ВЕРНУТЬСЯ

         Жазғы күннің ыстығы қайтып, кеш
батуға тақалған. Даланың кешкі салқын желі ауыл отырған өзекте аз-аздап білініп келеді. Күн сары
белден асып, ұясына кіруге
айналған.

Таудың кешкі көлеңкесі ауыл үстіне түсіп, мүйнет сайын
қоюланып келеді. Қоңырқай-сұрғылт түсі тұтасып, жер бетіне тарап барады.
Қоңыр-салқын майда жел жұмсақ
демалысымен жан иесін түгел сергіткендей.

Ауыл-ауылдың еркек-ұрғашысы
базардағы жұрттай қарбаласып, әр
түрлі жұмыспен әбігерленіп,
тыста жүр. Кешкі жайылудан қайтқан қой қотанға иірілген соң, бала-шаға даурығып
ойнап, қозы ала бастады. Ауыл сыртындағы адырды қаптап, шұбыра құлаған жылқы ойнақ салып шапқылап, құдық басына келе жатыр. Жер ошақтан шыққан түтін көкшіл тұман болып,
өлке бойына жайылып барады.
Кешкі ауыл көп шулайды, дау-рығады... Үйлерінен шыққан қолы бос еркектер екі-үш
ауылдың ортасындағы құдықтың
басына жиналып жатыр. Бұл жұрт құдық басына келіп жатқан жылқыны көріп, жаңа қоныстың малға жайлы, суы мол, шөбі
жұғымды болғандығын әңгіме қылысады.

Құдық басындағы жиынға екі-үш ауылдың күндегі жиылатын еркектерінің бәрі жиылса да, бастық сияқтанып
отыратын Ысмайыл ақсақал бүгін келген жоқ. Ол - құдық басына ең жақын тұрған және мол көгалда отырған бай ауылдың иесі. Бұл ортаның атқа мінген мырзасы да, байы да - сол. Құдық басына ол келмеген соң, көрші
ауылдың үлкендері:

- Бүгін Ысмайыл неғып келмеді.
Бір жаққа атқа мініп кетті ме, әлде сырқаттанып қалды ма? - деп сұрастыра бастады.

Ысмайылдың үйден шықпай қалған
себебін білетін көршісі - Бейсембай. Ол естіп-білген сөзін ақса-қалдарға айта
бастады. Мұның әңгімесіне қарағанда: жақында күйеуі келеді деп тосып отырған
Ысмайыл-дың бойжеткен қызы Ғазиза бүгін үй ішіне сөз салып, атастырған күйеуіне
тимеймін деген. Қызының сол се-зш Ысмайыл бүгін кешке естіп, үй ішіне ұрсып
жатса керек. Құдық басында отырған
жұрт Бейсембайдың сөзін
естіген соң, бұл әңгіме туралы әрқайсысы үйлерінде қатын-қалаштан естіген
сыбыстарын айтыса бастады.
Бәрі де бірауыздан «заманның азып, жастардың
құлқы бұзылғандығын» сөкті. «Бұл күнде 
ержетсе, әке-шешеге пәле
болатын күн болды. Кәпірлерді
ерте бастан байға бергеннен басқа жұмыс
жоқ» деп, түгелімен
Ысмайылдың қартайған жасын, ағарған
шашын аяп, «бұзылған қыз» туралы қатал биліктерін айтыса бастады.

Бұл уақытта Ысмайыл қатын-баласының аузын ашырмай ұрсып, естіген сөзіне шыдай алмай, қапаланып тысқа шығып, ауылдың бет алдындағы
кішкене төбенің басында
жалғыз өзі отырған. Күн батып, қас қарайып
келе жатқандағы жым-жырт тартқан табиғат өзінің ауыр салқын түсімен қайғы-қападан қажыған  кәрі көңілдің күйіне үйлескендей болды. Ысмайдың
дөң басындағы ойы - ішінен шыққан Ғазизаның көз жасына жібіген ой емес. Қайта соның «бала» деген атынан бездіретін, әкелік жүрегін тас
қылып мұздатқан суық, қатал ой. Дөң басында малдас құрып ырып, ашулы суық пішінмен күн
батыстағы ақ таң-лаққа қарап
көзін алмай, қадалып ойлаған ойы:

- Жаратқан! Сенен мен бала
сұрағанда, басыма кесел  қылып бер деп сұрап па едім? Тырнақтай ақылы жоқ, жын-шайтанның жетегіне ерген
есуас қызға ата-ананың
аруағын сындыртып, адамшылық абыройым-: жойғызайын дедің бе? Бұл күнге шейін
ағайын ор-тасында шайқалмаған
бағымды кетірейін деген екенсің! Осы
турадан істеген ісім кінәлі
іс болса, жазамды тартрарсың. Бірақ
алақаныма салып есірген қадірімді білмеген ақылсыз қыздың күйігін керіп күнде өлгенше, бір-ақ күнде балалығынан безермін!.. -
деп, қатал ойға бекініп, жаратылысындағы асау қаны тасып, сазарып
алды. Ауыл қозы алып болған соң, даурыққан дыбыс басылып, тыныштық ала бастады.
Жылқы су ішіп шықты. Далада
жүрген жұрт үйлеріне тарап
барады.

Ысмайыл көз байлана бергенде
орнынан тұрды. Ауылға қарай жүруге айналып еді, сол
уақытта алдыңғы жақтағы
иықтан асып келе жатқан екі салт атты
көрінді. Екі баран атты
жолаушының күміс ер-тұрмандары ала-көлеңкеде анда-санда жарқылдап келеді.

Ықшам киімі, кішілеу денелеріне
қарағанда бұның екеуі де жас
жігіттерге ұқсайды. Ысмайыл бұлардың қалай баратынын байқайын
деп, тосып тұрған уақытта, жолаушылар беттерін
Ысмайылдың үлкен үйіне қарай бұрып,
тура жүрді. Мінген аттары ұзақ-тау жүріспен еті қызғандай, кешкі салқынға
еліріп, басты қайта-қайта шұлғып тастап, қатты аяңдап, жайнап келеді.

   Аттың желікті аяңы мен кештің
жайлы салқынына тамашаланған жігіттер үлкен үйдің жанына аттарының тұмсығы
келіп тірелгенше қатты жүрді. Қонақтарды тыста Ысмайылдың кіші баласы - Қасымжан
екі-үш жігітпен қарсы алып, үйге кіргізді. Аздан соң тыстағы томсарған пішіні
айықпаған салқын түсімен ЬІсмайыл да кірді.

Келген конақтар Ысмайылдың құдасы - Өзімбай ақсақалдың қалада оқып жүрген
баласы Ісләм екен. Ісләм соңғы екі жылдай еліне келмей, қалада орта дәрежелі
мектептің бірін бітіріп, жаңа еліне қайтқан. Сағынған әке-шешесінің үйіне
келіп, біраз жатып-тұрған соң, бұрын араласып жүретін жақындары болғандықтан,
Ысмайылдың аулына әдейі амандасу үшін қыдырып келген.

Ісләм - қызыл шырайлы, ұзын қара шашы бар, әйел пішінді жіңішке, ұзын бойлы
жігіт. Қасындағы жолдасы - өзінің ағайыны, ел ішіндегі жас бозбала Жағыпар.

Ысмайылдың үй іші сыйлас құдасының жаксы көрген оқымысты баласы келген соң,
қуанысып, хал-жайын сұрап, барынша құрметтеп күте бастады.

Ісләмнің келгенін алдымен қуаныш қылған - жас күнінде бірге ойнап өскен құрбысы
Қасымжан. Бұл жастар осыдан төрт-бес жыл бұрын сыйлас болып, бірін-бірі
кезек-кезек конаққа шақырысып, екі ауылдың қоныстары жақындайтын кез келгенде
әлденеше күн бірге болып, еркінше ойнап жүретін. Қызықтас болатын.

Ысмайылдың үй іші сол себепті Ісләмға да өз үйіндей көрінетін, үйренген жақын үйі Ісләмді баласы Қасымжанмен
бірге, шешесі Қалиман да өз
баласындай жақсы көріп
еркелетіп, күтіп тұратын.
Ісләм сабаққа соңғы кеткен жылға шейін жақындықтарының бұл қалыптары өзгерген жоқты. Қазіргі
уақытта да біраз отырып сөйлесіп, бір-біріне үйреніскен соң,
бұрынғы жақындықтың өзгермегендігі
білініп тұрды. Үй ішінде қазіргі
уақытта байқалған азғана
салқындық болса, оның себебі
- жалғыз Ысмайыл. Ол әншейіндегі бала-шағамен көп сөйлеспейтін суықтығының үстіне, бүгінгі етіген сөзі мен соның артынан
ойлаған ойының салдарынан
терісі жазылмай, түнеріп отырды.

