсын! Болмаса, сұр
шекпенді кигізіп, бойын кездеп, айдатқанша тоқтамаспын!» деп еді. Алшынбай мен
осы Қарқаралы қазағының тағы бір жуаны Баймұрын арқылы, Құнанбай мен Бөжей арасының
шарпысқан сөздері жүріп жатқан-ды.

Бүгін Алшынбай
сондағы сөздің ендігі өрісі қалай ауғанын айтпаққа келген болу керек.

Баймұрынның
Бөжей жақты ұстағысы келетіні жалғыз жаңағы сөз емес, одан басқа жерлерде,
Құнанбайдың әр алуан ашу сөздерінен білінетін. Әлгі бір леп соның сарыны... Оны
Құнанбайдың тыңдағысы келмейтін, ұстасқан кісісі дәл Баймұрын емес.

Өкпелесе өкпелей
берсін. Оның өкпесі-батса, Алшынбайға батады. Құнанбайды оншалық қайыстырмайды.
Екінші, Алшынбай Құнанбайға жаңағыдай білдіргені болмаса - «Сен үшін маған
Баймұрын туысқаным өкпеледі» деп, міндет қылатын кісі емес.

Соңгы жылдар
бойында Алшынбай, Құнанбай достығы талай сыналған. Туыстан да «құдалық»,
«достық» тәтті болып, екеуі бірі арқылы біріне келген жеңіл-желпі ауыртпалықты
есептеспейтін. Сондықтан, алғашқы сөзін әлгімен тастап, Алшынбай Құнанбай
күткен жауапқа көшті.

- Әуелі жауап
сөзінің өзін айтайын, кейінгі шарасын ақылдасамыз ғой. Бөжей анау сәлеміне
шапшып жауап беріпті. «Көк шекпенді біздің мырза пішкен жоқ, құдай пішкен. Кім
киерін көрерміз...» депті. Баймұрын ба, басқа ма, дем беруші тапқаны болар!..-
деді.

Бұл жауапты
естігенде, бағанадан үндемей мелшиіп отырған Майбасар, Жақыптар селт етіп,
қабақ түкситіп, ажырая қарасты.

Іштерінен:

«Мынау қалай
құтырады?»

«Мынаны бір
түлен түрткен екен!»

«Мәрғау кетейін
деген екенсің!.. Өз обалың өзіңе!»- деген сияқты ажарлары бар еді.

Абай Бөжейдің не
дегенін естуге ынтық болатын. Жаңағы Алшынбай жеткізген сөзге ол да қайран
қалды. Ішінен: «Қандай ыза, қандай күйіктен туған сөз?.. Және неткен ер?» деп ойлады.

Құнанбай қайсар
жауапты есітті де, басын жоғары алып, қарсы терезеге жалғыз көзімен қадалып
қарап, үндемей отырып қалды. Сұрғылт жүзі түнеріп, қатты ашумен қарайып бара
жатқан тәрізді. Бетінде түк атаулысы бозғылданып, біліне бастады.

Осыдан басқа не
бір дыбыс, не қозғалыс, не бір сөзбен сыр берген жоқ. Барды ішіне жиып, буылып,
құрсауланып қалды. Мұның бетіне екі рет көлденеңнен қарап өткен Алшынбай,
таңдана түсіп сүйсініп қалды.

«Берік, берік!
Бүйрегі без емес, тас болар!..»- деп ойлады. Құнанбайды өзі көріп жүрген
атқамінер ішінде бөлекше бағалайтын бір себебі: осындай жердегі ерекше
ұстамдылығынан, бойын бермес тұйықтығынан болатын.

Үй іші үнсіз
еді. Бағана есік алдында, ауыз үйде қалған Қарабас есікті ақырын ашып, ептеп
басып кеп:

- Майыр кепті,
мырза. Сізге келді,- деді.

Құнанбай оған да
қыбыр еткен жоқ. Аздан соң есік ашылып, еңгезердей қызыл сары Майыр кірді. Қасында
қазақ тілмәш Қасқа бар. Сақалы шошайған, өзі қағылез келген арық сұр. Бұл
тілмәш күндіз-түні осында келіп-кете беретін.

Майыр Құнанбай,
Алшынбаймен қол алысып амандасып болды да, жерге отырмай, Құнанбай қарсысындағы
жалғыз орындыққа отырды. Үлкен көк көздері қылилау келген. Бет-аузын қалың
бұйра сары сақал басқан. Шүйдесі қып-қызыл екі қатпар боп тұратын. Мұны қазақ
атаулы өз атымен атамай, өзге майырлар сияқты, сырт белгілерімен атайтын. Жалғыз-ақ,
бұрынғы майырларды бір-ақ белгімен «сұлу майыр», «семіз майыр» деп, немесе
бетінің секпіліне қарап, «тарғақ майыр» десе, мынаның сыртқы түсі, түгі талай
ат атауға өз-өзінен сұранып тұрушы еді.

Сондықтан мұның
атын неше саққа мінгізіп кеп, бірде «шапыраш» майыр, бірде «жүндес» майыр,
бірде «піскен бас» майыр деп те атасатын. Құнанбай, Алшынбай айналасы оны
ақылсыз деген болжалмен, көбінесе, сол «піскен бас» майыр деуші еді.

Бұл майыр
Құнанбайдың дегеніне жүре бермейтін. Өз беті, өз жолы бар. Сондықтан,
Құнанбайға жаман атты көрінетін.

Қарқаралы деген
округтің әміршісі - Құнанбай мен осы Майыр. Қазақ округті «дуан» деп, мыналарды
бірде «дуан басы» деп, кейде Құнанбайды «аға сұлтан» дейді. Құнанбай округті
басқаратын приказдың бастығы, Майыр орынбасары болатын. Үшінші адамы - кіші
сұлтан аталушы еді. Ол қазір қалада жоқ.

Майыр Құнанбайға
Бөжей жұмысымен кеп еді. Құнанбайдың жаңағы ашу үстінде Майырды керек қып
отырғаны да сол жұмыс болатын.

Құнанбай
мұндайда, ойдағы жұмысына күмілжімей, тұпа-тура кірісетін. Сол әдетімен тез сөз
бастап:

- Майыр, сенің
атаң аты Тобықты емес еді. Осы Қарқаралыға кеп бауыр тапқаннан аманбысың? Бөжейді
айдату керек, қағазын дұрыста деп ем. Сары аурудай создың да кеттің ғой. Соның
жан күйері сен болып, бауыр тартып, бауырың езіліп жүр ме осы, немене?..- деді.

Тесіле қарап,
Майырдан жалғыз көзін алмай, сызданып отыр. Майыр: «аудар!» деп, тілмәшқа
қарады.

Қасқа тілмәш
Құнанбай мен Майырға кезек жалтақтады. Жүгінген бойында құнысып, қозғалақтай
берді. Бір жағынан орысша тілі жеткілікті болмаса, екінші жағынан, екі ұлықтың
біріне бірі айтатын Ашу сөзді тұпа-тура жеткізуден әсіресе тайғақтайтын. Әлі
бөгеліп отыр...Кейде жер шұқып қап, кейде қымыңдап, қозғақ қағады.

Құнанбай мұның бөгелгеніне
ыза боп:

- Ей, тілмәш,
осы саған «әке» дейін, жарықтығым, тек дегенімді түгел жеткізші!.. Ін аузында
отырған ақкөт торғай сияқты қылп-қылп еткеніңді қойшы осы!..- деді.

Торғайды
айтқанда Майбасар шыдай алмай күліп жіберді де, Құнанбайдың ашулы түсіне имене
қарап, тәуба қыла қалды. Ішінен күлкіден өлердей қысылып отыр еді. Абайға да
бұл теңеу аса қызық көрінді... Оның көз алдына: тұрымтай салып жүргенде, ін
аузында қылпылдап отыратын шақ-шақ елестеп еді... Шынында мына сорлы тілмәш дәл
соның өзі сияқты. Бірақ сөздің беті қатты. Күлер жер емес. Абай Майбасардың жаңағы
жеңілтек күлкіден қысылғанын таныды да, өз бойын тежеп қалды.

Тілмәш бөгеле
отырса да Құнанбай сөзін жеткізген еді. Майыр сасқан жоқ. Саңқылдаған зор
даусымен қатты сөйлеп, шұбыртып кетті...

- Әкімшілік өш
кісіден кек алу үшін берілмейді бізге... Бөжей Ералиновтан түскен қағаз көп,
тексеру керек! Және ол үшін ренжитін кісілер де көп. Айдатпай тоқтай тұр!-
деді.

Осыдан соң екі
жағы да шапшаң сөйлесе жөнеліп еді...

- Сүйтіп,
арпалыстырып ұстамақсың ғой? Көздегенің сол ғой?

- Жалғыз мен
емес... Бұрын аға сұлтан болған Құсбек, Жамантайлар да солай қарайды. Тіпті,
мына Алшынбай білетін Баймұрын да солай ойлайды...

- Олар кім?
Бірен-саран!.. Олар аздар! Және күндестікпен сүйтеді. Көп елдің көп атқамінері
менің сөзімді құптайды. Көрмей отырмысың соны?

- Аз болса
болсын. Бірақ закон - патша законы, олардың куәлігін де тыңдайды. Олардың сезі
де жетеді жоғарғы ұлыққа.

- Жеткізетін
сенсің ғой! Айыпкерді сен ұстаған соң, бел аспай қайтеді?!

- Құнанбай
мырза, сен мені айыптама үйтіп! Бұл екі жүзді семсер сияқты жұмыс.

- Білемін.
Қоймаңның сырын білемін сенің!

- Аға сұлтан!
Орныңызды ұмытпаңыз!.. Біз екеумізді де корпус сайлаған,- деп Майыр трубкасын
тұтатып алып түрегеліп, үй ішінде әрлі-берлі жүріп кетті. Ашумен қатты қызарып
алған еді.

Құнанбайдың
ендігі жауабын Алшынбай айтқызғысы келмеді. Дуанның екі бастығы бұдан әрі
сейлессе, ұрысқа кететін түрі бар. Ол орынсыз. Алшынбай өз көз алдында бұған
ырық беруіне болмайды. Құнанбай үшін де және тіпті өзі үшін де залалды. Ол
бағанадан үстелге шынтақтап, қыбыр етпей отырған қалпынан тез шалқайып:

- Ей, мырза! Ей,
Майыр! Сабыр етіңдерші!- деп қатты айтты.

Алшынбайды жалғыз
Құнанбай емес, Майыр да сыйлайтын. Талай қиын істе әлденеше рет істес болған.
Әлі күнге түс шайысқан жерлері жоқ. Және Алшынбай өзі ұлық болып көрмесе де, түптеп
келгенде, талай старшынды, тіпті кейде аға сұлтанды да сайлаушының ең мықтысы болатын.
Оны да Майыр жақсы біледі. Есептеспеу қиын. Алшынбай үн қатқанда түрегеп тұрған
Майыр Құнанбайға көз қиығын бір тастап байқап өтті. Құнанбай да Алшынбайды
тыңдайтын тәрізді.

Майыр танаурап,
қатты демігіп орындығына қайта кеп отырды. Алқымында әлі айықпаған ашу бар еді.
Демі дірілдей шығады.

- Сендер бұлай
шалқиыспаңдар, ұлықтар!.. Мақұл емес!- деп Алшынбай сөйлей бастағаннан-ақ,
қасқа тілмәш Майырға қарай қисая түсіп айтып жатыр.

