ВЕРНУТЬСЯ

 (поэма) Аяулы анам Жаңылханға арнаймын.автор I.Аңнан оралған Алдасай мерген иығындағы қояны мен қырғауылын босағаға лақтыра салып, лашығына кiрiп келдi. Жеңгелей алған айдай сұлу келiншегi Ақсұқсыр қаннен-қаперсiз ұйқы құшағында екен. Шәйi көйлегiнiң етегi тiзеден сәл жоғары түрiлiп кетiптi. Ай сәулесімен шағылысып, арайлана түскен, күн тимеген аппақ, ақ балтыр. Алдасай ендi түсiндi, өзiн түзден үйге жеткенше асықтыратын осы балтыр екен ғой.Ыстық дем... Қайратты қолдың уытынан келiншек оянып кеттi.- Не болды сонша, ұят-та-ғы...-Ақсұқсыр...-Ә-әу!..Мерген жiгiт келiншегiн жаңа көргендей:- Балтырың, әп-п-ақ  ек-ен ғой?!Ендi Ақсұқсыр наздана жымиды. Күйеуiне еркелеген сыңай танытты:-Бұл балтырға... талай-лар қызық-қан...Осы сәтте қызылға шүйiлген бүркiтше төнiп қалған Алдасай кiлт кiдiрдi. Көкірегіне біреу найза сұғып алғандай. Басқа тепкен ыстық қан суынып жүре бердi.

  • Талайлар қызыққан дедiң бе, а-а?!

Ақсұқсыр ерiнiң аңсар сәтiн пайдаланып, ерке қылық танытам деп бүлдiрiп алғанын ендi сездi.- Талайлар қызыққан. Менен өзге тағы кiмдердiң көз құрты болып жүрсiң, ей, сен?!Келiншек үнсiз. Аузынан абайламай шыққан сөз үшiн тiлiн тiстеген.- Мен, Алдасай, жеңгелей алған қатыным Ақсұқсырды талақ етем. Талақ! Талақ!- Батыр, сәл сабыр ет! “Ашу – дұшпан, ақыл - дос”. Құрсағымда сырлы зереңдей дөңгеленiп ұлың өсiп келедi.

  • Мен сенен ұл сұрағаным жоқ, ат сауырында келген күң!

Ақсұқсыр селк еттi.Аңшы жiгiт лашығынан атып шығып, беймәлiм жаққа жүре бердi. Бiрақ аңғал батыр кейiн өзiнiң ұрпағы сол құрсақта қалған ұл арқылы ғана жалғасатынын, сөйтiп Ақсұқсырға мәңгi қарыздар болып қалатынын бiлген жоқ.                                                                   II.Алдасайдың лашығынан Ақсұқсырдың да қосын бөлектегенiне үшiншi күн. Келiншек былайша көз жасын бұлады:Маңдайға жазмыш жазылды,Қайтемiн озмыш болмаса-ай.Айтқан бiр ерке назымды,Көтере алмадың, Алдасай.Саудаға салып басымды,Жаралап жанды дерттi еттiң.Қызы едiм бекзат асылдың,Таңбалап сүйек, морт кеттiң.Шерiм көп айта бастасам,Жомар* боп қалар мұң-мүддем.Ойламап едiм ешқашан,Тұтқынға түскен күңмiн,- деп.Кiм айтар менi Сұқсыр** – депХаншасы қалмақ – лала гүл.Мәз болмаТөсiме шықтым ,- деп,Қылдым,- деп және талағым.Ерсiлеусiңдер, Адайлар,Кеткенде бойда қызып қан.Қайта айтам, өл, ә, талайлар,Ақ балтырыма қызыққан.Қызыққан хан да, батыр да,Жүрегiн көсеп, от қарып.____________________________*Жомарт – қыздай қосылған күйеуi.**Сұқсыр – қалмақша ару, сұлу деген сөз.Ақсұқсыр деген атым да,Сондықтан шыққан мақталып.Түсiрiп құнын бағамның,Қызғаншақ жансың сенбеген.