ВЕРНУТЬСЯ

ШЫТЫРМАНДА

І

Абай
Қарқаралыдан қайтқан соң атқа мініп, ел аралаған жоқ.

Көбінесе
Жидебайдағы ауылда шешелерінің қасында болды. Көктемге шейін күндіз-түні кітап
оқуға салынды. Медреседен қайтқалы кітапқа анықтап оқталғаны осы еді. Арап,
парсы тілін, бірталай сөздерін ұмытыңқырап, қарайып қалған екен. Алғашқы бір
жұмадай Ғабитханның тәпсіріне қарап, бұрынғы білген тілдерін қайта құрастырып
алды. Содан әрі мұның қолына түскен әрбір қалың кітап соншалық бір қатты
сағынып жолыққан ыстық, қымбат досы тәрізді болды. Ғабитхан да кітап оқығыш болатын.
Соның кітаптарының ішінен өзін қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты. Мұнда
Абұлқасым Туси-Фирдоуси, Низами, Физули, Науаи, Бабырлар бар. «Жәмшид»,
«Сеидбаттал Ғазі», «Мың бір кеш», Табары жазған тарих, «Жүсіп - Зылиқалар»,
«Ләйлі - Мәжнүндер», «Көрұғлы» сияқты хикая дастандар да бар. Абайдың бас алмай
оқығандары осылар. Аздан соң, кешкі шайдан асқа шейінгі мезгілде Абай кейбір оқып
шыққан кітаптарын үй ішіне әдемі әңгіме қып, айтып беріп отыратын әдет тапты.
Бұған әжесі себеп болды.

Зере Абайдың
кітапқа берген ықыласын байқап бір күні кешке:

- Қарағым,
осының ақыл. Ішкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да,
өнерден де кенде боп жүрген бай баласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айрылма! Ұқсама
аналарға!..- деген.

Әжесі кітап
қадірін жақсы айтқанға Абай ырза болып, жаңағы сөзден соң, күн сайын бір тамаша
әңгіме айтатын болды. Шешелер, малшылар, балалар боп - баршасы телміре
тыңдайтын. Анда-санда Айғыз да кеп естуші еді. Ол Кәмшат кеткелі қатты жүдеу.
Үлкен қара көздері аларыңқырап, барлық жүзі сұрланып ақшыл тартыпты. Шеке
тамырлары көкшілденіп, әдемі жүзіне уайым көлеңкесі түскен тәрізді. Үнсіз
уайымдаған ана қаралы. Абай бұл шешесінің күйін қабақпен таниды. Ол келген кештерде
әңгімесін ерекше ықыласпен айтады.

Абай әңгіме
айтуға бір түрлі шешен, шебер боп барады. Ғабитхан, тіпті өзі оқып шыққан
кітаптарды Абай хикая қып айтқанда, бар бейілімен, жақсы ілтипатпен тыңдайтын.

Бір жаманы,
жалғыз-ақ көктем болып, мал төлдей бастаған уақытта қызық кітаптың бәрі тегіс
оқылып, бар әңгіме айтылып қалды.

«Әңгіме,
әңгіме»,- деп, Абайға емініп отыратын үй іші енді, алғаш Абай айтқан
әңгімелерді, кейбір малшы қатынға немесе балаларға қайта айтқызып, қайта
тыңдасатын болды.

Бірақ, олардың
айтуы Абайдай емес, дәмсіз, үстірт. Ұлжан соларын сезіп, кей кезде тоқтатпақ
боп:

- Қыс өтті. Жаз
шығып, мал төлдеп қалды. Ертектің кезі өтті. Әйтпесе, қыс аяғы ұзап кетеді. Қой-ақ
қой!- деп қалжың етіп, тоқыратып тастайтын.

Бірақ шешелер
оңашада Абайға жақсы кітаптың жақсы хикаяларын қайтадан ескерте беруші еді.

Ғабитхан мен
Абай екеуі маңайда кітабы бар молда сүрей, кәріден, шала сопылардан бірен-саран
кітап тапқызып алысты. Тағы бір кезде Ғабитхан әдейілеп тұрып, Қарашоқыға,
Күнкенің аулына барып, екі қоржын басы кітап әкелді.

Құнанбай
Қарқаралыда Хасен молда арқылы бірталай қызық кітаптар алғызған еді. Оны елге
де жеткізген. Бірақ Абай бір рет:

- Бізге беріңіз!-
деп сұрағанда:

- Қасымда
отырып, өзіме де естіртіп оқып бер! Сүйтсең берем. Әйтпесе қызығын өзім көріп,
өзім ғана білем дегеніңе бермеймін!- деп, бергізбей қойып еді.

Абай әке қасына
барғысы келмегендіктен, ол кітаптардан да құр қалып жүрген. Ғабитхан соның
есесін тауып, бірер күн сұрап жүріп, алып келді. Үй ішіне де, Абайға да
Ғабитханның табысы үлкен олжа еді.

Бірақ дәл осы
кітаптар келген күннің ертеңінде Абайға шақырту кеп, Қарашоқыға жүріп кетті

Күнкенің аулына
Абай келісімен, Құнанбай мұны Құлыншақ аулына жұмсады. Әкесінің Құлыншаққа айтатын
сөздерін Абай ұғынып ап тысқа шыққанда, мұнымен бірге барғалы Қарабас әзір тұр
екен.

Құлыншақ аулы
алыс емес болатын. Қарашоқының күнбатыс жағы, бұрынғы Қодар қыстауының арғы жапсары
Торғай руына тиісті. Құлыншақ - сол Торғайдың басты кісісінің бірі.

Қарашоқыны
бөктерлеп, Аймаңдай аттың жол жорғасымен жүріп отырып Абай:

- Шыңғыстың
бөктері тегіс көктепті-ау!- деп, айналаға көз жіберіп келе жатты.

Аласа, ал күрең
бетеге, даланы да, бөктер, беткейді де тегіс көгертіп, жасарта бастаған. Бірақ
аспан ашық емес.

- Жалғыз-ақ осы
бір суық жел мен бұлт айықпайды екен!- деді.

Екі-үш күннен
бері бұл өңірде күн бұлыңғыр болған. Және қыстың соңғы салқын тынысы сияқтанып
бір суық жел білінуші еді.

- Е, сәуір жаңа
туды ғой. Сәуірдің басы осылай бұлтты суық болатын әдеті ғой!- деп, Қарабас
қыстыгүні қар болатынын айтқандай, мерзім айтты.

- Неге? Сөуір
қыстың айы емес! Жаздың айы емес пе? Жылда бүйтед деймісің?

- Жылда сүйтеді.
Сәуірді, осы, жұлдызша не дейді?

- Апрель дейді.

- Ендеше сол
апрелің осы. «Сәуір болмай, тәуір болмас» деп, бұрынғылар текке айтпаған.
Сәуірдің басындағы суық бітпей, жаз шықпайды дегені,- деп, Қарабас Абайға
ай-айдың мәнін айта бастады.

Бұл жөнде
Қарабас атшабарда Абай сезбей жүрген көп білім бар екен. Сәуір - бұл айдың
арапша аты. Қазақша - мамыр. Одан соң маусым... Абай қазақша ай атының бәрін
сұрап, қайта-қайта қайырып жаттап алды.

Бірақ сәуір
турасындағы жаңағы сөзді алғаш есіткені осы еді. Жазға салымның ең жайсыз кезін
әнеугүні әжесі «отамалы» деп атап еді.

- Осы «отамалы»
немене? Не деген сөз өзі?- деп, Абай соны сұрады.

- Отамалы көкек
айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың
ең соңғы зәрі сонда. Отамалы деп атанғаны бір байдың Отамалы деген қойшысы
болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта,
әлгі қойды жайылысқа шығармайық, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі,
малыңнан айрыласың десе, байы бір діні қатты кәпір екен. Сен тоғышарлық қып
алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап қойды жайылысқа шығартады. Сол күні,
құдай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой
ығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті.
Көкектің суығы - «отамалы» атанғаны содан дейді. Әжең бақыр соны біледі ғой,- деді
Қарабас.

Осыдан соң:
«Айдың тоғамы» деген не? «Өлі араның» не мәні бар? «Қыр күйек» неден қойылған?
Абай осыларды да сұрастырып, көп қызық әңгімелер есітті. Аздан соң есепшілер
жайын, есепшінің тәжірибесін де сұрастырып:

- Күн қайырып,
есеп айтуға өзің қалайсың?- деді, жаңағының бәрін біліп, бәрін жақсы әңгіме еткен
Қарабас есепшіден аман емес шығар деп ойлап еді Абай.

Қарабас күліп:

- «Күнәң аз
болса, күн есепте!» дейді екен осы күнде молда, қожа. Бірақ қолдан келсе,
есепші болған жақсы-ақ қой. Мен құнт қылмай, құр қалып жүрмін. Болмаса,
есепшілердің айтқаны аумай келетін жылдар болады,- деді.

Бірқатар жол
жүріп кеп, екі салт атты Қодар қорасының тұсына жетті. Абай Қодар мен Қамқаның
басына бұрылып құран оқып, үндемей, томсарған күйінде ілгері тартты.

Анада көрген
қатал суық суреттер көз алдына дәл бүгін таңертең көргендей боп қайта елестеп
еді. Өзінің сол күні аққан ыстық жасы, қасірет жасы да есіне түсті.

Ауылға кеп
түскенде Абайдың түсі үлкен кісінің түсіндей боп томсарған, салқын еді.

Құлыншақ аулы
әлі қыстауда екен. Күн жылынған кезде тамнан шығып, қыстау жанына киіз үй тігіп
отыратын әдет болушы еді. Қарашоқыдағы Құнанбай аулы сөйткенмен Құлыншақ олай
етпепті.

Өзін бала
көргенмен, Құнанбай жібергенін ескеріп, Құлыншақ Абайды үлкен кісідей қарсы
алды. Қонақтар отырып, амандасып болған соң:

- Уай, қатын,
қазан көтер мына қонаққа!- деп бұйрық етті. Құлыншақтың «бес қасқа» деп
атанған, бес мықты ұлы болатын. Олардан қазір Манас қана үйде отыр. Бұл «қасқа»
десе дегендей, еңгезердей екен. Жалпақ маңдайлы, нұр жүзді, балуан тұлғалы жас
жігіт Құлыншақтың ңемересі еді. Үндемей отырып, домбырасын тыңқылдатып тартады
да, қонақтарға салқын қарап қояды.

Үйде әзір тұрған
шай бар екен. Манастың келіншегі дастарқан жайып, шай жасай бастады. Жүзі
жұқалау келген, самай шашы жып-жылтыр, қырлы мұрын, қара торы келіншек аса бір
таза, шапшаң көрінді. Бар қозғалысында әдемі сыпайылықпен қатар, ширақ
сергектік бар. Отырған үйіне жылылық, жарастық бергендей келісті әйел.

Соның
кірген-шыққан қимылына қарай отырып, Абай:

- Құлыншақ аға!-
деп, сөз бастады.

Құлыншақ Абайға
қарай түсіп, үлкен сары шақшасын тырнағымен сыртылдата қағып отырып, бір кезде
көк бұйра насыбайын екі танауына құшырлана тартып қойды.

- Әкем сізге
сәлем айтып еді...

- Сәлемет
болсын...

- Айтқаны, мына
жердегі Бетқұдық жайы. Бұрын Борсаққа тиісті қоныс екен. Ақперді Борсақ қыстауын
алған соң, қонысы мен өрісін тегіс алдым дейді ғой. Соған былтыр күздігүні
қыстауға кірер алдында сіздің ауыл қоныпты. Бірталай отырыпты. ҚазІр жаз шыға:
«Қорасының жаны болған соң, тағы қонып жүре ме? Мен ірге тигізбей, күздігүні пішенін
шауып алайын деп ем. Осыны Құлыншақ маған қиса екен! Қонбаса екен!» деп, әкеме
өтініш айтыпты.

- Е-е, Ақперді
оны айтсын, ал, әкең не дейді?

- Әкем
Ақпердінің осы сөзі орайлы ғой. Құлыншақ қонбаса жақсы болар деп, осы сәлеммен
жіберді,- деді.

Қысылған да,
іркілген де жоқ. Баппенен, үлкен кісідей айтып шықты.

Құлыншақ
үндемей, басын изеңкіреп отырып мырс ете берді де:

- Шай іш! Кәне, жақындаңдар!-
деп шайға қарай қозғалды. Абай да шай іше бастап, Құлыншақтың жауабын күтіп
отыр.

Құлыншақ бірер
шыны шай ішкенше үндемей, сазара түсіп, бір уақытта Абайға оқыс бұрылды да:

- Уай, балам,
әкең осы Бетқұдықтың мәні-жөнін ұғынып, түбін тексерді ме екен? Борсақ отырған
кезде мен кезек қоныс етуші ем ғой? Көгі болса бұрын да орылушы еді. Қақ
бөлісуші ек қой. Осыны білді ме?- деді.

- Оны білген
көрінеді. Бірақ, тегінде, меншік бар да, келісім бар ғой, ақсақал. Даусыз иесі
Борсақ еді. Соның меншігі еді. Құлыншақ иелік жөнімен емес, келісім ретімен үлес
алып келген еді. Келіссе, Ақпердімен де соны істер. Тек, меншік Ақпердінікі екенін
ойласын деді.

- Е-е, ат иесі
Ақперді десеңші! Ендеше, алдына ат иесі мінед те, артына бізді тілесе мінгізіп,
тілемесе мінгізбес. Қыстауыңның іргесінде, желі басындай жерде тұрса да,
Бетқұдықтан бетті жу десеңші!- деп, Құлыншақ наразы боп, томсарып қалды.

Абай Қүлыншақтың
ренжіген жайын ұғады. Өз басы ренжітейін деп те ойлаған емес. Басында әке
сәлемімен келсе де, мұның арты үп-үлкен шаруа жайы екенін онша бағалаған
жоқ-ты. Енді мынандай үлкен, нығыз адамсың амалсыз ренішіне қарай, өзі айтқан
жайдың ауырлығын ұқты.

- Менің
әкелгенім осы бір сәлем. Арғысын өзіңіз біліңіз.

- Қайтпек керек?
Ақперді! Ақперді! Ақпердіге құдай бақ берді,- деп, Құлыншақ ащы бір мысқылмен
күліп қойды.

Абай Құлыншақтың
сабырлы сықағына қызығып, күліп жіберді. Тартысам деп келген емес. Және әке
қарызынан құтылды. Сондайды шапшаң болжап шыққан Абай жаңағы Құлыншақ қалжыңын
іле жөнеліп:

- Бақ берген
емей немене,

Борсақтан қалған
аз жерді.

Менікі деп тап
берді деңіз,- деді.

Абайдың бұл
мінезіне үйдің іші тегіс күлді. Шай құйып отырған Манастың келіншегі, әсіресе

ырза болды
білем, қып-қызыл боп, қатты күліп жіберіп, Абайға жалт етіп қарап, тамсанып
қойды.

Құлыншақ шалқая
беріп, Абайға:

- Е, балам-ай,
мынау лебізің қалай жақсы еді. Тек осыныңды Ақперді есіткей етті!- деп, ырза боп
қалды.

Осыдан Құлыншақ
Бетқұдық әңгімесін былай койып:

- Шырағым, осы
анада Бөжейге берген жас бала қалай екен? Айғыз бишара жылап қалды деп еді, ол
қалай?- деп, Абайдың үй ішін, Зере жайын, Ұлжан күйін сұрастыра бастады. Кәмшат
туралы Абай ешнәрсе айтқан жоқ. Құлыншақ қайта оралып:

- Айыпқа мал
бермеді деп, Бөжей жағы қомсынады білем. Сол кішкене қарындасыңның күтімі де
келісті емес деп есіттім»ау! Айғыз бақыр соны сезіп қайғырады ғой!- деп,
қайдағы бір көңілсіз, шетін жайларды қозғай бастады.

Абай бұл арада
ол әңгіменің ешқайсысына сыр беріп ішін ашпақ емес. Құлыншақ жетектеген
сөздерге басқан жоқ.

Азырақ үндемей
отырып, өзінше бір жөн тауып:

- Ақсақал, осы
сіздің балаларыңыздың «бес қасқа» атанатын себебі не? Соның мәнін ұқтырыңызшы!-
деді.

Құлыншақ мына
баланың жаңағы сөздерге ілеспегенін түсінді де, ішінен. «Байыпты бала-ау өзі.
Салмақ бар ғой. Сыр ашпайын деп отырғанын қарашы. Бұған да үйреткен екен...»-
деп ойлады. Алғашқы сөздерін тастап:

- «Қасқа дегені -
батыр деп айтқаны» деп болмайды ғой мыналар, түге. Жөнін мынаның өзінен
сұрасаңшы,- деп Манасты нұсқап қойып: - батыр боп кімді мұқатып жүргенін кім
білсін? Әйтеуір қолтыққа дым бүрку ғой. Болмаса, анау бір кезде Бөкенші, Борсақ
«Қарашоқыны бермейім, өлісем» деп келгенде, әкеңнің жалғыз ауыз сәлемін есітіп
осы бес баламды ертіп барған мен едім. Сонда иесі кетіп жатқан иен жерден тым
құрыса бір құдық тиер деп ем. Тигені мынау ма? Қасқаның тұмсығы тасқа тигені
осы да!- деп алғашқы сөздеріне тағы бір оралып соқты.