Қонақтарға әзірленген шай дайын болған уақыт-Қалиман қызметкер
әйелді шақырып алып, күндізден отауда отырған Ғазизаны
«қонақтарға шай құйып берсін»
деп шақырта жіберді.

Аз ғана уақыт өткен соң, есік
жаққа көзін салып ырған
Ісләмнің құлағына ақырын
сылдырлап келе жатқан шолпы
даусы естіліп, біраздан соң үйге Ғазиза кірді. Үстінде қос етек ақ көйлегі. Сыртынан ұнамды  қара комзол киген. Басында оқалы
тақия. Сәнді киімді Ғазиза кіргенде, үйдің ішіне айрықша
көрік, жарастық белгісі бірге
кіргендей болды. Жастар біріне-бірі қысылып қарап, ақырын
амандасқанда, Ғазизяың ақшыл
беті дуылдап қызарып кетті.

Екі жылдан бері қарай жаңа ғана
көрген Ісләмға Ғазизаның түсі
бұрынғысынан әлденеше рет сұлу болып, үйдің ішіндегі ала көлеңкелеу сәулемен
ақшыл өзі өзгеше нұрланғандай көрінді.
Аздан соң қызметкер әйелге
шай жасатып, әкесінің төменгі
жағынан орынғып, қонақтарға
шай құйғызып беріп отырды. Ғазиза
жарыққа жақын келіп отырса
да, алғашқы келген жердегі
өзгеше көркі әлі күнге
бетінен кеткен жоқ.

Қонақтар әр түрлі әңгімеге айналып отырып, шай ішіп болған соң, Ысмайыл:

-          Балаларды
Қасымжанның отауын тазалатып, сонда отырғызыңдар,
еркімен ойнап отырсын, - деп, Қалиман
бәйбіше әмір берді. Қалиман келінін жіберіп, үйін тазарттырып, аздан соң қонақтарды отауға шақырды. Жастар Ысмайыл ақсақалдың суық түсінен құтылғанына қуанғандай болып, тысқа асыға шығысты.

Үлкен үйден қонақтар шыққан соң,
басқа отырын бірен-саран
малшы-қосшылар да шығып, үйдің іші оңашаланып,
Ысмайыл мен Қалиман ғана қалды. Күндізден
түйілген қабағы айықпай, түнерген пішіні ыдырамаған Ысмайыл аз уақыт өткен соң қатынына қырын қарап отырып сөз бастады. Ашулы
қатал даусы алдымен Қалиманды
кінәлап:

-          Қатын,
менен бір көресіні көрмейін
десең, қызыңды тыйып ал! Қызды
адам сияқты өсіре алмасыңр, несіне таптың? Осының оңбай
жүргені - сенің асырауыңнан.
Тәлімің құрғыр, көргенсіз,
сенің тәлімің ғой осыған
жеткізіп отырған! - деді.
Қалиман қызының мінезін Ысмайылдан бетер жек көріп, назаланып жүргенде, байының
бұны кінәлап сөйлеген сөзіне шыдай алмады.
Әншейіндегі кентерлі жүзіне ашу келіп, тамсанып: ба

-          Жаратқаны
бар болғыр, не қыл дейді маған! Кімнің қызынан кем ғылып өсірдім Ғазизаны?
Жаманшылықтың бетін балама көрсеттім бе екен? Кімнің баласы менің баламдай
болып өскен екен? Маған келіп
ұрынғаны несі?! «Әке» деген атың бар емес пе, айт өзің ақылыңды! Мен білгенімді аяп жүр деймісің? -
деп жыламсырай бастады.

Ысмайыл бәйбішенің қыңырлықпен
сөйлегеніне бұрынғыдан жаман
ашуланып:

-          Өсіргенің,
асырағаның адыра қалсын! Балаға жақсылық үйрететін ақыл бар ма сенде? Сенің ақылың емес пе осыған жеткізіп
отырған? Сенен басқа өзің теңдес кісіде кімнің қызы бүйтіп бұзылып, ел-жұртқа жаманаты шығып еді? Айтшы кәне! Тауып берші! Осы елде сенен ақымақ шеше, сенің қызыңнан антұрған қыз көрдің бе? Айтып бер деймін соны,
құдай ұрғыр! - деп қатты зекіді. Қалиман да
ашуынан басылған жоқ.

-          Бишара-ау,
өз балаңды өзің қорлап не болды? Дұспан
айтпайтын сөзді өзің айттың ғой. Менің Ғазизамдай
кімнің қызы бар екен осы атырапта?! Патшаның, ханның қызы қандай болса, менің
балам да сондай. Кінәсі-          қатыны өлген кәрі күйеуге бармаймын дейтіні ме? Ол үшін балам жазықты емес.
Тіпті қас-қабағыңа қарап, үндемейін десем де, қоймадың ғой, өл де маған!

Бұл
сөздерге келгенде, Ысмайыл шыдай алмай ақырып:

-          Қысқарт
енді! Шығарма үніңді! Бүгінгі күні осы қызыңның осы қылығы үшін қандай қаттылықтан
болса да аянбаймын. Ұқтырып
айтқан сөзді сен ұғушы ма
едің? Қысқасынан айтатыным: егер де осы қызға болысып, бұзылған бетінен қайтармайтын болсаң,
алдымен сенен кетпесем, өлген әкемнің
аруағы атсын, білдің бе?! Ана қызыңды түзу сөзіңмен көндіріп ала алмасаң,
«көнбеді» де де - шық! Бүгін
сөйлес те арыл!-            деп, сөзін бітіріп болды да, Қалиманның қалған сөзін тыңдамай, тысқа шығып кетті.

Ысмайылдың қатты мінезі Қалиманға белгілі. Талай жылдардан
бері қарай мұндай суық сөз айтып керген жоқ-ты. Қаталдыққа бекінгендігі шын сияқты,
әсіресе өлген әкемнің аруағы атсын» деген сөзі Қалиманның ойын тітіреткендей. Қалиман
шын назаланып, шын күйінді. Өзіне батқан қайғыдан күйеуіне батқан қайғы қаттырақ
тиді. Осы түнде қызбен бар сырын айтқызып сөйлеспек болды.

II

Бұл мезгілде Ісләм жатқан үйінің ұйықтағанын күтіп,
шыдамсызданады. Көңліне келген әр түрлі ойлардан құтыла
алмай, аунақшиды. Асыққан көңілге қыт етпейтін сияқтанады. Үй ішіндегі қараңғылық жанды жегендей ауыр көрінді. Осы халде талай заман өткен соң, орнынан ақырын тұрып, сыртқы киімін шылып тысқа шықты. Тыстағы жарық ай, тыныш-тыққа батқан желсіз түн, ұйықтаған ауыл, жым-жырттықпен қалғыған салқын ауа көңлін басып тұрған ырлықты бір мүйнетте сергіткендей.
Есік алдында отрған бойында
жүдеу тартқан айға қарады.

Қотандағы барлық мал ұйқыға батып, тыныштық тұрған. Қой күзеткен сақ төбеттер жүресінен түсіп, мыл қылып
жатыр.

Сарылып мұңға батқан жарық түнде ұйқы жеңген кәрі күзетші де қалың күпісіне оранып жатып, анда-санда қажып қалған
даусымен айтақтап қояды. Қаллғып
тұрған түн тыныштығы
жаңғырықпен жауап қайырады.

Ісләм
шыққан үйдің оң жағында тұрған
ақ үй Айшаның отауы. Бұл үй әлі күнге жатпаған. Түндігі жабық болса да, іргесінен жарығы
қызарып көрініп тұр. Ісләм тыста аз тұрып, ауылдың әбден ұйықтағанын біген
сөң, Айшаның үйіне қарай тура жүрді. Әуелі есік алдына ақырын басып келіп, жабықтан сығалады. Кішкене лампы жанып тұр. Айша төсек алдында қалғып отыр, Ғазиза ақ жастыққа жантайып
жатыр. Қатты жүдеген түсі бір
ойға сарылғанын білдіреді. Үйде бөтен
кісі жоқ. Ісләм есікті ақырын ашып, үйге кіріп келді. Әйелдер ұйқысын ашып, бастарын көтеріп
-жөнделіп отырысты. Ісләм Ғазизаның қасына отырып,
сөйлесіп, хал білісе келген соң, жастардың бұрынғы үйірлігі
қайта басталды. Бұрын
бірін-бірі сыйлаған жылы
көңіл тағы да қалыбына келе бастады.