Нақ сүйерi болғам ағаңның,Ат қойған абзал жеңгең ем.Өлгенде Жомарт көзiме,Есiмнен тандым жас ұрып.Әмеңгерлiкпен өзiңе,Тиген-дi отағасылық.Қайтемiн сырды жасырып:“Ақ жеңгем, сенi төбеме,Көтерiп өтем”,- дегенiңАсылық болды, асылық.  Маңдайға жазмыш жазылды,Қайтемiн озмыш болмаса-ай.Айтқан бiр ерке назымды,Көтере алмадың, Алдасай!Ақсұқсыр осыны айтып болып, қалың ойға батты. Өткен өмiрi көз алдына келдi...III....Қалмақтың Қонтайшысының қызы болатын. Ерке өстi. Ешкiм маңдайынан шерткен жоқ. Қазақтармен болған бiр жаугершiлiк ұрыста қолға түстi. Қасақана қазақтар қалмақтың сүт бетiндегi қаймақтары – ең сұлу қыздарын моншақтай етiп жiпке тiзiп, елдерiне алып жүрдi. Әрқайсысы әр батырдың қанжығасына байланды. Ал бұны қол басы ханға тарту етпек болды. Тұтқын болғанмен, балиғатқа жетiп қалған қыз емес пе? “Ханға бұйырсам, мүмкiн ханым болармын”, - деп өзiн жұбатты. Әрi шешесi Айкөркем қазақтың қызы болатын. Жаугершiлiкте қалмақтардың қолына түскен. “Нағашыларың - жақсы жұрт, қызым. Әкең жауықты деп сен жауықпа”, - дейтiн. Ендi қызы шешесiнiң кебiн киiп келедi. Аумалы-төкпелi заман-ай! Сондықтан да сескене қойған жоқ. Бiрақ бұны жүрек жұтқан Жомарт деген батыр ханнан қалап алды:Алысқа салған өресiн,Қасына жинапБай,мырза, батыр, төресiн.Тақта отыр ханы қазақтың.Еңсегей бойлы Ер Есiм.- Хан ием, - дедi бiр жiгiт,Келiстi сымбат дүр жiгiт.Дауысқа шыққан жалт қарап,Өзгелер қалды дүрлiгiп.- Ә, Жомартжан, сен бе едiң,Бұл жеңiсте мол болмақ үлесiң мен еңбегiң.Қалауыңды айт, - дедi хан,Ең қадiрлi, ең сыйлы қонағымсың сен менiң.- Хан ием!Маған сыйға берсеңiз:Ақбоз атты мiнбей бер,Ақсауытты кимей бер,Ақсемсерді шаппай бер,Ақсұқсырды сүймей бер,Ер дос болса, гүлдейдi ел...Сый iшiнде осылардан жоқ асыл,Жомарт болса, асырды тым бағасын.«Ханның сыйын сұрағаны сор маңдай»,-Деп өзгелер ұстап қалды жағасын.Тым қызбалау жас жiгiтке обал-ақ,Хан дегенiң - тез жарылар қағанақ.«Итiм құрсын сары майдан дәме еткен»,-Жатар ма екен кеудеден бас домалап.«Хан сыбаға, сұрап тұрған сыбаға,Мына жiгiт оны, сiрә, ұға ма?Бәрiнен де ең қымбаты - Ақсұқсыр,Не, - деп жауап бермек керек бұған, ә?!»Жерi жоқ-ты бұрын сөзден тосылған,Жерi жоқ-ты бұрын жаудан шошынған.“Мына жiгiт несiн маған бұлдап тұр”,Ойға батты, ойға батты Есiм хан.Есiм хан Жомартқа көзiн алмай ұзақ қарады. Оң қолын жүрегiнiң тұсына басып, сәл иiлiп жiгiт тұр. Келiстi тұлға. «Хан сыбағасын сұрауға қалай батылы жеткен. Ақсауыт, ақсемсер, ақбоз ат, Ақсұқсыр. Осылардың бiреуiн сыйға ала алса, тақиясына тар келiп пе бұл шiркiннiң. Әлгiлердiң бәрi қараға емес, ханға ғана лайық емес пе? Анау басты домалатып түсiрсе, не iстер едi?! Жоқ. Болмайды. Онда менiң қол астымдағы халық екiге жарылады. Айбыным әлсiрейдi. Азан шақырып қойған Аталық атын өзгертiп халықтың Жомарт атауы тегiн емес. Дегенi-ақ болсын. Әлi талай кәдеге жарар...»