- Біріңе бірің
серіксің, ынтымақты болсаң ел билейсің. Ынтымақсыз болсаң неңді билейсің?,Өз
бәлең езіңе жетіп, жұрт та қалар, жұмыс та қалар. Ұғысып істеңдер; Ал өздігіңмен
үғыспасаңдар, мына біздей, арадағы кісінің сөзін тыңдаңдар. Ол жайы сол!..-
деп, екі ұлыққа кезек

қарап, екеуінің
де қайтқан түрін аңғарып ап, Алшынбай:

- Ал, жаңағы
ақырғы жұмыстарыңа келсек, мына мен осы үйге, Құнанбай мырза, саған,- деп,
Құнанбай жаққа ырғала түсіп,- сол жұмыспен келіп отырмын. Бүгін кешке шейін осы
жұмыс туралы пұрсат беріңдерші! Майыр, қазір сен қайта тұр. Тұрақты бір жауабын
бүгін кешке мен жеткізейін. Сендер екеуің боп, осы жайды сейлегенді әзірше қоя
тұруға бармысың? Соны айтыңдаршы! Осыны мен сендерден сұрап отырмын!- деді.

Алшынбай
әңгімесінің тұсында Қарабас ауыз үйден қамыс тегенеге толтырып қымыз әкеп еді. Шүңет
келген сырлы сары тегене. Қазірде Майбасар, Абайлар дыбыссыз ғана қозғалып,
үстел үстіне асжаулық жайып, үлкендердің алдарына жылтыр сары тостағандарды
толтырып қымыз қойған.

Бетінде азғантай
ғана құрым белгісі бар сап-сары қымыз, арқар мүйізінен істелген үйрек ожаумен
Майбасар сапырғанда, көпіршімей, шып-шып етіп шымырлап қана толқиды.

Дастарқан үстіне
үш табаққа сап ашыған бауырсақ қойысты... Жаңағы Алшынбай сөзі аяқтала берген
кезде Қарабас ауыз үйден үлкен табақ ыстық ас әкелді. Бұл дағдылы ет, қуырдақ
емес, Құнанбайдың қымызбен қоса жейтін жаубүйрек деген тамағы еді.

Алшынбай сөзін
аяқтасымен Құнанбай Майырға да, Алшынбайға да асты нұсқап:

- Жеп, іше
отырыңдар... кәні!- деп, бата қып бетін сипады.

Мешіт салам деп,
имам қазіреттермен көп айқасқалы, Құнанбай өзі арапша оқымаған адам болса да,
діндар, тақуалау кәрілердің жаңағы бата қылғыш, бет сипағыш, «пісмілдашыл»
машықтарын көп істейтін болған-ды.

Алшынбайдың әлгі
сөзінің аяғына ас кеп қалғаны бір сылтау болса екіншіден, бұдан әрі сөйлеген
сөздің орны да жоқ. Алшынбай кірісіп, «аяқтап көрем» деген соң, Майырдың да
өктей қоятын жөні жоқ. Жайсыз шешсе кейін көреді. Ал, дұрыс боп шешілсе, мұндай
істі Алшынбайға бергеннен абзалы жоқ.

Алшынбайға:

- Айтқаның
дұрыс, мен тоқтаймын. Жауабын өзіңнен күтемін...- деді де, келген жұмысын тез
доғарды. Содан кейін өзінің қымыз құмарлығына салып бес тостағанды үсті-үстіне
жұтып-жұтып жіберіп, жаубүйректен аз ғана асады да, қоштасып жүріп кетті.

Тілмәш тамақ
аяқтағанша кетпей кейіндеп қалып еді, сол шыққанша Құнанбай жаңағы сөз туралы
«ләм» деген жоқ.

Аздан соң тілмәш
кетті. Содан кейін барып қана Құнанбай:

- Параға жемсауы
толған ғой әлгі піскен бастың. Бет алысын көрмеймісің?.. Баймұрын арқылы Бөжей,
Байсал тығындаған ғой...- деп, бағанадан желісі үзілмеген ойының бір түйінін
айтты.

Алшынбайдың ойы
да осы туралы еді. Ол бірақ Құнанбайдан гөрі арырақ ойлап, ойына әртүрлі жайсыз
күдіктер түсіп, күңгірт тартып отырған.

Құнанбай сөзіне
шапшаң жауап қайырған жоқ. Сараңдап барып:

- Пара деген бір
сәрі ғой. Пара жемейтін ұлық бар ма тәйір? Оң-солынан қабат алып, қабат қылғып
та қыбын тауып жүрмей ме? Мына жердің тетігі ол ғана болмай тұр,- деп, бүгін
әдейі Құнанбайға өздігімен айтпаққа келген сөзіне ауысты. Кейде маңдай терісін
жиырыңқырап, екі көзін жұмып сөйлей бастайтын әдеті бар еді, соған салып:

- Мен осы қыбырдың
бәрінен көз алмай, кәлденеңнен бағып отырған кісімін ғой... «Тоғыз құмалақты
ойнаушыдан да көлденең көргіш келеді» деуші еді біздің би...- деп өз атасы
Тіленші биді есіне алып,- сол айтқандай, Тобықты ішіндегі ойындардың енді басқа
бір белге шығатын кезі жетті. Аяқтамаса насырға шабатын түрі бар!- дей түсіп
бір тоқтады.

Құнанбайға
құдасының бұл бет алысы оқыс жаңалық еді.

- Алшеке! Бөжей
мен Байсал Тобықтыда аяғымнан алам десе, дуанға келіп жағамнан алмақшы. Аянар
жерім қалмады ма осы?- дей беріп еді, Алшынбай сол қолын үстелден аз көтере
беріп:

- Алысар болсаң,
аянбассың. Алысқан соң о да аянбас. Бірақ жаңағы Майырды аңғарсаңшы! Ол ғана
емес, ар жағында анталап жүрген кешегі хан тұқымы төрелерді аңғарсаңшы!..
Сөзқұмар, бәлеқұмар Баймұрындар аз ба?.. Соның бәрі: аға сұлтандық қолымыздан
мүлдем кетті деп жүрген жоқ. Ылғи, әр кезеңнен баспа қып, «түрт сайтанмен» жүр.
Тегінде өз басыңмен байланысқан сөздің өршігені құрсын...- деп, шетін нәзік
жайға тұспал жасады. Құнанбай енді түсіне бастады. Бағанағы

Майыр да, енді
тіпті Алшынбай да, Құнанбай, Бөжей тартысының түбі - бас араздық екенін
тұспалдайды. Бара-бара: «аға сұлтан басымен Бөжейдің аулын шапты, өз қолымен
қыруар елді қырқа матады... дүреледі» деген сөздер бәле боп, ұлғаймай тұра
ма?.. Бөжейдің «арызы» деген -

«аяспау» деген
сияқты, әр жерден шаң беріп жатқан жайдың бәрі сол дүмпудің белгісі...

Құнанбай
Алшынбайдың жүзіне ойлана қарап: «Ендеше барыңды айтшы!» дегендей, үндемей
тосып қалды. Алшынбай енді Құнанбайға қадала қарап отырып, жіті сөйлеп:

- Бүгін мына
мешіт бітіп, абыройың асып отыр. Атағың көпке кетіп, жатыр. Соны күндейтін де
кісі көп. Алдымен анау көрпіс, мына жаңағы Майыр күндейді. Кішіреймейсің,
кешірім етесің. Ақ көңілің мүлде ағарсын. Мұның да бір Құнанбайлығың болсын.
«Игі жұмыс үстінде кірбеңнен арылам» дегенің болсын. Ана Бөжей ағайыныңды жау
қып жатқа жіберме!.. Бауыр қып қасыңа тарт, татуласшы осы!- деді.

Құнанбай көпке
шейін үндеген жоқ. Татулықты Алшынбай сұрағанда, қай жауабын болса да ойланбай
айту қиын. Анығында, бар Қарқаралы дуанының шын дүмшебайы осы Алшынбай. Көп
рудың нелер үлкен дауы да осының алдынан тарайды. Одан бері де ана бір кезде
Құсбектей төре Алшынбайды өкпелетіп алған соң, аға сұлтандығынан айрылған.

Алшынбай достығы
арқылы азғана Тобықтының Құнанбайы аға сұлтандықты алған... Және Бөжейді жау
қып қуа берсе, астында жатып та аяғын шайнайтын түрі бар. Аңғар солай боп
барады. Онан соң істесе Бөжейге бұл істеді, Бөжей әлі бұған не істеді?..
Алшынбай сұраса бергеннен абзалы жоқ екен деген байлауға кеп еді. Өздігімен
«тез келермін» деген байлауы емес екені рас. Алшынбай емес, өзге кісі айтса да
бүйтіп тез қайтпас еді. Енді мына тұс оның бәрінен бөлек... Сол

себепті Құнанбай
бекінді де:

- Алшеке, айналаны
көріп, болжап айтып отырсың ғой. Достықпен айтып отырсың. Аңғармасам айыпты
болар ем. «Қайтпас-ақпын» деп едім. Бірақ жалғыз қатыбас мен болайын ба? Ақыры
құдай білсін, өзің біл, өзің аяқта!- деді.

Сөз сонымен
бітті де, Алшынбай біраз отырып үйіне қайтты. Абай Бөжей үшін ырза еді. Тіпті
Алшынбайға да іштей көңілі жылы тартқандай болды... Түсі суық, рақымсыз
жаулықтың енді беті жылынып, татулыққа айналғанын Абай «уһ» деп, күрсіне
сүйсініп қабылдады.

 

3

Осы сез болған
күннің кешінде Абай Қарқаралы қаласын жапа-жалғыз аралап кетті. Кейде бір іші
пысып, жүдеу тартса, немесе бір нәрсеге ырза боп, көңілі өрбісе, осылайша
жалғыз кетіп қалушы еді... Күн кешкіргенмен әлі батқан жоқ екен. Қала
желкесіндегі әсем таудың қарағайлы жотасында қызыл арай сәуле бар. Тау басында
жел тұрды білем. Тоғайсыз ашық жондарда сырғақ көрінеді. Жаяу борасындап, ұйтқи
түсіп қызғылт құйын ұшқындайды.

Қала ішінде
желсіз шыңылтыр аяз білінеді. Жайсыз суық емес. Бойды ширықтырып, жинақы
ұстататын жеңіл мезгіл. Таудың қалаға қараған бетін кеш көлеңкесі басқан. Жақын
жердегі жақпар тастардың өзі де қазір көкшіл көлеңке ішінде көгілдірленіп,
алыстай түсіп, түнге бейімдеп барады...

Абай өз
пәтерлерінен екі-үш көше ұзап кетіп еді... Бір уақытта пұшпақ айналып, даурыға
сөйлеп келе жатқан жаяу топты көрді... Көп адам болса да, ішінен Абайға таныс
кісі білінбеді. Күлісіп, дабырласып сөйлеп келе жатқан ылғи жұпыны киімді
жатақтар... Жаяу жүрістерінен де қаладағы қаракет адамдары екені танылып тұр.

Бүгін Абай
көңілі дүниенің бар көрінісінен бітім, жарастық іздеген бір мейрімділік
халінде. Жас, кәрісі аралас тегіс құрдастай күлісіп келе жатқан топ Абайға
қызықты, жарастықты көрінді.

Себепсіз жымия
күліп, осы топты Абай көше ортасында аңырып, тосып қалды. Бірақ топ ішінен мұны
байқап, елеген бір жан да жоқ. Аяқтары шыны қарды шақыр-шұқыр басып жақындап
қалды. Абай енді байқады. Бар топтың ентелеп қамағаны - үлкен ақ сақалды,
келісті қарт екен... Өзі де күліп, топты да күлдіріп келе жатқан сол.

Бір тосын, ғажап
нәрсе - шалды екі жағынан қолтықтасып келеді. Шал өзі басын тік ұстап, ілгері
басып келе жатқаны болмаса, ешқандай бет бұрмайды. Сөйлегенде де ешкімге
қарамай, тура бет алдына қарай сөйлеп келеді...