Айша Ғазизадан бұрын
сөз бастап, күлкі араласқан назбен:

-          Бізді
ұмыттың, уәдеңде тұрмадың. Қалаға барып ескі көздерді
көрген соң, қыр есіңнен шығып кетті... - деп Ғазизаның көңліндегі ауыр
сөздердің бәрін жеңіл қалжыңмен араластырып айтып, екеуінің алдын ашып берді.
Аздан кейін Ғазиза мен Ісләмнің беттері ашылып, ашық сөйлесе бастаған соң, Айша жастықты алып
жантайып жатып:

-          Менен
қысылмай, арманды сөздеріңнің бәрін айтысып қалыңдар. Күнде мұндай уақыт кез келе бермейтінін білесіңдер
ғой! - деп күліп қояды.

Екі жас бұл
уақытта шын арманды сөздеріне кірісіп, бірін-бірі ықыласпен тыңдауда еді. Екі
жылдан бері қарай бастан кешірген өмірлерін
біріне-бірі айтып шықты. Сөйлескен сайын бірталай кінә, бірталай салмақ Ісләмға
ауды. Ісләм Ғазизаның дәлелді
ғылып айтқан шешен сөздерін естігенде, бұған деген құмарлығы
бұрынғысынан да әлденеше рет арта бастады. Ғазизаның
мұның мойнына артқан кінәсінің
бәрі де назға толған. Ісләм
жеңілуін ар көрген жоқ.

-          Ғазиза,
сенің жүдеген түсіңді көріп, маған айтқан кінеңді естігенде, көзімнен жас
келеді. Бірақ мен өзімді
тоқтатып отырмын. Мені күйдірдің ғой, енді мені жұбатшы! Әлде болса сендікпін деші! - деп
қолынан ұстап, Ғазизаны сүюге
айналды.

Ғазиза қолын ақырын тартып алып,
түсін біразырақ суытып:

-          Ісләм, мен қайда кетсем де, сізбен бір
сөйлесіп кетсем дейтұғым. Сол
көңлімде жүрген арманым болғандықтан,
бүгін сізбен осы түнде сөйлесіп
отырмын. Менің көңлімде бөтен
ой жоқ. Бірақ сізді жұбататын
дәрмен де жоқ. Сізді мен
күткемін, ол кезде сіз үшін кіммен болса да кетісуге шыдағамын. Бірақ ол күндер
өтті...

-          Енді маған
рақымсыздық қыламысың? Қатемді мойныма алып, аяғыңа келіп жықылып отырғанымда
«керексіз болдың, кет» деймісің?

-          Кет
демеймін. Бірақ бұрынғы күн
өтті, соны біліңіз деймін. Бас байланды, құтылмайтын болып шырмалып қалдым. Жаңа ғана апам келіп сөйлесіп
кетті. Айтқанына көніп, айдағанына жүретін болып уәде бердім. Енді мені бұрынғы сөзбен қажамаңыз.

-          Ғазиза,
кешегі күндегі уәде осылай ма
еді? Өзгеге тас болған жүрегің маған ет болып жібіген емес пе ? Сондағы «сүйдім» деген Ісләмің мен емес
пе едім?.. деп, шын қайғырған пішінмен
Ғазизаның көзіне көп қадалып
отырып, жігіт жауап күтті. Ғазиза қарсы
алдында жантайып жатқан Ісләмнің шашын қолымен сипап қайырып:

-          Ол
күн келмеске кеткен емес пе? Абайдың өлеңінде бар емес пе? «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» деген сияқты әлін  білмеген жас көңіл қызыққа
жетем деп ойлаған шығар. Бірақ  құадайдың жазуынан артыққа адам жете ме?.. - деп салқын пішінмен есік жаққа қарап, аз
ойланып, отырып қалды.

Ісләм бұл
уақытта барлық сөзден тыйылып, мөлтілдеген қара көзін Ғазизаға қадап, тек жалынғандай қарап отыр еді. Ғазиза аздан соң Ісләмнің
телмірген иініне қарай түсіп:

-          Одан
да ертең әлгі күйеу болмысы келеді дейді, соны көріңіз;
солар кеткенше біздің ауылда болыңыз!- деді.

Ісләм күйеу деген сөзді естігенде, көңліне өлшеусіз қызғаныш
кіргендей болып, Ғазизаны бұрынғысынан
қымбат көріп:

-          Ертең тұра салысымен кетемін, күйеуіңді
көрмеймін! - деді.

Бірақ артынан аз сөйлесіп, келер күнді сөз қылған соң, Ісләм әуелгі сөзінен қайтып, күйеулермен бірге осы ауылда жата тұратын
болды. Ісләм әуелгі арынмен
қаншалық туласа да, Ғазизаны өз айтқанына көндіріп, бұрынғы өтіп кеткен қызықты күндерін
қайтарып алмақ болса да, бұл күнде оның бәрі қолдан келмейтініне көзі жетті. Екеуінің амалсыздан тоқтаған жері:     

Енді неге болса да көну керек. Әсіресе Ғазиза әкесінің үйінде отырғанда бұлардың мақсаты орындалмайды. Не болса да, үмітті алдағы
күндерге артқаннан басқа, бұл күнде еш нәрсе істерлік дәрмен
жоқ. Сондықтан әзіргі күнде
бірінің қайғысына бірі тақ болып, назаланған, күйінген күндерде бірін-бірі жұбатып
тұрыспақшы. Ғазиза күйеуін сүймейтіндігін сол күйеуге де, жиылатын
ағайын-туғанға да жасырмай көрсететін болды. Ісләмнің әзіргі
тілегі осы. Екеуі күйеу келгенде ылғи
бірге отырып, бірге жүретін болып, уәде ғылысты. Зорлықпен қол-аяғы байланып,
сол күйеудің әйелі болған күнге шейін, Ғазиза Ісләмнің ықтиярында болмақшы. Ғазизаның сүйген досы Ісләмға
істейтін әзіргі жақындығы осы. Көп әңгіменің артынан айрылар жерде айтысқан
уәденің байлауы болсын деп, Ісләм Ғазизаның ағарып, жүдеген бетін екі қолымен
қысып, ұзақ сүйді. Ғазиза бұл жолы қарсылық көрсеткен жоқ. Өмір бойы мұндай
уақыттарда істеп келген айнымай-тын қаттылықтың бәрін бір мүйнетте ұмытып,
Ісләмді екі қолымен құшақтап, қатты қысып тұрды. Ісләмнің Айшанікінен шығарда
Ғазизаны құшақтап қысып, кезіне қадалып тұрып, үлкен мағына беріп айтқан ақырғы
сөзі:

-          Маған бұл күнге шейін істеген
қаттылығың жеткен. Ертең күйеуің келген күні сол қаттылықты ұмытуыңды тілеймін,
- деді.

Ғазиза жымиып
күліп, Ісләмға үндемей қарап тұрды. Ісләм үмітті көңілмен қадалып, ашық жауап
етуін қайта-қайта жабысып сұраған соң, Ғазиза ақырын ғана:

-          Кезінде көрерміз... - деді.

Ісләм аз да болса
жұбанып, үйден шықты. Таң белдеуленіп, атып қалған екен. Ай ағарып, жарығы
әлсіреп, батуға айналған; жұлдыздар
сиреген: ағарып атып келе жатқан таңмен бірге бір-бірлеп өшіп жатыр. Тыста біраз тұрып салқындап, жас жігіт бойы сергіген
соң, үйге кіріп, жолдасының қасына жатып қалды.

III

Бүгін Ысмайыл аулы кешке жақын
келген құда-күйеулерін қарсы
алып жатыр. Көрме толған ат.
Жер ошақ бастары әбігер. Ісләм - күйеулер отырған отауда. Ендігі халдің не
боларын білмей, дел-салда отырған күйінде қонақтармен бірге шай ішті. Отаудағы
жігіттер бірталай отырысып, бір-біріне бойы үйренісіп болған кезде, тыстан Айша
кіріп, төсек алдында отырған Ісләмға ым қақты. Ісләм Айшаның артынан біраз
отырып, үйден шыққанда, Айша екінші үйдің жанына шақырып алып:

-          Анау шеткі
үйде еркем жалғыз. Жаңа барып едім,
сені шақырып отыр. Сонда бар! - деді.