Жебелердi жауға қарай боратқан,Сен едiң-ау, ел мырзасы, қиын кезде қол артқан.Сұрағыңның бәрi де асыл,Асыл саған лайық,Бердiм, - дедi ол,- тiлегiңдi, Жомартжан!IV.Жомарттың он екi қанат ақ боз үйi елдiң игi жайсаңдарына толы. Үй сыртындағы кермеде ақбоз ат байлаулы, төрде кереге басында ақсауыт пен ақсемсер iлулi. Тек Ақсұқсыр ғана көрiнбейдi. Кенет Жомарт есiк алдындағы жiгiтке ым қақты. Қыз әкелiндi. Сәукеленiң үстiнен төмен түсiрiлген ақ шәлi перде тағдыры қалай болатыны белгiсiз тұтқын қыздың албыраған алма бетiн онша жарытып жасыра алмапты. Сабаудай ұзын кiрпiк көздiң аясын жауып жiбердi де қайта көтерiлген жоқ. Отырғандарға иiлiп иба бiлдiрдi.- Ей, Сұлу! – дедi Жомарт тұтқын қызға қарап:- Ей, Сұлу!  Әлгi iсiммен жасап сәл-пәл астамдық,Ұғынсам да боп кетерiн қастандық.Хан алдында қалауымды сұрадым,Беру үшiн бiр өзiңе бостандық.Қазiр, мiне, осы сәттен азатсың,Тек кiшкене өзiңе айтар аз-ақ сыр.Ел-жұртыңа барғаннан соң ұғындыр,Кiм екенiн қазақтың.Анау тұрған:Ақсауытты – киесiң,Ақсемсердi – iлесiң,Ақбоз атқа мiнесiң,Ел-жұртыңа жүресiң.Ел-жұртыңа барған соңБақытты өмiр сүресiң.Әумин!Қап-қара, мойыл көздi жауып қалған сабаудай ұзын кiрпiк көтерiлдi. Жанары мөлт етiп жасқа толды, екi тамшы жарыса мөлдiреп, алма беттiң ұшына келiп қалды. Төрде молдас құрып отырған, басына азат құсын қондырған, жүзiнен мейiрiм лебi ескен адамға қарады. Ат жақ, қыр мұрын, қап-қара қияқ мұрт, сонау самайдан жiңiшкеленiп келiп, иек тұсына қоюлана түскен қап-қара шоқша сақал. Қара торы жүзiнде қан жүгiрiп тұр. Нұрлы жанарда кiм-кiмге де жетерлiк мейiрiм бар. Сұлу бұл оқиғаның не өңi, не түсi екенiне сенбей тұрғандай. Тұтқындықтан кейiнгi Еркiндiк адамды есiнен айырады екен. Қыздың жанары төрде отырған Құдiреттiң жанарымен түйiсiп қалды. Қыз кiрпiгiн бұрын қақты. “Мына жанардың аясында жүрген әйелде арман болмас”. Ақсұқсыр дауыстап жiбердiм бе деп селт етiп едi, жоқ, iшкi үнi екен. Әлгi үн қалайда бұлқынып сыртқа шыққысы келдi.- Мырзам! – Ақ желектiң астынан сыбызғыдай сызылған әсем дауыс естiлдi. Алдында әмiршiм - дегелi тұрған. Мына сөздiң ауызға қалай оралғанын бiлмей қалды.- Мырзам!Сiздей жомарт, сiздей дархан мырзаның,Шын көңiлiне ырзамын.Көкiрегiмдi өртеп жатыр бiр жалын.Ол – күңдiктiң жаулығы едi тартылған,Келмеген соң құтқарушым артымнан.Әр iсiңнен парасатың ашылып,Тым биiктеп бара жатыр өр тұлғаң.Кегi болса жiбермейтiн кектiден,Тектi едiм. Жолығыппын тектiмен.