Абай мынадай
өзгеше шалды бірталай аңырып, қайран қап тұрып зорға аңғарды. Қарт соқыр
екен...

Топтың мұны
байқамағаны тіпті жақсы болды... Қасынан өте бергенде Абай да қосылып, ере
жүрді. Осы көше бойында жалғыз Абай емес, қақпа алдында отырған, қарсы келе
жатқан кісінің бәрі де шал тобына қызығып, ілесе келеді...

Кейінірек келе
жатқан бір бурыл сақалдыдан Абай:

- Бұл кісі кім,
аға?..- деп еді. Анау таңданып:

- Е,
білмеушімең, Шөжікеңді?.. О не дегенің?.. Бұл - Шөже ақын емес пе?- деді.

Шөженің атына
Абай қанық, бірақ көргені осы. Атын ести сала ол бурыл сақалдан сытыла жөнеліп
топтың алдыңғы қатарына ілесіп, Шөжені жақсылап қарап, сөзін тыңдай бастады.

- Шөжіке, бізге
жүр!.. Біздің үйге келдік, міне, айтып тұрған мына мен, Бекбергенмін,- деді бір
қырма сақал жаяу...

- Жо, бізге
барады...

- Уа, қойыңдар,
мен өзім алыстан ертіп келемін!..

- Ой, не
дейсіңдер? Шөжікеңнің түскен үйі біздікі!.. Аты біздікінде тұр!- деп, тағы
біреу үн берді.

Осындай керіс
үстінде топ тегіс иіріліп, тоқырап қалды. Әрлі-берлі еткен жүргіншілер тағы кеп
қосылып жатыр. Жаңағы даурықтардың бәрін естіп, тоқыраған Шөженің өзі. Ол
қатты, ашық дауыспен қарқылдап сүйсіне күліп:

- Уай, жарандар,
мен бір ақыл айтайын ба?..- деді.

Жұрт тегіс
қадірлі қарттың аузынан шыққан лебізін күтіп:

- Айт, айт...,
Шөжіке!.. Уа, төресін өзің айт!

- Уа, қайда
қонасың, өзің таңда!- десіп, анталай бастады.

Шөженің даусы
бұл дабырдың бәрін басқандай, зор екен.

- Уау, осы
жегізбегің - асың, жаймағың - төсегің ғой... Дән ырзамын, ағайын... бірақ
ырзамын деп қана қоймаймын, осы жаңағы «маған-маған» деп даурыққаныңның бәріңе
де барам... Бәріңнің де асыңды ішем... Шөженің көмейіне тас тығылып қала қоймас
енді бұл бес-он күнде... Сол сарайым сау болса, жаңағы үн бергеніңді тегіс
мұрныңнан тізіп тұрып, бір күн түстік, бір күн қонақасы жеймін... Ал, қазір
болса, күн ызғырық тартты. Кешкірді білем. Менің кәрі сіңірімді соза бермей,
осы ең жақын қақпаның біріне бұрамысың, әкелер?..- деді. Бастан бергі сөзінің
барлығын күле тыңдап тұрған жұрт еріксіз тоқырады... Ең жақын үй осы қақпасының
алдында жиын тұрған үй еді.

Қора иесі
қалбалақтап, ішке қарай жүгіріп кетті. Жиын тарқай алмай, Шөжені қимай тұр.

Қонақасы жайынан
тоқтам тапқан ел енді, Шөженің бірер ауыз сөзін естімей кете алатын емес. Шөженің
қасында тұрған бір қартаң кісі ақынға қозғау салғысы келді білем:

- Уа, Шөжіке,
дуанға жаңа келдің ғой, мұндағы дақбыртты естіп жатырмысың?- деп еді Шөже:

- Е, е, айт! Не
дейді? Не деп жатыр дуаның?- деді.

Жаңағы қартаң
кісі қала жаңалығынан хабардар екен. «Құнанбай салған мешіт бітті. Алшынбай,
Құнанбай соны той етпек және аға сұлтан Құнанбай ағайынымен бітісетін бопты. Ұлықпен
Алшынбайлар табыстыратын бопты!»- деді.

Абай мына сөзге
аса қайран болды. Өз әкесінің атын дәл мына жерден естимін деген жоқ еді.
«Мешіт бір сәрі, тіпті оның араз-құразы да иен жұртқа мәлім екен-ау!»- деп
таңданды.

- Е-е, араздасам
деп, ұлықтығынан айрылып қалмасын дейді ғой.

- Құнанбайдың қамқоры
Алшынбай бопты ғой.

- Әрине,
бәр-бәрін жалғастырып, септестіріп жүрген сол Алшынбайлар...

- Тобықтыға абырой
әперіп, ұлық қып, үске шығарып қойған да сол өздері.

- Енді, міне,
Тобықтының жемпаздары қасаптың да семізін, лапкенің де қызарғанын құртып
барады. Осы маңдағы қос атаулының да қысыр тайы мен ту биелерін түгел жемей
кететін емес... - деседі.

Шөже осы
жайларды күле тыңдап тұрып, бір кезде оп-оңай өлеңдете қоя берді. Ашық даусы
саңқылдап:

Болыпты бір
ақсақ тазы және соқыр

Құранды мысық
сопы молдаң оқыр,

Болғанда ақсақ
дария, соқыр қарға,

Ортасын дарияның
қарға шоқыр,-

деді. Жұрт тегіс
ду етіп күліп жіберді... Шапшаңдығына, айтқыштығына қайран боп, таңдай
қаққандар да бар.

- Ақсақ тазы -
Алшынбай...

- Соқыры -
Құнанбай.

- Не қыл дейсің?
Ал, қайтпас кәрің жалғыз ауыз өлеңмен жайратты да салды!- деп жұрт жапырлап
сөйлеп жатыр... Абай бұл сөздерден қатты ұялып қысылды да, шеттей берді.

Осы кезде үй
иесі шығып Шөжені ерте беріп еді... Жиын тарамастан бұрын Абай жалғыз бөлініп,
өз үйлеріңе қарай асыға жөнелді.

Төмен қарап келе
жатқан Абайдың құлағынан жаңағы бір ауыз өлең әлі айыққан жоқ. Бар сөзі
есінде... Ішінен қайта-қайта айтады. Жаттап апты.

Мынау жалғыз
ауыз өлең бағана, күні бойы күмбездей боп үлкен көрініп отырған екі рудың екі
шоқысын бір-ақ соғып, жермен-жексен етті. Тайпитып кеткен сияқты көрінді.

«Алшеке, Алшеке»
дегендері - «ақсақ таз» аталды. Алшынбай сылти басады, ақсақ екені рас. Ал «аға
сұлтан», «мырза» атанған өз әкесі - «қарға!» Қандай қарға? Қарқаралының ен
байлық, ел дариясының жалғыз еркесі. Жақсы жайлысын жапа-жалғыз қызықтап, шоқып
жеп отырған қарға!..

Әлемде сөзден
күшті не бар екен? «Сөз өңменіңнен өтеді ғой» деген Қаратайдың тағы бір тапқыр
сөзі есіне түсті. Осындай өз ойымен өзі боп, ішінен аса қатты теңселткен бір
күшті сезген Абай көшені де, көшедегі жүргіншіні де аңғармай, көрмей келе жатыр.

Бір пұшпаққа
жақындап қалған екен. Дәл бұрыштан бұрылып, бұған қарсы шыққан үш аттыға көзі
түсті.

Аңырып тұра
қалды да, тез таныды. Келе жатқан Бөжей, Байсал, Байдалы екен. Ортадағы түлкі
тымақты, күрең төбел атты Бөжей. Ақ сұр жүзі жабыңқы. Қоңырқай мұрты менен
сақалына кешкі аяз қылау салыпты.

Абай тоқтаған
қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кісідей көлденеңдеп кеп,
тосып тұрды. Аттылар мұның қозғалысын оқыс көрді ме немесе таныды ма, аттарын
баяу бастыра бастап еді, жақындап тұстас келді.

Сол уақытта Абай
үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:

-
Ассалаумағалайкүм!..- деп сәлем берді.

Медреседе
жүргенде: «Көшеде қазіретті көрсең, осылайша тағзым ету керек» деп халфелер
үйретуші еді.

Абай көптен бері
ешкімге бүйтіп сәлем беріп көрген жоқ. Қарқаралыға келгелі Бөжейдің көрінгені
осы. Шешесінің жүрердегі сөзі есіне түсті ме, болмаса қазіргі көңіл күйіне сай
келді ме?.. Қалайша бүйтіп әдеп шығарғанын Абайдың өзі де байқамай қалған-ды.

Өзге қазақтан
бөлек, мына сияқты, бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң ңазарын салды білем...
атының басын тежей беріп:

-
Уағалайкүмәссәләм, балам!..- деп тоқырай қалды.

Байсал Абайды
жаңа таныған еді. Жақтырмай, мұрнын тыржитып:

- Өй, мынау екен
ғой, жә, жүрші!- деп, атын қозғай беріп еді, Бөжей:

- Тоқташы!-
деді.

- Ей, сол
антұрғанның баласының сәлемін алушы ма ем?..- деп, Байсал Абайға қабағын түйе
қарады.

Абайдың екі беті
ду етті. Оқыс жалын беті емес, ішін де шарпып өткендей. Кінәлап, ренжіген
жазықсыз баланың отты көздері жарқ етіп, Байсалға қадала қарады.

Бөжей Абай күйін
жақсы таныған сияқты еді. Байыптап қарап алып:

- Балам, жөніңді
айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің
бе?- деді.

- Бөжіке, әкем
емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..

Абай болса,
күндізгі өзін көңілдендірген күйін ұмытпаған болатын. Қарқаралының кейбір көше
қазағы естіген татулық жайын Бөжей, Байсалдар әлі естіген жоқ-ты. Жаңа, кешке
жақын ғана Алшынбай бұл үшеуіне кісі жіберіп, өз пәтеріне асқа шақырған екен.
Не сөз барын білмесе де соған аттаңып бара жатқан беті осы еді.

Абай жауабын
естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп, жақындады да:

- Әкең айтпай, өзің
білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым!..-
деді.

Байсал бұл сөзді
де жақтырмай сырт қарай беріп еді, Бөжей оның қозғалысын танып:

- Ей, Байсал,
сен бата бермегенмен, мынау болайын деп тұрған бала ғой,- деді де, Абайға
бұрылып:

- Ендігінің жүгі
сенде қалар, балам! Жолың болсын!.. Жалғыз-ақ өзгені берсе де әкеңнің
қаттылығын бермесін!- деп, бетін сипады. Абай да Бөжейге қадала қарап тұрған
қалпында бата қылып, бетін сипап еді...

Аттылар жүріп
кетті. Байдалы бағанадан үндемеген еді. Енді ғана Бөжейге қарап:

- Екі көзі
сексеуілдің шоғындай жайнап тұр екен өзінің...- деді.

Абай тұрып-тұрып
барып қана қозғалды.

Шын ба?, Шын
айтты ма? Жоқ әлде Байсалдың қаттылық, аямастық мінезі балаға ауыр тимесін деп,
жаны ашығаннан айтты ма? Бөжей не мәнмен мұндай жақсы бата берді! Ойда жрқтан,
оп-оңайдан, осындай таудай үлкен сый бола ма?.. Мырзалық па? Жоқ әлде Абайды аз
білсе де, тез танығаны ма? Үлкендер көрген, танығыш, сыншы ғой! Шынымен-ақ
танып айтқаны ма?.. Олай болса, Абай жаман кісі емес, жақсы кісі болмақ қой!..