- Бүлінген елден
бүлдіргі алма дегені қайсы? Бөтен болса бір сәрі. Бөгде емес, Бөкеншіні қуып
алган кімге құт болады дейсіз? Өкініп қайтесіз?- деп, Абай аса бір байсалды
мәслихат айтты.

Манас пен
келіншегі осыны жақсы ұғып ұнатса да, Құлыншақ көнген жоқ. Ол осыдан соңғы
әңгімелерде Құнанбайға өкпелі болған кісінің қабағын білдірді.

Абай ар жағынан
байқап кеп, Құлыншақтың ойы: «Бөкенші, Борсақтан жер олжа қылмадым» деген арман
екенін білді. Соны ұғынумен қатар, жерден басқаны, жемнен басқаны тыңдағысы
келмеген Құлыншаққа ішінен наразы боп аттанды.

Абай әкесіне Құлыншақтың
көнгенін айтса да, өкпесін айтқан жоқ. Істеп келген ісін қысқа ғана баян етіп
еді.

Бөлек жерде
Құнанбай Қарабастан да сұрастырған. Абайдың айтқан сөздерін түгел есітті.
Қарабас Абайдың бүгінгі мінездеріне ырза екен.

- Балаңыз сөзге
ысылып қалыпты. Тіпті, бір үлкен кісідей орамды жатыр. Құлыншақ екен-ау,
ұтылады екем-ау демеді. Қалай болса да тең сөйлеседі!- деп, мақтай бастап еді.

Құнанбай «Жетті,
доғар» дегендей ишарат қылды да, Қарабасты тоқтатып тастады. Осының ертеңінде
Құнанбай Абайды және жұмсады. Қасына тағы сол Қарабасты қосып, енді Сүйіндікке
жіберді.

Сүйіндік аулына
Абайлар ел орынға отыра келді. Өз қыстауынан айрылып, қарауылдың бас жағын -
Түйеөркеш деген жерді қыстаған Сүйіндік аулы қазір тамда емес, киіз үйде екен.
Мал жаны көп, бай ауыл осы орынды қыстауға лайықтап алғанмен, әлі жаңа қыстау
сала алмай, ескілеу тар қораға сыя алмай, күннің көзі жылынысымен киіз үйге
шығыпты.

Сүйіндіктің
аппақ үлкен үйі жылы екен, іші тола тірелген жүк, буулы тең менен сандықтар.
Оның ар жағы екі босағаға шейін текемет, алаша, тұскиізбен қоршалыпты.

Саптама мен тиін
ішікті әлі тастамаған Абай бұл үйде тоңазитын емес. Биылғы көктемде алғашқы рет
киіз үйге қонғалы отырғаны осы. Мұнда бір жеңіл салқындық, кең тыныс бар. Көктемдегі
киіз үй Абайға әрқашан таңсық болатын.

Үлкен үйдің
ортасында ала көлеңкелеу жанған тас шам бар. Сүйіндік бәйбішесімен және екі
баласы - Әділбек, Асылбекпен - бәрі де қонақтармен бірге болды. Бұл үйге
әсіресе, өзгеше көктем нұрын енгізген бір жан бар. Ол Сүйіндіктің қызы -
Тоғжан. Абай келгеннен бері Тоғжан үлкен ағасы Асылбектің отауынан осы үйге
бірнеше рет келіп кетті. Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның
келері мен кетерін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы бастағы кәмшат бөркі,
білек толған неше білезіктері - баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір
сәні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың
жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр. Карлығаш қанатының ұшындай уп-үшкір
боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабар жендеттің жебесіндей.

Тоғжан үйдегі
сөзге құлақ салып, не күліп, не қымсынса, сұлу қастары бір түйіле түсіп, бір
жазылып толқып қояды. Елбіреп барып дір еткен қанат лебіндей. Самғап ұшар
жанның жеңіл әсем қанатындай. Биікке, алысқа мегзейді... Абай көпке шейін
Тоғжан жүзінен көзін ала алмай, телміре қарап қалады.

Қыздың көп кіріп-шығысы
қонақтардың қамы екен. Аз уақытта дастарқан жайғызып, күтуші әйелге шай құйғызып,
өзі әкесінің төменгі жағына отырып, шыныларды әперіп, үй ішіне қызмет керсете
бастады.

Абай Сүйіндіктен
де қысылған жоқ. Бала емес, ысылған ашық, үлкендерше сөйлейді.

Тоғжан кеп
отырғаннан кейін Сүйіндікхе қарап:

- Сүйіндік аға,
осы мына сіздің жердің алдындағы Қарауыл дейтін жалғыз биік не себепті Қарауыл
атанды екен?- деді.

Сүйіндік:

- Кім білсін,
шырағым!- дей түсіп, аз отырып: - Е, Тобықты мен Матайдың шабуылы, жаулығы
қалған ба? Сондағы қуғыншы мен жортуылшының бірі қойған аты-дағы. Өзі өзге
таудан бөлініп, айдалаға оқшау барып тұр ғой. Содан қарауылдамай, қайдан қарауылдасын!-
деді.

- Сүйтіп, бұл
атты Тобықты қойған дейсіз бе? Тобықты келмес бұрын сондай ат жоқ па екен? 

- Қайдан болсын?
Бұл өңірдегі барлық атты Тобықтының өзі қойған.

- Әй,
білмеймін-ау! Бар атты өзі қойса, Шыңғыс дегені несі екен? Шыңғыс деген Тобықты
бар ма?

- А, жоқ!
Мынауың жаны бар сөз. Бәсе, бұ Шыңғыс деген осы үлкен алып таудың аты неге
Шыңғыс атанды екен бұл?- деп, Сүйіндік өзі де ойланып қалды.

Әділбек әкесінің
мүдіргенін намыс көріп:

- Шыңғыс деген
сез «шын қыс» дегеннен, қысының қаттылығынан болыпты-мыс деседі ғой!- деп еді.

Абай бұған күлді
де:

- Олай болмас.
Шыңғыс деген белгілі хан аты ғой,- деді.

- Бәсе, осы сөз
менің де құлағыма бір тиген еді. Жадымда қалмапты. Кәне, білсең өзің айтшы,
шырағым,- деп Сүйіндік Абайды тыңдағысы келді.

Жас қонақ Шыңғыс
хан жайында өзі білген, есіткен әңгімелерін айтып кеп, ақырында өз кеңіліндегі
біраз долбарды қосып:

- Тауының
«Шыңғыс», биігінің «хан» аталғаны содан. Және сонау бір бөлек тауы «Орда»
аталғаны да сол. Шыңғыс ханның мекен еткен қонысы екенін паш етеді. Қарауыл
демек те сол кезден қалған ат емес пе екен?- деп тоқтады.

Сүйіндік Абай сөзін
қатты ықыласпен тыңдады. Алдындағы шайы ішілмей, кесесі суып қап еді. Тоғжан
әкесінің соншалық тыңдағанын енді байқады. Ол Абайға таңдана қарап, бірталайға
дейін көз алмады...

 Үй іші Абай айтқан жаңалықтарды қызыға тыңдап,
көңілденіп қап еді. Асылбек, Қарабастар:

- Қисынды-ақ
екен!- десті.

Шыңғысты былай
қойып, тақ осы Сүйіндік қыстауы Түйеөркештің қасында тұрған «Хан» биігін, онан
соң Мамай қыстайтын анау «Орда» деген таудың бәрін де шешті. Соны осы күнге
шейін неліктен аталғанын білмей жүру, мұндағы үлкеннің бәріне енді ғана орасан
көрініп еді.

Сүйіндік Абайдың
шынысын өзі әперіп:

- Жеп іш, Абай!-
деп, енді қонағының алдына жент пен майды да, бауырсақты да молырақ ысырып
қойды. Әкесінің жас қонаққа жасаған осындай бейілін де Тоғжан сезіп отыр.

Бірер мезгіл
Абай өзіне қараған Тоғжанның әдемі қара көзін байқады. Солғын қарау емес,
Абайды анықтап, түстеп, барлай қараған сияқты.

Абайдың да
әйелге анықтап қызыға қараған жолы осы сияқты. Тоғжан ұзағырақ қадалып, көз
алмай отырып ақырын қызғылт тартқандай болды да, көзін тайдырды.

- Көп жасаған
білмейді, көп тоқыған біледі. Осылайша ұққаның, тоқығаның жақсы, балам!- деп,
Сүйіндік бір тоқтады. Абай осы сөзге жалғастырып:

- Өзіңіздей
кісіден есіткен сөздер ғой, Сүйіндік аға!- деп аз отырып, - рұқсат етсеңіз, осы
өзіңіз айтқан кейбір сөздерді де өз аузыңыздан ұғынайын деп ем!- деп,
Сүйіндікке қарады. Тұрпайы емес, сыпайы бастап, орамды келді. Сүйіндік:

- Е, сұра, айт,
балам! Не сұрамақ ең!- дегенде:

- Ендеше, осы
жаңағы кіші Орданың тұсында Көжекбай, Құлжабайдың жер дауына билік айтқан
екенсіз. Сонда «Мен қойдың бөлігін бөлмеймін, құдайдың бөлігін бөлемін!»
депсіз. Осының мағынасы қалай? Соны сұрайын деп ем!- деді.

Бұл сұраққа
Қарабас, Әділбек, Асылбек те күліп жіберді. Тегі, Абайдан басқаларына жөні
мәлім болу керек. Сүйіндік Абай сұрағына аз тіксініп, қалта қарап, ойланып қап
еді.

- Шырағым, бұл
сөзді әкеңнен ұғынсаң етті.

- Менің әкем
баламен ашылып сөйлей бермейді ғой! Білесіз ғой.

- Бірақ жаңағы
іске әкеңнің қатысы бар ғой! Оны білуші ме едің?

Қарабас,
Асылбектер әлі күліп отыр. Олар Сүйіндіктің қашқалақтағаны мен сыпайылық
сақтағанына және Абайдың жайсыз әңгімені қадаласұрағанына күледі.

- Әкемнің қатысы
барын білемін.

- Ендеше әкең
аты араласқан сөзді ең әуелі әкеңнің өзінен ұғынғаның мақұл!

- Бәрекелді! Сүйіндік
аға, оныңыз жақсы ақыл! Бірақ... сол билік тұсы, сіз бен менің әкем екі
араңыздың суысқан тұсы болды, дейді. Ол рас қой?

- Рас!

- Ендеше сізбен
қалай араздасқанын мен өз әкемнен ғана біліп қойсам, мына Әділбек пен Асылбек
ағам сізден ғана ұғынып қойса не болады? Анық шынға жете алмай, сыңар жақ
кетеміз ғой. Бірден, адасамыз. Екіншіден, бала мен бала, мына біздер, сырттан
қырбай, сырттан шалғай кетісеміз ғой. Сіз маған, менің әкем бұл кісілерге айтып
отырса таразының басы тең баспас па еді?

Сүйіндік те, үй
іші де Абайдың мына дәлелдерін дұрыс көрді. Қарабас сүйінісіп кетіп:

- Дұрыс-ау
осынысы баланың?- деп, Сүйіндіктің әңгімесін айтқызуға бейімдеді.

- Балам-ай,
алды-артымды орап алдың-ау осы сен, ә?- деп, Сүйіндік ақырын күле түсіп, екі
ойлы боп қалды да Асылбекке қарап:

- Ей, менің
балаларым, мына бала қонағың тартымды жатыр-ау өзі, ойлаймысыңдар?- деп, жақсы
жадырап, шын бейілденді. Тоғжан шай ішіліп болса да, дастарқанды жиғызбай,
күлімсірей түседі. Жиі қарап, Абай көзімен кездескенде, көптен бергі сыйлас
танысына жасайтын ілтипат білдіреді.

Абай әңгімені
алғаш өзі ойлаған жаққа бұрды.

- Сол менің
әкеммен қырбай боп қалған жеріңізді өзіңіз ұғындырыңыз, Сүйіндік аға!

- Өтінсең,
айтайын! Біле жүр! Сенің әкең Мамай ішінде Жамантаймен көңілдес боп жүріп, өкіл
күйеу болғанда екі жұз қой кит киген.

- Өкіл күйеуі
қалай?

- Өкіл күйеуі
шын күйеу емес, тамыр есепті нәрсе.

- Онда «тамыр»
деп неге аталмайды?

- Тамырлық
құрбылае кісісің арасында болады. Ал, жасы үлкен кісімен жас жігіт тамырласам
десе, кейде осылайша өкіл күйеу боп аталады.

- Иә, сонымен?..

- Бертінде сол
Жамантайдың баласы Көжекбай өзінің Құлжабай деген кедей ағайынымен жерге таласты.
Мырза: «Соған билік айт, жер бөлігін айырып бер» деп, мені апарды. Мен екі
жағының сөздерін ұғынып, өз көңілімше әділдігін топшыладым да: «Бөлік былай
болсын» деп, жүріп отырдым. Сенің әкең өзі де басы-қасында. Арт жағымда
Көжекбайлармен бірге келе жатыр. Мен бәлікті өз көңіліме сыйған әділетпен
бөлмекпін. Байқаймын, жүрісім Кәжекбайға жақпайды. Тыжырынып, жарыла жаздап келеді.
Аздан соң мырзаға сыбырлап, жалпылдап айта бастады. Әкең сенің, Кожекбайды құп
көрді білем, арт жағымнан саңқ етіп дауыстап: «Уай, алапес! Сен қалай жүріп
барасың?» дегені. Мен екі жағына тең би емеспін бе? Ыза боп кетіп: «Уай, тәйір,
қойдың бөлігін бөліп келе жатқаным жоқ, құдайдың бөлігін бөлемін» дедім,-  деп тоқтап қалды.

 - Иә, сонан соң не болды?- деп, Абай ар жағын
тағы айтқызбақ еді.

- Арғысын
қайтесін сол, шырағым? Кетті ғой әйтеуір, қым-қуыт, шым-шуыт боп!- деп,
Сүйіндік қолын бірақ сілтеді де, айтпай қойды.

Абай қып-қызыл
боп кетіп, шұғыл ойланып отырып қалды. Шамға қарап қадалып қалған көздерінде
сол шам отындай үлкен қызғылт, алыс от маздап тұрғандай. Тоғжан қонақтың мына
пішініне енді жай ғана емес, тамашалап, қызығып қарады.

Сүйіндік үйінде
Абайдың үндемей қалғанына ішінен күліп отырған да кісі бар. Ол Сүйіндіктің кіші
баласы - Әділбек. Асылбектей емес, ол ожар, тоң мінезді болатын. Енді Абайдың
аңырып, дағдарып қалған пішініне қарап өз ішінен:

«Ал, тілегенің сол
бөлса, қарық бол!» деп, жымиып отыр.

Бірақ Абай қатты
ойланып қалғанмен, жасыған жоқ. Аздан соң және өзі бастап екінші бір әңгімені
сұрады. Онысы Сүйіндіктің тағы бір сөзі. Өскембайға ас берген тұста айтқан сөзі
еді. Сүйіндік оны да айтпақ болды.

- Мырза өз әкесі
Өсекеңе ас берем деп, Көкшетауға сауын айтып, қалың елді жиды ғой. Тобықтының
одан үлкен асы болған жоқ. Естіген шығарсың?

- Естіп ем.
Соған сіз де бардыңыз ба?

- Әкеңмен ол
кезде қырбай едім! Бармадым. Бірақ Айдос, Жігітектен, тіпті анау Мамай,
Жуантаяқтан да ел қалған жоқ. Жұрттың бәрі көшіп, сонау Көкшетауға барып, ұлы
дүбір мереке жасады ғой. Сонда Бөжей мен Майбасар келіспей қапты. Майбасар старшын.
Жуантаяқтың бір ұрылары Наймандағы Бөжейдің нағашыларына барып, көп жылқысын әкеп,
қырып тастапты. Соның қуғыншысы келіп, Бөжейге: «Есемді әпер!» дейді ғой. Бөжей
Майбасарға асылады. «Ақыластыр, малын әпер!»- дейді. Соған Майбасар: «Сандалып,
не айтып жүрсің?» деп, ренжітіп тастайды. Бөжей өкпесінің басы осы еді ғой. «Ажарым
өтпейтін болса, шашпауыңды несіне көтердім?» деп, өкпелеп қалады. Сүйтеді де,
ас тарқамай көшіп кетеді. Бұған еріп Жігітек, Байшора, Жуантаяқтан да кеткендер
болды. Осы орайда, мен үйде жатып, бір-екі ауыз сөз айтып ем, қадағалап
отырғаның со ғой.

- Не айтып
едіңіз сонда?

- Білмексің ғой,
оны да айтайын:

Өзге егіз
болғанда, құдай жеке,

Алдыңа ата-анаң
- ол бір Меке,

Қырық үйліні
қырық пышақ қылып едің,

Өз асың да
бұзылдьі-ау, Өскенеке?-

деп ем. Жұрт дегеннің
ұмытпай жүргені со-дағы!- деді.

Абайға бұл
әңгімеден әрі тағы бір әңгіме жатқаны ап-анық көрінді.

- Мынаның ар
жағы да бар ғой. Онысын айтсаңыз қайтеді?

- Ар жағың
қайсы, балам-ау?

- «Қырық үйліні
қырық пышақ қылдың» дедіңіз ғой! Ол би атамның ісі ме, жоқ басқаның ісі ме еді?