Ерiк бердiң, бас иемiн еркiммен,Тек өзiңдi құтқарушым деп бiлем.Өз еркiммен бас имес ем тексiзге,Қажет емес азсыз ба, әлде көпсiз бе?Ақсауыт та,Ақсемсер де,Ақбоз даЖәне бейбақ – Сұқсыр даЖарасады тек Сiзге!...Ақсұқсыр бұл ерлiгiне, бұл еркiндiгiне, тым ашықтығына соңынан өзi таң қалды. Ендi бiр сәт кiдiрсе, әлгi нұрлы жанардың сәулесiнен мәңгiлiк айырылып қалатындай қорықты. Елiне барғанда кiм құшақ жайып қарсы ала қояр дейсiң? “Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман”. Жоқ, не де болса, Ақсұқсырдың нағашы жұртында қалғаны жөн. Құдайдың басқа салғанын көре жатар.Ауыл молдасы ертесiне Ақсұқсыр мен Жомартқа неке суын iшкiздi. Iшкiзiп тұрып: “Ерiнiң айтқанын екi етпеуге, жар төсегiне адал болуға, ошағының үш бұтын аман ұстауға уәде бер”,- дедi. Бердi.Екi әйелдiң үстiне үшiншi болып түстiм деген жоқ. Бақытты өмiр кештi. Бәрi де ерге байланысты екен. Бұлар күндестiк танытпады. Шiркiн, сол Жомартпен отасқан кезi Ақсұқсырдың ең бақытты, ең ләззатты, ең балдәурен шағы екен ғой. Жомарт десе бүкiл ел iшкен асын жерге қоятын. Өзгелерге айтылған сәлемдемесi екi етiлмей орындалатын. Халықты жарлы, бай деп бөлмейтiн. Әсiресе қарiп-қасiрлерге қайырымды едi. Жомарт аты сол жарлы-жақыбайларды жарылқағаннан шыққан едi. Ақсұқсырдың отауында кенеттен ауырып, дүние салды.Жомарттың жылы өткен соң “аға өлсе, жеңге мұра” деп оны қайнысы Алдасайға атастырған. Жомартқа некесiн қиған молда бұған да неке қиып, су iшкiздi. “Қайран, дүние-ай. Бәрi алдамшы екен ғой. Ендi, мiне, еш жазығы жоқ бiр ауыз сөзi үшiн әңгүдiк Алдасай, бiр бет Алдасай, сынса бiр сынатын Алдасай, талақ еттi. Неке төсегiме, адалдығыма бiр алла куә. Уһ!” Көпшiгi көз жасына толып жатып ұйықтап кеттi.V.Қатынына ашуланған күйiмен,Үшiншi күн кеткенiне үйiнен.Үшiншi күн аң қашпады алдынан,Iс болмады ешбiр адам сүйiнер.Бес қаруы өн бойына сайма-сай,Ақсұқсыры едi көңiл айнасы-ай.Ендi, мiне, басқа теуiп бақытын,Ай далада аң iздеп жүр Алдасай.Iз кескеннен ала-көбең таң шыға,Жүгiргенмен қара терге малшына.Бұған деген барлық нәрсе қырсығып,Қанданбады қанжыға...Әлқисса, Алдасай бiр бұлақтың басына келiп, жартас көлеңкесiнде отырып былай деп өксiдi:Бұрып арна, ағысымды,Маған Алла бақ ұсынды.Өзгеге оным көзiн сүзiп,Таптап кеттi намысымды.Сол болатын асыл әнiм,Қалай, сiрә, жасырамын.Қорлаттырар басымнан сөз,Қалай және асырамын.Бiлмегенмiн ес-түсiмдi,Бәрiн бiрақ кеш түсiндiм.Солай-солай бұл Алдасай,Айтты – бiттi, кестi – үзiлдi.Айтар болсам мырза атынан:Қызығатын бiр затым – қыз,Бiр затым – аң.Iшiмдi өртеп бара жатыр,Iшiмдi өртеп бiр запыран.Уһ!..