Бұл жайды
ойлаған сайын балалық өзімшілігі қатты ырза болды. Абайдың іші ала қызып,
біртүрлі қуана серпіліп, тез-тез құлаш сермегісі келгендей. Әлдеқандай өріс
іздегендей.

Енді асыға жүріп
келеді. Күн қазір ымырт бопты, оны да жаңа байқады. Екі кеше адасып, пәтерінен
асып кетіпті. Мұны да жаңа білді. Қайта жүрді.

Ауылда жүргенде
қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір езгеше боп серпілтіп, өз
қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді...

Өзі салмаса да,
Абай қаршыға салған үлкендердің қасына өткен жазда көп еріп еді. Сонда ымырт
жабыла бергенде, апақ-сапақта, кеш қараңғылығы қоюланған сайын, көк қаршыға,
өрттей қаршыға, секунд санап жалындай шалқып, жайнай беруші еді... Абай өз
ойын, өз көңілінің күйін мына кеште дәл сол шабыттағы беті қайтпас қаршығадай
сезді. Бүгін біртүрлі сергектік, сезімділік бар...

Өзге күндерден
дәл бүгінгі күннің уақиғалары әлдеқайда бөлек. Күндізгі әкелер, әлгі, Шөже,
жаңағы Бөжейлер... Бір Қарқаралы қаласының алақандай аясының ішінде болғанмен,
осы адамдар арасы соншалық кереқар. Тіпті дүниенің төрт бұрышындай алшақ жатыр.
Бір жерде күш, бір жерде өнер, бір жерде мінез... Аралары және бітімсіз боп, әр
салада жатқаны несі!.. Бәрі бір орынға жиылып, ынтымақпен бір арадан табылса не
етер еді?..

Бұл ой Абайға ең
алғаш келген ой еді де... және тіпті өз ойы сияқты көрінді. Анығында: «ақыл,
қайрат...», «ақыл мен бақыт, байлық» дегендердің өзара дауы, таласы деген
«парсы, түрік» тіліндегі кітаптардан былтырлар бір оқыған нақыл әңгімесі
бар-ды.

Қазірде Абай
соны өмірден тапқанына да дән ырза... Өз ақылымен тапты... Тапты да: «Осының
бәрі бір жерде, бір кеудеде, бір адамның ішінде болмаққа лазым...» деп, өзгеше
бір сенімді байлау жасады. Осы оймен қатар, өзін осы Қарқаралыға келгелі қатты
өсіп, ұлғайып қалған кісі сияқты көрді. Талай жанды көріп, талай сөздерді
ұқты... Тіпті Шөже ақынды да өз құлағымен есітті.

Талай ру, талай
жерлерді де білді.

Тыстан аса
көңілді әсер алған Абай ымырт әбден жабылғанда Майбасардың пәтеріне кеп кіріп
еді. Ауыз үйде етігінің өкшесіне қатқан қарды Абай бүгін өзге күндерден
қаттырақ, ширақ текпілеп түсірді де, табанын жылдам-жылдам сүйкеп, сүйрете
сүртіп, төргі үйге кіріп келді. Екі беті кешкі аяздан қып-қызыл. Үлкен көзінің
ақ-қарасы ап-айқын боп, жалт-жалт етіп, ширақ бір оттылықпен қарайды..

Үйде Майбасар,
Жақып бастаған туған-туысқандар көп екен. Бағана тайдың етін жей алмай кеткен
жиын, енді шындап ниет қып, қайта тегіс жиылған тәрізді. Үлкен сары самауырды
жаңа ортаға алысыпты... Шайды «сорап-сорап» тартысып жатыр... Майбасар Абайдың
түсіне сүйсіне қарап:

- Абайжан!
Тоңған жоқпысың, қайда жүрдің! Кел, шешін, шай ішіп жылыншы!- деп, қағыла
беріп, өз қасынан орын босатты... Абай асықпай шешініп болып, шайға кеп отырды.

Жақып шайды
сілтей түсіп:

- Бол, бол!
Шайды тез-тез ішіп, әзір отырыңдар, жігіттер!- деп, барлық жиынды асықтырып
отыр екен.

- Рас, рас...
Қаратай! Ызғұттыдан хабар келісімен, жөнелу керек...- деді Майбасар да.

- Е, ас әзір, үй
әзір... «Жасығ» намазынан соң келеді,- деді ғой қонақтарды...

- Ол намазды жаңа
мешіт ішінде ұзақ оқитын да шығар...

- Е-е, енді
Хасен молда жаңа имам болғаны осы. Бұл намазды тез бітіре қоймас...

- Бәсе, «Ясин»
мен «Тәбарактің» бірін оқымай не бопты? Өзін мақамдап оқымай тоқырамас!- десіп,
күле түсіп Төлепберді, Бурахан, Жұмағұл сияқты жас жігіттер шайдан оп-оңай шыға
қойғысы келмей отыр...

- Өй, не
айтасыңдар, тәйір!.. Тез болыңдар! Өздерің жаңа мешіттегі намазға бармаймысың
әуелі?.. Майбасар, бармаушы ма ең намазға?- деп, Жақып қайта дегбірсізденді.

Майбасар дәл намаз
үшін онша асыға қоятын тәрізденбеді. Мойын бұра беріп күліп, Абайға қарап:

- Е, жаңағы
қалың жиынның ішінен мешіт ішінде орын тиеді деймісің, тәйір! Төріне кетсең
қонақ шыққанша үйге жете алмай қаласың... Онда Ызғұтты: «Қонақтан бұрын
келмейсің» деп, бауыздалып өлсін...- деді.

- Е, шығар ауызға,
жақын жерден-ақ сапқа кірсең болмай ма... Бармасақ ұят қой! Тіпті мырза білсе,
ұрсып жүрер!..- деп, Жақып күдік айтып еді:

- Мырзаңа
«бардық, оқыдық» деп өтірік айта саламыз...- деп жұртты ду күлдіріп Майбасар,-
жарықтық мешіт жақсы болғанмен, босағасында қайдан отырам... Намаз оқимын деп,
өңшең киіз төбе Бошан Қарашордың саптамасын күзетем бе?.. Соның жалпақ табаны
басқан жерге бас қоям ба?..- деп, намаз жайын біржолата қылжаққа сала бастады.

Абай Майбасардың
үп-үлкен басымен балаша қылжақтап отырғанына қызығып күле бастады.

Дәл мешіт
ашылғалы тұрған жерде және Қарқаралы елінің бар шонжарлары сонда жиылып, алғаш
намаз оқып, Құнанбайға алғыс айтатын сағатта Майбасардың былайша қылжақ еткенін
Жақып жақтырған жоқ еді. Ішінен: «Дағдылы, бейпіл ауыз, мінезсіздігі» деп
ойлады да, өзге көпке бүгінгі кештің ерекше кеш екенін ескертпек болды.

- Бұл мешіт,
біле білсеңдер, біздің мырзаға да, онан соң, осы отырған бәріңе де зор абырой
әперетін мешіт қой, жарықтық!- деді.

Майбасар бұл
тұста қайтадан нығызсып, дардия түсіп:

- Е-е, соны
айтсаңшы!.. Дұшпан атаулының аузына құм құймай ма бұл мешіт? Бәлем. Бөжей де
осыны сезген болар. Татулықты іздеген тәрізді ғой!- деді.

Татулықты кім
іздегені бұларға мәлімсіз еді. Бірақ Құнанбай айналасы: «Бөжей ығыпты! Бөжей
әлі жетпесін біліп, татулық сұрапты!» дегенді енді осылайша бастамай отырмайды.
Ондайды алдымен айтатын, әрине, осы Майбасарлар.

- Байғұс Алшекең
де дос-ақ қой! Біздің мырзаның анық тілеуі, адал жақыны сол бақыр ғой...- деп,
Жақып Алшынбайдың күндізгі мінезін еске алып еді. - Қызғанады... Абыройыңды
төре-қараның бар желаузы қызғанады, тіпті ұлық та қызғанады. Алдымен әлгі Майыр
қызғанады деді ғой... Дұп-дұрыс қой, мешіт салып, абырой асып, елді алып,
Еділді алып бара жатқан соң, өзімнен иығы асып ырық бермей кетеді,- дейді ғой
Майыр.

- Майыр, піскен
бас, қызғанудан бұрын әуелі Бөжей, Байсалдан параны да соқты ғой!.. Сол ғой оның
өктеп отырғаны, құлқынын танымаймысың?..- деп, Майбасар өзінің күндізден
байлаған шешуін айта кеп,- ал, енді Бөжеймен татуласу да осы бүгін кешке
болады. Осы намаз, осы астың үстіне олар да келеді, оны есіттің бе?- деді.

Дәл бұл арасын
Жақып та, өзге бұнда отырған жігіттер де естіген жоқ еді. Абай да білмейтін.
Бәрі де аз аңтарылып қалып, іштерінен Бөжейдің бүгінгі татуласа келетін пішінін
көргісі келді.

Майбасар осы
жайдың бәріне тоқмейілдене түсіп:

- Бар
жақсьілықтың басында әйтеуір бір Алшекең... Берген мал адал, адал ғой Алшынбай
аулына!- деді де, қасында отырған Абайға иіліңкіреп, төне түсіп:

- Ұқтың ба? Бәлем,
осы жолы бармай құтылшы қайныңа!- деп, Абайды тағы қолға ала бастады. Бірақ
Абай дәл осы жолы бұрынғыдай жасыған жоқ. Әншейінде, бұндай топ ішінде
Майбасардың осы қалжыңынан терлеп-тепшіп қысылатын болса, бүгінгі кеште олай
емес. Үйдің іші

Абайға қарап
ақырын күлісе бастады. Майбасар Жақыпқа қарап көз қысып отыр еді...

- Майеке, тағы бастадың
ба, бармаймын тіпті!..- деп, үлкендерге бұрылды да, күліп қойды.

- Өй, жаман!..
Жаман бола ма деймін осы шіркін! «Өлі-тірісін берген соң, өлі күйеу жата ма?»
деп, өзің қалайсың? Иегі ителгінің тамағындай боп үлпілдеп келін отыр анда
«Келмей кетсінші бәлем!» деп ол сені сынап отыр осы жолы. Өзің сүйекке намыс
болатын жайды ойламасаң керек мүлдем!- деп, Майбасар Абайды шындап айналдыра
бастады.

Абай әлі де
қысылмай, күле қарап Майбасарды мысқыл еткендей мырс етті де, арт жағында
тұрған домбыраны алып, даңғылдатып тарта бастады. Жауап қатқан жоқ.

Майбасар жауап
ала алмай аз отырып, қайтадан қадалып:

- Ал айтсаңшы!..
Қасыңа жолдас қып мына отырған барлық атпал жігіттерді ертем. Тек емеуірініңді
білдірші!- деді.

- Майеке,
қойыңыз дейім!..

- Уа, тіпті де
қоймаймын!.. Білдің бе?..

- Япыр-ау, осы
сізге түсер олжа бар ма? Тым құрыса, жеңге болсаңыз бір сәрі еді!..

- Жеңге болмасам
жеңгеден артық айызым қансын!..

Абай күліп жіберді
де, бір ерекше ойнақы тентектік тауып:

- Осы бір емес,
екі емес... шын қоймайсыз ба?- деп, домбырасын тоқтатып, алдына көлденең салып
Майбасарға қадала қарады. Күлімсіреп қараған үлкен көздерінде аса бір қызулы
жалын көрінгендей еді.

- Ал,
қоймадым!..- дегі Майбасар, «қайтер екен» дегендей ежірейе қарады.