Ісләм ауылдың сыртын айналып
барып, Ғазиза отырған үйге
кірді. Қоңыр үйдің ішінде Ғазизадан басқа кісі жоқ. Үйді жарық қылатын лампы да жоқ. Жанып болған тезектің шоғы өшуге айналған.
Ала-көлеңке. Ғазизаның мұны шақыртуына шын көңлімен ырза болған Ісләм қыз қасына келіп отырып, сүйінгенін айтты. Күндегі жақсы көруінің үстіне,
қазірде қызғаныш дерті бойын
жеңген Ісләм бүгін Ғазиза үшін
неге болса да шыдайтындай.

Ғазизаның қасынан кетпей отырып,
қандайлық күйік болса да, осымен
бірге тартуды ниет қылған. Ғазизаны
күйеулер келгеннен бері қарай осы ауылдың барлық жанынан қызғанады. Сол қызғаныш
казір де сүйгені оңаша жерде отырған соң, басына дұрыс ой келтірмеді. Бірақ
сезім ғана билей бастады. Бұрынғы еркімен сөйлесетін Ғазизамен қазірде қалтырап,
дірілдеп, сөйлесе алмай, себепсіз асығып, тілегі не нәрсе екенін дұрыстап айта
алған жоқ. Ғзизаның әдеттегі салқын сөзін естігенде ешбір ойсыз:

-          Ғазиза, мен бүгін өмірімде
көрмеген қайғыны көріп отырмын. Бұл қайғыдан шығатын жол қиын. Айтқаныма
көнбей, мені сүймесең: не сен, не сенің күйеуің, не болмаса мен өлемін! - деді.

Аздан соң от сөнді. Үйде
келеңке. Жарық айдың сәулесі
қоңырқай үзіктің жылт-жылт тесіктерінен, аш жапырағының арасынан түскен сәуледей, әр жерге теңгедей-теңгедей болып, дөңгеленіп
түсіп тұр.

Ісләм үй іші қараңғыланған соң, биік төсектен бір-екі  жастық құлатып, Ғазизаны құшағына
алды. Ісләмнің сөздері
күндегіден ерекше болып, бүгінгі сүюі өзгеше ыстық сияқтанған соң, Ғазизаның да жүрегі елжіреп, босай бастады. Асау сезімі есінен
тандырып, бір суынып, бір
күйінген жас жігіт айтар сөзі таусылып,
Ғазизаның жұмсақ денесін қатты қысып, қайта-қайта сүйе берді. Ғазиза да жабысып құшақтап, досының дуылдаған қызулы бетінен, дірілдеген ыстық ернінен ұзақ-ұзақ сүйді...
Бірталай заман өткен соң, жастар ойдағы шерлі сөздің бәрін
сөйлесіп болып, айрылысатын
болды. Ғазиза күйеулер кеткенше бұл
ауылдан кетпейтін қылып,
Ісләмнен уәде алды.

Аздан соң Ісләм көңлі біраз
орнығып тысқа шыққанда, үйдің сырт жағынан тұрып кетіп бара жатқан кісіні
көрді. Бұл адамның пішінін көрмегендіктең, кім екенін тани
алмаса да, киімінің нобайы бүгінгі кеште Ісләм мен Ғазизаның Айша отауынан
бірге шыққанын көрген қонақ
жігітке ұқсады.

Ісләм бұның білгеніне өкінген жоқ. Күйеулердің жанына келді. Қонактар тамақ
ішіп болған екен. Ет жердің алдында Ісләмді әлденеше кісі жіберіп, таба
алмапты. Жұрттың көбіне сый көрініп отырған қонақтың жалғыз өзі жоқ болып кеткені және осынша кешігіп, жұрт тамақ ішіп қойған соң келгені отаудағы жұрттың бәріне сезікті көрінді. Бұл суық жүріс әрбіреудің
көңліне көмескі түйін
байлады. Сондықтан күйеудің жанындағы қалжыңқой ашық жігіт Сүлеймен Ісләмнің мінезіне бір мысқыл сөз айтып қалмақшы болып:

- Оқыған жігіттермен біз үйлесе
аламыз ба? Дүниенің бәрін жіпке
тізіп отыратын біздің қазақшылығымыз
болады. Оқығандар ондай мінезіміз үшін бізді «есекшіл қазақ» дейді. Сонымен бірімізді-біріміз
жамандап жүре береміз де. Жөн-терісімізді кім тексеріп жатыр? -
деп, мысқыл ғылып отырғанын білдірмек болып, өтірік сылқылдап
күлді. Күйеу жолдастың бәрі де Сүлеймен мінезіне қошемет етті: қоса күлісті.

Ісләм бұл мінезге ішінен қатты ашуланып булықса да, тезінен жауап таба
алмай, үндемей отырып қалды.
Бұған ауыр тиген сөз Жақыпқа да жеңіл тиген жоқ.
Ол әсіресе тысқа шығып өзінің
жолдастарының бірімен сөйлесіп келгеннен бері қарай көңілді болып отырған көтеріңкі қалпынан өзгеріп, сыртына қатты ашу
белгісі шыққандай, томсарып
қалды.

Қызыл шырайлы жүзі біресе көкшілденіп, біресе сұрланып, жиі өзгеріп отырған түріне қарағанда, бір ниетті ойлап,
сабырсызданып, қыстығып
отырғаны білінеді. Жақыптың бұл
пішінін байқаған жолдастары басында қаншалық желікті болып көтеріліп отырса да, қазір біріндеп әңгімеден тыйылып, үндемей қалды.

Аздан соң жататын мезгіл болып, қонақтың бәрі тысқа шыққанда, Жақып үйде қалып,
жанындағы атқосшы жігітін жіберіп, Айшаны шақыртты. Айша келіп кіргенде, Жақып
зорлықпен езу тартып күліп:

 

-          Айша, қайын сіңліңмен бірге сен де
үркіп жүрмісің менен? Келсеңші бері! - деп қасына шақырып алды. Айша
келіп отырып, күліп:

-          Келмей
жатып, сынай бастадың ғой, неден түңілдің?
Бүгін сен сынай қоятын күн
емес сияқты еді ғой, - деп еді.

-          Келмей жатып
түңілгенім рас. Жат мінезді сендер
істеген соң, маған не кінә бар? Менің енді сенен сұрайтыным бүгін не қылсаң да, Ғазизаны маған көрсет. Сенен тілейтін бар тілегім осы! -
деді.

Айша бұл
сөзге таң қалды.

-          Қарағым-ау,
елдің ырымын естіп-білмеген кісідей,
мұны қалайша айтып отырсың?
Қашан келгеніңді білемісің?

-          Қашан
келгенімді білемін. Мені шанышпай-ақ қой. Шынымды айтсам, бүгін сын көтеретін жайым жоқ. Қазақтың
ырым-жырымын қоя тұр. Менің
мәнді күйеу болғаным, сенің
қайын сіңлің мәнді қалыңдық болған күнде
жарасат та, «ораза, намаз тоқтықта» емес пе?

-          Не деп
отырсың өзің, адам айтпайтын сөзді айтып?

-          Осы айтып
отырғанымның бәрі де қалжың емес, шын
сөзім. Менің сөзімді елеп,
ескеретін болсаң, шақырып
кел! Одан бөтен тілейтін
тілегім жоқ. Көңілсіз болса, Ғазиза қайта кетер. Алып
келіп, менімен сөйлестір! -
деді.

Айша бұл сөздің қисынсыздығын айтып, әр түрлі сөзбен Жақыптың көңлін орнықтырмақшы болса да, күйеу жігіт әуелдегі қаттылығына бекіп,
алғашқы айтқан сөзінен танған жоқ. Ғазизаға жеткіз
деп ақырғы айтқан тілегі:

-          Бүгін
менімен келіп сөйлессін.
Сөйлесуі өзіне залал болмас.
Мен әзірше бір-екі күнге
келген қонақпын ғой. Тіпті
менің осы ауылға келгенімді жақтырмаса,
келіп сонысын айтсын. Әлде оның қызығын
бұзбай-ақ, ертең де болса,
қайтып кетерміз. Бұл жағынан келетін пайда да бар, мұны да ескеріңдер!
- деді.