- Абайжан-ай,
қайдағыны айтқыздың-ау! Айыпты Өскенекеңнің өзі емес. Тағы сенің өз әкең еді.
Енді сен маған осыны айтқызып-айтқызып, ертең әкеңмен екеуімізді тағы араз
қыласың-ау, сығыр!- деп, Сүйіндік күліп қойды.

- Жоқ, Сүйіндік
аға, білейік деп сұрайым. Сіздің үстіңізден шағым жиям деп сұрамаймын ғой! 

- Рас айтасын,
балам! Ендеше «қырық үйлі» деген анау Көкен тауының бауырындағы Уақ болады. Сол
ел ішінара араздыққа басып жүргенде Құнекең араласып, Қонай деген батырды
сүйейді. Егес күшейіп келген кезде, Қонайға ақыл салып, жау жағын шапқызып жібереді.
Қапыда қалған ел қарсыласа алмай, көл жағасындағы қалың қамысқа қашып кіреді
екен. Құнекең қамысты өртетіп жібереді. Сонда өрттен қорқып, қашып шыққан елді
қуғызып жүріп сабатып, Қонайға жеңгізіп берген еді. Осыны айтып ем!- деп,
әңгімесін бітірді. Абай осыдан соң өзге әңгіме сұраған жоқ. Аздан кейін ет
пісіп, жұрт асқа отырды. Абай мен Қарабасты үй іші бөгде қонаққа санаған жоқ.
Сол себепті күндегі дағды бойынша дастарқан айналасына Сүйіндіктің барлық
балалары да, бәйбішесі де отырған-ды. Әкесінің төменгі жағынан шешесімен екі
ортадан отырған Тоғжан Абайға қазір бұрынғыдан да жақындай түсті. Абай
бағанадан бері Тоғжанға бет алдынан қараса, қазір көбінесе қырынан көріп отыр.

Орташа келген
қырлы мұрыны енді анық көрінді. Қырынан қарағанда біртүрлі сүйкімді екен.
Жұмсақ жұмыр иегінің астында жұқа ғана бір толқындай бон, нәзік бұғағы
білінеді. Жылтырап таралған шашы қап-қара қалың өріммен, ерекше аппақ, нәзік
мойнына қарай құлап түсіпті. Үлкен де, кіші де емес, әшекей сырғасы діріл
қағып, дамыл алмай сілкіне түсіп тұр.

Әлденеден,
белгісіз себептен Тоғжан пішіні қызара түсіп, қайта сұрланады. Толқып қайтып
тұрған ұяңдық па, басқа ма? Әйтеуір өзінше, өзгеше тыныс алып, лүпіл қағып
тұрған бір сезім бар.

Қонақасыға
әрқашан аса мырза аталған Сүйіндік үйі бүгін де етті келістіріп асқан екен.
Қарабастың өткір сары пышағы қыстан қалған семіз жаяны да, алтындай сары
уілдірікті де лып-лып сызып, жапырақтап жатыр. Жалғыз сүр емес, сары ала қып
асқан екен. Қыс бойы бордаққа байлаған, жаңада сойылған семіз қойдың жас
сүбелері де бар екен. Бапты қып жемек болған семіз қойды жай сойғызбай,
үйіткізіп алыпты. Жас ет, үйіткен қойдың еті болғанда, мына табаққа, тағы да өзгеше
дәм бітіріп, нәр берді.

Бірақ ас осындай
бапты боп, үй іші тегіс ерекше көңілденіп жеуге кіріссе де, Абай жөнді жемеді.

Тоғжан да
білезікке толы аппақ жұмыр білегін табаққа қарай сирек созады. Сүйіндік пен
Асылбек Абайды қайта-қайта:

- Же, шырағым.

- Жесеңші, Абай!
Алмадың ғой!- деп, әлденеше қозғап көріп еді, Абай жей алған жоқ.

Ет артынан
Сүйіндіктің көптен сауғызып отырған қысырларының сары қымызы да келді. Оны да
жақсы әңгімелесіп, ұзақ отырып ішісті.

Бұл кештің соңғы
кезінде Абай алғашқыдай емес, тартынып, қалғандай, баяу еді.

Үй иелері: «Жас
қонақтың ұйқысы келді» деп, соған жорыған. Ақыры төсек салынатын боп барлық
еркектер тысқа шықты. Абай көңілі бұл кеште өзгеше бір күшті сезімнің әсеріне
толы.

Бұрын «ғашық
жар» көп оқыған хикаяларда, көп-көп естілген ауызша әңгімелерде болса, бүгін Абайға
ең алғаш рет кітап емес, әңгіме емес, өзінің анық, аппақ мүсінімен, кулкісі,
қозғалысы, тынысымен: «Сол мен едім», «мен мұндамын» деп келгендей.

Сүйіндік әңгімелерінің
артынан, әуел кезде көңіліндегі тұнып жүрген бір ауыр сезім ренжіткендей, бірер
төңкеріліп түсті де, қайта шөгіп қалды.

Ол емес, тысқа
шығып өз-әзімен қалғанда, жұлдьізды аспанға аса бір рақат қуанышпен қарап
тұрып, кең тыныс алды.

Орталап қалған
ай батысқа таман сызылып барады. Биік те алысқа тартып барады. Жүректі де
реніштен, ылайдан құтқарып, сондайлық биікке, қазіргі бұлтсыз аспандай алысқа,
тазалық рақатқа шақырып, жыраққа меңзейді.

Түйеөркештен
Шыңғыстың жақын биіктері жартылап қана көрінеді екен. Қарақошқыл таулар ай
астында көкшіл мұнараға оранып, жым-жырт қалғып тұр. Тау жақтан ақырын ғана жел
желпінеді.

Қалың қой қыбыр
етпей тыныштық алып, үнсіз ғана тына алады. Асылбек, Әділбектер жатуға кетті.
Көгал сайда отырған бес-алты үйлі-ақ ауылдың түңлігі тегіс жабық. Ай астында ақ
үйлер де мызғып, қалғып тұр. Сүйіндік пен Қарабас аттардың маңында жүр. Абай
мынадай көктем

түнінен соншалық
бір тазалық сезіп, таң лебін танығандай. Бұның жүрегі әдейі арналған таң лебін
ерекше ұғынып сезінгендей.

«Махаббат па?
Осы ма? Осы болса, мынау дүние, мынау маужыраған тынысты нәзік түн... бесігі
ғой. Сол сұлу саздың құлақ күйі ғой».

Сүттей жарық,
айлы түн. Таң әлі жоқ. Бірақ жоқ екенін білсе де, Абай әлдеқандай өзгеше
«таңды» сезеді. Күйік те, үміт те, қуаныш та, азап та бар,- жүрек таңы. Кеуде
толған өзгеше ыстық, өзгеше жұмбақ, мол сезім. Соның шалқи түсіп шарықтауы көп.
Лыпыл қаққан қанаттай тоқтаусыз құбылып, тыныштық ала алмай лепіреді.

«Нені айтады? Не
деп түсінеді? Не сипатты бұл сезім? Не боп барам? Тақат, сабырым қайда?»

Бойына
тоңазығандай бір діріл пайда болды. Себепсіз дірілдейді. Жүрегі де тулап кеп,
өз-өзінен қысылып, шаншып кеткендей.

«Таң... жүрек
таңы... Сол таңым сенсің бе? Жарығымбысың, кімсің?»

Көз алдында
Тоғжанның аппақ жұмыр білегі жас баланың етіндей! Ақ торғындай мойны!.. Таң осы
да... өзі ғой!

...Ақ етің аппақ
екен атқан таңдай!

Шынымен бар
жанымен құлай табынған сұлуға қарап, бар сезіммен үнсіз жырлап тұрған тәрізді.
Тоғжанға арналған, ең алғашқы «ғашығым» деген жарына арналған жан жырының
тұңғыш жолы осы еді.

Ойша, екі-үш
ауыз махаббат сәлемін айтьш шықты. Біртүрлі оңай, рақат боп өз-өзінен құйылып
тұрған тәрізді. Бірақ сол кезде Қарабас үйге қарай шақырды. Екеуі тыста жалғыз
қапты. Абай үйге таман келе жатып, жаңағы өлеңін қайта есіне түсірейін деп еді,
«Ақ етің аппақ екен атқан таңдай?» дегеннен басқасы есіне эзір қайта түспеді.

Қарабас пен Абай
үйге кіргенде, Сүйіндік пен бәйбішесі биік төсекке жатып қалған екен. Сарғыш
шегірен шымылдық үлкендердің жататын өрнын қоршап тұр. Кең үйдің төріне екі қонаққа
арналып төсек салынып жатыр. Одан басқа өзге кісі жататын жай сезілмейді.

Тоғжанның өз үйі
басқа ғой. Ол Сүйіндіктің кіші әйелі Қантжанның қызы екен. Жаңа үйге кірерде
Қарабас айтқан. Тоғжан, әрине, өз үйіне кеткен болу керек. Үйге кірген жерде
Абайдың ойлағаны осы. Өйткені төсек сальіп жүрген - бағанағы шай құйған сары
келіншек.

Абай төрге қарай
қозғала беріп еді. Бір уақытта шегірен шымылдық толқып барып қозғалды да, есік
жақтағы шетінен шолпы сылдыры естіліп, Тоғжанның әсем бойы көрінді. Қолына бір
торғын көрпені алып, бері шығып келеді екен. Асықпай, тіпті ақырын қозғалады. Шолпысының
ендігі сылдырынан әзі қысылған тәрізді.

Келіншек Абай
жататын төсекті баптап салып бөлып қап еді. Тоғжан қолындағы торғын көрпені
кеудесіне көтеріп, баурына қысыңқырап тұрып, келіншекке әдеппен ғана бұйрық
етіп:

- Аяғын, аяқ
жағын биіктесеңші!- деді.

Абайға бұ да дәл
өзіне ғана арналған, өзгеше ықылас сияқты көрінді. Бірдеме айтар еді... айтқысы
кеп еді. Бірақ, жүрегі лүпілдеп, аузына тығылғандай боп, түк сөз таба алмады. Құр
ғана қызарып қысылды да, сырт киімін шеше берді.

Тоғжан ақырын,
сыпайы ғана кеп, Абайдың төсегіне торғын керпені жазыңқырап қойды да, есікке
қарай қозғалды. Үнсіз бейіл белгісіндей үлкен ілтипат жасады. Бірақ бары сол
ғана. «Шын-ақ бары сол ма?» Әлде, тіпті, бар қонаққа істейтін дағдылы сыйлық сияқты
ма? Сол ғой! Үлкен үйдің есігіне жеткенше Тоғжан ақырын басып, келіншекті ертіп
кетіп барады. Қайта бұрылмайды.

Дәл шығар жерде
ғана, өзінен бұрын есік ашқан келіншекті ілгері шығарып жіберіп, өзі біртүрлі
сұлу қозғалыспен сырт айнала беріп, терге таман ақырғы рет бетін беріп, үй
ішінен сыртымен шықты.

Тоғжан есікке
қарай қозғалғанда, Абай қадалып, телміре қарап қалып, бешпетін екі иығынан шеше
беріп еді. Бірақ Тоғжан бір қарамағанға қайран боп, кеткенін қимағандай қалт
тұрып қапты.

Енді Тоғжан
есіктен шығар жерде бір сәтке көз қиығын тастағанда Абайдың тапжылмай сілейіп
тұрып қалғанын көрді. Бешпеті екі иығынан түсіңкірепті де, аппақ көйлегі ашылып
тұр. Екі қолы бір нәрсеге таңғалғандай жазылып, ыңғайсыз түрде асылып қапты.

Абай дәл байқады
ма, жоқ па? Бірақ, шыға берген Тоғжанның аппақ жүзі қайтадан тағы бір рет,
соңғы рет қою қызғылтпен ду ете түскендей көрінді. Және сонымен қатар жымия
күлген ерні аппақ маржандай тістерін айқын көрсеткендей болды. Үнсіз күлкімен
езу тартып кеткен сияқты.

«Бұл не, мысқыл
ма, ұят мінез істедім бе?» деп, Абай өз-өзінен қысылып қалып, тез шешінді де,
торғын көрпеге оралып, бүк түсіп қалды.

Шолпы әуелі жиі
сылдырлап, аздан соң баяулай бастап, тағы біраздан соң анда-санда бір ғана
шылдыр ете түсіп ұзап барады. Абай өз жүрегінің аттай тулап соққан дүрсілін
естіді. Шолпы үнін сол басып барады. Өзгеше ыстық қымбат шолпы ең соңғы рет бір
шылдыр етті де, білінбей кетті. Түн тыныштығы ұрлап кеткендей, жұтып кетті.

Шамды Қарабас өшірді.

Шам өшсін-өшпесін,
Абайдың кез алдына қазіргі мезгіл, бұл сәт самаладай жарық. Шамның өшкенін
байқаған да жоқ. Кезі жұмулы, көңілі тыныштықтан, сабыр ойдан айрылған. Құйын
үстіндегі алай-түлейде.

Бұл түнде таң
аппақ болып атқанша Абай бір секунд та көз ілген жоқ. Күн шығарда ғана азғантай
мызғыды. Бірақ үй іші оянғанда бірге оянып, ерте тұрды. Өңі сұрғылт тартып,
жүдеп тұрды. Шай алдында тысқа шығып, далада бой жазып жүрген уақытта, Тоғжан
жатқан үйді ойша іздеді. Сүйіндіктің үлкен үйіне жақын тұрған кішілеу ақ үй
бар. Асылбектің отауы болу керек. Содан әрі алты қанат ақ үй тұр. Кіші үй сол
болуға лайық. Абай қайта-қайта сонда қарайды. Бірақ ол үйдің

түңлігі жабық,
Тоғжан да, шешесі де әлі оянбаған, тұрмаған сияқты.

Далаға Сүйіндік
те шыққан еді. Әкесі тапсырған алық-берік жөніндегі сәлемді Абай сонда айтып,
бұл ауылға келген жұмысын осы таңертеңгі уақытта бітірді.

Шай уақытында
Тоғжан келген жоқ. Асылбек, Әділбектер де өз үйлерінде болу керек. Таңертеңгі
мәжіліске араласпады.

Шаруа біткен
соң, Қарабас ертеңгі салқынмен қайтайық деп байлаған. Сондықтан дастарқан
жиылған соң, ол аттарды ерттегелі шығып кетті.

Абайдың бұл
ауылдан кеткісі келмеді. Қонағуар, жылы жүз, жақсы мінезді үлкендердің үйі аса
бір сирек кездесетін, жайлы ұя сияқты екен... «Осы ауылдың туысы, жақыны болар
ма ем? Сұраусыз келіп, санаусыз қонып, түстеніп кетіп жүрер ме ем?»- дегендей.
Бірақ кетпей болмайды.

Үйде Сүйіндік
пен Абай және Сүйіндіктің бәйбішесі ғана қалған уақытта Сүйіндік Абайдан Зере
жайын, Ұлжан күйін сұрастырып отырып:

- Аналарыңа сәлем
айт, балам!- деді.

Түннен бері
үндемеген бәйбіше де Ұлжанға сәлем айта отырып, Айғызды есіне алды. Содан барып
Кәмшат есіне түсіп:

- Шырағым-ау,
осы анада Бөжекең аулына жіберген кішкене қыз не жайда? Айғыз бишара қайтіп
қиды соны? Жылатып айырып, қайтіп қана жіберді екен?- деп, бір жағынан наразы
боп, сұрастыра бастады. Абай амалсыздан сөйлеп, қысқа ғана жауаптар қайырды.
Бәйбіше бұл жөнде шешіліңкірей бастап:

-  Бөжейдің әйелі қатыбас кісі еді. Өзінен де
туған қызы көп, күтеді деймісің кішкене пақырды?- деп, қынжылып отыр.

- Е, е, Бөжей
бар емес пе? Қатыны ойламаса, Бөжей ойлайды ғой! Неге күтпесін!- деп, Сүйіндік
майдаламақ болды.

- Әй, білмеймін!
Ауыл-аймағымен тегіс-ақ: «Айыпқа берген қыз ғой. Малын қимай, жанын қиды ғой
айыпқа!» десіп, жаман сөздер сөйлейді деп есіттім ғой. Жас баланы жылатқандары
бекерлік болған ғой өзі. Не десе де іштен шықпап па еді? Айғыз бишарада не
сүлдер жүр дейсің?- деп, бәйбіше өз-өзінен босаңсып барып, жылап жіберді. Екі көзі
жасқа толып, қып-қызыл боп, үндемей, мұңайып қалды. Анда-санда күрсіне түсіп,
тамсанып қояды.

Абайға бұл
ананың мейірімі, тіпті бір қымбат адамшылық, шын рақымшылық боп танылды.

Жидебайдағы өз
үйінде Кәмшат жайы осындай бір айықпас мұң, уайым боп алған-ды. Сондағы әжесі
мен Айғыз және өз шешесінің осындай-осындай көзі жасты, көңілі қаяу болған көп
шақтарын есіне алды.

Бірақ, олар Кәмшатты
құр сағынып, құр аяғаны болмаса, мына кісі айтқан суық сөздерді есітпеген
сияқты.

Кеше Құлыншақ
та, бүгін мынау ауыл да Кәмшат жайын ылғи «жетім жандай, күңдікке, қорлыққа
кеткен бишара, әлсіз сорлыдай» сөйлейді. Тегін емес-ау! Жидебайға қайтысымен
әжелеріне осы есіткендерін айтып, Кәмшаттың күйін білдіру керек. Әке не десе о
десін, бұны істемей болмайды. Абай осыған байлады. Жүрерде тағы да қымыз ішіп,
жолға қарсы тоғайып ап, екі жолаушы атқа қонды.