Абай өзі көрген,
Шөженің қалпына салып, күлімсіреген көзін сығырайтып, басын жоғары көтере беріп
соқтырта жөнелді:

Уа, қой десе,
бір қоймайсын

Аз болды ма,
Майеке,

Осында көрген
қызығың?

Кертіп жеп-ақ
жүрсің ғой,

Қарқаралы
халқының

Жал-жаясын,
шұжығын.

Алған, жеген
аздай-ақ

Тағы бірді
тауыпсың.

Уа, Алшынбайдың
қызы кім?

Адақтамақ сертің
бе,

Осы өңірдің
елінің

Жүйрігі мен
жортағын?

Айтпай-ақ қойсаң
не етуші еді,

Сонда да бар ма ед
ортағың?

Гүж-гүждеп бір
қоймайсың,

Бұқасы ма ең
қашырар

Сол ауылдың
топырағын?

Біле білсең осы
сый

Жетер еді,
қайнаға,

Орайы болмас
қолқаның...-

деп сақылдап
күліп, Абай Майбасарға қарай жантая кетті.

Үйдің іші әрі
қайран боп, әрі сүйсініп, қарқылдай күле жөнелді. Майбасар қысылғаннан, үнсіз
ғана лекітіп күле беріп, Абай бітірген уақытта, басын шайқап, дымы құрып,
боқтап жіберді де:

- Қап! Қап! Мына
жаманның қылығын-ай!.. Енді қайттім, бәтір-ау?!- деді.

Абай күліп,
мысқылдап:

- Бол, айтатын
болсаң өлеңмен айт, Майеке, әйтпесе тыңдамаймын!- деп, басын шайқады.

- Ал, бәлем,
соңынан қалмайсың.. Алар сыбағаңды алдың ба?.. Шоқ!.. Шоқ!.. енді - деп, Жақып
қып-қызыл боп, ішек-сілесі қатқанша күлді.

- Қап, мына,
Шаншардың жиені!.. Ұлжан жеңешем-ау, сені бүйткізіп отырған... Бәлем, ауылға
барған соң сыбағаңды берермін шешеңе айтып!..- деді Майбасар.

Төлепберді,
Бурахандар да мына сөздің төркінін ұғып:

- Бәсе, нағыз
Тонтай!

- Тонтайдың
жиені ғой!..

- Сайқымазақ,
Шаншардың шаныспасы ғой мынау!- деседі.

- Уа, бұл өлеңді
бір жерден қойнына салып әкелді ме дейім?! Өлең айтушы ма еді бұл жаман?..-
деп, Майбасар әлі қайран боп отыр. 

Шынында Абайдың
өлең жазып, өлең айтатынын бұл үлкендердің көрген, сезгені осы ғана. Абай
өзінің қалжыңынан мұндай үлкен әсер болады деп ойлаған жоқ еді. Енді қайтадан өз-өзінен
қысылыңқырай бастап:

- Өз өлеңім
емес,- деді мынау үлкендердің шамасын біраз қылжақ еткендей боп,- бағана кешке,
Шөжені көріп ем, соның өлеңі,- деді.

Үйдегілер
нанар-нанбас боп жапырлап сұрастыра бастағанда Абай бір қалыпты күлімсіреген
жүзбен сыр білдірмей отырып:

- Осында бір
Майбасар деген ағам бар. Күнде сүйтіп маза бермейді, соған жауап үйретші деп
ем, сол кісі үйретті,- деді.

Шөженің бағанағы
мысқылшыл, ойнақы, ащы күлкісі Абайдың қазір көз алдында. Жаңағыдай Майбасарды
жайратып салғанына Абай өзі де ішінен қатты ырза болатын."Шөжеге
ұқсадым-ау!.. Шындап ұқсай алар ма екем?!"- деп, ішінен қызғана құмартқан
жай бар-ды. Үй іші мұның «Шөже» деген сөзіне шала нанып, жаңағы оқыс мінезіне
әлі тамашалап отырғанда, сыртқы есік ашылып, жылдам басып Қарабас келді... Дырду
тез басылды. Қарабас үйге басын сұға бере, табалдырықтан аттамай, даурығып:

- Болыңдар! Намаз
бітті! Қонақтар мырзаның пәтеріне беттегелі жатыр... Қаратай мен Ызғұтты
жетсін!- деді. Ал, тегіс, шапшаң!- дегенде, үйдегі жұрт дүрк тұрып, асығып
киіне бастады.

Абай неғыларын
білмеді. Өйткені Жақып бұған: «Сен қонақ күтіп табақ тасуға жарамайсың, ал әкең
қасында үлкен кісілермен тағы да отыра алмайсың... Орын тар болар. Одан да
бүгін осында жатсаңшы!»- деген.

Абай өзі де
осыны «тапқан ақыл» екен деп еді. Бірақ Майбасар мен Қарабас:

- Е-е, ең
болмаса қонақтарды көріп, сәлем беріп қайт!

- Мына шаһардың
көп қонақты қалай сыйлайтынын көріп қайт!..- дескен.

Өзге жұрттан
кейіндеп қалса да Абай жаңағы соңғы сөздерді біраз орынды көріп, ақырын аяңдап
әкесінің үйіне келді. Жалғыз келіп еді. Өзге барлық үлкендер киіне сала асығып,
қалбақтап, жылдам басып кеткен екен.

Ұзақ намаздың
артынан түнгі асқа қарай шабыттанып қозғалған жұрт Абай келгенше тегіс орналасып
қалған тәрізді.

Қора ішінде
күтушілер, аспазшылар болмаса, өзге жүргіншілер жоқ. Бірақ қақпаның іші-сырты
толған ерттеулі ат екен. Түнгі аязбен үстері қылауланып, шаңытып тұр. Әдемі
шана мен қамыт-саймандары сықырлай түсіп, жегулі дара аттар, пар-пар аттар да
көрінеді. Ылғи жақсы жеңіл шаналар... Бұл қала байларының аттары болу керек.
Сеңсең тондарына оранып, шана ішінде қалғып отырған бірен-саран көшірлер де байқалады.

Үлкен ағаш үйдің
қораға шығатын кең есігіне қарсы кішілеу ас үй бар еді. Соның есігі дамыл
таппай ашылып-жабылып жатыр екен. Табақ-табақ ыстық асты жаңағы Майбасар
пәтеріндегі жігіттер жүгіре басып тасып жүр. Асүй мен қонақ үйдің арасында
Майбасар, Жақып та қарбаласады. Үй ішінен қонақ қасынан бұларға да орын тимеген
екен.

Барлық ас жақты
басқарып жүрген Ызғұтты.

Ол:

- Былай... Бас
аяғыңды!.. Әпкел! Бол!.. Бол шапшаң!- деп, Майбасар, Жақыптарға да шолақ-шолақ
бұйрықтар береді. Жеңіл пешпет ішік киіп, білегін сыбаныңқырап алған Ызғұтты
аңшыдай шапшаң, ықшам. Құнанбайдың бүгінгі қонағынан аяған жаны жоқ сияқты.

Абай үлкен үйге
кіретін есікке тақай бергенде, қарсы алдынан Қазақпай жүгіре шықты. Ас үйге
қарай ұшып барады екен. Оған жол беріп, енді кіре берейін деп еді, арт жағынан:

- Былай, былай
тұр!..- деген Ызғұттының қатты бұйрығы естілді.

Екі қолдарына
екі-екі үлкен жасаулы табақтар алып, Бурахан, Төлепберді, Жұмағұл, Қарабастар
келеді екен. Абай тағы тоқтап жол берді. Дәл қасынан буы аспанға шығып,
табақ-табақ ет өтіп жатыр. Ылғи бір түрілген қазы, төңкерілген жас құйрық, сары
алтындай балқыған жал, желін майлар... Әрбір екі табақтың бірінде, әлгінің
үстіне бір-бір қоңыр бас орнапты. Бұларды кіргізіп жіберіп, Абай енді үйге
қарай қозғалайын деп еді, үй ішінен тағы бір нәрсемен қарбаласып, Қаратай шығып
келеді екен. Ол Абайды тіпті қағып кете жаздады.

- Өй,
тұздықтарың... қайда?.. Жеке қоятындарың қайда?..- деп келеді екен.

- Бар! Бар
тұздық! Әне! Міне келеді!- деп, Ызғұтты Қаратайды қайта қайырды. Абайды бұл
екеуінің есік алдындағы қарбаласы тағы кіргізбеді.

Бағанадан бері
кірген-шыққанға есік ашушы сияқты боп тұрғанына Абай ыза болып, енді Ызғұттыны
ығыстырыңқырап үйге кірді. Бірақ кіре-бере Ызгұттының шынтағын қағып қалып еді.
Бұған сырт қарап тұрған Ызғұтты жаңағы тұздықты бөліп құйып тұр екен. Қозғалып кетіп,
тұздығының біразын жерге төгіп алып:

- Өй, тәңір
алғыр!.. Бұл кім өзі?..- деп ашумен сырт айнала беріп, Абайды көрді де:

- Өй, Абай,
сенбісің?.. Ай шырағым-ай, бір тыныш жерде отырсаң етті!.. Бұл қарбаласта не
бар еді саған?..- деді.

Абайдың мұнда
келгенін жалғыз Ызғұтты емес, өзгелер де онша мақұл көрмеген сияқты. Бұны
қорғайтын қабақ байқалмады.

Жалғыз-ақ, бір
тәуірі, бөтеннен ешкім жоқ екен. Бұл үй тегі кісі отыратын үй де емес, далан
сияқты еді. Бөлменің едені мен іргесі толған, жапырлап тізілген кебіс, калош,
саптамалар екен.

Осы кіреберіс
бөлмеден төрге қарай және оң жақ, сол жаққа қарай бірнеше бөлме бар еді. Дәл оң
жақтағысы Құнанбай жататын үлкен бөлме... Сол үй жақтан зор дауыспен көңілдене
сөйлеп отырған Алшынбай, Майыр үндері келеді... Тұтасқан қатты күлкі де естіліп
қояды. Кеңінен көсіліп, күлдіргі сөздер айтып отырған Алшынбай сияқты. Төрдегі
бөлмелер екеу еді. Онда да жағалай тізіліп, малдас құрып, сығылыса отырған
қонақтар екен. Бұндағы қонақтың көбі қаланың татар саудагерлері, қазақ байлары
және тап ортада жаңа мешіт имамы Хасен молда көрінді. Бұл бәлме әлгідей емес,
ақырын сөйлеп, аз күледі. Ылғи бір бой тежеп сыпайылық бағып отырған ауыр
кісілер тәрізді. Сол жақтағы бөлмеде Бошан, Қарашор руларының жуан-жуан
атқамінерлері мен бірнеше төрелері бар екен. Ол бөлме де даурығып сөйлегіш,
бірін-бірі мысқылдағыш, күлегеш, қызу бөлменің бірі көрінді.

Абай қонақүйлердің
есік-есігінен бір-бір қарағаны болмаса, ешқайсысына кірген жоқ.

Бір есептен, осы
аралық бөлмеде қалып, жан-жағының бәріндегі өзгешеліктерді ести тұрудың өзі
жақсы. Тек ашуланшақ Ызғұтты тағы қақпайламаса болғаны.

Бір бұрышта ұмыт
қалғандай боп, жалғыз серейіп қалған орындық бар екен. Абай соған отырып, табақшылардың
асығыс, қарбалас қимылдарына қарайды.

Жеті-сегіз жігіт
бағанадан бері әлі күнге шейін табақ тасудан дамыл алған жоқ...

Үлкен-үлкен төрт
бөлменің бұл сағаттағы мешкейлік қарекеті қалың топыр, қан жайлаудағы бәс пен
астан бір кем емес. Бағанадан бері бірнеше ту бие, қысыр тай, төл емген жабағы,
талай-талай ісек, ту қойлар жұтылған болар.

