ВЕРНУТЬСЯ

 Өтегенов Айтуар Оспанұлы (14.10.1946 ж.т. Атырау облысы, Жылыой ауд., Аққиiзтоғай ауылы) – ақын. Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесi. Бейнеу ауданының құрметтi азаматы.         Тұңғыш Президентiмiз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елiмiздегi тәуелсiздiктi нығайту жолындағы реформаторлық сара саясатын қолдап, «Қазақстан - 2030» бағдарламасын кеңiнен насихаттайтын жалынды публицистикалар, мақалалар және көркемдiгi жоғары «Барыс мiнез халықпыз» атты топтама өлеңдерiн жазды.Оның «Тұңғыш» (1978), «Ақкөйлек» (1980), «Ақсұқсыр» (1994), «Арманым саған ауған» (1998), «Қарашүңгiл – қаракөзiм тұңғиық» (2000), «Адыраспан» (2003), «Ата Қазақ» (2011), «Мұнайы мол Маңғыстау» (2011) атты жыр және проза жинақтары шыққан. Сонымен бiрге әр жылдары жарық көрген «Бiр нәзiк сәуле», «Атырау айдыны», «Жыр моншақ», «Жыр арқауы – Пiр Бекет», «Жылыой қаламгерлерi», «Азаматтық парыз», «Ақкетiгiм - арқауы ән-жырымның»,  т.б. ұжымдық жинақтарға бiр топ өлеңдерi мен очерктерi енген. Ол-«Маңғыстау» энциклопедиясының (бiрiншi шығарылуы), «Бейнеу» өлке танытқыш  кiтабының авторларының бiрi. Форт-Шевченко қаласының 150 жылдығына, Шотан батыр, Досан батыр, Абыл ақынның халықтық Асына арналған ақындар  мүшәйраларының бас жүлдегерi.Елiмiз әлi еркiндiк алмаған сонау тоталитарлық кезең заманында-ақ Маңғыстау өлкесiнiң өткен шежiре-тарихына терең үңiле бiлген ол «Ақсұқсыр», «Қалындық», «Ақшолпан», «Құла ат қасiретi», «Тобанияз толғаулары», «Шөжеп сұлу», «Ән», «Ант», «Алланың сүйген құлы боп…», «Шерқала», «Ақмыштағы кәрi ағаш», «Булыойық», т.б. балладаларымен оқырмандарды елең еткiзiп, зор сүйiспеншiлiкке бөлендi. Ұмыт қалған тарих қойнауынан сырлар тартуға, сөйтіп, тәуелсiздiгiмiздiң Туын жоғары ұстай бiлуге өзге де жас қаламгерлердi жетелеп, тәрбиелеп, облыс және республика  журналистикасы мен әдебиетiнiң дамуына өз үлесiн қосты.Қаз МҰУ-дiң журналистика факультетiн (1976), Алматы жоғары партия мектебiн (1982) бiтiрген. Еңбек жолын Жылыой (бұрынғы Ембі) ауданының  «Коммунизм таңы» кеңшарында көмекшi шопан, механизаторлықтан бастап, Құлсары мұнай кәсiпшiлiгiнде, Құлсары автотранспорт кәсiпорнында жөндеушi болып еңбек еттi. Әскер  қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, Жылыой (бұрын Ембi) аудандық «Ембі» газетiнде әдеби қызметкер, бөлiм меңгерушiсi, жауапты хатшы, Ембі аудандық партия комитетiнiң нұсқаушысы қызметтерiн атқарды. 1985 жылы Маңғыстау облысындағы Бейнеу аудандық «Рауан» (бұрын «Ленин жолы») газетiне редакторлыққа шақырылып, кейiн баламалық негiздерде халық депутаттары Бейнеу аудандық кеңесiне төраға, аудандық мәслихатқа хатшы болып сайланды. Аудан әкiмiнiң орынбасары, облыстық ақпарат және қоғамдық келiсiм басқармасында бас маман, «Отан» партиясының облыстық филиалында кеңесшi қызметтерiн атқарды.   «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс тобының жетекшiсi болды.Ол «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл» мерекелiк медалiмен, Ел Президентi Н.