Айша Жақыптың сөзі шын сөз екендігін байқаған соң, алғашқы кездегі қалжыңын қойып,
Ғазизаны  көнсе, ертіп келмекші болып шығып кетті. Бұл уақытта Жақыптың жолдастары тыста өзді-өзі болып жыылып, сөйлесіп тұрғанда,
қастарына күндізден

Ісләмнің ізін аңдып жүрген құдағилардың
атқосшы жігіті Мұса келді. Бұл кезде жігіттер:

-          Әлі осы
Әзімханның баласының жүрісін ұққандарың
бар ма?

-          Соның
жүрісі қалай? - деп, бірінен-бірі сұрап,
сөз қыла бастап еді.

Бірталайы елдерінде Ісләм мен Ғазиза турасы-нан естіген өсектерін
тұспалдап айтып: «Сол шын
болды, «дақ соның өзі!»
десті. Бұлардың жанында біраз
тұрып, әңгімелерінің бетін ұғып алған соң, Мұса:

-          Ол елдегі сөзді былай қой. Мен бүгінгі әңгімесінің де бәрін білдім! - деді. Жұрт бұл сөзді естіген соң, Мұсаның
аузына қарап, естіген-білген әңгімесін
жабырласып сұрастыра бастады.

Мұса білгенінің бәрін айтқан жоқ.

-          Кезі
келер. Бастан-аяк бір ағытармыз. Осы бүгінгі қорлануым елден ерекше. Мына
Әзімханның баласы - арам. Қысқасынан
айтатыным сол! - деді.

Бұл сөздің артынан жұрттың
бәрінің де күдігі шешілді. Мұсаның сөзінде айтылмай қалған істерді әрқайсысы өз көңлімен түрлеп,
анықтап түсіне берді. Жігіттердің кейбіреуі шынымен күйінген сияқты. Кейбірі
намыстанып, қорланған болып, кейбіреулері сыртынан болса да назаланғансып тұрған соң, Мұса:

-          Мен бұның шет-жағасын Жақыпқа сездірдім.
Енді не қылатынын өзі біледі,
- деп, азаматтық үлкен бір борышын
атқарған кісінің пішінімен үндемей, нығызданып тұрып қалды.

Аздан соң «төсек
салынды» деген хабарды естіп, жігіттердің бәрі де қонақ үйге
кетті.

Айша Ғазиза отырған үйге барып, сөйлесіп қайтқан
уақытта ауыл тегіс жатып еді. Жалғыз Жақып қана үстіндегі барлық киімімен
басына жастық салып жантайып, Айшаның отауында Ғазизаның жауабын күтіп жатыр екен.

Айша үйге кіріп:

-          Кәне тысқа шығамысың, төсек салайын, - деді.

Жақып басын көтеріп:

-          Әуелі әкелген жауабыңды айтсаңшы күпті
қылмай, күпті қылуларың
жеткен жоқ па? - деді күлімсіреп.

 

Айша:

-          Қарағым-ай, тіпті бір үлкен
аза шеккен кісі құсамай тұра тұршы! Сен әлденені ойлап отырған шығарсың. Сенің
сөзіңді естіген соң, «жұртта жоқ ырымды бастасам да, барайын» деп келмекші
болды. Қайсың кінәлі
екенің білінер. Енді тысқа шық! Төсек са-ып, мен де кетемін! - деді.

Жақып сыртымен Айшаның сөзіне қанағаттанған кісі сияқтанып:

-          Е, ең
болмаса, сен ара ағайын болсаңшы! - деп шығып кетті.

Күйеу жігіт тыстан үйге келіп
жатқаннан кейін, біраз уакыт
өткен соң, үйге Ғазизаны ертіп Айша кірді. Қалыңдық пен жеңгесі шымылдықтың сыртында күбірлесіп сөйлесіп тұрып, аздан соң Айша шамды өшіріп, Ғазизаны жалғыз тастап шығып кетті.
Үйдің іші оңашаланып қалған соң, Жакып бас көтеріп, Ғазизаны қасына шақырды. Ғазиза
үндемей, төсектің жанына
келіп, айтатын сөзін күткендей қарап тұрды.

Жақып Ғазиза жатар деп үміт
қылып, бірталай тосып еді,
қалыңдық оны істеген жоқ. Аяғында күйеу Ғазизаның көңлінде әлде
болса арылмаған қыңырлық арын
сезіп, бұрыннан қысылып
отырған барлық ашуына ерік
беріп, Ғазизаға қатты мінез істемекші болды.

Ғазиза бұл уақытта жаратылысындағы бойына  біткен
тәкаббарлығы ұстап, күйеуінің
қасына келгенмен, еш нәрседен
қысылмай, көңіліндегі шын
сөзінің бәрін айтпақшы болып
дайындалып тұрған.

Жақып үндемей басын көтеріп, Ғазизаның қолынан
сүйреп тартып, қасына жақындатып алып:

-          Сен мені
бүгін Ісләмнан айырды деп, ішіңнен жазғырып
тұрсың ғой не қылса да.
Немене, тіл-аузың байланып қалған кісіше мелшиіп тұрсың? - деді.

Ғазиза бұл
сөзге орай көңілдегі тура
жауабын тік айтпакшы болса
да, азырақ именіп:

-          Түу, бүгін
түгіңді сыртыңа теуіп келген екенсің, жұрттың бәріне де зәрленіп! Бірақ ашуыңмен ешкімнің де зәресін ұшырмассың, кішкене бала жоқ қой көз айналдырғанға қорқатын!
- деді.

-          Сондағы
сенгенің кім? Қимай тұрғаның
кім? Соны айтшы! Мені бүгін
шақырды деп ұрысқалы келіпсің ғой. Өзің айтшы арманды
сөзіңді! - деді.

-          Маған күніңнің
бәрібір. Ертең шақырсаңда басқа
болмаспын. Бүгін қандай болсам, ертең де, өмір бойы да сондай болармын. Сені
қарық қылатын қызығым жоқ! - деді.

Жақып бұл
сөзден соң Ғазиза туралы бұрынғы
естіген сөздерінің шындығына
көзі жетіп, енді ашық сөйлеспек
болды.

-          Сенің
қызығың Ісләмнің құшағымен
бірге кеткен ғой тегі. Нығыздығың мығым көрінеді. Бұл сырыңды
әкеңе неге айтпадың? Оны да саған айтқызып жүрген ғашық жарың Әзімханның баласы
ғой. Маған жаңағы сөзің
«тимеймін» деген сөзің ғой.
Айтпақ ойыңның бәрін ашып айт! Мен сені бүгін әдейі сөйле-сейін деп шақырттым!

-          Сонда не
сөйлесесің менімен?

-          Сейлесетінім
- көңіліңде не ойлаған ойың бар. Соны айт. Екінші, Ісләмға тимекші болып, әуре
қылып жүр дейді. Сол шын ба, етірік пе, осыны айт?

-          Олай болса,
көңлімде ойлайтыным: саған жолдас болғым келмейді. Осы істің бәріне көніп
жүрсем - әуелі тағдырдың, екінші, ата-ананың зорлығымен ғана жүр-мін. Ісләмді
жақсы көретінім рас, қүдайдан жасырма-ғанды адамнан жасырайын ба!? - деді.

Жақып қалыңдығының барлық сезін естігеннен соң, ойға
түскендей болып, үндемей отырып қалды. Басына келген ой тәкаббарлық көрсетіп,
ірілікпен келген қыздың мінезіне не істесе лайық, соны іздеп еді. Жақыптың
ойынша:

Ғазиза Ісләммен істеп жүрген ісінен ұялудың орнына бұған келіп, соның үйреткен сөзін айтып, менсінбеймін деп тұр. Бұлардың ісі - Жақыптың аруағын сындыру,
ел-жұртқа масқаралау.
«Жақыпты Ысмайылдың қызы менсінбейді, оқыған жігіт Ісләмға
кетіпті» деген сөзді елге
жайғалы отыр. Ысмайыл да, Әзімхан да кеше Жақыптың әкесінің ығында жүретін әлдекімдер. Бүгін
Жақыптың тұсында солардың
бірінің қызы, бірінің ұлы бұны масқаралап, мазақтап отыр. Бұл қорлықты көтеруге болмайды... Жақыптың аз іркілген уақыттағы ойы осы. Қыздың қазіргі
істеп тұрған мінезіне қарсы бұның өз байлауы бар.