...Бір уақытта
табақшылардың әбігері қайтадан қыза жөнелді.. Бос табақтар бөлме-бөлмеден
сумаң-сумаң шығып, тағы да ас үйге қарай тайпия қалқып кетіп жатыр... Сол бос
табақтардың ең соңғылары Құнанбай бөлмесінен шығып бола берген кезде асүй жақтан
тағы-тағы қайқайма табақ палау қаптады... Оның да беті булана түсіп, қызара
бөртіп: «Мені қайтіп жемейсің, мені қайтіп тастайсың?» деп келе жатқан сияқты. Ауызүйде
ешкім үн шығарып сөйлемейді. Құнанбай жігіттеріне Ызғұтты үйреткен тәртіп сол
болу керек. Үш есіктің тұсында қазірде Жақып, Майбасар, Ызғұтты - үшеуі тұрып ап
табақ жақындай бергенде, қонақүйдің есігіне қарайды да, табақшыларды үндемей
нұсқап, рет-ретімен кіргізіп жібереді.

Палау...
Палаудан соң үзім суы, одан әрі шай... Әйтеуір ел жататын уақыттан асып, қалың
ұйқының бір мөлшеріне барғанша төрт бөлме дамыл алмай, болдым демей жеп, жұтып,
ішіп жатты.

Абай есінеп,
түрегеліп, енді Майбасар пәтеріне қайтпақшы еді. Әлі күнге мұнымен бірауыз
тілге келер ағайын жоқ. Күтушілер әлі де сол алғашқы қарбаласта.

Тиін ішігінің
түймесін салып, енді сыртқы есікке қарай баса бергенде Абай Құнанбай бөлмесінен
шырқай шыққан үн есітті.

Табақшының
біразы да бұған елең етті. Абай да барып, есікті біраз ашыңқырап қарап, көз
салды... Шоқша бурыл сақалы бар, жал тұмсық, сұр жүзді бір кісі екен. Домбырасын
безілдете ойнақшытып, зор қайырманы басып ап, содан әрі домбыраны көлденең
салып қойып, тақпақтай соғып, желдірте жөнелді...

- Бұл кім?..

- Бұл қайсысы?..

- Қай ақын?..-
дескен үндер өзге бөлмелерден де және табақшылар арасынан да естіліп еді..

Құнанбай
бөлмесінен ауызүйге қарай басын шығара беріп, Қаратай:

- Балта, Балта
ақын!- деді.

Жанынан шығарып,
сілтеп отырған, Алшынбай қасында жүретін Балта ақын екен...

Алған жарын
жамандап,

Асқанды қайдан
табарсың.

Ақ тоныңды жамандап,

Атылас қайдан
табарсың?

Өз басыңды зор
етіп,

Теңдес қайдан
табарсың?

Ағайынды жат
біліп,

Жақынды қайдан
табарсың?

Араз болсаң
еліңе,

Жамандық айтар
хабаршың.

Тату болсаң,
ағайын,

Сонау қатын-балаға

Сүйінші айтар
хабаршың,-

деп тоқтады. Үй
ішінен:

- Пәлі, пәлі
сөзіне!..

- Бәрекелде,
әбзел сөз!..

- Уа, сөз төресі
осы да!..- деп, даурығып, мақтау айтып жатқан Алшынбай, Қаратай, тілмаш үндері
келді.

Осындай үлкен
ауыр жиында мынадай суырып салма сөз және аразды табыстыратын бітім, жамау сөз
Абайға бір алуан қызық сияқты көрінді... Ол тағы: тыңдай түсейінші деп,
ентелеп, бағанағы орындығын әкеліп, осы арада отыруға бейімдеп еді... Бірақ
ақын жыры қайта шықпады.

Үй іші қайтадан
томсарыңқы қоңыр әңгімеге кірісті.

Абай Бөжейдің
пішінін жаңа жақсылап көрді. Ажарында ашу жоқ. Бірақ соншалық ашық-жарқын,
сауық, қызық та жоқ. Салқын, тыныш қана, тартымды сабыр бар екен...

Құнанбай
пішініне Абай көзі түсіп еді, ол жинақы боп, әр нәрсеге сергек қарап отыр екен.
Күлкі, сауыққа ол да оншалық бой ұрайын деп отырған жоқ.

Бұл үй әңгімесін
қоңыр кеңеске айналдырған Алшынбай мен Баймұрын. Еңгезердей үлкен бойлы, сары
Баймұрын Бөжейді татуластыра әкелген кісі болатын. Қазір Алшынбай екеуі ғана
сөйлейді. Өздері үшін емес, Құнанбай, Бөжей сияқты екі жақ үшін сөйлейді.

Абай, Балтаның
жыры тоқтап, салқын кеңес басталғанын көрген соң, есіктен қайта бұрылды. Осы
уақытта Қаратай ауыз үйге шығып, Ызғұтты мен Майбасарды шақырып ап:

- Татулық болды,
татуластырды! Алшекең мен Баймұрын екі жақтың да бар сөзіне ие боп өздері сөйлеп,
өздері шешіп отыр. Осылай етіңдер деп мырза да, Бөжей де ерік беріп еді!- деді.

- Ал, байлау не
болды?.. Тынымы не болған екен?..- деп, Майбасар ентелей түсті.

- Тынымы да өзгешелеу
болды білем... Араларың алыс болса, қыз алысып, құда болысыңдар дер едік.
Ағайынсың, жақынсың бірақ сол жақындығың қайта жаңғырсын! Екеуің бала
алысыңдар! Бөжей Құнанбайдан бала ауысып, баурына салсын. Сүйтіп, иістерің
аралассын!- десті.

- Осыған
тоқтасты ма?..

- О не қылған
бала?.. Өзінен туған бала ма?..- деп, Майбасар, Жақып қайталай сұрасып еді...

- Тәйірі, айттым
ғой!.. Өз баласы!.. Асырауға алады!..- деп, Қаратай асығып қайта кетті...

Абай мына
байлауға қатты аңырып, аң-таң болумен бірге, ішінен біртүрлі түршігіп қалды.

- Қай бала?..
Кім беріледі?.. Оспан ба, Смағұл ма?..- деп, еркек балалар беріледі екен деп
ойлады. Жаңағы атаған екі інісінің ешқайсысын да ана қойнынан алып, өзге жаққа
жіберуге қия алатын емес...

Ана қойнында
уайымсыз, жазықсыз жатқан інілерінің біреуінен өлі айрылғандай көрді.

 

4

Осы кештен
жиырма күндер өткен мөлшерде Құнанбай елге қайтатын болды.

- Құдай бұйырса,
ертең аттанамыз. Жол жарағы сай болсын! Ошарылып бөгеп жүретіні болмасын!..
Атқа ерте қонайық!- деп, Құнанбай Қарабас, Ж ұмағұлдардан хабар таратты.

Осы сөз
шығысымен Құнанбайдың өз қасындағылар да және Жақып, Қаратай пәтерлеріндегі
Тобықты атаулының барлығы да соңғы бір күнді қарбаласпен өткізді...

Елге қайтудың
хабары бұл топтың жас-үлкенін тегіс сергітіп, қуантқан еді. Әсіресе елді қатты
сағынған Абай болатын.

Ол соңғы уақытта
Жидебайдағы шешелерін, ауыл-аймағын түсінде де көре беретін. Барлық пәтерлерде
бүгін әбігермен қатар, күлкі, қалжың, қуаныш та көп.

- Жүреміз...
Жақында қайтамыз!- деген сөздің естілгеніне бес-алты күн болғандықтан, бұл
жұрттың ат-тұрманы әзір-ді. Жалғыз-ақ Қарқаралыда ұзақ тұрғаннан бері мінілмей,
жемде ғана тұрған семіз сәйгүлік аттары майланып кеткен болатын. Соңғы бір жұма
бойында сондай аттардың аз-аздап терін алып, ішін тарттырып, суытып, таң
астырып, қыстың ұзақ жолына сартап қып алмақ қарекеті де болатын. Абайдың
қайтар жолда мінбегі «Аймаңдай» деген бір қара жал, қара құйрық, сұлу құла ат
еді. Аяңшылдан жол жорға боп кеткен, жүрдек, әсем, нағыз бозбаланың аты.

Өзге үлкендердің
атымен бірге бұл да бөлек бір қорада бағылатын. Абай жүріс хабарын білісімен
Аймаңдай атты көргелі келді. Маңдайының төбелі шын-ақ айдай боп жарқырап, басын
шұлғи түсіп байлаулы тұр екен. Абай көптен мінбей және көп күннен бері көрмей
де жүрген еді. Атын да сағынып қапты. Таңертеңғі аяздан қырауытып тұрған жалы мен
жонын бір уыс шеп алып сипап, сүртіп тастады. Содан кейін, көп үлкендердің
дағдысы бойынша, Аймаңдайдың жалын ұстады. Абайдың саласы ұзын, ашаң қолын
Аймаңдай аттың қазіргі жалы кере түсті. Құла ат та қатты семіріпті. Абай шегіне
түсіп, бүйірден бір байқап қарап еді, жоны да жұмырланыпты. Үлпершек майы да
білеуленіп, білініп тұр екен.

Атына қайта
жақындап кеп, мойнын құшақтап қысыңқырап тұрып:

«Ертең емес,
бүгін-ақ, қазір-ақ жүрсек етті!» деп ойлады. Ер-тоқымды жайлы қып ерттетіп,
қалың ат көрпені баптап салып, тымақтың құлағын шарт байлап ап Абай атына
мініп, қорадан шықты.

Әрдайым тізгінін
созып жіберіп, басын шұлғып тастап көңілді аяңдайтын Аймаңдай, бүгін тіпті
жеңіл басып, дәл жел қайықтай лыпып тұр екен. Осы күні кешке шейін Абай атынан
көп түскен жоқ. Жұмысы жоқ болса да қаланың шетіне бір шығып кетіп, базарын бір
кезіп, Тобықтылар жатқан пәтер-пәтерді аралап жүрді.

Түс кезінде
әкесінің қасынан түстік жеп, шай ішіп, қайта аттанып, тағы да базарға барды. Бұл
жолы қасында Ызғұтты бар еді. Құнанбайдың ақшасы Ызғұттының жанында болатын. Ас
уақытында Абай әкесінен ақша сұрағанда, әкесі Ызғұттыға бұрылып:

- Базарға ертіп
бар да, шешелеріне, інілеріне алатын базарлығы болса, өзің таңдап алып бер!-
деген.

Екіндіге шейін
Ызғұтты екеуі талай дүкенді аралап жүріп көп нәрсе алды. Әсіресе, кәрі әжесі
шайшыл, қағаз шайшыл болатын. Абай сол шайдан бастап, қант, кәмпит, мақпал,
дүрия сияқты көйлек, камзолдық нәрселер алды.

Өзінің артына
бөктерген үлкен қоржынның екі басы әбден сықап толған соң, содан асқан
нәрселерді Ызғұттының қойны-қоншына тыққызып алып, кеш бата әкесінің қасына
қайта кеп еді.

Жүрер алдында
өзге жұрттың да қам-қарекеті осы сияқты шаруалар болу керек.

Ертең жүретін
Құнанбайды Майыр, тілмәш, старшын, билер бүгінгі кеште тағы басып жатыр екен.
Абай әкесі отырған бөлмеде болмай, басқа бөлмеде, Қарабас, Ызғұттымен қоржындарын
тіктіріп, жолға әзірленумен болды.

Жатар уақытта
ғана Құнанбай қасынан қайтқан Майырды Ызғұтты шығарып салып қайтып еді.