Сүйіндік үйінің
жанынан үлкендерге «қош-қош» айтып, рақмет айтып кетіп бара жатып, Абай кіші
үйдің түңлігіне тағы қарады. Түңлік әлі ашылмапты. «Тоғжан енді бір көруді
ойламаған ба! Тұруға да, көруге де асықпаған ғой!..

Бала жігіт
көңілге ала, қызған толқын алып, амалсыз тебініп жүріп кетті. Ауылдан
алыстаңқырап бара жатқанда ең соңғы рет артына бұрылып, кіші үйді тағы қимай
қарап еді. Үй жанында бір әйелдің бойы көрінді. Басына қара шапан жамылған, ақ
көйлегінің етегі шұбала түскен, Тоғжан сияқты. Жаңа тұрған ғой. Бірақ есіктен
шықты да, Абай кеткен жаққа қарамай, әрі қарай, көғал дөңге қарай ақырын басып
жүріп кетті.

Абайдың көңіліне
Тоғжанның шолпысы шылдыр-шылдыр етіп, ап-ашық естілігі бара жатқан сияқты. Өз
жүрегінің лүп-лүп соққан қатты толқын ырғағы.

Амалсыз ұзап
кетті. Аты жақсы Түйеөркеш, жан мекеніндей өзгеше ыстық Түйеөркеш, мынау
сәуірдің мынандай әдемі ашық, рақат сәскесінде тым құрса, «қош» демей де үнсіз
қалды. Жұмбақ мінезді боп, сұлу мекен, сұлу жан қалды. Тау ішінен шығып,
Қарауыл өзенін қуалап, екі атты бөктерге қарай бұрылғалы келеді.

Ойға түсіп
біртүрлі баяу келе жатқан Абай бір - кезде арт жағынан дүрсілдеп кеп қалған ат
дүбірін естіді. Жүрегі тағы да түндегідей қатты тулап, шұғыл бұрылып қап еді. Орынсыз
үміт тез суынды. Сүйіндік үйінің адамы емес, бір толықша, қара жігіт екен.
Мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан бала жігіт жұпыны киім киген. Астында құнанша
күзеген күрең биесі бар. Абайларға жақындай бере сәлем берді. Ашық-жарқын жігіт
болу керек. Аппақ сұлу тістерінің баршасын көрсетіп, ақсия күліп келеді.

Жалғыз жүрген
жолды көңілсіз көріп, алдыңғы жағында кетіп бара жатқан екі аттыны әдейі
әңгімелесіп отыру үшін қуып жеткен екен. Күрең биенің омырауы терлеп қапты. Танаурап,
демігіп келеді. Екі езуінде көбік те бар.

Қарабас пен Абай
да жаңа жүргіншінің қосылғанын теріс көрген жоқ. Жай сұрасқанда бұл жігіт -
Сүйіндіктің ауылдасы, Көмекбай баласы Ербол деген жігіт боп шықты.

Қарабас Ерболмен
оп-оңай білісіп, әңгімелесіп кетті. Сөздерін тыңдап келе жатып Абай Ерболға шын
ықыласпен қарап, әлденеден ыстық көре бастады. Өйткені Ербол Сүйіндік аулының
аса жақын жігіті екен. Өзінің шешесі мен Тоғжанның шешесі Қантжан немере
қарындас. Ол үйлерге

бұл үнемі
араласып жүретін өз кісісі боп шықты. Әңгімешіл, күлегеш Ербол, енді Абайға бар
тұлғасымен ұнай бастады.

Аздан соң бұл
екеуі көбірек әңгімелесіп, Қарабас шетірек қалды. Абай Қарауыл бойында құс көгі
екен деп, аңшылық мұратын білдіріп еді. Оған Ербол:

- Қаршығаң бар
ма? Қаршығаң болса, қыдырып келсеңші! Мен қасыңа еріп жүріп үйрекке де, қазға
да кездестірейін,- деді.

Үйде Тәкежанның
көк қаршығасы бар-ды. Абай көңіліне мынау сөздер үлкен медеу болды. Бағана
Түйеөркештен кеткелі: «Енді қайтып қашан келем?.. Не сылтаумен келе аламын?»
деп өздігінен бабын таба алмай келе жатқан бала жігітке мына Ерболдың айтқаны
өте бір рақат табыс көрінді. Абай мен Ербол құс жайына, аңшылық жайына ауысқан соң
тату құрбы сияқтанып кетті.

Екеуінің де
айтар сөздері бітер емес.

Бірақ бөктерге
шыққан соң Ерболдың жолы бөлінетін боп еді. Ол оң жақтағы Көлқайнарға бұрылмақ
екен. Шаруасы сонда. Абайлар болса, Шыңғысты бөктерлеп отырып, Қарашоқыға,
Күнкенің аулына қарай тартпақ.

Ерболды қиғысы
келмеген Абай:

- Көлқайнарда
тығыз жұмысың болмаса, бізбен бірге жүрсеңші!- деді.

- Е, е, не деп
ерем? Не шаруаң бар дегенде не деймін?- деп, Ербол күліп жіберді.

- Шаруаңда
жұрттың не ақысы бар! Қыдырасың, қонақ боласың! Құс саламыз...

Ербол Абай
сөзіне қызыға бастап:

- Айтқаныңа
қызығып тұрмын!- деп, аз ойланды да:- Ә-әй, бірақ шаруам қалады ғой, болмайды!-
деп, амалсыз байлау айтты.

Аздан соң Ербол
Абайлардан бөлініп, Көлқайнарға қарай тартып кетті. Келгенінде күліп келгені
сияқты, кетерінде де күле қоштасып айрылды. Абай бұның сол көңілдігіне қызыға
қарап қалды. Ерболдың алдында түк бөгет жоқ. Тілесе, Тоғжанды күнде көреді.
Жақыны, туысы. Тоғжанға сондай жақын болудың өзі де бақыт сияқтанып, Абай мына жігіттің
сондай халін қызғанады. Ербол болса, айнымас қызықты көңілмен желе жортып, ұзап
барады. Тоғжан турасындағы ең соңғы үміт - соншалық ыстық көрінсе де ұзап
барады.

 

2

Абайлар
Қарашоқыға түс ауа жетті. Күнкенің үлкен үйінде мол жиын бар екен. Кермеде
күміс ер-тоқымды көп аттар тұр.

Қарабас Абайға
бұл жиынның алыс ел емес, осы маңның өз адамдары екенін айтты. Аттарынан
таныған.

- Жуантаяқ,
Топай, Ырғызбай ішінің кісілері. Күндегі жиын ғой. Бірақ, мынау жүруге
қамдалып, жаңа ерттелген аттар ғой. Түстікті жеп қойған екен, кұр қаппыз!-
деді.

Абай сәлем беріп
үйге кіргенде, кең үйдің іші лық толған кісі екен. Биік төсектің алдында, бар
жиыннан иығы асып, ақ көйлегінің омырауын ашып тастап, төс жүнін көрсетіңкіреп
әкесі отыр.

Тарқауға
айналып, киініп алған үлкендер, дәл кетер жерде қымыз ішіп, Құнанбайдың соңғы
сөздерін тыңдап отыр. Бір тізелеп жүгініп, тымақтарын киіп отырған кісілер де
бар.

Үйдегілер
Абайдың сәлемін алғанмен, амандық сұрасқан жоқ. Төсектің аяқ жағын ала, жорға
Жұмабайға қымыз сапыртып, құйғызып Күнке отыр. Абай соның қасына кеп отыра бере
әкесінің соңғы сөздерін есітті.

- ...Қыбыр-жыбыр
бар, білемін. Бірақ, «онымыз жоқ» деседі екен ғой. Ал, сенейін. Сенемін деп,
жаза шексем де сенемін!- деп сұрлана түсіп, зілденіп,- құлақпен есіткеннің
бәрін бекер дейін, көзбен көргенді ғана шын дейін. Көзім көргенше шыдайын. Мен
деген дос!- деп, Құнанбай жалғыз көзімен қадала қарап, төрден босағаға шейін
бір шолып шықты. Содан қайта төрге өрлеп, дәл қасында отырған Жуантаяқ Топайдың
қартаң адамдарына көз қадап отырып,- мен деген дос, мен шыдағанша сен де шыда!
Тек жалғыз-ақ мен қозданған күні «бірге қозданам» деп шыда! Соны істесең, құдай
ырза, мен ырза. Әзірге менің қолқа, тілегім осы-ақ!- деп, тоқтап қалды.
«Жүрушілерге рұқсат» деген сияқты қып тұжырып еді.

Бар жиын, төрден
босағаға шейін құп-құптап:

- Дегенің
болсын!

- Айтқаның
болсын!

- Серт уәдеміз
айтылды ғой!

- Тұр дегеніңе
тұрамыз!- десіп, жапыр-жұпыр қостап қалды. Абай өз ішінен:

«Баталасу
сияқты-ау! Бір нәрсеге ел қамдап, серттесу үшін шақырған-ау!» деп ойлап, жаңағы
«дос» деген сөзді есіне алды.

Бірақ төрден
босағаға шейін бұ да қарап өтіп, бір нәрсеге іштей ойланып қалды.

Мынау «дос» деп
әке атаған кісілері, бұрын Абай аз білетін немесе, тіпті танымайтын кісілер.
Бұрын мұндай жиын ортасында «дос» деген атпен Байсал, Қаратай, Бөжей, Сүйіндік,
Түсіп сияқты кісілер отырушы еді.

...Бүгін оның
бірі жоқ. Анада өзі барған Құлыншақ та жоқ. Басқаша бір екшеу ғой. Олардың
үстіне тағы да мол дос жию ма? Болмаса, тіпті соларды екшеп тастаған ба? Әлде
дүмбілез бірдеңелер бар ма?..

Абай
Қарқаралыдан қайтқалы ел іші қыстыгүні татулықпен, Кәмшатты жылатып берумен
«бітті, тынды» деп білетін. Содан кейін үлкен сыбыс та шыққан емес. Ішінара не
күңкіл барын сұрастырған да емес-ті.

Қонақтың көбі
жүріп кетіп, екі-үш ақсақалды ғана Құнанбай қоналқаға ұстап қалды. Көпшілік
кетсе де әкесі толық босамады.

Абай өзінің
Сүйіндікке барған жұмысын көпке шейін айта да алмады.

Ақыры бір
әредігін тауып, әкесімен сөйлесіп, міндетін ада қылды. Енді бүгін мұнда қонбай
Жидебайға қайтсам деп ойлап еді. Әкесіне сол ниетін айтқанда Құнанбай:

- Немене бұ,
қуыршақ ойнайтын қыз ба едің сен, шешеңнің қасынан шықпайтын? Менің қасымнан
сол қатындардың қасы артық болды ма? Мұнда болсаң ел көресін, сөз ұғасын,
тәлім-тәрбие аласын. Онда не табасын?- деді.

Абайға бұл
сөздер оншалық даусыз хақиқат болып танылған жоқ. Ішінен: «Сіз ата болсаңыз, ол
- ана. Бала, ата-ананың тағылымын бірдей алып өседі» деп ойлады.

Бірақ әкесіне
тура жауап айтқан жоқ.

- Үйде қаршыға
бар еді, биыл құс мол екен. Жидебайға барып азырақ қаршыға салайын деп ем,-
деді.

Құнанбай бұл
жеріне дауласқан жоқ, түсінді. Бірақ:

- Тағы бірер күн
аял қыл. Ертеңдер сені Байдалыға жіберіп алғалы отырмын. Содан әрі қайтарсын,-
деді.

Абай амалсыз
көнді де, бел шешіп жайланып, осы өгей шешесінің үйінде қала тұратын болды.

Байдалы Абайдың
көп сөйлеспеген кісісі. Кешелер ол да Құнанбаймен араз кісінің бірі еді. Енді
соған жібермек.

Әуелі Құлыншаққа
жіберді. Ол Құнанбайға өкпелі. Сүйіндік болса, ол да бұрыннан ренішті адам.
Кеше түні бойғы әңгімеде Абай өз әкесі туралы үлкен кісілердің аузынан ең алғаш
сын сөздерін есітті. Ол әңгімелердің ішінде талай-талай мәндер жатыр. Сүйіндік
те Құлыншақтай өкпелі адам. Ал енді, міне, тіпті Бөжеймен тізе қосып, әрдайым
жаулықты мықты ұстап жүрген Байдалыға жібермек. Оның Құнанбайға қарсы араздығы
қатты бекіп қалған тоң сияқты емес пе еді? Көңілі жібіді ме, қабағы жадырады ма?
Абай білмейді.

Енді соған
бармақ. «Осы қалай» деп, біраз ойлана түсіп, Абай өз әкесінің ішін түсінгендей
болды. Тегі әкесі өзіне жау адамдарға Абайды әдейі жіберетін болар. «Жау барын
көрсін, түсін танысын. Тани келе, көре келе, әкесіне достығы, тілеулестігі
күшейсін» деген болу керек.

Абай осыны ұқты
да, қатты толқып, қиналып ойланды. Шытырман. Бір сәтке Абай өзі көлденеңнен
қарап, шытырман ішіне жалғыз, құралсыз, әлсіз күйде еріксіз кіріп бара жатқан
өзін көргендей болды.

Өзін-езі ойша
екіге бөліп, осылайша көлденең көзбен кере жүретін әдет Абайда әр кезде болушы
еді.

Екі күн өткен
соң, Құнанбай Абай мен Қарабасты Байдалыға жіберді. Құлыншақ пен Сүйіндіктей
емес, Байдалы бұларға жылы шырай бермеді. Сырты үп-үлкен ақшыл үйге Абайлар
кіре бергенде-ақ Байдалының бір нәрсеге қатты ашуланып, айқайлап жатқан үні
естілді.

Үй іші әбігер
екен. Босағада малшы қатын үлкен күбіге іркіт пісіп тұр. Бір жағынан кең
қазанда құрт қайнап жатыр екен. Үй іші ыстық. Дәл Абайлар кіре бергенде Байдалы
бір кішкене қара пұшық қызды май құйрықтан шапалақпен ұрып:

- Құдай сілегір,
кетші былай, құдай сілегір. Тыныштық бермедің ғой, сен-ақ!- деп, жылатқан
бойында итеріп тастады. Қыз отқа құлай жаздап, әрі шошып, әрі ашуланып булыға
жылады. Басында шыр етіп шыңғырса, енді шегі қатып көкпеңбек боп, долдана
жылайды. Көзінің жасы да, сілекейі де шұбырып жатыр.

- Әпкет! Әпкет
мынау қараң өшкірді!- деп, Байдалы қатынына бұйрық етіп, үйден айдап шықты.

Үй ішінің осы
жанжалының уақытында Абайлар сәлем беріп кіріп, төрге шығып отырысты.

Байдалы сәлемді
оңдап алған жоқ. Амандасуы да солғын болды.

Құрт қайнатып
жатқан үйдің қазаны бос болмайды. Ет асқысы келмеген үйге ол бір жақсы сылтау
болатын.

Абай мынау ыстық
үйде, мынадай тырысқақ ашушаң кісінің үйінде ет асым уақыт отыруды өз басына жазадай
санап еді. Сондықтан еттің сәті болмаса тіпті қарсы емес. Ішінен Қарабасты
мысқылдап:

«Ал бәлем, шоқ!
Түстік болмаса, түбің түсетіндей көруші ең! Көрермін осы үйден жегеніңді!»-
деп, жымия түсті.

Шынында
Қарабастың бір қиыны - «түстік» пен «қонақасы» жайын өзге дүниенің бәрінен
бұрын ойлап, өзгеше көңіл бөлетін. Кейде Абайдың қонбайық деген аулына:
«Қонайық, бұл үйдің сүрі мол» деп, тағы бір кезде: «Түстенбейік, жүріп кетейік»
деген жерінде: «Түстенейік, бұл үй қонақасыға мырза» деп, қайдағы Абайдың ішін
пыстыратын көңілсіз, сүйкімсіз бір үйлерге еріксіз аялдататыны болушы еді.
Екеуінің көп жүргенде көбінесе ұғыспайтын жерлері осы болатын.

Бұл жолы Абай көңіліне
Байдалының ниеті де сай келген сияқты. Үлкен қара сақалды, суық түсті Байдалы
қонақтардың бетіне қарамай, мойнын есік жаққа бұрып отыр. Аздан соң күбі піскен
қатынға қарап:

- Қымыз әкел, ас
ауыз тигіз мыналарға!- деді.

Қарабас белдігін
шешіп, кішкене орнығыңқырап отыра бастап еді, Абай үйдің шырайын одан бұрын
біліп, бел шешкен жоқ-ты. Кішірек ағаш тегенеге құйылған қымыз келген уақытта
Байдалы өзі сапырып, өзі құйып, қонақтарға бір-бір шараны берді де:

- Барыстарың
қалай? Не шаруамен жүрсіңдер?- деді. Абай өзі келген шаруасын сол арада айтты.

