ВЕРНУТЬСЯ

     Жұмыс шіркін Шамалап
Жүйкемізді жүр қажап.
Өзен бойын жағалап
Өзек жалғау - бір ғажап!
Ақтарылған сезім мен
Айтылмаған сөз қалмай,
Өзің болып өзіңмен
Отырасың қозғалмай.
Балқытады оймақ күн
Балықшының жотасын.
Көзбен шолып аймақты,
Көлдей ойға батасың.
Бал жинаған араның
Бөксесіндей бүлкілдеп
Бұқса қалтқың,
Қарағым,
Кетеді бір
күлкің кеп.
Ақыннан жыр
дәметкен
Айдын туыс
ортаңдай.
Жарқ етпек жыр кенеттен
Шоршып түскен шортандай.
Тыныштықтың
бағына
Тұлпар көңіл тойды ма!
Қуанасың
Қағып ап
Шортанды да,
Ойды да!
Көңіл күні
жымыңдап,
Қарамайсың
сағатқа.
Шаттанасың, шынында,
Шортан түгіл,
Шабаққа!
Құлақ күйге қанады,
Шегірткелер шырылдап.
Үйіңді еске салады
Ішегің ғана шұрылдап...