- Мырзаның
дүниесін кім қызықтамаған, ең аяғы піскен бас Майыр да жаңа бір қарбытып асап
кетті!- деді.

- Немене, мал
алды ма, ақша ма?- деп, Қарабас сұрастырып еді.

- «Ұлықсың ғой,
көрнекті боп жегіп жүр!» деп, анау Берікқарадан келген үш қара атты берді.
Ақшалай бес жүз сомды тағы асатты!- деді...

Соңғы күндер Құнанбайдың
бергені жалғыз бұл Майыр емес. Тілмәш та бірталай алған. Әсіресе кешегі күнде
қырық-елу қараны Алшынбай аулына да Майбасар мен Қаратайдан айтып жіберіп еді.
Абайлар жата бергенде, түнделетіп олар қайтып келді. Ертеңгі жүрісті бөгей ме деген
солардың кешігуі еді. Енді олар да жетіпті.

Осыдан екі-үш
күн ілгері, Майбасар Алшынбай аулына барардан бұрын Абайды тағы қажап көрген...
Бірақ анада Абай өзін күлкі қып, қатты тойтарып тастағандықтан, енді туралап
айтпай, қиялап кеп: «Келіннен ұят болды-ау!»- деп еді.

Ызғұтты сияқты
үлкендерді көмекке шақырып, соларға айтқандай боп айтып еді. Абай онда да:
«Бармаймын» деп, бір-ақ қайырған... Сонымен қайынға бару әңгімесінен Абай
арылған-ды...

Құнанбайдың
жүріске байланғаны Абайды қазір қайындатайын демегені болды. Енді ертең жүреді.
Бірақ төсекке жатып, ұйқыға кетер алдында Майбасарды қайта есіне алып, оның
Ділдә тұрған ауылға барып қайтқанын ойлап Абай ең алғаш рет өз қалыңдығы туралы
құпия, ыстық бір сезімді сезгендей еді.

Бармады... Бірақ
көргісі келуші еді... Қандай екен? «Иегі ителгінің тамағындай» деп Майбасар
суреттеген, Абай көз алдына ителгі, қаршыға, тұйғын сияқты қырандардың сұлу
мойындарын келтіріп, шынымен сондай нәзік, ақшыл тамақ иектердің болатынын
ойлады, бір бүгін емес мұның алдында да бірнеше рет, Ділдә жайын өзгеше бір
толқынмен ойлаушы еді.

- Барса нетер
еді?- деп, әлдеқандай белгісіз бір қызумен ойы тұмандайды. Бірақ Майбасардай
қатаң, тұрпайы адамдардың мінезі мұның ойындағы құпия сезімін аямай қылжақ ететін
тәрізді. Олардың тілеуі мен қақпайына еру - өзін-өзі аямау. Қадірлі, қасиетті
сырын былғау сияқты. Ділдәні бұл іздейді. Іздегенде «қайындау» деген сияқты ырым-жырымы
көп, ыңғайсыздығы көп жолмен іздегісі келмейді. Ол ұялтады!.. Сондықтан баруға
бата алмайды.

Осындай екіұдай
көңілмен көп аунақшып жатып ұйқыға кетті. Ертеңінде, Құнанбай айтқандай-ақ ерте
аттанысты. Әрбір топ өзді-өз пәтерінен жеке-жеке шоғыр болып шығып, қала
сыртында тоғысқан.

Қаладан
Құнанбайды шығарып сала келген старшын, би, төрелер де көп екен. Жиыны жүз
шамалы кісі боп, біраз тоқырап тұрысып, ақыры: «Қош, қош, мырза!.. Жолың
болсын!.. Сапарыңды оңғарсын!» дескен тілектермен қалды да, Құнанбайдың отыз
шамалы тобы Тобықтыға қарай тартты.

Қарқаралыдан Шыңғысқа
шейін жүретін жол ұзақ. Жердің алыстығынан басқа, қар қалың, жол да ауыр
болатын, Ой-қырдың баршасы да сіреу боп, қыс көрпесін қалың жамылыпты.

Арқаның дағдылы
қатты желі биыл қыста да көп соққан. Кейде бір жұма, кейде тіпті он күндей
айықпай, ақ боран боп түтеп тұрып алған кездері болған.

Ақпан, қаңтар,
бірдің айы - баршасы да қазір Абайлар жүріп келе жатқан сар дала, қоңыр адыр,
сай-сала, қорық-қойнауларға өздерінің ақ ирек, сар-кідір омбыларын, оқаптарын,
мұздақ жалтырларын жапқан көрінеді. Қарлы оюлар, ышқынып соққан жел іздерін
дәлелдейді. Даңғыл қара жол жоқ. Көп аттылар, тегіс қатар жүру былай тұрсын,
тіпті үш салт аттының қатар жүретін жерлері де оқта-текте кездеседі.

Сол себепті
барлық жүргінші қайтқан тырнадай, ұзақ салқар көштей боп, ылғи шұбалып, тізіле
жүріп отырады.

Жолаушылардың
маңдай алдында Құнанбайдың өзі. Астында семіз сары жорға аты бар. Арт жағы
тегенедей жұмыр келген, ақ жал, Сары жорға ат көп жорғадай күдіс емес.
Қабырғалы, жазаң және зор болатын. Құнанбайдың қалың жылқысының ішінде әрдайым
ұзақ жолға, әсіресе, қысқы жолға мінетін аты осы еді. Үстінде қара құлын
жарғағы бар, күміс кісе буынған, қара мақпалмен тыстатып, қызыл түлкі тымақ киген
Құнанбай сырт жағынан қарағанда, тіпті зор, көрнекті еді. Қара жарғақ сары атқа
жақсы жарасады. Тайпалған қатты жорға өзге жүргіншінің бәрін сар желдіріп
келеді. Абайдың Аймаңдайы кейде Құнанбай жүрісі баяуласа, жол жорғасын салады
да, сары жорға қатты тайпалып кетсе, амалсыздан желе жөнеледі. Желісі бір түрлі
қатты, мазасыз.

- Ойпыр-ай,
желісінің қаттысы-ай!.. Дәл бір бөренеге мінгізіп қойып, солқ-солқ ұрып отырған
сияқты,- деп, Абай Қарабасқа Аймаңдай аттың жүрісін шағып қояды. Шынымен
алғашқы күнгі жүрісте Абайдың іші-бауыры солқылдап, етегін де қымтай алмай,
икемі кетіп отырды.

- Іштеңе
етпейді. Аздан соң етің қатып, үйреніп аласың... Етегіңді қымтап отыр!..- деп,
Қарабас ақыл айтып қояды.

Абайдың еркіне
салса, асықпай жол жорғамен жүрер еді. Бірақ елге жету үшін бірнеше күнді санап
ап, сол мөлшерде жетем деп тартқан Құнанбай жүріс шамасын өзгеге билететін
емес... Жолды-жолсыз жердің барлығында суыққа қарсы қасқарып ап, топты бастап
келе жатқан себебі де сол. Әншейінде аямайтын атшылар мен шабармандарды да алдына
салмайды.

Осы жүріс бір
бүгін емес, талай күндік жолдың бойында үнемі осылай боп отырды. Бірақ күндізгі
уақыттар Құнанбай асығып, суыт жүргенмен, жолдағы белгілі-белгілі ауылдарга кеп
түскенде үнемі тез аттана алмай қалады. Жол бойындагы Шұбартау, Абыралы,
Дегелең сонан соң,

Шыңғыстың батыс
жақ сілеміндегі Тобықтының шеті болсын, баршалық қоналқаға түскен ауылдары
Құнанбайды қажыдан келе жатқандай қарсы алады.

Бәрінде де
ақсақал, атқамінер, молда, сопының аузында: «Мешіт, мешіт». Кейбір
жағымталсыған кәрілер: «Қарадан хан тудың!» деп, «Қырғында қылау салмай
шықтың!» деп, «Қоңыраулы бұйра нардай болдың?» деп, көпе-көрінеу қошемет,
жорғалық та істейді. Құнанбай аттанып кеткенге шейін мұндай ауылдар «құрақ
ұшып», қалбақ қағып күтеді. Жол бойындағы осы бірталай ауылдардың атқамінер
адамдары Қарқаралыда дәл қыс - ішінде Құнанбай алдында болып, дау-шарын бітіріп
қайтқан екен. Ақы төлеуін, айып-анжысын алып, есебін айырып, егескен жерлерінен
Құнанбай арқылы ош алғандары да бар екен.

Шұбартау,
Абыралы ішінде төрт-бес жерде осындай ауылдар Құнанбайды аттандырар кезде,
оңашарақ шығарып ап, жүрістен бөгеп, жасырын сөйлесіп те қалады. Және сондай
ауылдың барлығынан жетек аттар, ту биелер қосылып қалады.

Осындай олжадан
түскен екі қара жорға, бір қызыл ат, тағы үш торы ат, қазірде Қарабас сияқты
атшылардың жетегіне ілесіп жүретін болды. Абай бұл жетектерге таң қалса да,
алғашқы күндер көңіл бөліп, мәні-жөнін ескерген жоқ. Бірақ ілгері жүріп,
Тобықтыға қарай басқан сайын осы жетек молая берді. Әрбірден соң қосарына жетек
ат алмаған жүргінші бірен-саран-ақ боп қалды. Тобықты шетіне ілінер кезде осы жылқылардың
саны он беске жетіп, енді жетек емес, топталып, жеке айдалып отыратын болды...

Мұның бәрі аға
сұлтан сапарының «олжа мен сыйдан қоюланып келе жатқанына» айғақ еді. Құнанбай
ауылында дәл осы күнде құмалақ салған кісі болса, жүргіншілердің «Бүйірі тоқ,
қанжығасы берік, қос-қосардан олжасы бар!» дер еді. Жорыққа аттандырған
барымташыға түсетін құмалақ бұларға да түсер еді.

Қоналқа жерде
бөгелгені болмаса түстікке аялдамай, күндіз баласында үнемі суыт жүріп отырған
топ Қарқаралыдан шыққанына жетінші күн дегенде, Шыңғыс тауының батыс жақ
тұмсығына кеп ілінді. Осы жетінші күні Құнанбайлар Төлепберді мен Қамысбай,
Бурахан - үшеуін қуып жетті. Абай олардың неге бұрын кеткенін білген жоқ-ты.

Алдағы бір сар
жотадан қалың жылқы айдап бара жатқан топты көргенде, Майбасар:

- Әне, анау сол
біздің жігіттер болар!- деген.

Айтқандай сол
жаңағы үш жігіт, Құнанбайдың мал айдатқан адамдары екен. Олардың алдында жүз қаралы
жылқы бар. Өңшең бір төңкерілген доға жал ту бие мен ылғи іріңдей, ірікті аттар
екен.

Қарабас айдап
келе жатқан он бес ат та осыған қосылды.

Құнанбай жылқы
ортасына кеп, айдаушылармен сараң амандасты да, азын-аулақ бөгеліп, тұрып
қалған еді.

Абай қатты бір
күдік ойлап, Қарабастың қасына келіп сұрастыра бастады.

- Бұл не қылған
жылқы? Кімнің жылқысы өзі?

- Е, олжа,
әкеңнің олжасы емес пе?

- Олжа не?
Кімнен алынған?

- Өй, тәйір,
баламысың?.. Әкеңнің қол астына қараған халық аз ба? Қарқаралыда күні-түні
басып жатқан қара нөпір ел, кәне... Сондағы еңбек үшін ақы алмай ма? Текке
істей ме?- деді.

Абай бұдан әрі
сұраған жоқ. Бірақ барлық өзгеше жайды ұғынып, өз-әзінен қысылды да, қып-қызыл
боп кетті. Дәл қасында жүргенмен, мынау әкенің, мынау барлық үлкеннің қиын
сырын сезбеген екен.