Назарбаевтың «Алғыс» хатымен, Баспа, полиграфия және кiтап саудасы iстерi жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң, Атырау, Маңғыстау облыстарының, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның Құрмет грамоталарымен марапатталған. Маңғыстау облысы «Жыл адамы-2011» байқауының жыл журналисі.  ӨЛЕҢНЕН ӨРІЛГЕН ЕСКЕРТКІШ  «Ақсұқсыр», Алматы 1994 жыл. Мен БабамныңТас қашап,Жазған сырын ашпасам.Құмға көміп тастасам,Онда мені туған жер,Ұлым деме ешқашан, - деп нар тәуекелге бел буған ақын үлкен мақсат қуады. Естігенін дән тазартқан егіншідей екшеп, төгіп-шашпай епсектікпен жинайды. Уақыт тозаңынан көмескіленген  оқиғаларды қоюлатып, әрі мен түрі тайған бояуларды жаңғыртып, тілдік қолданыстарға тың әр үстеп, зергерлік зерделілікпен айшықтайды. Әншейінде екінің бірі құлағдар, жеткізуге  келгенде төгуін  келістірмес кестешідей кібіртіктемейтін, естіміштің ыстық табын суытпай бүгінгі күннің ұғым, талғамына сай лайықтап көркем баяндауда келісімді шеберлік пен даңғыл даралық атойлайды. Киелі өлке аңыздарынан жүйелі өлең андыздайды. Көкке шаншылған күңгір-күңгір күмбездер мен қабағын түкситкен жақпар тастар, тылсым тереңге бойлаған жұмбақ үңгірлер жыр жолдарына айналып жүре береді. Шарапатты шумақтар шапағатты Бекет Атаның шәкірттік шағын шежірелік негізде байыптаудан басталады. Ұлы әулиенің ұғымталдық бір сәтін суреттеу арқылы  бүтін адамзаттық проблема – экологиялық апаттан алдын-ала сақтандырады.Асқақ сұлулық пен асқан іңкәрліктің, пасық пиғыл мен қарау қызғаныштың  бет-пердесін ақаусыз ашып көрсеткен «Ақсұқсыр» поэмасы ерлік пен еркіндіктің, еркеліктің дастаны дерлік дара дүние.  Әділіне жүгінсек, түбектегі тарихи  әңгімелерді әдемі әдіптеудің эталондық үлгісі. Бас-аяғы жұп-жұмыр ғибратты шығарма еш жасандылықсыз шынайылыққа тұнып тұр. Талайлы тағдыр тап қылған сәтсіз махаббаттың ғұмырнамасы іспетті қабылданады. Ақ өлең мен қара өлеңнің қосындысын  сәтті қолдану, жігін білдірмей жарасты жымдастыру  мұнда тосын қырынан көрінеді.Қаламының  ұшын безеп, шабыт шоғын көзеп тұтандыруда құр тәуекел дәрменсіз. Көмейден көтерілер көркем ойдың өңі бұзылмай өрнектелуі  өріс көкжиегінің кеңдігіне  бақилы десек,  жыр туғызар жүрек бұл тұста жалаң дидактикаға ұрынбайды, жалғыз жол табуға тырыспайды. Әлемдік өнер үлгілеріне жүгінеді. Әсіресе, шығыс поэзиясының  інжу-маржан алтын жүлгелеріне суғарылады. Ұйқас құрау, тілдік нақыштау, сөз саптау - қысқасы, көне бәйіттердің болмыс-бітімі, мазмұн салмағы  тың нәшінде, жекелік таразысында талғаммен қабылдау күйінде көрінеді. Сырлы жолдардың «сүйек-саяғы», түр-әлпеті көне шығыс жұлдыздарының көшірмесіне келгенмен, қиялдау қалыбы, жыр арнасы мүлдем жаңаша. Оқиғалы өлеңдер өрісінің сонар желісінде орынсыз олпы-солпылық, оғаштық сезілмейді. Құдайке атаның бастан кешкен қайғысы мен оның мосқал тартқандағы күтпеген махаббаты зәузат теберігінің дүниеге келіп, ғұмыр жалғастығының өртең гүлдей қайта өркен тартып, тамыр жаюы бабалар баяндауы негізінде  «Дос парызы немесе Қалыңдық» поэмасында қапысыз суреткерлікпен кестеленеді.Жүз беттік жинақтың жайлау төрінен жай тапқан «Ақшолпан», «Ән» деректі әңгімелері – әмсе құмарлық пен іңкәрліктің, ырықсыз асау сезімнің, еркелік пен есерліктің, мәрттіктің, намысқойлық пен шамшылдықтың астарын ашып көрсетеді.