Сонымен әуелгі
қалпынша үндемей тұрған
Ғазизаны қолынан ұстап,
жаңағы айтып шыққан сөзіне ешбір жауап берместен, әмірлі дауыспен:

-          Жә! Ғазиза,
Қасыма жат! - деді.

Ғазиза бұл
мінезді ұға алмай, үндемей
тұрып қалды. Аздан соң Жақып қыз камзолының түймелерін ағытып жатып:

-          Бүгін маған еркелегнің келген екен. Алғашқы еркелігіңді көтермеске бола ма? Енді өзім-ақ шешіндірейін, - деп үстіндегі камзолын шешіп
алды.

Ғазиза камзолын шешуге қарсылық көрсетпесе де, қасына жатқан жоқ. Бұрынғы қалпында біраз тұрып:

-          Мен
қасыңа жатпаймын. Әуелі жаңағы айтқан сөзіме жауап бер. Сөйлесейік деп шақырыпсың ғой, мен
сөйлесуге келдім! - деді.

Жақып қыздан бұл сөзді естіген
соң, бұдан арғы ірілікке
шыдай алмай, орнынан ұшып тұрып, Ғазизаның қолынан қатты жұлқып, кеудесіне жұдырықтап:

-          Сен
мені қалай басынасың, емексіткенге асқақтап кеткенің бе? - деп, жығып салып, жұдырықтап, тепкілей бастады.

Өмір бойында ешбір жаннан мұндай қаттылықты, мұндай тұрпайылықты көрмеген Ғазиза бір жағынан ;қорланып, ызаланып, өксіп жылап, бір жағынан
қатты ашу қысып, Жақыпты сол минутте барлық
жас жүрегімен өлердей жек көріп:

-          Өлтірсең
де тимеймін! Саған қатын болғанша, қара жерге кіргенім артық! Қасыңа жатуға
жиренемін! Қайт дейсің? -
деп, Жақыптың дамылсыз ұрып
хатқан соққысының астында қарсылық
сөзінен тыйылмады. Жақып
Ғазизаның бұлқынғанына жібермей,
орнынан тұрғызбай ұрып:

-          Адыра
қал! Сені алмасам, мен қараң қалам ғой! Бұл күнге шейін алам десем, сені қыз деп жүрген шығармын. Бүгін сенің қатын екеніңді білген
соң, маған да қара тиынға
керегің жок! - деп, тағы да бір-екі ұрып, аздан соң Ғазизаны босатып жіберіп, орнына келіп жатып қалды.

Ғазиза денесіне тиген таяқтан ене
бойы ауырып, зорға көтерілді. Жылаған бойымен үйден шығып кетпекші болды. Тысқа шығарда киіп келген қамзолы мен шапанын ала шықпақшы болып еді.
Жақып:

-          Кететін
болсаң, өзің кете бер! - деп
киімдерін бермей, алып қалды.

Ғазиза шыққан уақытта таң жаңа белдеуленіп атып келе жатыр еді.

Таң алдының салқын желі
үзіліп-үзіліп, ақырын ғана
соғып тұр. Ауа дымқыл,
салқын. Ай сарылып, жүдеу тартып, батуға айналған. Дүниені тегіс тыныштық билеген. Тынысын ішіне тартқандай
болып, жым-жырттықпен сазарып тұр.
Жұрт тегіс ұйқыда. Ғазизаның көңіліндегі күйіктен,
жүзіндегі дамылсыз ағып тұрған
ыстық жасынан хабардар болған ешкім жоқ. Ғазиза үйден шыққанда көңлін басқан
ауыр сезімдер салмағынан барлық ойы, барлық қуаты жаншылғандай болып, сүлдері құрып, отаудың жанында жылаған бойы
тұрып қалды. Жанар оты сөнгендей, жүдеген күйіне
тыстағы ұйқы тыныштығы салқын
өлім тыныштығына ұқсағандай
болады. Бетінде бір тамшы қан қалмай сұрланып жүдеп, әуелгі тоқтаған жерінде ұзақ уақыт солқылдап жылап тұрды. Бұл күнге шейін көріп келген әке-шеше зорлығының үстіне бүгінгі түнде ең жек көрген адамының қорлығы, соққысы өмірдің барлық
үмітінен Ғазизаның көңлін
суытқан. Бұл қорлық, бұл кемітуді көрген
соң, өмірден енді үміт
қыларлық несі қалды?

Ішінен шыққан әке-шеше
дозаққа салған соң, енді
кімнен көмек табады? Кімге жылайды? Кім сүйейді? Осы ойлар басына келгенде,
Ғазиза өмірдің барлық тірегінен айрылғанын сезді. Ұйықтаған ауылда жалғыз ояу жан-тыныштық алған дүниенің ортасында
жалғыз өзі болғандықтан, Ғазизаның жүрегі жетімсіреп,
жалғыз моладай құлазыды.

Осы күйде тағы бірталай заман
өткен соң, Ғазизаның денесі қатты тоңып қалтырай бастады. Бұл уақытқа шейін ашумен көз жасына бойын билетіп тұрғандықтан,
денесіне салқын желдің жұқа көйлегінен өтіп тұрғанын да ескермеп еді. Және отаудан алғашқы шыққан уақытта жатып қалған үйлердің ешқайсысына барғысы келмей, таң атқанша тыста тұруды жөн көрген.

Ондағы ойы - көңлінің
күйігі мен көзінің жасын
ешбір жанға білдіргісі келмей жасыру. Аздан соң жылаудан тыйылып, сүлдері құрып, аяғын зорға басып жүріп
келіп, үлкен үйге кіріп жатып қалды.

Таңертең Ғазиза ұйқысынан тұрып, көзін ашқан уақытта елдің бәрі тұрған екен.
Түнде үйге келіп жатқан соң,
Ғазиза көпке шейін еті бір қызып, бір тоңып, жөнді ұйқы ұйықтай алмай, көзі ілінсе, түсіне неше түрлі қорқынышты нәрселер кіріп, қайта-қайта шатасып, мазасызданып жатып еді.

Таңертең ұйқысынан оянған уақытта екі беті албырап, қызарып, денесі ауырлап, басы мен
өне бойы атты ауыра бастады. Әуелі төсектен тұрмақшы бо-ып басын көтергенде,
басы сынғандай болып қақ бөлініп,
денесін жер тартқандай болып, әлсірей
бастаған соң, қайта жатты.

Аздан соң қасына шешесі келді. Ғазизаның басым  ауырып
жатыр деген сөзін естіп, күйіп жатқан реңін көрген соң:

- Қарағым, ұшынғанбысың, өңің қалай еді? - деп төсек орнын жайлап беріп, жатқызып қойды.

Ғазиза төсек тартқан науқас болуға айналды. Етінің қызуы молайып, көзі ілінсе шатасып, қорқьшышты түстер көріп, дамылсыз сандырақтай бастады. Бұл күні Ысмайал құда-құдағиларымен келісіп, әкелген малдарына ырза болып,
тойын жасамақшы еді.

Ғазизаның сырқатынан ауылдағы
барлық жұрт қабарланса да, «әншейін ұшынған шығар, ештеме етпес» десіп, маңайындағы елдің бәріне хабар
жіберіп, болатын тойдың жабдығымен
әбігерленіп жүрді. Бұның
науқасын елеген жалғыз Ісләм
ғана. «Ғазиза на-уқастанып
қалыпты» деген соң, қасына келіп жайын отырап, керек болған уақытта сусынын әперіп, көрпесін қымтап
жауып, күтіп отырды.

Тойға жиылған көрші елдің көп қатын-қалашы, еркектері де қымызын ішіп, асын жеп,
күйеулер мен құдалардың үйін
бірінен соң бірі жапырлай басады.
Әрбір үйде әнші жігіттерге ән салғызып, даурығып сөйлейді, қалжыңдап күліседі. Әр түрлі ойын ойнап, тойды қызықтап жатқан жұрт.
Түс ауа тойға жиылған
еркектер тегіс атқа мініп, серке тартып, алуан күрестіріп, ауылдың жанындағы
төбенің басында аттылы-жаяулы
топтанып жүріп, көп уақыт ойын жасады.

Ісләм бұл қызудың бәрінен шетте қалып, ешкімнің  желігіне
араласпай, көбінше Ғазизаның жанында еді.