Әңгіме тағы жер
жайынан. Құнанбай, ел жайлауға шығардан бұрын, былтыр өзі Қарашоқыдан көшірген
Бөкенші, Борсаққа Жігітек жерінің жапсарынан жайлау берген болатын. Сол ретте
осы Байдалының Қаршығалы Қопа деген қоныстарына «Сүгір мен Сүйіндік ауылдары
қоса қонсын, бірге жайласын!»- депті. Абай қымызын ішпей алдына қойып отырып, сол
шаруаны айтып шықты.

Бұл сөзді
есіткенде Байдалы қабағын түкситіп жіберіп қатты түйілді. Абайға жауап бермей,
зілдене қарап, қадалып қалды. Абай Байдалының көзінен жасқанған жоқ. Бала
жүзінде ашу да, араздық та жоқ. Тек: «Мынау кісі қалай қарайды?» деген тәрізді
кінәсіз таңдану ғана бар.

Байдалы кірпік
қақпай, шұғыл ойланып, үнсіз отырып, ақырында:

- Құп болсын!
Қонсын Сүгір мен Сүйіндік, не деуші едім!- деді.

Қайратты,
шапшаң, ер адамның байлауы сияқты. Езбеді. Жақтырмаса да, күйіп отырса да,
амалсыз байлауын бір-ақ кесіп, бір-ақ түйді. Сөз бітіп қап еді. Бірталай уақыт
үй іші үнсіз болды. Абай қымызын ішіп болып, рақмет айтып, енді жүргісі
келгендей ажар білдіргенде ғана Байдалы ырғала түсіп, сөйлей жөнелді.

- Айтқаныңа
көндім. Бірақ сөз ұғушы ма едің өзің? Әкеңе айтар сәлемім бар. Бұлжытпай
жеткізуге жараймысың, жоқ па?

- Ойдағыңыздың бәрін
айтыңыз, ақсақал! Жеткіз дегеніңіздің бір ауызын қалдырмай апаруға уәде
қылайын. Мен тек екі арадағы сәлемшімін. Дегеніңізді жеткізбей кетсем, я
бұрсам, қиянат болмас па еді? Мойнымда қарыз қалдырмаспын!

Байдалы мына
сөзге әбден қанағат қылды. Бала көргені - бала емес тәрізді.

- Ендеше жаттан
айтсам, сырттан айтқан болады. Саған айтсам, әкеңнің өз көзіне айтқаным!- деп,
аз бөгелді де,- «Татуластық, табыстық» деп ек кеше тамам Арғынның тобында. Сол
татуласқан сиқым осы ма? Тәтті күнде тағы артыма қалжуыр байлайтын болса,
анадағы араздықтан мұның несі озды? Не жаздым! Сенің әкеңе не жаздым осы мен, Жігітек?
Атаң Ырғызбайға атам Кеңгірбай оң батасын беріп, би сайлап еді. Өз баласы, өз
туысы жоқ емес еді ғой сонда. «Осы болсыншы» деп бермеп пе еді? Ал, бұл болса,
бүгін мінеки, алысқа абыройы асса, айналып кеп Жігітекті жаныштайды. Жақынға
жауықса, жағалап кеп тағы Жігітекті жентектейді. Бір лабімей кеткені ме үстіп?
Шапқа түрте-түрте барып, ақыры бір күн «Өлермен бол да, отқа түс, соныңды
көрмей тоқтамаймын!» дегені ғой мұнысы. Қоймас болса сол қолқасын алар. Алмай
тынбас сенің әкең! Осыны айт! Бір мен емес, «Жігітек сәлемі» деп айт осыны! Ал,
мына жерін алсын, бір бұл емес, тағы тапсын, тағы алсын!- деп, қолын бір-ақ
сілікті де тоқтап қалды.

Үй іші жым-жырт.
От әлі маздап жанып жатыр. Үлкен қазанның астын қызыл жалын дамыл алмай жалап
тұр. Әуелде толтыра құйылған іркіт қазір бірер қайнап қалған екен. Кемерінен
орта түсіп, шымыр-шымыр қайнайды. Жаңағы Байдалының ашулы сөздерінің тұсында
Абай көзі қазан бетіне түсіп еді. Қоюланып бара жатқан ыстық құрттың ортасы кей
кезде көпіршік атып сақылдап қайнайды. Сол көрініс тап Байдалы ашуындай.
Қайнауы жеткен ашу қызуы жеткен құрттай. Бір жер емес, қазан беті әр тұстан
бұрқ-бұрқ етеді. Ол дағы осы елдегі әр жерден шаң беріп жатқан Құлыншақ,
Суйіндік, Бөжейлердің ашулары сияқты.

Шынында, жаңағы
аз ғана сөз талай терең түкпірдің үстін басты. Талай түйінді түртіп өтті.
Талайдан теріліп жүрген келісі ұзын дау, себебі мықты кінәлар жатыр.

Абай Байдалы
сөзіне орай айтпақшы емес. Бірақ жақсы, жаман деп сыр да берген жоқ. Сәлемдерін
ұғып болып Байдалыға қош айтпақ болып еді. Қамшысын ұстап, тымағын киді. Осы
кезде Байдалы тағы бір ырғала түсіп: «Әлі де тыңдап кет!» дегендей белгі етті.
Абай тымағын қайта қолына алды.

Қазір Байдалы
біржолата өзгерген сияқты: кең, баяу, байсалды үнмен тың әңгіме бастады. Абайға
енді күлімсірей қарайды. Бұл пішіні жаңағы Байдалыға тіпті ұқсамайды.

Үлкендердің
әралуан кең мінезі, терең сыры болатыны бар ғой. Бірақ тап мынадай, ашуы мен
сабырын оңай жұмсап, оңай тежеп, оп-оңай бұрып салып отыратын шын ұстамды
адамды Абай осы Байдалыдан ең алғаш рет көріп отыр.

Жаңағы ашумен
күйген Байдалы енді майда қоңыр үнге түсіп:

- Осы өздерің
көріп жүрген Қаратай бар ма? Тап соның ішінде көп қойма жатыр, не керек!
Шіркін, тек қана азғантай Көкшеден шықты ғой. Егер Олжайдан туса, өрісін көрер
ең!- деп, біраз отырды да... Тақауда әнебір күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар
- барлығымыз Қаумен үйінде түстеніп отыр едік. Жиын бір сөзден бір сөзге түсіп,
шалқып отырып, ақыр аяғы: «Жә, өзіміз көргенде мырза кім?» дегенге келді. Жұрт
ойланып қалды. Байсал күншуақта жатқан тағыдай көзін бір ашып, бір жұмып, бүк
түсіп сырт қарап жатқан. Жаңағы сөзге ол қатысқан жоқ-ты. «Мырза кім?» дегенге
Қаратай жауап беріп, «Мырза - Құнанбай»- деді. Тағы біраздан соң ол жиын:
«Шешен кІм?» деді. Тағы Қаратай жауап беріп, «Шешен - Құнанбай»- деді. Екі бел
асты. Аздан соң және бір оралып кеп: «Жақсы кім?» десті. Әлгі Қаратай және
жауап беріп: «Жақсы - Құнанбай»- деді. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып
алып, саңқ етіп: - «Уай, Көкше, не оттап отырсың өзің?» деп, Қаратайға қадала
түсіп,- Мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше
не көкіп алысып жүрміз онымен?»- деді. Соған Қаратай іле жауап беріп: «Уай,
тәйір-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе? Жалғыз-ақ
«не қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» деді. Сөз ұғатын бала
сияқтысың ғой!- деп, Байдалы осы тұста Абайға сығырая қарап отырып,- дәл осы
сөзді сенің әкең естімеген болар. Осыны да айта баршы. Кешірімі, мейірімі жоқ
екенін Көкше неше жерде көрді, білмеймін. Бірақ Жігітек соның жоғын күнде
көреді. «Кештім» дегенін бірде-бір көрмей-ақ кеттік қой!- деді.

Жол бойында
ешбір жерде Абайдың аялдағысы келмеді. Оңай емес, әлдеқалай емес, бүгін
естігені ерекше. Байдалының аулынан ұзаңқырап шығысымен Қарабасқа:

- Жүр,
жарысайық!- деп тебіне жөнелді.

Қарабас жарысты
оншалық жақсы көрмеуші еді. Бірақ Қарашоқыға күн барда жету үшін қатты жүрмесе
болмайды. Және бұның астындағы - ақтабан қара бедеу, қасқыр соққан жүйрік бие
болатын. Аймаңдай аттан күйі де төмен емес.

- Ал, жүре ғой!-
деп, о да жөнелді.

Екі жолаушы ұзақ
шапты. Аймаңдай ат пен қара бедеу кезек озысып, қатты желісіп келеді. Өзі озған
кезде, Қарабас: «Тоқтайық!» деп іркіле берсе, Абай қуып жете беріп:

- Тоқтама, жөнел!
Жөнеле бер!- деп, атына қамшы баса береді. Қарабас өз ішінен: «Мына балаға
Байдалы сөзі дөп тиді-ау! Ширығып келе жатқаны сол-ау!» деп ойлаған.

Күн бата берген
кезде аттарын қан сорпа қып Қарашоқыға жетті.

Ауыл сыртында
кішкене тастақ төбе бар еді. Құнанбай Майбасар екеуі сонда отыр екен. Абай
аттан түсе бере, шылбырын Қарабасқа тастады да, аял қылмастан әкесіне қарай
тартты. Құнанбай ауылдан қашаң отырса да, бұлардың қатты жүріп келгенін
аттарының сонау алыстағы ажарынан байқап еді. Қара бие ауыздығын шайнап,
тьшыштық ала алмай кермені сүзе тартып тұр. Құнанбай көзіндей, мал сырын бұлжытпай
білетін көреген көзге сол белгінің өзі де жеткілікті.

Бірақ ол жайға
Құнанбай онша шіміркенген жоқ-ты. Тегінде балаға «ат қинайсың, шаруа
күйзелтесің» деп ұсақ мазасыздық жасамайтын. Сондықтан баланың біреуі аттың
аяғын кетіріп, немесе зорықтырып өлтіріп қойса да ұрыспаушы еді. Абайға мұндай
дүниелік жайында еш уақытта

тарлық еткен
емес-ті. Қазірде де қатты жүрістерін жай балалық желік, жарыс қой деп білген.

Бірақ ол өз
бетіне. Ал мынау Абай үйге кірмей, асыға басып дөң басына келеді. Жақындап
келген уақытта әкесі қадағалап қарап еді. Баласының екі көзі от шашып, беті
қызғылттанып, танауы да желбірей түседі. Барлық жас ажарында бал-бұл жанған бір
құбылыс бар. Әншейіндегі салмақты, қоңыр баяу Абай емес.

Баласы тақап
келгенде, Құнанбай:

- Немене, балам?
Неден ширықтың, жөніңді айтшы!- деді.

Абай әкесінің
төменгі жағына отыра беріп, өз ішіндегі көңіл күйін дәл тапқанына қайран қалды.

Отырысымен көп
күттірген жоқ. Бүгін Байдалыдан есіткен сөздерді бұлжытпастан, жалғыз түйірін
қалдырмастан түгел айтып шықты.

Әкесінен көз алмай
қарап отырып сөйледі. Құнанбай басында мұны аса салқын тыңдады. Тек «Жігітекті
жаныштаудан тоқтамады ғой!», «Босаспады ғой!» деген сияқты Байдалы дауына
жеткен жерде ғана қабағын лезде қатты түйіп ап, Абайға тіксіне қарады.
Баласының өзіне барлап: «Осының өзі қандай?» дегендей.

Абай әке көзінен
жасқанған жоқ. Байдалының дауын соншалық зілді, ұтымды күйде айтумен қатар,
мына бала өз сұрағын да осы араға қосып отырған сияқты. Әке мен бала ең алғаш
рет шыңдасып бет ашысатын белге келгендей еді.

Бірақ Құнанбай
өз баласы туралы екі ұшты болуын тез жойып, Байдалы сөзінің салмағына көз салып
кетті. Есітті, ұқты. Жалғыз-ақ түк шіміріккен жоқ. Ашумен демігіп, ернін
шығарды. Өз байлауы өз ішінде. Жауап айтқан жоқ. Абай әкесіне осы сәлемді
әкелгенде, тым құрса бір шешілер, бір сөйлесер деп еді. Ол болмады.

Байдалының
алғашқы сөзін естіртіп бір тоқтаған еді. Одан тың сөз тумаған соң, Абай аз
отырып, Байдалының соңғы әңгімесін айтты. Бұл Абайдың, әсіресе, «жауап айтар,
не айтар екен?» деп асығып күткен жайы еді.

Құнанбай
баласының осы көңілін анық таныды білем. Қаратай мен Байдалы үшін болмаса да, өз
баласы мен өз туысы үшін бір жауап керек. Ол тіпті аналардың орайын беру үшін,
әсіресе, керек.

- Қаратай жүйрік
қой. Жер таниды. Айтқаны шын болса керек. Бірақ өз топшылауым бойынша, адамның
қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады. Мен өмірде ұстаған
нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық - кісінің айнымас табандылығында деп білемін. Соның
түбінен мін шығатын кез де болатын шығар!- деп, үндемей түнеріп отырып қалды. Дау
айтқан кісі жоқ.

Абай әкесінің
жауабын ғана білмек еді. Ойландыратын жауап естіді.

Құнанбай аздан
соң ғана барып, әлгіден де жуасыңқырай түсіп:

- Адам пенде
ғой! Пенденің жоқ-жіті толған ба?- деді.

Қияласа да өз мойнына
кінә алып отыр.

Бұл кезде Абайға
әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік Байдалы сияқты емес. Ол
шешендіктен көрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қабат-қабат
шың сияқты.

Құнанбай өз
ойымен кетсе, Абай өз көңіліндегі түйінін аяқтата алмаған, өз дағдарысымен кетіп
еді.

 

3

Жидебайға
қайтардың алдында Абай әкесінен көш-қон жайын сұрастырған. Құнанбай үлкен
аулына тез көшсін деп бұйрық берді. Бірақ биылғы көш жолы жылдағыдай емес.
Бұрын Құнанбайға қараған ауылдар осы Қарашоқы тұсына жиылып ап жайлауға қарай
жөнелгенде, Шыңғыс тауынан Бөкенші асуын басып асушы еді.

- Қазір бұл
тұсқа келмей, Қарауыл өзенін өрлеп барып, Ақбайтал асуынан асыңдар!- деді. Және
жазғы жайлау сол асудың тұсымен баратын Бақанас суы болды.

Бақанас, Байқошқар
- бұл өңірдегі Тобықтының ең үлкен өзені. Шыңғыс сыртындағы мол жайлаудың ең
арғы шеті сол екі су. Бірақ Құнанбай ауылдары бұрын Байқошқарды қоныс ететін
де, Бақанас өзені Көкшеге тиісті еді.

Қаратаймен
қырбай болғандықтан, Құнанбай Көкшенің жайлауына ортақ болғысы келгендей.

Бұның ар жағында
бірталай есеп бар. Осы жазда Жігітек, Бөкенші, Көкше боп тағы да қайтадан бас
құрасатын сияқты. Кешегі Байдалы айтқан сәлем тегін емес. Астыртын шеп
біріктіріп жатқан елдің дақпырты тәрізді. Ендеше солардың әр алуан ширап,
сыбыр-жыбырын біліп отыру үшін, Құнанбай өзіне қараған елдің біразын, дәл сол
елдің арасына таман кірістіріп жіберу керек.

Жайлау аралас
болса, қыдырыс-жүріс аралас болады. Сыбаға, қонақасы аралас болады. Сөйтіп мал
басы түйісіп отырса, ел тарту оңай. Ал, мұндай есепке Зере отырған үлкен үйдің
барғаны жақсы. Бұл көп Тобықтының үлкен санайтын, күтетін үйі. Және Күнкедей
емес, Ұлжан қонағуар, кең бейіл, мырза. Оның асы мен көлігі, өң шырайы адамды дос
етеді, тарта біледі. Ішіне қан қатқан, сонау қатты жаулық болмаса, ет пен терінің
арасында жүретін уақ-түйек өкпені жуып-шайып отырады. Осының бәрі Құнанбайға ел
әпереді.

«Ақбайталды басып,
Бақанасқа қарай көшіңдер! Бөкенші, Көкшеменен қоныстас болыңдар!»- дегендегі
Құнанбайдың ішкі есебі осы болатын.

Абай әке есебін
білген жоқ. Тек өз ауылының жекеленіп көшкенін лайықсыздау көрсе де, іштен аса
құпия түрде бір қуаныш сезді. Қарауылды өрлеп көшу, Бақанасқа шейін бару жаз
бойы Сүйіндік ауылына жақын жүру деген сөз. «Өмірі қосылмас-ау, жуықтамас-ау!»-
деген өмір соқпағы енді мұны күтпеген кезде Тоғжан ұясына жақын апарды.

Соңғы күндердегі
барлық жеңіл, ауыр сезімдердің баршасының қатарында Тоғжан бейнесі жас жігіттің
көз алдынан кеткен емес-ті. Абай олқыған қуанышынжасыра алмады. Әкесіне
белгісіз себептен қып-қызыл боп өзгеріп кетті. Құнанбай бұл өзгерісті байқаса
да себебін сұрамады. Әрине, Ақбайталға қарай көшуге Абай қарсы болған жоқ. Жалғыз-ақ
өз топтарынан бөлегірек жайлайтын болған соң, жалғыз ауыл кету тағы қолайсыз.
Соны ғана ескертіп еді. Құнанбай бұл жағын да топшылап қойған екен.