Қазір ақын көп. Сол ортада айылын жимай жыр жазу, қаймықпай қалам ұстау – қас ерлік, сескенбес жүрекжұтқандық. Бір кезде Бенедикт Ливщих «Александр Блоктың жай ғана жер басып жүргенінің  өзі маған жыр жаздырмай қойды» деген ғой. Ал Айтуар өзіне бек сенеді.  Римнің алып пантеондарын еске түсіретін Шерқала тауын көргенде, тосын көрініске тап болған сәт тербеу-толқынысын тұзақтамайды. Іштегі буырқанған жанартау қайнарды ірікпей ақтарады.Ұйып үлгермейУыз қалпында төгіліп қалған ,Содан сыр бермей,Сан ғасыр топырағын көміліп қалған,Шерқаланың уақыт күзетшісіндей қарауыл қалпынан қанығарлықтай құпия сыр іздейді. Шетсіз-шексіз шұбап, қатар құлаған Қаратау мен Ақтауды рояль тіліне ұқсатып, құбылнама күйге құлақ тосады. Каспий, алан, сақтар мен дай тайпаларының дәуірлеген кезеңдерінен жеткен бағзы әуенді тыңдайды. Бүтін табиғат, қоршаған төңірекке «Қала қайда?» - деп жар салады да:Табиғатта мылқаулық жоқ,Болар оны түсінбейтін кереңдік, - деп пәлсафалық ой түйіндейді.Топыраққа көмілген көне қала іргесіндегі «Ақмыштағы кәрі ағаштың» өлмей-өшпей  бүгінгі күнге жеткенін рухы түспес ерлікке балайды.  Нышандық әсірелеу арқылы  ағаш ғұмырын адам ғұмырымен астастырады.  Ұрпақтар ұластығының үзілмес  жалғастығын биік деңгейге көтеріп,  ғасыр куәсі  – саялы бәйтеректің абайсызда пешке салынып, от көмейіне кетпеуін жаны қалмай тілейді. Қоңыр далам – сахнамсың күй төгер,Қоңыр далам – отқа қақ та, үйіте бер.Өзің маған үйіп-төгіп зейнетті,Өзің маған арқалатып бейнетті,Өзің және емдейтұғын шипагер, - деп перзенттікпен тебірене жырлаған ақын туған жердің қиындығына да, қызығына да пейіл құлата отырып, тұла бойы тұнған тарих – түбектің төрт құбыласын құшағына сыйдырып, бауырына басады. Ежелгі Тетис мұхитының табаны Қарақияны кесіп өтіп, тереңдігі түпсіз Булыойық үңгіріне бас сұғады, тұлпарлықты ұғындырар суын айғыр  жайлы аңызға сусайды. Арғымақтар тұяғы қазған жерден атқылаған мұнай теңізіне қарашығын малады. «Шипагер даланың» ауасынан сіміре жұтып, сұңқардай түлейді. Шіліңгір шілдеде садақ мойын «шөл кемесіне» мініп келе жатып отар шетінде қойшы құдіретіне, қой қасиетіне таңданады. «Атбегі» қарттың сейістігіне сүйсініп, оның көмбе басын бермес сәйгүлігіне сұқтанады да:Содан бері көп күн шықты көгімде,Бір жебеуші керек екен тегінде.Жыр бәйгеде құр қап жүрмін жүлдеден,Бір атбегім табылмай-ақ менің де, –  деп ақындық дарынға бір бапкердің қажеттігін меңзейді. Жалпы тұяқты тұлпар, қанатты арғымақтардың қасиеттерін әспеттеудегі білгірлік пен шеберлік – ақынның алабөтен ерекшелігі, жалаулы жетістігі. «Ұры тіс», «Қара жорға» өлеңдері  жылқы сипатын, ат сынын жеріне жеткізе суреттеген дара дүниелер.