Күн кешке жақындағанда жиылған
жұрттың бәрі тарай бастады. Ауылда кешке ойын жасамақшы
болған ірікті бозбалалар мен
бұл ауылға сый қонақ саналатын
қыз-келіншектер ғана қалды. Өзге тойшының көбі тарап кетті. Бұл
мезгілде Ғазизаның қызуы молайып, сандырағы күшейе түсті. Бұрын шатасқанда
бірлі-жарымды болымсыз сөзді ғана айтушы еді. Қазірде әркімнің атын атап шақырып, бір нәрседен шошынғандай болып, көмек
іздеп тынышсызданып барады. Ғазизаның жақындары басында науқасын елемесе де,
қазірде анық ауру болғанына
түсініп, бұның жайын сөз қыла
бастады.

Аяғында құдағилар мен күйеу жолдастар да Ғазизаның науқасына
сеніп, кеп кісі болып қасына
келді. Ғазизаның еті қатты қызып, сандырағы молайып жатыр еді. Қасына көп кісі
келіп отырған соң, ауырлағандай болып, әр түрлі ұғымсыз сөздерді жиі-жиі сөйлеп
келіп, бір мезгілде:

-          Ісләм жаным!..
Кетіп қалма!.. Осында бол,
кетсең, қорқамын!.. - деді.

Жұрттың
бәрі үндемей, таңқалып отырып қалды. Аздан соң Қалиман баласының сөзінен қысылып,
әлгі сөзді жадағайламақ болып:

-          Ісләммен жас
күнінде сабақты бірге оқып, үйір болып қалғандығы ғой атын атап жатқаны, -
деді.

Бұл сөздің кезінде күйеу жолдастардың
қасында отырған Мұса қасындағы Сүлейменді түртіп қойды.

Өзгелермен бірге отырған Ісләм Ғазизаның сөзінен қысылған жоқ. Қайта сол сөзіне сүйсінгендей болып,
қасына жақындап отырып, қолын ұстап,
науқасының жайын сұрай бастады.

Ғазиза кейде Ісләмнің сөзіне тура
жауап беріп, өзгелердің
сөзіне ештеме айтпай, үндемей жатты. Аздан соң қонақтар үндемей отырған күйімен
тысқа шығып кетті.

Ғазизаның жанында енесі, Қалиман,
Ісләм - үшеуі ғана қалды. Күйеу жолдастар жаңағы сөзін жоруға кірісті. Бұлар түндегі Жақып пен Ғазизаның арасында
болған әңгіменің көбін күйеу
жігіттен естіп еді. Жақып сол жайды айта келіп:

-          Өзі
есі дұрыс адам сияқты емес, тіпті біреу басын айналдырғанға ұқсайды. Әзімханның
баласы сондайдан да тек емес қой деймін! - деген.

Қазірде Ғазизаның «Ісләм» деп сандырақтағаны сол Жақыптың
сөзін еске түсірді.

Бәрі де:
«әлде осындай бірдеңе болар ма? Өйтпесе есті қыз сияқты еді» осы не қылып
осынша ашылып-шашылып кетті? десті.

Ақырында жігіттердің
көңліндегі түйінді Мұса өзінше шешіп берді. Ол Ісләмнің барлық жүрген жүрсін
айтып келіп:

-          Өзге-өзгесінен бұрын, мен
кеше сендерге айтып едім, естіген тағы бір сөзім бар, соны айтайын, -деді.
Жігіттердің бәрі де бұның сөзіне құлағын түріп, қасына келді.

-          Кеше Ісләм мен Ғазиза анау
шеттегі қараша үйде көп уақыт оңаша отырды. Әлгі жоғалып кеткенді, сонда
болатын. Мен барлық сөзін үйдің сыртынан тыңдап отырдым. Сөздерінің ыңғайына
қарағанда, Ісләм қызды қорқытып: «егер де айтқанымды осы арада істемесең, не
сен, не сенің күйеуің, не мен өлемін» деді. Содан кейін үндері өшіп
қалды. Ол бір ме? Екіншісі,
бүгін қымыз ішіп отырғанда аузынан оқыс шығып қалды, өзі
байқамады ғой деймін, бізге
отырып: Осы қыз-келіншектің
қайсысына болсын мен дәрі салып, бір темекі берсем, артымнан қалмайтын болады» деді. Онысы бас айналдыратын дәрі емес пе? Міне осыған қарағанда, мен басын айналдырған
деймін, одан басқа дәнеңе де жоқ! деді. Жігіттердің бәрі де түгелімен басын шұлғып: ойбай, ендеше, соның езі болды! Бұның титтей күдігі жоқ. Бәсе, тіпті бұл күнге шейін оны
маңына жолатпай, келген қыз бүгін күйеуі келгенде, тамам елдің ортасында, оған не қып жабысып қалды? Мұның осындай себебі бар десті.

Бұл сөз осы
түнде-ақ ауылдағы жұрттың
көбіне естіліп қалды. Құдалар мен күйеулерге қыз менсінбейді деген аттан мына хабар
әлдеқайда жайлы тиді. Сондықтан
өсекті өзгелерден бұрын бұлардың өзі хабаршы болып тарата бастады.

Ауылдағы өсек Ісләмнің құлағына да тиді. Бірақ ол
естіген жерде бұған қарсы не айла қыларын таба алмады. Және өзге өсектен бұрын, бұған батқан Ғазизаның
науқасы болғандықтан, жұрттың сөйлеп жүрген сөздеріне қарсы ешбір қам қылған да жоқ.

Осы күйде бір-екі күн өтті. Ғазизаның науқасы күннен-күнге нашарлай бастады. Халі
бітіп, денесін өздігімен қозғай алмайтын болып, ұйқыдан, сусыннан да
қалуға айналды. Алғашқы тойы
күні аралаған өсек бұл
уақытта да бар еді. Ысмайыл аулындағы жұрттың тегіс құлағына тиіп, маңайдағы көрші
елдерге де тарай бастады. Бұл сөзді өзге жұрт пен Қалиман да естігендіктен, сенер-сенбесін білмей күдіктенсе
де, Ісләмнің Ғазизаға жақындай
бергенін жаратпауға айналды. Ісләм Қалиманның түрін сезіп және ауылдағы еркек-ұрғашының бұған сенімсіз көзбен қарағандай, суық
пішінін байқаған соң, Ғазизаның қасына ақырғы жолы келіп, қоштасып, аулына
қайтып кетті. Бұның артынан
тағы біраз күн өткен соң,
Ғазизаның дерті барынша күшейіп, кісі танымайтын болып, жақындарының күдерін
үзгізе бастады. Аяғында бір күні ауыл қозы алып жатқанда, Қалиман құдағиы мен Ғазизаның жанында отырғанда аурудың өңі бұзылып, үзілуге айналып бара жатқанын
байқасты. Екі әйел де қатты шошынып, еркектерді шақыртты. Үйдің ішіне көп кісі
жиылып келіп, мұңайған
пішінмен үндемей отырған уақытта, Ғазиза ақырын көзін ашты. Әлсіреп қуаты құрып, үзілуге жақындағаны жанары сөнуге
айналған көзінен білініп тұр.

Қалиман қызының халінен күдер
үзіп, аналық жүрегі елжірегендей болып, қыстығып жылап, Ғазизаға тақап келіп:

- Қарағым, саған не болды?
Қарағым, не пәлеге ұшырадың?
Шошыттың ғой мені! - деп келіп: - Әлде Ісләм бірдеңе етті ме, шыныңды айтшы, сәулем? - деді.

«Ісләм» деген сезді естігенде Ғазизаның түсі болымсыз
ажарланып, бетіне қан жүгіргендей болып, ақырын ғана: «Ісләм... Ісләм...» - деді.

Отырған жұрттың бәрі біріне-бірі қарасып
қойды, үндеген жоқ. Сол түні таң ағарып атып келе жатқанда жас Ғазиза жылап-сықтап мұңайып отырған әке-шеше, ағайын-туғандарының ортасында
үзілді. Сұлу түсі ақырғы елім
сағатына дейін қызыл гүлдей жайнаған әдемі көркінен
айрылған жоқ еді. Қазірде түсі тастай болып суынып, бетіне көкшіл таңба жайыла
бастады.

Ғазиза жақындарына жұмбақ болған өліммен дүниеден қайтты.

Ертең ерте жас қыздың өлімінен жұрттың бәрі де хабарланды. Бұл хабар Ісләмға да жетті. Кеп ел «Ғазиза өліпті» деген қайғылы хабармен бірге, «Әзімханның баласы сиқырлап өлтіріпті»
дегенді қоса естіді. Келесі
күні Ысмайылдың аулынан жиырма шақырымдай жердегі қыстауға көп жұрт болып жиылып барып, Ғазизаны ертеде
өлген аталарының, жақындарының жанына қойып қайтты.