- Жалғыз ауыл
болмайсыңдар. Неге жалғыз ауыл боласың? Тіпті сол Жидебай, Мұсақұлдағы, Көлқайнар,
Шүйгінсудағы Ырғызбай, Жуантаяқ, Қарабатырдан кем қойса, он ауыл сендерге ере
көшеді. Бәріне де сәлем айтам!- деді.

Жуантаяқ,
Қарабатыр дегендері Құнанбай ауылдарын жағалап жүретін, қысы-жазы бірге көшетін
момын көршілер еді. Абай оны да мақұл көрді. Осымен Жидебайға қайтып кетті.

Тоғжанды тағы
көру үміті Абайдың Қарашоқыдан алып қайтқан зор олжасы сияқты. Жол бойында бар
дүниені ұмытып, бір Тоғжанның елесін көз алдына келтіріп, нелер ыстық қиялға
батты.

«Өмірдегі ең
бірінші жалғызым, барым» дегендей неше түрлі еркелеткен нәзік сөздер өз-өзінен
сан рет айтылып келеді. Жас жүрегі соғып қана қоймайды, қазіргі Аймаңдай аттың
асығыс дүсіріндей дүбір шығады. Бұл шақтағы барлық сезімі құр ғана жас тіршілік
белгісі емес, кеуде тола лаулап жанған жалындай.

Қарашоқыдан
Жидебайға шейін қатты жортып жүріп еді. Екі аулының арасында дәл осы күндей
шапшаң жеткен күні жоқ. Қалайша оп-оңай келіп қалғанын өзі де байқамады.

Жидебайдағы ауыл
да киіз үйге тегіс шығып алған екен. Биыл Қарауыл суы мол боп тасып, Жидебай,
Мұсақұл үстіндегі кең қорық көк жайқын қалың шалғын боп келе жатыр еді. Көп
үйлі аппақ ауыл кеш мезгілінде біртүрлі бейілді, қоналқаға көңілдене шақырып
тұр. Ауыл айналасы қалың қой. Қозы жамырап, иттер үріп даңғаза боп жатыр екен.

Абай үлкен үйге
де, шешелерімен амандасып болған соң, көші-қон жайын айтты. Жылдағы әдет
бойынша бұл ел әуелі бауырға қарай, көктемдік қоныстарға барушы еді. Ұлжан
солай көшерміз деп, қыстауда қалдыратын жүктерін, қоймаларын сайламаған екен.

Жайлау биыл ерте
көктеді. Шыңғыстағы ел бауырға көшпей, жайлауға асығып отыр. Сондықтан бұл ауыл
да дүрмектен қала алмайды.

Ол жағын Ұлжан
ұқты. Бірақ, баласы ойлағандай тез көше алмайтынын білдірді. Үй ішін жеңілейту,
теңдер буғызу, жатақшының жазғы күнін бейқам ету, баршасы да бұл ауылды не
қылса да бес-алты күн бөгемекке керек.

Абай өз ішінен:
«Сүйіндік аулы сыртқа кетіп қалады, жеткізбей ұзап кетеді-ау» деп тынышсызданып
еді. Шынында, сыйлас ауылмен немесе достас жандары бар ауылмен қатар көшкен
қандай қызық. Ертелі-кеш бірге көшіп, бірге қонып отырса, күндіз-түн көрісе
жүрудің сылтауы көп және жайлауға қарай тартқанда бұл елдің үдере көшем деп
жаппалап қонып отыратын әдеті бар. Көңіл қосылар күн болса, жарық айлы түндерде
ерке жардың оңаша жаппасына кіру ертегідей рақат қой. Өзі көрмесе де, Абайдың
өзге ересек жігіттерден көп естіген рақат шағы осы болушы еді. Бірақ шешесінің
байлауы жаңағыдай шаруа жағына келгенде, бұзылмайтын байлау болады. Ондайда Ұлжан
Құнанбайдың айтқанын да орындамай, өз билігімен кететін.

Көңіл қаншалық
қиял құшып, аласұрса да, Абай амалсыз көнді.

Кешкі астың
алдында Абай Зере мен Ұлжанға Кәмшат жайын айтты. Естігенінің ешбірін
қалдырмай, қатты айтты. Жыласа да, күйзелсе де, шешелерді аяймын деп Кәмшат
жайын бүркеу мүмкін емес.

Зере күрсініп,
күңіреніп кеп, Құнанбайды жерледі. Ұлжан үнсіз, жым-жырт, қиналып отырып-отырып
Абайға:

- Осы
естігеніңнің бірде-бірін Айғызға айтпай тұра тұр. Онсыз да қан жүрегі қақ
жарылып жүр ғой. Бүгін таңертең: «Түс көрдім. Кәмшат жер ошаққа жығылып қалып,
үсті-басы лаулап жанып барады екен»- деді. Сүйіндіктің қатыны, аналық мейірімі
бар кісі. Бәрінен де соның айтқаны тек емес қой. Шыңғысқа жетейік. Сонаң соң
өзің қасыңа бір ересек кісіні ерт те, тура Шырақтың аулына барып, Кәмшатты өз көзіңмен
көріп, бар жайын біліп кел. Айғызға содан кейін айтып, әкеңмен шындап сөйлесейік,-
деді.

Байлау осы
болды.

Сол кештен он
шақты күн өткен шамада Құнанбайдың үлкен аулы Ақбайтал асуынан асып барып, Шыңғыстың
сыртындағы Жігітек, Бөкенші жайлауы болған Қопаның аузына қонды. Құнанбайдың
айтқанындай он шақты ауыл боп көшіп келіп еді. Дәл бүгін осы қонысқа жеткенше бұл
ауылдар өзге Шыңғыс бөктерінен көшкен Бөкенші, Жігітекті қуып жете алмаған. Ең
шабан көшкен ауылдар болған-ды.

«Алғаш үлкен
ауылдың ерулігі» деген табақ-табақ еттер, саба-саба қымыздар, көп-көп қыдырушы
қатындармен ілесе келіп-келіп қалды. Құнанбайға жұрттың көңілі әр алуан
болғанмен, ежелгі салт-машық бойынша бұл өңірдегі ағайын Зере отырған үйді
жатсынған жоқ. Бірақ сыбаға мен ерулік әкелушілер көп болса да, бұл
келгендердің ішінде Бөжей, Байдалыдан немесе Сүгір, Сүйікдіктен келген белгі
болмады. Келіп жатқанның барлығы момын ағайын. Араз-құразға ынтасы мен бейілі
жоқ, жай шаруаның ауылдары еді.

Үй іші келушінің
барлығына ырза болды да, келмегендерді санаған жоқ. Жалғыз Абай ғана өз ішінен
әр мінездің мәнін өзінше жорыды.

Шешелеріне
әнеугі берген "уәде бойынша, Абай Бөжей ауылына баруға асыққан. Қопаға
қонған күннің ертеңінде қасына Ғабитханды ертіп, солай жүріп кетті.

Бөжей ауылы
Қопаның аузынан алыс емес. Батыс жақтағы көк қырқаның астында Саркөл деген тұщы
көлдің басында. Тұс шағында екі жас жігіт сонда келді. Саркөл жағасында жағалай
отырған ауыл көп екен. Бөжейдікін сұрастырғанда, бие қайтарып жүрген асау тайлы
бала тап орта тұстағы он шақты үйлі ауылды көрсетті. Бұл бай ауыл емес, бірен-саран
ғана бозғылт үйі бар. Көпшілігі қоңыр үйлі орташа ауыл тәрізді. Шынында, Бөжей
бай болған емес. Орташа, дөңгелек қана дәулеті бар еді. Абайлар Бөжей үйінің
сыртына кеп, аттан түсіп жатты. Қазіргі уақытта бұл ауылда бірде бір бөгде кісі
болмау керек. Кермеде де, белдеуде де ерттеулі ат жоқ. Жиын болса, көлдің арғы
шетіндегі ақ ауылда болу керек. Саркөл айналасындағы топыры көп ауыл сол тәрізді.
Жас жігіттер Бөжейдің өзін де үйде жоқ болар деп топшыласып еді. Сол ойлары шын
болды. Бөжей анау ақ ауылдағы жиында. Сонда түстеніп отыр екен.

Аттарын байлап,
енді үйге қарай жүре бергенде, Абай осы үйдің ішінде әлсіз үнмен жалынып
жылаған кішкене баланың үнін есітті. Ауру баланың жылағаны.

Абай жүрегі
жаман белгіні сезгендей су етіп, қатты аянышпен шаншып кетті. Үн дәл Кәмшаттың
үні сияқты. Абайлар үйді айналып есікке тақай берді. Бірақ дәл осы кезде жаңағы
баланың жылауына ызаланған ұрысқақ дауыс естілді. Бар сөзі басқа ұрғандай
ап-анық шығып жатқан Бөжейдің бәйбішесінің даусы.

- Ырылдатпа!
Ырылдатпашы анау көзің ойылғыр жетімекті!- деп, зекіп тастап, долы бәйбіше
есікке қарады.

Киіз есік ашылып,
екі бала жігіт кіріп келген екен. Абайлар төрге шықты. Үлкен үйдің іші сыртындай
жұпыны емес, жасаулы, кілемді, алашалы екен. Бірақ салақ үйдің белгісі -
сыпырылмаған, төрде олақ жиналған көрпе-жастықтан көрініп тұр.

Үй ішінде, төсек
алдында ұршық иіріп үлкен қара сұр қатын отыр. Танауы қусырылып, ерні қатты
жыбырлаған қара қатын аса бір ұрысқақ қатал жан сияқты.

Биік төсектің
бас жағында жер төсек бар екен. Соның үстінде Бөжейдің екі бойжеткен қызы кесте
тігіп отыр. Жасына жеткен қыздардың пішіндері - сұлу да, сыпайы да емес.
Түксиген, сүйкімсіз. Және шешелеріндей ашушаң, қатқыл адамдар сияқты.

Осы төсектердің
бас жағынан Абайлар отырып, үй ішімен ақырын ғана амандасты. Мажырасып қарсы
алған үй іші де болған жоқ.

Жылаған Кәмшат
екен. Ол қонақтардың оң жағында, бір жаман жыртық жаялықтың үстінде бүк түсіп
жылап жатыр. Басында жастық та жоқ. Тек бір жаман жыртық шапанның жеңі
жасталыпты.

Кәмшат жаңа
келген кісілерді танымады. Бірақ үй ішінің қаттылығын осы жаңа келген жандарға
шаққандай боп кемсеңдеп, иегі дірілдеп, біртүрлі әлсіз үнмен тағы жылады.

Бұрын топ-толық,
қызыл шырайлы, қарақат көзді Кәмшат, қазір сатқақ ұрғандай арықтап, құп-қу
шөлмектей боп қалыпты. Қол-аяғы шидей. Бетінде ғазап пен сор көлеңкесі бар
сияқты. Кірпіктері ұзарған. Екі ұрты кәдімгі қайғы шеккен, аштық көрген үлкен
адамдардың бетіндей боп, тозығы жетіп, жиырылып тұр.

Үлкейіп,
алақандай боп кеткен қап-қара көздерінен кесек-кесек жастар тамшылайды. Күтімсіз,
қор болған бала шын бишаралық қалпында жатыр.

Осы жайды көріп,
болжай сала, Абай мен Ғабитхан екеуі қатарынан Кәмшатқа созылды.

Бала танымай,
теріс бұрылып, тартына берді.

Ғабитхан мынау
көрген күйіне шыдай алмай:

- Ей, мазлұма! Нилер
ғазап көргенсің сен Бейгүнаһ мазлұма!- деп, жылап жіберді.

Абай ыза менен
азаптан, жанашыр мен қайғыдан қалтырап кеткендей. Үйдегі әйелдер мыналардың
көзінше сыр бермеймін деген боп, анау-мынау жай айтып жатты.

- Өзге бала
сап-сау! Жалғыз осы бала бақырға бір жаман іш ауру тиіп, толас таппай қойғаны!-
деп, бәйбіше жайма-шуақтаған болды.

- Ішің ауырса,
аузың тый дейді! Бала неме біле ме! Өзі де кішкентай түзеле берсе болды, кешке
шейін бар тамақты малшылайды!

- Сүйтіп отырып
қайтып жазылсын!.. Содан... өзінен... ғой!- деп, екі қыз, топас түрдегі бір
кекселік айтып жатыр.

Абай бұл үйдің
ішімен тілдескен жоқ. Жанашыр мейір жоқ, суық жандар, келген жерден-ақ Абай
көңіліне түрпідей тиген.

Бөжейдің қатыны
шай қойғызбақ сияқты боп қам істей бастағанда, Абай:

- Ішпейміз,
жүреміз!- деді.

Кәмшаттың
мынадай тұтқында, аямас ғазапта жатқан бишаралығын көріп отырғанда тамағынан ас
өтер орын жоқ.

Жұрт кісі өлгенде:
«Бауырым, бауырым» деп жылайды. Өлген соң «бауыр» деп танығаны не қажет? Абай
енді біраз отырса, Кәмшатты құшақтап, баурына қысып жатып: «Сорлы бауырым,
жазықсыз бауырым!»- деп, зар шегер болса да, мынадай іші дұшпандықпен қатып
қалған көң көңілді жандардың алдында оны істесе, адасқаны. Бір есептен жаңағы
екі қыздың сөзіне қатты ыза болып, намыстанып, талқан, қып ұрысып-ұрысып кетер
еді. Алғаш бір ойлап, алқымына ашу тығылып келген күйі сол еді. Бірақ ол мінезі
Кәмшат үшін пайда емес. Қайта оның ғазабын арттыра түседі. Амал құрып отыр.
Қатты сенделу үстінде бәйбіше берген қымызды да ішпеді. Тіпті ұрттамастан жерге
қойды. Кімге кектенеді! Кімді кінәлап ұрсады? Жалғыз осылар ма? Бұлар ғана
емес! Абай осыны ойлап тез қоштасты да, Бөжей үйінен шыға жөнелді. Ерекше бір
ыза мен шер өне бойын кернеп алды. Кеш бата өз ауылдарына қайта жеткен уақытта
Абай көңілінен осы күй бір сәт арылған жоқ, бір мысқал кеміген де жоқ еді.

Үлкен үй мен
қонақ үйдің арасына тартылған кермеде Құнанбайдың ер-тоқымы ерттелген ұзын торы
ат түр екен. Қасында бір-ақ бөтен ат бар. Әкесі бұл аулына жаңа келген тәрізді.
Оқшау келгені жақсы болды. Абай Кәмшат арызын түгел жеткізбекке нық бекініп,
үйге кірді.

Ойлағандай
Құнанбай бүгін оңаша келіпті. Қасында жорға Жұмабай ғана бар екен.

Жігіттер үйге
кірген кезде, осы үйге Айғыз да келді. Ана жүрегі бір жаманатты сезгендей бұны
асықтырып, осылай жетектеп келген. Күндіз Абайдың Бөжей аулына кеткенін Айғыз
білетін. Ол үйге кірісімен көп бөгелмей, Абайға қарап:

- Не көрдің, не
білдің, Абайжан? Білдің бе, әлгі сорға туған бейбақ бауырыңның күйін?- деді. Жалын
атып тұрған шер үні.

Зере мен Ұлжан
да Абайға осындай сұраулар беріскен жүзбен бұрыла қарасты.

Абай әкесіне көз
салып еді, үндемей, түйіліп, Айғызға аса салқын қарап қалған екен.

Өзі күйіп келген
Абай әке жүзінен қаймыға алмады.

- Көріп, біліп
келдік. Кәмшат ауру. Әл үстінде. Бізді танымады. Бауры суып, аямас қас
көргендей барлық жанды... не айтайын?- деп, тоқтап қалды. Әкесінің алдында кісі
зарын да, өз уайымын да еш уақытта бүйтіп айтып көрмеген-ді.

Құнанбай оқыс
бұрылып Абайға суық қарады да, үндемеді.

Әйелдің бәрі
үнсіз жылап, аһ ұрып, күрсініп отыр.

Түсіне ашу, көзіне
жас толған Айғыз, дірілдеген үнменен:

- Қарашығым,
балапаным-ай, сормаңдай жетімегім-ай! Не қарғысқа ұшырап туып ең?- дей беріп
еді, Құнанбай сол қолын шұғыл көтеріп қап: «Доғар!» дегендей ишарат қылды.
Қарғыс шарпуынан бетін қорғаған сияқты қозғалыс.

Мұның әмірінен
жасқанып өскен Айғыз саябырлап қалды. Бірақ сыбырлап сөйлеп, тұншыға жылады.
Құнанбай ақырып:

- Қысқарт енді,
басыңа көрінгір, не көрінді, басыңмен кеткір!- деді.

Айғыз жауап
қайырған жөқ. Бірақ Абайдың қасында отырған Ұлжан жаулығының ұшымен көзін
сүртіп:

- Өртенсең де,
үндемей өртен дегені ме? Кәмшатты ойласа, бүгін емес, көптен күңіренеді бұл
жандар. Кімге айтады? Қайда айтады?- деді. Құнанбай оған да барын айтқызбай
тежеп:

- Жә, бірің
бастап, бірің қостамай! Басалқа, басу айтады десе, о несі?- деді. Ұлжанға
Айғыздай зекірген жоқ, кінәлай сөйледі.

Үй ішінің наразы
үнін осылай баспақ. Бірақ, онысына Зере болған жоқ.