Өлеңінде өзіне өкпелегендей Айтуар қамшы салдырар қара шабандардың сойынан емес. Боз өкпе боп босқа шаппайды. Арыны,  ағымы да, алымы да шапшаң алқымы кеппес алқалы топтың жүйрігі қиыннан қиыстырарда тосылмайды, дуды көрсе қызып, демігіп қалатын, арзанға  құмар дәлдүріштерге мүлдем ұқсамайды. Шамшылдықтан шалғай, лепірмеліктен ада,  төсқақпайлықтан таза, жаратылысынан жұмсақ, биязы мінезді ақын баяу ағатын тұнық өзендей арнасын бұзбай, байыппен жылжып, жай ғана жан рахатына бөлейді. Шығармашының ұстанған концепциясы мен қаламгерлік кредосы – өмірдегі елеусіз жайттарды тізбелей отырып, тереңдікке жетелеу. Рухани дүние туғызудың қапысыз шебері қалаған шумақтардан сына табу қиын, мін іздеу құр шығын. Өлең  туысында ақынның өзінікі болғанмен, ұсынылған бетте халықтың төл перзентіне айналып жүре беретіндігі осыдан. Әркімнің көңіліндегі қалауы іспетті қабылданатын нұрлы жолдар Айтуар қаламынан өрген қанатты жырларда Құдайға шүкір, жиі ұшырасады.О, Махаббат!Кім жазбады сен жайлы,Сен жайлы сыр әрбір жүрек толғайды.Жинақтың «Гүл сезім өрмелері» деп аталатын бөлімі  тұтастай жастық, махаббат, достық тақырыбын қамтиды. Адам сезімінің аса биік сапасын шынайы қалпында, кіршіксіз, мөлдір күйінде  жеткізуге келгенде Айтуар байқағыштығының жасын-жарқылы ғажайып. Әдемі тақырыпты таңдау арқылы талантсыз адам көздеген тұғырына шыға алмайтындығын шамалайтын ақын жалаң тақырыпты қуып кетпей,  құнарлы қайнарларға тоқтайды, «өлең –өрістің отты-сулы өңірлеріне» байырқайды. Жалт етіп жанып, жалп етіп сөнетін алдамшы, арзан махаббаттың құлы болғысы келмейді, айырылмастықтың, адалдықтың мәңгі маздар отына жылынады.Қар жамылған кең даладағы қос ғашықтың әсер толы жүрек дүрсілін естіген ақынның мына жолдарына жанар тоқтаталықшы:...Соғады да, соғады да аптығыс,Дейді жүрек арманыңды қатты құш.Ақ күміс қар үстінде біз келеміз,Сезімдердің моншағы да ақ күміс.Көзге көрінбейтін сезімдерді моншақ түрінде елестету, түр-өң беру, оның түсіне дейін тану ұшқыр қиялдының  қанжығасына байланар олжа. Түйсіксізге – сұлулықтың өзі сұмпайы, тәтті тілдің өзі тұрпайы. «Ақ әлемде екеуіміз» өлеңіндегі Күннің күллі көркемдікке жерік  бола қалуы да иландырады.Сәуеге сәуле құяр шуақты жырларды оқығанда ертегідегі жібек арқан есушілер елестейді. Ертегі демекші, Айтуар әрбір әрекетінде ауыз әдебиетінің алтын жүлге асылдарынан  рең алып, оны сәтті ұштастырады. Бұған «Табыттан табылған өлең», «Сәулет сыры», «Көкетай мен Асалы», «Ана шапалағы», «Абыл мен Балдай қыз», «Махаббат мақамдары» және басқа туындылары куә.Ұйқастарды қаққан қазықтай шегендеп  шымыр құратын, суреттерді сан құбылтып, оқиғаға жан бітіретін қаламгердің қаламынан туған «Пері мен періште», «Сен әлде...», «Сезім дірілінен», «Күй сазы» өлеңдері кібіртіксіз қабылданып, жан сарайын нұрландырады. Айтуардың әжесі, атасы, анасы, әкесі, жұбайы, балаларына бағыштаған дүниелері отбасы берекесін тасытып, татулықты ұйытуға үндейді, кісілік қасиеттерді дәріптейді. Табиғатында қақта соқтықпен  ісі жоқ, адам көңілінің тұнық көлін лайламауға тырысатын, үндемей жүріп үлкен іс тындыруға  бейіл ақынның «Ақсұқсыр» жинағы  өлеңмен өрілген ескерткіш іспетті. Кітаптың «Жер Ана, тербе мені!» деп аталатын соңғы бөліміне топтастырылған көлемді поэмалар таланттың сөзсіз үлкен табысы.Бүгінде есімі республика жұртшылығына танымал, бірнеше жыр  жинақтары шыққан ақын Айтуар Өтегеновтың соңғы туындысын парақтай отырып, оның тынысының енді ашылып, нағыз кемеліне келгендігін айқын аңғардық.Бірғали Байекеев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Айтуар