Құдағи, күйеулер
бірер күн Ғазизаны жоқтасып, жыласып үйлеріне қайтты.

Ғазизаның тірі күнінде Ісләм турасында шыққан өсек ауыл ортасынан алысқа
жайылған жоқты. Ол өлген соң, бұл хабар бұл күнге шейін ел ішінде болған жат
хабар болып, жайлауда отырған барлық  елге
естіліп, аз күннің ішінде көрші отырған үш-төрт алыс елдің сабағына жетті. Надан
елдің көбін бұл сияқты әңгімеге сендіретін бір себеп - бұл сөздің орасында
мінезі ұғымсыз, жүріс-тұрысы белгісіз оқыған жігіттің болғандығы еді. Мұнан
басқа, Ісләмға жығылған үстіне тағы бір жұдырық» - күйеулер елі-қайтқан соң,
жақын жердегі бір поселкеге барып, онда бал ашатын орыстың бір кемпіріне карта
котер-ген екен, ол Жақыпқа: «келіншегің сиқырдан өлген екен, шашы бар қызыл
шырайлы жігіт қастық қылған екен» депті. Жақыптың аулы бұл хабарды да құдасынікіне
жеткізіпті.

Бұл сөздің бәрі де дұрыс, анық іс болып, ел ішіне тарап жатты. Ісләм жалпақ
елдің аузына алған жалаға ешбір қарсылық көрсете алмайтын, әлсіз жан болды. Қолынан
ешнәрсе келмеді. Оның үстіне ерекше
қайғы - Ғазизаның өлімі
болып, жалғызсырап, әлсіреп,
іштегі жара мен тыстағы жала қосылған соң, барлық қайратынан айрылды. Күндіз-түні үйінде жалғыз жатып жылайтын болды. Бірақ бұның халін, өзге ел былай тұрсын, әке-шешесі де ұқпады. Ісләмнің пішнінін көріп, үнемі түйілген қабағына
қарап, әкесі , «әлде жұрт
айтып жүрген өсек шын болар ма?» деген
күдікті ойлай бастады. Бұның
түсі де күннен-күнге Ісләмға
салқын тартқан сияқтанды.

Бірақ Әзімхан баласының мойнына бұл айып ауатын болса, оның артынан жұрт аузына кіріп қалған құн
сөзі де күшейіп кетер деп, баласының басын арашалауға бел байлады.(

Сонымен қасына өз елінің басты кісілерін ертіп, Ысмайылдікіне барып, әрлі-берлі сөйлесіп, бұрынғы жақындықтың арқасында ұғысып
қайтты. Қалиман Әзімхан
барғанда, қызын жоқтап жылап:

- Ісләм жүзі қараның енді жүзін көрмеймін,Ғазиза бауыры емес пе еді? Кімге
қастық қылып жүргенін ойласа
- болмас па еді? - деп барлық ашулы сөздерін айтып жіберіпті. Әзімхан
бұл сөзді үй ішіне айта
келіп,

Ісләмді көрінеу жек көрген кісінің пішінімен екі сөздің
бірінде кекетіп ұрса беретін
болды.

Аяғында Ісләм ел ішін қойып, өз аулына да сыймайтындай болды. Жұрттың бәрінің пішінінен бұны
жек көргендік, арам астай жиренгендік көріне бастады.

Бір күні көңлін көтеріп, қайғыдан серпілу үшін, бір
жақындарының аулына барғанда, сол ауылдағы үлкен бәйбіше Бәтимә Ісләмді оңаша
шақырып алып:

-          Қарағым,
ұлы сөзде ұят жоқ, саған айтуым лайық болмаса да, бір
сөзді айтқалы тұрмын. Сөкпе, былтыр түскен келінім өзіңнің құрбың Жұмақанды менсінбей, әлдекіммен
қылжақтап жүр. Суық жүрісін
байқап жүрмін, бір күні масқара
қыла ма деп қорқамын. Соған әлгі жұрт
айтып жүрген еміңді істеп, түзеп берші! - деді.

Ісләм
ашуланғаннан не айтарын білмей:

-          Басты
қатырмашы, тілеуің берсін! - деп жүріп кетті.

Бәйбіше мұның
мінезін ұға алмаса да, тегін
емес екеніне көзі жеткендей болып, аңырып тұрып кала берді.

Ісләм аулына қайтып келген соң,
жалпақ елде бұның халін ұғарлық ешбір
жанды көре алмай, бұдан былай
бұл ортада тұруды дозақта тұрумен бірдей көрді. Осыдан азақ күн бұрын қаншалық «ел» деп аңсап, сағынып асығып
келген болса, енді сондай асығып, жұрт
көзінен тез жоғалу керек деп білді. Осы оймен «қалаға
қайтамын» деп әкесімен сөйлесіп, бірер күннен соң жалғыз
өзгермей қалған мейірімді
шешесімен құшақтасып, ақырғы
жолы сүйгізіп, қасына бір
кісіні көшір қылып, қалаға
қарай пар атпен жүріп кетті.

Ауылдан ұлы сәскеде шыққан жолаушылар бұрыс та болса, Ісләмнің айтуымен Ысмайылдың қорасына баратын жолға
түсіп, түс ауа сонда келді.

Июль айының ең ыстық күнінің
бірі. Жүргіншілер қораға күн ыстығының әбден күшейіп қызған кезінде келді, Қораның жанына келген соң, Ісләм
аттарды тоқтатпай, алдыңғы жақтағы сары қабақтың үстіндегі төрт құлақты бейітке қарай жүрді.

Ыстық күннен даланың шөбі тегіс
сарғайып қураған. Сары
қабақты қаптаған сары кеде ескіріп, жүдеген кескінімен даланың ұзақ, мұңды күйін еске түсіргендей болады, ішті жүдетеді. Ыстық
күнге күйіп, ым-жырт болған
иесіз далада мәңгілік
жалғыздыққа бой
ұрып ұмтылған ескі мола құлазып жетімсірегендей. Мұңды дала қайғылы таңбасын жалғыз молаға да басқандай. Жүргіншілер бейіттің жанына кеп тоқтаған соң,
Ісләм жолдасын тастап, өзі арбадан түсіп,
бейіттің ішіне кірді.

Ерте күнде көмілген терт-бес
өліктің қабыры бар екен.
Солардың ортасында бейіттің оңтүстік жағында, бір өліктің аяқ жағынан Ғазиза қойылған екен. Жаңада үйілген жас топырақ, жас қабырдың
сыны  бұзылған жоқ. Бас жағында қадаулы сұр тас, соның
бауырында анасының қолымен қойылған ескілеу жырртық құран тұр
екен.

Есіктен кіргенде Ісләм Ғазиза қабырының жанына келіп, құлағандай отыра кетті. Құранға
қарады, танығандай болды. Ғазизаның
кішкене күнінде Ысмайыл ауылындағы
молдадан Ісләм бәрі оқып
жүрген уақытта жас шәкірт қыздың қолында жүретін қызыл
тысты құран осы еді. Қазірде
бояуы көшіп, тысы қуарған.
Ғазизаның суық қабырының үстінде
сүйгенінің иісі сіңген кітапты
көргенде, Ісләмнің көз алдынан барлық өткен күндер зуылдап, жүгіріп өткендей болды.

Жүректі жанышқан ыстық дертпен
қолы дірілдеп, құранның бір
бетін ашқанда, әуелгі бетінде екі-үш жерде Ғазизаның қолымен жазылған Ісләмнің аты тұр
екен.

Ісләм жазулы жерді қайта-қайта сүйгенде, көзінің жасы ыршып, қолынан құран түсіп қалып, Ғазазаның
қабырын құшақтай жығылып, өкіріп
жылай бастады.

Ұзақ уақыт сол күйде жылап жатып, көңіліндегі талай шерінен азырақ сейілгендей болып, қабырдан басын көтеріп, зорға дегенде мауқын
басты.

Аздан соң ойымен Ғазизаға сансыз
«қош-қош» айтып, қабыр
жанынан шыққан бір бес жапырақты үзіп алып, қайта-қайта иіскеп, бейіттен шықты. Жылаудан көзі қызарып, ісіп кеткен екен. Денесі
әлсіреп, сүлдері құрығандай болып, зорға келіп арбаға
мінді.