- Қорқытпа
келіндерімді!.. О несі?- деп қатты зекіп қап, ілгері жылжып кеп, екі қолымен
жер тіреп отырып, баласының жүзіне аса суық қарады. Абай өз әжесінің мұндай
қайратты ашуын бұрын көрмеген сияқты.

Зере Құнанбайға
әлі де қадала қарап, түйіліп отыр. Құнанбай шешесінің ажарын сезді де, жуаси
түсті. Көзі де шеше көзінен тайқып кетті.

- Айында,
аптасында бір көреді. Арыз мұңын саған айтпай кімге айтады? Қатты болсаң қасыңа
бол! Досыңа, қатын-балаңа қатты боп, қайда барасың өзің? «Жер тәңірісі сенсің»
деп қошеметшің айтсын! Бұл жерде, бұл мекенде сен мойныңдағы қарызы мол әкесің,
білдің бе? Айтам ғой, «жер тәңірісімін» десең де, аяғың аспаннан салбырап
түскен жоқ. Сен де пенденің ұлысың, анадан туғансың. Менмін сені тапқан. Мынау
аналар аналық зарын айтады. Кәмшат турасында күйзелтіп күңірентіп отырсыңдар
сендер бізді. Тап енді, емін тап ақырғанша! Құтқар анау қаршадай жетімегімді!-
деп, қатты бұйрық етіп тоқтады.

Үй іші үнсіз
еді. Құнанбай тез жауап айта алмай, буылып қалды. Талайдан естімеген үнін
есітті, анасының үні - ардың үні боп, қатты қадалып тұр.

- Қайтейін?..
Мен қайтейін?.. Кеше исі Арғынның игі, жақсысы бұйырды!- деп, шешесіне арыз
шағып бір тоқтады.

Абайдың аса
теріс көргені сол бұйрықтың өзі.

- Рақым,
мейірбандық жоқ, не деген жаны ашымас, қатыбас байлау сол байлаудың өзі? Тату
етер байлау да емес. Көңілге қату бітіретін байлау ғой және Кәмшаттан зорлықпен
айырған Жігітекті мұндағы ана,бауыр қайтіп жақын көре алады? Мал алмай, мазасыз
масыл жас баланы алғанға олар қайтіп ырза болады? Олардың рақымсыз, надан,
топастарына салсаңыз, Кәмшаттың барлығынан да бес байталды артық көрсе қайтесіз?
Ендеше, ортамыздағы ең әлсіз, ең пұшайман бір ғарыпты қайда тастап отырмыз? Ит
жеміге тастап отырғамыз жоқ па?..

Әкесіне Абай
сөзі ұтықты көрінді. Өзі, тіпті, ойға келмеген соны сөз. Бірақ, бұл баласы бір
беткей кетіп отыр. Қазақ жолы, ел салты емес, өзге бір сүрлеуге түсіп кетті.

- Әй, шалағай
балам-ай, көңілің түзу болғанмен, жолдан тыс жайылып отырсың ғой!

Бағанағыдай
емес, енді мынау үйдің ішін күйзелткен жайды бірге ойласқандай. Абайды
«шалағай» десе де, ақыл кеңесіне алған сияқты. Және бұған жылы жауап айтқаны Ұлжан,
Айғызға да жалына бастағаны тәрізді. Анық соның белгісі. Тағы біраз үндемей
отырып барып:

- Ағайын жолы
бұлай ма? Араз елді жамастырам деп, қалыңға қыз да беріседі. Күң есепті, қатын
есепті береді. Біз берсек, етбауыр бала қыл деп беріппіз. Қорлыққа бердік пе?
Тек сын Бөжей басында ғой. Біле білсе, менің балам оның баласы болмайтын несі
бар еді? Жат деп, жау ұрпағы деп, дұшпан" көріп кірпідей жиырылса, қарыз
оның мойнында емес пе? Тіпті жазықты болсам, мен жазықты шығармын. Бесіктен
шығарып, адам ұлы деп, соның баурына берген балам жазықты ма еді? Қатын-қалаш,
ауыл-аймағына тым құрыса соны ұғындыра алмаса, Бөжейдің аяқтағы суға ағып
өлгені ғой!- деді.

Бұл сөзінде
Бөжейді жеңер дәлелі бар еді. Абайдың өзі де өмірінде алғаш рет Бежейден түңілгендей
боп қайтқан. «Қатыны ант ұрған болса, ең болмаса аяқтап Бөжей жөнге салса
нетті?»- деп ойлаған. Бұл ойын бағана жолшыбай Ғабитханға айтқан-ды.

Ұлжан мен Жұмабай
және Айғыз боп Бөжейдің қатынын кінәлады. Ол жақтан жаңғыз кеп жатқан суық
қатал сөздердің бірталайын айтысып етті. Айғыз тұп-тура аямай: «Дұшпандық етіп
журген Бөжейдің қатыны» деп байлады.

Осының ертеңінде
Құнанбайдың сәлемімен Бөжей аулына Жұмабай барып қайтты.

Көршілес, қартаң
қатынның бірін Айғыз да Бөжейдің бәйбішесіне жіберген. Оған:

- Балама өгейлік
қып отыр. Ақылы болса, ары болса, бүйтер ме еді? Күтімсіздікпен дертті қыпты,-
деген кінәлар айтқызды.

Жұмабай Бөжей
аулынан түнеріп қайтты. Ол келгенде Абай барлық Бөжей жауабына түгел қанды. Бөжей
қасында Байдалы, Түсіптер бар еді. Қатыны да Айғыз жағынан есіткендерін
жеткізген-ді. Үй ішімен, ағайынымен күңкілдесіп алып, Бөжей Құнанбайға ашулы
жауап айтыпты.

- Құнанбай
жаққан отқа менің арым өртенді. «Жарасы жазылды, сынығы бітті» дей ме екен? Не
жаны жүр деп ойлайды екен шыбын кеудемде? Әлде өзгелер үйелменімен өртенсе де,
өзімнен бұрау сынбасын дей ме? Құнанбайдан не шықты. Шашыраған бір ұрығы ма?
Сұрау салмай, мазамды алмай тек жүрсін, күйдірмесін ағайын!- депті.

Үлкен ызаның
сызы жатыр. Тоңы жібімеген араздық қайтадан тағы бір рет: «Мен арылған жоқпын!»
дегендей жота көрсетті.

Құнанбай демігіп
тыныс алып, қап-қара боп кетті. Бөжейдің бұл жауабынан Абай да қатты түңілген
еді.

- Адамшылық рақым
қайда? Өзге емес, ақылсыз, надан қатыны емес, Бөжей өзі өсте ме екен? Көз алдында
соншалық жазықсыз нәрестені ұзақ өлімге бұйырып, сол үшін және биттей де
шімірікпеу не деген қаттылық? Әншейінде мінезді, мейірбан көрінетін сырты екен
ғой. Өзіне сын жетпей, жұртты сынап жүргенде сүйтеді екен ғой. Ендеше, жауығып,
қарсыласып, кінәлап жүрген Құнанбайдан қай қасиетімен артты?- деп, аса наразы
боп қалды.

Құнанбай бұл
арада шешілген жоқ. Жалғыз-ақ Абайға қарап:

- Менің балам
адамзат баласы емес, өштескен қасқырдың күшігіндей көрінгені ғой. Көрге бірге
кететін жаулық десеңші мынаны. Аузына осы тірі жүрген ұрпағымның қайсысы түссе
де, шайнап тастағалы, көзге шұқып жоқ еткелі отырған түр ғой мынау! Жалғыз-ақ
тәуекел! Тостым, күттім артын!- деп, тоқырап қалды.

Осыдан кейін аз
күн өткен соң, Бөжей аулынан Айғыздар күткен жаман хабар оқыс келді.

Кәмшат өліпті.
Және таңертең өлген баланы сол күні түс ауа қойып та бітіріпті. Керек десе,
Құнанбай аулына, Айғыздай көзі тірі шешесіне хабар да айтпапты. Айғыз бен Ұлжандар
есіткенде бүгін қойшыдан есітіп отыр.

Жалғыз Құнанбай
емес, бастығы Зере болып, Абай болып, Бөжей мінезіне шынымен аса қатты ренжіді.
Әнеугі жауап бір көңіл қалдырған болса, мынау ісі тіпті бір қырыс надандық пен
қаталдық тәрізді, Бөжей өзі осыны сезген болу керек. Кәмшат өлген күні ол:
«Айғызға хабар қылсақ нетеді?» деп, үй ішімен, Байдалымен ақылдасқан еді. Бірақ
осы аз күннің ішінде Құнанбайдың Жігітек жерінен Бөкеншіге қоныс әперіп отырғанын
айтып, Байдалы ырық бермеді.

Қопа мен
Қаршығалы сияқты қоныстарды Бөкеншіге Жігітектен алып бергеннен бері, қазір
міне, күн сайын көші-қөн да, жайылыс-өріс, бие-бау да даулы болып тату ағайын
тоңырайысып барады.

Байдалы,
Түсіптер күнде көріп, күнде сезіп: «Бөкеншіні өкпелетіп алмасақ екен,
қолтығымыздан шығарып алмасақ екен» деп, дамылсыз күдіктеніп отыратын болған. Сол
мазасыздықтың өзі де Құнанбайға бұларды өшіктіріп отырған. Бұл жайдың бәрін
танып сезген Бежей Құнанбайға катты ашулы еді.

Кәмшат жайы
осындай күйіп жүрген күндерге дәл келген соң, Бөжейдің рақымсыз боп жүргені
рас.

Абай көңілінде,
Бөжейді Кәмшат үшін, жазықсыз жас нәресте үшін айыптаған үкімге ақтау жоқ.
Үлкенмен араздық дәл бұндай адамшылық ар сыналатын жерге арашашы бола алмайды.

Хабар-ошарсыз
Кәмшаттың қойылып қойғанына Құнанбай жаман қатуланды. Астыртын хабармен
Құнанбайдың үлкен аулына Ырғызбай, Топай, Жуантаяқтардың көп ірі кісілері
жиналып қалған. Солардың тобына Құнанбай Бөжей мінезін шағып, көпке кінәлатып
отырып, тағы кісі жіберді.

Бұл жолы
Жігітекке барған Жұмабай емес, Ызғұтты мен Жақып. Құнанбайдың жан күйер
жақындары. Бөжейге кеп:

- Бұ не
қылғаның? Шабындыдан келген күң бе еді? Құнанбайдың бел баласы, оң көзі емес пе
еді? Тым құрыса іштен шыққан анасына хабар айтып, топырақ бұйыртсаң етті! Бұ не
деген білместік, не деген өштік?- деп сөйледі Ызғұтты.

Бөжей мен
Байдалы, Түсіп бірігіп отырып жауап берді:

- Сыныққа сылтау
таба алмай отырған Құнанбай ғой. Қаршадай қыз өлді деп сауын айтып, ас беруші
ме ем? Тіпті берсем де, басым ырықтан арылар ма еді? Кінәласа, құн тілесін енді
менен. Бірақ тек, әлі жетсе алып көрсін!- деп, Бөжей бір-ақ томырылды.

Жер ашуы қайнар
кезіне жеткен сияқты. Бұл сөздер биылғы жазды не қылса да үлкен ылаңның, зор
бәленің жазы етуге айналған сөздер еді.

Ызғұтты мен
Жақыпты жөнелтісімен, Бөжейлер өздеріне қараған бар ағайынды баталасуға
шақырыпты.

Сол күні кешке
Құнанбай да өз тараптарымен баталасып, жаулыққа бекініп жатқанда, Байсал,
Қаратай, Сүйіндіктер боп, Бөжей аулында, Саркөл үстінде серт байлау жасасты.

Ел-елдің
жайлаудағы өрісіне жеткен кезі емес. Әлі жаздың басы. Шыңғыстан жаңа ғана асып
қонысқаны осы еді.

Енді екі жагы да
тез-тез көшіп, Бақанас, Байқошқар, Қазбала, Жәнібек сияқты кең қоныстарға, алыс
өрістерге жіті жетіп алмақ. Ендігі жаз күпдері, барлық жайлау күндері,
майдандасқан шептер мен жұлысқан топтардың куні, түні болатын сияқты түрі бар.

Жалпы Тобықты
қауырт, асыға көшіп келеді. Жігіт атаулы сойыл шоқпарын сайлап, жаз мінетін
аттарын жиі-жиі таң асырып, асыға жаратып жүр.

Қызу өсіп, күн
санап өрбіп келеді. Көршілес ауылдарда күн сайын тыныштығы кеткен мазасыз айқай
дырду көбейіп, кәрі-жас та, қатын-қалаш та «кеп қалды!» «тиіп кетті», «алды,
жұлды!» деген, суық хабарларды күтіп, елеңдеп ұйықтайтын болып еді.

Зеренің аулы осы
дегбірсіздік, мазасыздық үстінде үдере көшіп отырып Бақанасқа жетті. Қонғаны
кеше ғана еді. Маңында он ауыл емес, қазірде отыз-қырық ауыл оралып қапты.
Ертеңді-кеш қалың жиып, қарулы азамат Ұлжан, Айғыз үйлерін күндіз-түні басып
жататын болды. Құнанбай Бақанасқа жеткенше осы аулынан кеткен жоқ. Топырдың бәрін
осында жиып, ұлықтық әмір бұйрықтарын да осы арадан атқарады. Барлық атшабар,
старшын, билер де бүгіндер Бақанас бойында. Бұл атыраптағы отыз-қырық ауыл
тегіс, ендігі бір өзгеше жиынның ордасы сияқты боп алды. Сияз емес, сайлау
емес, ас беріп, ат шаптырган емес не құдалық береке де жоқ. Сылтаусыз болса да
жиын айықпайтын бір шоқы боп алды.

Абай әкесінің
ендігі сырын білмейді. Үлкен кісілер кеп, әке қасын қоршағаннан бері және
Кәмшат өліп, үй ішін, аналар көңілін уайым басқаннан бері Абай әке қарекетінен,
ендігі мақсұтынан шетірек қалған-ды.

Бақанасқа бұл
ауылдар жеткен күннің ертеңінде көршілес Жәнібекке, тезектің Қарашоқысына
Қазбалаға Жігітек, Бөкенші, Көтібақ та жетсе керек еді. Бірақ әлденеден, олар
келмепті. Сұрастырғанда кейіндеп Ақтомар, Қаршығалы, Шақпақ тұстарында қапты деген
хабар келді. Егескенде, иін тіресе, таласа кешетін әдет болушы еді. Бастапқы
екпін сондай-ақ еді. Не болды екен? Немене есеппен бұғып қалды екен?.. Осыны
үлкенді-кішінің әрқайсысы: «Бұл қалай? Неліктен?» десіп сұрасып жүргенде түс кезінде
Бақанас бойына бір езгеше хабар шұғыл кеп қалды.

Ызғұттының
аулына түсіп, сусын ішіп аттанған Бөкеншінің үш жолаушысы айтыпты: «Бес күннен
бері Бөжей науқас еді. Соңғы күнде сол науқастың беті бұзылған тәрізді. Бөжей өзі
шоши ма? Болмаса, сақтықта қорлық жоқ дей ме? Әйтеуір, кеше кешке бар жанкүйер
ағайынын шақырып, арыздасып жатыр дегенді есіттік» - депті.

Бұл
жүргіншілердің сөзі ұшқары сөз емес, шын еді.

Бақанастың суық
бетке әзірленіп жүрген елінің бүгін күні бойғы аузындағы сөзі осы болды. «Арыздасып
жатыр дейді! Байсал, Байдалы, Түсіптер жыласып арыздасыпты, дейді!»,
«Науқасының бетінен ағайын шошиды дейді!», «Жазым боп кете ме қайтеді?»-
деседі. Далада малшы атаулы бір-біріне кездессе, қосақ басында қатындар
кездессе, ат үстінде азамат кездессе, ас үстінде үй іштері - абысын-ажын
күңкілдессе, тегіс сөйлейтін сөзі осы болды.

Осы күннің
ертеңінде суық сыбыс анық боп, Бөжей қайтыс болды деген хабар да жетті. Өткен
түні, ел жатар кезде жантәсілім қыпты.

Бұл хабарды
Жұмабай ат үстінде естіп Ұлжан үйіне келгенде, ол үй таңертеңгі шайын ішіп отыр
екен. Үйде Құнанбай, Зере, Ұлжан бар. Балалардан Абай, Оспан, Тәкежан отыр еді.

Бөжейдің өлімін
есіткенде үй іші тегіс аңтарылып, селт етті. Бірталай уақыт жым-жырт отырып, үн
қата алмай қалған үлкендер, мынау тосын хабарды енді-енді, әркім әр түрде
сезіне бастап еді.

Құнанбай қатты
сұрланып алып, түрулі тұрған есіктен алыстағы көк адырға қадалып отырып, ернін
жыбырлатты да, баяу ғана бата қылды.

Зере жалын атып,
зор күйінішпен күрсініп қойып, кесек-кесек жас ыршытты.

Абайдың екі өкпесі
аузына тығылғандай боп, тынысы бітіп, жүрегі қатты соғып кетті.

Бақанастағы
Ырғызбайдың бұл ауылдары Бөжейдің өлімі туралы айрықша хабаршы келер деп күтті.
Ағайын арасының ежелгі айнымас заңы бойынша, жаназаға шақырар деп еді.