Шөже есіне
түсті... «Ортасын дарияның қарға шоқыр...» деп еді.

Шөже Құнанбайдан
алыс, шалғай жүргенмен, бар сырды біледі. Білгендіктен соны айтқан екен ғой.

«Не деген ұят?»
деп, Абай көңілі әсіресе, Шөжеден ұялғандай болды.

Жүргіншілер тағы
да соқтырып жүріп кетті. Абай желіп келеді. Бүгін бұлар Қарашоқыдағы Күнкенің
ауылына да жетпек. Туған-туысқан баршасын осы кеште көреді. Бірақ көптен
асықтырған сағыныштың өзі де Абайдың жаңағы ауыр сезімін айықтыра алмады.

Ойлап, бойлай
берген сайын тағы талай құнсыз істер тапты. Алшынбай ауылына жіберілген елу
қара да осы шоғырдың бір бөлегі. Қалың мал... Абайға әперетін келіннің қалыңмалы
да бұлдырдан...

«Иегі ителгінің
тамағындай» деп қызықтырған, асықтырған қалыңдық? Ділдә!.. Мұның жары! Не боп
барады!.. Көңілдегі қандайлық күнәсіз дүние кірленіп, жүдеп, нәрсіз боп
барады... «Жар! деген ат та соншалық жазықсыз қалпынан, қасиетті орнынан
осындай боп қор болады екен!» деп ойлады. Абай өзі үшін де, Ділдә үшін де
наразы боп кетті, наразы ғана емес, ашулы еді.

Парақорлық -
кітап айтатын күнәнің үлкені... Парақорлық бұрынғы Кеңгірбай сияқты атақты
бидің де сүйегіне басылған таңба еді. Өшпес міні, кешпес сұмдығы сол болатын.
Ол әсіресе қысылған жандардан, жазықсыз жұрттан түсетін жем. Көпшілікке
айтқызсаң, Барлас, Шөжелерге айтқызсаң - ол ең бір кешірілмейтін күнә...
Абырой, атақ әперіп отырған «құдай үйінің» өзі де көптен-көп осындай малдан
салынбады ма екен?..

Парадан жиылып
та мешіт боп қалқиып тұрады екен. «Арамнан салындым» деп қаусап қалмайды. Оның
ішінде де құдай аты аталып, пайғамбар атынан «құтпа», «уағыз» сейленеді.
Сәлделі имам көзін сүзіп, «тәбәрәкті» созып, «Бұқар мақамын» күңірентеді екен.
Жақсы көрдім деген баланың, жақсы тілеумен айттырдым деген келіннің ақ тілеуі,
ақ күмбезі де жем-парадан үзік жамылып, жем-парадан шымылдық тігіледі екен».

Осы күні кешке
Қарашоқыға жеткенмен, Абай әке қасында, Күнкенің ауылында қалған жоқ. Қасына
Жұмағұлды ертіп ап, Жидебайға қарай асьңа жөнеліп, жол бойы ылғи шауып, жортып
отырды.

Терезе түбінен
қатты жүрген аттылар өтіп, ауыл иті шабаланып үріп қоя берген уақытта үйдегі
шешелер ояу еді. Кешкі астарын ішкен де жоқ екен.

Бойы ұзарып,
ірілеп қалған, беті тотыққан бала жігіт сәлем беріп кіріп келді. Байсалды бір
үлкен жолаушыдай боп, қалың киім киген. Салмақпен басады. Осындай тұтқиылдан
Абай кеп кіргенде Жидебайдағы үлкен үйдің іші қатты қуанып, шу етіп:

- Абай!..

- Абайжан!..

- Қарағым!..

- Қоңыр қозым!..
Абайжан!- деп дабырлай сөйлеп, ерекше шат боп қарсы алды.

Үй іші тегіс
аман-сау!.. Әжесі мен шешесі күйлі!.. Екеуі Абайды кезек-кезек сүйіп жатыр.
Оспан да ұйықтамапты. Айқайлап қуанып кетіп, секіріп-секіріп түсті. Өзін- өзі
санға шапалақтап, ойнақтап жүр.

- Әпкел,
базарлығыңды әкел!.. Тәттің кәні?.. Берсеңші шапшаң?- деп Абайды шешелерімен
де, Ғабитхан, Тәкежандармен де амандастырмай асықтырып жатыр. Қойнын тінтіп,
қалталарына қол жүгіртіп, қайта-қайта:

- Әпкел!.. Бол
енді!- деп дегбірсізденіп қояды.

Осыдан үш-төрт
к.үн өткенге шейін Абай үйде болды. Ешқайда қыдырған жоқ. Әсіресе әке қасына
барған жоқ. «Қарашоқыда қалың жиын бар екен. Күнкенің аулын қонақ басып жатыр
екен. Мырзаға сәлем бере, амандаса барған ел ұшан-теңіз екен» дескен хабарлар
Жидебайға күн сайын келіп жатты. Бұл ауылдан Құнанбай қасына кеткен Тәкежан
ғана болатын.

Ол Абай келген
күннің ертеңінде Жұмағұлдан олжа жылқылардың жайын есітіп:

- Ылғи сәйгүлік
аттар дейді. Бар жақсысын тағы да Құдайберді таңдап, меншіктеп қояды,- деп
Күнкеден туған ағасы Құдайбердіден жақсы аттарды қызғанып,- таңдаулысын алам! Алып
келем!.. Осы жол ма?.. Көрер-ақпын!- деп, асыға жөнеліп еді. Сол кеткеннен әлі
қайтқан жоқ.

Абай бұл
күндерде екі шешесі мен Ғабитханға Қарқаралыда көргендерін, сезгенін көп-көп
әңгіме қып айтып жүрді. Кейде мұның әңгімесін тоқал шешесі сұлу Айғыз кеп
тыңдайды.

Бөжеймен болған
татулықты да айтты. Бірақ бала беру жайын білдірген жоқ. Ол өз ішінде жатқан
ауыр күдіктің, қиын уайымның бірі еді. Әкенің өзі айтып білдірмесе, Абай мынау
аналардың қуанышпен қарсы алған күндерін мұңайтқысы келмеді. Бұл аналар
әкеменен не деседі? Оны көрер, әзірше Абай аузынан естігенде ең алғаш сезері,
айтары - ашу, күйік болуға мүмкін.  Ондайды
мезгілінен бұрын шығарып Абай қайтеді? Ендеше қинамай тұра тұру қажет.

Абай Жидебайға
келетін күні осы жайды ойлап ап, жанындағы Жұмағұлға да: «Бұл ауылға айтпай-ақ
тұра тұр» деп тапсырған.

Осымен төрт-бес
күн өткен шамада: «Бежей де келіпті» деген хабар жетті.

Құнанбай сол
қарсаңда Жидебайдағы үйіне Қарабасты жіберген екен. Сол Зере мен Ұлжанға кеп:

- Мырза сәлем
айтты, ертең көп кісімен осында келеді. Және Бөжеймен бас қосып табысатын осы
үй, осы үйдің қара шаңырағы бопты. Мұнда Бөжей, Байсалдар да келеді. Осыған қам
істеп, күтіп алсын деп тапсырды!- деді.

Ұлжан ол хабарға
сасқан жоқ. Айғыз екеуі екі күндей қам істеді. Үлкен-үлкен теңдерді шешіп,
қымбат кілем, әсем тұскиіз, алаша, көрпелерді алып, Зере отырған үлкен үйді де,
қонақ үйді де, Айғыз үйін де жақсы жасап қойысты. Астау-астау бауырсақ пісіріп,
қой үйтіп, құрт ездіріп, астарын да ықшамдады. Бірнеше қарындағы сары майдың
ішінен тұзы дәл, дәмі жақсы, түсі асыл майды таңдап ап, сондай қарынды әдейі
арнап бұздырды.

Келесі күні,
айтқанындай Құнанбай, Бөжейлер бар нөкерлерімен тұтас кеп, ошарылып қалды.

Бөжей үлкен үйге
кіргенде, Зере орнынан тұрып, қарсы барып бетінен сүйіп жылады да:

- Қарағым,
бауырың суып, қатыбас боп кетпедің бе? Балам сен едің де, анаң мен емес пе
ем?..- деді.

- Алда
жарықтық-ай!..

- Алда бақыр
анамыз-ай!..- десіп, Байдалы, Сүйіндік сияқты Бөжейге ере келген кісілер де
босаңсып еді.

Бөжей де шынымен
шіміркендІ. Зерені құшақтап, қысып тұрып, қатты күрсінді де, қолымен ақырын
ишарат қып орнына апарып отырғызды. Өзі де Зеренің қасына отырып қалды.

Аздан соң
үндемей отырып, басын изеп, осы үйдегі балаларды көрді. Абай әжесінің төменгі
жағында отыр еді. Бөжей ең алдымен соны шақырып ап, бетінен иіскеп, содан кейін
Оспан, Смағұлды да беттерінен сүйді. Зере мінезіне орай етіп істеген туысқандық
жауабы.

Бөжей шынында
бұл үйді бөлек бағалайтын. Құнанбайдың ғана үйі емес, осы бір атаның ортақ үйі
және жалпыға мейірбан, момын, адал үй деп санаушы еді.

Бөжейлер
жайласып отырғаннан кейін, осы бөлмеге Құнанбай да кеп кірді. Қасында Қаратай,
Майбасар, Құлыншақ сияқты нөкерлері көп екен.

Абай Бөжей мен өз
әкесінің беттесіп отырған пішінін көруден ұялғандай. Өзінен-өзі именіп төмен
қарады. Үлкендерге орын босату керек. Соны сылтау қып, бұл үйден шығып кетті.

Осымен бұл кеште
де, ертең таңертеңгі аста да әкелерінің үстіне кірген жоқ. Жай сырттан,
шешесінен сұрастырғанда, Бөжей мен Құнанбай көп үндеспей, шешіліспей, сыпайы
ғана сыйласты дегенді есітті.

Ертеңінде
Бөжейлер жүрер кезде Абайдың Қарқаралыда естіген жат сөзінің шешуі жетті.

Өз үйінде жер
бауырлап жылап, Айғыз жатыр екен. Қарабас мұның қолынан Кәмшатты алып, шарт
киіндіріп, үлкен үйге апарыпты. Екі көзі қарақаттай жайнаған, аппақ Кәмшат
мұндағы барлық үлкендерге:

- Аға, ата!
Ата... аға!..- деп, кішкентай нәзік саусақтарын созып, жалт-жалт қарайды.

Мұның әлдеқандай
жалынышты түрін көруге шыдамай Ұлжан шығып кетті. Үнсіз жылап, бүк түсіп Зере
қалды. Үлкендердің арасынан аяз лебін сезгендей боп Абай да атқып шығып кетті.

Құнанбай
босаңсыған пішіндердің барлығына жалғыз көзін оқтай қадап, атып жібергендей
қарайды. Қарқаралыдағы байлау бойынша, мұның Айғыз қолынан тартып алып, беріп
отырған баласы осы.

Үй ішінде түк
өзгеріс сезбеген, бұрынғысынша былдырлаған Кәмшат, тысқа қарай бір бөтен, үлкен
кісі ала жөнелгенде ғана шошынып еді.

- Апа!.. Апа!..
Әже!..- деп, шырылдап қоя берген.

Кішкентай
жүрегін қорқыныш қысып, зар қаққан бала дәл бір от басып алғандай шыр-шыр
етеді.

Осы зарлаған үні
Бөжейлер аттанып ұзап кеткенше басылмады, алыстаған сайын отқа өртеніп, не суға
жұтылып бара жатқан жанның зарындай боп, ызың-ызы есітіліп тұрды.