Осы сәтте бұлаққа бiр топ құлан үйiрi келiп қалған едi. Алдындағы аламан айғыр адам иiсiн сезiп кiлт тоқтады. Артында келе жатқан сауыры жылтыраған, семiз, сұлу байтал айғырға сүйкенiп қасынғысы келдi. Байталдың әлгi қылығына Алдасайдың жыны қозды. “Ұрғашылардың бәрi бiр тектес”. Садағынан көздеместен-ақ жебе тартты. Сұлу байтал шыңғыра кiсiнеп барып, құлап түстi.Үрiккен құлан үйiрi аулақ кеттi. Қынынан қандауырын суырып алып бауыздау тамағын орып жiберген Алдасай ызалана тiл қатты:Семiздiң емi – пышақ,Сұлудың емi – құшақ.VI.Төртiншi күнi Ақсұқсырды ауыл ақсақалы шақыртты. Құр сүлдерi ғана бар оны екi келiншек екi жағынан қолтықтап алып жүрдi. Топ адамдардың iшiнде бiр кезде Жомартпен, ал ол дүниеден өткен соң Алдасаймен некесiн қиған молда да отыр екен.- Шырағым, күнәкәрсiң,- дедi бұған ауыл ақсақалы. – Күнәкәрсiң.  Жалаңаш тәнiңдi жарқыратып еркек аңсағаның үшiн сенi отағасың Алдасай талақ еттi. Бiз ата жолымен сенi ендi қайын ағаң Шылымға атастырғалы отырмыз.Шылым - бай да емес, би де емес, батыр да емес, аңшы мерген де емес, мал біткен момын шаруагер ғана болатын.- Айтумыс ұлы Шылым, - дедi молда қолына көзеге құйған, құран сөзiмен үшкiрген неке суын ұстап тұрып,- жесiр келiнiң Ақсұқсырмен некелесуге ризамысың?- Ризамын, ризамын, әмбие, - дедi Шылым шоқша сақалын саусағымен тарамдап. Айдай сұлуды құдiреттi құданың қолына ұстата салғанына сенер-сенбесiн бiлмей сасқалақтады.- Жеменей келiнi Ақсұқсыр! Айтумысұлы Шылыммен отасуға ризамысың?Ақсұқсыр аузын жыбырлатты. Оны екi жағында тұрған келiншектiң бiрi қағып алып, “риза, риза”,- дедi.Тағдыр тәлкегiне түскен жесiр жас келiншек осы сәтте Аллатағалаға iштей жалбарынып тұрды:Жар бола гөр бейбаққа,Жаратқан ием бір өзің.Кей уақта, тіпті кей уақта,Санайтын асыл, ірі өзін.Жан болдым жиі адасқақ,Қабағым мұңлы қатумын.Үшінші рет отаспақ,Отағасыммен тату қыл.Сәуірде, тылсым жаңбырда,Өседі көктеп лала гүл.Болашақ барар таң нұрға,Бауыры бүтін Ана қыл!Күнәмді, бәрін, білемін,Жаратқан Алла күңіңмін.Өзге жоқ сізден тілегім,Түтінін түзе Шылымның...Әлқисса, Аллатағала еңірегенде етегі толған, өмірден тауы шағылған бейбағының тілегін орындады. Отбасы берекелі болды. Шылымға арыстай үш ұл тауып берді. Шаруасы шалқыған  Шылымның екі езуі екі құлағында. Бұрынғы бәйбішесін үлкен ұлымен бөлек жіберген....Заман  өтті. Ақсұқсырдың Жомарттан,  Алдасайдан, Шылымнан тапқан бес ұлы осы ағайынды үш жігіттің де аттарын аспандатқан бес рулы ел болды. Ал Ақсұқсыр (қазақтардың қойған есімі Ақсұлу) солардың ортақ абзал Анасы. Мерейлерін  өсіргісі келген кезде олар өзгелерге  осы  Адайдың анасы атанған Ақсұқсырдың оқиғасын айтып мақтанады...