Әншейінде
қаншалық қиян-кескі араз боп жүрсе де, «торқалы той, топырақты өлім» дегенге
келгенде, араздық ұмытыла тұратын. Әсіресе Бөжейдей кісінің өлімінде
жыласпаған, қойыспаған ағайын болу мүмкін емес. Құнанбай да, Зере, Ұлжан да осы
сәскеге дейін хабаршы келмегенін түсіне алмай, аса дағдарған еді.

Жаназаға деп саба,
сойыс, үй қамдап, өз жолымен барудың жайын да шолақ-шолақ сөйлескен болатын. Бірақ
кешке шейін тосса да хабаршы келмеді. Сұмдық көрінсе де, көнбестеріне шара жоқ.
Бөжейдің өліміне Құнанбайды шақырмапты. Әдейі алалап тастапты.

Бұл не Бөжейдің
өлердегі өсиетінен немесе артына ие боп отырған Байдалы, Байсал, Түсіптердің
мінезінен. Қайсысы болса да осал соққы емес. Кеудесіне араздықтың қаны қатқан
ағайын, енді міне, өлім екеш өлімімен де оқ атып кеткендей! Аталас жақын Олжай
іші былай тұрсын, тіпті қалың Тобықты ішінде, алыс аталардың арасында да дәл
мынадай алалау, кеудеге түрту болған емес.

Құнанбай қатты
қиналып, ақыр аяғы ызаға кетті. Кешпес қатал ызаға кетті. Өліге шара жоқ.
Әсіресе, исі Тобықтыдан бері істелмеген қатыбас, жат сұмдықты шығарып отырған
Байдалы, Байсалдарға кінәсі көп.

Бірақ сонымен
қатар енді бүгінге шейін келген әзірлік, жаулыққа, жұлысуға беттеген әзірлік
өзгеретін, іркілетін болды. Оны Құнанбай анық түйді. Сондықтан Бақанастағы
ауылдардың басшы кісілеріне және Ұлжан үйіне:

- Жай,
шаруаларыңды бағып, тек тыныш тұра беріңдер!- деді де, өзі Жұмабайды ертіп,
Байқошқар суының басына кеп қонған Күнкенің аулына кетті.

Майдан болғалы
тұрған ауылдардың үстінде енді майдан болмайды деген сөз. «Аласапыран болар,
әлек-алқын жазы болар» деген бұл жаз, енді, тіпті басқаша болатын тәрізденді. Қандай
болар? Онысы анық мәлім емес. Бірақ қалайда мынандай өлім үстінде ат мініп,
аспап асынып жұлқысу жоқ болатын шығар.

Жаназаға,
Бөжейдің жаназасына шақырылмаған Зере, Ұлжандар өлердей күйіп, өзгеше шерлі боп
қалған еді. Бірақ істер шара жоқ. Кінәсіз екі мейірбан, жазықсыз екі жан
Бөжейге деген көз жастарын үйлерінде отырып төкті. Бөжейге арналған құрандарын,
«тие берсінін» өз үйлерінде, өз балаларына, Абай мен Ғабитхандарға оқытты. Шелпектерін
пісіртіп, дастарқандарын жайғызып, бір жеті бойында өз үйлерінде аза қылып
отырысты.

Бұл күндерде
Қаршығалыдай кең қонысқа жайыла қонған Жігітек, Бөкенші, Көтібақ атаулының
сансыз көп ауылдарының үсті қалың нөпір, қара нор еді.

Ол өлкеге
Бөжейді жоқтап, ертеңді-кеш, күндіз-түні «бауырымдап» аңыраған, аңдыздап, ат
қойып, ағылып кеп, төгіліп түсіп, жыласып жатқан әйел-еркек, жас-кәрінің ұшы
қиыры жоқ.

Алыс-жақындағы
Бөжейдің бастас, тілеулес ағайындары бөлек-бөлек, үлкен-үлкен үйлері мен
сойыстарын, сабаларын, күтуші еркек, әйелдерін түгел алып келіскен. Өлімді
күтудің ерекше бір көптен бері болмаған салтанаты туып еді.

Алыс жайлауға,
Құнанбай ауылдары жеткен өріске бұл өлкенің елі жете алмай қалды. Ең болмаса
Бөжейдің жетісіне шейін немесе, тіпті, қырқына шейін «жыласатын ағайынды»,
«бата оқырды» осы кең қоныс - шалқарда тоспақ болды.

Бөжей өлген
күннің ертеңінде Байсал, Байдалы, Түсіп, Сүйіндік боп, ертемен байласқан байлау
осы еді. Сол жаңағы адамдарға бейім ауыл-аймақтар тегіс бір-ақ күн ішінде осы
Қаршығалыға кеп Бөжейдің ауылдарын айнала қоршап, ортаға алып қонысқан-ды.

Бөжей ұзақ
ауырған жоқ. Жиыны бір-ақ жұма ауырды. Бірақ қатты жығылған бетінен бері қарай
алмады. Алғаш төсек тартып жатысымен-ақ денесін жер тарта бергендей болды да,
бетін суыққа салды. Науқасының үшінші күнінде тыныштық, тақат таба алмай,
тынысы бітіп, жанталасып, өне бойы оттай күйіп жатты.

Өлімді көп
көрген Байсал Бөжейдің тамырын ұстап, үнсіз, ауыр күдіктің үстінде отыр еді. Қастарында
Байдалы, Түсіп, Сүйіндіктер бар болатын.

Азғана
достарынан басқа бөтен жан жоқ. Бөжей осы сәтте айтып қалғысы келді ме?
Әйтеуір, бір орайда Байсал отырып:

- Науқасы соқпа
ғой! Соқпаның осындай қатқыл келетіні болушы еді, со ғой! Бір тер шықса, қалың
тер шықса, айығар еді! Буып тұрған тер ғой!- дегенде, Бөжей қабағын түйіп,
тістеніп, бар қайратын жинап алғандай болды.

Қаны қашқан,
сарғылт, жүдеу жүзіне көкшіл таңбадай ашу келді. Әр сөзін бөліп, бірде қатты,
бірде сыбырымен айтып, қылғынып, демігіп отырып:

- Соқпа! Сырттың
соқпасы ма? Ішті жеген жегінің соқпасы ма? 
Әйтеуір... келді ғой толайым. Құнанбайдың жері кеңір!.. Мен... мен көшермін
бұл дүниеден!.. Кетермін! Бөгет болмай кетермін!.. Бірақ... күндерің не болар?-
деді.

Мынау отырған төрт
досының ішінде сыр беріп жылаған - жалғыз Сүйіндік. Анау үшеуі үн қатқан жоқ.
Тастай түйіліп сазарысты да, жым-жырт қалды.

Бөжейдің арыздасқаны
да, тіл қатып сөйлегені де сол. Осыдан кейін бір жанға бір ауыз сөз айтқан жоқ.
Арада тағы төрт күн еткен соң қайтыс болған.

Құнанбайға хабар
бергізбеген Байдалы мен Байсал. Ел жатар кезде Бөжейдің тынысы бітті де, түн
ортасына дейін естерінен айрылғандай боп, барлық қатын-қалаш, бала-шағамен
бірге жаңағы үлкендер де өкіріп, өксіп жыласып отырды. Байсал бір рет қалың
жиын жылап кеп, жағалай

көріскен кезде,
түрегеп тұрған қалпынан тәлтіректеп, жығылып та кетті. Сүйеніп тұрған таяқ та
тіреу болмады. Талып кеткен уақты еді. Осыны керген соң Байдалы Түсіп пен
Сүйіндікті ертіп, Байсалды жиыннан, жылаған шудан оңаша алып шығып, оқшау барып
отырып:

- Жылағанмен
жақсы Бөжей қайта ма? Тірілер болса, күңіреңген дүние, төгілген жас аз ба? Әнеки,-
деді. Түн аспанын қақ жара шулап, боздап, зарлап жатқан қыз-қатын, ер-азамат
жаққа қол нұсқады.

Жалын атып, аһ
ұрып, күрсініп алып:

- Есті жи,
Байсал! Белді бекем бу, түге!- деп өзгелерге де әмір, бұйрық сияқты сөз
тастап,- ақыл қосыңдар одан да! Хабаршы жөнелтейік. Қамға кірісейік!- деді.

Қалған жай
бәріне де мәлім еді.

Бұл үлкендер осы
түнде қырық-елудей жігіт-желеңді және бірер ақылшы кәріні қастарына алып,
өліктің артын күтетін қамға кірісті.

Хабарды кімге
беріп, кімге бермеуді Байдалы өзі атаған. Сол ретте Құнанбай ауылдарын қатардан
әдейі шығартып тастаған-ды.

Отыз-қырық
кісідей шапқыншы түн ортасы ауа бергенде, қос-қос атпен әзір болды. Жарау ат
айғырды мініп, қалың Тобықтымен көршілес Керейдің, Матайдың, сонау, тіпті Қарқаралы
жағындағы Шор мен Бошанның басты-басты жерлеріне де жат, суық хабарды алып,
шашырай шауып жөнелген-ді.

Түн бойы ұйықтамаған
Байдалылар күн шыға бергенде, Бөжейдің өз үйінің жанына, осы өлкедегі ең үлкен
үй Сүйіндіктің сегіз қанат аппақ үйін әкеліп тіккізген. Үй тігіліп болысымен,
ішіне бөтен жасау-жабдық кіргізбей, тек есіктен төрге дейін кілем ғана
жайғызды. Оң жаққа үлкен сүйек төсек кіргізді. Үстін көмкерумен қара кілеммен
тегістеп болып, сол төсекке Бөжейдің сүйегін әкеп салғызды. Жаназасын
шығарғанша өлік осында болмақ.

Бөжейдің өлігін
өз үйінен шығарып, мынау үйге әкеп қою қаралы қатындар мен Бөжей қыздарының
зарлауын қатты үдетіп еді. Байдалы сүйекті орналастырып болысымен, сол өлік
үстіне тіккен ақ үйдің оң жақ белдеуіне өз қолымен әкеп қара тікті.

Бұл жұмыс
өліктің артын күтудің үлкен бір серті еді. Қара дегені - ұзын найзаның басына
тігілген ту. Егер Бөжей жай қара қазақ емес, төреден шыққан болса, сол
төрелердің өзді-өз тұқымының туларын тігер еді. Ақ тулы, көк тулы, ала тулы
деген төрелердің тұқым-тұқымы, жік-жігі осындайда көрінетін. Ал, қарадан кісі
өлсе тудың түсі өліктің жасына қарай болады. Ол жөндерге келгенде Байдалы
ескіге жүйрік Сүйіндікпен ғана ақылдасты.

Сүйіндік жас
кісі өлсе туы қызыл болатынын, кәрі өлсе, ақ болатынын айтып келді де,
«Бөжейдей орта жасты кісінің қаралы туы - бір жағы ақ, бір жағы қызыл болу
керек» дегенді айтқан. Жаңағы Байдалы әкеп тіккен ту - қара дегені осы еді.

Бөжей өлген
күннің ертеңінде тігілген осы қара Бөжейдің өлімі өзге өлімнен ерекше
күтілетінін жариялады. Соның шарты - Бөжейге ас беріледі, жыл бойы арты қатты
күтіледі деген болатын. Қара тіккен Байдалы халық атынан Бөжейдей арысына ас
берем деген ырымын жасады. Бұл әдеттің екінші бір белгісі тағы бар. Байдалы
қараны тігіп, барлық жиылып тұрған жанкүйер жақындармен бата қылған кезде, сол
үйдің екі жақ босағасына екі ат жетектеліп келді. Бірі - доға жал семіз күрең
ат. Екіншісі - дом боп жарап қалған, сартап болған сұлу қара көк ат. Күрең ат  - Бөжейдің қыс мінетін аты. Қара көкті - осы
жаз басынан байлап жүр еді.

Бөжейдей
азаматтарының ыстық көзіндей болған екі серік аты келгенде барлық үлкендердің
өздері де еңіреп-еңіреп жіберісті. Біреулер таяғына сүйеніп, бірнеше кәрілер
жер тіреп жыласып:

- Арысым-ай,
арыстаным, бауырым-ай!- десіп, күңіреніп еді.

Өзгеден бұрын
бойын жиып алған тағы Байдалы болды. Ол әуелі оң жақ босағада тұрған күрең атқа
кеп:

- Жануар-ай, иең
кетіп, тұл қалдың ғой сен бейбақ!- деп, жақындап келді де күрең аттың кекілін
шорт кесті. Содан құйрығынан алып, уыстап тұрып, дәл тірсегінен жоғары келтіре,
қалың құйрығын да борт-борт кесіп алды.

Қара көк атқа да
соны істеп, тұлдаған екі атты барлық осы өңірдің өзге жылқысынан бөлек түске
кіргізіп қоя берді. Қара тіккен жерде ас берудің серті айтылды. Мынау тұлданған
екі ат келесі жылға шейін мінілмейді. Қол тимей семіріп барып, жыл асқан соң
иесінің асына сойылады.

Байдалы екі
аттың артынан қарап тұрып:

- Қара көктің
жал-құйрығы қара ғой. Қаралы ат осы болсын. Көшкенде ерімнің қаралы ер-тұрманы
осыған ерттелсін, тұлдаған киімдері осы жануарға жабылсын!- деді. Бұл сөзі
байлау еді.

Осыдан соң
Байдалы бастаған үлкендер қастарына Қаршығалыдағы барлық басты ру, бай
ауылдарының мал иелерін алып отырып, Бөжейдің жаназасына, підиясына байлайтын
мал-мүліктің әңгімесіне кірісті.

«Өлім - бардың
малын шашар, жоқтың артын ашар», Бөжей бай болмасын, бірақ жоқ емес. Әсіресе
ағайын тұрғанда, мынандай шебі бүтін тұқымы тұрғанда, неге жоқ болады? Тіріде
тілеуі бір туысқан өлісінде неге ұмытады? Бет топырағы жасырынбай тұрып қайтіп
ұмытады?

Осыны айтыспаса
да ойламаған ағайын жоқ.

Сондықтан олар
Бөжейдің өз үйіне салмақ түсірген жоқ. Керек десе бір лақты да өзінен
шығартпасқа бекісті. Ертең бата оқыры, қонақасысы аз болмайды. Қара тіккен үй,
әсіресе өткен-кеткеннің бәрін шақырып тұратын үй болмақ. Шаршаған мен шалдыққан
болсын, аш-арық болсын, алыс-жақынның бөгде жүргіншісі болсын, баршасы да бұл
бір жылдың бойында, ылғи ғана Бөжейдің үйіне түсетін болады. Солардың тие берсіні,
тілек батасы Бөжейге сауап. «Өлгендердің артын күту, аруағын күту сол сауабын
ойлауда» деп, молда, қожа көп өсиеттеген сөздерді де Байдалылар еске алды.

Сонымен Бөжейдің
өз үйінің шығыны әлі алда жатыр. Ол санаусыз көп. Ендеше мынадай қауырт
шығасыны ол үйдің өзіне салмай, бөліп әкету шарт.

Жиылған ағайын
ынтымағы сараңдыққа бой ұрмады. Бұл өлкеде талайдан болмаған бай підия және де
осы Бөжейдікі болатын болды.

Бастығы
Сүйіндік, Байсалдар болып: «Азаға салғаным», «қосқаным», «аруағына арнағаным»
деп шеттерінен қос ат, інген, жамбы, тай тұяқ, қой тұяқ сияқты бұйымдар атасты.
Сөйтіп, кеңес аяғында підиясының өзі талай тоғыз болып саналды. Бас тоғызы
түйе, екінші тоғызы жылқы, аяғы қой, ешкі тоғыздары және ішік-кілем сияқты
тоғыздар еді.

Осы таңертеңде,
дәл осы кеңесте, мынау қара тіккен ақ үйге бұдан былай мол жасау, қаралы сәнді
жасау жиюдың жайы да байланды.

Сүйіндік,
Байсал, Байдалы бар-бәрінің үйлерінде, тең, сандықтарында жатқан қаралы қалы
кілем, қымбат ішік, өзгеше тон, тұскиіз сияқты асыл бұйымдар тегіс осы үйге
әкеліп жиылмақ. Түске жақын ақ үйдің ішіне әзірше жасау қып ілмесе де, ертең
өлік шыққан соң ілетін боп барлық септің жасауларын да әкелісіп қойысты.

Бұл кезде
Бөжейдің өз үйінің ішінде қара сұр бәйбіше шаршысын шорт байлаған. Қара шашын
тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан-сөлден айрылып, сұрланып талған жүзінде
көк тамырлары білінеді. Екі бетінің ұштары жылап жыртқан тырнақтың табын
сақтап, жарадар

Бөжейдің екі
қызы да бастарындағы бөркін тастап, қара салыны шорт байласып алыпты. Бұлар
әкелері өлісімен, қайғылы, шерлі, бір ұзақ жоқтаудың сарынын тапқан екен. Бүгін
таңертеңнен бері жаназашыларға көріскенде сол жоқтауларын айтумен отыр.

Барлық Шыңғыс
сыртындағы ұшы-қиыры жоқ, ен өлке, кең сала, мол жайлау, құйқалы адыр, қалың
таулардан жұрт ағылды. Аңыраған ел жер қайысқан қалың топыр боп кеп, бірнеше
күн жыласып, аза салып болды да, ақыры Бөжейдің жаназасын шығарды. Сүйегін бұл жайлауға
қоймай, Шыңғысты қайта асырып, қыстауының үстіне апарып, Тоқпамбетке қойды. Бөжейдей
жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды.